Бүгін министр Ақтөбе өңіріне сапары шеңберінде бірқатар ауылдық денсаулық сақтау объектілерін аралады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz Денсаулық сақтау министрлігінің телеграм арнасына сілтеме жасап.
Бұдан әрі Ажар Ғиният халықпен кездесу өткізіп, денсаулық сақтауды дамытудың бірқатар басым бағыттарын белгіледі.
Бұл медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтерді қамтуды кеңейту және қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл медицинасын дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту болды.
Ақтөбе облысында 325 МСАК объектісі жұмыс істейді, бұл республиканың барлық МСАК ұйымдарының 5,7%-ын құрайды.
Министр соңғы екі жылда медициналық көмек көлемін ұлғайтуға қол жеткізілгенін, атап айтқанда консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан әрі денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақтөбе облысында 29 ауылдық МСАК объектісін салуды көздейтін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын іске асыру туралы айтып берді.
Сондай-ақ, республика бойынша пилоттық жоба шеңберінде 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы, оның ішінде Ақтөбе облысында жаңа 3 аурухананы ашу жоспарлануда – бұл Мұғалжар, Шалқар және Хромтау аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар.
Министр 20 қазаннан бастап елімізде аса қауіпті инфекциялық емес ауруларды анықтау мақсатында ауыл тұрғындарына профилактикалық қарап-тексерулер жүргізу бойынша ауқымды науқан басталғанын еске салды.
«Біз үшін қызметтің басым бағыттарының бірі ана мен баланың денсаулығын сақтау болып қала береді. 2022 жылдың 10 айында облыс бойынша 16,8 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Осы бағдарламаның шеңберінде 2021 жылы Ақтөбе облысында 324 квота бөлініп, 129 әйел жүкті болды, 108 отбасы бала сүю бақытына ие болды», - деп атап өтті А.Ғиният.
Балалардағы ауруларды ерте қамту және диагностикалау мақсатында елде жаңа туған нәрестелер мен ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді, ол әрбір баланы жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына дейін сүйемелдей отырып, кезең-кезеңімен кешенді тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады министр.
Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша А. Ғиният азаматтарды ағымдағы жылы ел өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 1872 түлегі, оның ішінде Ақтөбе облысына – 116, оның ішінде 26 түлек ауылға бөлінгені туралы хабардар етті.
Өңір тұрғындары министрге медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды, атап айтқанда, онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында МӘМС-тен ТМККК-ға онкологиялық аурулардың скринингін қаржыландыру көзін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.
Министр өз жауабында халықтың нысаналы топтарын барынша қамту мақсатында онкологиялық скринингтерді қаржыландыру мәселелері онкологиялық қызметті дамытудың кешенді жоспарының жобасы шеңберінде пысықталатынын айтты. Онкоскринингтер қосымша қаржыландыру көлемімен ТМККК пакетіне ауыстырылады деп болжануда.
А. Ғиният 2022 жылы МӘМС жүйесінде ауыл тұрғындары үшін асқазан-ішек жолдарының, бүйректің, тыныс алу ағзаларының ауруларын ерте диагностикалау мақсатында 18 жастан 70 жасқа дейінгі қосымша нысаналы топтарға арналған қызметтер тізбесі кеңейтілгенін еске салды.
Министр кездесу барысында қойылған әрбір сұраққа толық жауап берді, сондай-ақ ведомствоның бейінді департаменттеріне шешімдерді пысықтауды тапсырды.