Мектептегі ауыр қылмыспен күресті жалғыз инспектор шеше ала ма?
Кәрібай Тасшабаев, заңгер:
– Тәрбиесі қиын балалардың мәселесін тек қана мектеп инспекторының мойнына іліп қою мүлдем дұрыс емес. Баланы ата-ана, ұстаз болып, керек десеңіз, бүкіл қоғам болып тәрбиелеу керек. Адам тәрбиесі құрсақта жатқан кезден басталса да ерте болмайды. Соңғы кездері қылмыс жасаушылар жасарып бара жатыр. Бұрын жасөспірімдер 16 жастан асқан соң ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылса, қазір 14 жастан асқан соң, ауыр қылмыс жасаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыған орай 2008 жылы күзде арнайы Еуропаның тәжірбиесімен ашылған жасөспірімдерді жауапқа тартатын мамандандырылған сот та ашылды. Бұл, бәлкім, тәртіп қатайса, жасөспірімдер қылмысы азаяр деген ойдан туындаған әрекет. Сондай-ақ қазір балалар тәрбиесіне сырттан қабылданатын ақпараттар ағыны өз әсерін тигізіп жатыр. Шетелдің тәрбиелік берері аз атыс-шабыс, зорлық-зомбылыққа толы кинолары мен интернеттегі тым ашық жарияланатын жабайы әрекеттерге толы сайттарына да тосқауыл қажет.
Ернар Мәсәлім, №154 мектеп директоры:
– Әл-Фараби атамыздың «Тәрбиесіз білім апат әкеледі. Ол білімді бола тұра зиянды нәрсе ойлап табуы мүмкін. Сондықтан білім мен тәрбиені қатар қою керек» деген сөзі тәрбиесіз берілген білімнің қауіптілігін аңғартып тұр. Қазір ата-аналар «баламыздың көп уақыты мектепте өтеді» деп бала тәрбиесін мектепке артып қойып, өзі баласының қажеттіліктерін ғана өтеп, «міндетімнен құтылдым» деп санайды. Ұстазы «сыныптағы 30 баланың қайсыбіріне жауап беремін» деп ата-анаға сенеді. Ал мектеп инспекторының әрекеті көп жағдайда жасөспірімдер қылмысының алдын алу, профилактикалық жұмыс жасаумен ғана шектеледі. Сондықтан бала тәрбиесіне құзырлы орындардың жүйелі түрдегі жұмысы қажет. Осы орайда жасөспірімдермен жұмыс істеуге құқықтық біліммен қатар, педагогикалық білімі бар адам керек. Және жасөспірімдер қылмысы өршіп тұрған аймақтармен арнайы жұмыс тобы тәрбие ісін жүргізсе де артық емес. Себебі еліміздің кейбір аймақтарында жасөспірімдер қылмысы жылдар бойына қайталанып келеді.
Рахым Төлеуқұлов, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі басқарманың аға инспекторы:
– Қазіргі таңдағы жасөспірімдердің қылмысының көбеюі бала тәртібіне тек қана мектеп инспекторы ғана жауапты еместігін, ата-аналар комитеті мен ұстаздар қауымы, құқық қорғау орындары мен жалпы қоғам тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажеттігін аңғартып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, балалардың беймезгіл уақытта көшеде жүрмеуі, компьютерлік ойындарға әуестенбеуі секілді мәселелерді әрдайым қоғам болып қадағалап отыру қажет. Теледидардан қатыгездікке толы өнімдердің орнына, балаларды жақсылыққа баулитын арнайы бағдарламалар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.