Қырым қанды безгегі эпидемиясының қайта айналып соғуының себебі неде?
Ғарифолла ЕСІМ, Сенат депутаты:
– Былтыр қырым қанды безгегі бірнеше адамның өліміне себепші болғаннан кейін қауіпті кесел биыл қайталанбас деп үміттеніп едік. Алайда көктем шықпай жатып кенеден тарайтын кеселді жұқтырушылар саны артып барады. Демек, алдын алу жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмеген. Ең болмағанда тұрғындарға санитарлық жағдайды мұқият сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізсек, жағдай бұлай ушықпас еді. Осындай салғырттықтың салдарынан қырым қанды безгегі биыл тағы да қайталанып отыр. Дегенмен дәл қазір қауіпті кеселдің дендеуіне «анау кінәлі», «мынадан тарады» деп отыратын уақыт емес. Барлық жауапты мекемелер жұмыла іске кірісіп, эпидемияның одан әрі таралмауы үшін бар күштерін салу керек.
Бану НҰРҒАЗЫ, ветеринария ғылымының кандидаты, доцент:
– Былтыр еліміздің оңтүстігіндегі бірнеше адамның өліміне әкеп соқтырған қырым қанды безгегінен соң, мемлекетімізден арнайы ақша бөлініп, аталмыш аурудың қайтып соқпасы үшін көптеген залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген еді. Алайда оңтүстік облыстарға қоса, Шығыс Қазақстан облысындағы қалың қар мен төменгі температураға қарамастан, кене шағу оқиғалары биыл көп тіркелуде. Бұрын қансорғыш жәндіктен зардап шегу оқиғалары көп кездесе бермейтін. Ал соңғы кездері мұндай оқиғалар көбейіп барады. Мұның сыры қоршаған орта мен экологиялық жағдайларға байланысты болуы әбден ықтимал. Өйткені табиғи өзгерістерге байланысты жәндіктер де табиғи ортаға бейімделіп, өзгеріп отырады. Сондықтан кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын уақытынан ертерек бастап, кеселдің алдын алуға көңіл бөлу керек.
Сәуле НҰРҒАЛИЕВА, Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының эпидемиология бөлімінің бастығы:
– Бұрын қырым қанды безгегін жұқтыратын кенелер біздің елімізде өте сирек кездесетін. Олардың таралу ошағы Ресейдің Қырым, Астрахань облыстары мен Азияның Қытай, Африканың Конго елдерінде көбірек болатын. Негізінен, қырым безгегі кенеге кірпі, жабайы тышқан, қоян секілді жәндіктерден жұғады. Ал кене адамға осы кеселді тасымалдаушы болып табылады. Рас, жылда кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Алайда нақты қырым қанды безгегін жұқтыратын кенелерге қарсы дәрі жоқ. Бірақ жалпы кене энцефалитіне қарсы залалсыздандыратын дәрілер бәріне бірдей әсер етеді. Ал қырым қанды безгегінің қайта өршіп отыруы залалсыздандыру жұмыстарының өз уақытында дұрыс жүргізілмегендігінің әсерінен болып отырса керек.