Атопиялық дерматиттен қалай айығуға болады?
Бүгінгі таңда балалар арасында атопиялық дерматит ауруы жиі көрініс табуда. Осыған орай халық арасында ағарту шараларын жүргізу маңызды.
Атопиялық дерматит - диатез, балалар есекжемі, созылмалы аллергиялық, яғни жиі-жиі қайталанып тұратын ауру. Асқынған кезінде жазылмай, тұрақтап қалатын, тұқым қуалайтын аурудың бір түрі. Әке-шешесінде аллергиялық аурулары болса, балаларының бұл ауруға шалдығу қаупі 80 пайыз шамасында.
Бөбектер бұл ауруға әртүрлі аллергендердің немесе аллергендер туғызатын заттардың салдарынан шалдығады. Үш жасқа дейінгі сәбилерде азық-түлік аллергендері (цитрус өнімдері, құлпынай, жұмыртқа, шоколад, әсел, банан, киви, құрма т.б.) негізгі рөлді атқарады. Жалпы атопиялық дерматиттің туындауына кез келген тағам себепші болуы мүмкін. Аурудың жиілігі ас-судың сапасына, баланың денсаулық ерекшелігіне байланысты. Бір жасқа дейінгі нәресте үшін атопиялық дерматиттің бастапқы аллергені сиыр сүті болып табылады.
Нәрестеде диатез басының қайызғақтануынан (гнейс) басталып, беттің, бастың, мойынның, қол мен аяқ буындары тұсында терісінің қызарып, құрғап, дуылдап қышуы байқалады. Атопиялық дерматит сәбилік шақтан басталып, есейген кезде де жалғаса береді. Кейін өрши келе аллергиялық ринитке, кейде бронх демікпесіне де ұласуы мүмкін. Бала өскен сайын оған тағамдағы аллергендердің әсері азайып, ауадағы аллергендердің ықпалы күшейе түседі. Мұндай аллергендерге үй ішіндегі шаң-тозаңдар, үй жануарларында кездесетін микроскопиялық кенелер, тұрмыстық химиялық заттар, ауа райы факторлары жатады.
Алдын алу шаралары. Жүкті әйелдің дұрыс тамақтануы (аллергенді тағамдарды шектеу), ауруды қоздыратын компьютер, кілем, теледидар сияқты шаң жиналатын заттарды, бөлменің еденін, жасау-жабдықтарын ылғал шүберекпен жүйелі түрде сүртіп тұру, мал не құс жүнінен жасалған төсек орын пайдаланбау керек.
Емі. Әрине осы күні дәрі-дәрмектің атопиялық дерматитті тез арада жоятынын не бақылауда ұстауға мүмкіндік беретінін ұмытпау керек. Бірақ, ол үшін тек дерматолог - дәрігердің ақыл-кеңесіне жүгінген абзал.
Мейірбикелік күтім:
1. “Үй стационарын” (сырқат балаға жайлы жағдайды қамтамасыз етіп, мейірбикелік көмек көрсетуді) ұйымдастыру.
2. Бала мен оның ата-анасына аурудың даму себептері, емдеу қажеттілігі, алдын алу (профилактика) бойынша сұхбат жүргізу.
3. Мейірбикелік ұсыныстарды беру:
- тыныштандыру;
- тағам аллергенін (тағамдар күнделігін жүргізу) анықтау;
- дәрігер тағайындаған дәрілерді қолдануды үйрету;
- бөлмені жиі ылғалды жинау;
- баланы мезгілі бойынша киіндіру, қымтамау;
- баланы күнделікті шомылдыру (ауру асқынған кезде ғана емес);
- теріге күтім жасау ерекшеліктері бойынша кеңес беру;
- баланың тырнақтарын қысқартып, алып тастау;
- балаға мақтадан жасалған шұлық және қолғап кигізу;
- белсенді патронаж жасау, ауру динамикасын қадағалау,
- баланың жағдайы нашарлағанда дәрігерге хабарлау немесе үйге шақыру.
Жолдыбаева Анар Маликовна,
Балалар аурулары пән оқытушысы
Каденова Гульжан Амановна,
Балалар аурулары пән оқытушысы
Ержигитова Айгул Салюбековна,
Дерматовенерология пән оқытушысы
Түркістан медицина колледжі