Оқушы дәптерлерінің мұқабасына оқу үдерісіне қатысы жоқ суреттерді салуға қалай тыйым саламыз?
Дарья ГАЙДЕНРАЙХ, Қазақстанның балалар өнімдері индустриясы қауымдастығының президенті:
– Білуімше, еліміздегі оқушы дәптерлерінің көпшілігі Қытай сынды көршілес елдерге тапсырыс беру арқылы елге жеткізіледі. Ал Қытай ойына келген суреттерді тапсырыс берушінің тауарына жапсыра бермейді, бұл – оқушы дәптерлерінің мұқабасына оқу үдерісіне қатысы жоқ суреттерді салуға біздің кәсіпкерлердің өздері тапсырыс береді деген сөз. Бұл жерде, әрине, баласына тап сондай оқу құралдарын сатып алып беретін ата-ананың да кінәсі бар. Әйтпесе мән-мағынасы түзу суретті дәптерлер сатылымда жетерлік. Жалпы, қоғамда мұндай проблема болса, балалардың сана сезіміне дәптер мұқабасындағы суреттер кері әсер етіп жатқан болса, Стандарттау мен сертификаттау органдары мен білім басқармалары бірігіп қадағалау шараларын қатаң қолға алып, бақылау жүргізуі тиіс деп есептеймін.
Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры, балалар психологі:
– Жасыратыны жоқ, менің сертификаттау орталықтарына көңілім толмайды. Себебі дәптерлердің басым бөлігі өндіріс шығыны төмен Қытайдан келіп жатса да, қолданысқа рұқсат беретін құжаттарды кәсіпкерлерімізге бере береді. Еліміз бай, сапалы тауар шығаруға қаржысы жетеді, бірақ біздің бизнесмендер ақша үнемдеу мақсатында дизайнермен жұмыс жасап, шығынға батқысы келмейді. Кәсіп иелерін балалардың психикасы қайдан қызықтырсын, пайда көзі болса болды. Әйтпесе оқушы дәптеріне «барби» мен өрмекші адамның қорқынышты суреттерін салудың не қажеті бар? Бала сабақ оқымай алданатыны былай тұрсын, сапасыз сия езіліп, қолына жағылып, көзіне түседі, эстетикалық тұрғыдан да қарап тұрып көңіліңе түрпідей тиеді, ал біздің қадағалаушы органдардың шара қолданар түрі жоқ.
Ерғали БАҚАШ, Халықаралық «Бөбек» қоры орталығының баспа ісі-редакциялау бөлімінің жетекшісі:
– Бұл мәселені қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ағамыз Парламент мінберінен бірнеше мәрте көтергені анық. Бірақ оң нәтиже бермеді. Шынымен де, кіршіксіз ақ қағаздың бетінен жалаңаш қыздардың не болмаса басқа да мән-мағынасы жоқ суреттердің тұрғаны дұрыс емес. Егер міндетті түрде сурет қою керек болса, өзіміздің Қыз Жібек, Әлия, Мәншүк секілді есімі дара аталатын апаларымыздың суретін неге салмасқа? Ұлы жазушы М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді тектен-текке айтпағанын әлі күнге жете түсінбейтін сияқтымыз. Еңсесін енді тіктеп, мектеп партасынан бойын түзейтін оқушыларға жалаңаш қыздардың суреті басылған дәптермен сабақ беріп, қалай ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей аламыз? Мұны өзгерту қиын емес, ол біздің қолымыздан келеді. Тауарды сатып алушы, яғни тұтынушы өз тарапынан сұраныс білдірмесе, тапсырыс та, өндіріс те болмайды. Тұтынушының талап қоюға мүмкіндігі мол.