Жазғы демалыс кезінде мұғалімдерді мектептің жөндеу жұмыстарына тарту қаншалықты заңды?
Аягүл МИРАЗОВА, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры:
– Біржақты директор ғана кінәлі деп айту қиын. Алайда мектептің жөндеу жұмыстарына бөлінетін ақшаның жеткіліксіздігі осындай заңсыздықтардың орын алуына алып келіп отыр. Жергілікті басқару орындары тарапынан қаржы жеткілікті бөлінбейтіндіктен, мектеп директоры бөлінген қаржыға не құрылыс заттарын аларын, не жұмысшы жалдарын білмей басы қатады. Бүгінгі күні жұмысшы жалдаудың өзі оңай емес. Істеген жұмысының шаршы метріне қыруар қаржы алады. Сондықтан мектеп директорлары жөндеу жұмыстарын дер кезінде бітіріп, бөлінген қаржыны үнемдеу мақсатында амалының жоқтығынан ұстаздарды жөндеу жұмыстарына тартуға мәжбүр болады. Айта кетер жайт, Алматы қаласының мектептеріне жөндеу жұмысына қаржы жеткілікті түрде бөлінеді. Сондықтан мен Алматы қаласындағы мектеп директорларының ондай іс-әрекетін құптамаймын. Ал аймақтардағы мектептердің жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы, шынында да, мүлдем мардымсыз. Сондықтан олар амалының жоқтығынан ұстаздарды жұмысқа тартуға мәжбүр болады. Жалпы, осындайда мұғалімнің құқын қорғайтын орынның қажеттілігі алдыңғы орынға шығады.
Ғабиден ЖАЙЛИН, заң ғылымының кандидаты:
– Қалай болмасын, мұғалімдердің заңды еңбек демалысы кезінде оларды жұмысқа жегу дұрыс емес. Көп жағдайда мектеп директорлары өздерінің өкілеттілігін пайдаланып, мұғалімдерді жұмысқа заңсыз жегеді. Яғни бұл мектеп директорларының өздерінің ойлап тауып жүрген заңсыз әрекеттерінің бірі. Ұстаздар қауымы да жаңа оқу жылында жұмысынан айырылып қалмауы үшін амалсыздан жөндеу жұмыстарына қатысуға келіседі. Сондықтан білім басқармалары тарапынан осынау заңсыздықтарға тез арада қатаң тыйым салынуы керек.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, этнограф:
– Шын мәнінде әркім өз ісімен ғана айналысу қажет. Әрі-беріден соң, ұлағатты ұстаздың мектептің жөндеу жұмысымен айналысып жүргенінің өзі ұят нәрсе. Өз басым бұған түбірімен қарсымын. Сондықтан білім басқармалары тарапынан бұған қатаң тыйым салынуы керек. Сондай-ақ еліміз өтпелі кезеңнен өткелі мектептеріміз де есін жинап алды. Бөлінген ақшаға барымен базар етіп жөндеу жұмыстарын жасауға болады. Себебі осы уақытқа дейін мектептердің басым бөлігі күрделі жөндеуден өткен. Ал мектеп директорларының әр ұстаздан өз сыныбын жөндеуді өздерінің мойнына іліп қоюы мүлдем дұрыс емес. Егер мұғалімдер өз еріктерімен қосымша табыс табу үшін өздері жөндеу жұмыстарын жасауға өтініш білдірген жағдайда, мұның бәрі заңды құжатта өзара келісімшарт арқылы көрініс табуы керек. Бұлай болмаған жағдайда мектеп директорының ісі заңбұзушылық болып есептелуі қажет.