Жетімдерді баспанамен қамтудың тың жолдары бар ма?
Сәуле БЕКЕТАЕВА, Алматы қаласы балалар құқығын қорғау департаментінің директоры:
– Жалпы, қазіргі таңда жетімдерге қатысты мынадай мәселе мықтап қолға алынуда: еліміздегі жетімдердің барлығын асырап алушы және патронат отбасыларға беру мәселесі. Осы мақсатта атқарылып жатқан шаралардың нәтижесіне қарасақ, өткен жылмен салыстырғанда жетімдердің саны 150-ге дейін азайыпты. Негізі, сол қалған жетімдердің басым бөлігін әлеуметтік жетімдер құрап отыр. Сондықтан отбасыларға көмек беруші орталықтардың санын арттырғанымыз да жөн болады. Ал кезекте тұрған жетімдер баспаналы болуы үшін жылдап күттіретін кезектің ақыры жеткенше паналайтын жастар үйін, жатақханаларды көптеп ашу қажет деп ойлаймын. Білуімше, Қазақстанда екі жастар үйі бар.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жетімдерді баспанамен қамту мәселесі жүйелі түрде қолға алынатын болса ғана шешімін табады. Аймақтың әкімдері ұсынып отырған іс-шаралар мен жүзеге асып жатқан жобалар бүкіл республиканың мәселесін шеше алмайды. Сондықтан жетімдердің 1 мен 18, 18 бен 23 жас аралығындағы категориясы қаралғандай, 23 пен 29-30 жас аралығындағы жетімдердің категориясы бөлек қаралуы тиіс. Жұмыс істейтіндердің өзі мемлекеттік бағдарламамен үй ала алмай жүргенде 23 жастағы не әкесі, не шешесі, не жоғарыда отырған көкесі мен танысы, не жұмысы жоқ жетім қайдан үй алсын?! Ал 30 жасқа толғанша әр азамат өз бетінше күнін көре алатындай деңгейге жетеді. Қазір жасөспірімдер үйі деген бар. Бірақ ешбір заңнамада жетімдердің ол үйлерде қай уақытқа дейін тұруына болатындығы көрсетілмеген. Әр аймақтың әкімі әртүрлі. Бірі кетсе, орнына бірі келеді. Тіпті сол арада да өз танысын сол үйлерге орналастыруға талпынатындар табылуы мүмкін. Сондықтан жетім балалардың жасөспірімдер үйлерінен себепсіз қуылуына жол бермеу керек. Тағы бір жолы: жетімдерді баспанамен қамту бағдарламасын жасау керек. Егер мың үй тұрғызсақ, соның әрбір 200-ін жетімдерге тапсыру арқылы бұл мәселені тезірек шешер едік.
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор:
– Қазіргі заманның жетіміне қазіргі заманауи талаптарға сәйкес қамқорлық қажет. Заманауи талап дегеннің өзі – қазіргі қоғамның талабымен құралған заң, ереже, тәртіп. Себебі біз бұрынғы дәстүрлі қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қазақ ұлтында жетім мен жесір атаулы болмаған. Оның есесіне әмеңгерлік институты болды. Бұл институт жетімі мен жесірін жылатпай, оларды қамқорлығына алды. Біз бүгінгі таңда егеменді, тәуелсіз ел ретінде сол дәстүрді жалғастыруға міндеттіміз. Менің ойымша, жетімдерді баспанамен қамту мәселесін тек қатаң заңмен бекіту арқылы ғана шешуге болады. Егер жетімдердің құқығын қорғауға шамасы жететін жаңа заң құрастырылса, бұл сұрақтарға әлдеқашан нүкте қойылар еді.