Тоғыз жолдың торабына қоныс тепкен Түркістанға табаным тисе тұлабойым жылынып қоя береді. Күн сәулесі тік түскен аймақтағы төбесімен Көк тіреген кесене, жылы топырақ, жылы су, адамдардың бір-бірін білмесе де әудем жерден бас изескен жылы көңілі жан сарайыңды жадыратып, көңіл сеңін қозғайды. Ескі мұражай, көне жәдігерлерді көріп тұрып ескі таныстарыңды іздейсің, бірге болған кездеріңді еске аласың. Орталық қонақ үйге түсісімен Тәшкенде танысқан өзбек жігіті Эргашты ойладым. Телефоны мен тұрақжайы қойын кітапшамда жазулы екен.
Кесенеге кіріп, тайқазанға теңге тастадым да, Эргашқа телефон соғып едім:
– Келіп алып кетемін. Қонақүйден еш аттап шықпаңыз, – деді.
Эргаш келді. Тілінде мүкіс жоқ, таза қазақша сөйлейді. «Дружба» совхозының директоры болғанын, жекешелендіру жүргенде совхоздың ұжымшарға айналғанын, әлі де сол шаруашылықтың директоры екенін айтты. Жеңіл «Москвич» Түркістанның тас көшелерінің шаңын бұрқыратып әп-сәтте Эргаштың шаңырағына алып келді. Есік алды дәл бір машина-трактор шеберханасы секілді. Маңқиып «Белорусь» тракторы, жүк машинасы, екі тіркемелі тележка тұр.
– Бүгін жаңа моншаны жағайын деп отыр едім. Дөп келдіңіз, – деп машинаның есігін жапты. – Бұл өзі негізі қазақ аулы ғой. Әйелім қазақ. Сізге күйеу бала болармын.
– Бәлкім, жездем боларсың.
Қызыл кірпіш жаңа мұржадан қою түтіні көкке қарай сызыла қалықтаған бәкене үйшіктен үсті-басы мұнтаздай таза, сұңғақ бойлы, қою қара шашын ортасынан тік жарып, екі жағына бөле тараған, сақалы самайынан иегіне дейін жіп-жіңішке боп жол тартқан, қылаң берген қырықтың жалына еркін жармасқан көккөз жігіт шығып, таза орысша амандасты. Үп-үшкір иегі мен қыр мұрыны, жалпы бет-бейнесі орыстың ұлы жазушысы Иван Тургеневке келеді екен. Тағы біреуге қатты ұқсатып тұрмын. Таптым, «Мақар Чудрадағы» барин... Радаға ғашық боп жол тосқан... дегені болмай қызға теріс батасын берген мырза. Ортасынан қақ айырған шашы соған көбірек ұқсайды.
Эргаштың балалары бірінен кейін бірі келіп, қолын кеудесіне қойып, өзбек мақамымен сәлемдесіп жатыр.
– Ет асайық па, палау жейміз бе? – деді Эргаш алдыма кесекөлденең тұра қап.
– Оны әпкем сұрамай ма?
– Қа-тын!
Шәй» көйлегі делеңдеп, шәйі дамбалы балтырын бүркеген сидам денелі қара торы қазақ келіншек әудем жерде тұрып:
– Армаңыз. Яқшы жеттіңіз бе? – деді өзбекше.
– Інің осы кісі.
– Айтыңыз қайсысы? – деді Эргаш тезірек тапсырма беріп, жұбайын көзден таса қылуға асыққандай.
– Өзбектің үйінде палау дұрыс қой.
– Онда моншадан шыққанда дайын болсын. «Балам, моншаға тамаққа тойып түспе» деген көне өсиет біздің шығыс моншасында ілулі. Әлі көрерсіз.
Орыс жігіті моншаның ішіне кіріп шықты да:
– Су сельси 100 градус, – деді. – Ал, кеттік, – деп Эргаш мені қолтықтай жөнелді.
– Қожайын, – деді жігіт соңымыздан еріп кеп. – Монша дайын. Мен бір жерге баруым керек еді, – деді қипақтамай тура қарап.
– Бармайсың. Біз моншаға түсіп болмай ешқайда бармайсың. Оның үстіне қонақ келді.
– Мен әйелмен кездесемін. Кездеспесем болмайды. Мен оны сүйемін. Ол да...
– Дәл монша жағатын күні кездеспесең болмай ма? Бармайсың, Митрей. Бізді моншаға түсір онан да. Сыпыртқы дайын ба?
– Дайын. Біреу.
– Сиреньнен дайында, – деп көкпеңбек боп гүлдеп тұрған жіңішке ағаштың сидам шыбықтарын нұсқады.
– Екеумізге екеуін.
– Қожайын, – деді Митрей басы төмен иілген ақшыл көк түсті бұтақтарға көз тігіп.
– Бұны гүлдеген кезде сындырып алады, сыпыртқы жасамайды. Бұл – киелі ағаш.
– Әне, жиырмасыншы ғасырдың құлдары қожайынға қарсы келеді. Сындыр не де болса...
Есіме Жапонияда көрген, құлайын деп тұрған кәрі ағашты сүйеп қойған тіреу түсті. Ағашты кесуге болмайды. Адам ажалынан өлуі тиіс болса, ол да өз ажалынан өлуі керек. Бұл – табиғат заңына бағыну деген сөз.
– Эргаш, қой енді, – деп қожайынды қолтықтап моншаға кірдім. Ол есіктен кіріп бара жатып Митрейді ала көзімен ата қарады.
Жаңаның аты – жаңа. Жаңаның жанға жағымды тәтті иісі болады. Мұнда да жас қайыңның иісі мұрын жарады. Су ағатын құбырдың бәрі жаңа, бұрандасына дейін күміспен күптелген, жаның тазалықтан рахат табады. Еденге дейін қоңырқай түсті емен төселген. Ыстық судың қызуы 100 градус деп термометр мөлт-мөлт етеді. «Сыртта қалған Митрей қайтті екен? Кездесу оның көптен күткен арманы шығар. Әдейі монша жағылған күнге жоспарлаған шығар. Сүйгені, көңіл қалауы екенін ашып айтты ғой. Бұрынғылар құлақкесті құлдарын ата-анасындай жақсы көрген. Олардың жан-дүниесі бірдей, тек құлдың өзін-өзі билеуге ақылы жетпейді. Ол сондықтан тәуелді. Ал, мына Митрей ақылдылықтан тәуелді боп жүрген сияқты. Социализмнен капитализмге ауысқанда адамзат ойлап тапқан ең озық қоғамның қағидаларын қабылдай алмай құл боп жүргендер аз дейсің бе».
– Күніге бір бөтелке арақ берем. Тәбеті қасқырдікіндей. Аптасына бір рет әйелмен кездеспесе тұра алмайды, – деп Эргаш терлеп-тепшіп, бойы жіпсігеннен кейін тосын әңгіме бастады.
– Адамға тән нәрседен жат болсын ба.
– Совхоз «Дружба» болғасын тоқсан тоғыз ұлттың өкілі тұрады. Бір ұйғырды қуып жіберіп, жүріс-тұрысы таза ғой деп осыны алып едім. Жатқан сері, араққа тойып алып кітап оқиды, әйтпесе қатынға барады.
Шашын ортасынан қақ айыра тараған жігіттің тыста бізді күтіп тұрмағандығына көзім анық жетті. Бүгінгі күннің құлымен бетпе-бет кездестім, ал дегені болмаған құл иеленуші бой-бойы шығып терлеп, ызалы кейіпте әңгімені гөйітіп отыр. Митрейді «Ағайынды Карамазовтардағы» Смердяковқа да ұқсата бастадым. Ол Ресейдегі адамзат атаулыда адамгершілік жоқ деп бәрінен сырт айналады, меніңше, Есенин тектестермен ғана сырттай етене боп жүреді. Не де болса құл қатты кетті. Жазғанға бір нәрсе жетпей жүр-ау. Бір нәрсе... Жер сілкінісінде ең әуелі жабылып эпицентрін іздемей ме? Оның жанының эпицентрін өзінен басқа кім іздейді дейсің. Терлеп-тепшіп отырып Эргашқа бас изеймін, құлағым – біреуде. Қиялым – өзімде.
– Шығайық. Буда көп отыра алмаймын, – деп тұруға ыңғайлана бастадым.
– Отыра тұрмаймыз ба.
– Жоқ, таза ауаға шығайық.
Бір жағынан Митрей тұр ма, жоқ па деп дегбірім кетті.
Менің соңымнан терін баса алмай бой-бойы шығып Эргаш ілесті.
Трактор мен тіркеменің арасында көкпеңбек боп гүл ашып, жұпар шашып тұрған Түркістанның бозқараған сирені қандай сұлу.
– Дада, Митрей-үкә сиреннің бір бумасын сындырып әкетті, – деп ұлдың үлкені өрекпіп, әкесіне айтып үлгерді.
– Жүріңіз, көрсетейін, – деп Эргаш бетіне шып-шып шыққан моншақ терін сұқ саусағымен бір сылып тастап, сиреннің арғы тұсіндағы тоқал тамға бастап келді. – Мынау әлгінің жатын орны, – деп, басымды ұрып алмайын дегендей босағадан иіле кірді.
Мұнтаздай таза жалғыз бөлме. Үй иесінің темекі шекпейтіні бірден белгілі – никотин араласпаған таза сыз иісі танауды қытықтап, қолқаны атады. Тығынынан айрылған бос бөтелкелер темір кереует астында шаң-шаң боп сап түзеп тұр, Бір қабырға түгел қалың, жұқа кітаптан көрінбейді. Дәл төрде И.Репиннің «Волгадағы бурлактар» картинасы.
– Осыны бір айлығын күні бұрын қиылып сұрап, базардан сатып ап іліп қойды. Осы неменеге керек болды екен маскүнемге, – деп мен қонақ боп келгелі алғаш қабағын ашып, күлімсірей қарады.
Кендір арқанды иыққа асып кеме сүйреген Волгадағы бурлактардың бірін өзіне ұқсатып, темір кереуетте тырп етпей жатқан Митрей көз алдыма елестеп кетті. «Қазір не істеп жүр екен? Сүйген әйелімен кездесіп, бір жерде шарап ішіп отыр ма екен?»
– Келмей қайда кетеді дейсің...
– Эргаш қарағай есікті тарс жапты.
– Мендей қожайынды шам алып іздесе де таба алмайды.– Моншаға көтеріңкі көңіл-күймен түсу керек еді, – дедім мен.
– Қайта түсейік, – деді ол.
– Моншаға бір күнде екі түспейді, – дедім кетуге қамданып.
– Шәй да, палау да, һаммасы даяр, – деді Эргаштың жұбайы әудем жерде тұрып дауыстап тіл қатып.
– Түркістанның өзіненсің бе! – деймін шәй үстінде әпкем Пістегүлді сөзге тартып.
– Дәл өзінен, мәркәзінен...*
– Пістегүл әпке, төркініңіз келгенде неге қазақша сөйлемейсіз? – деймін Түркістанның төрінде «Тіл туралы» Заңды алға тартып.
– И-и-и, маған қазақша нәма керек, – дейді ол «еркектердің арасында көп бөгеліп қалдың» дегенді қас-қабағымен танытқан түйенің жарты етіндей күйеуіне жалтақтай қарап.
– Бұл қайтсін қазақшаны, – деді күйеуі де шашпа палауды саусақ ұшымен шұқып ап, екеумізге кезек масаттана көз тігіп.
Тәшкенде танысқан Эргаш Түркістанда екі бірдей құл иеленіп отырғандай көрінді.
Қоштасып, қам кесек – биік дуалмен қоршалған үйдің ауласынан шыға бердім. Тоқал тамның есігі ашық қалыпты. Төрге ілінген «Волгадағы бурлактар» жарқырап, көк теңіз толқып, кеме сүйреген құлдардың бастары қылтиып көрінеді. Қожайынның рұқсатынсыз қыдырып кеткен Митрейді басы жерге дейін иіліп, иығын арқан қажаған бурлақтың біріне ұқсатқым келсе де ұқсата алмай бөгеліп қалдым. Құл иеленушінің даусы да құлағыма қайта естілді – «Келмей қайда кетеді дейсің»
... Көңілінің эпицентрін тапты ма екен, жігітің?
Кездесуден кейінгі кейпін бір көрсем деймін ішімнен.
Тоқал тамның қарағай есігін ешкім жаппады. Сыртқа лекіген сыз иісі сирень иісімен араласып, мұрын жарған күлімсі иіс ыстық күнде ауаға сіңе алмай аулаға кірген адамның тынысын тарылтып тұрып алды.
* Орталығынан (Өзбекше).
Көптомдық. ІІІ том