Серік САҒЫНТАЙ: Көктемнің мөп-мөлдір тамшысы

ГИТЛЕРЮГЕНД

(гротеск-әңгіме)

«О, с какой тоской

Птица из клетки глядит
На полет мотылька!»

Кобаяси ИССА.

«...Я приказываю вам:

«Сожгите меня!»
Бертольт БРЕХТ.

...Үзік-үзік елестер ғана келеді көз алдына.

* * *

Кеш бата алау жаққан. Тоғайдан тал бұтап әкеп, қауқитып үйіп қойысты. «Бүгін 1940-жылдардағыдай өмір сүреміз» дескен достары. Бәрібір емес пе?! Қырқыншы жылдары не болғанын кім біледі? Соғыс жылдары ғой. Кім, не үшін, кіммен не үшін соғысқанын да білмейді бұл. Ештеңе есінде қалмапты. Баяғыда қазақ пен қалмақ соғысыпты, одан әріде парсылармен соғысқан. Сол соғысқандардың, бірақ қазақ, қазақ емес екені белгісіз... Ал, мыналар неміспен соғыстық дейді. Айдаладағы неміспен не үшін соғысқан, ей?! Сірә, сол соғыстан жеңілген сияқтымыз ғой. Әйтпесе, бавар сырасы мен «Мерседес», «BMW» машиналары қайдан келген бізге?!.
Маңайына мәңгіре көз тастады. Дала тымық. Дымқыл отыннан ұшқан түтін арасынан үшқаттың шоққа айналып қызарған жемісі де көкке көтеріліп, жарқырауық қоңыз сынды шалынады көзге. Түтін көзді ашыта ма деп қорғалақтаған. Көзі онсыз да кілгірттеніп қалыпты. Сол кезде ғана кешкісін бірер сағат ұйықтағаны есіне түсті. Енді түнімен көз іле алмасы анық. Бірақ, кім білген?! Езуіне жымысқы жымиыс ұялады. «Қазір, әлгіден екі жұтым тартсам, ұйқыға шомбақ түгіл, аспанға ұшып кетермін».

* * *

...Арманның арғы түбі неміс еді. Кәдімгі неміс. Соғыс қарсаңында Калининград түбінен бері қотарылған қалың тұтқынмен Арқаға келіпті бір атасы. Сталиннің салған лаңы ғой. Бұл жақтағы ұйысқан ұлыспен мидай араласып кеткен соң, айналасы сексен жылда құжатына қазақ деп жазылып та қалған. Олай болмасына лаж да жоқ тәрізді. Атасының әжесі сол қырқыншы жылдары неміске шыққан. Одан тараған ұрпақтың бәрі дерлік көзі тұз-жасыл зүмірет болғанымен, өңі де, тілі де қазақтыкі. Ал, тоқсаныншы жылдардағы алағайлы аласапыранда аудандағы паспорт үстелі адамның сойы, ұлты түгіл, жасын да ақы иесінің қолайына келтіріп жазып беретін. Сонау алпысыншы жылдары-ақ бұлардың әулетінен шыққан ұл-қызды «неміс», «фриц» деп кемсіту ұмыт болды. Атасы сөзге ділмәр еді, анау-мынау қазақты отырғызып кететін мақалдағанда. Бұған да жұққан сол қасиет. Сол қасиеті арқылы мектепте үздік оқыды: мұғалімнің өз сөзін өзіне тура қайталап беріп, талай бестік қондырған күнделігіне. Кейін жадының бір тылсымы ашылды ма – бір оқыған кітабын үтір-нүктесіне дейін ұмытпайтын, бір көрген адамын қанша уақыт өтсе де дәл танитын боп алды. Оған сөзге шешендігін қосыңыз. Мектепте оқушының алды болды, университетте студсовет бастығы атанды. Сөйтіп жүргенде, «КВН» деген ермек пайда болсын. Мұның қабілеті сонда арқырай ашылған. Ауызекі сөзде дес бермейтін атасының аруағы арқасын қысып, сахнаға шыққанда түйдек-түйдегімен тастаушы еді жеңілауыз қағытпаны.
...Үзік-үзік елестер ғана қалыпты сол дәуреннен.

* * *

Отто үшін 1933 жыл өте ауыр болды. Қаңтар басында анасы ана дүниеге аттанды. Мінезі томырықтау әкесі жарының қайғысын көтере алмай соңынан жөнеп берген. Он екі жасқа енді толған еді бұл. Өзімен тете қарындасы екеуі ғана қалды әулетте. Потсдамда тұратын немере ағасын іздеп барғысы келіп еді көктем шыға. Бірақ, мына иесіз үйді кімге қалдырмақ?! Өзі де, қарындасы да ауладан ұзап көрген емес. Бір күні сол ағасы өзі-ақ келсін бұларға. Отто қуанып қалды. Бұларға қарайласып отырған көрші фрау да қуанып қалды. Ал, ағасы...
Ағасы келе жаңа тәртіп орнатқан. Үйелмелі-сүйелмелі қос жетім еңірей қарсы алған көкесі қатал боп шықты. Түс ауа қорым жаққа барып, әке-шешесінің басына гүл қойып келген. Ағасы бұлар батып кіре алмай жүрген әке-шешесінің жатынжайына бастады екеуін. Қарындасы тартыншақтағанына болмады. Екеуін есік тұсындағы орындыққа отырғызған бетте, етігін шешпестен құстөсектің бас жағындағы кітап сөресіне қадам туралады ол. Атасының атасынан қалған қызыл емен сөреде бұлар бетін ашып көрмеген қалың-қалың томдар тізіліп тұр еді. Гегель, Маркс, Карл Каутский, Зигмунд Фрейд, Ремарк, Генрих Манн... Біртіндеп алып, авторлар есімін дауыстап оқып, жерге гүрс-гүрс лақтырып жатыр. Кірпіш томдар еденге гүрс етіп құлаған сайын қарындасы селк-селк етіп, дірдек қаға бұған тығыла түсті. Мұның жүрегі атқақтай соғып, кеудесін жарарман. Көзінен бір тамшы жас шықпады. Кітаптар үйіліп қапты.
Сен екеуіңнің шаштарың қара болғаны менің басыма бәле боп жабыспаса етті! - деді ағасы.
Бұлар түк ұқпаған.
Мына кітаптың бәрін Опернплацқа өзің апарасың!..
Бұлар тағы ештеңе түсінбеген.
Ай, сорлы балақандар-ай! - деді кіжініп...
Бір аптадан кейін бұл ағасымен бірге Берлинде Опера театры алаңында тұрды. Қырық мыңға жуық өзі құралпы бозөкпе гу-гу етеді. Желкілдеген ту, жарқылдаған эполеттер. Дарылдап мотоциклеттер өтеді топ арасынан. Жүзшақты бала балық тұздайтын бөшкедей барабанды мойнына асып алып, жуан таяқтармен құлаштай соққылап дүңгірлетіп, айналаны сесті дүбірге толтырып жіберген. Кенет әлдеқайдан ұран тасталды. Тас табаны дүріл-гүрілмен дірілдеп кеткен үлкен алаңның ортасы айқара ашылып, бума-бума кітаптар тұс-тұстан лақтырыла бастады. Әп-сәтте кішігірім төбешік пайда болды. Әлдеқайдан қатқыл үнмен әлдекім айғайлайды: «Тап күресі мен материализмге мәңгі қарсымыз! Халықшылдық пен идеализм жасасын! Маркс пен Каутскийдің шимай-шатпақтары отқа орансын!!!» Гуілдеген тобыр қосыла жамырайды. Барабан үні ауыр зілді ырғаққа түсіп, мұның кеудесін керіп барады. Бір дүлей әкесінің шаң басқан том-том кітаптарын қос қолымен ұстап, мұның төсіне құлаштай ұрып, шеге қағып жатқандай алапат. Саңқ-саңқ еткен қатқыл ұран және қайталана берді. «Адам жанының мейірбандығы артсын! Азғын нәпсі жанымыздан аулақ кетсін! Фрейдтің шатпақтарын өртеймін мен!!!» дейді дауысзорайтқыштан тақ-тақ еткен қатал үн. Сәт сайын зорая қайталанып тұрған үрейлі озанды күңірене қайталаған мыңдаған бозөкпенің ортасынан кенет ересектеу бірнеше бозбала суырылып шығып, қолдарындағы шырақпен ортада үйілген кітаптардың тұс-тұсынан от қойды! Қаншама сөрелерде жылдар бойы қаланып тұрған, әредік қолдан-қолға өтіп, жасырын оқылған кірпіш кітаптар лап етіп тұтанып, алып алау пайда болды. Кірпіш кітаптардан ажырап жыртылған жеке парақтар жалынның аспан жалаған тіліне ілесіп, қалбаң қаға ұшып көкке көтерілген. Барабан гүрсілдері арасынан неміс автоматының үніндей тақылдай қайталанып тұрған сесті ұран ауа тіліп, алаңнан аспанға атылып жатты. Елірген нөпір алауды айнала лықсып, қалың кітаптарды отқа лақтыра берді, лақтыра берді. Әлдеқайдан шалқыған шадыман бір музыка үйіріліп тұр.
Оттоның көз алды бұлдыр тартып, жанарынан сорғалаған жасты сүртуге шамасы келер емес. Осында аттанарда ағасы өртеп кеткен аталарынан қалған қарашаңырағы көз алдына келген. «Елді аштық жайлап келеді. Веймар республикасы тақырға отырғызды бүкіл елді. Үй түгіл, адамның өз басы қайғы. Әкелерің де сол жындысүрей республикашыларға елтіп өмір сүрген. Бұл үйді енді ұмытыңдар! Жаңа өмір бастау керек!» деген ағасы. Мына озандаған отыз мың оғланның арасынан қоштасарда шырылдай жылаған қарындасының үні оза шығып, миына шаншылды. «Жаным, Мария!» деді солқылдап.
...Үзік-үзік елестер көше берген көз алды бұлдырап.

* * *

Жертөленің есігі ашылғанда-ақ спирттің иісі қолқа қауып кетті. Ауамен аймаласқан аждаһа демді ақсайтан мұнда қайдан келген?! Бұл үйде, үй тұрмақ бұл аулада арақ ішетін ешкім жоқ еді ғой?! Арман аң-таң. Таңырқамай қайтсін – немере ағасының осы жертөле кілтін сұрап алғанына жылдан асқан. Кешқұрым көлігінің аккумуляторын кіргізіп, отқа қойып жүретін. Өзі ішімдік атаулыға мүлде әуес емес. Бәлкім, ағасы ескі көлігінің оны-мұнысын шайып жүрген болар спиртпен?!.
Алакөлеңке жертөлеге сәлден соң көзі үйренген. Оң жақ бұрышта – бұрнағы жылдары өздері үйден шығарып тастаған көнетоз кереуетте ағасы жатыр екен. Мұны көрсе де қозғала қоймады. Иегін қағып қап, ишарамен «төрлет» дегенді білдірген. Кереуеттің аяқ жағында темір тумба, тумба үстінде бес литрлік судың құтысы тұр. Мойнынан кесілген пластмасса ыдысқа әлдебір күмәнді сұйық құйылған екен. «Спірт шығар?» деп топшылады Арман. Ағасына тақалып келгенде аңдады: кереуеттің асты толған медициналық спирттің босаған шишалары. Атасының шақшасындай ғана шағын 0,3 грамдық қоңырқай құтылар үйіліп жатыр. «Ағам арақ ішпеуші еді ғой?! Ішсе де спірт ішпейтін шығар?! Дүкенде ішімдік атаулының неше атасы тізіліп тұр ғой. Мұнысы несі?!» деп ойлады. Сұраулы жүзбен кереуетте бүрісіңкіреп жатқан немере ағасына қарады. Анау мағынасыз ыржияды.
Кенет былтыр тағы осы ағасының мұны дәріханаға жұмсап, сегіз құты спирт алдырғаны есіне түсті...

* * *

Көктемнің сол мазасыз күндерінен кейін Отто кітап көрсе лоқситын өзгеше бір дертке шалдықты. Марқұм әкесі өзі оқыған қалың кітаптардың қысқаша мазмұнын сүйсіне әңгімелеп отырар еді кешкі аста. Бұл жете ұқпаса да, желісіне ынтығып, ой-қиялымен ғалам шарлап кететін. Енді соның бәрі әулекі қосүрей түстей. Сансыраған санасына маза берер емес. Отыз үшінші жылдың күрсініске толы көктемінен кейін қаншама аутодафе өткерісті. Қаншама кітапты өртеді. Міне, биыл, жасы он сегізге толып тұр. Әне-міне дегенше, алты жыл жылысқан.
Естуінше, қарындасы Марияны немере ағасы «Юнгмедель» құрамына тапсырған. Қазір «Неміс қыздары ұйымында» болса керек. «Қайда жүрсең де аман бол, Мария!» деді Отто күбірлеп. Бүгін өзі «поляк дәлізі» арқылы Шығыс Пруссияға өтетін топпен жолға шықпақ...

* * *

Ағасы темір тумбаның ішіндегі кішкене электр плитаны шығарып қойған. Іргеден созыла шұбалған желіге жалғанған тоқ пеш әп сәтте қыза бастады. Көнетоз күпәйкесінің жан қалтасынан жұдырықтай түйіншек алып шығып, ораған целлофан қағазын жыртып, ішіндегісін аппақ дәкеге төкті. Кеуіп ұп-ұсақ боп үгітілген қарасора. Онысын дәкеге орап, темір тегешке құйылған спиртке малшылай бастады... Содан шай қайнатым уақыт бойы түрлі қоспалармен әбден ылыққан спирт өткір иісті бозғылт бу атып, ақыры тотияйыннан азып, қою мұнайға айналып кетті. Тегеш түбін айналдыра зер сап қарап отырған ағасы қалтасынан тағы әлдене алып шығып, әлгі «мұнайға» себе бастады. Тумбадан қалайы қасық алып шығып, тағы да сапырылыстырып кетті. «Бұл – химка!» - деді Арманға мүләйімси қарап. «Боқмұрын балалар наша шеккенге мәз боп жүр. Мұны көрсе талып қалатын шығар?! Көресің бе?» Бұл зәресі ұшып, орнынан қозғалақтап шегіншектеп кеткенін аңдамай қалды...
Сол кеште жертөледен қалай шыққаны есінде жоқ. Ағасының қиыла үгіттеуімен бес литрлік ыдысқа тоғытылған коланың құтысы ішіне оймақтай темір қақпақта жанып-бықсып толған «химкадан» өкпесін күйдіре бір рет қана тартқан. Жөтелден қиқынып, өліп қала жаздады. Қарашығына ине қадалғандай болды сол сәт. Көз алдына теңбіл-теңбіл от елестеп, жұлдыз жанды ма-ау, миы шаншып, желкесі тартты ма-ау?!
Үзік-үзік елестер көше берген көлбеңдеп...

* * *

«Отто фон Х... Таза арийлік. Мінезі – нордтық. Батыл. Жолдастарымен қарым-қатынаста салмақты. Ұстамды...»
Алақанға сыярлықтай шағын ғана құжаттың салмағы мұнша ауыр болар ма еді?!
Анасы...
Әкесі...
Атасынан қалған қара шаңырақ...
Жалғыз, тете қарындасы Мария...
Өксікке толы балалық...
Айғай-ұран...
Темірдей тәртіп...
Шеменді жүректен шер кетпеген түнек заман...
Бір бетін де ашып оқи алмаған, құпия сырына қана алмаған кірпіш кітаптар-ай!..
Марқұм әкесінің көзі оттай жанушы еді әңгімелегенде, асыл анасы да әредік қоштап қойып, мұның қоңырқай шашынан иіскеп, еркелететін. Оттоға сонша қымбатқа түскен бұл құжат. «Мария қайда жүр екен?!» деп ойлады қамыға. Жүрегі тас боп қатып кетсе де, қарындасын ойлағанда жанарының жағасын толқын керіп кетеді...
Кёнигсбергте мұны алапат соғыстың алғашқы жалыны күтіп тұр еді. Фюрерге деген сенімі жазықсыз қаланың жаутаңкөз тұрғындарының жасымен-ақ шайылып кеткен. Ақыры, міне, алақандай құжатын отқа лақтырды. «Кітап өртегеннен жақсы ғой» деді қаланың шығыс бетінде таңды бозара күтіп отырып.
Үзік-үзік елестер отқа оранған құжатымен қоса көз алдынан, санасынан өше берген...

* * *

«Жастар нашақорлыққа қарсы!»
«Алға!»
«Жаса!»
Дауысзорайтқыштан құмыға шыққан үн саябақтың тал-бұтасын тербеген желмен қала көшелерін аралап-ақ кетті. Сол сәт 500 мегаваттық қос колонкадан дүбірлі ырғақпен ән төгілді. Ән болғанда да мұхит асып келген рэп-тақпақ. Топты жас әлгі тақпаққа елтіп, ырғақ қуалай қол соғып қояды. Ортадан алаңқай ашып, алқа-қотан қоралап тұрып алған. Ашық алаңқайға шаршы крагис төселіпті. Басына тоқыма кепе жапсырған, бұтына кеңбалақ шорты киген, иініне ілген кең майкасы ышқырланбаған бір тапал бозбала кенет ортаға ырғи шығып, әлгі крагиске төбесімен шаншыла қалды. Шаншыла қап, рэп-тақпақтың Калашниковтың автоматынша тақылдаған тақыс жорғасына ілесе құйын-перен үйірілсін. Аяғы көктен кеп жатса да, тебініп-тебініп қояды. Арман ғой бұл. Қимылы шалт. Тар көшеде қараңғыда жалп-жалп ұшқан жарқанаттан да жылпың-ау. Бақайшағына дейін қимылдап, біресе жерге етпеттей жатып, құрбақаша секіреді тарбаңдап. Біресе су бетімен жүгірген періше аяғын әуеге іліндіріп, төбесімен жер түйгіштейді.
...Үзік-үзік рэп-тақпақ кеш бата жағылған алау басында да қою түтінмен түнге ұмтылып тынған.

* * *

Отто мен Мария 1941 жылдың күзінде Кёнигсбергтен КСРО-ның ішкі аймағына жөнелтілген қалың топтың арасында бір-ақ сәт жолығысып қалды. Ғұмырға бергісіз жалқы мезет-ті. Мария бойжетіпті. Үстінде шатырдай аппақ кофта, тірсегіне түсіре қаракөк юбка киген. Бұйралау қоңыр шашын қос бұрым ғып өріп алыпты. Мұны көріп, жанары жарқ ете қалды. Отто да қасына жетіп барған. «Мария! Жаным, аманбысың?» «Ағатайым!» - деді елжіреп қарындасы, «сен аман жүрші, жарығым!» Екеуінің де жанарынан жас үзілген. Кездесу де, қоштасу да бір әулеттен өрген қос мұңлықтың балалық бақытындай тым келте болды.
Марияның одан кейінгі тағдыры беймәлім...
Отто болса, қазақ даласына келіп табан тіреп, қалың елмен мидай араласып кетті. Қартайған шағында сонау батыстағы атамекенінен қалған үзік-үзік елестей естеліктер мен ғұмырлық сағынышының құрметіне бір немересінің есімін Мәриям деп атады...

* * *

«Тозақ отынан құтылам десең, Аллаға серік қоспау керек!» деді жүнсақал молда. «Қазақтың барлық ырым-жырымын, даурықпа дәстүрін ұмыту керек! Тарих деген жалған. Ата-бабаң ақылсыз болды екен деп, сен де ақымақ болуға қақың жоқ! Бейіт басына барып тәу етуді, жансыз тасқа табынуды мүлде қою керек! Мен өлгенде басыма «К-700» трактордың дөй доңғалағын қойсаңдар да жетеді!»
Жүнсақал уағызын өзіне риза рәуіште қарқылдай күліп тиянақтаған. Шолтима балақ кенеп шалбар киген бір топ шәкірт мүләйім жүзбен бас изесіп тұр. Орталарында әлгі Арман да бар. Бірер жыл брейк-данспен әуреленген, бірер жыл «КВН» қуып, сахна тоздырған.
Жанына дауа таппады ешбірінен.
Ақыры қатарластарымен Сириядағы алғы шебі белгісіз соғысқа аттанбақ болған. Дәл сол күні... Сол күні қапылыста немере ағасын іздеп, жертөлеге түспегенде, кім біледі, жиһадшылармен бірге қалың кәуірге қарсы майданға аттанып кетер ме еді?! Ендігі тірлігі – осы. Өкпесін ашыта ащы түтін толтырып ап, түтін сейіле жететін есуас кәйіпке елтіп кеткен.
Сол жылы көктемде немере ағасы жертөледе өртеніп қайтыс болған. Өзі ғана кетпей, бұлардың қарашаңырағын да отқа орап еді. Бұлардың әулеті еріксіз ауылға көшуге мәжбүр болды. Ал, ауылда... Ауылда ертелі-кеш көшенің май топырағын таптағаннан басқа тірлік жоқ еді.
«Тағы бір күн ұясына батып барады. Түнгі күнәлардан алдын ала қысылады-ау деймін мына Күн – қызарып барады» деді күбірлеп. Көзі кілгірттеніп кетіпті. Езуіне жымысқы жымиыс ұялаған. «Бүгін соғыс жылдарындағыдай өмір сүреміз!» деді досы дарылдай күліп...

* * *

Ауылдағы жалғыз трактор жатаған қырдың етегінен қозғала бере гүр ете түсіп от алғанда әлдеқашан сөніп қалған алау басында ықылық ата тоңып, қалшылдаған нашақор да басын көтеріп қарады.
«Барша от атаулы бір күні сөніп, күл құшатыны анық» деді ол күбірлеп.

* * *

Үзік-үзік елестер ғана кешегі болған соғысты еске түсіріп тұрған еді...

17.ІІ.2015.


 

ГҮЛМИРА
(Новелла)

Когда уже очень далеко уйдешь по жизненному пути, 

то замечаешь, что попал не на ту дорогу.
П. Буаст

...Отыз үш жыл өтіпті. Өрге шығамыз деп едік, ылдида секілдіміз. Бел асамыз деп едік, беткейлеп келе жатқандаймыз әлі.

Он бесте едім. Аңғал едім. Пәк едім.
Иә, құм қамаған бұйығы ауылдың момақан баласы, он бесте едің сен. «Ақын бала» деген атағың аудан алабына аян. «Сен де он бесте, құралай, мен де он бесте...» немесе «Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте...» деп келетін өлеңдер бар біздің жақта. Екеуін де сенікі деуге болады. Бірақ, он бес жасың өзіңдікі емес екен...
Тырау-тырау тырналар бұлтты ойғанда ауылға келді Гүлмира. Қазір соны еске алғанда, әңгімелегенде «Ауылға цивилизация келгендей боп еді» деп қоясың кейде. Айтқандай, біздің бала бастан кешкен кеп туралы ел жақтағы жазушы көкем де тәмсіл тартқан. Бірақ, нақты болған жайды кейіпкердің өзінен тыңдаған абзал болар.
Ауыл-үй арасында көрікті қыз аз емес. Гүлмира солардың бәрінен бөлек. Үлбір жүзіне қарақат жанары, бүлдірген еріні, жайбарақат аңтарылған кірпіктері шақтап тартылған. Ауыл-үйдің түбіт мұрттарына қырдан қашқан түлкідей болды Гүлмира. Қыран қайда шүйетін? Ауыл жігіттері қыздарымен араздасып қала берді-ау жиі. Момақан ақын бала оншақты үйлі ортаның «бас ақынына» айналған сол жылы. Гүлмира үшін, Гүлмира деп. Әуелі өз қатары қолқалаған: «Гүлмираға хат жазып бер. Өлеңмен». Ақын атаулы саудаға шорқақ – қиылған досты көп қинамай жазады. Тегін. Рахметін алады. Ертеңіне келесі ғашық. Ақын бала да бір жазған өлеңді қайталай алмайтын дертке шалдыққан екен. Жүрегін қос қолына ұстап, шығыршығын жұлып алған жарылғыш гранат ұстағандай боп, сәл босатса, атылып кететіндей, бозара, сол жүрекпен бірге дір қаққан Мәжнүнге - жаңа жыр. Мәжнүн – мәз. Гүлмираны ұмытып, өлеңге, хатқа, соны апаратын өзіне ғашық боп мәз. Ақын баланың жүрегіне түскен қара бас өлең құрты ауылдың алпыс ғашығының құснихатынан нәр алып, өсіп келеді. Ақыры аямай шаққан. Мәжнүндердің тапсырысынан босап, оңаша ойға қалған күні шаққан. Тап қолқадан. Күретамыр буылып қалып, жүрек байғұс атқақтайды. Жүздеген ғасыр жасырынып келген жанартау дерлік. Тау қыртысын жамылған қатпар-қатпар қалың қоз лықсып шықпаққа әуре.
Сол күні бұл да көрген Гүлмираны. Бұрын да көрді ғой. Бір сынып төмен оқиды. Іштей ынтық. Сезімін өзге Мәжнүндердің атынан тізген хатқа мөрлеген. Бір күні әскерден сол күзде оралған Ноқай (шын есімі жадыдан өшкен) өтінішпен келді. Ноқаң да Мәжнүндер әскеріне қосылыпты. «Сен маған Гүлмираға арнап хат жазып бересің. Ауылдың күллі боқмұрынына жазыпсың ғой. Маған жазатының олардың бәрінікінен артық болуы керек. «Авиа» конверт сатып алғанмын. Қазір отыр да жаз. Әйтпесе...» Өтініші - өктем, сезімі – озбыр шығар. Атылайын деп жатқан жанартаудан ауыр бір ыңыраныс лықсыған. Әбден пісіп-жетілген тау жарасы сыздап сыр берерде, етегіндегі бұлақ-қайнарлардың көзінен бұрқақтар суы улы сілтіге айналып, қайнап кететін. Мұның да жанарына жас кептелді. Ыза мен шарасыздық. «Махаббат ғадауатпен майдандасқан, қайран менің жүрегім мұз болмай ма...» деген ақынды түсіне кеткен. Мұз басып жатқан жанартаулар да болады. Ол атылса, сел басар болар маңайды. Бұл да селдетсін өлеңді. Жо-жоқ, жанартауы атылмаған – алғашқы зілді күрсінісінің өзі көркем жырға айналған.
Әр жолының соңы «Гүлмира» деп аяқталатын, сиқырлы нәзік ноталармен ойнақшыған музыка еді ол өлең. Ноқайдан мұндай сезімді Гүлмира күтпесі анық. Тасын қаншама ғасыр қына жеп, мүжіп, морып кеткен тау да бір, Ноқайдың жүрегі, сезімі де бір. Ондай таудың басына қылтанақ та тұрақтамас болар. Ақыры, хат тұйықталған. «Үздіге хабар күтуші Ноқай. М.С.С.» деген аббревиатурамен. «Мен сізді, жо-жоқ, Ноқайдың атынан болса, сені ...сүйемін» деген. Әңгіменің көкесі хат жазылып біткен соң басталды. «Енді осы хатты мына конвертке сал. Сілекейіңді шұбыртпай, байқап желімде. Тұра-тұр» Ноқай қалтасынан кішкене құты алып шығып, конверттің ішіне қарата «пыш» еткізді. Одеколон. «Қу қыздың танауын қытықтасын. Ал енді іске кіріс». Конверт желімденгесін, Ноқаң сезім арқалаған жұп-жұқа хатты алақанына салып, салмақтап байқады. Жүзінде абыржу бар. Тілініп кеткен ерінін жалап, мұрнына тақады. «Мұны енді өзің апарасың. «Сый қылсаң сыпыра қыл, жазғышбек! Ағасымен доссың ғой. Сенен еш күмән тумайды. Менің үлкен басыммен шүйкедей шиборбайға барып тұрғаным ыңғайсыз емес пе, а?!» Атыларман жанартаудың бір бүйірінен ақ бұлт түстес бу сыздықтап шыға бастайтыны бар ғой. Сол іспетті, дем жиілеп, алқына бастаған ақын бала. «Жүр, кеттік». Көнбеске, шара кәне? Гүлмираның үйі ауылдағы жалғыз прожектордың түбінде еді. Ноқай сүт жарық ақтарылған бағанның түбінде қалды. «Кешікпей шық. Мылжып, отырып алма. Мен күтем. Жауабын дереу айтсын!» Әлгінде Ноқай салмақтайтындай-ақ екен, конверт зіл батпан. Төсқалтаға тыққан ақын баланың жүрегінің сыздаған жаралы ауызына, қолқа тамырына батып барады. Еңкіш тартып үйге кірген. Жер асты дүмпуі болар қарсаңда қатпардағы қалың қоздың қызуы тау бауырының топырағын дулатып, қыздырып, ерекше күйге бөлер еді. Мұның алақаны дуылдап, от шалып, күймегендей қалыпта. Ыстық өтіп, тер құрсап, булыққан тәрізді. Аузын ашса, жалын құсарман, шоқ шашып, демімен қаритындай. Қыз ағасы – досымен әңгіме құрған боп отырып, қағаберісте бұған жұғысып, аз-кем сұхбаттасуға ықтияр Гүлмираға хатты ұсынды. «Сенің өзіңнен бе?» деді жанары жалт ойнатқан «өзге цивилизация өкілі». «Ноқай беріп жіберді. Жауабын күтіп, есік алдында тұр». Жалқын нұр шашқан жанар оты өшкендей болды қыздың. «Ондай болса, алмаймын. Өзіне апарып бер, поштабай!» Жалт-жұлт еткен жанарының гауһар тастары мың құбылып, өкпешіл қыз өз бөлмесіне кетті. Бұған да аял жоқ енді. Әп-сәтте бар салмағынан айырылып, қауырсындай боп қалған «Авианы» жан қалтасына жытыра сап, үйден шыққан. Ноқай шам түбіндегі түннің бір уыс жыртығында жарбиып, шылым шегіп отыр. «Иә, поштабай, не болды?» Ноқайдың аузына ауысқан қыздың сөзі намысын шабақтаған бұл одан әрмен түнерді. «Керегі жоқ хатыңның. Әуре болмасын!» деді». «Сен дұрыс бермегенсің ғой. Қызбен сөйлесу білмейтін боқмұрын неме!» «Мықты болсаң өзің бармадың ба?» «Не дейсің, ей? Менің сендей «духтармен» кісіше сөйлескеніме семірген екенсің!» Өмірден соққы жемейтін ақын жоқ. Әсіресе, Ноқай сынды дүлей дүмбілездер дарын атаулыға өш келеді ғой. Оны ақын бала білмейді, әрине. Бөктерін ауыл-үй күресін қылатын қотыр төбешіктердің желді күні кенет шаңытып, ығындағы жазираны сасытатыны бар. Ноқайдыкі сол еді.
Үш күн үйден шықпады тағдырдың алғаш соққысы Ноқай боп тиген ақын. Бір жағынан, қыз алдында бетімен жер сүзген намысы, Ноқайдың күрзі жұдырығы домбыққан бітеу жараға айналдырған жүзі, екінші жағынан, ауылда ешкім тік келе алмайтын дөкірді сөзден жыққандығы, әм қыздың «Хат сенен бе?» деп қуанып келіп, бұдан емес екендігін сезгенде жабырқағаны мұның асау, делі жүрегін сап-сап сабырға келтіріп, сабасына түсіріп, саябыр таптырған. «Махаббат ғадауатпен майдандасқан...» дейді ыңылдап.
Үш күн Гүлмираны ойлады. Мәжнүндер тайпасының атынан жолданған хаттарын ойша тізіп, бүкіл өлеңді қайыра жазып шықты. Ең жобалысы, Ноқайдың қолы қойылғаны екен. «Күллі ел қозғалып жатқанда, менің тіршілік жасамағаным әбестік екен» деген ішінен. Ақыры Ноқайдың хатын, қайыра жазып, өңдеп, басқа конвертке салып, қыз үйіне қадам туралады. «Өзімнен! Шын ниетіммен» деген. Өзге айтқаны есінде жоқ. Сірә, жарытып, сөйлем құрастыра алмаған. Жанартаудың зіл күрсіністері жиілеп, ауа шытынап, аттас зарядтар тебісе бастаған. Мұндайда тау қойнауын аралар жаңғырықтар да тыйылып, әуе ауыр ырғақта лықсып, жерге жабысарман болар еді.
«Жауабын ертең айтамын. Кешке. Биге барғанда». Бір жарым тәулік - «Ғасырдан да ұзақ күн». Бәлкім, дауыл алдындағы тылсым тыныштық. Үміт пен күдік кезек сүйген жаралы жүрек қағаз жайылған дастарқан басына қарай тарта берген. Жүрек түбіндегі қара бас құрт қолқасын солқылдата сорып, жұдырықтай ет сазып, беймәлім саздар сыңси береді құлағында. «Ай алқалы, Күн сырғалы Гүлмира!» Бір тәулік – жиырма төрт сағатта қыздың сиқырлы әуез есімін мың қайталады. Ертеңінде математикадан «екі» алды.
Әлқисса, би кеші. Гүлмира жоқ. Соңғы класта оқитын бұларға есігі айқара ашық совхоз клубына төмен класс балаларын кіргізбеген. Топты Мәжнүн мұны аңдып әуре. Бірі – тілектес, бірі – бәсекелес. Ақыры, қыз үйінің маңына барып, әуезді ысқырығын салған. Жарты сағаттан астам уақыттан соң, кіреберістің терезесінен шам сәулесі білініп, сыртқы есік сәл ашылып, қыздың басы көрінді. «Е-һей, Есенин! Қайдасың?» деді қыз. «Басқа біреуі бар екен ғой?! Залым қыз!» Ашуға булыққан бұл кетіп бара жатқанда, тағы да «Ей, қияли ақын! Қайда қашып барасың?» деген қыз дауысы жетсін құлағына. Құстай ұшып жеткенін біледі. «Есен» дедің ғой өзің» деген. «Есенин» дедім. Сондай ақын болған орыста. Қыздарға өлең жазудың мастері – сен секілді. Мә, барлық шығармашылығың» деп, Мәжнүндердің атынан келіп, сол күйі ашылмаған хаттарды қолына ұстата салды. Сергей Есенин деген ақынды оқымапты бұл. Шалғайдағы ауылда орыс тілі, әдебиетінің мұғалімі жоқ еді. «Менің жауабым – осы. Ал сенің хатыңды альбомыма фломастермен көшіріп жазып қойдым. Есенинді оқыған соң келесің» деген.
Есенин шынында мықты екен. Сұлу жырдың серісі екен. Ал, Гүлмира екеуі сол кештен соң жұптарын жазбаған. Он жылдық бітірген ақын бала жылқышы боп кетті.
«Бозкөлдің жылқы жайдым жазығына,
Байландым бір сезімнің қазығына...» деп, даланы жаңғырта ән салатынды шығарған. Гүлмира мектеп бітірген соң, яғни, келер жылы оқуға бірге аттанбақ. Алматыға. Алматыда ақындар ортасына барып, Арқадан кеп, ақ шатырын аспанға тікпек арманы бар баланың.
Тағы да көктем келіп, тырау-тырау тырналар көкке сына қаққан. Гүлмира мектеп бітірер кеш те таяу. Жалпақ жазиралы даланы еркін кезген қиялшыл бозбаланың кеудесі де солығы басылып, қайыра ұйқыға кеткен жанартаудай болады. «Жүрегім менің - жанартау» деген атайы ақынды жаттаған жылдар еді. Жайсаң жаз жадыратқан күндердің бірінде мектеп бітірушілер кешіне дайындалып жатты бұйығы ауыл. Қырсық қылғандай, сол күні аласапыран дауыл, ағыл-тегіл нөсер ойнаған дала сахнасында. Ыққан жылқы, ыдыраған үйір. Дауылсүйгіш ақын бала кетті Бозкөл айналып. Екі күн, екі түн алалы үйірдің соңында аттан түспеген жылқышылар дүйсенбі күні кең қақты көктей өтіп, ауылға кеп жығылды. Жылқы жайлауға оралған. Тұяқ серіппей ұйықтапты. Екі кештің арасында екі кластасы келді. Жүрістері суыт, жүздері суық еді. «Гүлмираны Ноқай алып қашып, қаладағы апайының үйіне түсіріпті. Сол күні өзің келмей қалдың. Кештен кейін жалғыз үйіне кетіп бара жатқанда «Москвичіне» салып ап, қалаға тартып отырыпты. Көнбеген соң жолда қол жұмсапты. Кеше аға-жеңгесі қуып барып келді. Шымылдық ішінде жылап отыр екен. Бекем бол!»
Қаншама ғасыр самарқау тартып, ұйықтап жататын жанартау атылғанда...
Қол ұстасып, арманға аттанбақ сапар кенет үзілгенде...
Аспанды қара бұлт қаптар еді. Қап-қара бұлттар шеке түйістіргенде аспан тітіреп, қара жер аунай кетіп, түпсіз түнекке құлап бара жатқандай алапат болар еді. Нөсер селдетіп, Нұқ пайғамбар кеме соғып тірі қалған топанның елесі келер еді қайыра жер бетіне.
Жүрек кенет тоқтап, кіді кідірісі келер сәт толассыз дүмпуге айналып, төсті жарарман боп атылар еді.
«Гүлмира жоқ! Болған, енді жоқ!» Ақын атаулы тағдырдан таяқ жеуге жаралған халық. Әсіресе, Ноқай сынды нойыстардан Нұқ пайғамбар заманынан бері, жер бетінде алғаш Өлең деген махаббат кемесі жасалғаннан бері таяқ жеп келеді. Ақын баланың жүрегі алғашқы дүмпуде-ақ атылып, айнала бұлақ басы тең алапты көмкеріп кеткен. Зарлы, зәрлі жырымен. Кейін жанартау дамыл табар, жүрек те беріш жамар. Уақыт бәріне емші...
Содан бері отыз үш жыл өтіпті...
Сол Гүлмира кеше телефон соқты. Алматының төріндегі аймағына танымал ақынның қызмет кеңсесіне. Күнделікті қарбалас, қым-қуыт жұмыс, сабылыс, кірген-шыққан қағаздар, шылдырлаған телефондар. Бірақ, осы телефон ерекше шырылдаған тәрізді. Жайлаудағы құлыншақтың даусындай шыңғыр-шылдыр кісіней шықты. «Алло!» деді бұл қоңыр дауысына ауыр ырғақты маңыз бере. «Алло! Сәлеметсіз бе? Маған Бәленше Түгенбаевич керек еді.» «Сәлеметпіз. Мен сізді тыңдап тұрмын». «...» «Алло! Айта беріңіз. Тыңдап тұрмын...» Дауысын сәл жұмсартқан. Желінің арғы басындағы дауыстың ырғағы дірілге ұласқандай болды: «А-а. Сәлеметсіз бе? Мен... Мені Сіз танымассыз... Жо-жоқ, ұмытып қалған шығарсыз. Мен Сізді ылғи көріп, то есть, өлеңдеріңізді ылғи газеттерден оқып, теледидардан...» «Рахмет. Кім боласыз?» «Мен... Мүмкін Сіздің ойыңызда бар шығармын. Мен – Гүлмирамын ғой...» «Гүлмира?!. ...» «Иә, Гүлмира. Баяғыдағы, ауылдағы...» Қайдан ұмытсын! Отыз үш жыл түсіне кіріп, ойынан кетпеген. Әредік, жылысқан жылдардың жалында кеткен жастығын еске алғанда, Гүлмира мінген құла тайдың тастаққа түскен тұяқ ізін де аңғарып отырар еді ғой. Бірер секундта күллі өмірі көз алдынан зу-у етіп өтіп, миына шаншылған. Кейде, Тәңірдің беймәлім әмірімен ұйқыдағы жанартау бір бүлк етіп, қатпар-қатпар жынысты жақпар арасындағы болмашы сызаттардан бозамық бұлт түсті бу ататын. Оянайын дегені ме? Зертханалардағы сейсмоқұрылғылардың шкаласы секіріп-секіріп кететін. Мұның қолы дірілдеп, телефонды оң құлағына ауыстырды. «Алло! Ой, Гүлмира! Халыңыз қалай? Қайдан телефон шалып тұрсыз?» деген сөз болды алғаш ауызына түскені. «Осында келгем. Бір шаруалармен. Кіші қыз ауруханаға түсіп қалып, соның жайымен...» «Ауылда дәрігер болмады ма?» деді де тілін тістеп алды. «Жо-жоқ...» желінің арғы жағындағы үн де абыржыңқы шықты. «Просто... ауылдағы дәрігерлердің шамасы келмей тұр» «Нендей көмек керек? Қай жерде жатыр?» Жасынан елгезек басы жарты ғасырға жуық жырлап келе жатқан арманы алдына кеп тұрғанда өз жаны таразыға тартылғандай тызақтап кеткен. Ақыры, Гүлмираның бар шаруасын орайластырған. Телефон арқылы. Енді өзі бүгін пойызға мінбекші. «Барсам ба, бармасам ба? Көрсем бе, көрмесем бе?» Осы сауалды мың қайталады. Осындағы ақындардың алғашқы махаббаттарын араға жылдар салып кезіктіргені есіне түседі. Ауылдағы әріптес ағасының «Идеалы өлген күн» туралы әңгімесі ойына оралады. «Он бестегі құлыншақ едік. Қазір қырық сегіздеміз. Адам қызығатын көрік қалды ма бізде?» Көріктей кеудесі көтеріліп-басылып, кең сабадай толысқан тұлғасына айнадан көз тастады. Бұғақ салбыраңқы. Жүзіне шалбар әжім түсіпті. Қас-қабағы бұйрат құмға біткен бұйығы баялыштай – ойқы-тойқы. «Жоқ. Болмас! Он бестегі қалпымызда қалайық...» Жылдар бойы тыншыған жанартау бір заманда тау төбесіне көтерілген әлдебір геолог немесе альпинистің жақпарға қаққан шапқы темірінен де оянып кетер еді. Әуелі жердің тінін тітіретіп гуіл жүгіретін. Мұның кеудесі де кешегі телефон шылдырынан кейін өзгеше күрсініске толған. Түн баласы дөңбекшіп шықты. Таңнан бері жұмысы жүрмеді. Ақыры жүргізушісін шақырып алып, жұмсаған. «Жылдам бар. Міне, телефоны. Бар керегін әпер. Орталық дүкеннен сый-сияпат ал. Пойызға мінгізіп салған соң бірден осында кел. Хабарын айт. Алыс ауылдан келген туыс еді». Енді сол шопырын күтіп, тағат таппай отыр. Ақыры келді-ау. Өзі секілді ауылда туған момын, тындырымды, жауапты жігіт. Оны-мұны сұрағыштап отыр. Ол есеп беріп, бұл сауал тастап біраз отырған. Хатшы қыз есіктен сығалағыштап қояды, қабылдау бөлмесіне біраз ел жиылып қалған сыңайлы. «Мынау дүкеннен қалған ақша еді». Жүргізушісі 100 долларлық жасыл қағаздарды үстелге қоя берген. Бұл шыдамады ақыры «Өңі қалай екен? Жүдемеп пе?» деді. «Ой, аға! Мұндай келбетті, келісті әйел баласын әлі көрмеппін. Сізді қайта-қайта сұрады: «Неге келмеді?» деп» деді шопыр жігіт. «Апырай, ә! Ана ақшаны өзің ала бер. Бір кәдеңе жаратарсың...» деген толқып кеткен бұл. «О, Гүлмира! Сол қалпыңда болмасаң да, әлі керім екенсің-ау! Менің келмегенімді неге жорыды екен? «Менсінбеді» деді ме екен?»
Отыз үш жыл. Арқаның жазығында жаныма ерген құралайдың лағындай жаным еді, Гүлмира!
Аңғал едік. Пәк едік. Ал, өмір... Өмір - ноқай екен, нойыс екен. Әу баста бағыт алып шыққан жолыңның ортасынан асқан соң кері қайырылып қарасаң...
Жер жаралып, су аққан алғашқы дәуірді, мұқым жалғанның жаратылысын түсіндіргісі келетін ғалымдар Жер шарының жазиралы жұмақтары қайнарында мәңгі лаулап жататын қызуы бар жанартаулардың демімен жасанып-жаранып тұра береді дейді. Ал бір күні атылса...
Біздің жастық шағымыз да сол жазиралы жұмақ екен. Тек, өз дегенін жасайтын мәжнүн өмір болмаса...
Сол кездегі бала ақынның жазған өлеңі қалай еді? Ол тәмсілдің ендігі нұсқасы жазылса былай болуы тиіс:
«Көктем көздің жасындай боп сырғи ма?
Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.
Сары белден сағым ұшып жатқанда,
Жаныма ерген жаным едің, Гүлмира.

Күндей күлген көгімдегі Гүлмира,
Ұсынады өмір нені Гүлмира.
Он бесінде толған айдай толысқан,
Отыз үш жыл көрінбеді Гүлмира.

Жақұттайсың,
Лағылдайсың, Гүлмира,
Түнгі ұйқымды тағы ұрлайсың, Гүлмира.
Сағынасың...
Сағынбайсың, Гүлмира.
Жаңарқаның жазығынан жоғалған –
Ақбөкеннің лағындайсың, Гүлмира.

Ісім өнбей,
Ішім өлген, Гүлмира,
Түсінбесті түсінер ме ең, Гүлмира.
Дертің меңдеп...
Ішіп өлгем, Гүлмира,
Отыз үш жыр арнасам да ұмтылмай,
Отыз үш жыл түсіме енген Гүлмира.

Көктем көздің жасындай боп сырғи ма,
Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.
Өткен-өтті...
Құрысын бәрі, Гүлмира,
Есіңе алып жүресің бе әлі, Гүлмира,
Ай алқалы, Күн сырғалы Гүлмира».

Ақын мен ару келіншек әлі кездеспеген деседі. Кездесуі керек пе, әлде?..

19.01.2009.


 

ҚАРҒА
(Әфсана)

«Бывают дни, когда человек вселяет в меня ужас...»

Жан Поль Сартр.

«Ей, ұшып жүрген қара кітап...»
Мұхаммет Салық.

...Қарғалар өзара сөйлеседі екен. Қарқ-қарқ етіп, қиялай ұшып бара жатқанда маңындағы тамырына әлденені ескертіп айтады-мыс. Не айтатынын кім білген?! Өз кебімізге түсіріп, «Қу құлқын шығар?» дейміз кейіп. «Қарқ-қарқ. Кеттік. Егістік жаққа барып қайтайық, туыстарымыз келе бастаған сыңайлы. Бұл қораның маңында аса мардымды тағам жоқ тәрізді, қарқ-қарқ...» Не айтады дейсің басқа?!

Бұл қарғаны әңгіме етпеген жан жоқ болар жер бетінде. «Қарғалар жүр қарда қара нүкте боп...» деп ақындар жырына салып, ойын тұздықтады. «Сен бақыттысың, күллі дүниенің үстінен саңғыты-еп, қарап отырған...» деді. «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде...» деп бипаз басталып, шырқай кететін әнді естіп келеміз ертеден. Ал қарғалардың сөйлесіп жүретіні туралы әлдебір орнитолог-жазушының, әлде, ғалымның кітабынан оқығанбыз. Жазушымыз Песков па, Зверев па, әлде, Сетон-Томпсон ба?! Ал ғалым, тіпті, ойда жоқ. Ойда тек қарғаның сөйлесетіні ғана қалыпты. Қарғаның тілін кім ұққан?! Тіпті, сөздік қоры бай халық болсын, одан не табамыз? Қазақтың тілі байи ма одан? «Қарғаның тілімен айтқанда, Сіз, қарқ...» деп басталатын әңгіме не береді бізге? Сосын, мақал-мәтел. Қарға туралы. Аз-маз бар екен. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Боқ шұқығыш қарға жанындағы дастарқандасының көзін шұқығаны туралы факті тіркелмепті тарихта. Әйтпесе, қазақ айтатын еді: «Қарға қарғаның да көзін шұқиды» деп. «Қарға баласын аппағым дер, кірпі...» Қарғаның тілінде «аппақ» деген сөз бар шығар? «Тозған қазды топтанған қарға алады». Көне түркі мақалы. Іздей берсем, біраз табатын тәріздімін. «Қарғалы» деген ауыл да бар. Ақшатау жағында болатын. Қарғасы көп болды ма екен? Әлде, этимологиясы қарғаға қатысы жоқ, әшейін дыбыс үндестігіне қарап, біз солай ойлаймыз ба? Қайткенде де, қатысы бар болар...
Қарғаның түрі, тұқым-атасы жайлы да таратып әңгіме қылса, бір таң отыруға болатындай. Ұзақ қарға, ала қарға, көң қарға, құзғын, т.т... Өзара жамағайын, туыс, жекжат, әйтеуір, бір қарғатамырлы жұрат. Біз де. «Қарғатамырлы қазақпыз» дейміз. Сірә, қарғаның ұзақ жасайтынына қарап, тегіміз алыстан туысатынын меңзеп айтармыз...
Қарға туралы, осы замандағы кез келген құзғын туралы айтқым келсе, аталарым есіме түседі. Үш жүз жыл жасап келе жатқан кәрі қарға атамның атасын көрген шығар?! Көктемеде жасыл шалғынды жапырып, жазға қадам басқанда, қытымыр қыста, жайлауы қырқылған күзде қарқ-қарқ етіп, құрығынан үркіп ұшқан шығар?! «Ей, құзғын, атам жайлы айтшы маған! Айтшы маған, әжелерім жайлы, әкелерім туралы. Атамның мен көрмеген мыңғырған малы мен аңсақ төбеттерін. Қыс қыстауы мен жаз жайлауы қандай еді?! Арқаның қожыр-қожыр тасты қоңыр тауларының бұйраттарынан қашқан түлкі-қарсағы мен ізім-қайым жоғалған киіктер туралы айтшы...» «Қарқ-қарқ. Қарр-ққ. Ғғарығқ. Қғғар-рррқ» дейді қарға. Айтты-ау деймін. Мен ғой түсінбейтін. Адамның тілін әзер ұғамыз. Қарғаның тілін қайдан білейін. Бірақ...
Бірақ, бірде қарғаның аузынан, жаңылам, тұмсығынан шыққан үннің бәрін ұға кеттім. Бір топ қарға еді. Жабыла жалбарынғандары, шырқырай шыққан үндері керемет ұғынықты еді. Қарғалар адамнан да түсінікті тілде сөйлейді екен...
***
Сарыесіктің жазығы Қояншоқыдан өзенге қарата қодыра шөпті, ерменді боп кетеді. Топ тобылғысына қараған араласа, күбі ыстар майлы бұта тікенекті тапал тоғайға айналады. Еспе құм да емес, топырағы майлы. Бірақ, қодыра шөп, жусан басқан. Мұндай топыраққа көде байланатын, шалғынымен шұрай бітетін. Совхоз ыдыраған соң төрт-бес жыл жапырылмай жатты. Бір жылы өртеніп кетіп, келер көктемеде көдесі ту бітіп, жасыл жазираға айналар деп күткен ел. Олай болмады. Тусырап, шала иленген тулақ құсап, қаудырап жатты. Тобылғының түбірі қалып, қарағанның қаңқасы жасыл тікен-тырнағын сойдитты. Арыған өзеннің жел жемірген жарына қаңбақ паналап, қаңғыбас құйын шаң көтергенде бұлғаққа араласа кететін. Сол жазықты былтыр ерте көктемде Жәкем әкімнен қағаздап, қалап алғанда біздің ауылдың білгіштері жағасын ұстады. «Қу тақырға қала салайын деп жүр ме? Анау жылы қарбыз еккен кәрістер темекі өсіріп, оған жуа ма, пияз ба, әйтеуір өздері қуырып жейтін ащы бірдеңелерін қоса отырғызып, ақыры шөп шықпастай ғып кеткенін біледі ғой». «Әй, бұл түйе асырайын деп жүр». «Түйе асыраса қуырдаққа қарық қылады да...» Жәкем ауыл көшесіндегі пыш-пышты елең қылған жоқ. Екі ұлын, оған мені қосып көлігіне тиеп ап, жазыққа тартты. Сонау жылы кәрістер паналаған вагонның салабасына барып, тұмсық тіредік. Кинодан көретін Американың әлдебір штатындағы иесіз түлей түз елес берді. Жұлынына бұлғақ кіріп, будан боп кеткен мақұлықтар жан-жақтан келетін сынды, сілекейін шұбыртып. Әуелі үрке қарайды. Сосын, сәл қозғалсаң болды көмейінен зілді күрсініс секілді үн шығарып, дір-дір етісе қалады. Келесі сәт... Жо-жоқ, ондай ештеңе де болмайды. Менің сырқат санамнан туған қияли елестер қозғала бастағанда Жәкем тіл қатты.
Мына ел мені ақымақ санап жүр. Өздерінің шайнам ақылдары жоқ. Бұл жер өздерің сегіз-тоғыз оқығанда суармалы бақша болған, естеріңде ме? Жылына бірер мәрте қаладан әкелетін қарбызға, капустаға мәз боп жүргенде, бір жылдың ішінде көк түйнектің астында қалып едік қой. Әй, Әділ, қарбызды сұрап бір, ұрлап екі жеп, ішің өтіп, шайдың самасын шайнап, әзер тірі қалғаның есіңде ме?..
Ол, әрине, менің есімде. «Сонда Жәкем кәрістер құсап, қарбыз отырғызбақ қой...»
Өзеннен тартылған тұрбаның сілемін көрдіңдер ме? Әлі ешкім қазып алған жоқ. Қазбай тұрғанда мен басып қалдым. Өзі – нержавейка. Бір су соратын мотор аламыз да, өзеннен су айдаймыз. Суармалы бақша жасаймыз. Ел құсап, картоп, қияр салмаймыз. Күнбағыс отырғызамыз. Ано-о-оу жарға дейін (қолымен Төрешоқы беттегі сирек тал біткен жарлауытты нұсқады) үлкен плантация болады. Күнбағыс жайқалады әлі бұл жерде. Пістесіне тоясыңдар. Сусыз жерде қуырып, сулы жерде асып дегендей. Сабағы да іске асады. Шекілдеуіктің майын шылқытып шығаратын зауыт саламыз. Қытайдағы досым май сығатын аппарат әкеп берем деген. Қалбаға да тоясыңдар. Түсінікті ме? Ел оттай берсін...
Таңдайымды суырып баратқан тәтті қарбыздың дәмі шемішкенің қабығы боп жабысып қалды. Алғашқы күндер ат шаптырым алапты қоршаумен кеткен. «Сұғанақ сиырдан, оқалақ буған мәлік келгірлерден». Ол екі арада Жәкем қаладан екі қап дән әкеп, жер жыртып дегендей, мотормен су шығарып, жұмысбасты боп кетті. «Күнбағыс үшін де жер жыртады екен-ау» деймін ішімнен. Ақыры дән себу басталды. Қаптан бір шелектей қуырылмаған аппақ дәнді етегіне толтырып алып, Жәкем алға түседі, соңында біріміз дәндерді таратып, екіншіміз көміп, еріп отырамыз. Бейнет. Іш пыстыратын, көзге көрінбейтін жұмыс. Ақыры аяқтадық. Қаптағы қалған шикі пістені шағып жеп, қарық болғанбыз. Тоқымдай жерге картоп егілді. Алашадай жерге қияр, тебінгідей жерге сәбіз сіңірілді. Қоршауды жағалай қарағаш шыбықтарын қададық. Сонымен тәмәм. Мен қалаға оралдым. Жәкем балаларымен ауылдың алып-қашпа әңгімесінің өтінде қала берген...
***
...Қарғаны қолға үйретіп, жемдеп, тұқымын сұрыптап, қап-қарасын аласымен будандастырып, жыл аралатып тағы сұрыптап, бәлкім, қараңғыда ұстай ма, тамағына маңызды мәзір ойластыра ма, қайткенде де ақ қарға тұқымын шығаруға бола ма екен? Ақ қарға. Шағаладай. «Аққудай» деуге ауыз бармайды. Тұмсығына дейін аппақ болса. Бұлар өзі неге қап-қара, меңсіз мақпал қара, түннің, мәңгілік түнектің түсіндей болады екен? Мынау ақ дүниенің алғаусыз ақ кеудесіндегі дық секілді қап-қара дақ, ноқат. Қара мең. Бәлкім, ақ дүниенің қарақотырланған жарасы ма? Адам баласы өзімен ежеттес мақұлықтардың жасын сұрайтыны туралы аңыз бар еді ғой. Сонда маймылмен шектеле қалмай, қарғаның жасын сұрап, оны жаратушымыз бере салып, содан қарқ-қарқ етіп, тұмсығыңды нәжіске тығып... Жо-жоқ! «Қарқ-қарқ етіп қарға ұшқанда басымнан өкінгенмін, өстіп талай басылғам...» дейді ақын дос. Неден өкінді екен? Жасының кемдігіне ме? Әйтеуір, қарға туралы әңгіменің бір шеті өкінішке кеп тіреледі. Қалада, далада да құзғын көрсең, ескі бір елестер тірілетіндей. Сол жылы ауылға барып, күнбағыс плантациясын қорығандағы өкініш естен кетпес...
***
«Айда аял жоқ, жылда...» Бір айдан астам өткесін қаладан келдім. Сағынбаппын ауылды. Білмеймін неге екенін? «Күнбағыс плантациясы не болды екен?» деген ырайсыз ынтық қана бар. Ауылдағы үйдің есігінде құлып тұр. Көрші сары тісін көрсете күлді: «Көкең бақшасында. Байлығын қорып жүр. Қатын-баласымен көшіп кеткен». Жүк дейтін жүгім де жоқ-тын. Шүмектен су сыңғытып ап, тартып отырдым. Ынтазарым күшейіп барады. «Бәрі кеткеніне қарағанда, жұмыс қырғын болар? Тәтем де сонда болса, рас солай болды ғой...» Ойлағаным қиыс кетпеген екен. Сарыесіктің тапал шоқысына шыққан бетте сонадайдан көзге шалынды. Плантация. Кинодан көретін күнбағыс плантациясы. Етегі жусан түсті боз жасыл, сәл ырғалған бастарынан сары күлтелі жапырақтары тұтасып, тусырған далаға өзгеше өң берген. Тұра жүгірдім. «Жәке, жарайсың! Қызық болды ғой!»
Түс әлеті болатын. Демалып жатыр екен. Жапырлай амандасқанымен, қабақтары сәлең. Қуаныш, туысын көргенде жылт ойнар жанар жарқылын іздеп, бәріне қараймын кезекпен. Жүздері шаршаулы, жанарларында шарасыздық бар секілді. «Не болған сендерге? Жұмыс ауыр ма? Керемет шығыпты ғой?» деймін асыға. «Е, қазір көресің қызықты» деді Жәкем. «Қызығы» расында қырғын боп шықты. Түскі астан кешіккесін, қазан түбіндегі майы қата бастаған ешкі етінен бірер мәрте қарбытқаным сол еді, Жәкем балалары бір-біріне елеңдей қарасып, сыртқа ата-ата шықты. Мен де ілестім. Өзен жақ беттен құс қайтарда топталатындай қарақұрымданып, жүздеген қарға келеді қарқылдай ұшып. «Қарқ-қарқ. Жан-жақтан қаумалап, естерін тандырайық. Қарқ-қарқ» деді-ау деймін бірі. Оны бәрі қостаған секілді. Әп-сәтте сабақтары пісте тұнған қауашағын әзер көтеріп тұрған егістік алабына, күнбағыстардың иілген бастарына жапырлай қона бастады. Бауырларым шатырдың іргесіндегі бос шелек, бақыраш-тегештерді, бір-бір шыңдауыл темірді ала-сала аттандай ұмтылған. Қарғаның қарқылына шың темірдің қаңғыр-күңгірі қосылып, аспан асты айғай-сүрен қиқуға толды. Салыға шаршаған Жәкем «Неғып тұрсың? Көрдің бе?» дегендей мұңая қарады...
Қарағашқа ұя салған, болмаса, қар үстінде күреске түсетін балуандай талтаңдап жүрер қарғаны талай көргенмін. Қара пәленің күнбағыстың басына қонғанын тұңғыш аңдауым. Күнге мойын созып жетіліп, күнжарасы толғанда, пістесі пісіп, піскеніне қысылғандай басы салбырай кететін, жасыл түгі дымқыл шырышпен шыланып тұратын сабағы қатып, қуыс таяқ қурайға тарта бастаған күнбағысты үй қаздарын аулар машықпен мойнынан ағаш қылышпен бір ұрып, жерге топ еткізіп, жинайтынбыз. Сол «иілген басты қылыш кеспес болар» деп тұрған бейкүнә сидаң сырыққа, сырықтың басында салбыраған пістелі табаққа қарғекең жарбиып қона кетеді. Қона кетеді де сол аяғына салмағын салып, оң сирағын ырғап-ырғап, сояу тырнағын батыра құламастай жайғасады. Сосын, төменге үңіліп, иіле кетіп шоқып ала бермек. Шырт еткізіп шаққаны кедейдің бит сыққанындай. Жер жаралып, су аққалы пісте шағып жүрген секілді. Кейде жанына тақап келсең қып-қызыл көзімен ата қарап, «қғарққ» дейді де, аспанға атылады. Есіл еңбек рәсуә. Жәкем жыларман. Балалар шаршаулы. Қарға қаптап келеді. Күн санап көбейетін тәрізді. Жеке-жеке топқа бөлініп ап, бәсекені қыздырып жүрген сыңайлы. Жарты жалғанның құзғыны осында шығар. Қара түннің қалақтай-қалақтай қиындылары аспаннан шашырай түсіп, жарықтың жүзіне қадалып жатыр. Күнбағыс күннің көшірмесі де, қара қарға түн-түнектің елшілері секілді. «Әлімсақтан осылай. Ақ пен қараның шайқасы». Мен сол айқастың бас куәгері тәріздімін. Дәрмен жоқ...
Шарасыздық шалдықтырған Жәкемді ауылдағы Қабыл досы іздеп келсін бір күні. Қан майданның өтінде жүргенде келді. Қараборбайланып, қажыған бізге мысқылмен қарап тұрды-ау.
Осы қарғадан құтылудың амалын айтсам не бересің, Жәке? – деді сәл тыныстан соң.
Е, сұрағаныңды ал...
Онда, маған үш қаз үйітіп бересің.
Қаз сөз боп па, үш жүз қарға қосып үйітіп берейін, - дейді Жәкем күйініп.
Қап, арзандау айтып қойдым. Дегенмен, барға қанағат. Ал енді бәрің бері келіңдер, - деп, бізді ашық алаңға бастады білгішбек. Қарғалар назар аудармасымызды аңдап, хан талапайды қыздыра бастаған.
Қарға аулау білесіңдер ме?
Білеміз, білеміз. Тұзақпен... сақпанмен атып аламыз... Тормен аулауға болады...
Онда бәрің жабылып, оншақты қарға ұстап әкеліңдер. Бұл - бірінші жұмыстарың. Жәке, жүр совхозға барып қайтайық.
Үлкендер кетісімен жаңа ауға – үлкен жорыққа аттанардай қамдандық. Әділ тіпті, бет-ауызына қара бояу жағып, үндістердің ұрыс алдындағы биін салып, ойқастап қояды. Өзеннен кеше салған ауды алып келдік. Паршалап, бөліп алыстық. Біріміз сақпан сайладық. Торды бірнеше күнбағыстың басына шәліше орап, бір ұшын жерге қазықпен қағып, атпен тартсаң шықпастай еттік. Сосын, тұзақ, тор құрылған «миналанған квадратқа» қуа бастадық қарғаларды. Айналасы бір сағатта он екі қарға пұшайман боп тұтқынға түсті. Сол сәт Сарыесіктен Жәкем машинасының шаңы көрінген. Тұтқын қарғаларды сирақтарынан тізіп, бар сән-салтанатпен қарсы алдық. Тәтем үйде қалыпты. Жәкемнің көзінде ұрлықы ұшқын ойнайды. Әлсін-әлсін жымиып қоя ма, қайтеді?! Сірә, отты судан жұтқан. Қабыл да жымыңдап, бізді марапаттап жатыр.
Машинадағы музыкальный аппаратты түсіріңдер.
Біз бір-бірімізге үрке қарастық. «Дискотека?!».
Болыңдар, ей. Моторды қосып, аулақтау апарып, сым тартыңдар шатырға. Қазір студияда «Алтын қорға» әншілердің даусын жазамыз.
Түк түсінбеген қалпымызда Жәкем көктемде кредитке алған күйсандықты шаң-шаң шатырдың төріне жайғастырдық.
Қарғаларың семіз екен. Қазір көреміз бұлардың әуселесін. Ұлдар, сендер қарап тұрмай бір-бір шеге, біз алыңдар қолдарыңа. Қарғаның қос сирағынан, қанатынан байлап, керіп тастаңдар...
Құпиялы қойылымның мәнін енді түсіне бастаған тәріздімін. Бірақ, күйсандық неге керек?! Он екі қарға шатырдың ши төселген еденіне керіліп тасталды. Дауыстары жалынышты шығатын тәрізді. Тегін пістеге семірген талтаңбайлар тағдырлары не боларын ойлайды ма, бастарына төнген зауалды күнге өкініш білдіре ме, қайткенде де, үндері жасыған. Тыпыр-тыпыр етісіп, сабаланып, шатыр ішін шаңдатып та жіберді.
Қазір бастаймыз. Мен мына магнитофонға, таспаға жазуды бастаған сәтте қолдарыңдағы шегемен қарғаларды басқа-көзге қарамай піскілейсіңдер. Дауысынан қорықпаңдар. Бәлемдердің үндерін жазып алып, басқа қарғаларға тыңдатамыз. Сосын келіп көрсін бұл маңға! Ал, кеттік...
Күйсандықтың тетігі шырт ете қалғанда Жәкемнің қолындағы көр шеге алдындағы қарғаның төсіне кірш етіп қадалды. «Қғғғғ-ғғарррррр!» деген аса аянышты үн құлақты тесіп, миыма шағылды. Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмеймін. Бәріміз сілейіп қалыппыз. Төсіне темір кірген бейбақ құйқа шымырлатар үнмен бебеулеп жатыр. «Не қарап тұрсыңдар!» Қабыл айғай сала, ұрандап, менің қолымдағы бізді жұлып алып, жерде сілейіп жатқан қарғаға пісіп-пісіп жіберді. «Қррррр-ғғғақққ! Қиқққ-ғғарррқ! Қаққ-қаққ!» Қарға жылап жатқан секілді. Қарға жанына батқан жарадан аһ ұрып, айғайлап көмек сұрағандай болды. Сол сәтте қанды топалаң басталды да кетті. Оң жақтан да, сол жақтан да тозақ үні, топырлай шаңдатып, қарға өлтіру ойыны қызып жатты. Қолыма қайдан іліккені белгісіз, әлдебір қисық шегемен бір бейбақты мен де піскілеп-ақ жатыр екем. «Жетер!» Жәкемнің дауысы. Қолы, бет-ауызы, киімі қан-қан. Қансыраған қарғалар жабыла жалбарынып, ойбайлап жатты. Мұндай зар-зәһар дауысты туғалы естімеген екем. Қолымдағы қисық шегенің таттанған ұшынан қап-қара қан тамшылап тұр. Құлағымда тозақ үні. Қарғаның үніне Әділдің бақыра жылағаны қосылды. О, бұл неткен бақытсыз үн еді! Қара қауырсындары шашыла, жұдырықтай ғана денелері қанға малшынған бейбақтар өзара бақұлдасып жатты-ау деймін. «Қғғ-ғарққ. Өлдім. Өлдім. Өлдім! Қарғыс атсын! Қарррр-ғғыс атсссын, адам атаулыны! Қққққайдасыңдар, балапандарым? Өлдім!» деп, зарлады бір кәрі құзғын. «Қғғғаааа-ааа-ааааа! Қап! Қаррр-ғыс тіледім!» «Өлдім! Өлдім!» деп жыласты қарғалар. Үш жүз, үш мың, үш жүз мың жылдар бойы бойына жинап келген қаралы қарғыстар атылды қарғалардың жүрегінен. Тозақтың бар тұрғыны арқалаған аһ ұрған ажал зары төгілді қарғалардың үнінен.
Қабыл қан-қан қолымен көкемнің күйсандығын тоқтатты.
Қарғаларды шығарып, босатып жіберіңдер. Неге сілейіп тұрсыңдар!
Жәкем тілін жұтқан адамдай түнеріп барып, қарғаларды далаға лақтырып тастады. Үлкен ұл балтамен жіптерді қиды. Төрт бейбақ әлсіз қарқылдай, қалбаңдай ұша-қона күнбағыс арасына сіңді. Қалғаны қанаттарын сабалап, орындарында тыпырлайды. Дауыстары жыламсырай шығып, ақыры тыншыған болды.
Жақсы жазылыпты! Магнитофоның керемет екен. Бәле, Әділдің де дауысы араласып кетіпті ғой. Ха-ха-ха! - Қойылымның бас режиссері айран-асыр, мәз-мейрам.
Әлгінде ғана өз қандарына тойған бейбақтардың жан тәсілім етердегі үндері таспаға ап-анық жазылыпты.
Магнитофонды далаға шығарыңдар. Бар даусымен барқырата қосыңдар. Тыңдасын құс атаулы!
Қабыл арман ісі орындалған жандай разы рәуіште. Жәкем мен үлкен ұл сүйретіліп барып, күйсандықты тысқа шығарды. Аспан астын тозақ үні тітіретті тағы да. Сол сәтте...
Сол сәтте Сарыесік алабын жайлаған қарға атаулы таспадағы тозақ үніне қосыла қарқылдап, өзенге, одан әрідегі қоңыр тауларға қарата атылған бытыраша тым-тырақай ұшты.
...Қарғалар өзара сөйлеседі екен. Өзара тіл қатысып, жанына жаққан жайды, жанына батқан қайғыны бөліседі екен.
Кешкісін қос басында Әділ екеуіміз қалып, өзгелер совхоз орталығына оралды. Қабыл қарғаға ажал әкелген қаздың өзі ертең ішер сорпасын мақтап, Жәкеме «қара пәледен құтылғаныңды жуасың» деп көлігіне жайғасты. Біз екеулеп жүріп, қарғаларды көміп тастадық. Қалыңға сіңгендері таптырмады.
***
Сол жылы Жәкемнің шекілдеуік майын шығаратын шағын зауыты іске қосылды...
Күйсандық күніне төрт-бес мәрте ойнатылады...
Сарыесік алабында қарға тұрмақ, құс атаулы қалмады...
Келер жаз Әділ бала суға кетіп қайтыс болды. Тәнін таба алмадық...
Ойыма Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресі шертетін ескі аңыз оралады:
«Мұхаммед саллаллаһу ъалайһи уа саллам оларға Адам(ғ.с)-ның екі ұлының әңгімесін шынайы түрде оқы деді. Сол уақиғада екеуі Аллаға жақындық үшін құрбан шалған еді. Сонда біреуінен қабылданып, екіншісінен қабылданбаған еді. Құрбаны қабылданбаған Қабыл Әбілге, «мен сені өлтіремін» деді. Сонда Әбіл «Алла сөзсіз тақуалардың құрбанын қабыл етеді» деді. «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Күдіксіз мен әлемдердің Раббы Алладан қорқамын!» «Сөзсіз мен, сенің өз күнәңмен менің күнәмді жүктеп, тозақтық болуыңды қаламаймын. Осы, залымдардың жазасы». Сонда оның нәпсісі туысын өлтіруге қызықтырды да ол, оны өлтіріп, зиянға ұшыраушылардан болды. (Адам ғ.с. егіз ұл-қыздарды ауыстырып үйлендіреді екен. Бірақ, Қабыл өз сыңарымды аламын деп, Әбіл екеуі серттесіп, құрбан шалғанда құрбаны қабылданбаған Қабыл, Әбілді өлтіріп, қайтерін білмей көтеріп жүргенде, құдірет күші жіберген екі қарға таласып, бірін-бірі өлтіріп, көмгенін көріп, көмеді). Сонда Алла, оған туысының өлігін жасыруын көрсету үшін жіберген қарға, жерді қаза бастағанда: «Әттең! Маған не болды? Туысының денесін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?» - деді де өкінушілерден болды...»
***
«Ей, қарғалар, аталарым туралы айтыңдаршы маған...»

 


Көктемнің мөп-мөлдір тамшысы

Шалғайдағы, ұлтарақтай ғана қалаға көктем кеш келді былтыр. Қыс ұзаққа созылған. Жаздың жағалауына ентелей кеп соғылып, демде демі тынған көктем толқыны бір жалт етіп көрініп, ғайып болған сиқырлы сұлу елес болды ескі шаһар үшін. Кеш болса да, көктем ғой. Лап етіп жанған бетте жалп етіп өше қалған шырақтай – сәулесін сағындырып, аңсатып кеп, көзіңді қарықтырып, сезімді талықсытып жіберген. Көктем көздің жасындай сырғып, жаздың кірпігіне іліккен...

***

Қала шетіндегі ескі қойманың ішіндегі қыстан қалған сызды қуып шықты көктем. Әу баста шифермен қымталмаған қойма шатырындағы қар қыста да күн қызуымен ери жібіп, ақпанның ақырған аязында қақша тілініп, қақырап кеткен шайырлы қарамай арасына тоңази сіңіп, қатқан еді. Сәуірдің сәулесі тозған қарды тоқымша қаға бастаған күндері еріп, қойма төбесінің жарылған қарамайы арасындағы мұздан көктемнің алғашқы перзенті – жалқы тамшы жарыққа келген. Сол мөп-мөлдір тіршілік қойманың ішіндегі жылулы ауаға ұмтылып, ғұмырының жалғыз-ақ мақсатына – еденге тамып өліп кетуге асыққан. Қойма төбесін жапқан бетон плитаның жымдасқан жігіне шым-шымдай сіңіп, қардан еріп мұзға, мұздан сөгіліп суға құбылған жалғыз тамшы тіршілік те көктемнің жылуын бізден әрмен аңсай сырғып, ескі ғимараттың кеңістігіне мөлдірей қарап еді. Көктем боп қарап еді ол. Май мен шаң жұптасып, мүктеніп кеткен қойма қабырғалары, сонау түкпірдегі қалқиған қарақшы – нысаналар, ескірген еден жалғанның жалқы жұмыр жанарында жалт ете мөлдірей тұнып, аға жөнелді. Кешіккен көктемнің алғашқы бөлшегі құлап келе жатты қойма төбесінен. Сыз қамаған ауамен аймаласып, қарғыннан қарғып шыққан жетім тамшы жылап келе жатты – құлап. Бір ғұмыр... Тырс етті де тынды. Тақтайы тозған еденге етпеттей құлап, лезде шылапара болды. Көктемнің тәнінен ажырап, қарғынның қағанағын жарып шыққан бір түйір ғана тіршілік бес метр биіктен еденге қарай зулап, жалт еткен мезеттей қып-қысқа ғұмырын сүріп-ақ үлгірді. Сол көктемнің ғұмыры да осы тамшы тағдырлас – зу-у етіп өте шыққан. Тым келте болды.
Одақ тарағалы ішіндегі мүлік-мүкәммалды саудалап тауысқан иесі қаладағы белгілі байшыкеш Мұратқа сатқан қойманы. Оншақты жыл қаңырап тұрған кең қойманы ерте көктемнен тазарта бастаған Мұркең ескі ғимараттың еденін қырып, қабырғасына өрмелеген сүлгіден арылтып, жазғасалым мұнда садақ тартатын мергендерді жиып, спорт клубын ашпақ еді. Қыста Қытайдан алдырған аймүйіз арбалет, саржа-садақтарын баптап, қойманың түкпіріне нысаналар орнатып қойған. Баласы екеуі жұмыстан жалыға бастағанда қатар тұра қап, адырна шірейтін. Оныншы сыныпты биыл тәмәмдайтын ұлы да садақ тартып, арбалеттің адырнасын ала өгіздей мөңірете, қамыс сапты, қауырсын масақты, кірісі мұқыл, мұқыл болса да көбебұзар құрыштан соғылған сырлы жебені қарақшыға қарата аңырата атқанды жақсы көруші еді.
Бозбаланың құштарына айналған ермекке сеп болған Әйгерім қыздың жалт ойнатқан нұрлы жанары ғой. Көктемнің кешіккен жылуы қос жас өреннің де жүрегіндегі егіз тамшы – ынтықтық дәнегін кенет қыздырып, кеуделерінің сол жақ тұстарын бүлк еткізген. Егіз тамшы қосылмаққа ұмтылып, бір-біріне қарай талпынған. Қыз – он алтыда, бозбала – он жетіде. Адам ғұмыры көктемінің мөлдір тұнығындай гүл-дәуреннің алғашқы белесі ме еді сол күндер?! Бір күні сабақтан қайтып келе жатқан қыздың сөмкесін ала қашсын бозбала... Бір күні ерке қыз бозбаланың мұрнын қысып қап, сақылдай күліп, жүгіре жөнелген. Бұл оны қуып жетіп, екі бала бір-біріне еркелеп, ойнап жүрген... Бір күні бозбала бойжетіп қалған бүлдіршін қызға қып-қызыл жүректі шанши қадалған қырлы жебенің суреті бейнеленген открытка сыйлаған. Открытка ішіне «Мен сені жақсы көремін!» деп жазыпты. Қыздың беті дуылдап, жүрегі кенет дүрсілдей кеткен. Алақандай қағазды сүйіп алғанын да сезбей қалды. Екеуінің де жүрегіндегі ынтық тамшылар сәл ұлғая түсіп, кешіккен келте көктемнің тамырлүпіліне ырғақ қосқан. Бозбала садақ тартқан сәтінде Ұрымның махаббат құдайы Әмір ойына түсетін. Көз алдына ғашық аңсарының бейнесі келіп, жүрегі тулай соғып, демі жиілейтін. Сыңар тамшы егізіне ынтығып, кеудесін соққылайтын тәрізді еді. «Еділден атқан жебесі, Жайықтан асып жоғалған...» бағзы дәуір батыры деп сезінер еді өзін кейде. Жебесінің ұзаққа ұшқанын аңсайтын ұлан арбалеттің адырнасын шірей тартып, ең алыс қашықтыққа жеткізер межесіне қоятын тиекті.
...Сол күні әке-шешесі шетелге кеткен. Шығарып салып тұрғанда әкесі «Қолың тисе, қойма шатырының қарын күрей саларсың» деген. Сол айтқанын орындайын деп, үйден шықты бұл. Шатырға өрмелемес бұрын ішке кіріп, садақ тартқысы келді кенет. «Жұмыс қайда қашар?!» деп ойлады жымиып. Жымия жүріп, қойманы ашқан. Алакөлеңке кең сарайдың азынаған ауасы түршіктіріп-ақ жіберді. Сонда да күпәйкісін шеше сап, қабырғаға ұстатқан жай тартқан кентаврдың суреті бейнеленген плакаттың жоғары тұсындағы шегеге ілген. Кіреберісте тұрған партаны дырылдата сүйреп апарып, екі-үш метр жерге қойды. Түпкі бөлмеден арбалет алып келуге кеткен сәт шаң, май жұққан парта үстіне тырс-с етіп тамшы құлады төбеден. Бұл барып, өзінің қолы сүйсініп ұстайтын бүктемелі «Қарагер» садаққа ұмсынған. Қытайдың қара базарынан әкесі әкелген оншақты арбалеттің ішінен өзі еншілеп алған. «Қарагер» деп ат қойды. Былғарымен қапталған жеп-жеңіл қаруды күніне бір ұстамаса көңілі көншімейтін. Алты-жеті үкілі жебе салынған қорамсақты иығына аса салды. Жымия келіп, садағын партаға қойып, орамалмен шаңын сүрткен болды. Шаң басатындай болған жоқ, әрине. Кеше кешкісін келіп, нысананы ең алыс түкпірге жылжытып, бірер сағат ауа тілгілеген жүйрік жебелерімен. «Қазір!» деді ішінен. Серпімелі болатты сымша ширата тартып, әр тұсына қой қабырғасындай құрыш пластинкалар тастап күшейтілген, иыққа тірер дүмінің өзі қытайдың сәнқой сардарларының винтовкасының үлгісінен алынған. Адырнасы шынашақ елі – пластик сымдардан өріле созылған. Шүріппесі саусаққа жұмсақ, тежегіш тетігінен ағытқан сәтте-ақ, шығырға ілінген адырнаны босатуға ғапыл дайын тұрар, тиектен шыққан бетінде шыны-пластик талшықтардан сірестіре созған жеп-жеңіл, кірісі мұқыл жебені зулатуға әзір арбалетті сүйсіне ұстап, оқтады. «Қаз-і-ір!» деді, демін тоқтатып. Нысана кешегі орнында тұр екен. «Бүгін ондыққа қадалмасаң, саған серт!» деді кірісі құрыш сырлы жебеге. «Не болса да, қарымы қашыққа жететіндей қылайын» деп, арбалеттің ең алысқа оқ атар межелі тұсына дейін тартты адырнаны. Алғашқы оғы зырқырап барып, нысанадан сәл биік тұстан зу етіп өте шығып, қарсы қабырғадағы қалыңдығы кереқарыс пенопластқа кірш ете қалды. Екіншісі сәл оңға қарай кетті. Үшінші... Төртінші оқ тіпті лаққан. Ашуланайын деді. Бесінші оқты қол мергендігіне басып, адырна тартқан бетте талтайып тұра қап, заулатты. Сегіздік! «Е, бәсе!» деді дауыстап. Қорамсақта соңғы жебе қалыпты. Оны да бүктемелі жағының белағашына салып, адырнаны сықырлата тартты. «Ең соңғы оқ! Ең соңғы мүмкіндік! Бұл ондыққа қадалмаса, атаңа нәлет, төбеден тамып тұрған тамшыны құрту үшін, қар күреуге кетуім керек. Кәне, қанды басың бері тарт! Қақ жүректің тұсы деп..!» деді ысылдай сыбырлап. Енді көздеп ата бергені сол еді ғой. Есік ашылып, көктемнің гүл-жұпарын ала Әйгерім кіріп келген. Кіріп келе сап, мұның ұйпа-тұйпа шаштарын одан сайын дудырата сап, қойма төріне қарай қашты. «Қап!» деді бұл. Артынан жүрегі бүлк ете түсіп, «жаным-ай...» деді жымиып. Арбалетті парта үстіне қоя салып, қызды қуа жөнелген. «Қазір жетіп ап, сүйіп алмасам ернінен!» деп ойлады да, өз ойынан өзі ұялып, беті ду ете қалды. Оншақты аттап жетіп алған, жетіп алған да ту сыртынан құшақтай кеткені есінде. Оң қолымен бойжеткеннің нәп-нәзік белінен орай бере, «тым жеңіл киініпті-ау» деп ойлады. Сол қолын иығына асып, мойнынан құшқаны есінде. Құшқан бетте еңкейіңкіреп, қыз ернінен тұңғыш рет өбіп қалды...
Қыз бен бозбаланың егіз жүрегіндегі қос тамшы сезім дулатқан тәндерінде шиыршық атқан қан тамырлары арқылы тәтті сүйіспен табысқан еріндерге қарай зауламаққа қалт тынып, тоқтаған сәтте шатырдың төбесінен жылай ағып келе жатқан көктемнің бір мөлдір өмірі парта үстінде оқтаулы күйде атылмай қалған арбалеттің шүріппесіне былш-ш етіп құлап түскен еді. Тежегіш тетігі тірек нүктесінен ажырап, мергеннің сұқ саусағын қапысыз күтіп тұрған жұмсақ серіппелі шүріппе басылып та кеткен сол сәт. Жебесінің кірісі нысанаға бағытталған аймүйіз арбалет кенет дір-р етіп, серпіле түсіп, керілген адырна шірей тіреп тұрған қамыссап құрыш оқ қойма түкпіріне қарай суылдап ұша жөнелді. Ұша жөнелді – көктемнің дерткен төсінен тамып кеткен әлемдегі салмағы ең ауыр тамшыдан серпіле атылған ажал жебесі. Суылдап ұшып бара жатқан жебенің бағытында еркелей ойнап, қытықтасып, бақыттың алғашқы мастығын көтере алмай тәлтіректей кетіп бір-біріне сүйеніскен, сүйенісе кетіп, өмір-көктемдерінде алғаш рет сүйісіп қалған қыз-жігіт нысана боп тұр еді. Екі жас, екі мастың жүрегінде бұлқынып тұрып қалған егіз тамшы бір-біріне қарай заулап ағуға батпай, алғаш кешкен алапат сезімнен дір қағып тұрған сәт құшақтасқан қос тәннің жүрек тұсына құрыш жебе қадала кеткен еді. Бұрала қашқан сұлу бойжеткенге жайраңдап жеткен бозбала қыздың ту сыртынан қапсыра құшып, сәл еңкейе емінген қалпы еркелей күлген, әнтек шалқақтай қалып, былқ-сылқ етіп ойнап тұрған ғашығының қауызына шық тұнған қызыл гүлдей ернінен сүйген сәті еді. Адырнадан ұли ұшып, зырқырап жеткен мұқыл кірісті қандыауыз жебе бозбаланың жауырыны етегінен қадалып, дүрс-дүрс етіп, дүр сілкініп қалған жүрегіндегі ынтықтық тамшысын пышырата жарып өте шыққан. Бозбаланың жүрегін қақ бөліп өткен сұм жебе! Жалт еткен сәтте «аһ» деп ышқына да алмай қалған жігіттің кеудесін көктей кеткен оқ қыздың жүрегіне де шаншылып, бүрін сезім түрткен тал-шыбықтай тәнін тесіп өте шыққан еді. Егіз жүректегі қос тамшы қандыауыз жебенің кірісінде қауышып, солығы басылмаған ажал оғы сәл алыстағы, адам кейіпті қалқиған нысананың ондығы таңбаланған қызыл шеңбердің дәл ортасына қадалып, дыр-р етіп тынған.
Аспан асты осынша тар ма еді?! Көктемнің мөп-мөлдір бір тамшы жасы қас-қағым тірлігін жалғыз тыя салмай, сезім, махаббат тұнған қос өмірді қоса ала кетуі әділет пе?! «Тым жеңіл киініпті-ау...» деп ойлады жалған өмір басынан бақиға ұшып бара жатқан бозбала. «Аһ» деді ақтық рет өмірінде алғашқы тәтті сүйіс дәмін татып, елжірей қатып қалған бойжеткен.
Қаланың елеусіз бір шетіндегі иесіз қойманың дәл ортасында бір-біріне сүйенісіп тұрған екі жастың түйіскен басынан, сүйіскен ернінен көктемдей мөп-мөлдір өмір өксік боп шығып, сәуірдің сәулесі сүйген аспанға қарай ұшып бара жатқан еді. Көктем де, аспан да, жер де, тіпті анау нысана ондығына қадалып, соңғы тұяқ серпістей кенет діріл қағып қап, қалт тынған жебеден тамып бара жатқан қанкүрең тамшы да жалт еткен жалғыз сәт екі ғашықтың жүрегімен бірге қалт тоқтап, түпсіз ғаламның ғайыбына үзіліп түсіп құлай кеткен-ді.

***

Сол көктемдей мөлдір маусым келмес бұл ғасырда енді! Келсе де шалғайдағы ұлтарақтай ғана шаһарға соқпайды...
Сол мазаң маусымнан қалған жалқы белгі – көктен тамып, жерге құлай сіңіп кеткен мөлдірліктің моласындай қос төмпешіктің ортасына биыл көктемде садақ жебесіндей сабағының әр тұсына тікен біткен қып-қызыл гүл өсіп шықты...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста