Кейінгі кездері дәрігерлерге қатысты шағымның жиі айтылуының себебі неде деп ойлайсыз?
Айжан САДЫҚОВА, Ұлттық медицина қауымдастығының президенті:
– Дәрігерлерге қатысты келіп түсетін арыз-шағымдардың дәлелді және дәлелсіз түрлері болады. Денсаулық сақтау министрлігі талдау жүргізіп, шағымдарға қатысты жүргізілген сот істерінің нәтижесіне сәйкес, 2011 жылы – 12, ал 2012 жылы 44 дәрігердің жазаланғанын анықтады. Қазір ел арасында құқықтық сауаттылықты ашатын және денсаулықты сақтауға байланысты дұрыс мәлімет беру шараларын ұйымдастыру қажет. Себебі көп жағдайда науқастар сырқаттары қатты асқынғанша дәрігерлік көмекке жүгінбей, емханаға уақытылы бармай, ақыры дәрігердің қолынан сиқырды күтеді. Ешбір дәрігер науқасты бір қарап шығып, құлан таза айықтыра алмайды. Мұндай келеңсіздіктер, керісінше, науқастардың санын көбейтіп, жұмысқа кедергі келтіреді. Үстінен шағым түскен дәрігер анығын дәлелдей алмай жүгіріп жүргенде, қаншама көмекке мұқтаж жан қараусыз қалады. Егер ақ халаттыларымызды осылайша негізсіз айыптай берер болсақ, бұл салада бірер жылда маман қалмасы анық.
Талғат ӘБДІЖАППАРОВ, «Казпотребнадзор» ҚБ бақылау кеңесінің төрағасы:
– Кеңес өкіметінен кейін медициналық оқу орындарының білім беру сапасы төмендеп кетті. Бұл мәселені зерттеп көрдік, қазір белгілі бір сала мамандарын табу өте қиын екен. Мысалы, баланы педиатрға апарсаңыз, ол невропатологқа немесе эндокринологқа апар деуі мүмкін. Ал олар тым аз. Әркім өз саласы бойынша қызмет етпегендіктен, шағымдар күннен-күнге көбейе береді. Сонымен қатар білім сапасы төмен болғандықтан, бұл саладағы сапа мәселесін қатаң бақылауға алу қажет деп есептеймін. Қазір емханаларымыздың барлығына дерлік заманауи техникамен жабдықталған, бірақ оның тілін білетін маман тапшы, ал білікті мамандарымыз шетел асып көшіп кеткен. Әр дәрігердің міндетті түрде өз ұстазы болуы керек. Мысалы, хирургтердің үстінен шағым аз түседі, себебі оларға тәжірибе жүзінде көрсетіп, үйрететін мектептері, ұстаздары бар. Тағы бір үлкен мәселе – отбасылық дәрігерлік амбулаторияны дамыту, бұл да медицина саласының жұмысын жетілдірудің бір жолы.
Рая РАХИМОВА, ШҚО Ана мен бала орталығының бас директоры:
– Кейінгі кездері дәрігерлерге қатысты шағымның жиі айтылуының себебі мынау деп кесіп айту қиын. Дегенмен бүгінгі қоғамда денсаулығына қатысты келеңсіздіктерге жалғыз дәрігер кінәлі деп санайтындар да көбейіп барады. Денсаулықты сақтаудың көп бөлігі адамның өзіне байланысты екенін ұмытпаған жөн. Қазір, оның үстіне, медициналық ұйымдарды тексеретін органдар көп, олар да тұрғындардың арыз-шағымдарын тіркейтін шұғыл желілерді көбейтіп, насихаттап жүр. Қалай деген күнде мұндай насихат аз да болса адам психикасына әсер етіп, арыз айтуға итермелейді, тіпті ауырып барғанында көмек көрсеткен дәрігеріне алғыс айтуды ұмытып кететіндер бар. Ғаламтор желісі, теледидар дегендер де соңғы кездері негізсіз айыптауларды көрсетуді сәнге айналдырғандай. Онсыз да жалақысы аз, күрделі маман иелеріне тым болмаса моральдық қолдау болмай, сонау алыс шалғайлы ауылдардан дәрігер кетсе, олардың орнына ешкім бармайды. Сонда шағым айтпақ түгіл, науқастарды емдейтін адам таба алмай қалуымыз әбден мүмкін.