Қажығұмар Шабданұлы: Қылмыс-1 (жалғасы)

 Қажығұмар Шабданұлы: Қылмыс-1 (жалғасы)

VI

Біз енді Қара қабаққа қарап құлдадық. «Досты» іздеуге оратын бидайды қоса іздеп құлдадық. Егінші – дуал үйлерді аралағанда, малшы киіз үйлер көзге мүлде шалықпайтын бол- ды. Пісіп тұрған шағын ғана бидайды көріп, тастақты төбе бауырындағы там үйлерге бұрылдық. Өндірқан атты орта шаруаның бидайы екен. Қара мұртты семізше қара қазақ, біздің түгел қаусап тұрған шырайымызға сыдырта қарап шықты да, қазбалап саудаласпады:
–  Мақұл,  орыңыздар,  жұрт  нарқын  да  көтерейік!..  Əне  бір бос үйіміз бар, соған түсіп, алдымен біраз дем алыңыздаршы!.. Балаларыңыз не қып шалдыққан осынша?!
– «Жұт жеті ағайынды» дейді шырағым, – деді əкем, – осы са- парда оларға мен қосылып, сегіз ағайынды болған соң, не жаны қалсын бұлардың.
Өндірқанның бидайы төрт ағаш бидайдың орны екен, жұрт нарқы бойынша «ағашына ағаш» – төрт ағаш бидайға келістік те, сол күннен бастап ақымызбен көрістік. Біздің жайымызға қарап, ол көк бұршағын да, сусындық үшін қауын-қарбызын да аямады. Орауға көтерткен бидайының қасындағы қауындығын да қоса көтерткендей пейіл білдірді.
– Біз де бір шəкене ғана егіншіміз, əйтеуір бидайымызды шаш- пай, таза орып беріңіздер, – деген талабын айтты.
– «Сыйға сый – сыраға бал!» – деді əкем, масағын да қоймай тазалап оруға кірісті.
Жұттан қалған адамның өзі де жұт, көзі де жұт сияқты. Үш күнге дейін біздің жұтқыншағымыз құрғамай жеумен болдық. Шешеміз бен Биғайшадан басқамыз егіннің басында, қауынның қасында үш күннен соң ғана күлуге жарадық.
– Үй, осы қауынның иесінің аты Өндірқан ба, Жұлдырқан ба? – деп күлді Бигелді. Қаунының пысқанын тауысып, енді шикісін əкеле жатқан Биғазы мен Биғаділге күлді, – жұлдырқан емес болса, шикісін жұлмаңдар енді, өздері жұлатын бірдеме қалсын!
Тіршіліктің сілкінуі сияқты естілді осы күлкі. Күлкі деген өзі де сондай құбылыс қой, Ергейтіден шыққаннан бері естілгені осы еді. Тірі қалғанымызды енді білгендей болдым, жел қуған қаңбақша домалаған шіркін тіршілік қайсы тасқа, қайсы ағашқа соқпады. Үш ай бойына қаттысымен басымыздың мыңғы-дыңғысын шығарып əкеліп,  тұмсығымызды  тəттісіне  тірей  қойып  еді,  үш  күннен соң-ақ күліп жібердік. Ұмытқан күлкімізді таныған соң, тағы ұмытып қалмайық дегендей тағы күлдік. Көп желінген көк бұршақ пен көк қауын қарнымызды тіпті көп «күлдірді». Біреуіміздің қарнымыздағы «күлкіні» алыстан естіп қойып біреуіміз күлеміз. Ышқырын ұстап тұра жөнелгенде бəріміз күлеміз, кезек-кезек жүгіріп, кезек-кезек күлістік. Жапа-тармағай жүгіретін дəрежеге жеткенімізде күлкіні əкеміз шорт тыйды: көп күлкіден тыю үшін көк қауынды шорт шектеді.
Күлкі шектелісімен орып жатқан бидайымыз да бітті. Бауға басып болысымызбен Абдырадағы Бағалдай дейтін сібенің жиыл- май, қауіпке ұшырамай тұрған бидайы бар дегенді естідік те тағы көштік. Күлкімізді тауып берген Өндірқанға, жұлдырған қауынына рахметімізді айтып көштік.
Егіннің жиынтерін кезінде қыстық азық тауып алу бəріміздің көкейкесті арманымыз болды да, Бағалдай жаққа бар ынтамызбен бүлкілдедік. Екі ешкі де түйе болғандығына бұл жолы ұялатындай емес, дағдыланған ұлықты жануардың өзіндей-ақ еңсесін көтере заулады. Артқы екі «түйеміз» тіпті көтеріңкі, атан сияқты адым- дай басты. Бұл екеуінің арқасында ыдыс–аяқтан басқа бақандай екі ағаш бидай бар, біз алшаңдамай кім алшаңдасын. Ұяттан айырылған «досымызды» іздеуді ұмытып та кеттік.
Сəулетті бақшаға оранған кішігірім қалашықтай үлкен қоржа алыстан асқақтай көрінді, Бағалдайымыз сол екен. Маңайы жасыл шалғындай жайқалып тұр. Оның дені апиын екенін өзіміз келе жатқан жол бойындағы апиын тақталарынан білдік. Ал қызыл, ақ сары гүлдері самсаған жасыл жапырақ күн нұрымен көздің жау- ын алады. Бағалдайдың бидайын іздеген адам, жазық беткейдегі ол «жəннетқа» баспай, шығыс жақтағы сары далаға – Сібеті жаққа тура тарту керек екен. Біз де қиырлап шығысқа тарттық.
Киіз үй, жер қопын, шөп күрке, балаған аралас бірнеше үй отырған оймауытқа күн бата жеткенімізде, Бағалдай егіндігінің шеті осы екенін естідік. Бəрі бейтаныс көрінген соң шеттей қоныстануға тура келді. Əкеміз «жуңтуын»11  сұрап арғы шеттегі бір киіз үйге кетті де, басқамыз қисая-қисая қалдық. Сол киіз үй жанындағы арбаны қоршап, қияр жеп тұрған жігіттер бізге үнсіз қарасып қояды. Тегіс гранат лақтыруға бұйрық алған бір топ əскерше, бір кезде бізге қарай қиярды жаудырып кеп жіберді. То- зып кеткен құмдауыт жұрттың тозаңы аспанға көтерілді. Шаңның ортасында қалдық. Қияр жерге түсе быт-шыт болып лайша шашы- лады екен.  Таңдайымыз кеуіп келген біз бір түскеніне бір қарап қойып тамсанып жата бердік. «Гранатшылар» киіз үйден біреу шыға келгенде қоя қойды да, ол кіре бере тағы жаудырды.
– Япырмай, мыналар не деген əулекі, – деді шешем, – жарым арбасын лақтырып тауысты!
– Əулекі емес, жеңеше, – деп Бигелді түсінгенін айтты.
– Киіз үйдегі жуңтуынан ұрлап лақтырып тұрмай ма, шөлдеп келгенімізді біліп, жаны ашып тұр.
Биғазы арт жақтарындағы екі қопының арасынан кірді де, біреуінің ұстатқан дорбасын ала қашты. Бигелді сол бір топ жігіттің берген қиярларына емес, пейілдеріне қуанды.
– Жарайды!.. Осындай жігіттермен бірге істесе мұның ішінде талай Нұрғазы бар-ау шіркін. Бірауыздылықтары байқалып тұр!..
Бигелді бұларға қосыла алмады, бидай егіндігі əлі алда, жуңтуы да басқа екен. Біз таңертеңіне тағы көштік. Бір қыраттан асып қарағанымызда кешегі бір көрген «сары дала» күн нұрымен көз қамап, таяудан көрінді. Қара жолмен шұбыра жөнелдік. Алдымыз- дан құйындатып келе жатқан төрт-бес салт аттыны көрген əкеміз бізге жолдан шеттей жүруді бұйырды. Артындағылары далбақтап қанша шапқанымен алдыңғы қарагердің жорғасы шалдырар емес.
– Мынау – Бағалдайдың шауиесі болса керек, – деді əкем, – əлгі ауыл бұл сойқанның келетінін кеше естіп үрейленіп отырған.

11 Жуқту - егінбасы
 
Бигелді жүгін қоя салып əскерше қалт тұра қалды да, түндегі жігіттерден естігенін айтты.
– Кіші шауие болса менше тұра қалыңдар! Осылай құрмет білдірмесе, сабап кетеді дейді! Екі ешкіден басқамыз қатарға келіп Бигелдіше қақия қалдық.
– Ей, ұрымысыңдар, қайтыңдар! – Шауие осыны айтып арс ете түсті де, екі ауыз сөзі біткенше құйғытып өте шықты. Осындай
«əдемі» сөз шыққан ауызы толы алтын тіс екен. Арс ете түскенде жарқ ете түсті. Жүзі де, көзі де қып-қызыл күрең құтырғандардың құдайындай тізгінсіз, тым асқақ бейнесін бір-ақ ақтарып өтті.
– Мынау мас па?! – деді шешем, əкеміз бір күрсініп алып, жүгін қайта көтерді.
– Бұл өңірдің лауиесінен кейінгі кіші құдайы осы!
–«Қайтыңдар!» – деп кетті, орақшы керек емес болғаны ғой!
– Жоқ, бəйбіше “құдай болғанымен мына қалың  бидайының не күйде екенімен, оны кім оратынымен ісі жоқ “құдай” бұл. Оның жуңтуы біледі, соған сөйлеселік!
“Лаулие, шаулие” деген терминдерді күбірлеп айта ілестім мен. “Үлкен ұлттық дəреже” деп түсініп едім, мұным кемірек түсінік екен. Кейіннен ұқсам, “үлкен баба”, “кіші баба” деген сөздер болып шықты. Демек, жер иесінің осы құтырған ұлы бұл өңірдегі халыққа “кіші баба” аталғаны ғой!.. “Үлкен бабасы” – Бағалдайдың өзі! Түп мағанасында “жаратушы ие” дегенге саятын осы бір дəстүрлі сөз хан- зу тілінде “мырза” дегенде ғана жеп-жеңіл айтылады екен. Құлшылық психологиясының бұл елге апиыннан да тереңдеп сіңгенін айна- дай көрсететін осы атауларды жаңа келген біз де жеп-жеңіл көрдік. Олардың өз атын білетін бұл өңірдің жергілікті халқы осылай атап жүргенде, білмейтін біз қалай атармыз.
Бағалдайдың қатарында Доғалдай дейтін бір шонжар тағы бар екен. Бұларға “жаратушы ие” болардай құдіреттің қалай біткенін “Қалдай” деген сөзден іздеп таптық: он сегізінші ғасырдың соңғы жартысында жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, Жоңғарияға келген мəнжу армиясының жүз басылары бұл жерде “Қалдай” деп аталыпты да, бұл қалдайлар мансабын пайдаланып, маңайындағы жердің бəрін тартып алыпты. Сөйтіп, жер иесі болған мықтының жергілікті егіншілерге жер тəңірі аталуы қиын ба. Бағалдай – солардың бəрінің мұрагері. Шынжаңда Ян-Жин үкіметінің дəурені өтіп, бұлардың қалдайлығы қалса да, қорс етері қалмаған сияқты. “Лауие”, “шауиелігі” бұрынғы қалпында екен.
Біз осы “тəңірдің” егіндігіне келдік. Шауие Лауиенің кіші ұлы екен, “үлкен Шауие” деп аталған үлкен ұлын көрмедік те, “кіші Шауиенің” əлгі бұйрығын тыңдамай келдік. Əкемнің айтқанындай болып шықты. Кең алқапты бір-ақ қаптаған сары бидай сары мұртты қазақ жуңтуды қатты састырған көрінеді. Келген адамды “ағашына ағаш” нарқында оруға талғамай қабылдап жатыпты. Ораққа келген басқа жалшылардың жолымен біз де жер үй қазып алдық. Төбесін шөп – шаламмен жаба салып бидайға кірдік. Орақшы қанша көп болғанмен, бидайдың ол шеті мен бұл шетіне көз жетер емес.
Жуңтудың өлшеуінше əр ағаш бидайдың орны Өндірханның ағашының орнынан екі есе көлемді екен. Екі ағаш тұқымның орнынан  бір  ағаш  бидайға  отырғызудың  амалын  солай  тауып- ты.  Айдаһардың  алдына  келгенімізді,  оның  егіні  айдаһардың өз ұзындығымен өлшенетінін біле қойдық. Күніне “бір ағаш” бидайдың орнын түсіреміз деп кіріскен əкем мен Бигелді екі күнде əрең орып болды. Екеуінен төгілген тер айдаһар таңдайына жұғын болмаса да таңдап сайлаған жуңтуы – сол терді тажал ауызға та- мыза беруге құмар Қызырхан дейтін ең жарамсақ пендесі екен. Айдаһарға еңбекші қанын ішкізіп, жағып сонысымен оған қыдыр болғысы келген Қызырхан ешбір орақшыны аяйтындай емес, төселген əрқандай мықты орақшы күніне үш шың12  бидай түсіре алмай қалғанын айтып зар қағып жүріпті.
Орақтың табысына сүйенуге болмады. Əкем мен Бигелдіден басқамыз түгел масақ теруге аттандық. Есі дұрыс орақшы мұндай нарыққа дұрыс ора ма? “Сақалына қарай іскек” қолданып шапқылай беріпті. Орақшыдан масақшының табысы өнімді көрінді.
Жорғасын құйғытып Шəуие келсе де, егін басына келмейді екен. Жуңтудың үйінен аттанып жүрді. Бізге дүрдигенімен жуңтулықтың да бейшара мансап екенін байқаймыз. “Көл қорыған қызғыш” жас тоқалына қызғыш бола алмапты. Қожасы келіп орнына төнгенде, жуңту орақшыларға барып түнеп жүрді. Ал шауие жоқта, əрине, өзі шауие ғой, бір күні бір орақшының жас əйеліне де шауие болғысы келіпті. Бірақ, одан жолы бола қоймағаны əшкере бола қалды.
Біз жуңту үйінің алдыңғы жағындағы бидайы тасылып босаған аңыздан масақ теріп жүрміз, жуңтуң жер қопындардың арғы шеткі біреуіне барып кірді. Күзеннің айғыры кірген індегі күзенше шаңқ- шұңқ етіп бір келіншек шыға келді де, жуңтудың киіз үйіне қарай жүрді. Сымбатты келіншек жуңтудың ақсұры сұлуын сылаңдата же- телеп шықты да, өз үйіне тартты. Сары күнмен шаңқиған сағымды 12 Шың – ағаштың оннан бірі (сыйымдылық өлшеуіші, төрт кило бидай сыяды) даланың ыстық аңызағы оның айтып бара жатқан шағымын бізге де анық жеткізді, бəріміз де қарай қалдық.
– Анауыңды тыйшы!.. Жақсылықша айтқаныма қояр емес! Күйеуіме сусын апарып берейін десе... жібермей қылжақтайды. Біз ондай кəсіптің адамы емеспіз! Сен тұрғанда несі бар бізде! Ирелеңдеген ұзын сары жуңту жер қопынан бүкшең қағып шыға жөнелді де, қиыстап орақшыларға қарай тартты. Əйелі жедел ба- сып соңынан қоса сөйледі:
– Тоқташы, ей, тоқташы! Мен жетпей жүр ме едім!..
– Үйге бар! – деп ақырып қалды жуңту, – өшір үніңді!
–  Өшірмесем  қайтпексің,  неше  рет  кешірдім  сені!.. Құтыруын!..
Ері ұзап кеткенше қарап тұрған ол, құйғыта қайттты да үй ішінің ту талапайын шығарып сыртқа шығарып берді. Есіктен табақ та, тас та, екі-үш шыны да атылды. Ақырында сыртқа өзі атылып шығып, жер ошақтағы күлді шашты. Өшпеген шоқтар  да қып-қызыл болып, желмен ұшты.
Жер үйлеріміздің үсті қалың шөппен бастырылған еді, біздің қопын мен жуңту үйінің арасындағы бір қопын – ауру кемпірдің қопыны болатын. Көтермеге айналған екі кішкене жетімі жерді жөндеп қаза алмағандықтан, жарым–жартылай шөп күрке болып шошайып тұрушы еді. Бізбен бірге масақ теріп жүрген ол екі жетім жіліншіктерін шидитіп тұра жүгірді де, күркелері жаққа сұлу келіншек шашқан шоқты су құйып өшірді.
Масақ теріп күн көруге келген жетімдер ашуға мінген жуңтудың жуңтуына жөн үйрете алмады. Шешелері неше күннен бері шыға алмай күркесінде жатқан. Сыртта келі түйіп, көжелік бидай шаншып тұрған біздің шешеміз келіп от жөнінде “келініне” ептеп қана басу айтып шаққандай болды. Түлкідей жарау сылаң нақтылы көкжалдың өзі екен. Басылғаны сол, кеш- ке жақын жуңту қайтқанда тіпті құйындатты. Біз есік алдында кішкене қырманымызға жиған-терген масағымызды жайып, жа- была таяқтап, тоқпақтап жатқанбыз. Əр күні кешке жақын бүкіл ауыл сатырлатып осы кəсіппен болатын. Пулеметше үздіксіз тақылдап біріне-бірі ұласып кететін “осы соғасты” жуңту үйіндегі соғыс басып түсті бір кезде. Жуңту мен жуңтудың жуңтуы шаңқылдасып-шартылдасып кетті де, ащы бажылы көтерілді. Бажыл шаңқылға, шаңқыл бажылға айнала берді.
Ымырт жабыла орақшылар қайтқанда ғана бұл соғыстың демі ішіне тартылған болды. Сөйтсе де үй ішінде аяқ-табақтың, қазан мен қақпақтың шарқылы тоқтамай, бізге əр күні-ақ естіліп, шашылған күл де бұлттай қаптап оның ішінен нажағайша жарқ етіп шоқ та көрініп қалып жүрді. Жуңтудың жуңтуының аяқ- қол ашуы тоқтайтындай емес, өйткені, Бигелдінің мөлшерінше: “жуңтудан алар есесі, қайтарар өші қайтпай” жүрген сияқты. Баратын ауылы да, көретін аруы да көп кіші шəуие бұл “соғыс” басталғалы келмеген. Ішқұста болып жүрген жуңтудың жуңтуы тыпырлап жортып егін аралап та кетіп жүрді. Бірақ, мына орақ кезінде оған көз сала алатын тың тұяқ жігіт егін арасынан табы- ла қояр ма. Бекер кезіп, бекер қайтып жүрген сияқты оны келе салып тағы күл шашуынан, тағы да ыдыс-аяқтың шырылдауы- нан білінеді. Есігінің алдына бара қалған ешкінің таяқ жемей немесе мойны бұралып бір бақырмай қайтқанын көрмейтін болдық.
Бір күні түс уақытында біздің кəрі ешкінің де мойны бұралып, бақырып жіберіп қайтқанын Бигелді көріп күлді:
– Текесі емес қой, ешкіде не кегі бар екен мұның!
– Осы сөзді өзіне мен барып айтайыншы! – деп қалған Биғазыны шектеді ол:
– Сен үндеме оған, “айғырмен ойнаған ат арқасын алдырады”. Қысып жүр!
Бірақ, Биғазы “қыса” қоймады. Жуңту үйінде жоқ еді. Түстен кейін масаққа шығысымен бір топ ешкіні солай қарай айдап бара- ды. Жуңтудың жуңтуы үйінен шыға келіп, бір ешкіні ұстап алғанда артынан Биғазы жетіп қалған болатын:
– Жеңешетай-ау, мынауыңыз теке емес, ешкі ғой, мұның жазығы не! Текенің ғана мойнынан бұраңыз!
Жуңтудың сұлуы сықылықтап күлді де, ешкіні қоя бере салды.
– Айран ішемісің, ей, шөлдеп келдің бе?! – деп жұмсара қалды
Биғазыға, – үйге кір!
Жан-жағына қарап қойып, Биғазыны үйіне кіргізіп əкетті. Биғаділ  екеуміз  масақты  қойып  сол  жаққа  қарай  бердік.
Айран деген сөз естілген соң біздің де аңсарымыз ауа қалып еді, Биғаділ барайық деп, бірақ ұялып отырғанымызда, Биғазы шыға қашты сол үйден. Артынан іле келіншек те шығып қарап тұрып қалды:
– Ей, мен сені жеймін бе, ей?!  – Биғазы алды-артына қарамай қашып, біздің қасымызға келді.
– Жүр, жүріңдер, алысырақ барып терейік.
– Не болды, неге қаштың?! – Біз соңына түсіп сұрай бердік.
– Не болды, Бақажай! Нешік, неге қаштың?
– Бір шыны айранын ішіп алдым, басқасын сұрама! – деп ол күле берді. – Текесінің өшін менен алмақшы болды!
– Сенің де мойныңды бұрады ма! – деп еді, Биғазы тіпті қатты күлді. Не болғанын айтпады. Текесін де, текеде не өші барын да, текенің өшін ағамыздан қалай алмақ болғанын да түсіне алмай-ақ қойдық.
Жуңтудың жуңтуы үйінен бір кіріп, бір шығып, əр нəрсесін бір лақтырғанын көріп жүре бердік.
Бізбен бірге масақ теретін екі арық жетім іш ауруымен қабат құлап, екі-үш күннен бері шыға алмай қалып еді, сол күні кеш- ке ауру шешесі күркеден зарлап шыққанын ести қайттық, кішісі өлген екен. Орақтан арып, шаршап қайтқан Бигелді мен төрт жігіт оны жерлеуге кеткенде, ауруына аналық күйініші қосылған шешесі есік алдында көз жұмды. Бебеулеуі бүкіл ауылды егілдірген аса ая- нышты үн мүлде өшті.
Бұл үйде енді жалғыз ыңыранған ауру баласына кемпірлер шеше өлімін естіртпей, ақшамда үй сыртына арулап, оның бетін жауып қойып еді. Ол мəңгілікке тынышталса да, зар үні мəңгілікке қалғандай, құлағыма үздіксіз бебеулеп түні бойы естіліп жатты, ұйықтай алма- дым. Ар жағында ерлі-зайыпты жуңтулардың боқтық айтыстары, алыс қопадағы өрескел мақұлықтың жиренішті қорсылындай тыңдаусыз қала берді де, өлер алдындағы ананың үзіле шыққан дəрменсіз зары ғана естілді. Мүлде тынғаны анық бола тұрса да, сол үн құлағымнан кетпеді. Шегіне жеткен күйініштің дəрмені қалмаған тіршіліктің ая- нышты үні үзіліп-үзіліп барып түн бата тоқтап қалып еді. Сол күйдің ең мұңлы жалғасын енді үнсіз ғана, ішінен шертіп жатқандай сезіледі, сезіліп қана емес, “анық” естіліп жатты.
“Өліп қалсам менің шешем де осылай өледі-ау!.. Қартайып, қажып бара жатқан əке-шешем өлсе, қайтып қалар екенмін! Мен де анау ыңырсып жатқан Тұрсындай боламын ғой!.. Жоқ, əке- шешемнен айырылып, тірі қалмау жөн екен”. Мен осы ойдан қатты қысылып терлеп кеттім. Қолымды Биғайшадан асыра созып, шешемнің жазық маңдайын сипадым. Қатты ұйықтап жатыр екен. “Əке-шеше өлмесеші!.. Өлмеуге шара жоқ қой бірақ! Менің де əке-шешем қартайып, арықтап кетті ғой, өледі ғой!” Онан сайын қысылдым, тер бұрқырай түсті. Биғайшадан асып түсіп, шешемнің қолтығына тығылдым.
– Қабыкенбісің?! Терлеп кетіпсің ғой, не болды, жарығым, қорықтың ба?!
Мен шешемнің басын бетін, омырауын сипалай түстім. Таң бозарып қалып еді, əкем мен Бигелді оянғанда сол шексіз қамқор құшаққа тығылып жатып ұйықтап кетіппін.
Орақшылар ерте кететін. Бүгін қайтыс болған кемпірді жер- леуге түске жақын қайтып келмек болып кеткен екен. Біз масаққа шайдан соң шықтық. Былай шыға бергенімізде түлен тұтып жүрген жуңтудың жуңтуы күлді. Тағы бұрқыратты. Жел оңтүстіктен – сол үй жақтан еді. Сұп-сұры тозаң біздің қопындарды басып өте шыққанда, орақшыларға шай əкетіп бара жатқан шешеміз біраз кідіріп, қарап тұрды да кете берді. Біз аулағырақ аңызымызға жетіп жайылдық.
Бір  келдек  тергенімізше  болған  жоқ,  ең  сорлы  күрке  лап ете түсті, тұра жүгірдік. Жоғары жақтан орақшылар да жабыла жүгірген екен. Қызыл жалын жалақтап маңайында шулаған əр əйелге бір ұмтылады. Əйелдер де тұс-тұстан ұмтылып барып, қашып жүр. Лаулаған күркеде түн жамылып жатқан бала, сүйегі ғана қалған шидей қолымен жан-дəрмен басын сипалап, шыр ете  түсті  де,  тонына  тығыла  тыпырлайды.  Өрттің  рақымсыз тілі сумаң қағып тонның іші-сыртын бірдей жайқайды. «Бұл үйде тағы қалған біреу бар еді, қайда жатыр?!» дегендей лап қойып, жер тағанына жете жалап-жұқтап барып тына қалды. Қураған шөп-сабанды жалмап болған жалын тілі тез жиылды. Бырыса-тырыса тулап жатқан тонды бір кемпір құшақтап ала қашқанда орнын күрке төбесінің қозды күлі бір-ақ басты. Бала тірі екен, күйген тоннан тез шығарылып, аруланған шешесінің шапанына жатқызылды. Оның шашы мен қас-кірпігі үйтіліп, қол-аяғы жалынға түгел шарпылыпты. Есіретін де, таласатын да жаны қалмаған екен, басын көтере алмады. Жылауға дəрмен сұрағандай, əркімге бір-бір қараған көзі шешесінің сұлық жатқан мəйітіне түсіп еді, күрсініп жіберіп соза-соза ыңырсыды. Тапқан медетімен жылауға жиған əлде, əл-дəрмені осы ғана еді. Көзінен дым шығара алмады. Ыңырсыған үні шеше мəйітінің қасында тұрғандарға да жетпей, өше қалды, біржолата өшіпті. Үңіліп ба- рып өксіп-өксіп қалған маған қарап еңіреп жіберген Биғаділдің ғана үні жеткендей, көпшілік шиқ-шиқ етіп, солқылдасып алып көздерін сүрткіштеді.
– Бірге жүрген құрбылары ғой, қайтсін! – деп жыласты.
Бір  үйлі  жанның  бұл  апатқа  жоқтау  айтар  ешкімі  қалмады ғой. Көпшіліктің көз жастары үнсіз, дауыссыз ғана жылжыды. Жерге тырсылдамай тамды. Сондықтан бір күннің ішінде алып болған пенделерінің жайынан құдайдың өзі де бейхабар болса ке- рек. Сарылып жатқан сары далаға бұрынғысынша шақшиып күні тұрды да, бұрынғысынша мелмірейіп аспаны тұр. Мазақ күлкінің лебіндей жағымсыз аңыздағы мағынасыз сыбырлап, қоздыра түскісі келгендей өртенген күркенің күлін түрткілейді. Қоламта көзін жылт-жылт еткізеді. “Бұл үйдің жандарын керек етіп алмай, сірə ерігіп отырып, жұла-жұла салғанын” құдайдың өзі де сезбей қалған сияқты. Егер біліп отырып саналы түрде алды десек, бейуаз жесір-жетімдердің бірін қалдырмай, осынша көзігерлік не жазығы бар еді, əділет қайда?! Анау тентектерді, айлакерлерді, күштілерді, сұлуларды бір сөзбен айтқанда – өнерлі сойқандарды неге алмай- ды?! Күнəлі де солар, жілігі татып керекке жарайтындар да – со- лар емес пе! Данышпан жаратушылар мұншалық мағынасыз іс қылмаса керек еді ғой. Ия, құдай тағала бұларды керек еткендіктен алған жоқ, тіпті сезген де жоқ.
Киіз    үйдің    көлеңке    жағында    бізді    тамашалағандай қарап тұрған сұр келіншек түсті көзіме. Қолдарын санымен айқастырып қолтығының астына тығып алыпты. Қысыр жылан- дай бұралып қылымси қарайды өзі. Бұл қазаға оның ортақтығы жоқтай, не істеп қойғанын сезетіндей емес, еріккен құдайдың ерке періштесіндей. Мынау аянышты қазалар мен жылаулар жұлығына да келмейтіндей, бір аяғын созып тастап, селкілдетіп қояды. Табанымен жер сипап, тарпып-тарпып қояды. Жуңтудан өші қайтпай, тағатсыз талпынып тұр. Əлденені іздегендей жер- леу қамында жүрген əр жігітке бір қарайды. Басқа əйелдерден қамы да, жаны да, сезім – күйі де басқаша екенін байқаған кемпірлер қарап қояды оған.
– Анау салдақы көрмеге қойылған ба!
– Өзінің тауып берген “ойынын” көріп тұр!
– Билеп тұр өзі! – деп ақырын ғана күбірлесті əйелдер. Бір кемпір күйініп кетті білем, үні қаттырақ шықты:
– Күйлеп тұр! – деп жіберді.
Өртенген күркенің желке жағында жүресінен отырған жуңту естіп қойды ма екен дегендей жалтақ-жалтақ қарасты əйелдер.
– Өртеген сол, – дедім мен шешем келіп жетектей жөнелгенше, дəлелін де айтып салдым, – от шашқан жері əне!
Шешем мені үйге кіргізіп, оны ауылдың бəрі білетіндігін, пəлеге қалмайық деп үндемей жүретіндігін айтып шықты.
– Сен ол туралы сөйлеме, жуңту естіп қойса үлкен қырсық бізді шалады!
Күштінің қылмысын  айту  –  күн  бермес  қылмыс  болаты- нын ашығырақ түсіндім де, далаға шыққанда қорқа шықтым. Дауысымның бəсеңдігімен бұл жолы аман қалғандығымыз байқалды. Жуңту естімеген көрінеді. Маған қараған жоқ, орақшыларды асықтырып отыр екен. Аналы-балалы мəйітті өз киімдеріне оратып жаназасын тез шығартты да, төрт жігітке көтертіп жөнелте салды.
Кеше кештегі жерленген баланың қасына осы таңертең шешесі де, ағасы да барды. Шөп күркеден жер үйге көшіп кіргендей, қайтадан  бір  семья  болып  бас  қосты.  Жуңтудың  жуңтуы  енді өртей алмайтын қауіп-қатерсіз үйге кіріп алды. Аңызда терілмеген масағы ғана қалмаса, жер бетінде олардың енді қарайлайтын еш нəрсесі қалған жоқ. Орындарында күл ғана жатыр!..
Күл шашушы қатыннан енді біз қорқа бастадық. Беделді бір адам  барып,  от  шашпауын  оның  құлағына  еппен  ғана  құйып шығу керек еді. Шешеміздің өзі де əйел болғандықтан оған де- ген бедел–абыройдан, əрине, мақұрым. Əкем шал болғандықтан ол кісінің де беделі өтпеуі мүмкін. Биғазы қу кеше ғана айранын ішіп ап қашқан, əрі бала ғой, онда қаншалық бедел болып жары- тар дейсің. Бигелдінің сырт тұлғасына қарағанда бедел-абыройы мығым болуға тиісті еді, бірақ беті шұп-шұбар. Оның үстіне қатты жүдеп, арықтап жүр. Сонда да дипломатияға сол кетті. Телеграмма бағанасындай құлап барып, жуңту есігінің маңдайшасына сүйене қалды. Жуңту үйінде жоқ кез еді.
– Жуңту бар ма? – деп саңғырлады ол. Үйдегі əйелдің сөзі естілмеді, – арыз, өтінішім бар еді... Дəл қазіргі өтінішім біреу- ақ... Ораққа кетейін деп асығып тұрмын, рахмет! Мына өрттен қорқып қалдық, енді сақтанайықшы, сіз де, біз де күлді бет алды шаша салмайық! Жоқ, олай болса күліңізді мен-ақ төгіп берейін, мен келгенше қозғамаңыз! Шашады екенсіз! Жоқ, тіпті бұқадан да қиын көрінесіз! – Əйелдің шаңғырлай күлгені естілді де, сөзі тағы ұғылмай қалды. Ағамыз бүкіл ауылға жар салғандай саңғырлап-ақ тұр. – Рас қорықтық. Иə, жуңтудан тіпті қорқамыз…
– Жасыратыны жоқ, рас-ақ тіпті қорқамыз. Біз бəрінен де қорқатын адамбыз. Не десеңіз де сіздікі жөн, бірақ, сіздің де батырлығыңыз белгілі болып жатыр. “Қатын ашуланса қазан қайнатады” дегендей ашуыңызды от пен ешкіден қана алады екенсіз. Мақұл, мақұл, бірақ, күл шашпаңызшы.
Епсіз адаммен жүретін Бигелді ауыр кетпен мен шалғы орақтан басқаның бəріне епсіз еді. Жігіттігін тіпті ескермейтін
де. Байқауымызша, бұл реткі келісім сөздің алғашқы тармағын ғана орындады: бір рет кешінде ертерек қайтып, бір рет əдейі барып “жайдарының” күлін төгіп берді. Ұялту үшін бір тозаңын шығармай төгеді де, ыржақтап тағы күліп қайтты, оның не деп күлдіретінін ұқпадық.
Сол екі рет күлін төгіп, үш рет күліп қайтқанынан басқа ны- сай көрінбеді. Түні бойы ыңыранып ұйықтап, таңертең құзғын сəріден қиралаңдай жөнелетін, кешінде белін əрең көтеріп қайтып,  тағы  ыңыранатын  Бигелдіде  басқадай  əрекет  болуы да мүмкін емес еді. Əйтеуір жуңтудың жуңтуы шаңқылдаса да күл шашпай шаңқылдайтын болғанынан секем алды ма екен, жуңтудың  қабағы  Бигелдіге  тым  суып  кетті.  “Шапағатсыз” қара келіншектің күйеуі оның ең суық қарайтын нысанасына бұрынырақ айналған. Сол суық қабақ бір күні кешке ызғарын бүкіл ауылға шашты:
– Қаңғып келіп тойған соң тірілген екенсіңдер, басынып үйіме қылжақтауға жеттіңдер! Сен қайыршыларды тойғызғаным үшін енді өрт қойған, адам өлтірген құныкер болып шықтым ба!... Не былжырып жүрсіңдер, əкеңнің!.. Көремін əлі!..
Жиған масағын тоқпақтай, пытырлатып жатқан ауыл тына қалып еді. Қара келіншек бастатқан бірнеше əйел, шу ете түсті:
– Біреудің үйін басынатын кім! Сенен басқа ерігіп жүрген кім бар осында!
– Орақшылар кетісімен үйден үй қоймай аралап қылжақтайтын кім?!
– Өзіңе-өзің сенімді неме болсаң, басқадан күдіктенетін нең бар!
– Əркімнің соңында текеше бақылдап жүрген өзіңнен басқа кім?
– Өрт қойған кім?! Неше күн бойы түтін түтете алмаған бейша- ра жетім, өз үйінің өртімен өртенді ғой.
– Өртіңді шектеу үшін біреу күліңді шығарып көміп берсе, күнікейіңе қылжақтағаны болмақ па?
– Үй, өзің тағы бір үйдің өртенбегеніне ашуланып тұрмысың, қай боқтауың бұл!..
Əкемнің шектеуімен біздің үйден ешкім сөйлемеп еді. Көп қылжақтауы əшкерленген жуңтуға алау ұшқаны өзін шарпыған “жуңту” артынан келіп шаңқ ете түсті:
– Кім қылжақтапты маған, қылжақтаса қайтпек едің! Қылжақтауға сені қана қойып па еді!.. Елдің бəрі сен үшін қатын алып па! Басқа да бар!
“Үйден шыққан жау жаман”, жуңтудың бар ашуы өз үйіндегі жауға  ауды  да,  шапалақпен  салып  жіберіп,  оны  үйге  кіргізіп əкетті.
“Көш, жоғал” деп ешкімге айта алмай кірді. Бір қаупіміз сол сөзде еді. Орма аяқталып қалса да, масақ табысының ең  қызулы кезеңде көшуден жаман жаза бар ма? Жуңтудың үйге кіріп бара жатқандағы сөзі өз шиқанын өзі жұлуға ауды:
– Қылжақтауға қатынға жол бар да, байына жол жоқ екен ғой!.. Əкеңнің... Міне!.. Бəріне қылжақтаймын қайтесің! Міне!
Жуңтудың батыр жуңтуы бұл жолы бажылдамады, жуңтудың жанды жерінен бір-ақ бүргендей болды.
– Ей, енді қысқарт! Кімнің арқасында жуңту болып едің сен!... Кімнен күндеп жүрсің!… Шауиеге бар ұрлығыңды айтамын, қанекей, енді қол тигізші!
Осы сөздерден жуңту сылқ ете түскендей болды, дыбыс шықпай қалды, содан табан бес күнге дейін үн шықпады бұл үйден. Бидайдың өріліп бауланып болғанын естіп, бір күні түсте келген Шауие кіргенде ғана күлкі үні естілді.
Жуңту өз жаратушысымен біраз сөйлесіп жарылқағандай жай- нап шықты да, бау тасуға келген көп арбаға қарай тартты. Үй іші тіпті жарылқағандай жарқылдаған мəз-мейрам күлкіге айналып жатқанда, ол арбаларға барып, нұсқау айтып жатты. Бау бидайдың мал қаптайтын алып шетін қоя тұрып, босаған орақшыларға азық болып кетпесін дегендей, ауылға жақынырақ жағын тез тасып əкетуге бұйырды. Кіші Шауие де бар бұйрығын үйде орындатып, жорғалатып ала жөнелгенде, жуңту да жорғалап ауылға қайта оралды. Босаған аңыздан масақ теріп жүрген біздің айдай қатқан жуңту үйіне кірмей, арғы шетіндегі үлкен жауы – қара келіншектің есігіне барып ақырындады:
– Көшіңдер!.. Бүгіннен қалмай табандарыңды жалтыратыңдар! Қопыннан күйеуі мен қара келіншек шығып қарсы дау айтты:
– Орған бидайымыздың ақысын алып бір-ақ көшеміз!
– Ақыларың қанша еді сендердің?! Алты ағаш бидай ғой, со- лай ма?! Келгенде үйлеріңде бір уыс түйір жоқ болатын. Келген- нен бергі жегендеріңді есепке алмай-ақ қояйық, дəл қазір осы үйіңнен он ағаш бидай суырып аламын! Артық төрт ағаш бидайды қайтарып алмай тұрғанда көшіңдер!
– Мынаның масақ теріп тапқан бидайы ол,–деп күйеуі қасарыса түсіп еді, жуңту ақырып жіберді:
– Оны Бағалдайдың егіндігінен термей, жусан арасынан тердіңдер ме! Шəуиенің бұйрығы бұл! Қаптағыларыңның ұрлық
екенін ол біледі. Ей, тұра-тұр, “масақтың бидайы жеуден аса ма” былжырамай жақсылықша көшіп жоғалыңдар!.. Əйтпесе айыбы- мен қоса алып тотитады сендерді!
Жуңтудың  ақырысына  ауыл  үдере  шығып  қарап  тұр  еді. Мына  сұмдығын  естіп  күңіренісіп  кетті.  Шақшырайған  ыстық күн шыжғырып бара жатқандай біздің де танауымыз қусырыла түсті. Табанымыздан таусылып жүріп тергеніміз қара келіншектің тергенінен недəуір көп сияқты еді. Кішкене болсақ та төрт адам тердік қой. Бізге де қатер барын біліп қалтырап кеттік. Ең кемінде əкеміз бен Бигелдінің көп төгілген тері түгел селге кететіні белгілі болды.
– Бəрің де көшіңдер! Шəуиенің бұйрығы! – деп жуңту енді жалпыға қарай қаратты, – амандарыңда ың-жыңсыз көшіп жоғалмасаңдар, тапқандарыңнан айрыласыңдар!.. Күндіз түні тақылдатып жатқандарыңды Шəуиенің өзі естіпті!
Жуңту енді бұл шеттегі біздің үйге қарай аяңдады. Қара келіншектің үйінен кейінгі қас дұшпаны біз едік. Жер үйіміздің желкесіне тұра қалып, “талас жүрмейтін əділдік” сөзін қайталай сөйлеп шықты. “Əманында көшуді” əкемнің бұрыннан “жақсы” көретіні белгілі. Сөйтсе де іші ауырғандай түңіліп тұрып қалды да, шешеміз сөйледі.
– Көшеміз, бірақ ұры болып көшпейміз, балаларымыз ешкімнің ала жібін аттаған емес. Төменгі Өндірқан дегеннің егінін орып, алып келген астығымыз бар. Бар сүйенген қайратты екі адамымыз орақ орды. Төртеуміз масақ тердік. Далада қалатын дəнді теріп алғанымыз ешкімге зиян салғандық болмас деп тердік. Оны тартып алуға дəттерің жетсе ала беріңдер! Бірақ, масақ теріп берудің де ақысы болмай ма, есептеп көрейік! Жəне орған жеріміздің көлемін жұрт өлшеммен өлшетейік! Аманында көшуге талас жүрмейтін əділдік адал ақымызды жемесе болғаны.
Алқымнан ала түскен əділ талап жуңтуды бақыртып жіберді. Бірақ, арты күшті адам бақырса ақырғанынан да айбынды болып шығады екен. Жуңту ақырып ала жөнелді. Бұл дұспанынан жеңілсе, сыртынан тыңдап тұрған бар дұспаны желкесіне қона кетеді ғой. Жəне бұл дұспаны өртті шектеген, күлін шығару сылтауымен өзінің Күнсұлуына “қылжақтаған дұспаны” емес пе. Қалшылдап кетті. Қысқа сары мұрты тікірейіп, ұзын жағы қисайып кетті. Көкшіл сары көзі көптен-ақ қызарулы болатын.
– Масақ тер, ақы береміз деген кім сендерге! Егінді шауып шашып  тастағандарың  үшін  айып  төлейсіңдер!  Жерді  қайта
өлшетуді қойып, Шəуиені қаралағандарың үшін қос айып төлейсіңдер. Үлкен ұлыңнан айыпты өзім аламын! Кəнекей, есептесіп көрейік!.. Жер бетіне сыймаған өңшең қаңғы- қайыршы, кім деп жүрсіңдер бізді!
– Кім екеніңді білдік, шырағым, – деді əкем, – жарайды көшелік! Шошқа да шошқаны жармаушы еді, сол құрлы болмағанымыз да! Адал ақы Алла ақысы ғой, бар екені рас болса, есесін қайтарыңдар! Қатындар есесін жібермейтін халық, оларды есептен жеңу қиын. Үй иесі мен ғой, мен айтайын: көлік тауып келейін де көшейін! Сен өзің бізді ұры демей қал, біз өзің айтқан “əманында” көшелік, тақылетіңе талабың лайық, сөзің дұрыс.
Тыңдап тұрған бірнешеуі күлді де күрсінді.
– Дауа жоқ екен! – десті сыбырласып. Жуңту артына жалт бұрылды:
– Көшіңдер!.. Немді тамашалап тұрсыңдар! – əнеукүні айыптаған қатындарға қарап, жағалата қыдырды сөйтіп. Үшінші, төртінші, бесінші дəрежелі... Тағы қылмыстыларға қиыстай қарап ақырып жүрді.
– Көлік тауып келейін! – деді əкем, – балалар терген дəннің жартысын берсек те Дөрбілжінге жетіп алайық енді! “Құтырғаннан құтылған”. Аманымызда кетелік!.. “Пəлелі   к...е бармағыңды тықсаң, тырнағы ішінде қалады”, бəйбіше, бұған енді сөйлеме!
Əкем екі күн жүріп тайлақты түйе жалдап алып қайтты. Бұл екі күн ішінде мұрнымыздан шаншыла жүріп тергенімізді қосқанда табысымыздың жартысы көлік майына əрең жетті. Қоқыр- соқырымыз бен жиған-тергенімізді, Биғайша мен шешемізді арттық та, түйенің соңынан ешкіні айдап шұбадық. Дөрбілжінге көштік. Үшінші күнге жуңту қаратпай сол кеште түнделете шұбадық. Кеше қопынына қонжиып отырып, қара келіншекті көшірген жуңту бүгін біздің қопынның желкесіне қыдиып отырып қалды. Біз кетіп бара жатып, жуңтудың жуңтуы ғана “адамша” бір ауыз тіл қатқанын естідік:
“Агармари-шүркіл!”13  деп қалды ол Биғазы тұсынан өте бер- генде. Тұзағына ілікпей кеткен ағамызды осы қалпақпен аттан- дырмай қалай аттандырушы еді. Рас, шүркіл ғой ол. Ұрлықпен жырғап жатқан ұрлық перілері “ұрысың” деп ақырғанында мой- ынсал болмаған əке-шешеміз де шүркіл тіпті, сол орақшылардың бəрі шүркіл. Бəрі еңбек ақыдан жазаланып қуылды. Қылмыссыз
13 Агармари-шүркіл – сібеше: жыннан жаралған албасты деген мағынада адам жазалана ма, қуыла ма? Жаратушы “иесі”, “нұрын” құйып жүрген күнəдан пəк жуңтулар отыр ғой əне қозғалмай. Бір-біріне қарар да емес, тұрмыс лəззəтына бөгіп-ақ отыр өздері. Осындай көп шүркілді қуғындау, осындай періштелерге ғана тəн қасиет.
Əділетті “тергеушім”,  қазір сіз мені “жын”, “шайтан”, алба- сты” деп айтасыз. Қандай табылған “атаулар”, сол кезде жуңту өзінің қас-дұшпандары – қара келіншек пен беделдіні жазалағанда, ал, жуңтудың жуңтуы Биғазыны жазалағанда, қылмыс фактісі бой- ынша кигізгені осы қалпақ екен. Сол қылмыстылардың туысқан бауырына бұл мұра қалпақ қазір қалай шақ келмесін!
 


