Танымал жұлдыздар мен белгілі саясаткерлер Instagram желісінде жарнамасын жасайтын алматылық дәрігер Саодат Жураева алаяқ болып шықты. Дәрігерден зардап шегіп, құзырлы ұйымға арыз жазған қыздардың саны бүгінде он беске жеткен деп хабарлайды NUR.KZ.
Депутат Гүлжан Қарақұсова. Фото: Instagram
Өзін шетелде оқыған білікті маманмын деп таныстыратын дәрігерге алданған қыздардың барлығы денсаулықтарына зиян келтіріп қана қоймай, Жураеваның қалтасына жүздеген мыңнан бастап миллиондаған теңгеге дейін қаражат құйған.
Танымал актриса Анара Батырхан. Фото: Instagram
"Мен Instagram желісінде Саодаттың жұмыстарын көріп, оның қабылдауына жазылдым. Ол жарты ай бойы қабылдай алмайтынын айтты. Мен бір айдан кейін тұрмысқа шығатынымды айтып, ертерек қабылдауын өтіндім. Мұрнымды кішірейтіп, маңдайымдағы әжімдерді кетіргім келген. Әңгіменің соңында олар: "Ертең келіңіз, дәрігер сізді қабылдайды" деді. Мен жолым болғанына қатты қуандым, олар отадан кейін бетімде ешқандай тыртық пен белгілер қалмайтынын айтты. Саодат бетім мен мұрнымнан бөлек, мұрын-ерін қатпарын да (носогубные складки) жасауға көндірді. Мен барлығының құны жүз мың теңге болса ғана келісетінімді айтқан едім, бірақ нәтижесінде мен оған 250 мың теңге төледім.
Ең сорақысы үш апта өтсе де, менің мұрнымның көгергені басылмады. Той алдындағы фотосессиялардың бәрін кері шегеруге тура келді. Маңдайымдағы ботокс жансызданып, қасым мүлдем көтерілмей қалды. Осының бәрі тура өз тойымның алдында орын алып отыр",-деп жазған емделушілердің бірі.
Ол дәрігерге қайта барған кезде енді ештеңе жасай алмайтынын айтқан. Оның үстіне бойжеткен той алдында онсызда түскен көңілін одан ары түсіргім келмеді дейді.
"Мен оған барғанымда ештеңе жасай алмайтынын айтты. Тура тойымның алдында көңіл-күйімді түсіріп, Саодатпен алысатын уақытым болмады. Қыздар, бұл дәрігерге бармаңыздар!",-деп ағынан жарылды зардап шегуші.
Белгілі тележүргізуші Мұхит Сапарбай. Фото: Instagram
Аталған парақшада Саодат Жураевадан зардап шеккен қыз-келіншектердің барлығы өз хикаяларын жазған. Көпшілігі дәрігердің: "Сізге ғана жеңілдік жасап беремін" деп өз құрығына түсіретінін де атап өткен. Зардап шегуші қыздар прокуратура көмегіне де жүгінген. Бірақ Жураеваның институты өз жұмысын әлі де жалғастыруда.
Танымал жұлдыздар баратын алматылық дәрігер алаяқ болып шықты. Фото: Instagram
Зардап шегуші қыздардың айтуынша, Саодат арыз жазған қыздарға түрлі хаттар жазып, қоқан-лоқы көрсетуде. Әкесінің белгілі хирург екенін және өзінің таныстары көп екенін де ескерткен.
Еске салсақ, біздің редакциямызға өткен жылдың жазында кредит алып, омырауын үлкейкен алматылық қыз көмек сұрап келген еді. Ол бір миллон теңгеге жасатқан төсінің бір айдан кейін солып қалғанын айтқан. Одан кейінде бізге қоңырау шалған қыздар саны көп болды. Сауатсыз дәрігердің кесірінен зардап шеккен қыздар әлеуметтік желіде Жураеваға қарсы парақша ашып, өз қарсылықтарын білдіруде.