Қазақстанда ішкі нарыққа және экспортқа шығарылатын өнімдердің сапасына қойылатын талап жоғары
Әлемде табиғи таза, органикалық өнімдерге деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Өйткені қазір ғылыми технологияның дамуына байланысты тез өндірілетін, қолдан жасалып ұзақ уақыт сақталатын азық түлік түрлері көбейе бастады. Бұл өз кезегінде табиғи таза өнімдердің азаюуына да ықпал етуде. Сонымен қатар мұндай өнімдердің адам ағзасына кері әсері болатыны белгілі. Осыған көз жеткізген адам баласы денсаулығын ойлап, табиғи таза өнімдерді тұтынуға тырасады. Ал органикалық өнімнің кез келген түрін өндіру көп күшті қажет етеді. Жалпы табиғи таза өнім деп атағанмен органикалық өнімнің өзіндік талабы, стандарты бар, яғни айырмашылығы бар. Органикалық өнімдер – қатаң бақыланатын, заңмен реттелетін органикалық өндірісте жасалған өнімдер. Оны жыл он екі ай баптау, күту ұзақ еңбектенуді талап етеді және оған жер, су, жұмыс күші қажет. Осы жағынан алғанда елімізде мұндай қажеттіліктердің бәрі бар. Сондықтан Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, табиғи азық-түлік тауарлары арқылы әлем нарығанда алдынғы қатарда болуды көздеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға күш салып, әр түрлі бағдарламалар, жобалар арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету тоқталған емес.
Кеше Мемлекет басшысы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдаған кезде де осы мәселеге тоқталып, арнайы тапсырмалар берді. Ал министр өз кезігінде Президентке сауда, нарық саласында істеліп жатқан жұмыстар мен оның болашағы туралы мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге сауда арқылы сыртқы нарыққа шығуды дамыта түсу керектігін тапсырды. Ел басшысы отандық тауар өндірушілердің өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндіктерін ұлғайту керектігіне де тоқталды. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғап, ішкі сұранысты қанағаттандырып, нарықты пайдалы, сапалы, қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті.
Елімізде бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар жеткілікті. Әлем нарығынан ойып тұрып орын алу үшін сапа мәселесіне көптеп көңіл бөлінуде. Өйткені экспортқа шығатын өнімдер әлемдік сапа стандарттарына сай болуы керек. Осы ретте органикалық өнімді өндіруде ғылыми жаңалықтар мен замануи техникалардың мүмкіндіктері пайдаланылып мол өнім алуға қол жеткізу басты міндет екені белгілі. Сондықтан пандемияға байланысты көктемде елімізде төтенше жағдай жарияланған уақытта да ауылшаруашылығы кәсіпкерлеріне ғалымдар онлайн түрде кеңес беруін тоқтатқан жоқ. Өйткені көктемгі егіс науқанында жасалған әрбір қадам, күзгі өнімнің басты кепілі екені белгілі. Ал ғылым мен өндіріс ұштасқанда ғана жақыс нәтижеге қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда ауылшаруашылығында органикалық, табиғи таза өнім алуға дамыған мемлекеттер жіті мән беріп, осы саланы дамытып келеді. Сонымен қатар органикалық өнімді тұтынушылар да көп, яғни сұраныс жоғары. Біздің еліміз әлем нарығындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстап, отандық өндірушілердің тауарларын стандартқа сай сертификаттауға көп күш салуда. Бұл бағытта арнайы сарапшылар жұмыс атқарып, түрлі кеңестер жиі өтіп тұрады. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында еліміздің органикалық өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндігі арта түсті. Әрине, әлемдік масштабта органикалық өнімдер өндірісі қарқынды түрде дами бастаған уақытта отандық тауар өндірушілеріміздің осы жаһандық үрдісте өз орнын таба білуі қиынға түскені белгілі. Осы ретте Техникалық реттеу және метрология комитеті берген мәліметке көз жүгіртіп өткен жөн болар. Онда әлемдік масштабта органикалық өнім өндіруге 71,5 миллион гектар жер пайдаланылатыны айтылған. Өткен жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда 192,134 мың гектар жер игеріліпті. Еліміз Еуроодақ елдеріне органикалық өнімдер экспорты бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленіпті. Сонымен қатар, Еуропаға қазақстандық бидай экспорты – 62,8 мың тоннаны құрап, әлемде 4-орынға тұрақтаған. Ал, майлы дақылдар экспорты – 12,5 мың тонна болып, әлемде бойынша 6-орынды иемденген. Еуроодақ нарығына 7,4 мың тонна соя экспортап әлем бойынша 5-орында тұр. Сондай-ақ, сертификатталған өндірушілердің саны саудагерлерді есептемегеннің өзінде алпыс үштен асқан.
