COVID-19 пандемиясы ресми түрде аяқталды – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
Үш жылға созылған коронавирус пандемиясы аяқталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 үшін пандемия мәртебесін жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жайында аталмыш ұйымның бас директоры Тедрос Гебрейсус мәлімдеді.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі сарапшылық комитеті маған пандемиядан "төтенше жағдай" мәртебесін алып тастауды ұсынды. Мен бұл кеңесті құп көріп, пандемияның аяқталғаны туралы жариялаймын", - деді Тедрос Гебрейесус.
Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес. ДДСҰ басшысының айтуынша, коронавирус ешқайда кетпеген, жұқтыру деректері тіркеле береді, қауіпті вирустан сақтану жолдарын қаперден шығаруға болмайды. Денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, пандемия басталғалы әлем бойынша ең кемі 20 миллион адам көз жұмған. Coronavirus2020.kz сайтының ресми мәліметінше, Қазақстанда қауіпті дерттен мерт болғандар саны – 14 мыңға жуық адам.