Тұрсынбек ТОКИН: БАҚЫТҚА БАСТАР ҰЗАҚ ЖОЛ

(әңгіме)
Маусым айының бас кезі еді. Қапшағайға жол түсіп, демалуға келсем, теңіз жағасы толған халық екен. Оңашалау жерге келіп жайғастым. Суға көптен түспеген біраз жүзіп ұзаңқырап кеткен екенмін, қайтуда ентігіп қалдым. Бағыма қарай бірін-бірі қуып, балықша сүңгіп ойнап жүрген екі қыз, шаршап-шалдығып келе жатқан мені байқап қалса керек...
– Айгулья, давай ағашке поможем, – деп қыздар екі қолтығымнан демеп ала жөнелді. Жағаға жеткеннен кейін оларға рахметімді айтам дегенше, олар: – «Аға теңіз Заңын бұзу дұрыс емес. Кішкене балалар мен шалдарға жағадан ұзауға болмайды. Гуд бай!» – деп жөндеріне кете берді.
Қап жөнді жүзу білмегендігім, шалдығымды бетіме басқандай қылды-ау! – деп су перісіндей боп жүзіп бара жатқан екі қыздың соңына мұңая қарап, күнге арқамды беріп жатыр едім. Жанымда ойнап жүрген 4-5 жасар баланың қызыл ала добы топ етіп, тура жауырыныма тиді де, домалап кетті. Бала допты қуып жетіп көтеріп алды да, маған жақын келіп:
– Ата, арқаң ауырмады ма? – деді.
– Арқам ауырған жоқ, балам, – деп бала сөзіне күле жауап бердім. Ол менің арқамның ауырмағанына қуанғандай құшағына әзер сыйып тұрған допты қапсыра құшқан бойы, суға тұра жүгірді.
Жүгіріп бара жатқан балаға ұзын бойлы, палуан денелі жігіт:
– Мақсұт, ұзаққа барма. Жағада ойна, – деп өзі мен жаққа бұрылды. Ол тақап келіп:
– Аға, кешіріңіз баланың добы байқамай сізге тиіп кетті-ау, – дегенде екеуміз де қоса күлдік.
– Оқасы жоқ, доп бәлекет үлкенді де тыңдамай домалай береді ғой, – дедім.
– Аға, қасыңыздағы орын бос па? Біз отырған жерге арақ ішетін жастар келіп, жайсыздау болып тұр – деді.
Ығысып орын кеңіттім. Ол қолындағы бүйірі тырсылдаған үлкен сөмкесін жаныма қойып, қалған заттарын да алып келді.
– Аға, түс боп қалыпты. Бізбен бірге ас ішіңіз, – деп ойнап жүрген баласын шақырды. Бала келгеннен кейін үшеуміз бірге отырып ас іштік. Ас іше отырып танысып та үлгердік, жігіттің аты да Мақсұт екен. Мен таңырқауымды жасыра алмай:
– Балаңызбен аттас болғансыз ба? – деген әзіл-шыны аралас сұрағыма:
– Иә, баламның аты Мақсұт болған соң, мені де солай атаған көрінеді, – деп ол да әзілмен жауап қайтарды.
– Қазақта әке мен баланың аттас болғанын бұрын кездестірмеген едім. Ал, орыстарда мұндай жиі кездеседі, – дегенімде:
– Ей, ағасы-ай, өмірде талай өзгерістер болып жатқанда, бұл да бір қазаққа келген жаңалықтың бірі шығар, – деді де, бұл тақырып одан әрі өрбіткісі келмей өзімнен жөн сұрай бастады.
– Ол бірдеңе есіне түскендей сағатына қарап алды да.
– Аға, кешке дейін әлі көп уақыт бар екен. Сіз үлкен кісі болған соң ешкімге айтпаған сырымды айтып, уақыт ұтсақ па деймін. Жаңа, сіз баламмен аттас болғаныма таңырқап қалдыңыз. Не себепті бұлай болғаны жөнінде айтайын, – деді де. Ұйықтап жатқан кішкене Мақсұтқа көлеңке түсіріп тұрған шатырды түзетіп, әңгімесін бастап кетті. – Әуелі әкем, сосын Әкемнен кейін үш жылдан соң шешем қайтты. Үйде әйелім Гүлжазира екеуміз ғана қалдық. Отбасы болғанымызға алты жыл болса да, бір нәресте көрсек деген арманмен өмір сүретінбіз. Әйелім Гүлжазира қашандағы салмақты мінезіне салып: «Басымыз әлі жас қой. Құдай өзі ықыласы түскенде берер», – деп көңілді жұбатқанмен, уақыт өткен сайын үйде баланың жоқтығы сезіліп-ақ тұрады. Кемпір-шал да көз тірісінде жалғыз ұлдан бір немере сүйсек деп о дүниеге армандаумен кетті. «Балалы үй базар» деген ғой. Бар арманымыз – бір бала.
Нарықтық заманның қиындығына қарамастан екеулеп жүріп, жаңадан үй де тұрғызып алдық. Өз үйіңнің болғаны қандай жақсы. Үй ауылда, жұмыс Алматыда. Үш күнде бір рет қырық шақырым жер жүріп, кезекті күзетіме Алматыға барып-кеп тұратынмын. Күзеттен бос екі күнім үйдің ұсақ-түйек жұмысынан артылмайды. Табысымыз жаман емес. Гүлжазира ауылда бала-бақшада тәрбиеші. Оның сыртында сиырымыз да, қой-ешкілеріміз де бар. Тұрмысымыз жыл сайын түзеліп, жақсарып келеді. Әттең, әттең көңілімізде жалғыз арман – сәбилі болу. Өзегімізді өртеген осы бір арман қашан орындалғанша, Алладан тілек тілеп, үмітімізді үзбей келеміз. Ауылда өткен бір тойда жас әнші жігіт «Сәби болғым келеді, сәби болғым. Сәбиі жоқ ананың құшағында» дегенде, Гүлжазираның көзінен құйылған жасты көріп, менің де көңілім босап, көз алдым бұлдырап қоя берді. Қасымдағы отырғандар, жаңағы ән айтқан жігітке: «Неге бұл әнді айттың?» деп ұрсып тастады. Жас жігіт кінәсін жуып-шайғанмен болар іс болды. Гүлжазира отыра алмай сыртқа шығып кетті. Сол күнгі түніміз сәбиін жаңа жоғалтқан ата-анадай қайғы құшағында өтті. Осындай көңілсіздік жағдайда Гүлжазира мені аяйды, мен оны аяймын. Сөйіп, қосылған жарымның бауырында бір нәресте болғанын тілеймін. Оның да ана деген құдіретті атқа ие болуын қалаймын. Бірақ, бәрі де ойдағыдай бола ма? Қатал тағдыр өз дегенін істейді. Сол уақытқа дейін ұядай болып отырған отбасымыз бір күнде күл-талқан болды. Жанжал болған түні азғырындыға еріп, арақ ішіп, әйелімді балағаттап, қол жұмсадым. Бар бәле, дүкенші қыз Ғалияның туған күнінен басталды. Сағат түнгі он кезі еді. Ғалияның дүкені үйге жақын болатын. Тұсынан өтіп бара жатқанымда дүкен ішінде әлі шам жанып тұрған соң сигарет алмақшы болып келсем, қыздардың көңілді күлкісі, сыңғырлай шыққан дауыстары естіледі. Есік қақтым. Аржақтан: «Дүкен жабық», – деген Ғалияның апасының қатқыл үні естілді. Мен: «Сигарет керек еді», – дегенімде, ол дауысымнан танып:
– Ә, Мақсұт екен ғой, кір-кір, – деп бірден бәйек болды да қалды. Іштегілердің бәрі де көңілді. Ғалияның туған күнін атап жатыр екен. Менің келгенім Ғалия мен апасына үлкен қуаныш әкелгендей болды. Бұған дейін Ғалияның апасы әр кездескен сайын:
– Шырағым-ау, соқа бас қатынның соңында жүре бересің бе? Ана Ғалия сияқты уылжыған жас қыздарды көрмейсің бе? Ертең оны біреу-міреу алып кетпей тұрғанда, сөйлеспейсің бе? – деп өз сіңілісін маған итермелеп мақтап ала жөнелетін. Сол түні ақыры қақпанға өзім келіп түскендей болдым.
– Мақсұтжанды Құдай айдап әкелген шығар. Төрлет, қонақ бол, – деп апасы құрақ ұшуда. Оған қоса Ғалия да, қасындағы үш қыз да мені қолқалаумен үстел басына әкелді. Ғалияның қасына отырдым. Оның ақсары өңі бал-бұл жайнап онан сайын құлпырып кеткен. Сол сәтте ол маған ерекше сұлу болып көрінді. Ішкен сайын, сұлу қыздың сиқырлы қылығымен арақтың қызуына елігіп тез мас боп қалыппын. Иә, сол қарғыс атқан түні мас болып, Ғалияның қасында қалғанша у ішіп өлгенім дұрыс еді. Түннің бір уағында шала мас болып жатқан мені Ғалия оятты. Ол көйлек шалбарымды асығыс кигізіп жатып.
– Тез тұр, таң атпай тұрғанда үйіңе апарып салайын, – деді. Мен бұл түнді Гүлжазираның қасында емес, Ғалияның қасында өткізгенімді бір-ақ білдім. Ол ештеңе болмағандай күле сөйлеп жүріп, мені үйге дейін әкеп салды. Үйге кіргенде, ұйықтамастан өзімді күтіп отырған әйелімді бірден балағаттап қол жұмсап:
– Бар бәле сенен, кет үйден, – деп қуып шықтым. Менен мұндайды күтпеген әйелім төбесінен жәй түскендей, үрейі ұшып, сол түні қораға тығылып жан сақтапты. Мен сол құлағаннан түс кезінде бірақ ояндым. Мең-зең күйде аулаға шыққаным сол еді, көршінің әйелі есік алдынан өтіп бара жатып:
– Гүлжазира Алматыға кетті ме? Жаңа екі сөмкені зорға көтеріп, автобус аялдамасына қарай кетіп бара жатқанын көрдім, – дегенде, төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей селк ете қалдым. Кір жайғышта кеуіп үлгермеген су көйлекті үстіме асығыс іле салып, автобус аялдамасына қарай тұра жүгірдім. Соңымнан ерген ауыл иттерін шулатумен, тар көшелерді төтесінен қақ жарып ентіге жеткенімде. Автобус енді жүргелі жатыр екен. Алдыңғы қатарда, терезе жақта отырған Гүлжазира көзіме бірден шалынды. Ентігімді баса алмай, екі қолымды кезек-кезек бұлғап:
– Үйге қайт, үйге қайт, – деймін. Ол үнсіз басын шайқап. Теріс бұрылып кетті. Автобус орнынан қозғалғанша қас қылғандай жауында сіркіреп қоя берген еді. Ол терезеден басын шығарып.
– Күн жауып барады, киімдерді жинап ал, қош бол! – деп кете берді. Шіркін, Гүлжазира-ай! Өзі кетіп бара жатса да, артында қалып бара жатқан үйді де, мені де ойлап барады. Дүниеге әйел болып жаралған соң ол жалғыз бала емес, сол үйдің де анасы ғой. Үйге жанашырлықпен қарап, ие болатын да аналар ғой. Құдай-ай, мен не істедім? Үйімнің, отбасының анасын қалай дәтім барып қудым, не деген сұмдық, не деген айуандық?! Жаңа автобустың ішіне кіріп, өзінен кешірім сұрап, неге алып шықпадым? Оны үйден қуып шығуға батылым жеткенде, осы жолы неден жасқандым? Автобус аялдамасында жалғыз қалған жетім балаға ұқсап не істерімді білмей әлі тұрмын. Түнгі ішкен арақтың уыты бойымдағы күш-қуатымды жалмап кеткендей дәрменсізбін. Жауын күшейіп барады. Дүниенің бар қызығы Гүлжазирамен бірге кеткендей. Қаңырап бос қалған дүние құшағында жападан жалғыз қалғандаймын. Жандүниемді жаулап алған өкініш пен күйініштен арыла алмай тұрғанымда, бір бүйірден ескі мотоциклін борылдатып гараж күзетшісі Рашит шыға келгенде, қуанып кеттім. Ол қасыма тоқтай бергенде, мотоциклге қарғып мініп:
– Бол, бол тез, автобусқа жету керек, – дедім.
– Ойбай-ау, мына батпақта автобусқа қалай жетеміз? – дегеніне қарамастан, бол-болдың астына алумен автобусты қуып бердік. Мотоциклден құлап қалмауға тырысып, оның арқасынан қапсыра құшқан күйде болған жағдайды айтумен келемін. Мән-жәйді түсінген ол ескі мотоциклді ышқынта, бақыртып, газды берген үстіне бере түседі. Жол бойына жиналған шалшық суларды шашырата жарып, зулап келеміз. Автобусқа жете бергенімізде құдай атып, мотоцикл тырық-тырық етіп, сөнді де қалды. Тозығы жеткен ескі моторды енді оталдырғанша көп уақыт кететінін сездім де. Мотоциклден түсе салып, автобусты қуа жөнелдім. Ми батпақта баяу жүріп бара жатқан автобусқа жетем бе деген үмітпен ышқына жүгірумен:
– Гүлжазира, Гүлжазира, үйге қайт, үйге қайт! – деп сүріне-қабына айқайлап келемін. Қанша жанымды салып жүгірсем де автобус ұзай берді. Әбден қалжыраған денеге ие бола алмай аяғым тайып ұзын жолдың бойына өкіре құладым. Сол сәттегі ағыл-тегіл жылағаным құйып тұрған жауыннан кем болған жоқ. Бала кезде де бұлай жылап көрмеген шығармын. Түнгі арақтың уытымен қоса екі көзден құйылған ыстық жас, қайта-қайта кеудемді солқылдата лықсытады. Рашит келіп орнымнан тұрғызып, үстіме плащ жауып мотоциклге отырғызғанда да, дірдек қаққан денеме ие бола алмадым. Ескі мотоциклмен бір жүріп, бір тоқтап ауылға әбден шаршап зорға жеттік. Үйге кіргенде үстел бетінде жатқан бір парақ қағазға көзім түсті Гүлжазираның жазуын бірден таныдым.
«Мақсұт, мен саған ренжімеймін. Баланың жоқтығы екеумізге де батты. Бірақ, осы уақыт ішінде бір-бірімізге ренжіген емеспіз. Сонда да бір күні үлкен өзгеріс болатынын, түбі айырылысып тынатынымызды сезетінмін. Себебі, сен өте балажансың, баланың болғанын әйел менен де бетер аңсайтынсың. Сенің балажандығың маған да қатты әсер ететін. Енді қалған ғұмырда бақытты болуыңды ойлап, өзіңді сүйгендіктен қолбайлау болмайын деп үйден біржола кеткенім дұрыс деп шештім. Жастай сүйіп қосылған сенің бағың үшін, бәрін де өзіңе тастап кетіп барамын. Менен кейін кімге үйленсең де бақытты, ұрпақты болуыңды тілеймін. Алла тілегімді қабыл етсін. Мені іздеп әуре болма. Гүлжазира.»
Ақыры тағдыр өз дегенін істеді. Гүлжазира сол кеткеннен оралмады. Оны айнала іздеумен, сарыла күтумен жүріп бір жылдан кейін Ғалияға үйленіп тындым. Үйленгеннен кейін Гүлжазираны ұмытамын ба деп едім. Жоқ, керісінше, оған деген сағынышым артқан үстіне арта берді. Оны жиі-жиі ойлауым Ғалияға да ұнамады. Ақыры екеуміз үш жылға жақын тұрып, айрылысып тындық. Ғалиядан да нәресте сүйе алмадым. Сірә, бар кінә өзімнен шығар. Одан айырылысу маған оңай болған жоқ. Жасынан саудамен көзін ашқан бәле, апасымен екеуі қосылып алып, дауласумен, соттасумен мал-мүлкімді тегіс сыпырып алды.
Бәрінен айрылсам да, Гүлжазира екеуміздің қолымызбен тұрғызған үйімізді аман алып қалғаныма қуандым. Ғалиядан айрылысқаннан кейін Гүлжазираны іздеуден жалықпадым. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Бірақ, ол таптырмады. Оны іздеумен әбден шаршағанда басыма жаман ой да келді. Мүмкін, ол бұл өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсаған шығар деп те ойлаймын. Ол кеткеннен кейін бір ай ішінде өзеннен табылған жас әйелдің өлі денесін көргенде жан-дүниемнің тітіркенгені сонша, Гүлжазира аман-сау жүрсе екен деп тәңірге сыйынумен боламын. Үйдің тұсына машина тоқтаса да, немесе біреулер маңайға жақындап келе жатса да Гүлжазирадан жақсы хабар әкелетіндей көремін. Күтумен өткен күндер әбден жанымды жегідей жеп бітті. Тағы да екі жылдай салт жүріп, әбден жалғыздықтан шаршаған соң, қайта үйлендім. Бұл жолы 6-7 жасар қызы бар жесір әйелге үйлендім. Онымен де жұлдызымыз жараспады. Жылға жетпей айрылыстық. Ол өзінің қайтқан күйеуінің жақсы қасиеттерін еске алғанда, мен өзімнің жоғалып кеткен Гүлжазирамды ойлаумен боламын. Екеуміздің көңіліміз екі басқа болған соң, көп тұра алмадық. Бұрын махаббат жайында талай естісек те, басқа түспеген соң, жәй әншейін көруші едім. Жоқ, олай емес екен. Адамның жан-дүниесін еркінен тыс жаулап алатын белгісіз сезімнің құдіретті күшін ештеңемен теңестіруге болмаса керек... Махаббат дегенің – ұлы күш, ұлы сезім екен.
Ләйлі мен Мәжүнінді, Жібек пен Төлегенді, Баян мен Қозыны дүниеге әкелген махаббаттың орасан, қасиетті күшін өз басымнан өткенде ғана түсіндім. Махаббат деген құбылыстың ерекшелігі сонша, ол адамның өз өміріненде қымбат болғандықтан, соның жолында құрбан болғандар аз ба?! Егер, Гүлжазираның бұл дүниеден өткенін білсем, оның обалына қалған өзімді де құрбан етуге дайын едім. Амал не? Оның өлі-тірісін білмеймін. Хабарсызбын. Мені аяусыз сынаққа алған қатал уақыттың немен аяқталарын бір Алла біледі. Енді басқаға үйленуге зауқым жоқ. Ауылдан кетіп, Алматыға келгеніме үшінші жыл. Кластас досым Самат екеуміз кредит алып авто-бөлшектер сататын дүкен ашып, біріңғай коммерцияға бел шеше кірістік. Кейде, Германиядан, Прибалтикадан машиналар әкеп сатамыз. Табысқа табыс қосылып, жұмысымыз жақсарған үстіне жақсара түсуде. Алғаш жиналған ақшаға бір жер, үй және үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Ол кезде үйдің де, пәтердің де арзан кезі еді. Ауылдан біржола кетсем де, Гүлжазираның көзіндей боп тұрған үйімді сатып кетуге қимай, жалға беріп кеттім. Бизнестің соңында бар уақытты құрбан етіп жүрсем де, Гүлжазира ойымнан кетер емес. Ұзақ жолда Германиядан машина қуып шаршап келе жатқанда да оны жол бойынан шыға келетіндей көремін. Ол мені сыртта қуып жүргендей сезіледі. Кейде елес беріп, оның жұмсақ салмақты үні құлағыма келгендей:
– Жұмысыңды істей бер, түбі кездесеміз, табысамыз, – дегендей болады. Уақыт, шіркін, зымырап өтіп жатты. Гүлжазираны 8 жыл бойы күтумен, аңсаумен жүргенде, менің ең бақытты, ең сәтті күнім жаздың жайма шуақ кезінде болды. Қасымда Самат бар. Ертелетіп Тараздан шығып Алматыға келе жатқанмын. Түс ауа қалаға кіре берісте Алтын-Орда базарына соқтым. Не себепті соққаным есімде жоқ. Базардың сөрелерінде жайылып жатқан неше түрлі мүліктерге көзімді жүгірте қарап келе жатыр едім. Ту сыртымнан:
– Мақсұт, Мақсұт тоқта! Тез қайт! Қазір мамаң да кеп қалады. Ешқайда жүгірме, – деген дауысқа жалт бұрылдым. Егделеу әйел 3-4 жасар ер баланы қуып жетіп, жетектей жөнелді. Әйел өзінің сауда жасап отырған орнына жайғасты да, балаға кәмпит ұстатып жатып:
– Ешқайда жүгіруші болма. Қазір мамаң да келіп қалады, – деп оны басынан сипап бауырына тартты. Апырмай, менімен аттас баланың келеді деген анасы кім екен? Баланың анасын көрмекші боп шеткері шығып тұрдым. Көп кешікпей бір бума киім-кешек көтеріп баланың анасы да келді. Ол құшағындағы заттарын түсірген кезде жүзі анық көрінді. Бірден таныдым, сол баяғы Гүлжазира, аздап толысқан. Ол заттарды орналастырып жатып баласына:
– Қалай, мен жоқта бұзық болған жоқсың ба? Әженің мазасын алмадың ба? – дейді. Бала үнсіз басын шайқады. Құдай-ай, мен шынымен Гүлжазираны көріп тұрмын ба? Қаншама жыл оны көруді аңсап жүріп, қалайша шыдап тұрмын. Оны тірі көрсем енді айрылмаспын, аяғын құшып өлемін деп жүрген Гүлжазирам ғой. Апырмау, неғып тұрмын? Тағы да біреу күш-қуатымды сыпырып әкеткендей, дәрменсіз күйдемін. Ұмтылып жетіп барайын десем, құр сүлдеме зорға ие болғандаймын. Аяғым орнынан қозғалар емес. Қимылға көнбей тұрған аяқты көтермекші болып ілгері-кейін теңселіп барып, қайта орнығамын. Сонда да болмай өзімді-өзім жігерлендірсем де, бойды билеп алған дәрменсіздік кері тарта береді. Тұрған жерімнен қозғала беріп, қайта орнығамын. Осы кезде бір бүйірден:
– Азамат, не ғып тұрсыз? Документіңізді көрсетіңіз, – деген полиция қызметкерінің өктем үні естілді. Ұйқыдан оянғандай, селк ете қалдым. Форма киген екі жігіт, екі жағымда тұр. Сасқаннан:
– Жәй, әшейін тұрмын, – дедім де документ бермекші боп төс қалтама қолымды сала бергенде көйлекшең тұрғаным есіме енді түсіп:
– Документтер машинада. Костюмімнің қалтасында, – деп едім. Жасы үлкендеу офицер қасындағы жас сержантқа бұйра сөлеп:
– Документсіз жүр екен, опорный пунктке апар, – деді де өзі асығыс кете берді. Екіншісі мені дедектетіп опорный пунктке алып келді. Ол келе сала:
– Документсіз неге жүрсің? Кімсің? Қайдан келген адамсың? – деп ес жиғызбай сұрақтың астына ала бастады. Мен машинаның сыртта такси тоқтайтын жерде тұрғанын. Машинада серігімнің күтіп отырғанын айтсам да тыңдайтын емес.
– Жаңағы жерде сен кімді аңдып тұрдың? Өзің мас сияқтысың ғой. Қане, шыныңды айт! Жаңа кімді аңдыдың деймін? – деп шүйліге түседі. Мен арақ ішпегенімді және сол жерде көптен іздеп жүрген әйелімді көргенімді айтсам да сенбейді. Бар мақсатты қалайда менен штраф алу. Біраз салғыласып, айтысып болғаннан кейін:
– Жә, түсіндім. Штрафқа қанша төлейін? – дегенімде, ол бірден жұмсарып:
– Бес мың, – деді. Ақшаны төлеу үшін трассаның арғы бетіне шығып, такси тоқтайтын жерге келе жатырмыз. Машинаға тақай бергенімізде тура менің машинам жанында такси тоқтатып тұрған Гүлжазира мені көріп қалды. Екеуміз де көз қарасып қалдық. Жақындай беріп, не істерімді білмей тұрып қалдым. Ол да сасқалақтап қалды да, ышқына дауыстап маған қарай тұра ұмтылды. Мен де: «Гүлжазира, Гүлім, Гүлім!» деп күңіреніп қоя бердім. Не болғанын түсінбеген кішкене Мақсұт мамасының етегіне оралып бақырып жүр. Осы кезде серігім Самат жүгіріп келіп, үшеумізді машинаға әкеп кіргізді. Мән-жайды енді түсінген сержант бала өзінен-өзі тайып тұрды. Иә, зарығумен 8 жыл өткенде біз бір-бірімізбен осылай көрісіп, осылай табыстық. Гүлжазира елден кеткеннен кейін екі жылдан соң такси айдап жүрген жігітпен танысып, екеуі жеке пәтер жалдап тұрады. Таксист жігіт 3-4 ай өткеннен кейін зым-зия жоқ болып кетеді. Аяғы ауыр болып жалғыз қалған Гүлжазираға үй иесі қартаң әйел жаны ашып, оған өзімен бірге базарда сауда жасауды ұсынады. Жалғыз басты қарт анаға Гүлжазира серік болып, бес жылдай бірге тұрады. Қытайдан келгеннен кейін ері қайтыс болып, жалғыз қалған қарт ана осы уақыт ішінде Гүлжазираны қызындай, Мақсұтты туған немересіндей көріп бауыр басып кеткен екен. Қарт ананың Қытайдан бері өте алмай қалған қызы мен күйеу баласы бұларға тауар жіберіп, бұлар соны сатып, күн көріпті. Осы сауданың арқасында Гүлжазира өзіне бір бөлмелі пәтер сатып алады да, оны жалға беріп, өзі қарт ананың үйінде бір отбасы болып тұра береді. Зарығып жүріп, бір-бірімізді тапқаннан кейін, бұл күнде Гүлжазираның тауып алған анасымен бірге төрт жан болып екі жылдан бері бірге тұрып жатырмыз. Жақында анамыздың Қытайдағы күйеу баласы келіп кетті. Олар біржола біздің жаққа өтуге құжаттарын дайындап жатқан сияқты.
Анамыз бес уақыт намазын үзбейтін діндар адам. Өзінің қызы да, күйеу баласы да намаз оқиды екен. Ол кісі бізді де үгіттеп, намазға бет бұрғызды. Содан бері екі жылға жақындады, бес уақыт намазымызды қаза еткен емеспіз. Жақында үзеңгілес досым Саматты да намазға жықтық. Иә, осы намаздың арқасында да шығар, бір Алланың ризашылығымен, қабылдап жатқан еміміз нәтижесін беріп, келініңіз жақында жүкті болды. Осы қуанышты жағдайдан бері Алланың көптен аңсатқан Нұр-бағы отбасымызға қоса келгендей сезініп, әр намаз сайын тәңірге сыйынған үстіне, сыйына жүріп, Гүлжазира аман-сау босанса екен деймін. Ей, ағасы-ай, өмір бұрғалаңы көп, ұзақ жол екен ғой. Әлі де үмітімізді үзбей келеміз.
Ол сағатына қарады да:
– Келініңіздің келетін уақыты болып қалды, суға түсіп шығайық, – деп ұйқысы қанып тұрған кішкене Мақсұтты ертіп суға келдік. Мақсұт өзі жүзгіш екен. Бала мен екеумізді жағаға тастап, ашық теңіз төріне. Құлаштай жүзіп, ұзап кетті. Жағада қалған екеуміз, қызыл ала допты бір-бірімізге кезек лақтырып ойынға кірісіп кеттік. Мақсұт кейде допты маған лақтырып жібереді де сүңгіп кетіп, екі аяғымның арасынан өтіп арт жағымнан шыға келеді. Онысы менен жасырынғандағысы. Ол аздай-ақ, мені еңкейтіп қойып суға қайта-қайта қарғиды. Әр қарғыған сайын уралай айқайлап, өз ойнына өзі мәз болады. Ойнымыз енді қызып жатқанда:
– Аға, тез кетейік, Гүлжазира бізді күтіп қалатын болды, – деп үлкен Мақсұт ұялы телефонымен қысқа жауап береді де, бізді дедектетіп автобус аялдамасына алып келді. Аялдамаға тақай бергенімізде соңымыздан памп-памп деген сигналға жалт қарадық. Джиптің рөлінде отырған көк көйлекті қара-торы келіншек машинадан түсіп жатып:
– Ей, квадраттар, қалай демалдыңдар? – дегенде, кішкентай Мақсұт мамалап тұра жүгірді. Ана мен бала екеуі шұрқырасып болғаннан кейін. Гүлжазира біз жаққа бұрлып:
– О, аға тауып алғансыңдар ма?
Ол жарқырай күліп, келді де, менімен қол алысып амандасты. Алматыны бетке алып жүріп келеміз. Рөлде Мақсұт, жанында мен. Жол бойы кішкене Мақсұт анасына теңіз жағасында көрген қызықтарын айтып мәз болып келеді. Баланың сөзіне күле отырып, Алматыға да жетіп қалдық. Айтылған адрес бойынша жолай машинадан түсе бергенімде, кішкентай Мақсұт қолымнан тартып:
– Ата, біздің үйге жүр. Әжеммен ойнайсың, – деп бәрімізді күлдірді. Ол қолымнан тартып жіберер емес. Гүлжазира баланы алдаусыратып:
– Атаң кейін өз әжесімен келеді, телефонын алып қалдық, – десе де саусақтарымды қыса ұстап алған:
– Шын келесің бе, ата? – дейді.
– Иә, шын келемін және кешікпей келемін, – дегенде ол қуанғаннан қолымды босатты. Баланың тәтті қылығына бәріміз де мәз болдық. Кішкене Мақсұт менің келетініме қуанса. Мен Гүлжазирадай ананың Мақсұттай әкенің балалы болғанына, бақыт ұясы болғанына қуандым.
Апырмай, десейші. Осынша қиындықтарға мойымай, махаббатын сақтай білген аяулы жандардың жақсы қасиеттеріне дән риза болғандықтан, машинадан түсіп жатып Гүлжазираға:
– Сіз де намаз оқисыз ба?– дегенім де.
– Иә, Аллаға шүкір, намаз – мұсылманның бес парызының бірі ғой,– дегенде, кеңес заманынан қалған мен сияқты шайтан шалдың арқасын қамшымен осып өткендей болды.
Бұрын бәйбішем, өзі намазға жығылғалы, қанша үгіттесе де оның сөзіне етім үйреніп кеткендіктен, елемей жүре беруші едім. Енді, мына екі аяулы жастың жақсы бастамасы маған жақсы әсер еткендей болды.
– Қой, енді сылтаудың реті жоқ,– деп орнымнан тұра бергенде, көз алдыма нұр сәулесі жарқыраған мешіт елестеп қоя берді. Сасқанымнан:
– Әлхамдуллиллаһ! Әлхамдуллиллаһ!– деп есіктің қоңырауын баса бердім.

writers.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста