Қарағанды-Балқаш жолындағы жөндеу жұмыстары 2023 жылы аяқталады
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Қарағанды-Балқаш» жолын салу жұмыстары қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз тиісті жоспарды түзеттік, алайда қаржыландыруға қатысты мәселе бар. Республикалық жолдар республикалық бюджеттен және несие есебінен қаржыландырылады. Бұл жобаға қатысты жоспарға өзгеріс енгізіліп жатыр. «Қарағанды-Балқаш» жолын қайта салу 2018 жылы басталып, аяқталатын мерзімі 2023 жылға жоспарланған. Мердігерлер жобаны түзетуді аяқтады, енді оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарастырып жатыр», - деді Р. Скляр Сенаттағы парламенттік тыңдауда,
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр күзде сенаторлар Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына автомобиль жолдарын жаңғырту мәселелері туралы сауал жолдады.
Осы орайда «Қарағанды-Балқаш» тас жолының құрылысын қаржыландыру мәселесі көтерілді.