Жалаңбас жүру өзіңе жау болумен бірдей
Бұл жөнінде әсіресе жастардың біле жүргені абзал. Өйткені күн суықта жалаңбас жүретіндердің көбі – жастар. «Прическам» бұзылады дейді, жиі жуып, фенмен кептіріп алып жүре береді. Ал бас суықтауы деген оңай дерт емес.
Бас суықтағанда бірінші кезекте қарақұстан шекеге дейін жатқан бас сүйек-ми жүйкелері ауырып белгі береді. Сондай-ақ құлақ түбіндегі үштік жүйкелер ауырады. Мұндайда артериялық қан қысымы артады, бас айналады, дене қызуы көтеріледі немесе адам тоңады, бас ауырып, құлақ шуылдайды. Осы белгілердің біреуі білінсе де уақыт оздырмай дәрігерге тексерілген абзал. Өйткені дер кезінде анықтап, емделмесе, бас суықтауының соңы гипертониялық, гипотониялық дертке, түрлі қабынуларға себеп болады. Баспен қоса көз, құлақ, тіс ауырады, мұрынның екі бетіндегі гаймор қуыстары зақымданады.
Суықтаған бас ауырып, мазаласа үй жағдайында ащы шай, аспирин ішкен көмектеседі. Түймедақ, жалбыздан жылы ванна жасауға, хош иісті эфир майларынан ароматты лампамен жылытуға болады. Ұйқыға жатарда жылы бас киім киген де дұрыс. Таңертең, күндіз қытай серменесінен (китайский лимонник) тұнба жасап, бір шай қасығын ішсе де мұндай кездегі бас ауыруын басады.
Негізі бас ауыруы инфекция түсуі себепті туындаған ми абсцесінен болуы да ықтимал. Оған тіс ауруы, өкпе қабынуы, құлақ-мұрын-тамақ қабынуы, бас жарақаты себеп болады. 12 сағаттан артық ауырса, ол аса қауіпті.
Сондай-ақ бас вегетативтік тамыр дисфункциясынан да ауырады. Оған ішкі ағза мүшелерінің дерті себеп. Белгілері мынадай: жүрек қағады, адамның өңі қуарады, ол терлегіш болады, қан қысымы артады немесе кемиді, тәбеті жоғалады, ықылық атып, жүрегі айниды, демігеді. Бұл көбіне жүйкесі әлсіз, мінез-құлқы тұрақсыз адамдарға тән. Мойын остеохондрозы кезінде де бас ауырады. Ол көбіне мойын, қарақұс аумағынан сезіледі. Бас сақинасы кезінде де адамның үнемі мазасы кетеді.
Осылардың бәрін бас суықтауынан болатын бас ауыруынан ажырата білген абзал. Ең бастысы, басыңызды суықтаудан қорғаңыз.
Н. ЖҮНІС