Альбиностар қай қоғамда да терісі мен түсінің ерекшелігіне байланысты кемсітушілікке ұшырап келеді. Африка құрлығындағы альбиностардың басындағы жағдай тіптен сорақы.
Ескінің сарқыншағына айналған жабайы әдет-ғұрыптың, соқыр сенімнің, қараңғылықтың құрбаны болатындар да алдымен солар.
Альбиностарды киелі санап, етін отқа қақтап жейтін жабайы тайпалардың әлі күнге бары туралы кезінде жазғанбыз. Оларды жабайы әдет-ғұрыптың, соқыр сенімнің, таяз түсініктің жетегінде кеткендерден арашалап қалуда халықаралық құқық қорғау ұйымдары да дәрменсіздік танытып отыр.
Мәселен, Танзанияда келесі жылы президент сайлауы өтеді. Осынау саяси науқанға байланысты Букоба қаласының альбиностары жергілікті биліктен өздерін қорғауға алуды талап етіп отыр. Бұл жайында Mtanzania мерзімді басылымы хабар таратты.
Әдетте аталмыш елде сайлау науқаны кезінде альбиностар үйлерінен аттап шыға алмайды.
Букоба қаласы басшысының орынбасары Джимми Калугендоның айтуынша, сайлау алдында президенттікке кандидаттар әдетте саяси науқанда жеңіске жету үшін сиқыршылардың көмегіне жүгініп жатады. Ал сиқыршылар өздерінің жөн-жоралғыларында альбиностардың денесінің бір бөлігін пайдаланады. Альбиностарды ұрлап, өздерінің ритуалы үшін денесінің бір бөлігін кесіп алып, оларды өмір бойы кемтар етеді.
Альбиностарды қорғау үшін Кагера облысының полиция өкілі Нсубиси Мвакисамбве альбиностардың санағы жүргізіліп, есепке аланатынын жеткізді.
Сондай-ақ, қоғам мүшелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.