Әнші Ақбота Керімбекова Nege.kz порталына сұхбат беріп, ұлдарының әкелерімен қарым-қатынасы қалай екенін айтты. Сондай-ақ әнші алдағы уақытта тұрмыс құруына қатысты пікір білдірген.
«Танымал әнші боламын деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Сондықтан бұл маған берген бақ па деймін. Сондай-ақ ешқандай еркектің алдында өзімді мойындатамын деген мақсатым да болмады. Бар үмітім тынбай жұмыс істеп, ешкімге алақан жаймастан балаларымды аяққа тұрғызу болды. Шүкір, үйімді де салдым. Осы жолда үнемі қолдау білдіріп, балаларымды қарап, аяққа тұруыма септігін тигізген анама үлкен алғыс айтамын! Бірақ, жаратылысымыз әйел болған соң еркелеп, әлсіз болғың да келетін кездер болады екен», — деді әнші.
Ал болашақта тағы да тұрмысқа шығуы мүмкін бе деген сұраққа: «Оны уақыт көрсетеді. Бәрі Алланың қолында ғой», — деп жауап берді.
Өнер жұлдызы ұлдарының әкелері туралы да сөз қозғады.
«Шынымды айтсам, оларды ойлайтын уақытым да жоқ екен. Бұрын жастық шағымда қиналып, қапаланған кезде реніш болған шығар. Бірақ кейін келе оның бәрі сынақ екенін түсіндім. Әркімнің өзінің көрер тағдыры бар. Десе де балаларымды әкелерінен бөлген емеспін», — деді ол.