Батыс ұсынған "Израилдік үлгі" Украинаға жарамайтын болып шықты

Батыс ұсынған "Израилдік үлгі" Украинаға жарамайтын болып шықты

НАТО елдерінің Литва астанасы Вильнюсте 11-12 шілде күндері өткен биылғы саммиті украиналықтардың көңілін қалдырды. Себебі, Мәскеуден сескенген Батыс Украинаны өз әскери блогына мүшелікке қабылдамады, тіпті ресми шақыру да ұсынбады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

НАТО-ның бұл ынжықтығын Президент Зеленский алдымен қатты сынап, "абсурд" деп бағалады. Bloomberg пен Politico жазуынша, бұған батыстық державалар кәдімгідей ренжіп қалды. Мысалы, Зеленскийдің сынына көңілі толмаған Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Бен Уоллес Батыс елдерінің төл қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймаларын Украинаға қотарып беріп жатқанын, сондықтан Киевтен тек алғыс қана естуді қалайтынын мәлімдеді. 

 

Британдық министр Киевке былтырғы сапарын еске алды: украин жеріне аяқ баса салысымен, жергілікті шенеуніктер оның есін жиғызбастан, қажетті қарулардың тізімін оның қолына қыстыра салыпты.

 

"Білесіздер ме, біз Amazon емеспіз", – депті сонда Уоллес.

 

 

Енді бұған Украина Үкіметі басшысының орынбасары Ирина Верещук: "Егер НАТО Amazon болмаса, біз де Netflix емеспіз", – деп жауап берді. Бұл жерде ол Батыстың керекті қаруды уақытылы әрі жеткілікті көлемде жеткізбеуі кесірінен украиналық жауынгерлердің және бейбіт тұрғындардың кинодағыдай емес, шын мәнінде қырылып жатқанын меңзесе керек.

 

НАТО саммитінің қорытындысында Альянс елдері лидерлерінің кешкі қонақасы ұйымдастырылған. Сонда олар араларына қосылған Владимир Зеленскийге "сабасына түсуге және саммитте қабылданған бүкіл пакетке жете үңілуге" кеңес берді.

 

НАТО елдері лидерлерімен жабық жүздесуден шыққан Украина Президенті өзіне сұрақ қоюға ынтыққан шетелдік ақпарат құралдарын жинап, баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Сонда біраз сабасына түскені байқалды.

 

Оның бағалауынша, саммит қорытындылары жақсы, бірақ армандағыдай, идеалдағыдай емес. НАТО елдері Украинада соғыс жүріп жатқанда оны одаққа мүшелікке қабылдағысы келмейді. Дегенмен Альянсқа мүше елдер Украинаға Ресейге қарсы соғысында тұрақты, әрі ұзақ жылдарға созылатын әскери және басқа да көмек беруге міндеттеме алды.

 

Әйтсе де, әзілкеш Зеленский Ұлыбританияның өкпешіл Қорғаныс министрін бір шымшып өтпей кете алмады.

 

"Біз әр таңда ояна сала, оның есімін ауызға алып, министрге алғыс айтуға дайынбыз. Тек ол маған қандай формада және қалай ризашылығымызды білдіріп отыруымызды қалайтынын нақты жазып жіберсін. Мен оған онсыз да алғыс айтып жүрмін", – деген Президент сол жерде украиналық қорғаныс министрі Алексей Резниковқа әріптесі Бен Уоллеске қоңырау шалуға бұйрық берді.

 

 

Ал сол күнгі дәстүрлі, кешкі халыққа үндеуінде Украина Президенті НАТО саммитінің қорытындысын шығара отырып, үнемі алғысын қайталаумен болды. Ақпарат құралдары оның 41 рет "рахмет" дегенін санап шықты. Бұл жеңіл "троллинг" пе, әлде шын ықыласпен айтқаны ма, оны Зеленский түсіндіріп жатпады. Оның пікірінше, саммит аясында Украина қару жағынан жақсы күшейтілетін болды. Бұған қоса "қауіпсіздіктің нақты кепілдіктеріне" қол жеткізеді.

 

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің түсіндіруінше, Украинаны қолдаудың 3 элементі түзіледі.

Біріншіден, НАТО-Украина кеңесі құрылады. Оның аясында Украина дауыс беру құқығына ие болады, яғни Солтүстікатлантикалық әскери одақтың өзіне қатысты шешім қабылдауына ықпал етеді.

 

Екіншіден, НАТО елдері Украинаға әскери көмек көрсету бойынша жаңа міндеттемелер қабылдады. Бұған дейінгі әскери немесе гуманитарлық көмекті Альянсқа кіретін әр мемлекет ерікті түрде, ізгі ниеті ретінде ұсынып келді. Егер оларда билік ауысса, жаңа лидерлер бейтараптыққа көшіп, жәрдемін тоқтатуы мүмкін. Ал енді тиісті келісімдерді ратификациялаған мемлекеттер оны жасауға міндетті болады.

 

Үшіншіден, Украинаның мүшелікке дайындығы жөніндегі іс-қимыл жоспарының талаптары жойылды. Бұрын сондай міндетті кезең 2008 жылдан бері Украинаның әскери блокка кіруіне кедергі болып келді. Жоспар талаптарының жойылуы арқасында Украина Финляндия сияқты НАТО-ға барынша жылдам қабылдана алады. Бірақ ол үшін соғыс тоқтауға, НАТО-дан ресми шақырту алуға, украиналық армия Альянс стандарттарына толық көшуге, өзге де шарттар орындалуға тиіс.

 

Оның бәрінің нақты мерзімдері белгіленбеді. Тек жыл сайын тексеру болып тұратыны айтылды. Бұл ахуал бірнеше жылға ұзауы ықтимал.

 

Осыған қарап, сарапшылар НАТО-ның "Израилдік моделді" таңдағанын айтуда.

 

"Израилдік модель" деген не?

 

Украиналық саясаттанушы Олег Саакянның бағалауынша, саммит қорытындысында Альянстың барлық мүшесі емес, державалары, G7 елдері берген қауіпсіздік кепілдіктері дәл сол "израилдік қолдау моделіне" ұқсас болып келеді. Яғни, қажетті әскери және қаржылай көмек беріледі, бірақ дамыған елдер бұл соғысқа өздері тікелей қатыспайды. Жеткізілетін қару көлемі оккупанттан елді азат етуге ғана емес, сонымен бірге басқыншының болашақтағы ықтимал агрессиясын да тойтаруға жетуге тиіс.

 

Израиль осындай модель аясында Кэмп-Дэвид келісімі бекітілген соң, Америкадан тұрақты түрде әскери көмек ала бастады. Сол көмекті беру үшін АҚШ қатаң шарт қойды: Израиль алты күндік соғыс кезінде басып алған Синай аралдарын Мысырға қайтарып беруге міндетті. Тек сонда ғана Египет бейбіт келісім бекітуге келісті. Осынау үлкен аумақ былайғы жұртқа онда Шарм-эль-Шейх сияқты танымал жағажайлардың орналасуымен белгілі. Шынында, бұл Синай түбегі және аралдары онда мұнайдың орасан қорының бар болуымен құнды.

 

Израиль үшін бұл аумақ дамудың қуатты экономикалық ресурсы және қауіпсіздіктің аса маңызды факторы болатын. Бірақ өңірде ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға ынтыққан АҚШ еврей елін оны Мысырға табыстауға көндіре алды. Деоккупацияға айырбас ретінде Тель-Авив Вашингтоннан теңбе-тең өтемақы сұрады.

 

Америка Израильге "өңірдегі әскери үстемдікті" ұсынды. Өйткені Араб елдерін, соның ішінде Египетті Кеңес одағы өзінің заманнан арттап қалған қаруымен белсенді қаруландырып жатты. Ал Израиль Құрама Штаттардан ең заманауи, озық қарулар ала бастады.

 

 

Осылайша, Вашингтон еврейлердің жас мемлекетін ұзақ мерзімді әскери және экономикалық қолдау бағдарламасын іске қосты. Ұсынылған қаражаттың басым бөлігін Израиль америкалық қаруды сатып алуға жұмсауға міндетті болды. Қалғаны жергілікті әскери өнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталды.

 

Бүгінде Израиль Америкадан жыл сайын 3,8 миллиард доллар көмек алып тұрады. Израиль жан-жақтан қаумалаған араб көршілерімен соғыса қалса, өзара келісім Батыстың бұл соғысқа тікелей араласуын қарастырмайды.

 

"Украинаға, әрине, израильдік үлгі де қызықты. Бұл соғыс аяқталған соң да әскери көмек алып, отандық әскери өнеркәсіптік кешенді дамытуға септеседі. Оның бәрі ары қарай жоғарғы қарқынмен өрістер еді. Салаға үнемі кепілді инвестиция салынып тұрады. Бүгінде және соғыстан кейінгі заманда Украина Ресеймен шектесетін бүкіл шығыс қанатын қауіпсіздікте ұзақ ұстап тұра алмауы ықтимал. Мұны әлсіз экономикамыз көтермейді. Сол себепті шығыстарды өз мойнына алатын серіктестер қажет", – деді украиналық саясаттанушы Олег Саакян.

 

Үлгі неге жарамайды?

 

The Atlantic сараптауынша, израилдік үлгі Украинаға жарамайды.

 

"Украинаның НАТО-ға мүше болуы тек украиналық қана емес, бүкіл Батыстың қауіпсіздігінің және тұрақтылығының кепілі болып табылады. Батыс көмек көрсеткен сыңай танытып, Украинаға жоғарыдан паңдана қарауда. Шынында Украина өткен ғасырдағыдай Еуропа жеріндегі алапат соғыстың алдын алды. Соғыс жағдайындағы елге НАТО мүшелігі ұсыныла алмайды деген тұжырым Ресейдің бұл соғысты кез келген жолмен ұзаққа созуына негіз береді. Ресей украиналық территорияның кез келген бөлігіне жанкештілікпен жабыса беретін болады. Осы орайда шығысын Кеңес одағының оккупациялағанына қарамастан, Германияның (ГФР) НАТО-ға қабылданғанын еске сала кеткен жөн", – деп жазды аталған басылымда АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұрынғы кеңесшісі, америкалық саясаттанушы Элиот А. Коэн (Eliot A. Cohen).

 

Оның байламынша, Президент Джо Байденнің Украинаға ұсынған израилдік үлгідегі баламасы шынында бұл елге жарамайды.

 

Біріншіден, Америка "сапалы әскери үстемдік" кепілдіктерін тек 1973 жылғы соғыс аяқталған соң ғана ұсынды. Яғни, ол кезде Израиль 1948, 1956, 1967 және 1973 жылдардағы ірі әскери қақтығыстардың бәрінде араб елдерін жеңіп, тізе бүктірген еді. Бұл кезде Израиль Мысыр мен Сирия аумағын бомбалап жатты. Яғни, онсыз да өңірде үстем жағдайға жетті. Тіпті Дамаскіге басып кіруге таяп қалған.

 

Ал Украинаға Батыс Ресей жерін үстемелете бомбалауға тыйым салды. Амалсыз, ол Мәскеуге қалт-құлт ұшып, жолда құлап қалатын төл дрондарын ғана жолдай алды.

 

 

Екіншіден, 6 күндік атақты соғыста Израиль жай ғана жеңген жоқ, ол көрші қарсыластарының әскери әуе күштерін толық дерлік талқандады. Соның нәтижесінде израилдік бронды техника іргелес араб елдерінің аумағында біршама еркін қозғалды. Израилдік артиллерия Дамаскіні тікелей атқылай алатын жерге дейін таяп барды.

 

Ресей болса, әскери ұшақтар мен тіұшақтар саны жөнінен Украинадан бірнеше есе басым: кеңестік алып авиация Мәскеу қолында шоғырланды. Өндірісі де сақталды.

 

Яғни, соғыс бітсе де, Украина ресейлік қарулы күштерден басым түсе алмайды.

 

Саясаттанушы екпін түсірген тағы бір дерек: қастық пейілдегі көршілерінен үстемдігін, басымдығын арттыра түсу үшін Израиль 1973 жылдан бері төл ядролық қаруын жасап алды. Оның араб көршілерінің бірде бірінде атом қаруы жоқ. Сол себепті олар бүгінде жаңа соғысқа бекінбеді.

 

Ал Украинада ядролық қару жоқ. Ресейде бар. РФ соғысын доғаруы үшін болашақта Украина да ядролық арсеналын иеленуі мүмкін. Өйткені НАТО оны ядролық қолшатырының астына алмады.

 

"Украина халқы мен армиясы рухы, мотивациясы, креативтілігі, дағдылары мен машықтары, біліктілігі, батылдығы мен шешімділігі жөнінен сөзсіз, Ресейден басым. Дегенмен, өткен ғасырда Израилдің қолында болған әлгі әскери, стратегиялық артықшылықтардың бірде бірі Украинада жоқ. Әскери үстемдік экономика мен демографияға сүйенеді. ХХ ғасыр ортасында мемлекет болып құрылғалы бері Израиль халқының саны 1,3 миллионнан бүгінде 10 миллионға дейін өсті. Оның экономикасы жаулық көзқараста болған көршілерінен қуатты. Ал Украинада үздіксіз бомбалаудан зәрезап болған тұрғындар шетелге кетуде. Онжылдықта Украина халқы үштен біріне жуығынан айрылды. Бала туу төмендеуде. Ел экономикасы банкроттық алдында тұр", – деді америкалық саясаттанушы Элиот А. Коэн.

 

Сондықтан оның тұжырымдауынша, шетсіз-шексіз соғысты тоқтатудың бір амалы бар: Украинаны НАТО құрамына алу. Сонда ғана Мәскеу ұзақ мерзімді бітімге келетін болады.

 

 

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста