Жәндіктер маманы Дэвид Гловер желіде таңғажайып оқиға туралы жазды. Айтуынша, ер адам өзгелердің үйіне ұя салған араларды көшірумен айналысады екен. Алайда оның басынан өткен соңғы жағдай Дэвидтің үрейін қашырыпты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Life.ru-ге сілтеме жасап.
АҚШ-тың Теннесси штатындағы Юрикатон ауылының тұрғыны ұзақ уақыт бойы үйінің қабырғасынан біртүрлі дауыстарды естіген. Шулы дыбыс оның мазасын алып, тыныш ұйықтауына кедергі келтіріпті. Сол себепті ер адам Дэвидтің көмегіне жүгінуге шешім қабылдайды.
Арнайы маман оқиға орнына келген кезде сыртта бірнеше араның ұшып жүргенін көрген. Алайда жұмысына кіріскен кезде ғана қабырға ішінен ұзындығы 2,5 метр ара ұясын байқапты деп жазады Bored Panda басылымы.
Қорғаныш костюмін киген Дэвид бірден жұмысқа кірісіп кетеді. Тоғыз сағаттан кейін ер адам аралардың бұл үйге ұя салғанына шамамен 50 жыл болғанын мәлімдейді.
Маманның әңгімесі оқырманға ұнағаны сонша, оны 145 мың адам сақтап алды.
Сондай-ақ, желідегілер Дэвидтің адамдар үшін маңызды қызмет атқарып келе жатқанын да сөз етті.