Тәуелсіздіктің құндылығы неде деп білесіз?
Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:
– Мен үшін Тәуелсіздіктің құндылығын арттыра түсер қасиетті нәрселер өте көп. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасымыз тәуелсіз елдің шекарасын бекітіп алуға күш салды. Кезінде ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған жеріміздің әрбір мүйісі біз үшін қымбат болуы керек. Сондықтан ендігі жерде осы жерімізді қорғап, халық санын өсіріп, өз жерімізге өзіміздің ие болуымыз қажет. Тәуелсіздікті алу қиын болғанымен, оны ұстап тұрудың одан да қиын екені сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта тіккен туымыз жығылмай, одан әрі биіктеп, Тәуелсіз еліміздің керегесі кеңейе түссе деп тілеймін. Тәуелсіз елдің санасы тәуелсіз өрендерін тәрбиелеп, ұлтымыздың рухын асқақтата беру ендігі жерде басты мақсатымыз болуы керек.
Қайыркен ҚҰНАПИНА, тарих ғылымының кандидаты, әдіскер-ұстаз:
– Мен үшін Тәуелсіздіктің құндылығы – ана тіліміздің қанатын кең жайып келе жатқанында. Бүгінде қарадомалақ қазақ балаларының бір-бірімен қазақша амандасып, қазақша сөйлесіп жатқанын көрген сайын қуанамын. Сондықтан ана тіліміз одан әрі дамып, қазақ тілінің мәртебесі көтеріле түссе екен. Сондай-ақ бүгінгі таңда ханымыз бен батырларымызды ұрпағымыздың танып жатқаны қуантады. Әлі есімде, телеарнада сұхбат алып жатқан журналист қазақ жастарының бірінен: «Абылай хан деген кім?» – деп сұрады. Сонда оның «білмеймін, І Петрдің патша болғанын білемін» деп жауап бергенін естігенде ел ретінде құрып бара жатырмыз-ау деп қорыққанмын. Бір кездері қазақ деген ұлтты, хан, батырларымен қосып ұмыттыру саясаты жүргені белгілі. Ал бүгінде тарихымызды жаңғыртып, қазақ ұлтының сақталуына септігі тиген бабаларымыздың ескерткіштері бой көтеріп жатыр. Ең бастысы, Тәуелсіздік қазақ ұлтының намысын оятты. Мен тіліміз бен ата-бабаларымыздың жаңғырып жатқанына қуанамын.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург:
– Мен 80-жылдардың аяғында «Қазақ әдебиеті» газетіне циклді топтама мақала жаздым. Онда мен қазақ ұлтының тіл мәселесі, рухани-мәдени мәселесі, моральдық тұрғыда азғындап, ішкілікке салынып, діннен безініп бара жатқанына алаңдап жаздым. Дәл осы жағдай сақталып тұра берсе, қазақ деген ұлттың құрып кетуі әбден мүмкін екенін айттым. Шыны керек, ол жылдар ұлтымыз сынға түскен өте қиын жылдар еді. Сол кездері тіпті маған біреулер «сен неге қазақ деген ұлт құрып бара жатыр деген мақала жаздың» деп ренжіді. Бірақ ол кезде шындығы сол еді. Иншалла, бүгінде сол кездегі күдігімнің бәрі сейілді. Ең алдымен, мен үшін Тәуелсіздіктің құндылығы – қазақ халқының ұлт ретінде жойылудан сақталып қалуында. Тәуелсіздіктің жемісін біз бүгінде көріп жатырмыз. Тіліміз, дініміз, діліміз қайтарылды. Рас, қазір де ел ретінде азды-көпті мәселелеріміз бар. Бірақ ұлт ретінде сақталып қалып, үлкен сыннан өткеннен кейін ендігі қиындықтар бізге қорқынышты еместей көрінеді.