Швеция астанасында тағы да Құран өртелді. Бұл жолы демаршты ұйымдастырған ультраоңшыл емес, ирактық мұсылман, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Стокгольмде Үлкен мешіттің алдында Құран өртеуге полиция рұқсат берген.
Оны ұйымдастырушы бірнеше апта бұрын құқық қорғау органдарына арыз жазған. Соңында оған ақыры мүмкіндік берілді.
Оның үстіне бұл жолғы акцияны өткізген ультраоңшыл ағымдардың өкілі емес, Ирактан келген 37 жастағы босқын мұсылман Салван Момика.
Ол бір топ тәртіп сақшыларының және жолай өтіп бара жатқан 200-ге жуық адамның көзінше мұсылманның қасиетті кітабының бір данасын өртеп жіберді.
Жалпы көпшілік оның әрекетін қолдамады.
«Біз мұндай нәрселерге көз жұмып қарап, төзімділік көрсетпеуіміз керек, осындайларға тоқтау салатын кез жетті. Біреуді қорлау жақсы емес», «Сөз бостандығы, әрине, өте маңызды, бірақ діни кітапты өртеу - сөз бостандығы емес, бұл мүлдем басқа нәрсе, оның әрекетін арандатушылық деп есептеймін» деп жатты тұрғындар.
Акцияны ұйымдастырушы өзінің екінші отаны Швецияның имиджіне нұқсан келтіргісі келмейтінін қайта-қайта қадап айтып, Құранды өзінің жеке себептерімен өртеп жатқанын жеткізді.
Кейбір мәліметтерге қарағанда ол тіпті Швецияның НАТО-ға кіру процесі аяқталғанша күте тұрғысы келген.
Бұл процедураны Түркия кешіктіріп отыр.
Осы жылдың қаңтарында даниялық Расмус Палудан Стокгольмдегі түрік елшілігінің алдында Құран өртеген кезде Түркия өз ұстанымын одан әрі қатайтқан еді.