Сүт безі қатерлі ісігін 95 пайыз жағдайда емдеуге мүмкіндік бар
Онкологиялық аурулар жасарып барады. Израиль дәрігерлерінің зерттеулері осыны көрсетіп отыр. Мамандар, әсіресе жас қыз-келіншектердің сүт безі қатерлі ісігімен ауруы көбейгеніне алаңдаулы, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Израильде онкологиялық ауруларды қалай емдейді?
Кейінгі 10-15 жылда Израиль әйелдерінде сүт безі қатерлі ісігі жиі кездесетін болған. Мамандар мұны кеселді тудыратын факторлардың көбеюі дейді.
Бұдан бөлек дертке орта жастағы қыз-келіншектердің жиі шалдығуы да алаңдатып отыр.
Юрий Ранков, медициналық орталық директоры:
- Қазір емшек безі қатерлі ісігімен жас әйелдер көп ауырады. Бұрын бұл ауруға көбіне 50-ден асқан әйелдер шалдықса енді жасы 40-қа келген, тіпті 30-дағы қыз-келіншектерде кездеседі. Қауіпті үдеріс барған сайын күшейіп барады.
Еврей елінде жыл сайын 4 мыңға жуық осындай дерек тіркеледі. Бұл шағын мемлекет үшін өте көп. Сондықтан билік түрлі шараларды қолға алған. Бастысы, кесел ерте анықталса емдеуі де тез.
Юрий Ранков, медициналық орталық директоры:
- Егер адам дәрігерге дер кезінде қаралса сүт безі қатерлі ісігін 95 пайыз жағдайда емдеуге мүмкіндік бар. Дерттің қайталану қаупі де азаяды. Бұл үшін әйелдер қатерлі кеселді ерте кезде анықтай алатындай болуы керек. Емханаға жиі барып тексеріліп отырудан қорықпаған жөн.
Ерте диагностика жыл сайын мыңдаған жанды ажалдан құтқарып қалуға көмектеседі.
Ал егер дер кезінде тексерілмей кешіксе 20-30 пайыз жағдайда ісік сүт безі обырына айналады.
Қазіргі уақытта медицина ерте кезде анықталған барлық қатерлі ісікті емдей алады.