АҚШ-та omicron вирусының жаңа түрі тез таралуда
Covid-19-дың жаңа түрі XBB.1.5 деп аталатын вирус АҚШ-та тез тарап жатыр, - деп хабарлайды 24.kz.
Аурудың алдын алу және бақылау орталығының мәліметі бойынша бұл штаммның жұғуы желтоқсанда 4%-тен 41%-ке дейін артып кеткен. Қазір ғалымдар омикроннан кейін мутациаланған бірнеше вирусты зерттеп жатыр. Бірақ осы ХВВ.1.5 басқа штаммдарға қарағанда көп өзгергенін айтады. Сондықтан вакцина мен антидененің әсері болмауы мүмкін.
Omicron-ның тағы бір түрі ХВВ.1.5 деп аталатын вирустың АҚШ-та тез тарауы ғалымдардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Жаңа вирус әлемдегі 30-ға жуық мемлекетте анықталды. ДДСҰ қызметкері Мария Ван бұған дейінгі вирустарға қарағанда оның жұқпалы әрі жасушада бірден көбейетінін айтты. Сондықтан әлемдегі эпидахуалды ушықтырып жіберу қауіпі бар. АҚШ-та соңғы төрт аптада вирустың бұл түрінің таралуы 4%-тен 41%-ке артып кеткен. Ал солтүстік шығыс штаттарда тұмауратып ауруханаға түскен науқастардың 75% осы штамм анықталды. Вашингтондағы вирусологтар дәл осындай қарқынмен тез жұғатын ковидтің басқа түрін көрмедік деп отыр. Әзірге клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мамандар вакцинаның қаншалықты тиімді екеніне көз жеткізуі керек.
Мария Ван Керкхове, ДДСҰ COVID-19 бойынша техникалық жетекші: - XBB.1.5 вирусы басқаларына қарағанда тез тарайтынын көріп отырмыз. Бірақ бізде оның ауырлық дәрежесі туралы нақты көрсеткіш жоқ. Сондықтан эксперименттік зерттеулерде, сондай-ақ нақты деректерде өте мұқият қадағалап отырмыз. Біз әлем бойынша осы субвариантты жұқтырған науқастардың мәліметтерін қарастырамыз.
ДДСҰ Қытай Сovid туралы елдегі нақты жағдайды жасырып отыр, ауруханаға түскендер мен қайтыс болғандардың санын төмендетіп береді деп алаңдаушылық білдірді. Науқастар мен өлім-жітім туралы мәліметтерді жедел және жүйелі түрде беруге шақырды. Ал қаңтардың 5-нен бастап АҚШ Қытай Халық Республикасынан келетін жолаушыларға шектеу енгізді. Өйткені Қытайдағы эпидемия жаңа штамм түрлерін әкелуі мүмкін. Бірақ ресми Бейжің қытайлықтарға бағытталған шектеулер саяси фарс, АҚШ пандемиямен күресте сәтсіздікке ұшырап, кінәліні іздеп жатыр деп жауап қатты. Америка Құрама Штаттарында 100 миллионнан астам адам ковид жұқытырып, 1 млн 120 мың адам көз жұмды.