Энергияға жаңа тариф енгізбейінше жасыл экономикаға жете аламыз ба?

Энергияға жаңа тариф енгізбейінше жасыл экономикаға жете аламыз ба?

Қай саланың болмасын мәселесін айту – оңай шаруа емес. Оны айтқанмен алғыс алуың да екіталай. Ал, бірақ, айтпауға болмайтын бір сала бар. Ол - энергетика. Айтпауға болмайтыны, энергетика адамның қан тамырларындай, еліміздің өн бойына қан жүгіртіп, нәр беріп тұрған аса маңызды сала. Оны дер кезінде сөз етіп, нақты шаралар қабылдамайынша, ертең кеш болуы ғажап емес.

Өкінішке орай, біз көпшілігіміз энергетика саласын тұтынушы ретінде ғана түсінеміз. Сондықтан да оның жылдар бойы қатталып қалған мәселелерін толық түсіне бермейміз. Үйде жарық болса – болғаны. Ал, бірақ, біраз жыл бойы жинақталып қалған қиындықтар, болашақта әр тұтынушыны да бейжай қалдырмайтын жағдай тудыруы мүмкін. Оның қандай мәселелер екенін дұрыс түсіну үшін дәл қазіргі жағдайды таразылап алайық.

Жылу және электр желістері мен құбырлары әбден тозды, ескірді. Оның тозу қарқыны жыл сайын қарыштап өсіп барады. Бұл не деген сөз? Бұл жылу және электр желісін жаңарту жұмыстарының қарқыны - олардың тозу қарқынынан баяу болып отыр деген сөз. Мысалы, ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректеріне қарағанда, елімізде қосқұбырлы жылу құбыр жүйесінің ұзындығы 11,5 мың шақырымды құрайды екен. Оның 30 пайызы магистральдық, 70 пайызы тарату құбырлары. Ал, осы жылу құбырларының 6 пайызы – 10 жыл, 24 %  – 10-15 жыл, 27%  – 15-20 жыл, 43 % – 20 жыл жұмыс істеуге жарайды. Ал, жалпы жылу жүйесіндегі негізгі және көмекші қондырғылардың технологиялық және физикалық тозуы 63 пайызға жеткен. Бұл сандар мен цифрлар нені көрсетеді?

Қарапайым тілмен айтар болса, еліміздегі жылу жүйесінің жартысы әбден тозығы жеткен, әйтеуір ілдебайлап істеп тұр. Бір күні морт сынуы әбден мүмкін. Ол кезде: жылына әр шақырымда 1-10 апат, тасымал кезінде жылу энергиясының жоғалуы сияқты қиындықтар туады. Бұл кей жерде құбырлар биттің қабығындай болып жұқарғанының белгісі.  Ал, дамыған елдер бір шақырымға 0,1 % апат деңгейінде. Бұл қандай мәселе туғызады деген сұраққа жауап іздейік. Алдағы жылу маусымында жылу құбырлары жарылып, пәтерлер жылы сусыз қалуы мүмкін. Мектептер мен ауруханалар мұздап, оқу мен емдеу тоқтатылуы ғажап емес. Қарапайым халық қиындық көреді. Одан, әсіресе, өндіріс орындары залал шегетіні де анық. Ал, оның әлеуметтік салдары ауыр болады. Не істеу керек сонда? Бұл шырғалаңнан шығудың жолы қайсы? Елімізде энергетика мәселелерін шешуді көздейтін толыққанды стратегия бар ма? Бұл саланың қызметін реттеу бірнеше министрліктің құзыретінде. Бәлкім, энергетика саласында ұтымды тариф саясатының болмауының бір себебі осында жатқан шығар?

Осы уақытқа дейін елде жарық пен жылу болса бітті, бұл саланың мәселесі шешілді деген ұстаным басым болған. Энергетика саласы басқа салалардан озық болуы керек екенін, болашақта өндіріс саласын дәл осы мәселе тежеуі мүмкін екенін ешкім ойлаған жоқ. Сөйтіп, энергетика саласы бұрынғыша, қазба шикізаттарын тоғытудың арқасында дамып келді. Жаңартылған қуат көздерін зерттеу мен оған көшу қажеттігі ұмыт қалды. Ал, инновациялық жолмен даму алдағы 20-30 жылды көздейтінін ескерсек, онда энергетика саласының заман ағысынан қаншалықты кенжелеп қалғанына анық көз жеткіземіз. Ал, біз қазір ақпараттық және сандық технологиялардың «ақылды электрожүйесі» кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Оның үстіне, бірнеше жыл бойы қаржы бөлінбеу себепті энергетика саласы техникалық жаңашылдық енгізген жоқ. Ал, электр және жылу жүйесі тозығы жеткендіктен, инновация енгізу де мүмкін емес. Бар қаржы ескі құбыр мен жүйенің жыртығын жамауға жұмсалатын болса, дамуға капитал табудың жолы қайсы?

Энергетика саласының белгілі сарапшысы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, біздегі электр тарифін бақылау саясаты әбден ескірген, әрі мөлдірлік жоқ. Әлемде икемді тариф реттеу кестелері баршылық. Ол әр аймақтың жағдайын ескере отырып түзіледі. Ашығын айтсақ, біздегі энергия тарифі өте арзан. Бұл мәселеде біз 90-шы жылдарда қалып қойған тәріздіміз. Тіпті экономикасы әлсіз Грузияның өзінде энергия бізден қымбат. Сарапшының ойынша, тарифтің өсуіне байланысты электр энергиясының бағасы да қымбаттауы керек. Өйткені, энергетика саласы бізде толық қаржыландырудан өтпеген. Егер электр энергиясының бағасы төрт-бес теңгеге жетер болса, онда нарықтық жағдай қалыптасар еді. Жаңартылған энергия көздерін іздеу, жасыл экономиканың нарықтық алғышарттары құрыла бастайтыны анық. Энергетика жасыл экономика қағидаларына көше бастаған кезде, экономиканың басқа салаларын да «жасылдандыруға» мүмкіндік туары анық. Икемді тариф саясаты инвестиция жасауға да мүмкіндік туғызады. Қазірдің өзінде инвесторлар бар. Бірақ, оларды ұтымды тариф саясаты болмаса, энергетикаға үлкен қаржы салуға тарту қиын. Бұл жерде тұтынушыларды ұмытуға болмайды, әрине. Кей уақытта адамдар 800 теңгеге кофе ішеді. Электр бағасын 800 теңгеге, бір пиала кофенің бағасына көтеруге болар ма еді? Меніңше болады дейді сарапшы. Әрине, бірден емес. Біртіндеп. Халықтың әл-ауқатының өсуіне байланысты. Бұл маман пікірі.

Жалпы тариф саясаты – энергетиканың жанды жері. Энергетика бүкіл мемлекеттің қан тамыры болғандықтан, тариф саясаты елдің тынысы мен өндірістің дамуына тікелей әсер етеді. Тариф саясатына байланысты энергия саласының біраз мамандарының пікіріне құлақ түрелік.

Темірлан Өтегенов – «Қазақмыс Дистрибюшн» ЖШС бас директоры:

 – Тарифтердің өсуі - энергетика саласына инвестиция салуға үлкен мүмкіндік. Бұл инвестиция тозығы жеткен қондырғыларды жаңартуға жұмсалады. Олай болса, апат болу мүмкіндігін азайтады. 2023 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы болуы мүмкін деп болжап отыр. Ал, сол энергияны көрші елдерден сатып алмас үшін біз өзіміз өндіруге тиіспіз. Оған жетудің  бір ғана жолы бар – тарифті көтеру. Сол кезде біз жаңа энергоблоктар, турбина мен қазандықтар тұрғыза аламыз. Әрине, жаңартылған энергия алу көздерін іздеп, атом электр стансасын салуымыз керек. Бұл ауаны ластауды азайтып, таза ауамен тыныстауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, арзан электр энергиясын алатын боламыз. Ал, тарифті бұрынғыдай қалдыратын болсақ, тұтас бір сала тоқырауға отырып, біртіндеп тұралау басталады. Төмен жалақымен жоғары дәрежелі мамандарды ұстап тұра алмайсың. Инвестиция да өздігінен келмейді. Инвестор пайда табуы керек. Тариф төмен болса, пайда да жоқ. Сөйтіп ақша жоқ болса – жаңа қондырғылар мен электр өндіретін құралдар жоқ, оның салдары жылу электр стансаларындағы апаттар мен елді жарықсыз қалдыруға жеткізеді.

Энергетика – күрделі сала. Онда кез-келген адам жұмыс істей алмайды. Ол жерде жұмысты энергетика саласын арнайы оқыған, жоғары дәрежелі мамандар ғана жүргізе алады. Бірақ, қазіргі тариф саясаты энергетика саласының мамандарын сақтауға, олардың біліктігін көтеріп отыруға мүмкіндік бермейді. Мысалы, статистикалық деректерге қарайтын болсақ, 2019 жылдың 3 тоқсанында Қазақстан Республикасының өндіріс орындарындағы бір жұмысшының орташа айлығы 262 мың теңге болыпты. Ал, энергетикалық сектор кәсіпорнындағы айлық жалақы – 165 мың теңге, алдыңғысынан 58.9 пайызға төмен. Ал, жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық мамандар мен білікті жұмысшылардың саны күн санап кеміп барады екен. Сол себепті кәсіпорындар мамандар дайындауға қаржы бөлуге мәжбүр. Соның өзінде жұмысшылардың 30 пайызы бір жылдан кейін жұмыстан кетіп жатқан көрінеді.

Валерий Донцов – «Степногорская ТЭЦ» ЖШС директоры:

 – Қазіргі тариф жанармай, су және жаңартылған энергия көздерінен қуат алудан бастап, стансаның барлық шығындарын жабуға жетпейді. Біздің Степногорск ТЭЦ қондырғыларын жаңартатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бірақ, оған қаржы жоқ. Тек жаңа тариф қана өнеркәсіп орнын жетілдіруге мүмкіндік береді. ТЭЦ басшылығы оған пайданың 15 пайызын жұмсауға әзір. Әйтпесе, жұмысты тоқтатуға шақ тұрмыз. Ең қиыны: өндірісте жүздеген жұмыс қолы жетіспейді. Жұмыс істеп жүргендер зейнет жасына жетіп қалды. Жастарды төмен жалақымен жұмысқа тарта алмайсың. Тек жоғары тарифке көшкен кезде ғана біз жалақыны ұлғайта алатын боламыз.

Елена Яковенко – «Қазақмыс Энерджи» ЖШС өндірістік бөлімінің жетекшісі:

– Қазір электр қуатына белгіленген тариф кіріс әкелмейді. 2009 бен 2015 жылдар аралығындағы жағдай қандай жақсы еді. Ол жағдай қазір мамандарға көрген түстей болып қалды. Жұмысқа деген ықылас керемет болатын. Өйткені, энергия өндіруші компаниялар үшін өнімнің өзіндік құнымен бірге тарифтен да пайда табатын. Ал, 2015 жылдан 2018 жылдар аралығында бұл тарифты алып тастады. Сөйтіп, «Қазақмыс Энерджи» ЖШСның құрамына кіретін

Жезқазған ТЭЦ мен Балқаш ТЭЦ өндіретін энергиясының 1 кВ/сағаты 6 теңге болды. Ал, сол өнімнің өзіндік құны 7-9 теңге аралығында еді. Осылайша, кәсіпорындар үш жыл бойы шығынмен жұмыс істеді. Ал, 2019 жылы жағдай тіпті қиындап кетті. Тарифті 6 теңгеден 4,8 теңгеге төмендетіп тастады. Компаниялар шықпа жаным шықпамен өмір сүрді. Жаңартылған энергия көздері компаниялары да бізді қыспаққа алды. Олардан электр энергиясының кВ/сағатын 34 теңгеден сатып алып, 4,8 теңгеге сату деген қандай қиын екенін білсеңіздер ғой. Біздің компаниялар қандай шығынға батқанын есептеп шығу үшін ұлы математик болу қажет емес болар? Керек-жарақ жеткізетін темір жолдың қызметі мен жанармай бағасы да өсіп кетті. Онсыз электр энергиясын өндіру қайда! Электр энергиясын өндіруге кететін барлық шығын мен кіріске сай тариф қана энергия өндіретін компаниялардың аяғынан нық тұруына мүмкіндік жасайды.

Міне, өндіріс саласының ыстық-суығын көріп жүрген осы мамандардың нақты дәлелдері – энергетика саласындағы тариф саясатының қандай болуы керектігін дәлелдеп отыр. Қуаттың киловаттары қаржымен есептеледі. Ол қаржыны не бюджеттен бөлу керек. Не болмаса өндіріс орындары өзі табатындай мүмкіндік туғызу қажет дейді мамандар бірауыздан. Энергетика саласын таза нарық қатынастарына жеткізбейінше, «жасыл экономика» қағидасын енгізе алмаймыз. Өйткені, оны да қаржыландыруға тура келеді. Өзін өзі қаржыландыра алмайтын саланы экономика деп атаудың өзі қиын емес пе?

 Серік Ақынжанов

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста