Рақымжан Отарбаев: ҚЫТАЙДАН ЖЕТКЕН СӘЛЕМДЕМЕ

Намаздыгер мен ақшамның ортасында күн күркіреп көктемнің кіндігін кескен. Қыс қамытынан мойны жіңішкеріп шыққан ауыл сіркіреп өткен ақ жауынға жауырын тосып «И-и, жарықтық-ай!..» десіп, келер күнге үмітін жалғап, мәре-сәре боп қалды. Өрістен шала құрсақ боп қайтқан малдың өзі қиы көңірсіп жатқан қораға өңмеңдемей жайылып, жалпақ басып, тіпті асығар емес. Бұл кезде Базаркүл қара сиырын күрпілдетіп сауып, Өмірбай қолына таяқ алып, жас бұзауды жасқап тұрған.
– Әй, шал, не естігенің бар? Әлгі туыс қуалап шекара асып кеткен Тақай оралыпты. Қоржын басы тоқ. Қызылды-жасылды дүниені теңдеп келіпті, – десін әйелі жарты қарыс емшекті жұлмалап жатып. Шарпып тұрған қайраты бар келіншек жалақтаған аш бұзауға қарасын ба, сүтті шелекке сар-сар ағызады. – Әлгінде көрші қатыннан есіттім. Пақырға шыр бітейін депті. – Өмірбай оқыс оянып кеткендей көзі алақтап жүрелей тізе бүккен әйеліне, талтайып тұра қалған қара сиырға, талмай ұмтылған ала бұзауға қарағыштай берді. – И-и, қақсаңшы мынаны! Шаяқ келгір, бұзауына өліп-өшіп сүтін іркіп тұрғанын қарашы. Соңғы идірімі аздай. Ал іш атаукереңді!
Бәкене бойлы, қырбық мұрты бар қоңқақ танау қара кісі аяқ-қолынан жан кетіп, іңір қараңғысына ілініп қалғандай еді.
Базаркүл есіне әлдене түскендей орнынан жұлқына көтерілді:
– Қытайдан қашып, биттері торғайдай боп келіп еді. Шеттерінен құтырайын депті.
Көз байлар кешкі алагеуім шақ пен әйелінің шаншу сөзі қатар жармасып, Өмірбайдың жанарын жасқап бір мұнар көлбеңдеп тұрып алды. Сыртқы қақпаны сартылдатып үйіне екпіндей кірген Базаркүлді де, желінді дембіл-дембіл тұмсығымен түйгіштеп, езуінен ақ көбік ағызып жатқан ала бұзауды да елең қылмады. «Тақай оралыпты» деген бір ауыз сөз ғана құлағының түбінде ызың қағады.
Әр тарапқа алып қашқан жүгенсіз ой дастарқан басына келіп шыныаяқ шетін тістегенде де байыз таптырмады.
– Құдай, Қытайдың арзанқол жылтырағына жұрт мелдектеп тойып болған.
Әдемі ақсары жүзіне әжім үйір бола бастаған келіншек жанындағы жез самаурынмен қоса шоқсыз қайнайды.
– Өңің неге қашып отыр?
– Жай, әншейін.
– Жай болса, мана телефон көтеріп Астанадағы қыз бен күйеу келеміз деді. Ерлан «ата-әжемді сағындым» депті. Зекетің кетейін сол! Таңертең ана қысыр саулықты өріске жібермей ұстап қал. Жас сорпа ішсін.
Базаркүлдің аузын жия бергені сол, есік сықыр етіп ашылып, Тақай да бермен аттады. Қолындағы қомақты түйіншегін табалдырық жанына дүрс еткізіп тастады да, мақамдап созып аман-саулық алысты.
– Ойбай, мынаны қара! Екі беті қып-қызыл боп тіпті жасарып кетіпті. Майлап жібергеннен сау ма?
– Кәне, жеңеше, шайыңды ысыт! Майлап та, қанжығама байлап та жіберді, несін сұрайсыз?
Өмірбай абдырап көрші інісін төрге оздырып, өзі пеш түбіне қарай екі-үш құйрық жылжып отырды.
– Иті сары май жемейді десеңші. – Базаркүл өз-өзінен қиямпұрыстанып аққұманын қолға алды.
– Ел-жұрт аман ба екен? – деді бұл әлден уақытта.
– Ой, аға, кәрі-жасы бірдей дұғай-дұғай сәлем айтып жатыр. Баяғы тобанаяқ боп жүретін заман жоқ. Несін айтасыз, дәуірлеп тұр екен.
Өмірбайдың көз алдына манағы мұнар қайтадан кептеліп, көлбеңдеп тұрып алды. Әйелі мен қайнысының қарпып әзілдескені де, тарпып дауласқаны да еміс-еміс құлағын жанап өтеді.
Оңаша қалған кезде әйелінің:
– Мә, киіп көрші. «Дұшпаннан түк тартсаң да пайда» деген. Қытайда қалған қатының беріп жіберіпті, – дегенін аңғарды. Өзі қолына жалт-жұлт еткен бір көгілдір матаны ұстап алыпты.
– Әдемісін! – деп тамсанады. – Сәбидің алақанындай мына бір магнитофонды да қоса салыпты. Е, пақыр, қайтсін?!
Мақпалдай жұмсақ иленіп, сыптығыр пішілген қара тон құйып қойғандай екен. Етегі дөңгеленіп тобық қағады. Бойына жылу жүгіріп сала берді.
– Саған жараспайды. Кәрі кісіге киім қонатын ба еді? Астана ақшұнақ аяз деседі. Күйеу балаңа кигізе сал! Аузының салымын қарашы. Әлгі қызды айтамын. Иіні тозып жүр еді. Көйлек тіктіріп кисін. Магнитофонды көргенде Ерлан қалай қуанады десеңші! Қой, шалым, жата қалайық. Таңертең малды өріске ертерек қосайық, – деп Базаркүл аяқ асты көңілденіп, алғашқы қосылған кездегідей найқалып жүріп көрпе төседі. Найқалып жүріп шыттай ақ сейсепті жайды. Найқалып жүріп тон мен жалт-жұлт еткен көгілдір матаны бүктеп шкафқа салды.
Түн ортасы әлдеқашан ауып кетсе де Өмірбайдың кірпігі желімденер емес. Жанындағы ақсары жүзіне әжім үйір бола бастаған келіншек іргеге қарай аунап түсіп, бірқалыпты тыныстайды. Жамылғыны таңға дейін шапалап теуіп, жағаға шығып қалған сары бауыр сазандай өз-өзімен арпалысады да жатады.
– Осы жеңгемнің екі үздік қасиеті бар. Ұйқысы тастан қатты, сосын сөзі зәрден ащы, – деп манағы Тақаудың қалжыңдайтыны ғой.
Кірпігі қайдан желімденсін, ұлы денесі төсекте жатқанмен, бар ойы Қытай бетті кезіп кетсе? Көңілі түскір көк дөненге бір мінбесін де. Бір төбенің тозаңын шүйкедей созып бір төбеге қосып...
Ақ қашып, қызыл андағайлап қуған аласапыранда әке-шешесі үркіншілікке ұшырап шекара асыпты. Құлжа маңына табан тіреп, қоңторғай күй кешті. Өзі жалғыз ұл боп бұлғақтап өсті. Айналада қара қытайдың қарасы жоқ-тын. Кейін ғой өңшең бойдақ қыз-жігітті ішкі өлкеден әкеліп төгіп, бір күнде қаптатып жібергені. Жерсінбеді ме, алғашқы кезде кешқұрым жаққан оттың жанына жиналып, келген жағына қарап дауыс созып жылайтын-ды. Өңкей қазақ атасы бөлек әлгілердің жалынға тышқан қақтап жегенін қызықтап, келеке қылысушы еді-ау. Жетім баладай жаутаңдап жүргендердің замана құбылып, атыс-шабыс кіргенде қолына қару ұстап, бір демде әскерге айналып шыға келерін кім білген?
Әкесі айттырған қызды алған. Төсек қызуы басылмай жатып төрт аймақты дүрліктіріп бүлікті бастаған Оспан көкесі ғой. Тар бұғауға басы сыймай, алдымен байырғы үкіметпен ұстасып, кейін гоминданға қарсы шапқан.
– Ата күлдігім, елім дейтін ер түгелдей атқа қонсын! Ез болса қытайдың қызыл өкшесінде жаншылып жатсын! – деп ұран тастаған.
Шешесінің мұнан тірідей айырылғысы жоқ. Қырық сылтаудың басын құрағанымен діні қатты әкесіне қайдан шыдас берсін?!
– Бар, қатарға қосыл! – деген ақселеу шал шақырайып. – Жаның – аманат, демің – нәсіп. Ердің соңы – Оспан. Елдің ойы – бостан. Осы екеуінен асқан әулие емеспіз. Бар!
– Жар басында ойнаған жалғызды жауға аттандырғаның қай сасқаның?! Өзі үрейқуық, қорқақтау. Бүргедей боп жүріп шеріктердің найзасының ұшына ілініп кетсін дейсің бе? Қытай қуғанда қашам деп аттан құлап мертігіп өлсін дейсің бе? Жерігін баса алмай келін отыр. Оспан қайнаға асарын асап, жасарын жасаған. Ешкінің дауын боталы інген беріп сатып алып, соқтықпаса жүре алмайды... – деп момындықтан бас алмайтын шешесі бәйіт айта бастаған.
– Тәйт! – деп әкесі жекіріп тыйып тастады.
Содан тауға бекініп, тас басқан. Қыбырлаған жауға қарсы қару кезеніп, небір ойранның ортасында жүрген.
– Атаң көрі, баяғыда шерік көлікке бұт артса, бір қазақ ердің артына мінгесіп, әлгіні тастай ғып құшақтап алатын. Өзі отырса желіске шыдамай, бостақым неме жерге топ-топ құлайды. Қазы жеп, қарта шайнаған арда қазаққа қайдан тең келсін?! Өңкей шөп-шөңге, – деп мұрындап сөйлер еді қайран ер. – Айызды қандырып, ақырып шабыңдар! Жаудың жаны шықсын!
Сәбетпен кермал кеп, қытайға кергіп баққан бұла Оспан да ақмылтық ажалдан қашып құтылмады. Қапысын тауып тынды. Әлекедей жаланған гоминдан қойсын ба, басшысыз қалған бұларды да ойбайлатып қуып ұстап, Құлжаның түрмесіне қойдай тоғытты. Жалынға тышқан қақтап жегендердің тфу десе түкірігі жерге түсер емес. Жыбырлаған жәндік құрлы көрмеді ғой сонда. Татар дәмі таусылмапты. Тозақтың отынан мешел боп төрт аяқтап еңбектеп шықты.
Араға жыл салып кенже ұлы дүние есігін ашқан...
Осылай әркім өз құлағынан өзі үркіп әрі-сәрі күй кешіп жүргенде Сәбеттің мейірі түсіп, шекара ашылды, «Туған топырағын аңсағандарға рұқсат» деген алақызба хабар дүңк ете түссін. Ерсілі-қарсылы шабыс басталды. Ауыздан-ауызға жұққан әңгіме сәт сайын құбылады:
– Сүйінші! Шекара бір жыл ашық тұрады дейді.
– Жо-жоқ, бар-жоғы бір ай көрінеді.
– Сәбет жағы әйел-еркегін бөлек-бөлек жауаптап қабылдайды екен.
– Қытай ышқырларындағы битке дейін санап алып қаламыз депті.
Әйтеуір ел дүрлігулі.
Бұл әбжіл қимылдап, Әсемай мен қос ұлын Алтайды жайлаған қайын жұртына аттандырды. Олар да жүгін теңдеп, өкше көтеріп отыр деп есіткен. Өзі Бозтөбенің етегінде қалған әке-шеше зиратына тәу етіп, бірден шекара қақпасына тартпақ. Қайын жұрты мен Әсемай келгенше ұлы көштен кезек алып, елге өтудің жөн-жоралғысын білмекші.
Болашақта қай өңірге қоныстанатының сол арада айтылады екен, ағайын-туыс тізімге тұтас ілінбесе тұрымтай тұсына шашыратып жібереді-мыс деген қаңқу құлақты тесіп барады.
Өмірбай кербестінің құлақ түбін терлетіп жеткенде үш күн қатарынан ашық тұрған қақпа жабылып, қос алқа салынғалы жатқан сәт еді. Бірінің етегін бірі басып жанталасқан елді бұзып-жарып ілгері ұмтылды.
– Қайын жұртың кеше өткен, көрдік.
– Наймандардың жігі жазылмай кетті.
– Албандарға кезек бүгін тиді, – деген әлдекімдер алақ-жұлақ етіп.
Мұны естігенде көңіліне тоқтық кірді. Ер-тоқымын алып, кербестінің күлте жалын сипап қоштасты. Аңсары болған ата күлдікке қазтабан басты...
Өмірбай аш бөрідей талаған ойға шыдамай орнынан тұрып кеткен. Темекісін тұтатты. Жанындағы ақсары жүзіне әжім үйір бола бастаған келіншек тәтті ұйқының құшағында бірқалыпты тыныстайды. Өзегін өртеген ащы түтінді талғажау етіп дем басты. Сол мең-зең қалпы күлсалғышты алам дегенде қолына сәбидің алақанындай манағы магнитофон іліне кеткені. Жата қап қайтадан көрпесін бүркенген. Әлден уақытта ақ тиіннің көзіндей түймелеріне қол жүгіртіп еді, о, құдірет, баяғы сағым жылдардың арасында адасып қалған Әсемайы сөйлеп ала жөнелсін. Даусы алғаш келін боп түскенде сыбызғыдай сызылып тұратын.
Шымылдықтан имене шығып, келісті қараторы өңіне қолаң шашы жарасып ата-енесіне шай құятын. Жүзін төмен салып, бет шұқыры ойылып жымиғанының өзі айналасын нұрға бөлер еді. Сол дауыс қатаң тартып, қарлығайын депті.
«Алдыңызға иіліп сәлем еттім, Өмеке! Бұл өзіңіздің Құдай қосқан қосағыңыз Әсемай ғой, – дегенде тұла бойы мың ине сұққандай шымырлап қоя берсін. Ауа жетпей, атқақтап жүрегі аузына тығылды. Зыр айналған магнитофон тоқтар емес. – Бізді ұмытқан жоқсыз ба? Тым құрыса сөзім жетсін деп балаларға айтып, «сәлем хат» жолдап отырмын. Қайтейін, пешенедегі жазу солай шығар.
Біз Алтайдан сабылып жеткенде қақпаны қайта ашпастай ғып жауыпты. Сіз кейінге мойын бұрмай, көппен бірге өтіп кетіпсіз. Сезіп ем, келгенше сол қабағым қоймай тартып еді...»
Өз-өзінен жоғалып боз мұнардың ішіне сіңіп бара жатыр екен дейді. Көз алдында ғайыптан бір нәзік сәуле оянып, сол шекара басындағы дүбір құлағында қайтадан тірілді.
Кеше қалың көшпен бірге өтті деген қайын жұрты мен келіншегін, мойны қылқиған қос қарғасын таба алмай, табанынан таусылған шақта:
– Өмірбай жаны ұясында болса тез жетсін, – депті қытай беттегі шекара бастығы.
Суыт хабарды естіген көрші-көлем, ағайынның жақ жүні үрпиісіп кетті.
– Біліп ем арамыздан осылай бір ши шығарын.
– Нені айтып отырсың? Отбасын түгендеп бергелі жатқан шығар.
– Әсемай мен тышқандай екі балаға бола қақпаны кері ашады деп пе ең?
– Аттап баспа! «Оспан батырдың қасында жүріп үкіметке қару кезенген жан Сәбетке өтпесін!» деген жарлық шығыпты.
– «Аңдаусызда өткені болса алдап шақырып алып, Құлжаның түрмесіне көзін жылтыратып қамаңдар, бәлем!» депті.
– Оны айтасың, «Қол-аяғына бірдей кісен салып, тілін көмекейден шорт кесіп алыңдар!» депті.
– Мойныңа алма! Бала – белде, қатын – жолда.
– Туған жерге тұяқ іліктірдік пе дегенде алдымыздан ылғи мас шықты.
– Ақша мен жүнжүн тап деп тепсінген тұзақ үзген алаяқ қаптап жүр... Ойы-бай, қайда келгенбіз?! – десіп қатын-қалаш бажылдасты.
Сөйтіп, аз ақылынан ажырап тұрғанда сымдай тартылған бір орыс офицері мұны алдына салып айдай жөнелген...
«...Кешікпей Сәбеттің бір сұлуына бұғалықты салыпты деп есіттік. Қойны құтты болса жарады. Біз пақыр сол өткен дәуреннің естелігін еміп қартайдық қой. Сіз төсек жаңартқан кез шығар, таң алды түс көрдім. Түсімде, Алла-ау, аппақ боп шырайланып кетіпсіз. Қасыңызға қалыңдығыңызды алып, бізден аулақтау кетіп, «Қаражорға» биін билеп жатыр екенсіз. Өксіп ояндым... Бірін айтып біріне кетем-ау, бір тон беріп жібердім. Қайбір денсаулық қалды дейсіз, үстіңізге киіп жүргейсіз, Өмеке...»
Жанын шабақтаған лебізді тоқтатқысы кеп еді, саусағы селкіл қағып, магнитофонның ақ тиіннің көзіндей түймесін тауып баса алмай қойды.
Естіген ғой. Ет бауырын езіп жүріп ақыры бір қызымен байдан шыққан осы Базаркүлдің қолына кірген. Өзінен бір мүшел кіші. Қайтып етегі қанамай қойды. Келіншегі ауылдың дүкенін ұстап, өзі пошта тасып ел ортасына жантайды ғой...
«...Көкейдегі күйік-шер айтпасыма қояр емес, Өмеке. Келе «Күйеуімнің соңынан бізді де босатыңыз» деп арыздандым. Неке суын іштік, қаттаулы куә қағаз қайдан болсын? Шекара бастығы иманды жігіт екен, «Егер күйеуіңіз «иә, қыздай қосылған қосағым, растаймын» десе...»
Үсті-басы безгек тигендей қалшылдап темекісін қайта тұтатты. Көк түтін бұрқ етіп, көз алдын бір мұнар тұмшалап тұрып алды.
Иә, сымдай тартылған орыс офицері алдына салып айдап әкелген. Жауаптасу қысқа болды.
– Әйеліңіздің бары рас па? – деді домаланған қытай.
– Жоқ. Қайдағы әйел? Оспан батырды да ғұмыры көрген емеспін, – деді бұл.
– Балаларыңыз ше?
– Ешкімді білмеймін. Үкіметке қарсы соғысқаным жоқ, – деді тағы да құты қашып.
– Жалғыз бастысыз ба?
– Иә...
«...Өмеке-ау, «Иә, соңымда Әсемай мен қос ұлым қалды, жібере көріңіз» десеңіз, бізді шекарадан әне-міне өткізгелі тұрған. Көрші бөлмеде отырып барлық жауаптасуды есіттік. Бізден танып шығып, құрбандыққа қиып кеткеніңіз қалай?! Жүрегіңіз жұмсақ еді ғой...»
Өмірбай еңкілдеп жылап төсекке құлады. Құлап жатып көрпені бүркенді. Ыстық жас тарам-тарам боп екі бетін күйдірді. Сәбидің алақанындай магнитофондағы дауыс бірер жөткірінген, көз алдына Әсемай көлбеңдеп келе қалсын. Келгенде де, ілкі босаға аттағандағыдай келісті қараторы өңіне қолаң шашы жарасып, бетінің сүт шұқыры ойылып кесе-көлденең тұра қалды. Қатаң тартқан қарлығыңқы даусы жұмсарып сыбызғыдай сызылады.
«...Содан бізді шекараға тиіп тұрған ауылға қоныстандырды. Қыста мал бақтық, жазда шөп шаптық. Аязға үсіп, аптапқа пісіп жүріп қос ұлыңызды қатарға қостым, Өмеке. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттырған жоқпын. Ертеректе Көлсайдан бел орақпен шөп шауып жүргенімде екі тентек қыр басына шығып, арғы бетке телміретін де тұратын. Сәбет жақтан қыбырлаған қара көрсе, «Әкем келе жатқан шығар!» деп ұшып кете жаздайтын. Мен де соларға сеніп, Өмекең болса, бәлкім, есіне түсерміз деп ән бастайтынмын. Қыз-жігіт боп ай астында ақсүйек ойнап, алтыбақан теуіп жүргенде «Балапан қазды» әуелетіп шырқаушы ек қой. Есіңізде ме?
Бұл өлке – біздің ауыл жайлаған жер,
Желіге асау құлын байлаған жер-ай!
Көзіме от-жалындай көрінесің,
Құрбымен алтыбақан ойнаған жер-ай!
Е-ей, ахау, сабаз,
Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай!
Қос жетімекпен қосылып шырқыраған сол даусым құлағыңызға жетпеді ме, Өмеке?..»
Үстіндегі тұмшалап жатқан көрпені лақтырып тастап, даусы әлем-тапырық боп бақырып жіберді:
– Тірілей көмдің ғой, Әсемай! Балапандарым менің!.. Кеш сорлы әкеңді! Кеш!
Жанындағы әдемі ақсары жүзіне әжім үйір бола бастаған келіншек ұйқысырап іргеге қарай аунап түсті.
– Шаяқ келгір!.. Атаукереңді ішкір! Өңмеңдеуін!..
Қаракөлеңке шегіне-шегіне үйдің төрт бұрышына тығылып, таң етегі түріліп қалыпты.
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста