Қызылбастар еліндегі қазақтар

Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов Ирандағы қандастарымызбен сұхбаттасуда

Иран Ислам Республикасына жасаған арнайы сапарымыз аяқталысымен, қалған екі күнді (ұшақ аптасына бір мәрте ғана қатынайды) текке өткізбей, тағдыр тауқыметімен осы жаққа қоныс аударған қазақ қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік. Туған елді аңсап отырған ағайындарға амандасып қайтуды өзімізге парыз санадық. Ойымызды елшілік өкілдері де құптап, қазақтар көптеп шоғырланған Горган қаласындағы Бандер-е Түркімен ауылында тұратын қазақ ағайындармен жүздесуімізге болатындығын айтты. Астанадан арнайы келген делегация ұшақпен, ал біз – журналистер жеңіл көлікке отырып Теһраннан төрт жүз шақырымдағы кәрі Каспийдің толқынымен тербелген Горган қаласына тартып кеттік. Бір қызығы, бұл елде мемлекетішілік ұшақпен қатынау бағасы теміржол үстінде жүйткіген пойыздан да арзан екен. Ал біз жол бойы қызылбастар мен осы елдегі қандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып барайық деп жеңіл көлікті таңдадық.
Иранбақтың қазақтары
Қызылбастардың тақыр таулары асқар шың­ды Алатаудай менмұндалап көз тар­тып, мұзарт басы күнмен шағылысып жатпаған соң, бастапқыда көңіліміз тол­май, қоңылтақсып қалғанымыз рас-ты. Теһ­­раннан алыстап, теңіз тынысымен тер­белген Гүлстан провинциясының Горган қаласына жақындаған сайын жай­лаудың жасыл кілеміндей жайқалған алапқа, пар­сылардың тілімен айтсақ Эрам (Иран) ба­ғына енгендей күй кештік. Оңтүстік аймақ бол­ғандықтан бұл жақта күн әлі жылы. Құр­ма, мандарин, апельсин, киви сынды суб­тропикалық жемістер енді-енді пісіп, ба­зар көркін келтіріп-ақ тұр.
Иран қазақтары 1918-33 жылдары аралығында «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп бар қазақтың малын сы­пырып алып, халықты жаппай ашар­шы­лықа ұрындырған солақай саясат кезеңінде Маңғыстаудан, Ақтау, Атырау ай­мағынан Түркіменстан өлкесіне өтіп, содан Иранның солтүстік шекарасындағы Гүлстан провинциясына тоқтаған. Бүгінгі таңда бұл аймақта Алаш ұрпақтарының 1000-ға жуық түтіні қызылбастармен қоян-қолтық араласып, ынтымақта күн кешуде. Өз салт-дәстүрлерін сақтаған, тілі тұнық қандастардың жағдайы көз қуантып, көңіл сүйсінтерліктей екен.
Біз түскен үйдің отанасы Тойжан Бәли­қы­зының айтуынша, туған жерді қимай қоштасқан ағайынның амалсыз кө­ші түрлі қиындықтарға тап болыпты. «Әке-шеше­міз азаппен көшіп келіпті. Түнде көшеміз, күндіз жатамыз деп ай­та­тын. Шөптің басын баулап, үй етіпті. Ке­йін­нен пар­сы­лармен еркін араласып, осы жақ­тың тілін үйреніп, өмір сүру дағ­ды­сымен та­нысып, жағдайларын түзепті», – деп ес­ке алады. Бұл жаққа қанша қан­да­сы­мыз­дың қоныс аударып барғандығы туралы нақ­ты дерек жоқ. Тоқсанның бесеуіне кел­ген Жәңгір Көрпе ақсақалдың айтуынша, 30 жылға жуық уақыт бойына қазақтар түр­кімен жерінде тұрақтай алмай, сүзек, без­гекке шалдығып қы­рыл­ған екен. Содан аман қалғандары парсы жұр­тының Гүл­стан, Мазандаран провин­ция­ларының бір­неше ауылдарында тұрып жа­тыр. Мұн­дағы жалпы қандас­та­ры­мыз­дың саны ал­ты жарым мыңға жуық.
Дәулет Иембердиев, Горган қаласындағы бас консул:
– Ирандағы қазақтар түрлі салада қызмет етіп жатыр. Машина жасау, мұ­най өңдеу, банк ісі, университетте ұстаздық сынды қызметтерде жемісті еңбек етуде. Тұрмыс жағдайы, өмір сүру деңгейі жақсы. Тіпті мыңғырған мал айдамаса да жағдайы өте жақсы қандастарымыз да баршылық. Жастар оқу іздеп барып жатыр Қазақстанға. Жал­пы, бұл жақтағы қандастарымыз ор­нығып, тұрақталып қалған деп ай­туы­мызға болады. Қазір қа­риялардың көбі балаларының, не­ме­ре­лерінің атамекенге атбасын бұр­ғандарын қа­лайды.

                   Қазақстан халқы ассамблеясының делегациясы Ирандағы қазақтарға шапан жабу сәті
Тілі тұнық қандастар
Қандастарымызға сапарлап бара жатқан кезде көңілде бір қорқыныштың болғаны аян еді. Бізді қажет жерімізге жет­кізіп жүрген көлік жүргізуші Болат ағамыз «бұл елде парсылар 60 пайызды, әзір­байжандар 20 пайызды құрайды, одан кейінгі кезекте армяндар, ауғандар, түркі­мен­дер тұр. Бірақ та басқа тілде бір де бір мектеп жоқ. Бәрі де парсы тілінде» деген-ді. Содан 80 жылға жуық осы жерде тұрып жатқан ағайындарымыз тілін ұмыта бастаған болар деген заңды сауал маза­лаған. Алайда бізді күтіп алған ағайындар «ақсарбасын» айтып, «бауырым-айға» бас­­қанда таң-тамаша болдық. Тілдері та­за. Кимешек киген апалар, шапан жа­мыл­ған ақсақалдар. Құдды өзіміздің ауыл­дың адамдары сияқты. 76 миллион пар­сы жұртының ішінде жұтылып кетпей, тілін, ділін сақтаған, салт-дәстүрін берік ұс­танған қандастарымызды көргенде қуа­ны­шымызды жасыра алмадық.
Иран қазақтары Қазақстан билігінің на­зарынан тыс қалған емес. Теһрандағы ел­­­шілік қазақтар көп шоғырланған Горган қа­ласына консулдық ашып, қандас­тары­мызды атамекенмен байланыстырып отыр. Газет-журнал, қазақша кітап оқы­ғы­сы келгендер мен құжатының қисы­нын кел­­тіре алмай жүрген ағайын бірден кон­сул­дық қызметіне жү­гінеді. Қандас­та­ры­мыз Caspionet теле­арнасы арқылы елі­міз­­дегі жаңалық­тарды естіп-біліп оты­ра­ды.
Ресми жерлерде парсы тілінде сөй­легенмен, қазақтар өз отбасында туған тілінде сөйлеуді қатаң қадағалап, талап етіп отырады. Тілден айырылса ділінен ажырап, болмысын былғайтынын түсінген ақ­сақалдар мұны жастар жағына үнемі ес­кертумен келеді. Сондықтан да еңбек­те­генінен еңкейгеніне дейін тілге деген құрметті сақтап қалған.
Аталар аманатына адалдық
Ата-дәстүр – қазақ үшін бұлжымас заң­дылық. Өмір сүру формасына айналған қа­зақы дәстүрдің Иран қазақтары ара­сында сақталғанына тағы да көз жет­кіздік. Қандасымыз Әбділсаттар Бали сөз арасында «түркімен мен ауғаннан қа­зақ­тардың жағдайы жақсы. Біз басқа мил­леттерге, әзірбайжан, армян, тіпті қы­зыл­бастарға да қыз бермейміз, қыз ал­май­мыз» деп қалды. Біз елең ете түстік. Қаз­балап сұрай бастап ек, Әбділсаттар ақ­са­қал «бұл – аталар аманаты, бізге тапсырып кет­кен. Оған адалдық танытуымыз керек. Осы уақытқа дейін біз қызымызды сыртқа шы­ғармадық, басқа ұлттан келін түсір­ме­дік. Ондай жағдай болмайды да. Сондық­тан да біз тілімізді сақтап, дәстүрімізді жал­­ғастырып келеміз. Бірақ жеті атаға тол­май жастарды қоспаймыз. Келін түсіру, кү­йеу көру, құдаласу, той жасау салт­та­рымыз, құдайға шүкір, сақталған» деп жа­уап берді.
Рас, миллионның ішінде отырған аз ғана отбасының береке-бірлігі жарасым та­уып, ынтымақта өмір сүретінін ұлттар достығы сынағына айналған өз жерімізде талай көріп, біліп жүрміз. Қалың қызыл­бас­тың арасында санасы уланбай, бол­мысы былғанбай, бітімі құлданбай еркін отырған ағайынның туған жерге деген сағынышы әр жыл сайын құтты қо­ныс­қа көш басын түзеп жатқан ұлы сал­та­натқа ұла­суда.
Мұрат Ысмайылов, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі:
– Бүгінде бұл елде 6 500-дей қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Қазіргі таңда мемлекеттік квота бойынша атақоныс­қа көшуді ұйымдастырудамыз. Биыл жеті отбасын елге көшіреміз деп жос­пар­лап отырмыз. Және де екі елдің ру­хани-мәдени байланысы жақын. Өйт­кені тарихи тоғысуларымыз да көп бол­ған. Былтырғы жылы Абайдың өлең­­дерін, қарасөздерін парсы тіліне ау­дардық. Мұ­хаммед Шатқам деген аза­­ма­ты­мыз­дың арқасында. Оған ел­шілік мұрын­дық болып, баспадан шы­ғар­дық. Ал­да­ғы уақытта біраз жос­пар­ла­рымыз бар. Жалпы, Парсы еліндегі қан­дас­тарымыз қағажу көріп жатқан жоқ.

               Кілем тоқитын ісмер қазақ әйелдері

         Әлемді жаулаған парсы кілемі

                     Бандер-е Түрікмендегі қара базар
Парсы кілемі қазақы қолда
Қызылбастар еліндегі қандастарымыз арада талай уақыт өтсе де ана тілдерін ұмытпағандарымен қоса, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанған. Қазақтардың тұрмысында қолөнердің, әсіресе кілемнің орны бөлек. Кез келген қандасымыздың үйі­не кірсеңіз, қыз-келіншектердің қолы­нан шыққан кілемдерді көресіз. Қыздың жа­­­са­уында міндетті түрде бірнеше кілем бо­лады. Бұл жақта қыздар кілемдерін өз­де­рі то­қып, әзірлейді. Дәстүрге айналған кі­лем тоқу үрдісін қазақ қыз-келіншектері ара­­сында кәсіп еткен шеберлер де өте көп.
– Кілемді өзіміз үшін тоқимыз. Оны тоқуға 40 күндей уақыт кетеді. Төрт қыз еңбектенеді. Әрине, кілемнің ма­ши­намен тоқылған, базарда дайын сатылатындары да бар ғой. Бірақ бізге осы дәстүрді өлтірмес үшін өзіміз тоқимыз. Бір өкініштісі, біздің қыз­да­ры­мыз өздерінің жасауларына кі­лем­­ді өз­дері тоқиды, ал мына не­ме­релеріміз бұл дәстүрден жырақтап ба­ра­ды, – деп қынжылыс білдірді Той­жан Бә­ли­қызы.
Қазірде әлем бойынша парсы кілем­де­рінің бәсі басым. 10 жылға жуық то­қы­ла­тыны, ұзындығы бірнеше ондаған метрге созылатыны да бар. Ал бағасы – бір­неше үйдің құны болады. Неғұрлым ұзақ тоқып, талықпай тер төккен қы­зыл­бастар мұндай еңбегін 200 мың долларға де­йін бағалайды. Көз жайнатқан кілемнің өт­пей қалып жатқаны және жоқ.
Рас, Иран қазақтарының бір тобы Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, одан беріде екі мыңыншы жылдар­дың басында өз күштерімен және Қазақ­станның тікелей қолдауымен кіндіктері байланған Отанына орала бастады. Олардың ара­сын­да қолынан өнер тамған қыз-келін­шек­тер баршылық. Ендігіде осы шебер­лер­дің басын біріктіріп, ар­на­йы өндіріс орындарын ашса – алдағы уа­қытта қазақы қол кілемнің төрден ығы­сып, босағадан орын теппеуіне үлес қо­сар еді. Сондай-ақ ұлттық қолөнердің үлгісі ретінде қолдан кілем тоқитын шеберлерді сақтап қалуға, шәкірттер тәрбиелеуге жол ашуға мүм­кін­дік туар еді-ау деген ой Бандер-е түр­кі­мен­нен ұзап кеткенше маза бермеді.
Ақбөбек пен Қайып: ғашықтар ғазалы
Маңғыстау жерінде болған адам мін­детті түрде Ақбөбек пен Қайыптың ға­шық­тық жырынан, қапалы өмірінен сыр шер­тетін қисса-дастанның бірнеше нұс­қа­сын естиді. Ақбөбек аруға ғашық болған зер­гер Қайып махаббат дертінен ақынға ай­налады. Тау мен тасқа, сайраған құс үні­не Ақбөбек есімін қосып шырқайды. Үш мәр­те алып қашып, амалсыздан бабалар ке­­сіміне мойынсұнып, ғашығынан айы­рыл­ған қайран Қайып түркімен жерінде көз жұмған екен. Ал Горгандағы қазақтар ауы­лына келін болып түскен Ақбөбек отас­қан жарымен тату-тәтті өмір сүріп, үбірлі-шүбірлі болса да, Қайыпқа деген сезімін суыт­пай, өлер алдында Қайыптың қо­лынан шыққан жүзік-білезігіне қарап жа­тыпты. «Қайыптан қалған қайран дү­ниелер... Иісі Маңғыстау білетін Ақбөбек едім ғой. Сүйегіме түскендер алсын, көз­деріндей көріп жүрсін. Алла шын ға­шық­тарды ана дүниеде қосады деуші еді ғой. Қайыппен сол жақта жүздесермін. Ақ­бөбек пен Қайыптың есімі әрқашан қатар ай­тылады» деген екен ауырып жатқан сәтінде.
Ақбөбектің өмірден озғанына алпыс жылға жуықтапты. Тоқсанның бесеуіне келген Жәңгір Көрпе ақсақал «Ақбөбектің көзін көрдік қой. Өте сымбатты, өжет, өр еді» деп еске алады. Өткен ғасырдың ор­тасында Горган қалашығының шеткері тұсында қазақ қауымшылығы болған екен. Уақыт өтіп, замана бедері қалыңдай түс­­кенде қала аумағы кеңейіп, шеткері тұр­ған қазақ қауымшылығы қаланың қақ ор­та­сында қалып қояды. Ақбөбектің сү­йегі сол арада. Жергілікті билік әу баста сол жерді түзеп, қала салмақшы болған. Бірақ қазақтың бас көтерерлері жоғарыға сөзін өткізіп, ол жерді үй салудан аман алып қалыпты. Есесіне, жергілікті билік ол жерге ағаш отырғызып, паркке айнал­ды­рыпты. Сол парктің ішінде Ақбөбектің бе­йіті бар дейді ақсақалдар. Басына екі ағаш отырғызылған. Сол екі ағаш – белгі іспет­тес. Осыдан екі жыл бұрын Ақтаудан аза­мат­тар келіп, Ақбөбектің басына мазар тұр­ғызуға ақылдасып, мақұлдасып тара­сыпты. Қазір қандастарымыз сол аза­мат­тардың жолына үмітпен қарап жүр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста