ТАУФИХ ШЕҒИРОВ – СӘУКЕТАЕВ: МЕН – ЖЫНДЫМЫН (жалғасы)
Жалғасы. Басын мына сілтемеден оқи аласыз.
Сауна
Мақсат Сартаич жайсаң жігіт екен. Мал бітсе, жал бітіп, шалқақтап қалатын жаман байлар сықылды қытымыр, жәйсіз емес, сабырлы, кең мінез. Ағалап сыйлап тұрады.
Жұма күні түстен кейін қасыма келіп:
– Тоқсандық отчетті тапсырып, нәнкүр-мәңкүрден бір құтылдық–ау, әйтеуір! – деп ышқырын бір көтере, саба қарынымен қосыла іркілдей күлді. – Арқамыздан бір қара тас түскендей болды. Сізге рахмет, ағасы!
– Рахметті шығындап қайтесің, ол менің жұмысым емес пе?
– Жұмысты істей алатын да, істей алмайтын да адам бар ғой. Бүгін бір арқа-басымыз кеңіп демалайықшы. Саунаға барайық.
– Ой, саунаны қайтем? – дедім артық шығынды жек көретін әдетіммен ат-тонымды алақашып. – Үйде ванна бар ғой.
Бастығым басын шайқап мырс етті:
– Ой, аға, өмірден сәбсем артта қапсыз. Сауна деген керемет қой!
Несі керемет екенін білсе керек, бетіне ине тығып алса да былқ етпейтін шофер жігіт те иығы мөңкіп бір жымың етіп қойды.
Құлқым болмаса да бастықтың сөзін, бір жағы әмір көріп, екіншіден, сыйлағанды білмейтін сорлы екен деп ренжіп қала ма деп қорқып, еріксіз көндім. Қасымызға тағы екі жігітті қосып алып, Райымбек көшесіндегі «Дөйт» дейтін ойын-сауық кешеніне тартып кеттік. Үсті тойхана, бірінші қабаты сауна екен. Қайқаң қаққан семізше, мұртты қара иіліп-бүгіліп елпең қағып жүр. Сауна деген атын естігенім болмаса, кім бұрын келіп көрген. Жуынып-шайынатын моншаның бірі ғой десем, кішігірім ресторанға кіріп келгендей болдық. Төбесін күмбездеп, қабырғасын дөңгелете тілше тақтаймен қаптаған кең бөлме. Ағып келе жатқан тамшыдай әр тұстан салбыраған үшкіл лампалардан жұп-жұмсақ, көгілжім сағым жамырайды. Төрдегі сопақша, үлкен үстел жасанып тұр. Ақ жібек қолғап киіп, «бабочка» тағып сықиған егделеу еркек әрқайсымыздан не ішіп, не жейтінімізді сұрап, бабымызды қалай табам деп қалбалақ қағады. Анда-санда қара мұрт та келіп, «қалай боп жатырсыздар?» деп кетеді. Әркім өз сүйгеніне қарай, коньяк, вискимен тамақ жібітіп, жеңіл тағаммен ар жағымызға ел қондырып алғаннан кейін, орнымыздан тұрып, шомылуға кірістік. Жігіттер үр жалаңаш шешініп тастады. Мен сақалды басыммен өйтуге ыңғайсызданып, балағы тіземе түскен қара дамбалымды, арт жағы сетінеп, шарбы бұлттың арасынан сүзілген айдың сүлдеріндей құйрығым ағараңдап тұрса да шешкем жоқ. Фин моншасы керемет екен. Құрғақ бу сүйегімізді шымырлатып, әбден алты айрығымыздан тер шүмектеп бой-бойымыз шыққанда, мұздай бассейнге күмп-күмп қойдық та кеттік. Алдымдағы жуан-жуан, жалтыр бөкселер сопаң етіп судан суырылып, жағадағы тепкішекпен өрлеп барады. Мен де тепкішектің бірінің жақтауынан ұстай беріп едім, далия жайылған қара дамбалды су тартып, сыпырылып бара жатқан соң, жалма-жан бір қолыммен ышқырға жармастым. Қара дамбалдың балағынан сытырлай су сорғалап, шидиген, жүндес сирақтарым қисайып – бір әдемі пошымда тұрсам керек, қара мұрт ыржия күліп қасыма келді де:
– Ағай, «юбкаңызды» шешсеңізші! – деп, түкті, қоңыр пижамды иығыма көлденең лақтыра салды.
Бөлмеге қайта барып, ыстық кофе мен коньякті сораптай тартып, қызды-қыздымен біраз жерге барып қалғанбыз. Сол бабымызды күтіп тұрғандай, ұзын дәліздің тұйығындағы есік айқара ашылды да, алакеуім шаршының аузынан әппақ тәндері шоршыған сазандай бұлт-бұлт суырылып, бір топ қыз қара мұрттың жетегінде ойнақтай басып шыға келді. Төрт қыз. Төсі мен абыройын қалқалағаннан гөрі қайта қадала түс дегендей жарты еліге жетер-жетпес жіптей лыпа бар демесең үрдей жалаңаш. Суреттерден, «Қайта құрудың» алғашқы жылдарында тиіп-қашып порнофильмдерден болмаса, тірі жалаңаш әйелді қол созымнан көріп тұрғаным осы. Бойымда жаным бар, мен де еркек емеспін бе?. Жүрегім шапқан аттың тұяғындай дүрс-дүрс соғып, көзім қылиланып кетті. Қалай дымыңды құртып қылымсуды біледі-ау, құрғырлар! Былқ-сылық еркелей басып, алдымызға келіп тұра қалды. Томсарып, еріндері томпайып, наздана қарай ма-ау! Сүй, құш, құшағымда өртенші менің деп тұрғандай. Бірінен бірі өткен. Аршын төс, үзілген бел, одан төмен... сілекейімді қылқ-қылқ жұтып тамсанғаным болмаса, сипаттауға менің сөзге орашолақ байқұс тілім мүлдем қауқарсыз. Тілім деймін-ау, айтып жеткізетін сөздің өзі әлі жаратылмаған сияқты, қазақта. Оны тек көру керек, сезініп сүю керек. Па, шіркін, қазақтың қазіргі қыздары қандай көркем боп өсіп келеді, не бір хаса сұлу бар-ау! Бұл пәтшағарлар бұрын қайда болды екен десеңші. Менің Дүйсен дейтін бір қырт құрдасым: «Мен үйленген күннің ертеңінде-ақ сұлу қыздар көшеде қаптап кетті!» деп күрсінетін. Расында да қазіргі бойжеткендер сұлуланып келе ме, әлде әйел аларда көзің байланып қала ма екен? Тәйір-ай, біз де қатын алдық деп жүрміз-ау, мыналардың қасында. Соның өзіне кәдімгідей өліп-өшкенімізді айтсаңшы! Төртеуіне кезек телмірген сайын көзім шұбартып, басым айналып, кеудеме бір шайтан кіріп алды. Қысылу, қымсыну жоқ. Бұлар да біреудің көзінің ағы мен қарасы ғой, осылардың өкшесін басып өсіп келе жатқан өзімнің де қызым бар емес пе, ұят-обал ғой деген ойдан адасып қалғандаймын. Есесіне сонау айлы түндегі өзен жағасы, қарақат теріп жүргендегі қалың бұтаның қалқасы, жатақхананың қараңғы бөлмесіндегі баяғыда ұмыт болған қайдағы бір пәлелер көңіл түбінен қалқып шығып, бүйіріңнен қытықтай ма-ау... Жүрек құрғыр өрекпіп кеудеге сыймай лүп-лүп соғады.
Қара мұрт тауарын жаймаға қойған саудагердей қыздарға қыдырта бір қарап, бізге бұрылды:
– Қалай, көңілдеріңізден шықты ма? Болмаса, Өзбекстан мен Украинадан келген «тауарлар» бар, пажалыста.
Бәріміз үшін шетте отырған жалпақ сары жауап қатты:
– Бісмілләсін өзіміздікінен бастайық та. Бұларға да нәпаха болсын!
Сартаич иығы селкілдеп мырс етті:
– Шіркін, біздің Бәкең ұлтжанды патриот қой! Бір тамшы болса да өзімізге тамсын дейді...
Қызылсырап отырған қутақым қырғилар уақыт оздырмай бірден «тауар» бөлісуге кірісті. Жалаңдап әрқайсысы өз көңілі құлағанға қолын соза беріп еді, Сартаич жөн білетін жампоз ғой, қабағымен тежеп тастады да, маған қарай иек қақты:
– Осы жігіттер үлкен сыйлауды білмейді-ей. Сабыр қылсаңдаршы. Аға, жол– сіздікі. Таңдаңыз.
«Несін таңдаймын, маған кез-келгені пәйдөт қой!» деймін ішімнен. Шынымды айтсам, лезде бәріне ғашық боп қалдым. Бәрін бірдей сүйетін сияқтымын. Біреуін таңдасам, опасыздық жасағандай басқалары ренжіп қалатын тәрізді, әрі оларды мына жалаңдаған үш қасқырдан қызғанып та отырғандаймын. Күмілжи беріп едім, Сартаич:
– Ой, көке, шайнап бергенді жұта алмайсыз–ау! – деп, шетте тұрғанын жетелеп әкеп, білегінен ұстатты.
– Ал, қыздар, ағаларыңа жақсылап қызмет көрсетіңдер! – деп қара мұрт өсиетін айтып шығып кетті.
Тостағандағы сургучь сияқты қоңыр қоймалжыңды бұл не зат деп отырғамын, сөйтсем сұйық шоколад екен. Қыздар соны ұштары бүлдіргендей бөрткен емшектеріне жағып, саусақтарын бір-бір жалап алды да әрқайсысы өз «сүйгендеріне» сүйкене көздерін төңкеріп, еркелей бастады. «Құдай-ау, онсыз да тәтті нәрсеге тәтті жаққандары несі?» деп уылжыған алмадай бұлтиған - бұлтиған тоқ анарларға тамсана қарап қоям. Құрбыларының соңын ала менікі де қолын соза беріп еді, ойбайлағандай:
– Не надо! – деп қаттырақ дауыстап жібердім.
Әлгінде жігіттер пальтоның түймесіндей қара таблетканы төртке бөліп, әрқайсысы бір түйірден кофеге қосып ішіп алған. Мен сыбағамды кері ысырдым:
– Мұндайға әуестігім жоқ. Татып көрмеген нәрсем.
Үшеуі үш жағымнан тақымдап, «сауаттарын» көрсетіп әуре:
– Бір татсаңыз, «шіркін-ай» деп аңсап тұрасыз, керемет нәрсе!
– Қорықпаңыз, Қытайдан арнайы заказбен алдырттық. Таза шөптен жасалған.
– Несін, айтасыз, дүниенің рахаты!..
– Жо-жоқ, жігіттер, онсыз да мылтығымыз әлі оқтаулы!
– Мә-ә, шалың мықты ғой, ей!..
– Ендеше, ағанікі тәбәрік болсын! – деп, тізе түйістіріп қатар отырған шикіл сары ары тарт та бері тарт боп отырған тырнақ ұшындай түйірді қолды болып кетпесін дегендей, әбжілдікпен қағып алып, қылғыта салды. Ішіміздегі ең шағын денелі осы еді: екі ұрты суалған, қушық кеуде, лақтың шүкәйіндей ғана жалқақ сары. Жанындағы жалпақ мұрын, қызыл бет қыли бүйірінен түртіп қалды:
– Ей, размеріңе қарасаңшы. Мына түріңмен не жүрегің тоқтап өзің өлесің, не біреуді өлтіресің ғой!
– Осыдан өлсем, өліп-ақ кетейінші!..
Жігіттер диван-креслоларға жайыла жайғасып, әрқайсысы өз бикештерімен апаш-құпаш. Орнымыздан қозғалмай пионер боп тәртіп сақтап отырған біз ғана. Бір бұрылғанымда Сартаичқа көзім түсіп кетіп еді, шоколад жұққан бет-аузы ауылдағы боқ жеген иттей сатпақ-сатпақ, көзі ғана жылтырайды. Ішімнен: «түрің құрсын!» деп, шыдай алмай күліп жібердім. Сауыны келді ме, көп аялдамай әуелі шикіл сары, одан кейін басқалары бикештерін білегінен жетелеп, бүйірдегі жеке кабиналарға кіріп-кіріп кетті. Менде ондай ой жоқ, жүрекпен ғана өліп-өшіп ғашық боп отырмын. Кеудемді кернеген сезімді жеткізерлік сөз аузы құрғырға түссейші. Көңілім алып-ұшып өлең оқығым келеме-ау! Абай... Хафиз... Һаям... Ғашықтық дастандарынан төгілтіп жыр оқиын десем, Құдай төбемнен ұрып, бір шумағын жатқа білмейді екенмін. Ақын бейшараларды жайшылықта көзге ілмейміз, өлең дегеннің керегі осындайда екен ғой. Ақын болып тумағаныма, ең болмаса жан сезімімді бейнелерлік бір ауыз жыр жатқа білмейтініме дәл осы жерде өлердей өкіндім. Қызбен алғаш рет оңаша ұшырасқан бозбаладай алақаным суланып, дір-дір етіп бойжеткеннің білегінен, иығынан сипауға дәтім жетер емес тіпті. Тек мөлиіп қарай беремін. Үздігіп, үңірейіп қараған сайын қыз қабағын шытып, қалың, қайқы кірпік қамалаған жәудір көзін алып қашады. «Жаным-ай, аққуым-ау, періштесің ғой сен, періштесің! Екеумізге қанат бітіп әлемнің қиыр түкпіріне ұшып кетсек қой, шіркін!» деп қиялдап та кетем... «Үндемес» ойнап қашанғы тымпиып отырасың. Жөн сұрадым. Есімі Меруерт екен. Мектепті былтыр бітіріпті. Әкесі ерте қайтыс болса керек, жалғыз шешесі бар көрінеді.
– Мамам бастауыш мектепте мұғалім болатын, – деді Меруерт сағынышы да, өкініші де жоқ өң-бояусыз өшкін дауыспен. – Мектеп жабылып, ауылда күн көру қиын болған соң осында көшіп келгенбіз. Пәтер жалдап, «Шаңырақта» тұрып жатырмыз. Мамам шемішке сатады, мен... – «Өзіңіз білесіз ғой» дегендей күмілжіп қалды. «Бұдан басқа кәсіп таба алмадың ба?» деген зіл аралас сауал тілімнің ұшында удай үйіріліп тұрса да айта алмадым. Мектепті жаңа бітірген жасөспірім түгіл мүйізі қарағайдай маман басыммен менің өзім пәленше ай бойы жұмыссыз тентіреген жоқпын ба? «Екі қолға бір күрек қайдан болса табыладының» заманы өтіп кетті ғой... Оны еркек біткеннің бәрінен қызғанып отырмын. «Бұдан былай тек мендік болшы. Қайыр тілесем де сені асыраймын» дегім-ақ келеді. Бірақ ондай сәтте үйдегі қатыны түскір екі бүйірін таянып, қастарын қайшылап көз алдыма тұра қалады да тілім байланып қалады.
– Кейін басқа жерде кездесейікші!– деймін мен қайыр сұрағандай мөлиіп.
– Неге?
– Киноға барамыз. – Қыз басын шайқады, оң жақ ұртындағы үйірілген шынашақ ұшындай әдемі шұңғылды бүлк еткізіп болар-болмас мысқыл түрткендей болды.
– Шын айтам!– деймін өзеуреп.
– Бізде күнде жұмыс. Қожайын рұхсат етпейді...
Біз өстіп періште боп отырғанда, махаббат майданының сарбаздары жау түсіріп жеңіспен орала бастады. Тек шикіл сары асай-мүсейін асынып елден бұрын кетіп еді, әлі жоқ. Содан бұрын келгеніне қыли көз жігіт әлде бір бәсекеде ұпайы кеткендей намыстанды ма, қызыл беті одан сайын талаурап:
– Мына сары ит шахта қазып жатыр ма-ей? Өліп қап жүрмесін, есігін қақшы, – деді Сартаичке қарап. Сартаич жауап қатам дегенше, шикіл сары өлген де жоқ, ешкімді өлтірген де жоқ, жылмаң қағып есіктен шыға келді.
Ұлы сүргіннен салығып жеткен «майдангерлер» жасанған дастарханға жаудай тиіп, әл жиып алған соң қайтадан үйренген есіктеріне қарай тартты. Сары жұртта состиып тағы екеуміз қалғанбыз. Есіктен сығалаған қара мұрт «бұл не отырыс» дегендей аңтарыла қарады да қызға оқты көзімен қадалып, зілдене зекіді:
– Неғып отырсың? Жұмыс істе!
«Қыз балаға өстіп дөрекі сөйлей ме екен, недеген көргенсіз неме өзі!» деп ішімнен қара мұртты қатты жек көріп тұрмын. «Сіздің кесіріңізден босстан бос сөз естідім. Дұрыс жұмыс істеген жоқсың деп жалақымнан тартып қалатын болды» деп қорқып кетті ме, Меруерт ұшып тұрып, білегімнен жұлқа тартты:
– Жүріңіз!
Менің аппақ, аңқау, алаңғасар жүрегімді шырылдатып, күнәнің қара қақпасына қарай сүйрей жөнелді...
Терезесіз, шағын бітеу бөлме. Қабырғада жабысып болар-болмас жылтыраған шамнан жұп-жұмсақ қызғылт сәуле себезгілейді. Ақ кірлігі көз қарықтырып, "майданға" шақырған кең кереует... Қыз бірден батылданып кетті. Қимылы әбжіл. Үстіндегі жарты елі лыпасын сыпырып тастап, «келсең–кел» дегендей қарсы алдыма тұра қалды:
– Қандай позаны қалайсыз?
Не дегені құлағыма кіріп-шығар емес. Қиялым әлі шарықтап жүр аспанда. Алдымда тұрған ақ періштені сүйсем, құшсам деймін ентігіп. Албыраған еріннен, үлбіреген ақ торғын тамақтан өппек боп ұмтылсам, бойын алыпқашып, жақындатар түрі жоқ.
– Кішкене аймалайыншы, жаным! – деймін жылап жіберердей жалынышпен қыңсылап. Менің жабысқақ қылығымнан ығыр болды ма, сәлден кейін:
– Әй, шал... бол! – деді төсекке шалқая беріп қатқыл дауыспен. – Махаббатты үйге барған соң кемпіріңнен сұрарсың. Мен – жұмыс үстіндегі адаммын. Уақыт – ақша. Әлі төрт клиентке қызмет көрсетуім керек!..
Бойымдағы айқұлақтанып есірген нәпсі шоршыған байталдың сауырынан сырғып түскен кәрі азбандай сылқ ете түсті. Мың жылдық ұйқыдан оянғандай аң-таң күйде айналаға басқаша көзбен қарадым. Қас-қағымда бәрі өзгеріп сала бергендей. «Зорыққан кәрі өгіздей бақыраймай, істейтініңді істесеңші» дегендей тықыршыған тыржалаңаш сайқалдан шошынып шегіншектей бердім. Балаларым есіме түсіп, бірден сағынып кеткендей болдым. Әйелім де бұрынғыдан ажарланып, ең бір жанашыр, қамқор, жақын адамыма айналып бара жатқандай ма... қалай? Бәрі сондай ыстық тартып барады. Қалай қадырын білмей келгемін десеңші. Әсіресе, осы күнге дейін пыс-пыс етіп қойнымда жататын кішкентай қара тентегімнің күнсіген төбесінен, бидайдай меңі бар желкесіндегі шұңқырынан иіскегім келіп кетті...
Көз тиді-ау
«Адам аласы ішінде» деген рас-ау, сірә, уәдеге берік, сырбаз көрінген Сартаичтің соңғы кезде сөзі де, ісі де сырдаң тартып, сиырқұймышақтанып барады. Алғашқы екі-үш айда айтқан жалақысын дұрыс берді. Советтің соңғы сабан ақшасын уыстап әкеп, һаялдың алдында әжептәуір аптариха жинап қалып ем. Үйдің ажары кіріп, асбөлмеден тамақтың неше түрлі хош иісі мен жарыса құлақты қытықтар әдемі-әдемі әндер естілетін. Қарын тоқ, көйлек көк болса, бұ қатын деген халық сүп-сүйкімді боп кетеді екен ғой. Қожаның қызы екені есіне түскендей , мұсылмандық ибәмен: «Пәленшенің көкесі–ау, тұрасыз ба? Шайыңыз әзір!..» деп сыбызғыдай сызылатынды шығарды. Менен қадырлы, менен ерке ешкім жоқ. Шалбардың қыры ұстарадай, крахмалданған көйлектің ақшытыра жағасы мен манжеті көз қарықтырады. «Көкесі–ау, түсте "әбизателні" ыссы ас іш, әйтпесе асқазаның бұзылады. Сыра-мыра ішсең, не жолдастарыңмен карта ойнасаң, керек боп қалар!..» деп орыстың қызыл-ала рублін қалтама тықпаштап жатқаны... Әй, әй, тым тату, тым тәтті боп кетіп едік, қаужаңдап майлы сорпа ішетін күнге жетіп қап едік... көз тиді–ау осы!.. міне, Сартаич жарты жылдан бері айлық бергенді қойды. Сылтауы көп: біресе, тауар жөнелтіп тұрған партнері «лақтырып» кеткен болады; біресе, кеденде бірдеңе шығып қалады; енді бірде жоғарыда «крышавать» етіп отырған дөкейдің араны ашылып кетті дейді... әйтеуір қабағы қатулы. Бір-екі рет жасқана-жасқана ішер тамақ, киер киімнің зарын айтып қыңқылдаған болып едік, қоймадағы өтпей тұрған Қытайдың шипотреб қоқысынан бір-бір қапты алдымызға тастады:
– Айлықтарыңның есебі–осы!
Шалбардың бір балағы ұзын, бір балағы қысқа. Кроссовка, шәркейлердің әр сыңарының размері екі басқа, размерін дәлдесең, екеуі де бір аяқтікі... Қып-қызыл пұлға алған затты далаға лақтыратын емес. Ылдалдап киеміз деп, көргендердің күлкісіне де ұшырап жүрміз.
Қызметкелердің біразы шығып кетті. Мен де кетейін десем, анада саунаға апарып қараша басымды хандай ғып сыйлағаны есіме түсіп, қиын сәтте тастап кеткеннен ұялам, бір жағынан, кеткенде келе ғой дер ешкім жоқ, әрі ертең-ақ бәрі бұрынғыша қалпына келер деген үміт те етектен тарта береді. Кісі аз болған соң фирмадағы елеусіз аз жұмыстың өзі көп. Мен мұндалаған шаруаны көре тұрып құр үстелді өңгеріп отыра беруге өзіңнің де дәтің шыдай бермейді. Басекең: «Ағасы, ананы өйте салыңызшы!» дейді. Өйте салам. «Мынаны бүйте салыңызшы!» дейді. Бүйте салам... Сөйтіп біраз күннің ішінде аула сыпырушы да, еден тазалаушы да, жүкші де бір өзім болып шыға келдім.
Сартаичтің шофері – әрі оның оққағары. Біз атқаратын қара жұмысқа қара тырнағын қимылдатса, қары үзіліп кетердей иліксе, кәне. Бөксесін болттап қойғандай бір орында тырп етпей сағаттар бойы отыра береді. Тек аузында тыным жоқ. Не айналасын аткөпір ыбырсытып шекілдеуік шағып, не сағыз шайнап күйсеңдеп отырғаны. Тырсиған қарасұр жүзінде селт еткен сезім жоқ, шайнаңдаған аузы болмаса, басқа жері түгел ұйықтап кеткен. Бұрандалы ойыншық сияқты, бастығының айтқанымен ғана қозғалады. Бір-екі рет аула сыпырып жүріп:
– Бауырым, шекідеуіктің қабығын бүйтіп шаша бермесеңші! – деп едім, көзін ашып ұйықтап отырғандай, бетінің бір қылы қыбыр етсе не дерсің.
Өзгені білмеймін, өз басым өзімнен гөрі басекемнің бизнесі жүрмей жүдеп жүргеніне көбірек уайымдаймын. Арзанға қуанып, азға тоятын біз сияқты емес, "байлық пен барлыққа мелтектеп үйренген азаматтың сағы сынды-ау", "саунаға барудан, карта ойнаудан қалды-ау" деп кәдімгідей жаным ашып қынжылдым. Өзімнің пәленбай ай жалақы алмағаным оның жанында қымыз ішпедім деп айранға өкпелегендей боп көрінеді. Бала-шағамның тамақтан қақтығып, иіндері жүдеп жүргенін де елең қылмаймын: "е, не көрмеген бас, біз бәріне шыдаймыз" деймін.
Бір күні Сартаич сары жондағы сағымдай сылаңдатып су жаңа «Лан-крузер» мініп келгенде қуанғанымды айтсаңшы! «Бәрекелді, азаматтың еңсесі бір көтеріліп қалды-ау!» дедім ішімнен масайрап. Мөлт қара «Джип», қар мен батпақта бірдей жоситын сойқанның өзі. «Алматыда жетпіс төрт-ақ адамда бар!» деп ышқырын бір көтеріп ыржиғанда, Сартаичтың ұлан-ғайыр бетінен мәз-мәйрам мақтаныштың алақұйыны ұйтқып өтті. Шашу шашып, тойлап жібердік. Қыс түсісімен қасқыр аулауға шығады екен. «А то, жолдастардан ұят. Қансонарда бәрі тау-тас кезіп кеткенде, қалай үйде отырасың!..» деп басекең бір жоқтың орыны толғандай тершіген маңдайын бір сипап қойды.
«Пәленбай уақыт айлық алмай жүргенде, мынаның мынасы несі–ей!» деп аузы жыбырлағандар да табылды, әрине. Бірақ өзім басекемнің «қасқыр атам» дегеніне бек риза боп кеттім. Атам қазақ қасқыр деп неге атаған? «Қас–қыр!» деген сөз. Әбден жаны күйіп, ызасы өткен соң солай деген. Ол қаскүнемді тұқымын тұздай құртып қыру керек! Әйтпесе ол қаншама малды қырып, талай қазақ «бешбармақсыз» қалмай ма! Кей жігіттердің осыны түсінбейтініне қайраным бар.
Әйткенмен қара машинаның бабы маған жаңа жұмыс болып қосылды. Іші-сыртын күнделікті жуып-тазалау қалай менің міндетіме оп-оңай көшіп кеткенін өзім де білмей қалдым... Алғашқы қар жауды. Алматының қысы белгілі ғой. Кештен бастап сорғалаған қара жаңбырдың арты қарға ұласып, таң ата шыңылтыр аяз бет қарыды. Ертелетіп жұмысқа келіп едім, бастығым да жетті ентелеп:
– Ағасы, машинаны тезірек тазалап жіберіңізші. Қансонарда жігіттермен бірге қанжыға майлап қайтайын!..
Бастық айтқан соң жан қала ма, апыл-ғұпыл іске кірістім. Қарды щеткамен сыпырғанмен асты сауыттай құрсаған көксіреу мұз. Саусақ еліге таяу. Не істерімді білмей, щетканың сабымен тықылдатып капоттың үстіндегі мұзды сындыра бастағам.
– Ойбай–ай, ойбай!..– деп шар ете түскен үрейлі дауысқа жалт қарасам, басекем етек-жеңі жайылып, құлдилаған құзғындай үстіме төніп келеді екен. Ойбайлаған аузына, тосар болсам, басым сиып кете ме деп қалдым.
– Ей, дүлей... дундук... не істеп жатырсың, ойбай?! –Жеткен бойда кеудемнен қос қолдай түйіп шалқамнан түсірді. – Ойбай–ай, мына ит не істеген!.. Сырып кетіпті ғой, сырып! Шешеңді... бұл машинаның қанша тұратынын білесің бе? Бір дөңгелегіне әкеңнің құны жетпейді!..
Мен де тірі жанмын ғой. Қол жұмсағаны аздай, әке-шешемді боқтағаны жаныма батып, дүлей ашумен долыра ұшып тұрып, анандай жерде жатқан таяқты ала сала ұмтылдым:
– Әкемнен садаға кет, әкеңнің аузы!.. Машинаның дөңгелегіне татымайтын тексіз әкеден тусаң, сен туған шығарсың!.. Сексен сегіз әкеңнің!.. Жетпіс жеті шешеңнің!..– Іркілдеген денесі болмаса, жүрексіз екен, беттей алмай тайсақтай берді. – Кісіден қымбат екен ғой, мә саған!.. – деп қолымдағы таяқты машинаға қарай жіберіп ұрып едім, шарқ етіп айнасын салдыр-күлдір еткізді.
– Ойбай, мынау қиратты ғой бәрін, түгі қалмады... неғып тұрсың-ей?!. – дегені сол, бағанадан бері анандайда селтиіп бұйрық күткен шофер үкідей ұшып келіп басымен шайқай аузымнан бір-ақ қаққанда, пыр-р етіп ұшқан бейбітшілік құсындай жерден кісі бойы көтеріліп барып, қардың үстіне гүрс ете түстім.
– Мә, әкеңнің!!!
– Мә, шешеңнің!!!
Екеуі жарыса боқтап жүр, домалатып тепкілеп жүр... Әлдеқандай әйелдің шырылдаған дауысы естілгендей болды жер түбінен жаңғырып.
Есім ауып қанша жатқаным белгісіз. Көзімді ашсам, тұмсығыммен қар сүзіп, шарбақтың іргесіне етпеттей құлаған екенмін, мың-сан ине сұққылап, сәл қозғалсам, ауырмайтын жерім жоқ. Басымды әзер көтердім. Аузым толып тұрған соң түкіріп едім, сау тістеріммен қоса протезім саудыр етіп қара қанмен араласып жерге түсті. Оң жақ азуға таяу үш протез тістің біреуі алтын болатын. «Ойбай-ай, енді қайттім, – дедім ішім удай ашып.– Бір қыздың қалыңмалына бергісіз еді». Неке сақинасын қинала-қинала қиып салдырып едім. Сынамасы жоғары: 585-ші! Бетімнің сәнін келтіріп тұратын. «Алтынның буы болады» деген рас шығар, көп күле беретін болғам. Жәй күлгенге көрінбейтін болған соң, езуімді жөнді-жөнсіз ырсита күлем деп, аузым бір жағына недәуір қисайып та кеткен. Өнебойымның ауырғанын ұмытып, апыл-ғұпыл айналаны сипалақтадым. Қар бетіндегі қан тамшылаған жердің бәрін адақтадым. Жоқ! Жаңа, есім кіргенде, тамағымнан әлдене жылп еткендей болып еді, жұтып жібердім-ау, шамасы. «Ішке кетсе, ешқайда кетпес» деп, көңілімді бірлегенім сол, өне-бойым қайтадан солқылдап қоя берсін. Қас-қабағым, бетім... өзімдікі емес. Буылтық-буылтық шодырайған бірдеңе. Удай ашып қол тигізбейді. Аузым опырайып жұдырық сиып кетердей. «Ит өмір–ай, көрсетпегенің қалмады-ау!». Көкірегім қорлыққа булығып, өксіп-өксіп жібердім. Өздерін асыраушы, қорғаушы деп таудай пана тұтқан әйелім мен балаларымның мына түрімді көргенде қандай күйге түсетінін ойлағанда, солығымды тия алмай одан арман еңкілдедім. Мен, жалпы, жылай білмейтін адаммын. Ана жылы әкем өлгенде де жылай алмаған соң, көрген жұрт мынау недеген тас жүрек еді демесін деп, көзіме білдірмей пияз жағып жылағанмын, оның өзінде де сығырайған көзімді кезек-кезек сығып, әрқайсынан бір тамшы жасты әзер шығарып едім. Сөйтіп әке-шешем өлгенде көзімнен шықпаған жас пора-пора моншақтап, ұзақ өксідім. Ыза мен жәбір көкірегімді ұстарадай тіліп осқылап жатыр.
Бір уақта шарбақтан қарманып сүйретіліп орнымнан тұрдым. Шайқалақтап әзер басамын аяғымды. Басқа жерімнің ауырғаны аздай, енді ішім бұрап ала жөнелсін. Қар үстінде ұзақ етпеттеп жатып, суық қармап қалса керек. Бір қалқаға бұрыла беріп, бірден алтын тісім есіме түсті. Іштегі алтынды сыртқа шығаруға болмайды қазір. Ымырттағы ала-көлең кезде қардың арасынан сипалақтап қалай табасың. Ертең ерте-жарықта келем дегенше, ит жеп қойса ше?.. Өз ойымнан өзім шошынып, қиналғаннан қара сүмекке түссем де: « Жоқ, еркек болсаң шыда, шыда!» деп өзімді қамшылаумен келемін.
Тәлтіректеп үйге кіргенімде, бәрі өкіріп қоя берді. Бет деген – көз, қабақ, мұрынсыз көлкілдеген тұлып, аузы опырайған алба-жұлба құбыжық есіктен кіріп келе жатқанда аяды ма, шошыды ма – әйелім сыңсып, босағаның түбіне шөге кетті. Үш балам үш жағымнан асылып, азан-қазан. Бәріміз қорсылдап қосыла жыладық. Бейуақтағы шам жағылмаған қараңғы бөлме қосыла өксіп, ұзақ күңіреніп тұрды...
Жайшылықтағы жаман әйелдің қадыры осындайда білінді. Ем-домын жасап, жылы-жұмсағын алдыма тосып, жаны қалмай жалпақтап жүр байқұс. Әркімдерге телефон шалып, бір кәртең хирургпен кеңескен екен: «Мақтаны шекілдеуіктің майына шылап жұта берсін, қортылмайтын зат оратылып, екі-үш күнде өзі түседі» депті. Доктордың дегенін істеймін де, кенже ұлымның ескі горшогінде ертелі-кеш шоқиып отырамын. Алтын жұмыртқа табатын мекиен сияқтымын, тұрсам болды, әйелім аузы-мұрынын шүберекпен таңып алып, горшокті арлы-берлі сылдырлатып жатқаны. Бір күн жоқ, екі күн жоқ... Бұл қалай деп күмандана бастап едік, сәтін салғанда, үшінші күнгі толғағым олжалы болды. Соның қуанышына әйелім: «бүгін бір саған қалжа жегізейінші» деп гастрономнан тауық сатып әкелген. Құдай–тағала берейін десе, қос-қосынан үйіп-төге салады екен ғой! Тауықты тазалап отырғанда бөтекесінен тағы бір алтын тіс шыға келгені. Анау-мынау емес, азутіске кигізілген алтын қаптама! Кедейдің қуанышы да, жұбанышы да көп қой. Жаратқанның тосын сыйына үйішімізбен қуанып, әжептәуір құнжыңдап қалдық.
Базар
«Өзі жылауық бозым еді, шыбық тиген соң не сорым» демекші, онсыз да кернау басым, ауырды-сырқадының сылтауымен әйелім байқұс ебелек қағып асты-үстіме түсіп өбектеген сайын мүлдем үпіл-мәлік боп алдым. Көзі жыпылықтаған «Горизонтты» анда-санда төбесінен бір қоям да диванға сылқ етіп шалқамнан түсіп жата кетем. Бір күні әйелім алай бір, бұлай бір ойқастап өтті де мықынын таянып қасыма тұра қалды. (Мықынын таянса-ақ бітті, зәрем ұша бастайды, бір тықырдың таянғанын сезе қойдым.)
– Отағасы, бұл қай жатыс? Еркелеп болсаң тұрмайсың ба?
– Тұрғанда не істейміз?
– Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Сауда жасайық!
– Сауда-а?!! – Осқырғанда кеңсірігім жарылып кете жаздады. – Құрсын, атамның атасы жасап көрмеген кәсіп!
– Омай, шіркін, ақсүйек! Жаныңды баға алмай жүріп, кергіген не теңің.
– Жасасаң, өзің жаса. Бабаң басына сәлде орап, есек мініп, базар жағалаған саудагер емес пе?
– Пішту! – деді әйел ерінін шығарып. – Өзің жетісіп тұрғандай. Қазанда айна-тарақ сатқан кімнің бабайы екен? Сезнең бит, малай!..
Ары итеріп, бері жығып, сөзбен біраз қаржасып алған соң, мұндай «шайқастарда» қашанда омақасатын әдеттіммен тағы да әйелдің уәжіне жығылдым. Иіндері тозған, мойындары қылқиған үш баланы алдыма көлденең тартып, әр сөзін мірдің оғындай қадап, жаныма батырып-батырып айтқанда, кинодағы фашистей екі қолымды тас төбеме көтеріп емпеңдей жөнелуден басқа амалым қалмады... Сөйтіп үміт жетелеп, жоқтық желкелеп атам істемеген сауда деген таңсық өмірдің хан-базарына қойдық та кеттік.
Жолдың арғы жағындағы «Оптовкадан» Қытайдың арзанқол кәкір-шүкірін аламыз да, бергі беттегі базарда сауда қыламыз. Базар дегенің – айналасы бетон дуалмен қоршалған ашық алаңқай. Сүргіленбеген қисық-қыңыр тақтайдан сәкі жасап, төбесіне берзент керілген ұзын-шұбақ қатарлардың өз иесі бар. Бірі – әлдебір байдікі, бірі – әкиматтағы қонжиған әлдебір шонжардікі. Қалқайманың астын метрлеп сатып, қалтаңды қақшып алады.
Құдайдың иен-тиегін жеріне тұрғанға ақы алғандары қай Құдайдан безгендері деп, баяғы көңілмен бұрқылдап жүрсек, жер енді Құдайдікі емес, Құдайыңа пысқырып та қарамайтын байлардікі боп кеткен екен ғой.
Біраз уақыт жаңа кәсіпке бой үйрете алмай жүрдім. Қазақтың саудаға деген қанға сіңді жиіркеніші, ескі моралі кеудемнен қос қолдап итеріп тұрғандай. Қалпағымды түсіре киіп, көзіме жарты бетімді жайлаған қара көзілдірік тағып аламын. Таныс біреудің қарасы шалынса, дереу теріс айналып кетіп немесе жайманың қалқасына бұғып отыра қаламын... Кешке үйге келгеннен кейін тәпіштеп бар пәлені ұстаған қолымды жуамын; «әй, осы сен бар былықты көрдің ғой» деп көзімді жуамын; «тауар өткізем деп алдап не сөз айтқан жоқсың» деп аузымды шаямын... бүкіл денемді ысқылап жуамын. Бәрі бір ішімдегі бір былғаныш кетпегендей өз-өзімнен жиіркенумен боламын.
Бұрын сауданы, қолынан келер басқа кәсібі жоқ жылпос, ысқыаяқ, дүниеқоңыздар жасайды деп ойлайтынмын. Оным мүлдем бекер екен. Бүгінгі базарға жоқшылық деген пәлекет небір жақсы мен жайсаңды айдап шығыпты. Жөн сұрассам, оң жағымдағы көршім – профессор, химия ғылымының докторы, сол жағымдағы мұңдасым – ол да доктор, биолог, одан арғы – доцент, оның ар жағындағы – кафедра меңгерушісі... өңкей доктор, кандидат... ығай мен сығай. Ішіндегі атақ-лауазымы жоқ, ең елеусіз қаратөбелі мен ғана екенмін. Адамның тығырыққа тірелгенде өзінен де күні төмендерге қарап өзін алдарқататын пендешілігі болады ғой, «мүйізі қарағайдай мықтылар ұялмағанда, маған не жорық!» деп әжептәуір еңсе тіктеп, ажарланып қалдым.
Оң жақтағы Сәдуақас деген ағай – ақбурыл шашын шалқайта тараған, иегінің ұшында бұршақтай меңі бар, аққұба өңді, елулердегі еңсегей, келісті кісі. Қазір ғана лекция оқып аудиториядан шыққандай қашан көрсең де үсті-басы мұнтаздай, жинақы. Термостан құйып алған ыстық шайын ұрттап қойып, кітап оқып отырады. Кейде менің қуыстанып әлдекімдерден тайсақтап қалқаға қарай жылыстағанымды көріп қап ұрсып тастайды:
– Әй, өзің қызық жігіт екенсің! Ұрлық қып тұрсың ба, қарлық қып тұрсың ба, неменеге ұяласың? Осы біздің қазақтың мінезін түсінбеймін. Еңбектеніп адал теріңмен нан тапқанның несі сын! Біздің әйел де: «Ойбай, профессер басыңмен базарда тұрасың ба, ұят-тағы, ұят!» деп екі бетін жыртты. Мен неменеге ұялам? Ұялса, Ленинградта диссертация қорғаған, галогендерден екі жаңалық ашқан, профессор басыммен осы күнге жеткізген аналар ұялсын!– деп сұқсаусағын жоғары шошайтады. –Әй, ұяттан бір күн кейін туған ол немелер қайдан ұялсын. Оларға ғылым да, өнер де керек емес. Тек ақша ғана керек. Ақша болса, бәрін сатып алам дейді. Ғылым академиясы тарады, ақын-артист – байды мақтап зарлаған жарапазаншы. Оларға айдағанға жүретін, айтағына үретін ойсыз-өнерсіз тобыр керек!..
Біздің қатарда тұрғандардың дені ғалымдар. Таныс-біліс болған соң бірін-бірі сағалап келген ғой. Сондықтан Сәдуақас ағай біздің қатарды «Базарстан Республикасының Ғылым академиясы» деп қағытады. Бізден кейінгі қатарда ақын-жазушылар сауда жасайды. Дарылдаған күлкі-айғайы, думаны көп. Тұспа-тұста Ниязғұл, Бейсенбек, Темішбай деген ақындармен қоңсымыз. Бұрыннан жүздері таныс, аттары қанық. Анда-санда телевизордан көрініп қоятын. Әрқайсысы самсаған тауарлармен бірге өздерінің «Самиздаттан» шығарған кітапшаларын жаймаға текшелеп қояды. Басқа ешқандай кітапты жолатпайды. Әрқайсысы тек өзі ғана мықты. Арлы-берлі өткендерге: «...өу, қарындас... әй, інішек... әу, жеңгей... міне, мына өлеңді тыңдаңызшы... Мұқағали да мұндай жазған жоқ, нағыз классика!..» деп бір-екі шумағын шұбырта оқып, жаймадағы заттарынан бұрын әрқайсысы өз кітаптарын насихаттап кетеді.
Менің бір құлағым бойлай да солар жақта. Бәрін болмаса да еміс-еміс естіп қаламын кей сөздерін. Көбінесе арқаланып дүрілдеп сөйлейтін – Ниязғұл. Қылқиған мойынын иығынан бұрап шығарып жұлқынып тұрғаны. Тыриған тарамыс болғанмен, бос бөшкені ұрғылағандай даңғырлаған дауысы зор. Айғайлап, өңештеп сөйлегенде ішіп алған ба деп қаласың. Көбінесе Темішбайды қыжыртып жатқаны:
– Иә, орденді сатушы, сауда күсет болсын! – дейді таңертең сәлем орнына салған жерден. Темішбай оған мүлдем кереғар, денесі де, мінезі де: екі беті бұлтиған қара-торы, дембелше. Самайы мен желке шашының ұшы шиыршықтанып тұрады. Жүріс-тұрысы маңғаз. Ылғи да үстінде ақ көйлек, галстук тағып қылғынып тұрғаны. Телевизор көретіндердің бәріне таныс, мәжіліс сайын суырылып сөйлеп тұратын сарнауық бір сенатормен бірге түскен суретін үлкейтіп жайманың бір шетіне сүйеп қояды. Онысы: «біз кіммен әмпәй екенімізді біліп қойыңдар!» деген мақтаны. Мына көзі едірейген тікен мұрттың көп жыл совхоз басқарған әкесі туралы поэма жазып «Құрмет» орденін алса керек. Ниязғұлдың «орденді сатушы» деуі содан. Ниязғұл оның тырсиған қарынын сұқ саусағымен түртіп қап, басын шайқайды:
– Партократтар мен коорупционерлерге қор болған қайран өлең–ай! Одан да өз әкең туралы неге жазбайсың?
– Ол ондай құрметті азамат емес қой.
– А, әкең құрметсіз бе еді? Бәсе, бәсе!..
– Кетші-ей сөзден пәле іздемей...Жалпы, сенің позицияң дұрыс емес. Бай, бастық десе, бассалып жамандайсың. Ана кісіге де тіл тигізесің! – деп иегін көкке бір изеп тастайды. – Баспен алысқан ел бассыз қалады деген қазақтың сөзін ұмытпа!..
– Сен-ақ мақта. Бар жерін жалағанда шыққан ұшпағың осы ғой. Сөлкебайыңды сылдырлатып тұр енді бақсыдай бақылдап!
– Тұрса несі бар екен? Бұл да еңбек...
Біраздан кейін ішіп алып, тіптен дарылдап кетеді. Сауда – бір жақта, өздері – бір жақта. Көп үндей қоймайтын Бейсенбекті ондайда тоқтату бір күш. Беті күреңітіп, өлең оқимын деп өжектегенде кісіге дес берсе кәне. Екі көзін тарс жұмып, күшене айғайлап, қолын үсі-үстіне сермейді:
– ...О, менің қасіретім – Ауғанстан!
Тағдыр сені жаратқан ар-намыстан.
Көз жасыңды сүртемін өлеңіммен
Жүректердің арасын жалғап ұшқан!..
Бір өлең бітер-бітпестен екішісіне көшеді буырқанып:
–Уа, уа!
Никара–гуа!
Шер мен сор маңдайынан арылмаған!
Ал-дағы жырларымды жалындаған,
Берші сен азабыңның бәрін маған!
Уа,уа!
Никара–гуа!.. – дей бергенде:
– Уа, уа, дауысыңнан айналдым дарылдаған... Болды, қоя ғой! – дейді Сәдуақас ағай дауысына зіл сала кекетіп. – Айдаладағы Ауған мен қияндағы Никарагуада нең бар? Айналаңдағы жылағандар аз ба, солардың көз жасын неге жырыңмен сүртпейсің?
– Ой, Сәке, сіз қызықсыз. Өлең деген еркін қалықтаған құс, биікте самғауы керек. Сіз жерге түс, қарабайыр тірлікті жырла дейсіз. «Шөп те – өлең, шөңге де – өлең» дейтін нағыз примитив сол емес пе?
– Өлең өз топырағында өнуі керек. Қасірет пен қайыршылықты іздеп Африканы шарқұрудың қажеті не? Қолын жайып қарсы алдыңда тұрған жоқ па соның бәрі? Өзің мұнда неғып тұрсың? Не көріп, не түйсінесің – поэзия деген сол.
– Ғалым деген халықты түсіну қиын. Тым прагматиксіздер. Қатып-семіп қалған бірізді, ескі категориялармен ойлайсыздар!..
«Өлеңнің отыменен өртеп жіберемін!» деп лапылдап, өрекпіген ақын ағайындар аудитория таба алмай өкпелеп, қоңылтақсып қалады. Осы Бейсекеңнің мінезі тіптен қызық. Түріне қарасаң, өлең жазатын кісі сияқты емес. Еңкіштеу, тыриған арық. Арбадан зорыққан өгіздей екі көзі алайған, суалған екі ұртының ойығына екі жұмыртқа сиып кеткендей. Тұнжырап үн-түнсіз жүргенге момақан біреу-ау деп ойлағанмен, аузына сәл арақ тиіп не өлең оқығанда тани алмай қаласың, дүр сілкініп, аруақтанып шыға келеді. Шыжыған ыстықта да жиегі жемтірленген қоңыр береткесін милықтатып басынан тастамайды. Анда-санда соқтығарға қара таппай еріккен Ниязғұл:
– Әй, таз, төбеңді бір рет көрсетші, көрімдігіне бес теңге берейін!– дейді қасында тұрса да айғайлап.
– Кетші! – дейді ондайда Бейсекең үні өшіп қызараңдай қолын сілтеп. Шамасы, бұл Бейсекеңнің шамына тиер жанды жері болуы керек. Аузы жылдам Ниязғұл «таз» деген сайын жасып, қызараңдап қалады. Төбе шашынан айрылған жалғыз бейбақ солдай-ақ, сонша қорынатыны қызық. Осыдан бес-алты жыл бұрын астындағы машинасын сатып, Жапонияға барып төбесіне шаш ектіріп келіпті. Бұрынғы жас кезіндегідей қап-қалың, бұйра. Алғаш көргенде жүрегі жарылардай қуанып, айна алдынан шықпай сағаттар бойы өзін тамашалап тұрып алыпты. Қуаныштан ес жоқ-түс жоқ, ұшақтың қанатына жабысқандай боп елге жетеді алып-ұшып. Көрген жұрт таң-тамаша, «апыр-ау, мынау шынымен Бейсекең бе-ей!» деп көзін ашып-жұмып, таңдайын тақылдатады. «Ал, не тұрыс, әйда кеттік!» Содан ал кеп жу, әйда кеп ресторан жабылғанша сілте... Көзін ашса, айықтырғышта жатыр екен. Басы резинка доптай жып-жылтыр – тақырлап қырып тастапты. Жата қап бақыр, ойбайла... Өкіре-өкіре жүрек талмасы ұстап ес-түссіз қалады. Ауыруханада жарты ай жатып, әрең дегенде беті бері қарапты. Міне, содан бері таз кепеші төбесінен түскен емес, содан бері үңірейген көзінен мұң айыққан емес.
Араларындағы бір бармағын ішіне бүккен тақыстауы – Темішбай. «Һің» деп мұрнынан бір күліп қояды да дарылдаған ана екеуін арандатуға құмар. Бір күні таңертең шалабурыл боп келді. Шашы дудырап, басы салбырап кеткен, көңілсіз. Қос қалтасын қайта-қайта ақтарып, сылдырлаған жарты уыс тиынды санағыштай береді. Басы сынып қыржиып отырғанда:
– Орденді саудагер, қалайсың-ей? – деді Ниязғұл жаймасына қос шынтағын тіреген күйі саңқылдап. Іздегенге–сұраған, Темішбайдың өлеусіреген жанарына жылт кірді.
– Ордендерің жоқ болса да осы екеуің менен артықсыңдар! – деді жез қармағын тереңге қарай лақтырып.
– Сонда қай жеріміз артық?
– Ақындықтарыңды айтам!
– Ой, қасқа–ай!..
– Ақыры мойндадың–ау! – деді екеуі ентелеп.
– Мойындамағанда. Бірақ екеуіңді сынайын деп тұрмын.
– Сына, сына!..
– Дайынбыз!
– Ендеше екеуіңе жеке-жеке тақырып беремін. Табан астында өлең шығарасыңдар. Жеңілген «жартылыққа» жығылады.
– Келістік! – деді екеуі жұлқынып.
– Кәне, Бейсеке, бәйге атындай аласұрып тұр екенсің, сенен бастайық. Қыздың аты – Қамажай. Осыған өлең шығаршы.
Бейсекең іркілген жоқ, жұдырығына жөткірініп алды да сілтей жөнелді:
– Қыздың аты – Қамажай,
Жатқан жері – жағажай.
Жағасында – қарағай.
Саясында – кәрі ағай.
Күрсінеді Қамажай –
Кәрі ағай жатыр жарамай!..
– Ой, бәрекелді, бар бол, Бейсеке! Ал, ендігі кезек – Нәкеңдікі. Пай-пай, табанымен жер тарпуын қарашы, мына көк дауыл сойқанның! Саған не тақырып берсем екен? А, анау қалжыңдаса беретін келіншектің аты кім еді, Роза ма? Соны өлеңге қосшы.
– А... Роза дейсің бе? – Қос танауы қусырылып, түсі қуқылданған Ниязғұл желкесін қасып сәл іркіліп қалды да ары қарай іліп әкетті:
– Айналайын Роза,
Сенсіз өмір – проза.
Поэзия болар-ау,
Ойнап-күлсек біраз,ә!
Сырымды қайдан білерсің.
Тірлікті ойлап жүдерсің.
Айға қарап ұлысам,
Құтырған деп күлерсің!.. – деп екі көзі қызарып екпіндете ентігіп тоқтады.
– Пах, шіркін! – Темішбай басын үсті-үстіне шайқады. – Екеуің мені қинадыңдар ғой. Біріңнен бірің өтесің, қайсыңа бәйге берерімді білмей тұрмын. Әй, екеуіңе де Бас бәйге! Қазылығыма ризасыңдар ма?
Жаңа ғана бақталас боп бір-біріне жауыға қараған екеуі жымың қақты:
– Ризамыз!
– Ендеше, бәйгелеріңді жуыңдар. Бірің – «Экстра», екіншің – бір-екі сыра, тіскебасарымен.
– Е, оған сөз бар ма! – Екеуі саңқылдай сөйлеп, анандайдағы дүңгіршекке қарай емпеңдей жөнелді...
Кешке таман жүкті алып қайтуға көмектесуге келген әйелдері көздері күлімдеп, «Ләйлім-шырақ» боп отырған үшеуін көріп, базарды басына көтереді: «Ойбай-ай, енді қайтейін. Өлтіретін болды-ау мына алқаш! Тағы да ішіп алыпты сідігін... Бүйтіп мал тауып асырағаның құрысын! Бұрын сыраханадан шықпаушы едіңдер, енді базарда бас қостыңдар ма, үш алқаш!..» деп үшеуін үш қатын жайманы айналдыра қуып жүргені. Тегін концерт. Біреулер күледі, біреулер басын шайқайды:
– Әй, берекесіздер-ай! Осыларды да бауырынан бала өрген бір шаңырақтың егесі дейді-ау!
– Иә, көптің бірі емес, ел көзінде жүрген азаматтарға ұят-ақ!..
Ел не десе, о десін, өз басым оларға қызыға қараймын. Алланың ықыласы түсіп, айрықша жаратқан пендесі сияқты. Әсіресе Бейсекең мен Ниязғұлдың жыр толғап шалықтаған сәтте көзіндегі жарқылды көрсең, жайдың отына жанып алғандай жалындап тұрғаны. Ақыннан басқа қай пенде өстіп шалқып, қуана алады? Сөзден құдірет жасап, өз отына өзі күйіп-жанған қайран жүрек! «Шіркін, осылардай бақытты адам бар ма екен!» деймін үш ақынға қарап күрсініп.
Жан-тәніммен жатырқаған базарға бірте-бірте етім үйреніп, бетімнің қытығы өле бастады. Біле-білсең, бұл да бір қыр-сыры қырық қатпар, құпиясы мол үлкен кәсіп, қордалы тіршілік көзі екен. Біреудің екеу болып, аздың көбейгенін кім жек көрсін. Аңшының құмарлығындай бір желік еліктіріп, тереңіне тарта беретіндей. Енді бұрынғыдай таныс-білістен ығысып, бүгежектеу жоқ. Жүзім жарқын, дауысым ажарлы. Анандайдан елді шақырып, «Алың, алың!» деп тауарымды мақтап сарнап тұрамын. Келгіншінің аңғалын да, әккісін де бір көргеннен сезе қоятындай боп тақыстанып алдым. Күннен күнге қуланып, сұмданып, қалт еткенді қағып түсердей әбжілденіп, сұңғыла боп барамын. «Кәне, ашық ауыз қайсың барсың, кел бері» дегендей сусылдап, сұңқылдап, сумаңдағағанда аузым аузыма жұқпайды. Арзанды қымбатқа, арзымасты асыра сатып, біреуді алдап түсірсем – асығым алшысынан, сондай қуанып, құнжыңдап қаламын. Қалтама сүңгіткен қызыл-ала қағаздың қызуы кеудемді қыздырып бара жатқандай айнала беріп сыртынан сықырлата басып-басып қоямын... Саудагерде эстетика болмайды екен. Дүниедегі жанды-жансыздың бәрі тауар боп көрінеді. Сұлулыққа көз суғарып, көңіл елжіретіп сүйсіну жоқ. Көше бойындағы жаңа егілген балапан шыршаға қарап: «Жаңа жыл қарсаңында түнделетіп кесіп алып сатар ма еді!» деген ой еріксіз көкейімде қылаң ете түседі. Құйрық-жалы сүзілген сәйгүлік көрсем: «Па, шіркін, табан шығар қазысы бар-ау, базарға салар ма еді!» деп аузымның суы құрып тамсанамын. Қылшығын тастап қансонарда қылаңдаған қызыл түлкі, судағы құндыз, сусар... маған қымбат тымақ, бөрік, тон... болып елестейді... Іші –сыртым бірдей былғанып, қара балшыққа белшеден батып барамын. Соны біліп- сезіп тұрсам да селт етіп, жиіркенер емеспін.
Жалғасы бар.