Осы ретте органикалық өнімдерді сертификаттау сәйкестікті бағалауды аккредиттеу саласындағы жаңа бағыт екенін атап өткен жөн. Техникалық реттеу және метрология комитеті таратқан мәліметте органикалық өнімнің не екеніне де кеңірек тоқталып өткен. Зерттеулер көрсеткендей, органикалық тағамдарда әдеттегі өнімдерге қарағанда 63% калий, 73% көбірек темір, 125% кальций және 60% мырыш көп болады екен. Кез келген адамда туындайтын «неліктен органикалық тағамдарды тұтыну керек» деген саулға да жан-жақты жауап беріп өткен. Атап айтсақ, органикалық өнімдерді пайдалану тұтынушының денсаулығына оң әсер етеді. Құрамында пайдалы және қоректік заттар мол болып, дәрумендерге, минералдарға, антиоксиданттарға және басқа биологиялық белсенді заттарға бай болуы керек. Денсаулыққа зиянды заттар яғни пестицидтер, ауыр металдар, гормондар, ветеринарлық препараттар, микотоксиндер құрамында болмайды. Негізінен нитраттың төмен құрамымен сипатталып, құрамында ГМО негізіндегі синтетикалық қоспалар мен препараттар болмау керектігі де айтылған. Сонымен қатар, өнім беретін жануарлар табиғи жағдайда бағылып, жақсы күтім жасалады. Өндіріс барысында қоршаған ортаны, топырақты, ауаны, жер үсті және жер асты суларын ластайтын синтетикалық химиялық заттар мен жасанды тыңайтқыштар қолданылмауы керек. Биологиялық әртүрлілік сақталып, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беріліп, өндіріс процесі қоршаған ортаға сәйкес циклде жүруі қажет. Комитет таратқан осындай пайдалы мәліметтерді кез келген тұтынушының біле жүргені жөн. Өйткені адамның денсаулығы мемлекеттің де басты байлығы. Сондықтан тұтынушы құқығының қорғалуы елімізде өте маңызды.
Ал, органикалық өнімдерді қалай тануға болады? Енді осы мәселеге тоқталып өтсек. Біздің елімізде органикалық өнімдерді сататын мамандандырылған сату орындары жоқ екенін ескере отырып, азық-түліктерді қайдан сатып алғаныңызға қарамастан, ірі супермаркеттерде немесе денсаулық сақтау дүкендерінде арнайы «органикалық өнім» эко-затбелгісіне және сертификаттау ұйымының белгісіне назар аударуға кеңес береміз. Эко-таңбаланған өнім органикалық егіншілік принциптеріне сәйкес өндіріліп, өңделеді. Сондай-ақ, органикалық мәртебені алмаған өнімдерге арналған жапсырма бар, өйткені өндіріс өтпелі кезендерде қайта құрылады. Бұл өнімдер толығымен органикалық емес, бірақ олар да нарықта айналымда жүр, сондықтан оларды «органикалыққа көшудегі өнім» деп белгілеу керек. Тағы бір айта кетерлігі дүние жүзі бойынша келесі эколабельдер қолданылады. Бүгінгі таңда еліміздің ішкі нарығындағы тамақ өнімдерінің атауларында әр түрлі префикстер мен толықтырулары көрсетілген тамақ өнімдері бар. Мысалы, «табиғи», «ферма», «био» және тағы басқа. Соңғы префиксті ЕАЭО-да шығарылған сүт өнімдерінің атауларында қолдануға рұқсат етілген. Атап айтқанда, сүт өнімдерінің атауында өндіріс әдісін, шикізат құрамын және бастапқы заттарды қолдануды сипаттайтын терминдер көрсетілуі мүмкін. Сондықтан «био» термині тірі биологиялық дақылдар қосылып, өндірілген ашыған сүт өнімдерінің аттарына қолданылады. Мұндай таңбалау тұтынушыларды адастыруы да мүмкін.
Сонымен қатар, комитет таратқан мәліметте Қазақстанда органикалық өнімдердің өндірісі мен экспортын дамытуға жағдай жасау үшін алғашқы қадамдар жасалғаны да айтылған. Қазақстандағы органикалық ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 27 қарашадағы «Органикалық өнімдер өндірісі туралы» Заңы аясында қамтамасыз етілген. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар Қазақстан Республикасында тиісті уәкілетті органмен аккредиттелген болуы керек. Бұл орган бүгінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу комитеті жанындағы Ұлттық аккредиттеу орталығы. Органикалық өнімнің негізгі өндірушілері астық экспортына бағдарланған Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруашылықтары. Органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың әлемдік статистикасына сәйкес 63 өндіруші және 7 импорттаушы органикалық өнім өндіреді. Комитет таратқан мәлімет арқылы осындай маңызды мәселелерге көз жеткізуге болады.
Дүкен сөрелеріндегі органикалық өнімдерді тани білу, дұрыс тамақтану үшін өте қажет. Тұтынушы үшін тандаудың мол болуы сапалы өнімдерді пайдалануы маңызды мәселе. Мемлекетіміз осы тұрғыдан сапа мәселесіне үнемі назар аударып, халықтың денсаулығын нығайтып, өндіріс екпінің арттырып, ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етіп, экспорт көлемін ұлғайтуды мақсат тұтады. Ал, жақсы мен жаманның нарқын біліп, парықтай білу тұтынушының сауаттылығына байланысты.
Нұрлы Еділов