Медициналық қызмет сапасы арыз-шағыммен өлшене ме?
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі баспасөз қызметі елімізде медициналық қызмет сапасының артқанын айтып сүйіншілетті. Министрлік өкілдері қызмет сапасын сала қызметкерлеріне қатысты түскен арыз-шағымның санымен өлшеген көрінеді. Баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда 2014 жылы дәрігерлердің үстінен түскен арыз-шағым 33 пайызға азайыпты. Сала басшылығының мәліметі бойынша, министрдің блогына және сенім телефоны арқылы 10 мыңға жуық шағым түсіпті. Алайда, министрлік мамандары олардың 30 пайызын негізсіз деп тапқан екен.
Иә, медициналық қызмет сапасы артса, оған қалай қуанбасқа?! Алайда, қызмет сапасын сала қызметкерлерінің үстінен түскен арыз-шағымның санымен өлшеу қаншалықты негізді? Меніңше, қызмет сапасын арыз-шағымның санымен өлшеу қисынсыз секілді. Әрине оны қызмет сапасының бір көрсеткіші деп қарауға болар. Бірақ оның нақты көрсеткіш бола алмасы анық. Өйткені, емханаға бара қалсаңыз кезек күтіп тұрғандар арасынан медициналық мекемелердің қызметіне риза болып тұрған бір адамды таба алмассыз. Бірі ұзын сонар кезекке күйінсе, екіншісі уақытылы берілмейтін тегін дірінің жырын жырлап тауыса алмайды. Ал, үшінші біреуі қажетті аппараттардың тапшылығын талқылап тұрғаны, тағысын, тағы... Тыңдап тұрсаң, таусылмайтын дастан. Бірақ солардың бірде-бірі шағымданып жатқанын көрмейсіз. Өйткені, олар шағымданғаннан оң нәтиже шығатынына сенбейді. Оны бос әурешілік деп біледі. Оларды түсінуге болады. Себебі тұрғынның шағымынан кейін жазаға тартылып жатқан дәрігер жайлы дерек таба алмайсыз. Ондай деректердің таралмауына қарағанда, министрліктің өзінде де ондай мәліметтер жоқ болуы ғажап емес. Тіпті, науқас дәрігердің біліксіздігінен қаза болса да, оны дәлелдеу қиынның-қиыны. Өйткені, дәрігердің кінәсін анықтайтын сарапшы да дәрігер. Ал, қарға қарғаның көзін шұқымайтыны ежелден белгілі.
Егер министрлік өкілдері шынымен де медициналық қызмет сапасының деңгейін білгісі келсе, кабинетінде отырып, түскен арыз-шағымды саналамай, медициналық мекемелерді аралап, халықпен тілдессе, шындыққа көз жеткізер еді. Алайда, біздің елде ол да қиын шаруа. Өйткені, келетін комиссия «пәлен күні барамыз» деп хабар жібереді (бәлкім «дұрыстап» дайындалсын дейтін шағар). Ондай хабар жетісімен мекеме басшылығы кемшілікті жасырудың түрлі жолдарын іздестіреді.
Нұрболат АЙЕКЕШЕВ, әлеуметтануші:
- Бізде қалыптасқан үрдіс бар. Аурухана, емхана, мектеп болсын «осы күні комиссия барады, дайын болып тұрыңдар» деп алдын ала айтып қояды. Комиссияның алдына шығып, мекемені мақтайтын бір-екі адамды табыла кетеді. Ондай кезде, бұрын кемшілікті бетке басып жүретін қызметкерлер де мылқау болып қалады. Өйткені, бірдеңе деп бүлік шығарса, ертең-ақ жұмыстан қуылады. Егер комиссия шынымен тексергісі келсе, алдын ала жар салмай келсін. Меніңше комиссияға да өзінен бұрын хабардың жеткені керек сияқты. Олар министрге «жаман» деп айтуға қорқады-ау. Бәлкім жаман деп барса, «жұмыс істемейсіңдер» деп өздеріне таяқ тиетін шығар. Сондықтан олар кемшілікті көрсе де көрмеген болады-ау. Әйтпесе, кемшілік жетерлік. Тұрғындардың бәрі деп айтпай-ақ қояйын, бірақ екінің бірі медициналық қызмет сапасына көңілі толмайтынын айтады.
Маман пікірімен келіспеске шара жоқ. Сондықтан, қазірше шет елдердегі медицина саласының сапасын сөз етіп, тамсана тұрудан өзге амал жоқ.
Қазіргі таңда емші-балгерлерді жағалайтын қарапайым қарашаның қатары көп. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, егер еліміздегі медицина қызметінің сапасы жақсы болса, қарапайым халық, емхана мен ауруханаға бармай, емшіге сабылып несі бар?!