АҚШ президенті Джо Байден Киев қаласына келді. Байденнің Киевтегі Михайловская алаңында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінің алғашқы фотолары мен видеолары бұқаралық ақпарат құралдарында пайда бола бастады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президент Зеленский Telegram арнасында "Джозеф Байден, Киевке қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз - барлық украиндықтар үшін қолдаудың өте маңызды белгісі" - деп жазды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Мельник бұған дейін эфирде сөйлеген сөзінде елге Байденнің келетінін меңзеген.
"Дайындалып жатқан тосын сый сәтті болады деп сенемін. Өйткені, ауқымды басқыншылықтың бір жылдығы қарсаңында біз сөз жүзіндегі қолдауды ғана емес, одан да үлкені, Киевте біздің маңызды, басты серіктестеріміздің болуын көреміз", - деген ол.
Байденнің Польшаға сапары 20-22 ақпан аралығында жоспарланған. 21 ақпанда ол Польша президенті Анджей Дудамен кездеседі деп күтіледі.
Еске салайық, Зеленский Вашингтонға өткен жылдың желтоқсан айында Польша арқылы АҚШ әуе күштерінің ұшағымен ұшқан. Байден екеуі 21 желтоқсан күні кешке кездескен. АҚШ президенті Зеленскийді "ұлы көшбасшы" деп атап, оны жақында Time журналы "Жыл адамы" атануымен құттықтады.