Путин "Вагнер" жасағының басшысы Пригожинмен кездесті
Ресей президенті Владимир Пути 29 маусым күні Кремльде "Вагнер" жалдамалы жасағының басшылығымен кездескен. Бұл жөнінде Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Песковтың айтуынша, Путин кездесуге 35 адам шақырған: барлық отряд командирлері мен рота басшылығын, оның ішінде Евгений Пригожин де бар, деп жазды РИА Новости.
"Бұл кездесу 29 маусымда Кремльде өтті. Ол үш сағатқа жуық уақытқа созылды" –деп мәлімдеді Дмитрий Песков.
Песковтың айтуынша, Путин іс-шарада "арнайы әскери операция кезіндегі компанияның майдандағы әрекеттеріне, сондай-ақ 24 маусымдағы оқиғаға баға берді, командирлердің түсініктемелерін тыңдап, оларға еңбек келісімінің түрлі нұсқасын ұсынды".
Дмитрий Песков:
– Олар мемлекет басшысы мен Жоғарғы қолбасшының табанды жақтасы әрі сарбазы екенін баса айтты.
Кездесу жөніндегі басқа мәліметтерді Песков білмейтінін айтты.
24 маусымға қараған түні Дондағы Ростовта "Вагнер" жалдамалы жасағының әскерлері Оңтүстік әскери округінің штаб-пәтерін басып алды. Бұл жайт бизнесмен Евгений Пригожиннің Ресей қарулы күштері жасақ лагерлеріне зымыранмен және бомбамен шабуыл жасады деген мәлімдемесінен кейін болды. Бұл ақпаратты Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметі жоққа шығарды.