Омырауды үлкейту заман талабы ма?
Сұлу болып көріну үшін қыз-келіншектер не істемейді десеңізші?! Қарапайым тәсілдерден бөлек, ота арқылы бет-пішінін өзгертеді, көзі мен омырауын үлкейтеді, қисық аяғын түзейді, денесіндегі артық майларды алып тастайды. Нәтижесінде мінсіз сұлуға айналады. Соңғы кезде сұлулық эталоны омыраудың, яғни сүт безінің үлкендігімен өлшене бастады. Операция жасап аршын төс болып жүргендер көп. Қазір Ақтөбеде маммопластика жасатудың құны — 520 мың. Жалпы сүт безін жасанды жолмен үлкейтудің қаупі қандай? Қай жаста және қандай жағдайда жасатқан жөн? Облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығындағы пластикалық хирург Айгүл Жапарова маммопластиканың қыр-сырын айтып берді, деп жазады «Ақтөбе» газеті.
Жасанды сүт безін жасататын кімдер?
Бүгінгі таңда пластикалық хирургияның ішінде ең жиі жасалатыны —маммопластика. Әлемде бұндай отаны жасатуға құлшынған қыз-келіншектердің саны жыл сайын өсіп барады. Кейінгі кезде бұл үрдіс біздің елімізге де келді.
Қыз-келіншектер нанды да тартынып жеу керек. Нан, майлы және тұзды тағамдар сүт безі талшықтарына кері әсер етеді. Ал жас қыздар күніне бір жұмыртқа және жемістерді көп жеу керек.
Айгүл Жапарованың айтуынша, егер қандай да бір қажеттілік болмаса, табиғат берген мүшесін қозғаудың қажеті жоқ.
«Жасыратыны жоқ, қазір қыз-келіншектердің көпшілігі аршын төс болуды қалайды. Себебі заманның талабы өзгерді. Біз студент кезімізде барлық күшімізді тек қана оқуға, білім алуға жұмсадық. Оқу бітірген соң да білім деңгейімізге байланысты жұмысқа қабылдандық. Ал қазіргі қыздардың сана-сезімі басқа. Олар ең бірінші сұлу болуды ойлайды. Жұмыс берушілер де ең алдымен қыздың сыртқы пішініне назар аударады. Маған келетін қыздар «әдемі болсам, жұмысқа оңай қабылданамын» дегенді айтады. Көзіне, ерні мен бет-пішініне ота жасатады. Біздің кезімізде омырауды көрсету ұят саналатын. Келін болып түскенде төсімізді жауып жүретін едік, ал қазір керісінше. Жастар журналдағы қыздарға еліктейді. Солар секілді сұлу болуды қалайды. Тіпті 18 жастағы қыздар да хабарласады. Екі-үш баласы бар әйелдер келеді. Себебі бала емізгеннен кейін сүт безі төмен түсіп кетеді. Тұрмысқа шықпаған, босанбаған қыздар да ота жасатуға құмар. Туа бітті ақауы бар, төсі өспей қалған қыздарға да ота жасаймын. Олар ер бала тәрізді болып жүргісі келмейді. Жалпы менің қабылдауыма 22 мен 54 жас аралығындағы әйелдер келеді. Жиырмадан аспаған қыздарға ота жасамаймын. Себебі сүт бездері толық қалыптасып үлгермейді», - дейді хирург.
Ішімдіктен, темекіден аулақ болу керек. Себебі бұндай зиянды әрекеттер сүт бездерінің тамырын кеңейтіп, теріні бүлдіреді.
Пластикалық ота тек қана сұлулық үшін емес, денсаулықты жақсарту үшін де қолданылады. Жасы елуден асқан кейбір әйелдер гипермастияға ұшырайды, яғни сүт бездері тым үлкейіп кетеді. Тым үлкен сүт безі тамырдың созылуына, бел омыртқаның ауруына әкеледі. Қимыл-қозғалысқа кедергі келтіреді. Сүт безінің асты суланып, терлейді. Кейін ол жер қызарып, терінің зақымдануына соқтырады. Осындай кезде сүт безі тек қана ота арқылы кішірейтіледі.
Маммопластика қалай жасалады?
Хирург үшін пластикалық ота жасау табыс көзі болуы мүмкін, бірақ антына адал дәрігер әрбір адамға нақты кеңес беруі керек. Себебі кез келген ота жүз пайыз кепілдік бермейтіні анық.
Операциядан кейін түрлі асқынулар болуы мүмкін.
«Әрине, келген адамға жан-жақты кеңес беріледі. Бірақ шешімді пациенттің өзі қабылдайды. Ота жасату үшін алдымен адамның өзі психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Қазір әйелдердің барлығы сауатты, интернеттен оқып, зерттеп, маммопластика жасатқан әйелдерден ота туралы сұрап, содан кейін барып қана хирургке келеді», - дейді Айгүл Жапарова.
Әйелдер толықтап кетсе бірден диета ұстайды. Күн ұзақ дұрыс тамақтанбаған әйелдің денесімен қоса омырауы да кішірейеді. Омыраудың кілт солып кетуіне жол бермеу үшін бір уақытта бір қалыпты тамақтанған жөн. Бұл ағза тепе-теңдігін сақтайды.
Ота жасалмас бұрын әйел зертханалық тексерулерден өтеді. УДЗ талдау жасалады. Егер қан құрамы мен УДЗ қорытындысында қандай да бір белгі байқалса, ота жасалмайды. Маммологтің кеңесін алуға жіберіледі. Содан кейін ғана операция үстеліне жатуға болады. Ал операцияның ұзақтығы бір сағат. Пациент сол күні-ақ үйіне жіберіледі. Кейін бір ай оңалту шараларынан өтеді.
«Сүт безі — әйел адамның жанды жері. Сондықтан төсті үлкейтетін, тығыз қылып тұратын имплант сүт безіне емес, бұлшық етке салынады. Импланттың көлемі бір пішінде болмайды, әйелдің дене бітіміне байланысты әр түрлі болады. Бір айта кетерлігі, қазіргі импланттар инновациялық технологиямен жасалған. Адамның денесіне өте жақын болғандықтан дене бірден қабылдайды, уақыт өте келе білінбей кетеді. Ал бұрын силиконнан жасалғандықтан тығыз болатын. Жаңа технологиямен жасалған импланттармен адам өмір бойы жүре береді немесе организмге байланысты он жылдан кейін ауыстырылады. Себебі адамның жасы келген сайын дене-бітімі де өзгеретіні белгілі», - дейді Айгүл Жапарова.
Сүт бездерінің ауырып, сыздауы дәрумен мен гормондардың жетіспеуінен болады.
Операция үстелінен тұрғаннан кейін науқас дәрігердің талабын мұқият орындауы керек. Бір-екі айға дейін ыстық моншаға баруға, жүгіруге, спортпен шұғылдануға болмайды. Ал оңалту шаралары аяқталған соң қалыпты өмірде атқарылатын шаруаларды жасай береді. Сондай-ақ ақ жүкті болуға, бала емізуге де маммопластиканың ешқандай кедергісі жоқ.
Қатерлі ісікке шалдықтырмай ма?
Маммопластиканы қант диабетіне шалдыққан, түрлі вирустық инфекциялары бар және анасы онкологиялық аурумен сырқаттанған әйелдерге жасауға болмайды.
«Кез келген отадан кейін қандай да бір қиындықтардың, қатерлі ісік, асқынулар мен өзге де өзгерістердің болмайтынына ешқандай дәрігер кепілдік бермейді. Әр түрлі асқынулар болуы мүмкін. Ол дәрігерге де, пациентке де байланысты. Кейбір әйелдер өздеріндегі ауруды жасырып қалады. Жалпы менің тәжірибемде келеңсіз жағдайлар болған жоқ. Бірақ өмірде бұндай жайттардың болатынын көріп жүрмін. Сондықтан дәрігер ретінде тұрмысқа шықпаған қыздарға төсін үлкейтуді құп санамаймын. Үш-төрт бала босанып, сүт безі төмен түскен әйелдер немесе қандай да бір науқасқа шалдыққандар реконструктивтік маммопластика арқылы кемшілігін жасырса, ешқандай зияны жоқ», - дейді Айгүл Жапарова.
Омырау пішінін бірқалыпты сақтап, тартымды көріну үшін спортпен айналысу қажет. Сондай-ақ қыз-келіншектер күнде таңертең қолын бастан асырып, төмен түсіріп шағын жаттығу жасаса сүт безіне оң әсерін тигізеді. Осындай жаттығуды он рет қайталау керек.
P.S. Денедегі кемістікті жасырып, жарақаттың орнын жою үшін пластикалық хирургияның көмегіне жүгінуге болады. Ал сұлулықтың кілтін пышаққа түсу арқылы іздейтіндер кейін өкініп те қалуы мүмкін.