"Жасыл энергетика" - "жасыл экономика" өзегі
Парадокс! Экономика қарқынды дамыған сайын айнала қоршаған орта күйзеліске түсе беретіні ақиқат болып отыр. Өйткені, барлық күш экономикалық дамуға жұмсалып, экологияны сақтау екінші қатарға ысырылап қалады. Ең алдымен табиғат ресурстары түгесіледі.
Биосферадағы табиғи теңдік бұзылады. Сөйтіп, бұлар өз кезегінде келесі даму қарқынын тежейді. Экономикалық әріптестік пен даму ұйымының болжамына қарағанда қазіргі өндіріс пен тұтыну қарқыны сақтала беретін болса, 2050 жылға қарай жер бетіндегі жасыл-желектің 72 пайызына дейін жойылып кетеді екен. Жердің өзі жыл сайын жаңарып, жаңғырып отырады. Сол арқылы ол адамға бір жыл пайдаланатын өнім береді. Сосын келесі жылға дейін жаңғырып үлгереді. Енді оның бұл мүмкіндігі азайып, бір жылда жаңғырған өнім 7 ай, 13 күнге ғана жетеді екен. Мұндай зерттеулер 1970 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соның нәтижесі бойынша ресурстардың жұмсалуы жыл сайын ұйғайып бара жатқанын көрсетті. Айнала қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ғылым араласқан соң, «жасыл экономика» ұғымы мен ағымы пайда болды.
«Жасыл экономика» қазір экономика ғылымындағы басты бағыттың бірі. Оның негізгі ұстанымы – экономика өзі өмір сүретін табиғи ортаға бағынышты, оның ажырамас бөлігі болып табылады. Халықтың тұрмыстық жағдайын көтеруге табиғат ресурстарын үнемді пайдалану арқылы жетуді көздейді. Және өнім қалдықтарын табиғаттың жаңғыру циклына қайта қосуды мақсат тұтады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының айнала қоршаған ортаны қорғау бойынша
сарапшыларының ұстанымы осындай. «Жасыл экономиканың» негізгі
бағыттары мыналар:
1. Жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу.Экологтардың айтуынша жануға бейім табиғат байлығының жартысынан көбі барланбаған күйі жердің астында жата беруі керек. Бұл жер бетіндегі ауа-райының өзгермеуіне себепші болады. Қазақстанда жаңғыртылған энергия көздерін игеру қолға алынып жатыр. 2050 жылға қарай жалпы тұтынатын энергияның 50 пайызын жаңғыртылған қуат көздерінен алу жоспарланып отыр.
2. «Қалдықтарды басқару» жүйесін жетілдіру.Қазір әлем бойынша әр адам күніне 1 кг. тұрмыстан артылған қатты қоқыс тастайды екен. Қалдықтарды басқару деген сөз қазаша біртүрлі естілгенмен, оның шын мәнінде мағынасы солай. Қалдықтарды жинау ғана емес, оны өндіріске айналдыру, одан халыққа қажет әртүрлі өнімдер шығару, одан да табыс табу. Қазір Европа елдері бір-бірінен қалдық сатып алуға көшті. Өкінішке орай бізде «қалдықтарды басқару» саласы әлі ақсап тұр. Бірнеше қалада ұсақ өндіріс орындары бар. Бірақ, өте аз. Біздегі қоқыс полигондары әлі де болса кеңнен жайылып жатыр. Ол жердегі басты мәселе - қоқыс қалдықтарды жерге көму.
3. Су ресурстарын басқару ісін жетілдіру. Қазір жер бетіндегі әрбір алтыншы адам ауыз су тапшылығын көріп отыр. Қазақстанда да ауыз су мәселесі толық шешілген деп айта алмаймыз. Үкімет алдымен «Ауыз су», одан кейін «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламаларын қабылдады. Бірақ, ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді деу қиын. Су мәселесі «Жасыл экономиканың» құрамдас бөлігі. Дүниежүзілік банктің зерттеуіне қарағанда Қазақстандағы су көлемі 2030 жылға қарай 90-нан 76 текше метрге азаяды екен. Сонда алдғы 8 жылда елдегі су тапшылығы 15 пайызға көбейеді. Ал су энергетикасы жасыл энергетиканың негізгі бағытының бірі дейтін болсақ, бұл сала да қиындықтан құтылу оңай болмайтын тәрізді.
4. «Жасыл» автокөліктерге көшу. ЮНЕП ескі жеке көліктерге сұранысты
азайту жолын іздеп жатыр. Бірақ, бізде әлі күнге дамыған елдерде
пайдалануға тиым салған көліктер өте көп. Оны утилизациялау толық
шешілген жоқ. Иә, газбен жүретін көліктерге көшу мәселесі біраз шешімін тапты. Бірақ, газ құю стансалары барлық жерде бар деп айта алмаймыз. Ал, таза электр қуатымен жүретін көліктерге көшу мәселесін шешуге әлі ерте. Ол біз ғана емес, бүкіл әлем бойынша әлі толық шешімін таппаған дүние.
5.Ауыл шаруашылығында дәрі-дәрмекті қолдану. «Жасыл» әкономиканың
басты ұстанымдарының бірі – ауыл шаруашылығында гербицидтер,
пестицидтер, улы химикаттар қолданудан бас тарту. Қазақстанның ауыл
шаруашылығы улы жимикаттар қолданып отырған жоқ. Болса да, аз.
Сондықтан бізде шығарылатын өнімдер көбінесе химикаттардан таза деуге
болады. Әрине, жылыжай мен бақшада өскен өнімдерді ешкім тексеріп
жатқан жоқ. Бірақ, олар да химикаттар көп деп айту қиын Өйткені, біздің
ауыл шаруашылығы пестицидтер, гербицидтер мен улы химикаттарға
бейімделіп үлгерген жоқ.
6. Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығының энерготиімділігі. Тұрғын үй
ғимараттарының, өндіріс кешендерінің жылу ұстайтын жабдықтармен
қапталмауы, жылу жүйесінің ақаулары көп энергия жұмсауға жеткізеді.
Мамандардың сараптауынша арнайы қондырғылар, құралдар қойылып, жылу
ұстайтын жабдықтар пайдаланса, энергияға кететін шығын бірнеше есе
азаяды екен. Ол кәдімгі «шам сөндіріп шық» қағидасынан басталатын
көрінеді. Энергияны үнемдеу барлық адамның санасында болуға тиіс.
7. Экожүйені сақтау мен тиімді басқару. Адамның қолымен жасалатын
барлық істер биосфераны өзгертіп, экологиялық дағдарыстың барысы мен дәрежесін көрсетеді. Алдыңғы 6 бапта айтылған дүниенің бәрі осы
биосфераның жағдайына әсер етеді. Экожүйені сақтау жалпы елдің түсінігіне байланысты. Оны басқаруға экология талаптарын негіздейтін, нормаларды белгілейтін, «жасыл» экономикаға ынталандыратын заңдар жүйесіне де байланысты. Бізде экологиялық талаптарды негіздейтін заңдар баршылық. Онда айыппұл мен жазалау шаралары да қарастырылған. Бірақ, айнала қоршаған ораны сақтау тек талап етумен, шектеумен, жазалаумен бітпесе керек. Бұған тұтас кешенді жұмыс, мемлекеттік және жекеменшік иелерінің кешенді жұмысы, мемлекеттің кешенді саясаты керек. Мысалы, дамыған елдерде қаржы ұйымдары, банктер «жасыл» энергетика талабына бейімделген кәсіпкерге пайыздық жеңілдіктер береді. Жалпы, дамыған елдерде «жасыл» іске кіріскен адамды одан әрі ынталандыратын шаралар өте көп. Сондықтан «жасыл» энергетика мен энергия үнемдеу оларда жалпыхалықтық ұстанымға айналған. Бізге де осындай мемлекеттік ұстаным қажет-ақ.
С. Ақынжанов.