Елімізде әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша медицина қызметкерлерінің тапшылығы 9320 штаттық бірлікті құрайды. Нақтырақ айтқанда респубика бойынша 4 869 дәрігер, 4 451 орта медицина қызметкерінің орны бос тұр. Десе де Денсаулық сақтау министрлігі бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда 37 пайызға төмендеген деп отыр.
Azattyq Ruhy тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілінен елдегі дәрігер тапшылығы мәселесі қандай тәсілдермен шешіліп жатқанын сұрап білді. ДСМ Адам ресурстарын дамыту басқармасының басшысы Ильянур Ажғалиеваның айтуынша, мамандар тапшылығы ең алдымен Астана қаласында байқалса, екінші орында Қостанай облысы тұр екен. Ал одан кейінгі тізімді Ақмола облысы мен Алматы қаласы жалғастырады.
«Жоғарғы оқу орнын бітіргендердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларына баратыны бәрімізге белгілі. Десе де дәл осы мегаполистерде халық санының көп болуына байланысты дәрігерлер тапшылығы әлі де сезіледі. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау туралы кодекс шеңберінде 2018 жылы бақылау және кадрлық қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы орган өзінің әкімшілік аумақтық бірлігінде іске асырады деген заң қабылданды. Тиісінше бүгінде өңірлерді дәрігерлермен қамтамасыз ету жұмыстары әкімдіктердің мойнында. Мамандарды ынталандыру және тарту үшін әкімдіктермен бірлесіп қабылданатын шаралар кешені «Өңірлерде медицина кадрларының тапшылығын төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» Жол картасымен бекітілді», - деді Ильянур Ажғалиева.
Қазір елімізде жалпы практикалық дәрiгерге, анестезиологтарға сұраныс жоғары. Сондай-ақ соңғы кездері акушер-гинекологтардың да саны азайып отыр.
Бұған дейін коронавирус инфекциясы өршіген тұста отандық медицина саласында дәл осы бағытта ем жүргізетін дәрігер тапшылығы барлық өңірде байқалғаны есте.
«2020 жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес денсаулық сақтаудың 11 басым бағыты бойынша 15 345 медицина қызметкері оқытылды. Сондай-ақ, эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек, стационар, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде барлық кезеңде COVID-19 кезінде медициналық көмек көрсету бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жұқпалы аурулар, эпидемиология, жедел жәрдем тақырыптары бойынша 415 медицина қызметкері қайта даярлаудан өтті. Олар КВИ жұқтырғандармен тікелей жұмыс істеді. Сонымен қатар, 57 мыңнан астам маман жергілікті бюджет қаражаты есебінен осындай курстардан өтті. Жалпы инфекционистер мен эпидемиологтарға қатысты қазіргі уақытта тапшылық мәселесі жоқ», - деді Ильянур Ажғалиева.
Бүгінде іске асырылған бірнеше бағдарлама бар. Сондай-ақ Ұлттық жоба аясында да атқарылып жатқан шаралар өз нәтижелерін беруде. Ауылды жерлердегі дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында бірқатар тапсырмаларды жүзеге асыру жоспарланған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру екі жыл ішінде барлық ауылды және 650 елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 32 көпбейінді аудандық аурухана ұйымдастырылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қыркүйек айында айтқан болатын.
Тапшылықты жоюдың тағы бір тәсілі мамандардың жалақыларын көтеру. Бұл ретте министрлік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздеді.
«Практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы (клиникалық бейіндегі 1500 маман, 2023 жылдан бастап – 1700 орын, 2024 жылдан бастап – 1800 орын, 2025 жылы – 2000 орын) және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру (жыл сайын шамамен 14 мың медицина қызметкері).
Сонымен қатар әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес министрлік жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқыған білім және ғылым ұйымдарының түлектерін бөледі. Түлектердің жетуіне, сондай-ақ әкімдіктер көрсеткен республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен әлеуметтік қолдау шараларына мониторинг тұрақты негізде жүзеге асырылады. Соңғы үш жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша әлеуметтік пакеттің пайызы мен үлесі өсті», - деді Адам ресурстарын дамыту басқармасының басшысы.
Дәрігерлер саны елдегі медициналық ЖОО-ларын бітірушілерге де тікелей байланысты. Бүгінде жоғары білімі бар денсаулық сақтау кадрларын даярлауды 8 медициналық ЖОО (ҚазҰМУ, ҚМУ,СМУ, БҚМУ, АМУ, ҚРМУ, ОҚМА, ҚДСЖМ ), көп салалы ЖОО құрамындағы 7 факультет (Назарбаев Университеті, ХҚТУ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Болашақ» академиясы, Каспий қоғамдық университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Солтүстік Қазақстан Көкшетау университеті, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ); 13 ғылыми және зерттеу орталықтары жүргізеді.
Бұл ретте дәл осы бағыттағы оқу құнының арзан еместігін де ескерген жөн. Мәселен еліміздегі медициналық бағыттағы ең беделді жоғарғы оқу орындарының бірі Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде жалпы медицина мамандығының бір жылғы оқу құны 1 млн 188 мың теңгені құрайды. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын бұл бағытта шамамен 1,5 мың грант бөліп отырғанын айтуда. Сондай-ақ, оқу орындарының сапасына да басым көңіл бөлінуде.
Жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарын 7 мыңнан астам маман бітіріп шығады.
2022 жылы түлектер саны 745-ді құрады, оның ішінде білім деңгейі бойынша: бакалавриат – 401, интернатура – 4423, резидентура – 2111, магистратура – 372, докторантура – 143.
«Павлодар қаласында «Семей қаласының медицина университеті» КеАҚ, Атырау, Ақтау, Орал, Қызылорда қалаларында «М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ филиалы ашылды (кейіннен интернатура және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орталықтарына айналдыру). Кадр тапшылығын шешу шеңберінде министрлік «Ауылға резиденттер», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» жобаларын іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Медициналық білім беру және ғылым ұйымдары («Әлеуетті медицина қызметкерлерінің тізілімі») тыңдаушыларының нақты санының негізінде ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кезеңдерге ДСКР қамтамасыз етілуін болжау мүмкіндігімен денсаулық сақтаудың кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін құру мақсатында министрлік денсаулық сақтау және білім беру салаларының ақпараттық жүйелерінің интеграциялық шешімдерін келісу бойынша жұмыстар жүргізуде», - деді Ильянур Ажғалиева.