І

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Біз Дөрбілжінге 1934 жылы сегізінші айдың ішінде келдік. Үрімжіде Жин Шурынның ойрандалған тағының орнына былтыр орнаған Шың Сысайдың жаңа үкіметі биыл төртінші айдың 12 күні жа- рияланыпты. Шың Сысайдың тегі де мəнжуриялық «құңқузы» деп естідік. Бірақ, жұрт: «бұл бұрынғы құңқузыға ұқсамайды, Совет Одағында тəрбиеленген жаңа құңқузы, жаңа саясат жүргізеді!» десіп жүріпті.
«Былтырғы дүнгендердің де, Шынжаң патшалығынан дəмелі болып,  шетел  жиянгерлерінен  қару  алған  талай-талай  кертарт- па сылиң-жияңжүндердің де бел омыртқасын үзіп, Шынжаңға тыныштық орнатқан осы батыр екен» дейді. Ол шоңқиғандардың арасында англияшыл, америкашыл, гомендаңшыл талай шойта- бан сауыттылар болса керек. Бірақ, солардың арасында ислам ұранымен шыққан, жергілікті мұсылман үкіметін құруды ту етіп ұстаған сауыттылар жұртты біраз елеңдеткен көрінеді. Соның бəрін шоңқитқан мына батырға ешкім дау айта алмай қалған екен. Дау айтудың үстіне, тіпті дəу күрзілер көтеріп те шығар еді-ау, бірақ бұл батырдың тегі, Совет Одағы болғандықтан, еңбекші халық үндемей қалыпты. Сол сауыты ғана болмаса, шоңқиятындарға қарағанда мұның күші мардымды емес сияқты. Мұның соңынан
1931 жылы жапон фашизмі Манжурияның бір бөлігін басып алғанда Совет Одағына қашып өткен біраз манжуриялықтар қана ерген екен. Өзі сол топтағының біреуі болса керек. Егер өзінің дербес күрзісі болып, онысы рас жуан болса, жау қолында қалған Манжурияға қайта ұмтылмас па еді. Жоқ, ол пəлендей күрзілі мықты емес, тек Совет Одағына достық уағдасын беріп, соның күрзісінің күшімен ғана билік басына шығыпты. Былтырғы дүнген соғысында қырғыннан бізді аман алып қалған орыстар – мықты күрзінің дəл өзі болса керек. Оны көрген жергілікті халық, əсіресе, еңбекшілер қауымы оған қалай қарсылық көрсетсін!
Шың Сысайдың жайы бізге Дөрбілжін тұрғындарынан осы-лай жетті. Ел «Совет Одағының досы еңбекші күйін жақсартар, əділдік орнатар» деген үмітте жүрді. Ал оның не саясат жүргізгенінен де, не істеп жатқанынан да ол кезде қарапайым халықтың хабары жоқ еді. Біздің хабарымыз, əрине, тіпті бол- мады. «Май ақысыз паналайтын қуыс қайда бар екен, кімге жалшы керек екен!»   Құлағымыз соның хабарына ғана түрілді. Дөрбілжінге келгелі «Ағылық» көшесіндегі бір сарттың екі ауыз үйін майлап отыратын Дүйсенбай дейтін туыстас ағайынның үйіне сыйысып отыр едік. Иін тіресе келе үйге сыйысып отырғанымызбен, қора иесінің дəретханасына сыйысу қиын бо- лып, Биғаділ екеуміз тергеуге тартыла бердік. Бигелді Саңлибай дейтін бай «жаңгүдейге» айына бір ағаш арпаға жалданып кетті де, əкеміз баспана іздеп қаңғумен болды.
Қожайын ханымы Биғаділ екеумізді дəретхана алдына қатар тұрғызып қойып тергеп тұрған бір кезде əкемнің Жанас дейтін жиені келді. Үйге Тоқтыханның шаңқылын ести кірген ол бөгелмей қайта шығып, дəретхана тазалауға берілген үкімінен құтқарып ала жөнелгенде ғана тыныс тапқандай болдық. Жанас біреудің көтек арбасымен отын сата келген екен, сол арбаға дүниемізді басып, қоржадағы өз үйіне қарай бізді шұбата жөнелді. Бір қасапшыға жалға орналастыру үшін əкем Биғазыны алып қалды да, арба соңынан шұбаған төртеуміз ғана.
Қаланың батыс жағындағы Əлихун дейтін күйреген дүнген помещиктің тозған қоржасына көштік. Жанастың үйі Əлихунның үлкен бір ауызды тамында екен.
– Екі қатын мен кішкене Сəлихаға даладай үңіреюші еді, енді бұл тамды қанағаттандыратын болдым! – деп күлді де, Жанас ал- дымыздан амандаса шыққан кіші əйеліне бүйырды.
– Жəмила, шай қайната бер барып, Мадиянның басы ауырып келді, Нəсихан əлі ыңыранып жатыр ма? Оған Жаппардың сəлемін айт, аяғын жиыңқырап жатсын! Ауруы тұрмақ жынын да қағып аламын, – деп келе жатыр.
Нəсихан Жанастың жеңге алған үлкен əйелі еді. Ағасы – Қапас өлген соң əмеңгерлік жолымен, өзінен əлдеқайда үлкен жеңгесіне Жанасты əкелері жастай қосақтаған екен. Адуын Нəсихан бала таппағандығынан ақсап, кейінірек Жəмиланы алуға əрең жол беріпті.
Жол берілсе де, момын Жəмиланың жолы болмай күңге айла- нып жүргенін, қатты езгіден түсік тастап, бір қыздан басқа бала көрмей жүргенін еститінбіз. Шешем Нəсиханның сонысынан ғана қауіптенеді.
– Жəмиланың көрген теперішіне Жəкең шыдамай Нəсиханмен ұрысып қалмаса игі еді! – деді Жанасқа.
– Арс ете түскенімен артында жоқ қатын ғой, Жəкең екеуміз бір Нəсихандық болармыз. – Жанас тым денелі болғанымен өте пысық, сезімтал, ойлы, ұшқыр, шешен еді. Теп-тегіс қырқатын сұлу мұрты мен сұрша жүзін қушыкеш сөзімен бірге ойнатып, күле де, күлдіре де отыратын көңілді адам болатын. Сампылдаған ор ауыз, қара Нəсиханнан секем алса да, шешеміз Жанастың ұятты білерлік осы сыр мінезділігіне сенеді.
Мəңгілік «сау-ауру» Нəсихан басын күрсіне көтеріп, шешем- мен амандасты. Лезде жыласып та, күлісіп те алды. Жəмиладан басқаға қытымыр тие бермейтін «алдында» бар, «артында» жоқ, аңқылдаған мінезімен ақтарыла қарсы алды. Қытығына тимегенге қырсығы жоқ, жақындықты білетін көнекөз жиен абысынына келіп шешеміздің көңілі ашылды да, Тоқтыханның шаңқылы естілмейтін кең жерге келіп Биғаділ екеуміздің көңіліміз ашылды. Үйінің алды да, арты да шилі-жусанды иен дала екен. Биғаділ екеуміз қайда барып отырсақ та, ерікті болғанымызға қуандық.
Бір қадақ ет келіп, өзі ішетін тас шайы болған күні Нəсихан сауыға  қалады  екен.  Базарға  бір  арба  жусан  апарып  сатып, шерік шай мен бір қойдың бас-сирағын əкелген Жанас Насихан- ды сол күні кеште сау бəйбіше сияқты тік отырғызды. Өзі күйді əсем шертетін домбырашы болатын. Тозғын-босқын тұрмыста жүргенімен домбырасын тастай қоймапты. Əдемі қоңыр даусымен əн де салды. Соншалық көңілді жүретін қунақы адам ыңғай мұңлы əн мен өмірден түңілген шерлі өлең айтатын болыпты:
«Əрине, қолдың кірі жуса кетер, Неге айтқан бұрынғылар болса бекер. Қырсығып қылған ісің оңға айналмай, Дариға, сөйтіп жүріп күнің өтер!»
Көңілдің кірін көз жасымен жуып кетіруге құмар əйелдер, əрине, іңір бойына жыласумен көңіл ашты. Отырып жылауға уақыттан жұрдай Жəмила бас-сирақты үйітіп, ішек-қарынды таза- лай жүріп, су əкеліп, от жаға жүріп, зыр жүгіре жүріп жылады.
– Осы күңнің соншалық жылайтындай не мұңы бар екен! – деп оған ұрыса отырып Нəсихан жылады. Оның жылауын да күндегендей, өзі одан көбірек жылап отырып, Жəмилаға тыйым айтады.
Жəмила біздің естігенімізден де ауыр қылмысты екен. «Əр күні оның мойнына мінген қылмыс менің мойныма мінсе, омақасар едім» деп ойладым мен. Оның жазаланбай өткізетін уақыты түн ортасынан таң бозарғанға дейінгі уақыт қана екен. Таң бозара тұрып, тері шақайын аяғына тартысымен, Нəсиханның дəрет суын жылытады. Күндіз кешке дейін ұйықтайтын Нəсихан ерте оянады. Дəрет алып, намазын дəл уақытында өтейді. Сөйтіп, дайын суы- мен құдайын разы қылып, сауабын ала қояды да, қайта ұйықтайды. Жəмила оның керісінше күнəға батады. Күнəға бататыны – на- маз уақытында пенделік нəпсінің шайын қайнатады: Нəсиханды қайта оятып, шайға қандыру шарт. Ол шартты орындап болысы- мен отынға кетеді. Бір арқан жусан шауып алып, оны жаяу көтеріп базарға  сатуға  əкетеді.  Бір  қадақ  ет  сатып  əкеліп,  Нəсиханға жегізуі – өзінің құлағының тыныштығы үшін шарт. Нəсихан ет жеп сауыға алмаған күні Жəмила мен Жанастың құлақ етін жейді. Қылмысты өз құлақ етін жегізуге, əрине, көне береді ғой, омырық қара бəйбішеден жақсы күйеуінің құлақ етін аяйды. Нəсиханды сауықтырған  соң  ғана  өздерінің  шайын  қайнатуға  мұршасы жетеді. «Жұмысы өнбейтін шу аяқ тоқалдың» сол күйбеңінен түн ортасындағы демалыс уақыты əрең жетеді.
Кезінде  мол  жасау  жасатып,  салтанатпен  келген  бай  қызы
– Нəсиханды феодал қайын аталары мен құдай тағала енді Жəмиланың  мойнына  расында  да  мықтап  артқан  екен.  Əдемі ғана қызыл сары өңді Жəмила нəп-нəзік бола тұра шойдай қара қатынды құдай мінгізген соң қыбыжықтамай көтеріп жүріпті. Қанша айтқанымен қылмысты емес пе, бұра тарта алмайды, еркелемейді, Нəсихан бауырына салып алған жалғыз Сəлихасын менен туған деп меншіктемейді. Тіпті, бір рет толық жуынып- тарануға да уақыты жоқ. Онысына құдай тағала разы болмаса болмай-ақ қойсын, өз мойнындағы жүкті бөліп көтергендігі үшін əйтеуір күйеуі разы. Нəсиханның бір қадақ ет салығын бір күні Жанас, бір күні бақайшығынан майысып Жəмила тауып əкеліп беріп жүріпті.
Іңірде домбырасын алған Жанас мұңды өлеңін айтқанда, Жəмила жорғалай жүріп жылайды, Нəсихан онысын жазғырады. Бұл үйде өзінен басқа біреудің жылауға да құқығы жоқ сияқты.
Осы жайларын көрген соң, үйдің қыстық отынын Биғаділ екеуміз  разылықпен  міндетімізге  алдық.  Жəмилаша  біз  де шылғи теріден шақай тартып алдық та, мия, қурай орып, жусан шаптық. Жəмилаша «өгіз арқа» көтере алмасақ та, күніне «тай-ынша арқадан» екі-екіден төрт рет көтереміз. «Өгіз арқадан» қалыса қоймайды. Қар басып қалмай тұрғанда біраз қалқайтып алайық деп тырбынып едік, жер иесі отынының сонылау жерін қориды екен.
Кəрі Əлихун «ши аяқ» сұлуының талабымен қалаға көшіп кіріп алып,  жер  иелігін  Жұмақұн  дейтін  інісіне  өткізіпті.  Былтырғы
«дүнген ойраншылығынан» өздерінің мол егін саларлық күш–көлік қоры сарқылыпты да, арендаға алушы шықпай, соншалық көп жер тың далаға айналып қала беріпті. Қыста соның қурайы мен шиін қориды екен. Тіпті, тым жауыздық əдіспен қориды: таңертең от- ыншылар шыққанда үндемей қарап отырып, кешке жақын отын əбден дайын болғанда бас салады. Сөйтіп, кешке дейінгі табысын тартып алып, отыншының өзін қуалай салады екен. Ондай күш қылауы қайтпаған жас Жұмақұнда толық еді де, айтыса алмайтын əлсіздік отыншыларда  толық еді. Себебі, олар шетінен қылмысты
– бұралқы. Ауыл иті арс ете түскенде, бұралқы ит тістеген сүйегін тастап, құйрығын қыса қашпай құтылар ма?!
Қаладан келген талай отыншы солай құтылып жүрді. Биғаділ екеуміз де əкеміздің шауие жуңтуынан құтылу əдісін қолданып, шапқан отынымызды екі рет беріп құтылдық та, бұтасы сирек дау- сыз жерден шабатын болдық.
Бір ауыз үйде отырған екі үйлі жан тату-тəтті тұрдық. Əкем мен Жанастың кезек шертетін жалғыз домбырасы мұң тербетсе, əкем мен Нəсиханның ымырасыз дауы күлкі тербетіп, «барымен базар» болып жатты. Нəсиханның бұрынғы ерімен əкем құрдас болғандықтан, Жанас іні ретінде сыйластық білдірсе де, Нəсихан құрбы қатарында əкеммен қатты айтысатын. Оны бұрынғысынша
«жынды Жаппар» деп айтады. Сондықтан жындыға оның шексіз диктатурасы жүрмейтін.
Айтыс алдымен Нəсиханның түнде үйге дəреттенетіндігінен басталады. Онысын білісімен əкем оған қарсы шара қолданды: шам сөнісімен дəрет тегенесіне су толтырып құйды. Баж ете түсті Нəсихан бір шақта:
– Үй, жолың болмасын Жəмила, мынаны толтырып қойған сен бе?!
– Ей, ол емес, – деді əкем, – мен!.. Сыртқа апарып төге салшы!
– Үй, құдай төбеңнен ұрсын, ұялмай енді үйге сигенді шығардың ба!
– Ей, сен келіншек ұялмағанда мен ұяламын ба! Жасың кіші ғой, апарып төге сал!
Ол қарғап-сілеп далаға шыға жөнелгенде, Жанас бастап үй іші ду күлді. Нəсихан қайтып кіре тағы сампылдады.
–  Соншалық лық толтырылғанын!
– Кеше таңертең, Жəмила шығарғанда сенікі де аз емес бола- тын. Төктің бе өзің?
– Өзімдікін төге алмай жүргенімде, енді сенікін төгейін бе! Көзің шыққыр-ай, қайдан көре қойып еді! – деп қисая кетті Нəсихан!
– Менікін сен төге алмасаң, Жəмила сенікін де төге алмайды, тыныш жат сампылдамай!
Содан бастап тегенеде əр түні су толып тұратын болды. Түн ортасында Нəсихан қарғап-сілеп шығатын болды.
– Ой, құдай төбеңнен ұрсын, Жаппар, – дегенде-ақ Жанастың күлкісі қоса шығатын болды. Жəмила күлмеген соң Нəсиханның да шамы қозбай, тез өше қалатын.
Нəсиханның тұрмысындағы бұрыннан əдет болып қалған шексіз үстемдік, сөйтіп, əкемнің қарсы шабуылына ұшырай берді. Ойын-шыны аралас соққыдан жақтаушысыз Нəсихан өзінен-өзі тежеле берді, дегенмен үйде əкем барда ғана тежелгені болмаса, ол жоқта Нəсихан тағына қайта мініп, Жəмила мен Жанасқа аюша ақыруын қоймады. Шешем сыртқа шығып кеткенде тіпті қаттырақ тиіседі.
– Бұл жындыны неге шақырып келдің осында! – деп ақырады ол Жанасқа.
– Ойбай-ау, мен келтірмегенге Жəкең қоюшы ме еді! – деп Жа- нас күледі, – сені жеңетін жындыға мен қайтып төтеп бере алар- мын!.. Бірақ, бұл өзі əділ жынды ғой, сенің жақсылық жағына дау айтпайтыныңа біз сүйініп-ақ жүрміз. Туысқанға зар болып, біреуін əрең тапқанымызда, оны ренжіте көрме, атақты жынды емес пе ол, қазан-ошағыңды шағып кетер, ақылың бар еді ғой өзінің.
Жанастың бұл қулығына аюдың өзі де күле салатынын көріп жүрдік. Оның əдеттенген тізгінсіз анайылығына тиісе-тиісе жүрген əкем ол науқастанып қалғанда азын-аулақ көмегін де тигізе жүрді. Рузы дейтін қасапқа жалданған Биғазының ақысы – əр күні
«көже қатықпен» қамдау еді. Биғазының ептілігіне Рузы қасаптың қайырымдылығы қосылып, тəп-тəуір қамдалып тұрдық. Сойылған қойдың құйрық майынан терімен қоса сылып, Биғазы əр күні əкемнен беріп жіберіп тұрды. Сөйтіп, Нəсиханның майшыл аузына аз да болса «бөстірме» түсіп тұрды.
Жаздағы көрген қыспағымызға қарағанда жазылыңқырап қалған осы бір тəп-тəуір күлкісі бар тұрмысымыз қайтадан то-
 сын сүркейлікке ұшырай қалды бір күні: Бигелдіні «жаңгүдейі»
қайтарып жіберіпті:
– Сенің əкең күн-түн келеді, бірдеме ұрламаса неге келеді?!
– деп қуалапты. Ауыр жұмыстағы баласының денсаулығын біліп қайтуға əкем екі рет барған екен. Бар күшін сарқа қимылдайтын Бигелдіге бір қыстық ағаш отынын тасытып, жарғызып болған соң, қыс ішінде оны сол сылтаумен ғана қуалапты. Бұл бір соққыдай тиді бізге. Айына алатын бір ағаш арпаны «құдайдан» күтер едік, ақ қар, көк мұзда жұмыс табылмайтындығынан қысылдық. Бізді тағы да уайым басты.
Бигелді əр күні кетіп, əр байдан жұмыс іздеп сандалып жүр еді. Бір түні таңға жақын есік қағып, үйге еңбектеп кірді. Бір балтырын көйлегімен  таңып алған екен. Жеті шақырым жолға қар үстінде еңбектеп, сүйретіліп əрең жетіпті. Өң-түс жоқ. Тап болған жайын ерні қыбырлап əрең айтты да, құлай кетті. Дөрбілжін халқы «шұнақ» деп атайтын «жаңгүдейдің» қорасына жұмыс іздеп кіргенде, оның бір қара шұнақ төбеті балтырдан бір-ақ орыпты. Көйлегімен қатты таңып алғандықтан қансырамағанымен, бір аяғы мүлде басуға кел- мей қалған екен. Ымырт жабылғанда көшеден таныс ешкім кез- деспей, далада үсіп өлмеу үшін бір тізесімен еңбектеп сүйретіле беріпті.
Ит қапқан балтырды əкем шешкенде саулаған қанды көріп бəріміз шу ете түстік, күйдірген құрым кигіз басып, қайта таңып тастады.
Жалданатын орынды енді əкем іздеді. Нардай жас жігітке табылмаған жұмыс найқалып–шайқалып əрең жүрген шалға қайдан табыла қойсын, əйтеуір итке қапқызбай аман қайтып жүрді. Сонда да іздеуін қоймайды. Биғазының күнделікті «өндірісінің» соңына мен түстім. Дөрбілжіннің дəл ортасындағы төрт көше түйісіп – базардың қайнаған жері еді. Қатты қайнап сапырылысып, сақылдасып жататын сол қазанға мен де күніне бір түсіп шығатын болдым. Төрт көшенің шығыс жақ мүйісіндегі биік ыспылы ла- пас асты – Рузы қасаптың «дүкені» екен, ең қатты сақылдайтын да сол Рузы ахуын көрінеді. Таразыға тақыстығы жоқ, дөңгелек қара сақалды жуан қара қасапшының дауысы да өзіндей зор, ет алатындарды жарылқаушы жомарттай тартып, ілулі таразысы бір көтерілген оның арт жақ далдасында бауыздалған қойдың артқы борбайынан  үрлеп,  төмпештеп  Биғазы  отырады.  Қойдың  еті мен терісінің арасы жел гулеп, іркітке толы сабадай тырсиғанша алқымы мен ұрты да торсықтай кеуіп алып, Биғазы үрлей береді.
Толық үрленген қойдың терісін қасапшы қайырыла салып, оп- оңай сыпырып жібереді де, ішек-қарнын теріге ақтарып тастап, ілгекке тағы іле қояды. Семіз ет желмен көбіктенген соң тіпті семіз көрініп, көз біткенді өзіне шыбындай үймелетеді.
Бір қой бауыздалған сайын осылай бір қиналып, боз аязда да маңдай тері бұрқырап кететін Биғазының күреңітіп ісінген жүзіне қарап мен отырамын.
– Басың айналды ма? – деп сұраймын ақырын ғана, – асықпай үрлесеңші!
– Асықпауға бола ма, ілулі еті қазір-ақ бітеді. Үрлеуден қиналмаймын! – деп Биғазы менің көңілімді жұбатады. Ішек- қарынды бас-сираққа қосып жиыстырып қояды да, терідегі бізге тиесілі «бөстірмені» ойып менің дорбама салады. Оған ұйқы, шажырқай бездері мен көк бауыр қосылған соң-ақ жолға түсемін. Өзі тағы бірдемелерін көтеріп қожайын үйіне асыға жөнеледі: онда таситын суы мен жағатын оты бар ғой.
«Биғазының жалақысын» əр күні осылай арқалап қайтып жүрдім. Бұл біздің тұрмысымызға қарағанда аз табыс емес еді.
«Мұндай бездерді біздің ең күштіміз де таба алмай, тіпті өзі итке кез болып желініп қалды ғой, дариға!» Менің үйге қайтқанда көтере алмай ауырлап қайтатыным осы қайғы болды. Ең үлкен сүйенішіміз еңбектеп кіріп-шығып жүр. Түрегеп тұрғанда біз шалқая қарайтын ағамыздың үйден бауырымен жылжып шыға келгенде  аяғымыздың  астынан  көрінуі  «жүрегімізді»  мыжитын өте аянышты хал болды.
Күндіз төрт көшеге барып, сыпы үстінде қайнаған базардың төбесінен қарап отырғанымда да сол елестеп, өзім де табан астында жатқандай жаншылып отырамын. Сыпының алдында елегендегі қойдың қанын аңдып бірнеше ит жатады. Сыпының үстінде бездер мен қойдың таңын аңдып мен отырамын. Менен кішілеу балалар да сөмкесін көтеріп, оқудан қайтып бара жатады. Олар адам сияқты, мен де өзімді адам сияқты көремін. Бірақ, олар без бен қанға қарамайды. Ал мен соған телміріп, соны бағып от- ырамын. Сол адам замандастарымнан менің айырмашылығым өте зор сияқты. Олар балаша жайнаң қағып, ойнақ салып, бірін–бірі қуаласып өтеді. Мен қаннан басқаға қарамайтын кəрі бұралқы ит сияқтымын.
Бұл телміруімді қойып, мен де сөмке асынсам, молданың ақысын төлей алатын, мені қағаз-қарындашпен қамдай алатын қуат əкемде болса, жеті шақырым былай тұрсын, он төрт шақырым жерден болса да мектепке осылардан бұрынырық жетер едім ғой! Теңелу ғана емес, алдыларына түсіп кетер едім ғой, амал қанша. Маған ондай күн қайда, мен емес, тіпті жігіт болып қалған мына Биғазы самсаған базарда бауыздалған қойдың шабын сүйгендей не істеп отыр! Мен оқушыларды көріп, қиялдауға мұрса тауып отырыппын. Оның қарап қоюға да мұрсасы жоқ, үрлеген қойынша өзінің де ісіп-кеуіп, күп-күрең болып отырғанын көресің!.. Жігіт ағасы болып қалған Бигелді не күйде! Енді қартайғанда əкеміз жалшылық іздеп, сенделіп жүрмей ме, мен кімге теңеле алармын?
Сыпының қарсы жағындағы асхананың манты қасқаны көтерілді. Жағымды иіс бүкіл базарды аңқытады. Тарелкелерге манты салатын аспаз тым екпіндетіп, секірте-секірте санайды.
– Яуп, иман ағзам.. Яқ манты, яқ манты!.. Бес манты, сегіз ман- ты, он төрт манты!
– Я, Қайролла! – деп ол мантыға біздің қасапшы да үн қоса ұмтылады.
Азан-қазан базарда оған Биғазы екеуміз сияқтылар қарамайды. Қарамайтынымыз, дəмеленуге дəрменіміз жоқ. Ұзын жырық етек шапанды, сəнді шляпалы «Шəңсың» «Жаңгүдейлер де» оған қарамай өтіп жатады. Олардың қарамайтындары дəрмендері тым жоғары, жүректері кілкіп айнитындай тыжырына, тəкаппарлана басады аяқтарын.
Біздің алдымыздан шығыс жаққа қарай «Қытай көшесі» баста- латын. «Саңлибай жаңгүдейі қайсысы екен?!» «Шұнақ жаңгүдейі қайсысы екен?!» деп мен оларға сүзіле қараймын. Қызыл асығын қара жібекпен таңып, ешкінің сыбырлағындай ғана шүберек кебіс киген ши аяқ тəйтəйлар менің көзімді көп тартып өтеді. Іркілдеген жуан денелерді шидей жіліншік қайтіп көтереді екен деп қараймын.
«Қаз-қазға» жаңа келген баладай, аяғын апыл–тапыл басқанымен, алшаңдаған кеудесі тым көтеріңкі.
«Сол жаңгүдейлердің» «бірінің тəйтəйі ме екен» деп оларға да түйіле қараймын.
Былтырғы дүнген соғысының соңында «Сандуа» деп аты шыққан «жаңгүдей», жоғарғы шаңқу қоржасындағы қазақ жалшыларының жиырма шақтысын бір жер үйге қамапты да, өртеп жіберіпті, оның да негізгі үйі осы «Қытай көшесінде» деп еститінмін. Сол қанішерді де көргім келіп, Биғазыдан сұрай оты- рамын. Ол ешқайсысын танымайды екен. Бір күні менің дорбама Биғазының «жалақысы» түсіп, енді қайтайын деп отырғанымда, бетін  түбіт  салымен  тұмшалап  алған,  қоңыр  пальтолы,  құрым етікті бір əйел сол көшеден шықты. Біздің алдымыздан өтіп ба- рып тұра қалды да, бізге қарай бұрылды. Биғазы мен маған қарай берді. Салысын саңылаулап қараған қап-қара сыңар көзінен басқа жүзін көре алмадық та, тани алмадық. Бетін перделеп иə, осы- лай тұмшалап жүретін ұйғыр əйелдерінің салтына қанған біз бұл əйелдің мұншалық тұмшалануына таңданбасақ та, қалың адамның ішінен бізді танығандай болуына таңдандық. Биғазыға жақын келді.
– Кімнің баласысыңдар?! – деп сұрады ақырын ғана. Биғазы да жауабын күбірлей қайтарды:
– Жаппардың баласымыз.
Биғазыға сыбырлай сөйлеп, əйел бір жайды түсіндіргендей бо- лып еді, Биғазы мені көрсетіп бірдеме айтты. Əйел жебей басып, төрт көшенің батыс көшесіне шыға жөнелді.
– Анау біздің əпкеміз екен, – деді Биғазы маған, – біздің үйді іздеп шығыпты. Сені үлкен мешіттің алдынан тосады, сен оның алдынан өт те қарамай жүре бер, қатты жүріп адастырып кет- пе, артыңнан еріп отырады. Қаладан шыққан соң тосып бірге кетіңдер!
Мен дорбамды қолтықтап артынан қуа жөнелдім. Мешіттің алдына  əйел  тұрмайтын  болған  соң  өтіп  барып  тоқтаған  екен, аязға шыдамағаны ма, əлде асыққаны ма, тықыршып тұрғаны байқалды. Мен бір қарап қойып алдынан өттім де, жеделдете жөнелдім. Анда-санда ойын қысып бара жатқандай мұзды жер- ге тұра қаламын да шыр көбелек айналамын. Бейтаныс əпкемнің көз жазып қалмағанын  байқап жүріп қаладан ұзаңқырап шыққан соң тосып алдым. Адамсыз жолға шыққан соң ол да тұмшалануын қойып, салысын желкесіне түсіріп алыпты. Мөп-мөлдір қара көзді, аққұба жүзді, жап-жас сұлу келіншек екен. Бірақ, жып-жылтыр қара шашы желкесінен қытайша шорт қиылыпты. Таңданып, көзімнің астымен қарай бердім. Көзі жасаурап ол да менен көз ал- май келеді.
– Сен Биғабілмісің? – деп күлімсірей келіп, малақайымды алды да, бағдарлай қарап маңдайымнан сипады. Мен тұқыра түстім. Малақайымды қайта кигізе жалғады сөзін, – мені танымайсың ғой, сені апыл-тапыл басып жүргеніңде көргенмін. Жүр, тезірек жүріп кетейік! Ол кезде мен он бір жаста болатынмын. Дүйсенбай аға кездесіп айтпаған болса мен де танымаған болар едім!..
Шаралы көзіне іркілген тұп-тұнық жасын қос-қостан ыр- шытып жіберіп, алдыма түсе жөнелді ол. Өзінің көп заманнан
бері үй ішіне қарағандай, аспан астында қар жамылған кең да- ланы түгел шолып, «дөдегесіне де», «шаңырағына да» қарап келеді. Кеудесін керіп, тынысын кең-кең алғаны байқалады. Түстен ауып кеткен ашық күн шыңылтыр аяз еді. Пальтосының түймесін ағытып, алқымын да ашып тастады. Сағынышты кең даланы құшағына сыйғыза алмағандай құмарта қарайды жан- жағына. Қыс күндері аяқ киімінің жоқтығынан үйден көп шыға алмай, ілуде бір шыға келгенімде мен де маңайыма осылай қараушы едім ғой. Бұл да үйде көп қамалған сияқты деп ойла- дым!.. «Шашын неге қиды екен?»
– Үйлеріңе енді қанша жер қалды? – деп ол маған жалт бұрылды.
Ішінен кигені иығы мен қабырғасынан түймеленетін қытайша мақталы  шапан екенін көрдім.
– Əне, алдымыздағы қос теректі қоржа.
– Жақын екен ғой!.. Анау, арғы жоғарғы жақтағы қалың терек кімнің қоржасы?
– Шордың Исасыныкі дейді,  ол да дүнген.
– Сендер тұрған қоржада қытай бар ма?– деп дауысын бəсеңдете сұрады.   Мен   Жұмақұн   деген   дүнген   мен   оның   шешесінен басқасы ыңғай қазақ екенін айттым. «Бір жаңгүдейдің қамауынан қашып шықтың ба, тəте?» деп сұрай жаздап тоқтап қалып едім, тұспалымның дұрыс екені көп өтпей анықталды.
Əпекемнің кеңесі бойынша, жалғызаяқ жолмен бұрыла жүріп үйге сырт жағынан айналып барып кірдік. Орнынан аңыра қарап тұрды шешем.
– Жарығым-ау, Дəмешпісің?!
Үйге кіре солқылдаған əпкем үн сала жылап жіберді де, шешемді бас салды.
– Мен, апа... Мен... Дəмешіңмін!..
Оның шорт қиылған шашын сылап, бауырына баса жылады шешем. Сəл сұңғақтау келіншек құшаққа кішкене балаша кірді де, шешемнің омырауын иіскей еңіреді.
– Жарығым-ау, қайдан шыға келдің?»
Əкемнің бөлесі Əбдірахман дегеннің қызы екен. Əбдірахман бізден бұрын 1931 жылы Шəуешекке келе салып қайтыс болып- ты да, əйелі екі кішкене ұлын асырай алмаған соң, естияр қызын үш ағаш бидай мен біраз ақшаға сатыпты. Алғашқы сатып алған кісі Шəуешектегі бір кəрі қытай екен. Дөрбілжінге жаңа келген тияңжыңдық жас саудагерге іле-шала ұзатып беріп жіберіпті.
Содан  бері  Дөрбілжіннің     бір  тұйық  көшесіндегі  кішкене қорада қамаулы екен. Бір күні сол қорадан бөрене алуға кірген туысымыз – Дүйсенбайдан əркімді сұрастырып «Жаппардың Дөрбілжінге көшіп келгенін, қазір бір баласының төр көшедегі қасапшыға көмектесіп тұратынын» естіпті. Екі-үш күн өткен соң еріне көрсетпей бір ұйғыр кемпірге етік пен пальто сатты- рып алыпты. Жырық шапаны мен шүберек кебісін соның үйіне тастап, ұйғыр əйелше тұмшаланып алыпты да жүре беріпті.
Кішкене кезінде ерекше сұлу бейнесі есте қалған екен, жұмыс таба алмай кеш қайтқан əкем де тани кетті.
– Япырмау, мынау Дəметкен бе?! Балам-ау, осында ма едің?! – деп келіп маңдайынан иіскеді. Əкемнің тізесіне басын қойып алып ұзақ жылады Дəмеш. Оның жай-күйін ұққаны бойынша шешем айтып берді.
– Апаң алдыңғы жылы Шəуешекте болатын, – деп күрсінді əкем. – Сені жоқтап, ол екеуміз бір жыласып алғанбыз. Сатқан
«жаңгүдейіне» артыңнан бір іздеп барса, «қызыңды өзің ұрлап əкеттің, тауып бер!» деп өзінен даулапты. Залымдығын қарашы! Өзін əрең-əрең қоя беріпті сөйтіп. Əйтеуір аман, денсаулығы тəуір болатын. Сенің із-түзсіз жоғалып кеткеніңе ғана қайғырып жүр еді, аман екенсің. Қалай қуанар екен, шіркін, жылама, қарашығым, адамның басынан əрқандай іс өтеді. Мына күйеуіңе енді қайтып барғың келмесе, енді ешкімге көрінбей тұра тұр, апаңды мен іздестірейін.
– Қамаудан əрең қашып шығып отырса, енді қалай бара қойсын! Бірақ мына күйеуі жер көкті шарлайды ғой əлі! – деп өз қаупін қосты шешем, – қолдары ұзын ғой бұлардың, Шəуешекті де талай тінтер! Енді тапса, пəле сонда болады. Шашыңды мына көршілер де көрмесін, бет-шырайыңды өзгерте тұратын амал ізде.
Дəмеш əркімнен құрастырап қазақы киім алды да, ауру əйел кейпіне түсті. Оның қылмысы, əрине, оның бетінде ғой, Ілуішінде Жəмішке үйреткенім сияқты, қайдағы бір сүреңсіз сұр топырақты мен де тауып əкеліп, əпекемнің бас жағына үйіп қойып жүрдім.
– Осы үйге біреудің келе жатқаны білінсе бетіңе жағып ал, тəте!
– деп əр күні базарға кетерде жалына аттанамын. Оныма Дəмеш те күледі, – аузыңды қисайтып алып, тыржия қой! – деймін тағы да.
Дəмештіңайтуыбойынша,əкемДөрбілжінніңшығысжағындағы Маралсу деген жерге барып «Шашты» деп аталған «Жаңгүдейдің» шаупаңынан жұмыс тауып қайтты. Еркін жазылмаған аяғын сілтей басып, Бигелді жөнелді оған.
– Сасық арақ шығаратын жерде əкем істей алмайды ғой! – деп біраз демалуға көнбей кетті.
Жұмыс іздеуден қолы босаған əкем енді Дəмештің шешесін іздеуге қамданды. Шəуешек жақтан келген таныс біреу кездес- се, сəлем айтып жібермекші еді, əуелі мені төрт көшеге апарып салып, көше аралап, екі-үш күн жүрді. Бір күні төрт көшеге енді кіре бергенімізде, бет-аузын əжім басқан бір ақ кемпірді көріп əкем айқай салды. Кемпір қиғаштап, Тарбағатайға қарай өрлейтін
«Шəуешек көшесіне» өтіп бара жатыр еді.
– Қанипа, Қанипа! Қанипа, сенбісің? Тоқта!.. Аманбысың? –
деп əкем ұмтылып барып қолынан ұстай алды.
– Жəкетай-ау, қайдан келдің?! Балаларың аман ба?
– Бəрі аман, – деп алқына күбірледі əкем, – ал өзің қайда жүрсің? Үйің қайда?
– Дөрбілжінге келгеніме екі жыл болды. Осы көшенің
басында бір сарттың үй жұмысына жалданғанмын. Соның бір ауыз үйінде отырмыз. Ұлымның үлкені де соның жұмысында. Дəмешімнен хабар-ошар болмай кеткен соң, Шəуешекте тұра ал- мадым! – деп жыламсырады Қанипа шеше. – Оны берген жеріме іздеп барған сайын қарсы дау күшейе берген соң кеттім..
– Жə, енді жылама, қайырмен болар!..
Ересектеу бір ханзу бала біздің қасымыздан кетпей теріс қараған бойы тұрып алып еді, əкем оған жалтақ-жалтақ қарап, Қанипаға ым қақты да, Биғазы тұрған пұшпаққа қарай беттеді. Ол балаға Қанипа да аң-таң болып қарап алды да, əкеммен қатарласып аяңдай сөйледі:
– Осы бір бала біраздан бері біз тұрған қораның алдынан кет- пей қойып еді, енді қидиып артымда тұр ғой.
– Қашаннан бері? – деді əкем ақырын ғана.
– Жеті-сегіз күн болды.
– Олай болса, бұл аңдушы, сездіре көрме, апа, Дəмеш аман, та- былды!
– А, не дейсің, Жəкетайым-ау!
– Даусыңды шығарма, жылама! Балаң аман! Біздің үйде.
Дір қақты ана, иегі тоқтамай селкілдеп бара жатқандықтан тісін тісіне басып алды, мен қайырылып байқасам, əлгі бала біздің артымыздан қарап тұр екен.
– Шын ба?! – деді Қанипа, қатты ашуланғандай əкеме тістене қарады, – өңім бе, түсім бе?!
– Анық өңің, сабыр сақта! Қазір үйіңе келмесең, аңдушы бар екен. Сен де бармай шыдап тұр!.. Анау қой үрлеп жатқан менің балам, танып ал, сол арқылы хабарласып тұрасың!.. Ал, өзің маған осы ашуланған қалпыңмен төмен жөнел де, із тастап үйіңе қайт, қамсыз бол!.. Қасап сыпысының алдында əкем қалды да, төмен қарай қалшылдап Қанипа жөнелді. Артынан баспалап бақылаушы да жөнелді. Оны көрсетіп қояйын деп едім, Биғазы үлпершектей талаурап қой үрлеп отыр. Əкем еңкейіп маған сыбырлады:
– Анау қытай бала үйге сенің артыңнан еріп бармасын, барар жеріңді көрмесін, сақ бол! Ол ілессе, сен адастырып басқа жақпен кет!
Мен басымды изедім де, сыпыға шықтым. Əкем көше айналып кете берді. Сұрғылт аспаннан аяз қылауы ұйытқып түсіп тұр еді. Ызғары желемік, лапас астын тінткендей суық қолын сумаң-сумаң жүгіртеді. Қанипа шеше бізге жылы жүзбен қарап қайта өтті. Сөйтсе де, тістеулі, қатпарлы ұрты бүлкілдеп, өте ширақ басып ба- рады. Оның Дəмешті көрмей, тынши алмайтыны да, тамақ іше ал- майтыны да, ұйықтай алмайтыны да белгілі сияқты. Сақтық үшін бізге қайырылып қарамай кетті. Соңында қырсық жүргенін біледі.
Міне, сол қырсық та өтті алдымыздан. Маған ызғармен анықтап қарап қойды. Маңайына тімтініп, алақ-жұлақ етеді. Сұм көзіне əкем түспеді білем, біраз кідіріп, көшені түгел ақтарды да, жүгіре жөнелді. Қанипа шешенің артынан кетті. Япырмай Дəмештің шешесі екенін қайдан білген бұл сұмдар!.. Біле тұрып-ақ əудем жердегі анасын баласына, баласын анасына көрсетпей, мəңгіге айырып, мəңгіге зарлатпақ қой, неткен арам еді! Япырмай, бір шақырымнан аспайтын жерде тұрып-ақ, бір көруге зар болған ана мен бала бірінің-бірі тірі екенін де білмей зарыққан екен ғой!.. Ит саудагер Дəмешті тойған жерінде енесін ұмытып кететін күшікке санап,  біраз  жыл  қамаса,  мүлде  ұмытып,  көрсе  де  танымайды деп есептеген ғой!.. Енді айрылып қалысымен шешесінің есігін дəл тауып, баса қоюын қарашы. Дəмеш енді қолға түссе, апасын өмір бойына көре алмай кетеді ғой!.. Мен əлгі қырсықтың қараған қарасынан қауіптеніп, дорбама без түскенше тықыршыдым. Қанипа шеше мен соңындағы сол қырсықтың түр-сипатын Биғазыға айтып бердім де, дорбама бірдеме түсісімен жөнелдім.
Дəмеш бүгін өте көңілді екен, əкемнен естіпті, көзі де жалт- жұлт етеді. Шешесінің соңында жүрген аңдушының түрін толық айтып беріп едім, біле қойды: қамап иеленушінің осы жерде өскен ағасының ұлы екен!
– Қазақша тілді толық біледі, асқан қу, сені алдап сыр тартып жүрмесін! – деп қатты тапсырды Дəмеш. – Сенің осы қоржаның жолына түскеніңді көрсе қайда баратыныңды біле қояды.
Менəркүнітаңертеңкетерімдебақылаушыдансақтанатындығым жөнінде ант беріп жүрдім. Бақылаушы да баспалап мені маңайлап өтіп жүрді. Бір рет алыстан қарауылдап маған еріп те көрді. Мен
«Жер Дөрбілжін» деп аталатын тозған дуал орнында сырғанақ теуіп жүрген балалардың қасына тұрып алдым да, ол өтіп кеткен соң Дүйсенбайдың үйіне барып біраз отырып шығып, төменгі жол- мен кеттім.
Ертеңіне күндізгі мекеніме келгенде қасапшы столының астын- да жаңа ақ дорбалы буыншақтың тұрғанын көрдім. Биғазы оны Дəмешке кіші бауыры əкелгенін айтты:
– Əне, қарсы бұрышта тұрған сары бала сол, – деді, – сен қасына барып, тəтесінің жайын айтып берші, қатты сағынған екен, көзі боталап тұр.
Бойы дəл мендей, толық бетті, ақ сары бала қасына барғанымда маған ұмтыла түсіп, жымиып тұрып қалды. Мен не деп сөз баста- рымды білмей кідірдім де, жеңінен ұстадым. Ол қолымның сыр- тынан ұстап мені аялағандай болды. Бар жүрегімен үзіле сағынған əпкесін аялағаны да, маған деген ең жақыншылығын бейнелегені де бұл.
– Дəмеш тəтең біздің үйде, аман!.. Мен соның қасында ұйықтаймын, сенің атың Бəйкен ғой, сол айтты маған, – дедім. Оның көзі жыпылық қақты, – жүр анау есіктің далдасына барып тұрайық!
Бір-біріміздің қолымыздан айрылмай барып, төменгі жағымыздағы үлкен сауда дүкеннің қайырылған есігін далдаладық.
– Қандай, денсаулығы жақсы ма екен! – деп тақылдап сұрады менен.
– Өте əдемі, киімі де жақсы, бірақ біз ескі киім кигізіп қойдық. Біреу танып қойса қытай алып кетеді ғой, іздеп жүргендер бар екен. Сендерге бармады ма?
– Біз тұрған қораның алдында бір қытайлар жүретін болды. Біздің қожайын оларды ұрысып қуалады. Сонда да алыстан байқап жүр. Мен артқы есіктен алып шығып бір дорба əкеліп қойдым. Ішінде хат та бар, сен тəтеме апарып берші!..
– Мақұл, мен ешкімге білдірмей əкете аламын. Менің артым- нан да бір баласы еріп жүр, мен адастырып басқа жаққа кетемін! Сен барып тəтеңді көргің келе ме?
Бəйкеннің көзінен жас бұршақтап ала жөнелді. Менің ернім дірілдеп еріксіз қисайып кетті де, теріс қарап алып солқылдап едім, ол қалшылдап кетті. Тұншығып, қыстығып өксіді.
– Сенімен бірге барып көрейін десем, апам жібермейді, – де- генде үні қаттырақ шығып қалды. Біздің мұнымызды көріп, қарсы бұрыштағы Биғазы да көзін сүртті. «Қайт» дегендей ишарамен маған қолын бұлғады.
– Кейінірек ертіп апарамын, – деп мен жөнелдім де, көзін сүрткіштеп Бəйкен қайтты.
Біз тұрған қалтарыстың қарсы жағында бір қазақ жігіті тұр екен.
– Үй, мына балалар не ғып жылап жүр?!
– Ей, бала, біреу тиісті ме? – деп маған үңіле қарады.
– Жоқ... Əншейін!..
– Əншейін жылай ма екен?!
Мен жауапсыз ширап, күлімсірегендей өттім де, сыпыға шығып алдым.
«Тергеушім», екі қасқыр кездессе, ыржаңдаспай қоймайды. Олар иенде ыржаңдасады ғой, біз қайнаған қан базарда, қалың адам арасында ыржаңдасып алдық. Сөйтіп, қасқырдан да өнерлірек қылмысты екенімізді көрсеттік білем, расында да солай емеспіз бе? Қасқыр ілуде бірі болмаса, адам ұрлай ала ма? Біз жай адам- ды емес, тіпті бар көзге түсетін айдай сұлу қылмыскерді ұрлаған қылмысты болдық қой. Біз ыржаңдаспай, кім ыржаңдассын. Соңымызда қуғыншы жүрсе  де ыржаңдастық. Қылмысы асқан сайын ыржаңдап, аузы ашыла түспеген қылмысты алдағы уақытта зор қылмыстың үлкен шебері бола алар ма? Бұл – менің қылмысқа сол кезде-ақ барынша дəніккендігімді көрсетеді.

ІІ

Бұл қысты мен базарға ашық келіп, жасырын қайтып жүріп өткіздім. Соңымнан сол барлаушы ғана емес, қара көрінсе қашып, басқа жолмен айналып қайтып жүрдім. Қашқын Дəмештің ізі суый келе оған шешесін де, Бəйкенді де ертіп келіп көрістірдім. Оларды жыластырдым да, күлістірдім де. Жазғытұрым қар кетіп, жер қарая келе Дəмеш менің тапқан төте жолыммен кештетіп үйіне де барып жүрді. Дəмештің өз үйі тұрақ болмайтын нысай байқалды.
Панасыз гүлге пəле көп, ол үйдің қожаларынан да Дəмештің бетіне  үңілуші-қызығушы  шықты.  Шешесі  оны  «жамағайын
туыстың қызы, күйеуі бар» деп жариялап қойыпты. Сөйтсе де, соқтықпалы рай байқалған соң Дəмеш үйіне тым сирек барып қайтатын болды. Саудагер «жаңгүдейдің» торушыларының да толастамауы анық еді. Қызығушысы көп мұндай қылмыстыға түрмеден басқа орын қайдан табылады? Сондықтан əкем, өзіміз сияқты шеткірек қонған қалтқысыз туыстардан қауіпсіз қуыстар тауып, орын ауыстыра қамады.
Екі үйлі жанға бір ауыз үй тарлық етіп, сұлу қылмыстымызды қыспай қамау қолымыздан келмей жүр еді. «Ағылық» көшесінде екі қора жайы бар Шерік дейтін момын ұйғырдың ескілікті аурулы кемпірі əкеме тамырын ұстатып, дəріленбекші болыпты да, Еміл жағасындағы ескі қорасынан екі ауыз үй беріпті. Пəтерге ыңғай өзіміз сияқты қазақтар орналасқан кедей қолды кең қораға біз де- реу көшіп орналаса қойдық.
Бұл бізге өте қызығарлық тұрақ болды, қызығарлығы – қызу жұмыс басталған жер екен. Тасжол құрылысы мен Емілге салына- тын көпір жұмысы басталыпты да, маңайының бəрі жұмысшылар тұрағына айналыпты. Байлар мен «жаңгүдейлерден» аулағырақ, еңбекшілер еңсе көтеріп жүре алатын өз əлінше думанды көше бо- лып шықты.
Бұл көшеде қырсық борату қолынан келерлік үлкен қожа – жол құрылысының бастығы, салбыраған ұзын бурыл мұртты, қара шұбар Құсайын атты егде адам екен. Əйелі мен жалғыз қызы – нағыз қазақ. Атымен кейбір сөз алысы – татар. Бет əлпеті – өзбек. Артық ауыз, ұсақ-түйек ғайбатпен жұмысы жоқ, айтарын шорт айта салатын мінезіне, жүріс-тұрыс əрекетіне, байсалдылығына, үн-əуеніне қарағанда орыс дəстүрлі, жұмысшыларға бір қалыпты, тең қарайтын қарапайым бастықтың қырсық-қырыстық атаулы- мен сыбайластығы жоқ екені белгілі бола қалды. Үйі біз түскен ауланың дəл алдындағы жол құрылысы кеңсесінде екен. Əкеме əйелінің науқасын қаратып, бізбен байланыса кетті ол.
Сөйтіп, бақылаушылар мен шолғыншылар еркін тіміскілей ал- майтын жерге келгенімізді білдік те, Дəмешті оншалық тұмшаламай
«ауру көрсете келген жиеніміз» деп кеңірек түрмеледік. Сұлулықтың қылмыстысы бұл жерде де көз тартқанымен, бұл көздер сұқ көзден емес, сойқансыз көздер болғандықтан, суық сезінбедік. Оның үстіне, тасжол жұмысшылары арасында да, Емілдің арғы-бергі жағалауынан да туыс-жекжаттарымыз көп табылды. Тұрмысымыз өте тапшы болғанымен, туысымыз өте тапшы емес. Іргелі елімізге қосылғандай өгейлік сезініп, селкілдей бермейтін болдық.
Дымды жерде қалып шіріген бір уыс талқан мен көгерген бір екі момы көтеріп Бигелді келді бір күні. «Жаңгүдейіне» көрсетіп тұрмыстарын жақсартып тұруды талап етуге келіпті. Ауыр жұмыс пен ащы талқан мүлде титықтатыпты өзін, үні де бітіп сыбырлап қалған екен. Шаупаңдағы жұмысшылар талаптарын жеткізу үшін жұмысты жақсы істеп көзге түскен Бигелдінің халін көрсін деп,
«бетке ұстар» ретінде əдейі сайлап жіберіпті.
«Шашты жаңгүдейдің» сəулетті ауласына ағамыз мені ерте барды.  Бір  күтуші  əйел  алдымен  «жаңгүдейге»  хабарлай  кірді де, қайтып шығып бізге есігін көрсетті. Кеңсе сияқты мəутілі бірнеше стол, шкаф, алтын потолмен гүлденген кантра меш, жібек перделі үлкен-үлкен терезе түсті көзіме. Үш-төрт «Шəнсіңнің» төр жағында, қара көк костюмді, майланып бір жағына жыға таралған жылтыр қара шашты, семізше ақ ханзу отыр. «Шашты» осы екен. Бигелді ескі шүберек белбеуінен ханзуша жазылған арыз қағазын алып, соған ұсынды. Ескі қағазға оралған шірік нан мен сасық талқанды үстеліне апарып жайды да, шегініп келіп орнына тұрды.
«Жаңгүдей»  өзінің  бергізіп  жүрген  тамағына  көзінің  қырымен қарай бере тыжырынып қалып, қолын сілтеді. «Əкет» дегені еді.
– Сіздің өзіңіз көрсін деп жұмысшылар беріп жіберді! – деп сы- бырлады Бигелді, – татып көріңізші, адам жеп жүрген тамақ қой!
– Ал деген соң, ал! – деді таяу отырған бір «шəңсің», – көрсеттің, болды!
Бигелді   қайта   барып   қойған   нəрселерін   жиып   алды   да, пештің есігі жақ іргесіне əкеліп тастай салды. «Жаңгүдей» суық тəкаппарлығын өзіндегі бар сыпайлығына əрең сыйдырғандай кердиіп, қазақша бір сыдырғы үнмен сұрады:
– Атың кім?.. Мұнда сені кім жіберді?
– Атым Бигелді, мені осы арызға қол қойған жұмысшылар жіберді. Бəріміз ауырып қалдық, ахуалымызды айт деп жіберді. – Сені жақсы деп еді, ең бұзығы сен екенсің, ə!..
– Жоқ, жаңгүдей, мен бұзық емес, мына тамақ бұзық! Бəрімізді қыратын болған соң əкелдім!
– Мына қағазды кім жазды?
– Жабыла жалынып, жолдан өтіп бара жатқан біреуге жаздырдық.
– Өтірік сөз, кімнің жазуы екенін білемін, оны мен тексерім!.. Сен барып істей бер! Мына астық бітпей, жаңа астық берілмейді!
– Олай болса, мен істей алмайды екенмін, ауырып қалдым. Менің ақымның қалғанын бергізіңіз!
«Жаңгүдей» аяқ жақтағы «шəңсісіне» ым қақты да, жұдырығын столға түйіп қалып, шығып жүре берді. Тізімін ашып, есеп–шотын екі-үш рет қағып тастаған «шəңсің» екі сəрі беріп бізді жөнелтті.
Бигелді жалданған шаупаңның бергі жағында – Ақсуда оның жұмыс істесін көріп жүрген Малың дейтін шағын жер иесі хұйзу жолдан сөйлесе кетіп: «Жылдық ақыңа екі ағаш борми, бір ағаш бидай егіп беремін, маған тұр!» деп жабысты Бигелдіге. Тасжол жұмысының айлық ақысынан сол егінді тиімді көрген Бигелді соған барып жалданды. Оның жайлы орын тапқанын артынан білдік.
Бірақ,  Биғазы  жалданған  Рузы  қасапшы  құмар  ойнап,  бір- ақ түнде құри ұтылыпты да, үй мүлкін де беріп құтылыпты. Өз құйрығынан айырылған қасапшыдан енді «бос түрме»  табылар ма, жас тоқалы да басын ашып кетпекші болып жатқанда, Биғазы бұрынырақ шығып қайтып келді, сөйтіп жол құрылысына жарты еңбек күш болып орналасты.
«Əр ұлттың өз тіл жазуында мектеп ашылады» деген сөз мені елеңдетіп еді де, артынан «оқытушылардың еңбекақысы да, мек- теп отыны да оқушылардан алынады екен» деген бір хабар қайғы болып орнай қалды. Мектеп шығындарын төлеп оқуды былай қойғанда, мына тұрмыста қағаз, қарындаш тауып оқу да мүшкіл еді. Он жастағы мені оқыту үшін, тоғыз жастағы Биғаділ кеудесін қақты.
– Қырау, отынды мен таптым, боқ тереміз, оны апам тапалайды, үйге де жағамыз, сенің мектебіңе де береміз! Оның жігерін шешем қостай кетіп, толықтыра түсті:
– Жəне маңайдан лақ, бұзау жиып берейін, күзге дейін соны өзің бақ! Молданың «жұмалығына» содан бірдеме құралып қалар!
Сөйтіп, мен кəрі кəсібімді қайта таптым. Емілдің көк жасаңы Ілушіндегідей отты еді. Мұнда да лақшы, бұзаушы көп екен. Олардың көбі өзім теңдес «қаңғыған қазақтың» баласы. Тіндəй сияқты зорекер қожайын бұл арада кезіге қоймады, ойын үшін ұйғыр балалар да келіп жүрді қасымызға, олардан бізге оншалық астамдық  көрінбеді.  Ондайлардың  көрінбеуін  мен  алғашында
«біздің көптігімізден» деп ойлап едім, кейінірек одан басқа да жаңалық жағдай бар екенін байқадым.
Бізден ересектеу, Үсен атты бір ұйғыр бала біздің «сарт» деп шақыруымызға шақшия қалды бір күні:
– Сарт демеңдер! Екінші олай айтсаңдар, гуңжуге айдап апа- рып қаматамын!

Менің достарым күлісе жауап қатты оған:
– Сартты «сарт» демей енді «шарт» деп айтайық па?! Бізді
«қазақ» деп шақырсаңдар оған біз намыстанбаймыз ғой!
– «Сарт» қып туғызған əкеңнен көрмей, бізге неге шақшиясың?!
– Біз сендерді «қаңғыған қазақ», «қалендыр қазақ», «қоңқабай»
дегендеріңе де көніп келеміз ғой.
– «Сарт» деген аттарың бастарыңа сарт ете түсетін тас емес қой. – Бұл сөздерге Үсеннің өзі де күлді. Ол бізден гөрі сауатты семьяның ескіше болса да оқып жүрген баласы екен, бізге анықтап түсінік берді:
– «Сарт», «қытай», «қоңқузы», «Қоңқабай» деген атаулардың бəрі де қорлау үшін шығарылған. Оған қазір «Гұңанжүй» (КГБ) қатты тыйым салып жатыр. Шың Дубан атамыздың шығарған алты саясатының біреуі – «ұлттар теңдігін» орнату. Енді он төрт ұлт тең болады, бірін-бірі қорламайды. «Ұйғыр», «қазақ», «ханзу»,
«манжу» өз атымен аталады.
Шың Сысайдың «алты ұлы саясатын» мен тұңғыш осы рет естіп, аңқиып қалыппын. «Алты саясатты» жаттап алыпты өзі, саусақпен бір-бірден санап айтып берді. Бұлардың ішінде мені ойландырмай- ақ түсінікті болғаны – «Совет Одағымен дос болу» деген екіншісі.
«Өзі Совет Одағының жəрдемімен үкімет болған, досы емес пе» деп түйе салдым. «Енді мектепте Совет Одағындағы сияқты өкімет шығынымен оқытса екен!» деген үміт-тілеу қосыла қалды оған. Шашты «жаңгүдейдің» жауыздықты шауиеше ақыраңдамай,
«жұмсақ» қана жүргізуі де, жол құрылысына Құсайынның бастық болуы да осы саясаттың салдары екенін байқағандаймын.
Тілеуім ол жылы да қабыл болмай, қыс бойы бізге көршілес, бір қаридың үйінде жүгініп құран жаттап шықтым. Менің оқи алуыма 1936 жылдың күзінде ғана мұрсат болды. «Қазақ мектебі» атына «Шəуешек көшесінде» мешіттің ауласынан екі ауыз үй, Төрт көшенің батыс жақ аузындағы жесір қатынның тап-тар ауласынан бір ауыз үй беріліпті. Мен сол жесір қатынның үйіндегі «бөлімше мектепке» түстім. Бір-екі жылдан бері татарша, ұйғырша-қазақша аралас тілде оқып жүрген ауқатты семья балалары мешіт үйіндегі негізгі мектепке қабылданыпты. Олардың мұғалімдері де əдемі киінген, ыңғай сұлу мұрттылар екен. Ал бізді оқытуға бөлінген мұғалім мен бір молда сүмірейінкілеу, өздерінің жалба-жұлба қораш оқушыларына лайық қораш мұғалімдер болып көрінді. Қораш болмаса «тілашары» мен «жұмалығы» жарытымсыз, ыңғай
 
қораштардың  балаларын  оқытуға  бөліне  ме,  негізгі  мектептің оқушылары біздің мектептің алдынан тұмсықтарын көтере өтеді.
«Диуана мектебі» деп қорлай өтеді.
Мен  сол  «диуана  мектептің»  сынауына  үш  күнде-ақ  тол- дым да, бірінші кластан екінші класс қатарына көштім. Екінші кластың міндеттісі – Атабай дейтін мұғалім екен. Ана тілі мен есеп сабағын екі класқа да сол кісі беретін. «Байтұрсынов» емлесі маған бейтанысырақ болса да, дін сабағын бұрын біраз көргенімді байқап, өз класының орындығына отырғыза қойды ол. Нəбиолла атты молдамыз қынжылды оған:
– Бар тəуір шəкіртімді сен тартып əкете берсең, мені тотитады екенсің! – деп күлді.
– Осы бір бөлмеге отырған бар оқушы екеумізге ортақ емес пе, молдеке? Бірер айға жетпей-ақ қатарға қосылып кететін баланың алдын тоспаған жөн. Қайда отырса да дін сабағын сіз бересіз,
«сенікі», «менікі» дегенді қоялық!..
Қытымыр  екенін  үш  күнде  білдіріп  қойған  молданың сабағын жақсы оқып жүрсем де, оған үрке қарап отыратын болдым.  Ең  қорқынышты  белгісі  –  алға  қарай  итіне  біткен шоқша қара сақалының сабағынан мүдірген шəкіртке ұмтыла қалтырайтындығы еді. Шəкірттер пешке жағуға əр күні қолтықтап келіп жүретін шидің ең ұзынынан іріктеп ширатқан өрме таяғын əмсе білеп отырып оқытатын. Ол: «Үй, дө…рыт аяқ!» деп қалғанда шəкірттердің бірі қайқаң ете түспейтіні қалмайтын. Өйтетіні, сол сөз шығысымен жуан өрме ши біреудің жауырынына шарт ете түсетіні, күн күркірегенде найзағай жарқылдағандай, бəріміздің арқамызға белгілі құбылыс еді.
Мен бұрын күннің күркіреуін «құдайдың ақыруы» деп түсінсем де, оның не деп «ақыратынын» ұқпайтындай болатынмын. «Тегі, құдай тағала да пенделеріне найзағай ойнатарда «өйт, дө.. ырт аяқ!» деп ақырады екен ғой! Деп ойлап, бұл тілді осы молдадан ұққандай сездім. Бірақ, күлкімен емес, тітіреп отырып «түсіндім».
«Бір жауырынға шарт ете түскенде бар жауырын бүлкілдеп кетеді.
«Найзағай» түсіп жатқан жаққа қарай алмай, бəріміз де бұғамыз. Мұнымызға Атабай мұғалім күлетін.
Бір күні менің алдымда емле жаздырып отырып, ақырын ғана сұрады ол:
– Сен де таяқ жеп пе едің?
– Жоқ, мені ұрмады.
– Онда неге дірілдеп отырсың?
 
– Білмеймін.
– Сен қорқақсың ба, ұялшақсың ба?
– Екеуі де, – деп мен тұқыра түстім. Мұғалім күліп жіберді:
– «Екеуі де» болып қалай күн көрмексің? Соның екеуі тұрмақ біреуі де болма, қорқарлық қылмысың болса, қорыққан жөн. Ұятты ісің болса, ұялу тіпті дұрыс. Ал, бекерге қорқа беретін болсаң, бір күні жүрегің қабынан шығып кетпей ме! Тектен текке ұяла берсең, өмір сүруге қабілетсіз ынжық боласың! Тұрмыс деген – күрес. Күресе білмесең күн көре алмайсың. Осы сөзді мен бəріңе айта- мын! – деп мұғалім оқушылардың бəрін жағалата қарап шықты.
– Қорқу да, ұялу да артық болып кетсе, жамандықтарың болады.
Екі-үш шəкіртін қатарынан шартылдатып өткен молда да бұл сөзді тыңдай қалып еді.
– Не бопты? – деп мұғалімге қарады.
– Сіз ана жаққа ақырғаныңызда, мына жақтағы балалар қалтырап жазуларын бұзып алды.
– «Тышқақтың арты өзіне аян», – деп күлді молда, – бұлар да ана үшеуінің ісін істеп отырған ғой. Өзара сөйлессеңдер, айтқанды тыңдамасаңдар, бəрің де ұстаз таяғынан құтыла алмайсыңдар, қорыққандарың жақсы!
– Молданың сабақ уақытында сөйлеспеңдер дегені дұрыс! – деп құптады мұғалім, – егер ұқпағандарың болса бізден сұраңдар! Сұраудан тартынбаңдар, түсіндіру біздің міндетіміз. Өз алдарыңа сөйлесіп кетсеңдер болмайды. – Күннің күркіреуіндегі əлгі бір мөлшерімді сұрап алғым келіп, молдаға қарай беріп едім, оған ба- тылым жетпеді. Емле жазылып болысымен алдымдағы мұғалімге ұмтыла түсіп, ақырын ғана сұрадым:
– Мұғалім! – деп қалып едім, ол да ұмтылып, еңкейе тыңдады.
– Күн күркірегенде «дөрт аяқ» деп күркірей ме?
– Не дейсің? – деп күлімсіреді мұғалім.
– Жазда күн күркірейді ғой, бірдеме деп ақырғандай естіледі ғой, сонда ол да «дөрт аяқ!» деп ақыра ма?
Мұғалім күліп алды да, аңыра қараған молдаға білдіргісі кел- гендей, күннің күркіреуін екі тасты бір-біріне ұрғанда шығатын дыбысқа ұқсатып түсінік берді.
– Оны кейін жаратылыс ғылымынан оқисың, – деді сонан соң, сөзін күбірге айналдырып жалғастырды, – бірақ молдаға мұндай сұрау қойма, мені мысқылдады деп түсінеді ол! Өзінің оқытып жатқан сабағынан білмей қалғаныңды ғана сұра!
Сөйтіп, мен бұл екі ұстаздың екі түрлі қалыптан шыққанын
 
түсіне бастадым. Бұл жəйт «жұмалық» пен өздері көшіріп беретін оқулықтарының ақысын алуда айқын көрінді.
Əр бейсенбі күні əкелген тиын-тегеш жұмалығымызды молда шұқшия қарап, санап алады да, азырқанса бізге алара қарайды. Көзінің сондай ағын көріп қалған оқушы сабақ уақытында «су ми»,
«көзсіз», «ақпақұлақ» деп аталады да, сол күні оған «найзағай» көп түседі. Разы еткен оқушы маңдайы жарылып, «озып» шыға келеді.
Ал Атабай мұғалім санағаны былай тұрсын «жұмалыққа» қараудан да ұялады. Сондықтан, əкелгенімізді терезенің алдына қоя саламыз. Сабақ бітіп қайтар кезде қызарыңқырап барып жиып алады.
– Биылша осылай болды, балалар, – деді бір күні жиып алып жатып Атабай, – келер жылы үкімет ақысы шыққан соң бұл ұяттан құтылармыз!.. Қазір де молда екеуміздің айтарымыз: бізді разы етеміз деп ата–аналарыңды қинап қоймаңдар, шама шарқына қараңдар!
Мұғалім бұл сөзге келгенде сол молданың құйрығы қоныс тап- пай қипыжықтап кетті. Күле сөйлесе де күйе тойтарды:
– «Құдай берсе, қойныңа сал» дейді əпəндім, өзіміз жиып отырғанымыз емес, хукумат ал деп отыр ғой!.. Шəкірттердің тауа- нын қайтарма, бұлардан алмай кімнен аламыз.
Атабай мұғалім күлімсірей қарап сөйледі бізге:
– Молдекеңнің айтары əлі бар, балалар, қазір есіне түспей тұр, мен қосып қояйын «жоқты тап деген – кəпір» демекші бұл кісі.
– Иə, ол да бар ғой, бірақ, бір теңгесі жоқ ата-ана баласын оқуға бере ме, «барды жоқ деген – кəпір» деп алдымен айтылатын.
– Иə, ол да дұрыс, – деді мұғалім оған да күліп, – бірақ, «барға
– қанағат, жоққа – салауат». Жұмалығың аз деп жұмаламаймыз, көп деп те көкке көтермейміз. Əйтеуір қайсысың жақсы оқысаң, бізге соның жақсы! Естуімізше, бейсенбі күннің жұмалығы үшін сейсенбі күннен бастап қыңқылдайтындарың бар екен, ол дұрыс емес. Бар болса əке-шеше өзі-ақ береді, бере алмай қалған күні үндемей жүре беріңдер! Оқыта білген молдаларың кешіре де біледі.
Оқуға уақытында түсе алмай, ақыл тоқтата келген өңшең ести- яр балалар масайрап жымиыса қарасты бір-біріне. Ширыққан молданың есіктен алдымен сақалы шыққанда ептеп күлісіп те алдық. Артынан ілесе шыққан Атабай мұғалімге молда ашуын білдірді:
 
– Əпəндім, «оқыта білген молда ақысыз да оқыта біледі» дедің бе ақырында! Жұтқыншағы жоқ, нан да жемейді деп қосуың ғана қалды ғой!..
Мұғалімнің күлкісі ғана естілді. Не деп жауап қайырып бара жатқанын ести алмай қалдық. Бірақ, дəл осы түйеше адымдап жүретін мол денелі, қызыл сары атандай Атабай болмаса, биыл да оқи алмайтындығымды түсіндім.
Расында да, осы ұстаз, өз жолында жүк қалдырмайтын нар- дай, молданың үлкен көмекейіне көлденең тұрып алған бөренедей көрінді  бізге.  Тері  шалбары  мен  көнекөз  қазақи  күпісінің  қыс бойы  бір  де  ауыстырылмауынан  тұрмыста  қаншалық  тапшы адам екендігі күнде мəлім бола тұра, ақша керек ететінін бір де көрсетпейді. Басқан жерлерінен құйын ойнатып, боран соқтыратын көп «дөрт аяқтың» арасында бір рет ашуланғанын да көрмеппін. Солай бола тұра сөзді  тыңдатады ол. «Күн күркіреп», «найзағай жарқырап» тұрғанда да тəубесін ұмыта беретін тынышсыз «пен- делер» Атабай мұғалім сабақ өткенде тып-тыныш отыратын бол- ды. Сыйлау ғана емес, оны біз анамыздай аяймыз. «Жақсылықты білетін естияр оқушылар қасында отырған «есуасты» қабағымен иə, шынтағымен шектей салады». Сөзі де, жазуы да тайға таңба басқандай ап-анық, аз сөйлесе де нақ сөйлейтін осы алғашқы ұстаз зерегірек оқушыларға ғана емес, кейінірек бар оқушыға осындай аяулы болып кетті. Өзінің əрқандай оқушысына тең қарайтындығы əрқайсымызға терең əсер қалдырыпты.
Бойларына тоғытпайтын сұлу мұртты мұғалімдер, сол қыс аяқтай бере «диуана мектебіне» келгіштеп, біздің сабағымызды, өлеңімізді тыңдап кетіп жүрді де, «қораш» мұғалімімізді ортаға ала бастады. Артынан байқасақ, «негізгі мектепте» оқушылар айтатын əн-өлең жоқ екен. «Диуаналардан» соны үйреніп қайтуға келіп жүріпті. Қыстай үйренген төрт-бес өлеңіміздің əнін бізге айтқызып үйреніп, өлең сөзін мұғалімімізге жазды- рып əкетті. Бəрі де Атабай мұғалімнің өзі шығарған өлеңдері екен.
Бір күні сұлу мұрттылардың үшеуі бір-ақ келді. Біреуі бізге сабақ өтіп, екеуі мұғаліміміздің екі жағына отырды. Үшеуі үш қарындаш ұстап күбірлесті де, үнсіз тұнжырап ұзақ отырысты. Екі жақтағы екеуі бір жазып, бір өшіріп, бастарын сипалай берді де, Атабай мұғалімнің астаудай басы бұрқырап кетті. Біз мүшкіл халге душар болғандықтарын білдік. Екі рет демалысқа шығып қайтып кіргенімізде бізге үнсіз отырып сабақ пысықтауды тапсырды да,
 
төртеу болып күбірлесіп, жазғандарын талқыға салды. Бұл күні
«дөрт аяқты» босырақ айтып, «найзағай» түсіре алмаған молдамыз да келіп, арттарынан қыдиып тұр еді.
– По!.. Бəрің өлең жазып, Абай болыпсыңдар ғой, – деп жымия тігілді.
– Жаңа үкімет Абай болмасымызға қоятын емес, молдеке! – деді Бірке атты кексе мұғалім, – он екінші апрель мерекесіне оқушылар тым болмаса бір күн кешке айтуға жететін əн керек екен. Мына сары атамның өркешіне келіп жабысып отырмыз, мақтау-алқау сөзіңіз болса мынаған біраз қосыңызшы, жеткізе алмай отырмыз!
– Жаратушы тəңірге де бір ауыз мақтау өлең шығара алмай жүргенде менен не шықсын! – деп сықылықтай күлді молда, –
«қиссасілəмбия» мен «Бəдуамды» айт десең мен дайынмын!..
– Шыңдубан жанабына оныңызды қимайсыз ғой бірақ, – бір күлісіп алды да, өлеңдеріне қайта үңілісті олар.
– Сенің мынауың ауызға толымды сияқты, осыны басынан алайықшы! – деп Атабай мұғалім үлкенірек қағазға қайта реттеп, оқи көшірді:

«Данышпан көсем Шыңдубан, Бостандық күнін туғызған...»

Молда бұған да бір сықылдап алды:
– Бəсе, сары атаныңыздың аузы толарлық қаңбақ табылмай ашығып отыр екен ғой!
– Молдаеке, балалардың сабағына қараңызшы! Біз тойып алып бір-ақ тұрамыз енді.
«Толымды мақтау», «толымсыз мақтау», «сиымды», «сиым- сыз» десіп отырып, жазғандарының бəрін сыйғызған мұғалімдер, бір шумақтың үстінде ғана қағытпа пікірлер жүргізді.

«Жүз отыз қазақ баласын, Оятып сезім-санасын, Мектеп беріп оқытқан, Керім Шиянжаң жасасын!»

– Мектепті бар ұлтқа Шыңдубан ашқызып отыр ғой, қазіргі қарайған, бар табысыңызды Дөрбілжіннің Керім Шияжаңына (əкім) ғана жазсақ, бұрмалағандық болып шықпасын?!
– Дубан жанабы мына жесір қатынды қайдан біледі! – деп мол-
 
да төтелей соғып жіберді, осы Шиянжаң болмаса мешіттің анау үйі де, жесірлердің мына үйі де бізге биыл жоқ еді.
– Иə, ұлы данышпанның ұлы қамқорлығын бастан-ақ айтып келеміз ғой, мына кісінің еңбегі де қалмасын!
– Үлкен мектеп салғызып бергенде үлкен адамға арнап жазар- мыз, қазірше осылай тұрсын! Біреу көлденеңдеп мектебің қайсы десе, ұлы көсемге ұят болып қалар!
– Үй, осы мектеп жөнін айтып «жасасын» десек, мына кісі де ұялып жүрмесін, осы шумақ қалса қайтеді?!
– Жоқ, қалдырмайық! – деп күлімсіреді Атабай мұғалім, – ұялатын жəйт екенін білетін, қолынан келетін адамның ұялғаны пайдалы, қосалық! Бұл өзі біздің жай-күйімізді аян ететін шумақ. Балалардың несі кетеді, айта бермей ме! – бұған бəрі күлді де, келісе қалды.
Шың Сысай өкіметі құрылған он екінші апрель мерекесін біз сол жылы осы өлеңмен құттықтап шықтық.
Алдымен «негізгі мектеп» оқушыларына қосылуға барып едік. Олар мерекеге біркелкі жаңа көк киім киіп дайындалыпты, бізбен бірге тізілуге намыстанып, «бөлек жүрсін!» деген күңкіл шығарды да, шулай жөнелді:
– Мұғалім Əбзи, аналардың киімі бір түрлі екен, бөлек жүрсін!
– Халпе əбзи, аяқтарын да бірдей алып жүре алмайды!
– Біздің тəртібімізді бұзады, молда Əбзи!
– Халпе əбзи, айырым мектеп қой, айырым жүрсін өздері!
– Қараңызшы, диуана сияқты, осылармен қайтып бірге жүре аламыз!
– «Диуана мектебі бізден аулақ жүрсін» Кет, пəлекет!.. Шайқы–
бұрқы!..
Олардың мұғалімдері де күлісті бұл сөзге. Бəрі Атабай мұғалімді  əжуалап  тұрғандай  көрінді.  Мерекеге  дайындала- мыз  деп  ата-ананың  мазасын  алмауды  айтқан  сол  кісі  бола- тын: «жаңадан жаздық киім ала алатындарың мерекеге қарсы көк пұлдан алғызып киіңдер! Жаңадан ала алмайтындарың бұрынғы киімдеріңді жуғызып, жаматып кисеңдер де болар!» деп еді бізге. Мырза сабақтастарымыздың айбарына шыдамай біз де соған қарастық. Мұғаліміміз «еш оқасы жоқ» дегендей күлімсіреп қана, Исабек дейтін кəртең мұғалімге қарады. Мек- теп бастығы сол кісі екен.
– Оқушыларымыздың халі осы!.. Жə, сіз не айтасыз? «Диуани мектебі» деген атпен «айырым», «аулақ» жүрейік пе?!.. Олай бол-
 
са, қақпадағы мектеп туының біреуін бізге бере тұрсаңыз болғаны, біздің жігіттер де туысқансырай қоймас!
Исабек оқушыларының алдына келіп, ызбарлай қарап шықты.
– Сендерге айтарым мектеп деп кім ұқтырды?.. «Диуана мектебі»  дегенің  қайсысың? Бұлар  сендердің  сабақтастарың!  – деп ақырып жіберді Исабек, оқушылары жым-жырт бола қалды,
– намыстанғандарың былай шық! – оқушыларынан ешкім шықпай қойған соң бізге қарады, – сендердің киімдерің ұқсамайды, мыналарға жалғасып, артына тізіліңдер! Егер енді бөлектейтіні болса, маған дереу мəлімдеңдер! Направ-во! Шагом... марш! – деп команда берді онан соң.
Ілушіндегі айбарлы Тіндайдың командасынан мына кісінің командасы жұмсақ та, ұғынықты естілді маған. Сонысы болмаса, сəулетті «армияның» артындағы шаңдай болып, көңілсіз ілестік. Лек-лек болып ағылған оқушы мен халық «Шəуешек көшесінің» басындағы «ұйғыр мектебінің» үлкен көшесіне қараған дарбазасы алдына келіп, сап-сабымен тұр екен. Қып-қызыл болып жасанған мереке сахнасы, керме тулар, «алты ұлы саясаты» бейнелейтін алты бұрышты жұлдыз сызылған қызыл тулар бүкіл көшеге қызыл дүние орнатып, қызыл нұр шашып тұрғандай көрінді. «Диуана мектебінің» оқушыларынан басқа адам біткен мəз-майрам. Ыңғай жақсы киінген жұрттың ішінде біз ғана диуана сияқты бұрынғыдан да жүдеп тұрдық, жамаулы қоңыр көйлек пен шоқпыт қара сымы- ма қараудан өзім ұялып, сахна жақтан көз алмай қойдым. Сонда да əлгі бір өлеңімізді əндетіп тұрдық. Əр ұлттық мектептер өз тілінде өлең айтып, ұрандатып-ұралатып кетті де, біздің өлеңіміз өзімізден басқаға естілмей қалды.
«Шиңжияң сөйлейді» деген сөз естілісімен сахнадан дөңгелек қара сақалды, жеңіл қара шұға пəлте-шляпалы, имек қара таяқ ұстаған келбетті бір ұйғыр көрінді.
Шатырлаған қол шапалаққа ол да қол шапалақпен жауап қайырып тұр.
– Дөрбілжінге жергілікті ұлттардан тұңғыш шиянжаң болған осы кісі шығар?! – деп күбірледі Атабай мұғалім.
– Бұл кісі Совет Одағынан – Өзбектен келіпті, – деп оған қасындағы Бірке мұғалім жауап қайырды, Жиңшурын өкметіне қарсы төңкеріс кезінде Қожанияз қажыға ақылшы болып қосылған екен.
Керім шиянжаңды бірінші рет көріп, көз алмай қарадым. Ол көпшілікті аралай қарап, бір қолын кеудесіне қойды.
 
– Салам, халайық! Апрель байрамы мунасуаты білəн хəммаңызларны тəбірклəймəн!
Халықтың шатырлаған қол шапалағына қосыла көтерілген ұран ұзаққа созылып, дүркіреп кетті. Шиянжаң бір қолын көтеріп, үнсіз тұрып қалды да, жұрт алғысы саябырлаған соң сөзін жалғастыра жөнелді, ұзақ сөйледі.
Батыс түстік жақ алдымыздағы сахнаға қарап тұрған біздің бетімізді жарқыраған ыстық күн шыжғырып тұр. Желсіз тымырсық тұншықтырып бара жатыр. Сондықтан оқушылар күбірлесіп Шиянжаң сөзінен ұққандары бойынша «алты ұлы саясатты» бір- бірден құрап санай берді. «Жаһангерлікке қарсы тұру», «Совет Одағымен дос болу», «ұлттар теңдігін орнату», «парақорлықты жоғалту», «тыныштықты қорғау», «Шиянжаңды жаңаландыру» деп рет тəртібімен санап шықты бір ұзын бойлы оқушы.
–  Өте  данышпандық,  əділ  саясат,  ə!  –  деді  біреуі.  Мұның
«данышпандық» пен «əділдік» жағын түсінгенімен, «саясат» дегеннің не екенін де, бұлардың қайдан келгенін де түсінбейтін көпшілік жүрегін əйтеуір Шың Сысайға төсеп, қаужаңдаса түсті. Қаужаңдасақ та қаңсып, тіліміз аузымызға сыймай кеуіп бара жа- тыр едік.
– Қабыкен! – деді бір жас əйелдің дауысы, жеңіл киініп бетін қара салыммен перделеп алған Дəмеш екен, «шөлдедің бе?» деп бір бөтелке сүт ұстата салды да, жан қалтасынан үш-төрт жұмыртқа алып берді.
– Шөлдегем жоқ, тəте, қайтып кет! – деп сыбырладым мен.
Ол дереу бұрылып, оқушылардың арасынан шыға бергенде, алдынан сұр киімді бір сақшы тоса қалды. Не деп тосқаны да, Дəмештің не деп жауап қайырғаны да маған   естілмеді. Сақшы
«жүр» дегендей ишарамен оны ертіп əкете берді. Жүрегім арпа- лысып тыпырши қарадым артыма. Көп халықтың далдасынан көз жазып қалып, жүгіріп шетке шықтым. Төменгі жақтағы көшеде көлденең тартылған керме тудың астынан өтіп барады екен, Дəмештің артынан екі сақшы ілесіпті. Соңдарынан маңғазсып дөңгелек шляпалы біреу кетіп барады. Ол Дəмешті кейінгі сатып алып əйелденген «Жаңгүдей» болса керек. Тұтқын тоты торға мықтап түсіпті!.. Қалтырап кеттім. Жан-жағыма алақтай қарасам жақын таныстардан ешкім көрінбеп еді, көбі Дəмештің соңынан кетіп  барады  екен.  Менің  шешем  де,  Дəмештің  өз  шешесі  де, Бəкен де, Биғаділ де, тіпті Биғайша да бар, көшенің екінші жақ шетімен тұтас жүріп барады. Бөрі көрген ешкідей елеңдеп, топ-
 
тасып алыпты. Көзімнен жас шығып кетіпті. Жаңа ғана пысынап, ыстықтап, еріп тұрған денем енді тоңып бара жатқандай, тамызда аяз қақағандай бола қалды.
– «Ұлы көсеміміз Шыңдубан жасасын!» – деген ұран көтерілді. Шақыру бойынша мен барып өз орныма тұрдым. Қып-қызыл тулар желбіреп, жалаулар бұлғаңдап, көшеде жүріс салтанаты бастал- ды. Ұрандар жер көкті жаңғыртып тұрды. Менің жүрегім əлем- тапырық, қызыл туларға қалтырай ілесіп, өлеңге де, ұранға да үнімді қалтырай қостым. Қолымдағы қызыл қағаз жалауым тіпті қалтырады.
«Тергеушім», Шынжаңда көтерілген алғашқы қызыл туға енді ілескен менің көңіл-күйім осылай болған. Тау сарымсағы: «тоғыз қабат торқаға оранған мен мына халге түскенде, жауқазын байқұс не күйде екен» депті. Сірне талшықты сарымсақ осы жанашырлықпен тітірегенде, ет бауырыммен мен қалай қалтырамаспын. Сақшы мен сатып алған қожаның алдында қашқын Дəмеш қандай күйге түсті екен?! «Қашқын күң» деп енді оны қалай тұншықтырар екен!.. Мəңгілік түрмеде сөнеді-ау сол нұр, мəңгіге солады-ау сол гүл!.. Сары ала, қара ала таудың астында үш ағаш бидайға сатылып, күңге айналған қайран Дəмеш енді жақсы саясат жаңғырыққанда жауланып, қызыл ту астында қылқынады-ау». Менің қылмысты диуана жүрегім осылай ойлаған да, осылай кемірілген. Жүректі қылмыс кеміреді, қылмыс мүжиді. Қылмысың болмаса бірыңғай киінген  «əдемі сабақтастарым» «кет бəлекет, шайқы-бұрқы» деп қуалар ма еді. Өмірдің көркін, көңілдің сұрқын кетіретін – қылмыс қана.

ІІІ

Көше жүрісі тарқасымен сақшы мекемесіне қарай жүгірдім. Туыстас – тұқымдастардың көбі-ақ сол мекеменің айбынды қақпасы алдына жиналыпты. Екі босағада сақшы қақшиып алып- ты. Дəмештің шешесінен басқа ешкімді кіргізбепті, қуалап қақпа маңына жолатпай тұр. Шляпалы «жаңгүдей» Дəмешті де, шешесін де қаматып кеткен көрінеді. Күн батқанша олар шықпады.
Біздің туыстардан сол кезде Дөрбілжінге атағы жайылған Құрышбек, Нұрасыл дейтін екі жігіт бар еді. Ерліктерімен ешкімге есесін жібере қоймайтын, өжеттіктерімен, шешендіктерімен олар
«қос  бөрі»  аталыпты.  Жұбын  жазбай  қосарлана  жүретіндіктен
«қос»  болып  аталған  екеуі  екі  кəсіптің  адамы.  Құрышбек  –
 
құрылысшы, тамшы, Нұрасыл – ұсақ-түйек бұйым саудагері екен. Дөрбілжінге келіп қоныстанғалы екеуіне екі түрлі абырой бітіпті. Құрышбек үлкен байлардың ғана сауда дүкендерін, үкіметтің ғана қамба – түрмелерін жаратын «Жұрт сүйген ұры» болыпты да, Нұрасыл саудагер, ара түскіш адвокат болыпты. Сөйтіп бірі аудан ұрыларына «Құрекең» аталыпты да, бірі саудегерлерге «Нұрекең» аталыпты. Мен сақшы мекемесінің алдына келсем, сол екі дос екі түрлі пікір көтеріп отыр екен. Сақшыға екеуі де сыр мінез таныс болғандықтан қалпақтарын көздеріне баса киісіп алып, көшенің қақпаға қарсы шетінде, көпшілік арасында отыр.
– Іргесінен суырып əкетпесе, бұлар есігінен адам шығарушы ма еді, – дейді Құрекең, – қарындасты өзім-ақ шығарып апара- мын, Жəке, – сіздің үйден сақшыға ешкім көрінбесін, қайтып кетіңіздер!
– Дəмешті іргеден шығарып əкетсең, шешесі түрмеде шірімей ме? – дейді Нұрасыл, – тіпті осы келген жанашыр-жақындарының бəрін бірақ қамаудан ерінбейді бұлар! Одан да Керім Шиянжаңға бəріміз қол қойып арыз кіргізелік! Осы үкімет уақытында үш ағаш бидайға сатылған жетімді жаңа үкімет құтқарар, ауыздары жақсы ғой!
Нұрасылдың бұл пікірін үлкендер қолдады да арыз жазуға кірісті. Қамалған Қанипа мен Дəмешке «Қорықпай мықты тұрсын» деп шай кіргізушілерден сəлем айтып қайтысты. Бір шетте жалғыз жылап отырған Бəкенді Биғаділ екеуміз үйге ертіп қайттық.
Құрышбек пен Нұрасыл арызды ұйғыр тілінде жаздырып, Дəмештің жанашыр жақындарынан басқа өз сыбайластарынан да, абырой аты бар дегендерінен жүз шақты адамның қолын қойғызып Шиянжаңға кіргізген екен.
– Мəселе жетім қыздың еріксіз матылып барғандығы ғана болса, шығартып берейін, – депті Шиянжаң, –  əйелдер еркіндігі қорғалады, бірақ, бұл əйелде басқа бір үлкен күнə бар деп естідім: ерінің бар ақшасы  мен бар алтынын алып кетіпті.
– Шиянжаң тақсыр, Жаңгүдейдің ол айтқаны – жала, – депті Нұрасыл, – бұл баланың оған əйел болып келгелі сандықтың кілті тұрмақ, есікке салынатын құлыптың кілтін де ұстап көрмегені анық. Сұмдықпен байыған саудагер екі жыл бойына айырым үйде қамалып жатқан тұтқын əйелге қазынасының кілтін ұстатып қоя ма! Екеуін де өз алдыңызға шақыртып, беттестіріп көріңізші!
– Көрейін, – депті Шиянжаң жылы жүзбен күлімсіреп, – біз де оған əлі толық сеніп кеткеніміз жоқ, тексереміз!
 
Екі-үш   күн   өткен   соң   істің   ұлғая   түскені   байқалды.
«Жаңгүдейлердің» де топталып Шиянжаң жамбылға кіргіштеп жүргенін байқаған қазақ саудагерлері Құрышбек пен Нұрасылға дем беріп топтала түсіпті. Ұйғырдың бай саудагерлерінен де бірнешеуін ертіп, Шиянжаңның алдына топ-топ болып кіріп жүріпті.
«Жаңгүдейлер» жағы «Дəмеш бұлап кетті» деп тізген алтын ақшаны молайтып жіберіпті.
«Əйел шығамын десе өз еркі, бірақ, ол алып кеткен алтын мен ақшамызды қайтарып беріп шықсын! «Əйел еркіндігі» деп бұлап кетуге жол берсек, саясатты дұрыс атқарғандық бола ма?» деп саясатшы «жаңгүдейлер» зіл тастапты Шиянжаңға. Дəмешті құтқаруды жақтаушылар да кем түспепті.
– Олардың жаласынан қорқып, жетім қызды күңдікке тағы бай- лап бере алмаймыз, алты саясатта адам ұрлап, малша матап, құлдана берсін деген статья жоқ шығар! Қарыс жердегі шешесін көрсетпей, екі жыл қамаған жауыз, оған алтын қазынасын көрсетіп пе!
– Жиңшурын уақытында күңдікке байланған қызды алтынның құлыбын былай қойып, тіпті өз басының құлыбын аша алмай зарлап, түрмеде жатқан жетім қызды енді жаламен зарлауына мұсылман баласы шыдай алмайды! – десіп шығыпты.
Шиянжаң қалыс, білікті деген адамдардан тексеру алқасын құрыпты да, қала Ханзуларының бір шаңиясы мен қала қазағының Күнтуған атты шаңиясын бастық етіп сайлапты. Бұл алқа алтын мен ақшаның ұрланған-ұрланбағынан анықтап, тексеру материялы мен өз шешімдерін Шиянжаңға жеткізбек екен.
Бір күні түстен кейін Қанипа шеше мен Дəмештің «ақырғы тергеуі» болып жатқанын естіп, мектептен қайтысымен Шиянжаң жамбылының алдына бардым. Жамбыл алды адамға толып кетіпті. Көбі қызынып даурығысып тұр. Дəмеш пен шешесін сақшы түрмеден əкеліп ішке кіргізіпті де, «адвокат, шешендеріміздің» ешқайсысын жолатпапты. Жамбыл қақпасының алдына көп сақшы қойылыпты, адамның көбейгендігінен қауіптенсе керек, биік дуал үстіндегі қарауыл орындарының бəрі сұп-сұр əскер.
– «Жаңгүдейлер» келсе, мына қабаған иттер үндемей кіргізе береді. Жесір қатын, жетім балаға ес болуға біздің де бір адамды неге кіргізбейді. «Ұлттар теңдігі дейтін» қайда?! – деп саңқылдады бір жігіт.
– Жалақорлардың бəрі жетім қызды бүйіше торлай түссін дейді ғой! Құрышбек  бір  топ  адаммен  жекерек  барып  сөйлесіп  отыр
 
екен, мен солар жаққа бардым. Құрекең «құлып сиқыры» болып аты шыққан Қасен дейтін ұры досына бірдеме айтып отыр екен. Мен арт жақтарына барып тұрғанда көсе қара Қасен күле жауап қайырды:
– Құреке, ол бəрімізге ортақ қарындас қой. Екеуміз тірі тұрсақ оны қайдан болсақ та құтқара аламыз. Бірақ мына үкімет қалай бітірер екен, артынан бағалайық!
– Ұйғыр саудагерлерінің үш-төрті бұларға жақынырақ жерде сөйлесіп тұр еді. Олардың бір сөздері менің құлағымды жұлып əкеткендей болды:
– Қанша пұл болса да мен төлер едім! – деді қырма сақалдың бірі.
– Бек пəкіз бала екен, бұл үшін кеткен пұл халал!
Бұлардың сөзі қалжыңға ауып күлісіп алды да, күбірге көшті. Бір қақпаның дəл алдында тұрған Нұрасылды шақырды. Қаңсарлы келте танауын көтере Нұрасыл саудегерлерге күн сала қарады да қолын сілтей, ірі басып бері аяңдады.
Нұрасыл мұрнын қулана тыжырды да, көзін бір қысып қалып, байлардың қасына барды. Олар Нұрасылды ортаға алып, ауашаға əкетті.
Біздің елдестерден бес-алты шешен шал көшенің қарсы жағындағы балапан теректердің саясында отыр еді, Нұрасылды ортаға алған жаққа олар да қарады. Шалдардың қасында ауқатты қазақ саудагерлердің бірнешеуі отырғанын көріп, олардың сырт жағынан барып тұрдым. Шалдар құдалық сөйлескен жандарша астарлап, мақалдасып, желпініп отыр екен. Олар былай сөйлескенде мен түсіне алмай қалатынмын. Көзімнің астымен əрқайсысына бағдарлай қарап тұра бердім. Алдыңғы жылы Шəуешек тасжолында тұз ұрлаған Жолды- бай би барынша көсіле сөйлеп отыр. Ол Дəмештен дəмелі болған бір қырқылжың саудагерге дəн риза сияқты. «Бірақ, мына тергеудің арты не болар екен, баламызға қандай кесім шығар екен, соны білейік» деді де маған жалт қарады.
– Е, сен екенсің ғой, əкең қайда, балам?
– Білмеймін,–  дей салдым.
– Мұндай жерге Жəкең келсін бе, – деп кекей күлімсіреді біреуі,
– ауру кемпірлердің қасында отырған шығар.
– Жəкеңнің мұнда келмегені де жақсы! – дей салды Қанас дейтін шоқша сары сақалды кісіміз, бұл былтыр бір қыс бірге отырған Жанастың ағасы еді. Əкемнің бұл жаққа келгелі, тұйықталып, момын болып кетуін ел адамдарынан осы кісі ғана құптайтынын
 
білетінмін. «Бұл жерге келмеуі Дəмешті сыртынан сатпауы үшін де жақсы бопты!» деп ойлай жөнелдім.
Бəйкен жамбылдың қабырғасына сүйеніп, тағы да жалғыз мөлейіп отыр екен. Шақырайған ыстық күнге қарсы отырып қалғанын өзі сезбеген сияқты. Жалаңбас жақында ғана қырылған тақыр басы қып-қызыл болып күйіп кетсе де мизер емес.
– Апаң мен тəтеңді көрдің бе? – дедім қасына отыра беріп.
– Көрдім, – деп тұқыра түсті. Үнінен өксік білдірмейін деген- дей, ақырын айтты.
– Жүдеп пе?
– Апам арықтап қалыпты.
– Тəтемнің беті ашық па екен?
– Ашық. Ол еш нəрсе болмаған секілді.
– Еш нəрсе болмайды, тез шығады! – дедім мен, өзім де анық сенгендей.
Бірақ басқа бір қаупімді айтқым келмеді: «Жаңгүдей» сауда- герлерден құтылса да, Жолдыбай саудагерлердің тағы біреуі сатып əкетеді-ау» деген күдік, сырттан саудаласып жатқандарды көрген соң мені мықтап шармап еді.
Қалың адам жапырласып, қақпаға қарай ұмтыла түсті бір кез- де. Бірнеше сақшы қылыштарын жалаңаштап шақ-шұқ ете түсті. Көпшілігі олардың сермеген жағынан жолды əрең ашты. Дəмешті қайта айдап шыққан екен. Алды-артындағы сақшының зекіруіне қарамай, əпкеміз көпшілікке жағалата қарап шықты. Бұрынғыдан да нұрланып кеткендей көрінді маған. Бүркенуді, бұғынуды мүлде тастапты. Жеңіл жаулығы иығында, жалаңбастанып, қатты ширап алыпты. Көзі шоқтай жайнап, Бəйкен екеумізге де қарап алды. Бір сақшы «тез жүр» дегендей ақырып еді, қайырыла қарап, ханзуша сөйлеп тастады.
– Ағалар, мен ұры да, кəззап та емеспін! – деп жүрісін баяулата, қазақша сөйлеп кетті ол, – мені ұры деп жала жабушының өзі ұры, өзі кəззап!.. «Адам ұрлап жейтін бұлаңшы», сондықтан өзі беттесе алмай, қағаздарымен қаматып отыр!
– Бұл жөнінен қамсыз бол, қарындас! – деп қалды
Құрышбектердің  арт  жағынан  қажырлы  бір  үн.  Сақшылар сол жаққа қарап тіміскілей қалғанда, шығыс жақ бүйірден бір үн шықты:
– Ағаларыңның біреуі тірі қалса, сені құтқарады!..
Көпшілік арасынан өтіп кеткен Дəмеш естігенін білдіргендей, артына бір қайырылып қарай кетті.
 
Қанипа шеше айырым айдалып шықты. Оны қызымен сөйлестірмеу үшін бөлек ұстап тұрған сияқты. Ол тұсынан өте бергенде Нұрасыл сөйлеп қалды:
– Əпке, аман құтыласыздар, қайғы ойламаңыз, ел-жұртыңыз бар!
Қанипа жыламсырап тұрған Бəйкенге қарап өтті. Бəйкеннің қолтығынан ұстадым мен, «біз қасындамыз, алаң болма!» деген ойымды солай білдірдім.
Сақшының бір сібе «дүңшесі» Нұрасылға дүрсе қоя берді:
– Ей, сен не дедің ана кемпірге?! – Нұрасыл оны қомсынғандай танауын көтере күлімсіреді:
– Мен аман құтыласың дедім, қате ме, тақсыр?! Ұлы алты саясаттың, көсеміміз Шыңдубанның заманында адамға жала жақпайтынына сенетіндігімді білдірдім, маған шікірейе көрмеңіз!
Қазақша тілді жетік білетін дүңше Нұрасылға қарай шікірейе алмай, күлімсіреген болып кете барды, тексеру алқасының бір бастығы болған Кунтуған шаңия шыққанда көпшілік ұмтыла берді. Тергеудің қандай болғанын, саулыққа жармасқан көп қозыдай-ақ, жамыраса-маңыраса сұрап қалып жатыр. Шаңия мүйізін тосқандай, тұқара бұлтарып, біріне тоқтамай өтті, ешкімді жанастырғысы келмейтін сияқты. Жалпақ тақыр басын бір шайқағаннан басқа, ау- зын жапқан қалың қара мұртын да бір қыбырлатпай, ешқайсысын бойына  тоғытпағандай  ірілене  өтті.  Көзі  қып-қызыл,  дүниенің бар ауырлығын өзі ғана көтергендей, ырсылдай, мамырлай баса- ды. Ағытып тастаған бешпетінің екі шалғайы екі жақта, тойған құмайдай томпиған «бөтегесі» ғана көрінді көзіме.
Қанас би оған өзінің сарғыш қасты биік қабағын түйе қарап қалды. Айтып салғыш тура мінезді кісі еді, шоқша сары сақалы дір ете түсті.
– Көмейі толмаған жерге көзі қиыс еді, япырмай, мына таздың көзі қисайып кетіпті-ау! – деді ол маңайына жағалата қарап, –
«жаңгүдейлерден» тойып алған ба, қалай?!
Нұрасыл жүре сөйлеп, шаңияның артынан кетті:
– Бұл кісі «қымызханада» ғана сөйлейтін, арақ ішемісің ей, Құреке, жүр! – деп Құрышбекті ерте жөнелді.
Бəйкен екеуміз арттарынан баспалай еріп отырдық, күн еңкейе салқын түсе бастап еді, бір шағын асхананың алдына таман барғанда Нұрасыл дауыстап шақырды, шаңия артына жалт қарап тұра қалды.
 
– Шаңия жарықтық, бір жақсы жерде ұстаттыңыз-ау, киелі ме- кен ғой, кіре кетелікші!
– Үй, сен… Қызыл табан, қандықол жауапкеріміздің өзі емеспісің, талапкерлердің біреуі көріп, дау шығарып жүрмесін, басқа бір күні кірсек қайтеді?!
– Жарықтық-ай, шөлдеп тұрсаңыз да қыздай қылымситыныңыз бар-ау, дауымыз шияңжыңпуда қалмады ма, демалатын жерде оның несі бар! Қане, тура төрге тартыңыз, сізге босамайтын төрі көр болсын!
Олар асханаға кірісімен біз есіктің сыртқы босағасына тұра қалдық. Нұрасыл аспазға заказын қысқа айтты да, шыңиянның қарсысындағы орындыққа барып отырды.
– Ұстам, бізге шөп қоспай, ыңғай майлы еттен қуырып жіберіңіз! Алдымен екі бөтелке мен үш стакан!.. Шаңия тақсыр, не бұйырсаңыз да жауапкеріңіз алдыңызда ғой, маған бүгін қандай кесім шығардыңыз, соны айтыңызшы!
– Өз кесімімізді Шиянжаңға ертең жазбақпын!
– Сөйтсе де, іс арты қалай болатын сияқты?! – деп Құрышбек араласты сөзге, – біздің қарындасқа бостандық тиетіндей ме?
– Мəселе ауыр, алтын мен ақшасын қарындастарыңның алып кеткені рас көрінеді. Алқадағы «жаңгүдейлер» күмəнданбай-ақ кесіп айтты, тым мықты тұр.
Үндеспей қалып, тамақтарын қырынғандарынан бір рет көтерісіп алғандықтары байқалды.
– Сіз өзіңіз сендіңіз бе соған?
– Алтыны мен ақшасының қарындастың қашқан күні жоғалғаны рас.
– Беттестірдіңіздер ме? – деп Нұрасыл еңкейе сұрады.
– Ей, Нұрасыл, бұл сөзді доғаршы! – деп шаңия сөзден тайқай қалды, – онан да арағыңды құй!
– Тақсыр-ай, кенезеңіз кеуіп-ақ қалған екен, – деп Нұрасыл күлді, – құяйын-құяйын, бүгін нəр тартпағансыз-ау тегі!
Тағы бір рет молынан қағысып алғандай болды. Тамағын бір кенеп алып, Құрышбек жалғады сөзін.
–   Бұл   кісінің   нəр   тартпағаны   сол,   түс   уақытында   Лию
«жаңгүдейдің»  арақ  бөшкесіне  түсіп  шыққан.  Беттестірмей-ақ
«шындыққа» көз жеткізген соның күші ғой?!
– Кім барыпты оның үйіне, Құрышбек, мына жаланы қайдан тауып отырсың?
– Шаңия, жасырынбақ ойнауға қаншалық шебер болғаныңызбен,
 
менен жасырар еш жеріңіз қалған жоқ, – деп шаңияның арқасынан қағып–қағып қалды, – беттестірген-беттестірмегеніңізді де, қалай кесетініңізді де енді сұрамай-ақ қоялық! Ұстам, əкел қуырдақты, шаңиямыз мас болып қалмасын, халық үшін күресіп, шаршап шыққан адам ғой!
– Жөн білетін-ақ жігітсің, Құрышбек, дұрыс сөз осы! – деп күлді шаңия, тағы бірді қағысып жіберді, – қаншалық қиын бол- са да халқым үшін істемейін деп жүргенім жоқ-ау, бірақ, құрығыр істеткізбей жүр ғой!
– Жарықтығым-ау, соныңды айтшы онан да! – деп Нұрасыл қудалай қалды, – сізді буып жүрген не қырсық еді?
Шаңия бірдеме деп сыбырлап қалды, «ақша» деген екенін кейінгі сөзінен аңғардым.
– Мен қазірге дейін сол алқаны түгелімен аузыма қаратып бо- лар едім, əттеген ə, жан қалтам бос тұр!
– Қарға болсақ та халықпыз ғой, шаңия, – деп күрсінді Нұрасыл,
– бəріне болмаса да, өзіңіз қанағаттанарлық бірдеме табылар, бірақ, онымыз біздің қара ісімізді ақтап бергендік емес, талапкерді жауапкерге беттестіріп, айтысқан дəлелдерін Шиянжаңға дұрыс жазып жеткізсеңдер, жығылсақ та дауымыз азырақ болар еді.
– Қарындастарың өте дəуперім екен, бетпе-бет сөйлестірсек, күйеудің бетін шиедей қанға бояп шығаратын түрі бар, сондықтан, шатақ шыға ма деп екі жақтың да дəлел-пəтуасын айырым- айырым сөйлетіп шығардық. Оның алдында ақша жоғалған үй мен қарындастың тұратын үйін көргенбіз!
– Кектінің көзі өткір, шыншылдың сөзі өткір, ашулының қолы өткір, – деп шұбырта жөнелді Құрышбек. Тосын бір қуаныш пайда болғандай, тым жайраң үнмен ағытылды. – Майданға түспей жау жеңбес, беттестірмей іс бітер ме! Қарындасымыздың райы солай болғанда, беттеспей қоймайды, беттестірмей біз де бітісе алмай- мыз енді! Шаңия, алқаңыздың абыройын сақтағыңыз келсе, өз еріктеріңізбен беттестіргеніңіз жөн.
–  Беттестіргенде  де,  ол  қанша  шатақ  шығарса  да,  тайын- ша тулап ыңыршақ қирата ма, пəлеге өзі қалады ғой! Мəселе қарындастарыңның мойнына толық түсіп отыр, талапкерлер тап- жылдырар емес, шатақ үстіне шатақ тауып алмасын деп, ақыры мойнына түсетін болған соң беттестірмей-ақ абыройларыңды жыртпай, ақшамен бітірсек деген ойға келдім мен. Қаны бір қарындасым болғандықтан жаным ашыды!
Нұрасыл қарқылдап күлді бұл сөзге.
 
– Жаныңыз қатты ашиды екен, жарықтық, иə төле, иə бар көмейді толтыра пара бер, «жаным ашыды» деуіңіздің өзі сыпыра кедей туысыңыздың терісін сыпырып алып, бас сүйегін тауға қою болмас па?! Қарындасымыздың бір етік, бір пальтодан басқа киім де алып шықпағанына маңайдағы бүкіл ел куə. Тіпті өтіп жатқан ай мен күндер де куə. Отырған күркесі мен жатын орны да куə бола- ды! Соншалық алтын мен ақша бір жерден болмаса да бір жерден жылтырап көрінбей ме. Шаңия, сіз басы бар адамсыз, тым болма- са бірер орам амалыңыз болмаса, шаңия бола алмас едіңіз. Біздің енді басқа талабымыз жоқ, менің мына бір кеңесімді ғана есіңізге сақтаңыз. Алқа «жаңгүдейге» құйрығын қаншалық төсегенмен, беттеспей іс бітпейді. Сіздер беттестірмей кесім еткендеріңізбен, басқа бір орын беттестіреді. «Ақ иіледі, сынбайды», күнде көрісіп тұратын ағамызсыз, беттестірмей жығып беру жағына қосылып, туыстарыңыздың алдында масқара бола көрмеңіз! Айтарым осы ғана. Қанеки, енді күлкімізге көшелік.
Асхана босағасында тұрған Бəйкен екеуміз арақтың мылжың күлкісін күтпей-ақ қайта бердік.
Біз жаздық демалысқа шыққанша бұл іс белгісіз себеппен бітпей қалды. Біздің жақ беттестіру жөнінде мықтап бір арыз кіргізді де, соның жауабын күтті. Тергеу басталғалы екі ай өтсе де, Дəмешті былай қойып, түрмеден Қанипа шеше де босамады. Біздің жақ төрт жүздей адамның қолын қойғызып, қатал арыз дайындады да, ең мықтысынан он адамға ұстатып, Шиянжаңның алдына кіргізді. Оның ішінде дəмелі «күйеулерден» де бар екен.
Арызды көрісімен Шиянжаң орнынан ширай тұрыпты:
– Мен тергеу бөліміне де, алқаға да беттестіруді тапсырғанмын. Беттестіріп көріп, анықтау жұмысын əлі жүргізіп жатқан шығар деп ойлап едім, не қылық бұл?! – деп тергеу бөлімі бастығын өз ал- дына шақыртыпты, – сіздер бүгін қайтып тұрыңыздар, мен ұғысып көрейін, шешіліп қалар!
Шешіледі деген жерге шегедей қадалмаса болмайтынын бірнеше рет көрген Нұрасыл тергеу бөлімінің алдына барып тұрып алған екен. Шиянжаңның дауысы қаталырақ шыққандықтан соның терезесіне таман қайта барып тыңдапты.
Шиянжаң ханзуша тіл білмесе керек, тергеу бөлімі бастығының жауабын аударушы арқылы тыңдап болып, наразылық айтып отыр екен. Сөз бажайына қарағанда негізгі талапкердің өзі «жолаушы- лап кетіпті», істің соны тосып тұрғандығы баяндалыпты.
– Бұл сізше қалай?! Дəл беттесу кезегіне келгенде талапкердің
 
өзі шыдамай қашқандығы емес пе!.. Олай болмаса, барлық со- масын бұлатқан саудагер жалаңаш кедей бұлаңшысын ізі суымай тұрғанда өндіріп алмай кете бермек пе?!
– Анасы опат болып, соны жерлеуге Үрімжіге кетіпті.
– Бұл себеп емес! – депті Шиянжаң, – екі айда жерленіп болмайтын  қандай  кемпір  ол!  Мұның  себеп  бола  алмайтынын заң қызметкерлері, мырза, сіз де білесіз, бұл оның беттесуден безіп,  əйелді  түрмеге  ұзағырақ  қамату  үшін  ғана  тапқан  сыл- тауы!  «Беттестірсе  шатақ  шығар,  жүйкесі  тозған  əйел»  деген анау уақыттағы сөздеріңіз де осындай негізсіз сылтау болатын. Сақшысы бар үкімет бір-біріне қол жұмсамай беттестіре алмай ма?! Мен сол кезде-ақ осы нұсқауды айтқанмын, есіңізде бар ма?! Жесір кемпір, жетім қыз қазірге дейін талапкерін таба алмай, бекерден-бекер түрмеде жатса, кішкене балаларын кім бағып отыр? Тыңдаңыз, заңда беттесуден өзі қашқан талапкердің жауапкерлері қамалып жата беру белгілемесі жоқ. Кепілге беріп, қоя берерсіз! Бүгін орындалады!
Шиянжаң сөзін естіп қалған Нұрасыл шыға жөнеліп, кепілдік етуге шарты толатын ауқаттылардан он шақтысын жамбыл алдына ертіп келіп тосқан екен. Сақшыдан Қанипа шеше ғана босап келіпті, Дəмештің өзі жөнінде сақшы бастығы «Шиянжаңмен сөйлеспек» екен… Қанипа шеше алдымен біздің үйге келіп, Бəйкенді ертіп қайтты да, бірге келген Нұрасыл тынығуға қалды.
– Əй, осы екі басты үкімет болды-ау! – деп күрсінді Нұрасыл!
–  жуйжаң  «жаңгүдей»  не  қырға  салар  екен,  «жаңгүдейлердің»
қарулы тірегі ғой, бұл бір жауыз еді!
Нұрасылдың бұл сөзі дұрысқа шыға бастады: Дəмешті кепілдікке бермей жатқызып қойыпты. Құтқарып алу талабында жүргендер ертеңіне сақшыға барса «ол шықпайды» деп қайтарыпты.
– Екі басты үкімет екені рас болса, құдай біледі, Шиянжаң мен жуйжаң өзара арбасып жатыр, – деп қайтты Нұрасыл! – Енді жоғары жаққа жүгініседі.
Талапкер «жаңгүдей» келмей тағы бір ай өткен соң айыпкер жақтың өзі талапкерге айналды. Заңды талаппен күшейіп зор арыз көтерді. Жуйжаңды Шиянжаң осы кезеңге жеткенде жеңді білем, Дəмеш кепілге босап шықты.
Бірақ, тағы бір дау көтере шықты: делодағы сомаға толар дəулеті жоқ Құрышбек пен Нұрасыл кепілдікке толар ма.
Сақшы «жаңгүдейлері» негізгі кепілі ретінде қырма сақалды ұйғыр саудагерді ұстаған екен. Ол кепіл «түйін шешілгенше біздің
 
үйде тұрады» деп Дəмешті өз үйіне тартыпты, оның «кандидат күйеуі» екенін естіген Дəмеш азар да безер болып, өз шешесінің қасына жөнеліпті. Қылмысы жүзінде тұрған қылмыстыны ша- латын қырсығы аз ба? Шешесі мен үлкен бауыры жалданған қожайынның да қырсық екені белгілі еді. Одан қауіптенген қырма сақалды қырсық, Дəмештің өз үйінде тұруына келіспей, бір күннен соң-ақ өз үйіне əкетті.
Бұл жəйтке Дəмештің жанашырларынан сырт дəмелі қазақтар да дүрлігісіп, байдың қорасына топырласып кепілдікке тізілді: Дəмештің кепілінен сол күні-ақ кепілдікке алып шықты. Бұл бай- дан кепілдікке алып шығушылар да, əрине, сомасы бар сом қазақтар еді. Бірақ, бұлар «Дəмешті берді, құдай берді» деп үйіне жетектеп ала жөнелуден ұялды. «Бақа тілін балық біледі» дегендей, «қарға тамырлы қазақ» жөнімен, біздің туыстарға қайтарып берді. Сөйтіп, Дəмеш қойдан қоңыр мінезді Жаппардың үйіне қайта оралды.
Кепілдің кепілінен кепілге əрең шыққан ақылды Дəмеш көбейген «иесі» мен «қормалдарының» ешқайсысына жылы шы- рай көрсетпей, əкемнің айтқанын орындай берді. Өзі жақтырған бір жаққа ауғаны білінсе, көп кепілдер арасында айқай сүрен, өрт шыққандай еді.
– Басы ашылмаған баланың басын ауыртпаңдар! Қазірше ешқандай жаушы келмесін мұнда! – əке-шешеміздің алыс-жақынға қайтарар  «əликі  сəлемі»  осы  болды.  Талапкерлерінің  дауын күткен айыпкер, сөйтіп, «басы ашылмаған» күйі, енді біздің үйде түрмелене берді. Қашқан талапкер қайтып келе қоймады да, айып- кер жазасын осылай тартып жатты.
«Тергеушім», күштінің құйрығы диірмен тасынша дөңгелеп, ұн тартатынын сіз білсеңіз керек. Бұл жəйтті күшті болуға құмарланған кісі түсінбесе, кім түсінсін, күшті дағуагер бетпе- бет  келуден  қашып  жүріп-ақ  сақшысына  қамата  береді.  Менің сол əпкемді Шың Сысайдың алғашқы, қызыл перделі дəуірінде бір күшті дағуагер осылай көрінбей жүріп-ақ көп қаматқан еді. Мен сол əпкемнің де мұрагері болдым. Даладада тұрып дəлелдеп, қашып жүріп қаматушы да дағуагерім қазір маған да көрінбей əр тұстан, əр қолмен қағаз жаудырып жатыр-ау. Дəмеш ол кезде кеңірек түрмеде жатып еді. Мен қазір темір қапаста жатырмын. Тегі менің дағуагерім оныкінен де күшті болса керек. Көп атау- лы «қылмысты» деген сөздің бір мағынасы – əлсіздік қой. Күштіге қылмыстың дағы жұға ма, əлсіздік шіркін дағуаргер қаншалық күшті болса, соншалық айқындалмай ма. Менің қылмысымның
 
тым  айқын  көрінуі  содан  шығар.  Күштінің  адам  жүрегін  суы- рып жегені көрінбей, əлсіздің өз түкірігін жұтынғаны көрінетіні бұрыннан бар құбылыс.

ІV

Дəмештің бір жұмысымен «Шəуешек көшесінің» басындағы оның үйіне барып, батыс жақ сырт көшемен төтетелеп келе жат- сам, бір үлкен сыры қақпаның маңдайынан қазақ нақышымен өрнектелген жасыл сарлы зор тақта жарқ ете түсті. «Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мəдени ағарту ұйымы» деген ірі қызыл жазу көз сүріндірердей көркем жазылыпты. Бұрын жоқ еді. Қазақша  дəл  мұндай  сұлу  жазуды  бұрын  көрмегендігімнен  бе, əлде өзім бұл жаққа өткеннен бері «қазақ» деген атаудың қорлау ретінде аталғанын көп естігендігімнен бе, бұл жазуды көргенде көзім жайнап кеткендей болды. Көңіл бұлты ашылғанда дүние көріктеніп, нұрлана қалғандай болатыны бар-ау, сөйтсе де, бұл көшенің жағалауындағы теректер жиі де тəртіпті екен. Бүгін ерекше түрленіп, жас бұтақ пен жасыл жапырақ лүпіген самал- мен ойнап, еркелеп тұрған сияқты. Сəскеге көтеріле түскен күн нұры сол көлеңкелі көшедегі сырлы жазуды одан əрі жарқыратып жіберді. Мен недəуір уақыт тұрып қалыппын. Неше рет қайталап оқыдым. «Мəдени ағарту» деген сөзде не керемет барын толық түсіне қоймасам да, басында «қазақ-қырғызын» түсінсем ғой, ең көп көшетін жүреген халық, түйесі болмаса тайыншасымен де көше бермеуші ме еді. «Мына сəулетті жазу қайдан келіп тұр, жəне ыңғай ұйғыр байларының ортасындағы қақпада қорықпай нағып қасқиып тұр?!»
Мен бұл нақышпен жазудың көркемдігіне мақтанышпен құмарта қарадым. Ұйғыр мектебінің төменгі жағынан осындай жа- зулы тақтаның ұйғыршасын алдыңғы күні көріп едім. Мынау онан үлкен де айшықты жазылыпты. “Тегі надан қазақтың көзі алыстан көрсін” дегені шығар!..
Ар жағында кім бар екенін білгім келгендей қақпаны итеріп, басымды  сұға  қарап едім, ауланың  төр  жағынан  ақ сұр  жүзі қатпарлы, күнқақты  көнелеу  шляпалы  қазақ  келе  жатыр  екен, шегіне қалдым. Ол шыға келді де, маған күлімдей қарады. Мен сəлем  бердім.
– Уағалейкумассалам, балам! Кірмекші  ме  едің, кіре ғой!.. Біреуді  іздеп  жүрсің бе? – деп  қақпаны  кеңінен  ашып  тастады.
 
Сəлем алысының ықыластылығы мен салдырлай сөйлеген қоңыр даусының  жылылығы  мына  пейіліне қосылып, тым  кішіпейіл адам  екенін  тез  аңғартты. Аулада  көп  ат  байлаулы тұр.  Сəнді ер-тоқым – пыстандары  жарқырайды. Екі-үш жерде  топталып өңшең  тымақты  қазақтар отыр. Балпиған  жуан  қарындылары көп  көрінді.
– Жоқ! – дей салдым  мен, шалаңдау  қырма сақал-мұртты, ат жақты, орта  бойлы  арықтау  кісі  менің  бас-аяғыма  бағдарлай қарады.
– Оқушымысың?
– Иə, екінші  класс  қана  оқыдым.
– Жақсы, осы көшенің аузындағы ашық алаңда сендерге мек- теп  салдырып жатырмын. Тоғызыншы ай толысымен осы жаңа мектепте оқисыңдар. Мектептің де, осы ұйымның да қаражаты мына  мықтыларға міндеттеледі. Бүгін осы үкірдай, зəңгілерге жиын ашпақ едік, соған жиылып отыр... Осы мəдениет отауларың құрылғалы екі-үш күн ғана болды. Бұл əлі кеңейеді, кітапханасы да, дойбы-шахматы да,  ойын-сауығы да, бəрі болады!..
Бір оқымысты кейіпті кісінің баласындай ақтарыла қауқалақтай жеткізген жақсы хабарына не дерімді білмей қуырыла түстім мен. Бірақ, ол  менен жауап  күтпейтін де  сияқты.
“Олар толықтанған кезде   мұнда жиі келетін боласыңдар!” деген  сөзді қоса айтты да, қайта кіріп жөнеле берді. Салынып жатқан   мектепті көре кетуге асығып мен де жөнелдім. Əйтеуір оқу  мүмкіндігі толықтанды ғой, келешегім нұр жайнап тұрғандай көрінді. Мұндағы  ұзақ  түнекте  өмір  кешірген  ұлттардың  оқу- ағарту жақтан көзін ашуға тарихи рөл атқарған, Шың Сысай дəуірінің Шынжаңға əкелген бір ірі жаңалығы болған осы ұлттық оқу-ағарту ұйымдарына мен тұңғыш рет осылай əсерленіп едім. Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мəдени ағарту ұйымын құруға күш салушы əлгі  кішіпейіл адамның  аты-жөнін жол-жөнекей сұрап ұқтым.
– Елсадық Құрманұлы дейтін кісі екен. Атын естісімен еселеп атап, көңіліме мықтап түйдім. Оқу жағымнан бір қиыншылық туы- ла  қалса, осы  кісіні іздеп табуым  керек  сияқты.
Жіңішке қана дəлізі бар, алты бөлмелі мектеп үйі қаланып, биіктеген сайын оқушылардың оған келіп тамашалауы да жиілей түсті. Киім зары өткен жалаңаш баланың өзіне  арнап  тігіліп жатқан  жаңа киімге қарауы сияқты, құрылыс басына келіп ап құштарлана  қарап  тұратын  болдым. Оқу аңсауымыз соншалық
 
еді, сол  мектеп  сыланып, терезесі салынысымен-ақ, шақыруды күтпей жиналып алыппыз. Мектеп құлақтандыруы біз жиналып болған соң бес күн  өткенде  шықты.
Біздің  үйдің  оқуға  сайланған  баласы  тағы  да  жалғыз  мен ғана  болып шыға бердім. Болжаусыз басқа шығындарды былай қойғанда, он екінші апрель мерекесінде мен киетін киім де əке- шешеміз əрең  өтетін қиын өткел болып көрінді.
– Мен оқысам екі ешкі мен лақтар жоғалады, үй отынсыз қалады,  молда болмай-ақ қояйын! – деп Биғаділ қолын сілтеді.
–  Осы  балам  ғана  диуана  аталып,  жасымай  оқысыншы,  – деп əкем   қорытты, – бəріміз жалға тұрсақ та осыны қамдап оқыталық.
Өткен оқу маусымында бізді “шайқы-бұрқы диуана” атандырған мырза оқушылармен парталас бола қалдық сөйтіп. Бұл сөзді айтушы Сейітхан дейтін, мұрты тебіндеп қалған соқталдай жігіт оқушы еді. Мектепке келісімен ең момынымыз – соның өзі болып, монтанси қалды. Себебі, сынау қатты алынып, кластар қайта реттелді. Емтихан комиссиясының бастығы болып, қазақ ұйымынан Елсадықтың өзі келді де, жанасқыш “қалпе əбзилер” қатты  шектелді. Мырзалардың құйрығы тым бос екенін айқын əшкереледі. Бұл сынауға дейін “жұмалықты” көп беріп, көлиіп жүре  берген ғой. Аға оқушылардың төртінші класқа көшерлік ешкімі болмай, бəрі үшінші класқа қайта түсті. Тіпті Сейітханды үшінші класқа өсіп келе жатқан əдемі мұрты əрең іліндірді. Сөйтіп, ол енді “диуаналарға” мүрит болатынын біліп  жуасыды.
Мектептің ең жоғары класы – біздің үшінші класс болып қалды да, бірнеше мұғалім қыр мектептеріне ауысты. Атабай бір районда, Исабек бір районда мектеп басқаруға тағайындалып кетіп, Қалым дейтін сары мұртты бір кексе біздің   мектепке бастық болып қалды. Ең сəтсіздік жəйт алдымызға Набиолла молданың əптиегін қолтықтап, “дөрт аяқ” деп кіріп келуі болды. Оның үстіне,  про- граммада есеп пен ана тілі сияқты дін сабағы да əр күні бар  екен. Жағырапия мен табиғат бізді тамсандырғанымен, үш  күнде бір сағат болып əрең  жетті. Екі иығы қомданған “саясат” дейтін дəу сабақ келіп састырды бір күні: оның бетін есеп сабағын оқытатын Арысбек мұғалім ашты. Қара тақтаға «саясат» деп үлкен əріппен жазды да:
– Саясат деген не? – деп сұрады бəрімізден. Жауап беруге ешкім қол көтермеді. Əрқайсымызды нұсқап тұрғыза берді, бəріміз төмен қарадық. Арт жақта отырған Қиялзат дейтін сабақтасымыз
 
өздігінен құлшынып, қол көтере қойды да, атып тұрды бір кезде. Ауыр жүктен құтылған тынысымыз кеңи қалып еді.
– «Саясат» деген – қулық деген сөз, – деп салмасы бар ма, бəріміз ду күлдік. Арысбек мұғалімнің күлкісі оқыс қатты шығып кетті де, тез тиылды. Қысқартып тегіс қырқылған қалың қара мұрты тікірейе қалды. Ит көрген қара мысықша күржиген сол мұрттың құйрығы ойнақтай берді, сөйтсе де. Күлкінің қысуымен күп-күрең бола қалған сопақша жүзі қаңғып жүрген ашуларын асығыста əрең жиғандай зорға зейілденіп, суынып алды. Саясаттың тым қатал сабақ деген сөз екенін мұғалімнің соншалық зорланып, ашулануы- нан түсінгендей болдық.
– Қулық деп кім үйретті саған?! – деп ақырды мұғалім. Қиялзат ұяла күлімсіреп жазықсыздығын білдіре жауап қайырды.
– Мұғалім əбзи, саясатты елдің бəрі қулық деп түсінеді ғой, – деді, – қулығы көп адамды саясатшы деп атайды. Өзім ес білгелі осыны естіп келемін. Былтыр мұғалімдер қалжыңдасқанда біріне- бірі «сенің мұның – саясат» дегенін естігенмін.
– Қай мұғалім, – деп Арысбек тағы ақырып қалды да, мырс ете түсті. Мұрты тағы күржие жыбырлады. Қиялзат оған жау- ап қайырмай төмен қарап жымыңдай беріп еді, мұғалім күлкісін шошына жиып, қатаң үнмен қорқыта тойтарыс жасады, – сен мына сөзіңді екінші айтатын болсаң, талай адамды арандатасың да, ақыры өз түбіңе өзің жетесің. Алты ұлы саясатты «алты ұлы қулық» деп түсіндірмексің.
Арт жақтағы жігіт сабақтастарымыз «астапыралла» десіп қалды. Біз саяси сауат оқуды осылай иман үйіре отырып бастадық. Сөйтсе де, жарық класс, жаңа парта, өзімізге таңсық пəндер араласқан сабақ мендей «диуаналарды» өзінің мағыналы қызығымен баурап əкетті. Тағы бір қызығы көшеде бізге тұмсығының тесігінен қарайтын бай балалары класқа кіргенде «төрт көзімен» түгел қарайтындығы болды. Əсіресе есеп тапсырмасында, сұрауларға жауап беруде біздің иығымыз олардан көтеріліңкіреу отыратындығы, шынайы диуана біз емес, өздері болып шығуы тым қызық болды.
Біз отырған қора сатылып кетті де, үйіміз тағы көшіп, Емілдің шығыс жақ жағасымен недəуір өрлеп барып қоныстанды. Қаланың шығыс-терістік жақ ең шетіндегі сортаңнан біздің руластар бірлесіп, арзан жер сатып алыпты да, тұтас бір көше құрапты. Біз соның ең шетіндегі Ерсұлтан дейтін Қожан шалдың іргесіне туысқаншылап, екі ауыз үй салып алдық. Бұл шет үйіміз көңілді қоныс болса да, мектепке шалғай жер еді. Əсіресе Емілден төте
 
кешіп өте алмайтын маусымдарда төмен қалған көпірден өтіп, екі- үш есе артық жол басып жүріп оқыдық.
Емілдің суын мұз буып, арнадан аса құтырған кездерде, қар мол жауып, жол бітелген кездерде, біздің көшенің оқушылары сағаттап қар омбылайды, елең-алаңда кетіп, ақшамда қайтып жетеміз. Сөйтсе де, ауырып жүре алмай қалғанда болмаса, оқудан қалмай, өлермендене оқыдық.
Уақытымыздың көбі жүріспен өтіп, сабақ пысықтау уақытымыз қала ішіндегілерден əлдеқайда қысқа болғанымен, жалаңаш иығымыз олардан көтеріңкілеу жүретін болды. Ащыны көп көрген басымыз,  тұншыға  кірген  соң  құмарта  төнгендіктен  күнделікті
«қара жарыста» əмсе алдын бермейміз. Бірақ, шын жарыста алдымызға түсіп алатын мырзалар шықты. Өйтетіні, оларға емти- хан сұрауларының жауабын «емізіп» қоятын жанасқыш мұғалімдер бар еді. Комиссия болып Елсадықтар келмеген сынаулардың бəрінде де «ұрлап еметін» күйлі сабақтастар солай озып жүрді.
Термелей бəйге алып, сағымызды тосыннан сындыратын бұл жағдай, олардың қомсынуын қойғызбады да, «диуаналардың» кегін қозғай берді. Ал жайшылықта біздің озуымыз олардың көре алмастығын қоздырды. Ойында да, күлкіде де, күресте де, жарыста да сабақтастардың жаққа бөлінушілігі, іштей егесі күшейе түсті. Сағат арасындағы демалыстар төбелессіз аяқталмады.
Мен іштей қозданғаныммен, «шақсыз, жақсыз етістік» болуға тырыса түстім. Мінездің өзі ең үлкен сабақ қой, номерімді ол жақтан  тағы  кеміткізіп,  одан  əрі  қорланғым  келмеді.  Сөйтсе де, «жанасқыш» мұғалімдерді ішімнен қатты жек көретін бол- дым. Кішкене кездегі мінезім сол бойы қалыптаса түсті. Енді мылқау   емес,   тұйық   болып   қалдым.   Ондай   мұғалімдерден ұялу     сезімім     жоғалып,     қорқу     сезімім     қайта     өршіді. Мен осы райымды жек көріп қалғандығымнан ба, немесе өзінің
«ұрлап емізетін» тайыншыларының шағыстыруынан ба, Арысбек мұғалім менің атымды атамай «Текекөз» деп шақыратын болды.
«Көзің лақ текенің көзінше бақырайып, жауапты бас жоқ, аяқ жоқ шұнтита салатының не!» деп ұрысып еді бір күні. Содан бастап қара мұрттың бауырынан «Текекөз» деген атау аталатын болды да, мен оған тұқыра қарайтын болдым.
Оның есесіне, мені əділ мұғалімдер мен талапты оқушылар жақсы көреді. Бұл бөле қарамай өз атыңмен шақыратын мұғалімдердің бəрі əділ сияқты, ондай мұғалімдер маған нұрдай көрінеді.  Оларға  күнге  қарағандағыдай  ұяла  қарайтын  менің
 
қысыңқы көзім еш уақытта «Текекөз» болып көрінбеген шығар. Өзім жоғары санаған адамдардың атымды дұрыс атап, мені адам қатарында көруі – ішкі жақтан теңдікке жеткізуі, рухи азық беретін жанама тамыр сияқты болып сезілді.
Елсадықтың лебі мектепті ғана емес, бүкіл қоғамды да маған сондай жылы көрсете бастап еді. Дəмештің бостандық алуы тіпті жылытты.
«Дөрбілжін аудандық əйелдер қоғамы» атты тағы бір ұйым құрылғанын естіген болатынбыз. Дəмеш соған арыз айта кірген екен. Ұйым бастығы «Талиқа апай» атанған кексе татар мұғалима да ұйым атынан арыз жазып қосып, бірнеше кемпірді Дəмешке ілестіріп,   Шиянжаңның   алдына   кіргізіпті.   Керім   Шиянжаң сұқ саусағымен сақшы мекемесін нұсқаған екен. Кемпірлердің екпініне жол-жөнекей кезіккен əйелдің бəрі ілесіп, оның ішін шаңқылға толтырыпты. Совет Одағындағы əйелдер теңдігін көріп, шекара аттаған өңшең «сəйгүлік» кемпірлер қойсын ба, жүйжаң қалай бұлтарса да, қоймай басып жетіпті де, оның «тақымындағы»
«лақты» тартып алып бір-ақ шығыпты.
Дəмеш  енді  ешкімге  көкпар  болмайтындығына  сенгендей қуана қайтты үйіне. «Жаңгүдейдің» түрмесінен алғашқы қашып шыққандағысындай, Дəмештің маңайына сүйіне қарап, тынысын кең алып, салысын желкесіне түсіре, аязды алқыммен қаймықпай соға кетіп бара жатқанын көрдім.
– Кім білсін, бейбақты көкпарға тағы да жоқшылық салар, –
деп қалды шешем артынан қарап тұрып.
Расында да, жоқшылық жоғалмай байлық байлауын қояр ма. Көпе-көрнеуде ешкім байлап əкете алмаса да, көмескіде талап жеу бар ғой? «Мына шырай тұрғанда шырмауға түспейтін заман қайда» дегендей күдік Дəмеште қазір жоқ сияқты, өте қуанышта қайтты.
Үйіме мектептен кеште бір-ақ қайта алатын болғандықтан, түскі шайды күн ара Дəмештің үйіне барып ішіп тұрдым. Сол көшеде тағы бір нағашы əпкем бар еді. Менің басқа үйден тамақ іше алмайтын ұялшақ əдетімді білетін осы екеуі өз үйлерінен тамақтандырудың сылтауы ретінде түрлі тапсырма – «ала кел»,
«бере кел» міндетін беріп тұрады.
Бір күні түсте солай өрлеп бара жатқанымда, əлгі «ұрлап еметін» күйлі сабақтастарымның үлкені артымнан қуып жетіп өте шықты. Сен түскі тамақта ыңғай диуаналық қыласың ə?! – деп ажуалай өтті. Жайшылықта сөйлемегеніммен мұндай күйдіргі сықаққа қарсы сықақ дайындап өскендігімді көрсеттім.
 
– Сонда да ұры тайынша тектес күн көрмеймін ғой, үйіне бар- масам ұрысатын əпкелерімнің қолынан əшкере шай ішемін!
«Жетім бала кекшіл», тең түсер жауап қайырсам да, кегім тарқамай қалды. Ол ашық ажуалап өткенде менің сықағым жұмбақ күйінде жабық қалғандай, «ұры тайынша» деген сөзді бір кезі кел- генде мұны нақтап ұқтыруды көңіліме мықтап түйдім.
Əр күні таңертең класта мұғалім кіруден бұрын өткен күнгі есеп тапсырмасы жайында сыбайластар ара күбірлескен талқы болып тұратын, кейбір қиынырақ есептер тапсырылған күндерде де өзара көмек сұрасуы тіпті көбейіп кететін. «Ұрлап еметін күйлі тайыншылардың» қатты қағылатын кездері де сол кез еді. Артқы парталарда отыратын тайынша «құнан өгіздер» күбірлесіп, есепті шығара алмаған күндерінде алдыда отыратын «мықты бұзауларға» сүйенуге келетін. Ондайда жылы сөзбен жарқылдап күле, ентелеп келіп отыратын қасымызға. Маған сыбайлас «бұзаулардың» есепке нелер мықтылары бар.
Сол мықтылардан бір күнгі тапсырма есепті ешкімге көрсетпеулерін өтініп, «құлыптап» қойып отыр едім, əлгі «сүйікті дұшпаным ел кезіп» – əр партаға бір отырып, бір тұрып, күле қыдырды да, менің артымдағы партаға келіп отыра кетті. Жалт қарасам, онда отырған көршіме жабыса қалыпты. Иығына қолын салып, бетіне «қызықсына» қарап отыр екен.
– Айтпаймын, кешегі есептердің төртіншісін қалай шығардыңдар, ей? – деді бір кезде. Біз жақта əркім əртүрлі шығарыпты.
– Сен енді құзғын сəріден қайыр тілеп жүрмісің? – деп күлдім мен.
– Не бопты? – деп жымиды ол.
– Класқа кіргелі ел ақтап құйрығың қоныс таппады ғой, бейша- ра, енеге жасырын жанасып əдеттенген тайынша едің, енді еркек бұзауды да емгің келіп жүр ме, қалай?
Сабақтастар ду күлді. Ол қызарақтай күлімсіреді.
– Мен сенен сұрамадым ғой!
– «Диуана» деп алып, енді менен қай бетіңмен қайыр тілерсің? Жағалауыңнан-ақ жайыңды түсіндім, мүсəпірім, келе ғой, көшіріселік менікінен! – деп тапсырма дəптерімді алдына тастай салдым. Ол орнынан ыршып тұрып жүріп кетті.
Біздің сыбайластар тау бұлағындай үздіксіз сықылықтап еді. Менің сөзімнен гөрі өңменіне солардың күлкісі қатты тиді білем, шегір көзі тұздай болып, əрқайсысына булыға қарады. Содан бастап
 
оған оңаша кезікпеуге тырыстым да, «диуаналығымды» көрсетпеу үшін əпкелерімнің үйіне де бұрыс көшемен барып-қайтып жүрдім. Оқудан бос уақыттарда ол менің жолымды неше рет тосып көрді. Біздің шықшыттағы қиыр көшенің оқушылары ынтымақты да, əділетті де болатын, мені зерікпей қорғап жүрді. Жұбын жазбай- тын болғандықтан ешқайсымызға батып тиісе алмай жүрді ол!..
Мен қорқақ болғандықтан төбелес жағына жоқ едім. Жанжал туылатын жерден тайқып кететінмін. Сағаттық демалыстарда оны айтақтап салған төбелесқұмар сыбайластары біздің ауылдастарға неше рет тиісіп, олармен неше рет соғысып та алды. Мен жайыма қалып, өштік төбелескендер арасында қатты ушықты.
«Диуана» аталудан намыстанғандығымнан, əке-шешеме он екінші апрель мерекесінен бір ай бұрын қыңқылдадым. Сол жылы қала маңындағы тасжол бітіп, оның жұмысынан босай қалған Биғазы менің мерекелік киімім үшін жалдамалы жұмысты асығыс іздеп, бір саудагер ұйғырға арзан жалдана салды. Жұмыспен өтеуге төрт метр көк триконы алдымен алды. Апрель тойына оқуды жа- уып қойып, биыл бір ай бұрын дайындалдық. Алтай аймағының дутыңы Шəріпхан төреге қорғаушы əскер болып тұрған Айтбек Далабаев дейтін бір атақты күлдіргі жігіт, əскерліктен босап, Дөрбілжіндегі үйіне қайтып келген. Елсадық оны қазақ ұйымына қызметке тартыпты. Айтбектің əншілігін де, жаяу бəйгеде Алтай- ды тыйған жүйріктігін де естіп жүргенбіз. Сол келіп бізге əскери жүріс пен физкультура үйретті. Оның білетін марш əндеріне Елсадық сөз жазып беріп, бұл реткі мерекеге мектеп өлеңі жөнінен де недəуір жаңалықпен дайындалдық.
Ұлттық мəдени ағарту ұйымдары мен ұлттық мектептер бəсеке жарысқа қатты дайындалып жатқандықтарын Елсадық жұмылдыру ретінде хабарлап, бізді жаппай аттанысқа келтірді.
«Көрінісі ұлттық, мазмұны, алты саясаттық бəсеке» – «апрель мерекесін» əр ұлт өз жетістіктерімен қарсы алады. Дөрбілжін ауда- нында халық санының басым көпшілігін қазақ құрайды ғой, біздің артта қалуымыз енді ұят болады» деп кесетті ол.
Жазғытұрымның «қара өзек шақ» делінетін ұзын сары күні
– «жуанның жіңішкіреп, жіңішкенің үзілетін» кезі. Біз қызыл жілік,  қарасан  болғанымызға  қарамай,  сол  дайындықта  жүрдік те, сол бір ай өзара қырғи қабақтықты ұмытып қалдық. Қабақ түйісуі жайына қалып, Айтбек құлағымызды да салбыратып жіберді. Біріміздің үстімізге бірімізді кірпішше қалап мұнара жа- сады. Үлкен сабақтастар ең астыға қаланатындықтан мен «сүйікті
 
дұшпанымның» иығына табанымды қойып, төбесінде ойнадым да, менің төбемде де өзімнен кішірек біреу жортып жүрді. «Тайыншы- лар» пыс етіп, мүйізін шайқап қойғанымен, шарасыз қынжылса да қыңқ етпей көтеруге тиісті. Ұйыма шойындай сом денелі, зор дауы- сты Айтбектің қолындағы шыбығы да жерге Айтбектің өзінше тік шаншылып тұратын. Біз тік шаншылуды сол шыбықтан үйреніп көтердік.
Он екінші апрель күні Дөрбілжіннің Тарбағатай жақ желкесіндегі Бəйге төбеде солай тік шаншылып, ойындарымыз- ды көрсеттік. Талай тік түсіп, ұшып-жығылып жүріп үйренгеніміз шыжыған ыстықта абыроймен орындалды. Қып-қызыл сахнадағы Шиянжаңдар миығынан күліп, табысымызды көп қол шапалақпен құттықтады. Үкімет қана емес, Айтбектің өзі де разы болғандықтан қолындағы шыбығын лақтырып тастай салды.
Сабақтастар иығындағы ауыр жүктен құтылғандай жадыра- сып, дүние сөзіне енді оралды. Сонда да сабымызды бұзбай күрес майданының бір жағын қорғап, қоралай келіп отыр едік.
– Ойпырай, мойныма мініп алған бір диуанадан əрең құтылдым- ау, – деді менің дұшпаным, – өзінің қоржын дорбаларынша асы- лып, желкемнен түссеші!
Маңайындағы қостаушылары күлісіп, қаужақтасып қалды.
–  Қайда өзі? – деп жорта сұрады біреу.
Мен олардан төменірек отыр едім, киіміміз бірдей, басымыздағы сыпыра дөңгелек             көк  жепек  болғандықтан,  бір-бірімізді сыртымыздан танымай қалатынбыз.
– Əне, əне! – деді мен жалт қарағанда біреуі.
– Мойныңа диуана əлі талай мінер! – дедім мен. Бұл сөзді менің жақтастарым қуаттап, құбылтып жіберді:
–  Мұнан  кейін  мойнына  өзің  мінбей-ақ  қоржыныңды  асып қой.
– Көтере алмай пыс ете түссе де, омақассын, келер жылы мен де асайын!.
Естігендер түгел қарқылдап күлісіп кетіп еді, майданның арғы шетінен:
– Жəнібек! Жəнібек! – деген зор ұран естіліп, күлкі тез доғарылды.
Дөңгелек қара сақалды бір жуанды шешіндіріп, бір топ адам күрес майданына алып шыққан екен.
– Қапас палуан шықты, – деді бір сабақтас, – бұған түсетін па- луан жоқ!
 
Шақырылған ұраннан керей руы екенін ұқтық. Ол жақтан күреске дайындалып отырған он шақты плауанның ең басына апа- рып отырғызды оны.
Аттылы-жаяу, арбалы болып, кең қыратты қаптап алған халық еді. Ол кезде Толы ауданы – Дөрбілжінге қарасты район болатын. Бестаудың жалшы, малшысы егіншілерінен басқа еркімен жүре алатын ер–əйелінің бəрі-ақ келген сияқты.
– Еркөкше, Еркөкше!
– Қабанбай, Қабанбай!
Майданның үш жағынан үш ұран көтерілді де палуандар үш жаққа тізіліп отырғызылып жатты. Дөрбілжін маңындағы он сұмын қалмақ палуандарынан да бірнешеуі біздің алдыңғы жағымызға шығарылды.
– Биғабіл! – деп шақырған бір əйел үнін естіп жалт қарасам, арт жағымда Дəмеш келіп тұр екен. Əкелген сусынын ішіп алып, қайта кеп отырдым. Дəмеш кетісімен əріптесімнің көк көзі тағы да жарқ ете түсті:
– Қытайға сатылған əпкең сүт пен жұмыртқаны қайдан əкеледі, ей?
– Онда нең бар еді! – деп бірнешеу қадала түсті оған. Менің жауабымды Жəкен атты көрші сабақтасым қайырды:
– Өз əпке–қарындастарың əркімге телмірумен сені ұмытып кет- кен соң, мұның əпкесін көре алмай отырсың ғой.
– Ей, тіліңді тарт! – деп ақырып қалған ұзынның көк көзі қанталап кетті. Оның сыбайластарынан бірнешеуі тағы жекірісіп қалғанда, Қуанышқан дейтін бірі Жəкеннің бүйірінен түйіп жіберіп те үлгеріп еді. Жəкен оны шықшыттан соққанда, тəртіп сақтаушы мұғалімдер келіп, олардан жауап жұдырықтарын ұрғызбай тоқтатты. Тісін басып кіжіне-кіжіне барып отырды Қуанышқан.
– Тұра тұр, бəлем, көрсетемін əлі-ақ!
Күрес  алдымен  қазақ-моңғол  палуандары  арасында  болды да, атақты Марғалдай палуан жығылған соң, моңғол палуандар майданнан шығып киінісіп алды. Күрес қазақ рулары арасында өтті онан соң. Бұлардың бас палуандарынан көбі əлі түспеп еді.
«Еркөкшенің» Мұштари атты атақтысы кəртейгендігін айтып, майданға шықпаған екен. Ал қалғандарынан Қапасқа ешқайсысы беттемеді білем, «Жəнібектер» жақ  майданды жаңғырықтырып тұрғанда, тосыннан «Қабанбай» ұраны саңқ ете түсті де, ұзын бой- лы сары жігіт күле түрегелді орнынан.
– Қыдырмолда, Қыдырмолда!...
 
– Қыдырмолда құмарынан енді шығатын болды, – деген жай- ран үндер естілді, – былтырдан бері Қапаспен бір түссем-ау деп жүр еді.
Сыртымыздағы  жұрттың  қаужақтаған  сөздеріне  қарағанда,
«Орқашар – қожыр, Тарбағатайды тыйған» жас палуан екен. Қапаспен күресуді өзі талап еткендіктен майданның дəл ортасына өзі адымдай барып, тұра қалды. Көтермелеуге біздің Нұрасыл ғана еріп барып «Жəнібек» жақтан Қапас палуанды талап етті.
Қапасты жуан-жуан он шақты ел адамы ортаға алып, салта- натпен əкелді. Екі иығына екі-екіден төрт кісі мінгескендей тұтас біткен жуан Қапас, басқа адамдар арасында биік көрінгенімен, Қыдырмолдадан едəуір аласа, көрінді. Жастығынан болса керек, Қыдырмолда сəл сидаңдау. Сөйтсе де, балтыры мен бұлшығы шəугімдей бөлек-бөлек шығып тұр.
«Қабанбай» мен «Жəнібек» аттары Құлыстайдың жер-көгін жаңғырықтырғандай болды. Өштескен бұқаларша сүзе қарасып, бір- бір айналып өтісімен, атылуға ыңғайланған жолбарысша жер бауыр- лап аңдыған Қапас «жауының» көзіне екі уыс топырақты атып-атып жіберді де, бақалшығынан шап ете түсті. Лезде жерден жұлып та əкетті. Қыдырмолданы ортан белінен бөренеше көлденең құшақтап, басынан асыра тік көтерді де, жерге періп қалғандай болды. Қаусатты ғой деп қалып едік, Қыдырмолданың екі аяқ, бір қолы жер тірей қалды да, «жауының» қарнынан бұрай ұстаған бір қолымен тірей түрегеліп, ол да көтеріп əкетті. Лақтырып кеп тастады. Найман мен уақ қана емес, тіпті ұйғыр, моңғолдар да қосылып, түгел «Қабанбай» ұранына басып ала жөнелді. Етпеттей түскен Қапас палуан екі аяқ, екі қолмен бірдей жер тіреп қалғанда, ыршып барып міне түскен Қыдырмолда
«жауының» күдірейген желкесінен түйіп қалып, жуан басын жерге тұқыратып бара жатты.
– Неге ұрады, ей! – деген біреудің үнін қостап, керей жақ шу ете түсті де, аттарын тебінісіп қалып лап берді. Əлі де жауырыны жерге тимей еңбектеп тұрған Қапасты бірнешеуі көтеріп əкетті. Қарсы жақ та, бейтарап жақтар да оларға қарсы ұмтылды, алдыңғы жақ қамшы салысып, мереке зор соғысқа айналғалы бара жатқанда ұлттық ұйымдардың, үкімет жақтың адамдары көбейіп барып ай- ырды. «Екі палуанның күші тең» деп бағаланып, екеуі тең сыйлық алды.
Рушылдық даурық мұнымен тоқтағаны сол, таңертең кеткен екі жүз шақты бəйге екінтіге таман қайта оралғанда тіпті ушықты. Ме- реке тымақты қазақтардың рушылдық айқай сүренімен аяқталды.
 
Олар бір-біріне қамшы білеп ұмтылысқан орайда біздің сабақтастар бір-біріне жұдырық түйе ұмтылысып еді, бұл кішкене шайқасты мұғалімдер тоқтатты. Бірақ тымақтылар «керей», «най- ман» ұрандарымен бөлінсе, біздің бөлінісіміз бүтіндей басқаша, тымақтылар таңқаларлықтай бөлініс болды: біздің «Қабанбай»,
«Жəнібек», «Еркөкшелермен» таныстығымыз да, оларда бұйымтаймыз да жоқ тəрізді. Біздің жақтастар құрамында арғын да, найман да, керей де, уақ та бар. – Екі жағымыздың құрама жау- ынгерлер екені айқындалып жатыр.
Екі күннен соң Елсадық қазақ ұйым мүшелері мен мұғалімдерді қосып жиын ашты да, бəсеке нəтижесі жайынан бастап, недəуір ұзақ сөз сөйледі. Бəйге төбедегі күрес майданында болған рушыл- дык егесі туралы сөзге келгенде қарапайым қаудырлаған қоңырша дауысы қатайып нық-нық айтып тастады: «Таптық жанжал ғой, əрине, болмай қоймайтын тартыс. Тіпті, тіршілік үшін зəру күрес. Ал, көпшіліктің тұрмыс-тіршілігіне титтей де байланысы жоқ бірдеме үшін қызып, ру ұранымен быт-шыт болатынымыз бар біздің! Надандықтың ішіндегі ең көрсоқырлық – осы рушылдық!.. Біздің халыққа тарих бойына жабысып келе жатқан қырсық та, жұт та осы. Масқара мазаққа айналуымыз да – осы рушылдықтан болған деп тастады!
Ашуға мүлде жат адамның бұл сөзді неліктен қатал айтқанын да, рушылдықты «жұт», «қырсық» деп неліктен атағанын да кезінде жете түсінбеп едім. Əйтеуір, бұл кісі айтқан соң, əрине, дұрыс бо- лады, білмей айтпайды. «Анық жұт, анық қырсық» сол болса керек
– жете білмесем де жетемде осылай сақтауға тырыстым.
Үлкен егес қанды соғысқа айнала алмай тарқап, тау-тауға бөлініп кете беріп еді. Біздің кішкене егес содан төрт-бес күн өткен соң дəл Төрт көшеде лап ете түсті де, қантөгіске айнала қалды.
Уақиға абайсызда туылды: мектептің түскі демалыс уақытында
Жəкен  екеуміз  қағаз-қарындаш  алуға  Төрт  көшеге  барып  едік.
«Жауымыздың» үш-төрті алдымыздан шыға келді де, бізді кес- кестеп тұра қалды. Жуан тұғыр күшті Жəкеңді қоршай қалғанда, Жəкеңнен кейінірек келе жатқан мен лып етіп бір топ адамның дал- дасына тығылдым. Қуанышқан алқымынан ала түскен Жəкеннің екі қолынан екі «жау» ұстай алды да, біреуі көпшіліктің көзіне арашалаған болып көрінді. Қуанышқан Жəкенді жақтан мықтап бір ұрды да, жағасынан екі қолымен бірдей ұстап үн шығармай қылғындыра берді. «Арашаға түскен» көккөз бəрінен зор бола тұра,  қолын  айыра  алмағансып  Жəкенді  қинап  жатқанда,  мен
 
шыдап тұра алмадым. Бірақ, бойым да, жасым да сол төбелесіп жатқандардан кішкене еді. «Жəкен олармен жауыққанда мен үшін жауыққан ғой!» – қорқақтығымнан ба, қанішерлігімнен бе, əйтеуір, дүние күп-күрең болып, көзім қарайып кеткенін ғана білемін. Ыр- шып шығып Қуанышқанның артына жетіп келгенімді ешқайсысы байқамай қалды. Кішкене жұдырығыммен жауырын ортасынан түйіп жіберіп едім, ол шыбын шаққан құрлы көрмеген сияқты, жалма-жан секіріп қалып, шықшыттан ала сілтеп едім, Қуанышқан жалт қарағанда қолым мұрнына барып қонбасы бар ма. «Жау» қаны шүмектен құйылғандай сау ете түскенде, алқымы мен қолы босай қалған Жəкен «арашаның» өзін бір салып үлгеріп еді. Қуанышқан тұмсығын бір қолымен мықтап басып алып, маған тап бергенде, батыс жақ көшемен безгелдекше безіп ала жөнелдім.
– Мынау не деген пəле еді! – деп қалды базаршылардың біреуі. Артыма бір қарағанымда Жəкеннің «ханзу» көшесімен шығысқа қарай зытқаны, үшеуі соны қуып кеткені байқалды.
«Енді мені өлтіреді-ау, ұзын борбай Қуанышқан қояр ма, ə!» деген қауіп келгенде қайда тығыларымды білмедім. Аяғым жер- ге тимей қанша ұшқаныммен Қуанышқан қусырып, жақындап қалғандай көрінді. Киімнің алды қып-қызыл қанға боялған сол көрінісі маған нақтылы қанды ауыз «хазірейілдің» өзі болып елестеді. Қорқыныш шын төнгенде ұят шіркін шіркейше безе ме, қалай, «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген ғой, мен де қолға түсуді қаламадым. Қорғалайтын бұтақ іздеген торғайша зырқырап келіп, бір ашық қақпаға сүңгідім де, есігі ашық тұрған бейтаныс үйге атылып кіріп, төр үйіндегі сəкіге сарт ете түстім.
Көрпесін төрге жайып салып, іс тігіп отырған қазақ əйелі ғана көрінді көзіме.
– Иə, алқын-жұлқын болып тау көшіріп келдің бе, шырағым?!
– деп менің сиқыма қарай қалды. Сəкі шетіне аман-сəлемсіз ілініп, алқынып отыр едім, – одан да зор жұмыс бітіріп келген сияқтысың ғой! – деп аңырды əйел. Менен жауап шықсын ба. Кексе сары əйел мырс ете түсті де, сырттан аяқ  дүбірін естіп терезеге қарады, – е, бəсе бұтаға қорғалап кірген екен ғой! – деп сəкінің екінші жақ шетінде отырған екі ересек баласын жұмсады. – Барыңдар есікке, қанға боялып біреу келеді, кіргізбеңдер!..
Алғаш  кіргенімде  көрмей  қалыппын,  ауыз  үйде  екі  кемпір отыр екен, сыртқы есікке бəрі барып тұра қалысты. Қуанышқан тосқауылды бұза жара ауыз үйге енгенде, əлгі əйелдің өзі барып төр үйдің есігінен бөгеді.
 
–  Шығарып  бер  ана  қанішерді!  –  деп  ұмтыла  міңгірлеген
Қуанышқанды кеудесінен итеріп жіберіп, есігін жауып алды əйел.
– Түйедей болып қаршадай баладан таяқ жеген өзіңде бір сойқан бар ғой! Ары жүр. Ары, қаның жұғады, үйімді былғатпаймын!...
– Шығарып бер!
– Кішкене баланы саған өлтіру үшін берейін бе?!
Əйелдер жабыла даңғырласа жүріп Қуанышқанды ауласынан шығарып жібергенде ғана жаным қалғаны сезіле бастады.
– Өзіңнен үлкен адамды неге ұрдың?! – деп жазғыра қарады əлгі əйел қайта кіріп.
– Олардың төртеуі жабылып менің жолдасымды ұрды, сыр- тынан келіп жағынан ұрып едім... Тұмсығын өзі тосты! Əйел күлімсіреді де:
– Ал, көрінбей кетіп қал енді! Ол үлкен көше жаққа кетті, сен мына сырт жақпен кет! – деді.
Мен қақпадан баспалай қарап шыға қаштым да, сырт көшемен айналып мектепке жеттім. Сабақ басталып кеткен екен, зал тып- тыныш. Мұғалімдер бөлмесіне қарасам онда да ешкім жоқ. Класқа кіріп барсам, таяқ жеген Жəкен екі қолымен екі кірпіш көтеріп жа- зада тұр да, Қуанышқаннан басқа «жауымыз» жайбарақат қана пар- тасында отыр. Қуанышқан қанын тазартуға үйіне қайтып кетіпті.
Терезе алдында отырған Арысбек мұғалім мен молда маған шатынай қарады да ұшып-ұшып тұрысты. Құтқарушы əйелге қайтарған жауабымды бұларға да айттым. «Дөрт аяқ!» деп ақырған молданың қаһарынан, мұғалімнің қаһары əлдеқайда жоғары кетті. Күнше күркіреп қана қоймай, найзағай тастағандай шарқ-шұрқ ете түсті. Ақталу жауабымды тыңдар райы болмаған соң, сөзді қойдым. Үлкен екі кірпішті маған да көтертіп, дереу үкім жариялады: кеш- ке дейін кірпіш көтеріп тұрып, кеште осы класта қалмақпын. «Жа- уларым» естірте масқаралап отырса да, мұғалім «естімеді». Мен қарамадым. Мықты Жəкеннің қолы қалтырап, кірпішті бір рет түсіріп алғанда мұғалім шапалағы бетіне қатты бір тиді де, екінші рет түсіріп алғанда кешіріп оны партасына отырғызды.
Жаза майданында жалғыз қалдым. Қанқұйлы қас «жаудың» өзі болғандығым үшін əділі осы ғой, мызғымай тұруға тырыстым. Алғашында тым ауырсынбасам да, сабақтастар демалысқа бір шығып келгеннен кейінгі уақытта екі кірпіш зіл болып басып, жер- ге кіргізіп бара жатқандай қабырғамды қайыстырып əкетті. Түсіріп алсам шапалақтың ең қаттысы ғана тиюге тиісті. Жығылсам да түсіргім келмеді.
 
Сəрсең  болып  семген  екі  нəзік    бұтақ  сияқты  екі  білегім шырт етіп үзіліп түсердей дір қағып кетіп бара жатқанда, қыр мектептерінің біріндегі Атабай мұғалім кіріп келді. Сағынышты ұстазымның сағым сынып масқара болып тұрғанымда келуі маған ең ауыр жазадан да ауырырақ тигендей, төмендеп бара жатқан кірпішті қатулана көтеріп алдым. Бетіме шоқ түскендей дуылдап ала жөнелгенде басымды төмен салып, тұқыра түсіп едім. Атабай алдымнан өтіп бара жатты да, еңкейіп үңіле қарады.
– Үй, мынау Биғабіл ма?! – деп барып Арысбекке қол берді, мынаған не болған, жуас еді ғой!
– Ең пəлесі осы. Үндемей жүргенімен, бұдан сүзегені жоқ.
– Ей, Биғабіл, не болды саған, соншалық бұзылып кеткенің бе?!
«Жауларымның» алдында жасымауға қаншалық тырысқанымен, тамағымның бүлк-бүлк ете түскені сезілді. Сөйтсе де, тісімді- тісіме басып үндемей тұқыра бердім. «Иттің иесі болса, бөрінің тəңірісі бар» деген, менің жалынарым да, сыйынарым да осындай мұғалім еді. Бірер рет құтқарып жіберетініне сенсем де, ұяттан өлердей семіп тұрдым.
Солай біраз сөгіп алды да, Арысбек пен Нəбиолладан кезек сұрап азат етті мені.
«Тергеушім», əр заманның өз қастерлісі өзінде болмай ма. Сол қастерліге қарсы тұру – заманға қарсылық, төңкеріске қарсылық болып саналады. Мен сол заманның өзінде-ақ қастерліге   жай ғана қарсы тұрушы емес, осылай тұмсығынан қанын сорғалатқан кері төңкерісші едім. Қазіргі қылмысымның негізі қашан пайда болғанын пайымдап отырған шығарсыз!

V

Қылмыстан көзі ашылмаған адамның қырсықтан көзі ашы- лушы ма еді.    Қырсық мені енді класта шалатын болды. Бас мұғаліміміз есепке ғана емес, саясатқа да жүйрік болғандықтан, мені шалып жығудың амалын əр күні тауып отырды. Амалы та- былмай қалған күнде де, қара мұрты маған ит көрген мысықша едірейіп, «гүрілдеп» тұратын болды.
– Ей, лақкөз, сүрт қара тақтайды! – деді класқа кірісімен,–
сенсің ғой осынша былғаған!
– Мен емес! – деп барып сүртемін.
– Алдыда отырған сен болмасаң кім?!
 
– Мен класқа кіргелі орнымнан тұрғаным жоқ.
Класта күлкі  үні естілсе менің күлкім болып естіледі:
– Ей, текекөз, немене мəз болып отырсың? – дейді.
– Мен емес.
– Енді кім? – деп шаңқ ете түседі.
– Арт жақтан шықты.
– Сеніңше бар пəле арт жақтан шығады ғой! – Мен онысына жауап бермей құтыламын. Бірақ сонда да құтқармайды. Аппақ шы- тымен мұрнын баса қояды бір кезекте:
– По, мөңкітіп жіберді ғой!... Ашыңдар терезені! Ей, текешік, бар, далаға шығып кел!
Арт жақ ду күледі!
– Мен емес, мұғалім! – деп жəбірлене қараймын оған.
– Енді кім? – деп шаңқ ете қалады, – дəл алдыма отырып алып... Сен емей кім?!
– «Арт жақтан!» – деп кекетіседі арт жақтағы ерке тайын- шылар.
– Өзі де арт жақтан шықпай, алдыдан шығады деймісің! – десіп, бұл сөздің қисындылығына бүкіл класс күледі.
Мен тұқыра түсемін. Бұл қылығым – мойындау іспетінде көрінетінін сезсем де, нақақтығына булығып тұқырамын. Қуанышқанның мұрнынан қан шықпай тұрғандай, менің мұндай иісім де шықпаушы еді. Енді бүкіл класты мүңкітетін болыппын.
Сөйтіп жүріп, басым жерден алынбайтын күйге түстім. Жасып кеткендігімнен сабақ сұрауына жауап қайтаруым қиындай берді. Əсіресе, есеп сабағында қара тақтайға шығарғанда жүрегім атша тулайды, өйтетіні, Арысбек əмсе зекіріп шығарады:
– Ей... Кім еді, ей, текекөз!.. Не ғып отырсың бақырайып, шық қара тақтаға! – дегенде-ақ есім шығып кететін.
Менің көңілдес сабақтастарымның арасында Арысбек мұғалімге ең батыл пікір айта алатыны – Қиялзат еді. Əкесі сол кезде Дөрбілжіннің ең абыройлы адамдарының бірі, ауқатты сау- дагер болатын. Қиялзат ақтарыла сырласып, ағыл-тегіл күлетін ақ көңілділігімен бізге жақындасып кеткен. Менің ұмытылып қалған өз атымды Арысбекке сол ескертті бір күні:
–  Мұғалім əбзи, оның аты Биғабіл емес пе!
– Мейлі, не болса ол болсын, мұның атын есіме сақтай алмай қойдым.
Мен солай қолмен түртіліп, азумен мыжылып қара тақтайға шыққан бір күні айтып тұрған мысал есептің сөзін де ұқпай аңырып
 
қалдым. Құлағымның шуылынан ба, жүрегімнің дүрсілінен бе, əйтеуір естімей жалтақтап қарай бердім. Мұғалім ырши тұрып қасыма жетіп келді:
– Не деп тұрмын мен саған?! Жаз! – деп шаңқ ете түсті де, жел- кемнен бір түйіп қалды.
Не деп жазарымды онан сайын білмей тұрып қалдым. Қатты сөйлегенде шаңқылдап кететін ащы үні құлағымды онан сайын бітеп тастағандай, автоматша жітірмелетіп сөйленетін сөзі, қанша айтқанымен миыма кірер емес. Маңдайымнан тер бұрқырап кетті. Жазсам да сөз тастап əр жерінен бір жазыппын. Шапалақтап- шапалақтап жіберді де, қара тақтайды қайта сүрткізіп тастады.
– Мəкен, бері келші, сен жазып берші мынаған!
«Жанасқыш тайыншаларының» ең үлкенін осылай еркелетіп атап, күлімсірей шақырып еді, сол көккөз «жау» күле шықты да, мұғалімнің бір-бірлеп нақтап айтып берген мысал есебін асықпай, нақтап жазып шықты.
– Сен мені емдің ғой енді! – деп күбірлеп, менен өшін ала қайтты сонан соң.
– Ал, шығар! – деп зекіді мұғалім.
Мен қара тақтаға қарап тұрып қалдым. Қайта-қайта оқысам да ұқпадым, шығара алмай қойдым.
– Кім шығарады? – деп мұғалім оқушыларға қарағанда, мен де қарадым.  Мұғалім қанша жалтақтағанымен «жанасқыш тай- ыншыларынан» ешкім қол көтермеді. Алдыңғы жақта отырған менің достарымнан бірнешеуі өршелене, қатар көтерді қолдарын.
«Дұшпанына шығартып көзіне түрткілеткенше, өзіміз шығарып берейік!» дегендей ажар бар сияқты. «Мен!», «Мен!», «Мен!» десті. Менімен бір партада отыратын Бексапа жұлқынып жетіп келген соң мұғалім еріксіз соған шығартты.
Арысбектің ажуалы, ащы сөздерінен тағы да жұтып-жұтып алып партама уланған адамша сылқ түсіп отыра кетіп едім. Менімен бойы теп-тең шикі сары Бексапа маған жақындай түсіп, жалтақ- жалтақ қарай берді. Оның өткір сарғыш көк көзі сəл қызғылт тар- тып, жасаурап тұрғаны байқалды.
– Саған не болды?! – деп сыбырлап, алдындағы дəптеріне үңілген болды, үндемедім. Ержүрек-өжеттігіне мені де шақырғандай, ол тамағын ақырын ғана бір кенеп алып, сөзін тез-тез жалғастырып жіберді, – сені сындырмақшы, бəріміз біліп отырмыз. Сен сын- бай қой!.. Ішіңнен ерегісіп алсаң сынбайсың!.. Қорқытқан сайын қатайып алу керек, ештеңе етпейді!...
 
Мен    қатайып    кете    алмадым,    іштей    мұқалып,    босай бердім.  Барлық  мазаққа  мойындағандай,  үн-түнсіз  жасыдым.
«Дұшпандарыма» ғана емес, дос сабақтастарыма да тең байланыс жасай алмайтын, тартыншақ болып қалған сияқтымын.
Басқа оқушылардан ешқандай зəбір көрмесем де, мектеп маған бас мұғалімнің қабағындай ызғар шашып, суынып кетті. Сөйтіп, мен 1937–1938 жылдық оқу маусымының ақырғы сынауынан сіңірім ілініп əрең өттім.
Сабақ оқудың өзі қызық ойын сияқты білініп, оқыған сайын өрге тартқандай көңілі көтеріле түсетін жақсы оқушының қасиеті сол жаз менен тым аулақта қалды да, ыңғай ойыншы балалар- ды жанасалап, солар бар жерде ғана жасай алатындай, басқаша тіршілікке ойысып кеткенімді сезбей де қалыппын.
Емілдің терең бөгеу айдыны біздің көшенің  тұсында  ғана еді. Жазда балалардың үзілмейтін, ең думанды мекені сол бо- латын. Біз  содан шықпайтын “қара балыққа” айналып кеттік. Біздің   көшенің   балалары су өнерінің барлық түріне жетілді де, сол өнерлілерді  қуалай сүңгіп мен жетіскендей болдым. Жетіскен сайын жетіліп, ол  жетілу желік бітірді де, күндіз үй көруді қойдым. Қаладан 30–40-тан жиналып келетін балалар, біздің шеттің алты баласының қабағына қарап шомылатын хал- ге түсті. Алты “жайын” бірдей атылып, биік жардан секіргенде, шабақ балықша тым-тырақай қашып, көлді босатып бермесе жұтылатындай көреді. Бірақ, солардың ішінде “жайындардың” кезіккені ғана болмаса, ешқайсысы “жұтылмай” аман қашатын. Жəкен екеуміздің “дұспандарымыз” сол жазда, сол айдында бір- екі реттен шиқылдаған  соң келмей қойып құтылды.
“Жайын” дəрежесіне енді жетіп “абырой” тауып қалған мені əкем қатты масқаралады бір күні: дар басында жалаңаш тұр едім, қолында ұзын таяғы бар, ту сыртымнан келіп қалған екен:
– Оқу қайда?! – деп ақырып қалғанда бір-ақ білдім де, киімімді іліп ала қаштым.
Жалаңаш болғанда да, тырдай едім. Таяғын лақтырып кеп қалды, тимей қалған соң ала салып тағы қуды.
– Жыл оқып тапқаның алпыс номер! Алпыс күн ойнасаң да əлі  үй қарасын көрмейсің, сабақ қайда қалды? Бəріміз жалда- нып  оқытқандағы үмітімізді ақтағаның осы ма!... Алған бəйгең алпыс па!...
Қашып бара жатып естігенім осы сөз болды. Бұл сөзді естіген өзім ғана емес, су бойындағы балалар ғана емес, əкемнің зор дауысы
 
бүкіл көшеге жайылды. Бұрыла қашар басқа жол болмағандықтан, жар бойлап зытып, жалаңаш қалпымда көшеге шыға келіппін. Қуып келе жатқан құба таяқ, əй-шайға қаратар емес, ерсілі-қарсылы екі қақпаның алдына топталған екі топ қыз-келіншектің арасынан зы- рылдатып өте шығып, ат бойлап кететін төте жолдағы жоңышқаға кіре жөнелдім. Артымда дуылдап мазақ-күлкі сайрауда. «Алпыс номер» жайлы əкем тағы айқайлап, жар салып келеді, оның жетісе алмай сəл кейінірек қалғандығы ғана іш киімімді теріс болса да киіп алуыма мұрсат берді.
Енді бұл көшеге қайта көрінер жайым қалмағандай, əшкереленген
«алпыс номердің» үстіне айрандай төгілген бетіммен жер басты- рып, бірнеше күн үйден шығармай тастады. Əкемнің айтқан əділ таразылығы құтқармас құрсаудай бүріп алды мені. Одан кейін қайталай қыжырытпаса да, сол бір шыншыл сөгіс əр күні айты- лып тұрғандай бүре берді. «Екі аға жастық өмірін жалшылыққа кім үшін беріп жүр?... Інім кім үшін сауыс–сауыс сары ала боқшылыққа байланды. Жоқшылығына қарамай əке-шеше мені не үшін сетер етіп əлпештеп жүр! Диуана дегізбеуге тырысып, өздерінде жоқты кигізгендегі тапқаным осы масқаралық па!» Үйден шықпай көшірме кітап дəптерлерімнің барлығын жайып салып, соған үңілумен болдым. Біршама қиынырақ деген есептерді белгілеп алып, соларды басынан бастап қайта шығарып үйрендім. Мен де өзімдегі кемді толықтырып, жоқты іздеп табуым керек қой, қолымдағы барды əр саққа жүгіртіп пысықтадым. Пысықтаған сайын өзімді қиынға салудың талай есебі табылды. Оқыған аз нəрсемнің өзінен бұрын өзім ескермеген көп жұмбақ шыққандай. Соларды шешудің өзі ең қиын ойын сияқты. Басқа ойын іздеу ұмытыла берді. Бір шақ үйге шақырып отырғыза алмаған əке-шеше енді мені бір уақыт үйден шығуға, өзен бойына барып ойнап келуге қузайтын болды. Анда-санда шыға қалсам, əлгі
«масқара көшеге» баспай, ыңғай сырт жақпен жұрттың тынығатын мезгілінде ғана шығып жүрдім. Онан да қала ішіне кіріп қайтуым көңілді сияқты.
Жаз басында Үрімжіге шақырылып кетті деп естілген Керім Шиянжаң мен жол құрылысының бастығы – Құсайын сол бойы қайтпай қалыпты. Ол кеткендердің дерегін бала-шағалары да білмейтіндігін күзде естідік. Олар туралы ешкім еш нəрсе айта алмайды екен. Жұрт олардың бала-шағаларының ешкім ұрмай-ақ жүдеп, ешкіммен байланыс жасамайтын томаға-тұйық халге түсіп қалғандықтарын ғана біліпті. «Қолға алыныпты», «қамалыпты» дейтін суық хабар тым жасырын сыбырмен ғана таралып жүр
 
екен. Жұрт оларға «қиянаттан», «парақорлықтан» дегендей еш кінə тақпай ішінен ғана күрсінетін көрінеді.
Аудандық өкіметке Ли фамилиялы жаңа шиянжаң тағайындалып келіпті. «Бұл да Керім шиянжаңның орнын өгейсітпейтіндей, халыққа тым қайырымды кісі екен» деген сөз тарады. Бұл мақтау алдымен дау-шарға көп араласатын адвокаттан шықты да, рас солай екені жұртқа тез байқала бастады. Ли шиянжаң келісімен бірнеше жиындар ашып, халыққа жағымды сөздер сөйлепті. «Ұлттық мектептерді кеңейту», «қоғамдық ұйымдарды толықтап, олардың ісін батыл жүргізу», «клуб салу» істерін келе қузай жөнеліпті. Сол орындардың бəрін өзі жаяу аралап көріп жүреді екен.
Дөрбілжіннің батыс жақ бетіндегі «Жер Дөрбілжін» деп аталған ежелгі қорғанның шығыс жақ іргесін тегістеп, үлкен клуб салып жатқанын көрдім. Төрт бұрыш қорғанның дəл ортасында алғашқы заман айдаһарының басындай көрініп, қалқиып тұратын пұтхананы тып-типыл етіп, теп-тегіс кең майдан жасапты. Сөйтіп
«жын бар», «шайтан бар» деп біз маңайынан өте алмайтын ең қорқынышты өңір мəдениет орталығына, жарыс пен бəсеке май- данына айналыпты.
Жүздеген жұмысшының мұндағы қызу еңбегі біздің мектептің терезесінен көрініп тұрады екен. Тоғызыншы ай туып мектепке қайта жиналғанымызда, темір шатыры шегеленіп болған, тау заңғарындай клубқа шалқая қарап тамашалайтын болдық.   Мектебіміздің   маңы   былтырғыдан   қызық   көрінді.
«Осы қызықтың ортасында мен тағы бұзық аталамын-ау!» де- ген күдікпен келіп едім. Мұғалімдер бөлмесіне кіріп сəлем бергенімде «қара мысық» күржимей, құйрығын жыбыр еткізді, күлімсірей қарады Арысбек.
– Биғабіл, тізімдеткелі келдің бе? – дегенде турарақ қарап едім, рас жылы көрінді. «Атымды жап-жатық, дұп-дұрыс атады ғой!» деген таңданыс пен қуаныш аралас, жан-жағына енді қарадым. Расында Арысбек емес, осы бөлменің өзі жылынған сияқты. Мектеп меңгерушісі бейуаз Қалымынан басқа, гүлдей жайнаған жап-жас үш мұғалім келіпті. Бұлардың біреуі таныс, «өлген адам- ды да күлдіретін» мысқылшыл Дəулет Шəуешектегі мұғалімдік мектепте оқып жүр деген, Дөрбілжіннің өз жігіті. Демалысқа келген кездерінде бізбен аздап асық ойнаған, артықсынуды білмейтін жігіт сияқты көрінген. Биылғы жаз терең бөгеуге барып шомылғанда біздің «жайындар» оны су астынан бірер рет тарта кетіп шиқылдатуға қимап еді, сонымыз жақсы болыпты!
 
Жаңа  мұғалімнің  тағы  біреуі  –  сырт  таныс,  дөрбілжіндік Мақат – асқан кербез, сұлу, сылқым көрініп еді, сонысынан ғана секем алмасақ күдірейіп гүрілдерліктей «қара мысығы» жоқ қой, əйтеуір.
Менің көзімді ең көп тартқаны – бұрын мүлде бейтаныс, жылы жүзді ақ сары мұғалім болды. Аты Танысқан екен. Бет пішініндей үні де жарасымды, жатық та анық сөйлейтін шешенділігімен көзімді тартса, жоқтамаға қарап бір рет шақырған соң-ақ атымды біліп ала қоюы – өзімді тартып ала жөнелгендей болды. Оның сабақ өткендегі барлық кейпі зор өнер сияқты көрінді маған. Сөйлеп тұрғанда оның көкшіл көзінен таса ешкім қалмайтындай. Сөйлеген тақырыбынан күңгірт еш жай қалмайтындай. Ай мен күндей, əлемге бірдей, өз денесінен нұр шашып тұратындай əсерлендірді. Сабағымыздың барлығы көшірме еді. Өз сағатында əр сабақтың лекциясын тыңдап, конспекті көшіретінбіз. Ал көпшілігіміз Тынысқанның өткен сабағын сол сабақтың өзінде-ақ игеріп алатын болдық. Есеп сабағын тағы да Арысбек жүргізіп, күніне бір рет «текекөз» аталғаныма жасығанды қойдым. Күніне екі не үш сағат біздің класта болатын Тынысқанның тыныс беруімен менің тұтық үнім ашылып, күрмеулі тілім шешіле бастағаны байқалды. Сабақтастар іркіліп қалған сұрауларға əмсе мен құлшынып жауап беретін болдым.
Сөйтіп əр күні көзге түсіп жүргендігімнен болса керек, бір күні түстен кейін мұғалімдер тобымен кіріп келді де, ең алдындағы Тынысқан мені нұсқады:
– Міне, мынау болады!.. Биғабіл, түрегел! – деді, мен орнымнан атып тұрдым. – Алдымен осыны жаз! – Қағаз алып кірген Дəулет мұғалім менің атымды жазғандай болды, Арысбек мырс ете түсті:
– Сайтан білсін!.. Бұдан не шығады! Неше жүз адамның алды тұрмақ осы класта тақтайға шықса ес-ақылы қалмайды, сахнада бедірейіп тұрсын деймісің?
Менің жүрегім зу ете түсті.
– Жоқ, ең өткірі осы, осындайдан шығады!
– Өлең айтқызып көрсек қайтеді, – деді Дəулет, жатып атарлығымен мені бір қинап алғысы келген сияқты.
– Қазір өлең айт деп қыстаса сен де айта алмай, бұқаша божбия қаларсың! – деп Тынысқан күлді оған. Аздаған шұбары бар, май басты жуан Дəулетке қарап түгел күлісті, – мұның хорға жақсы қосылатынын байқағанмын. Біздің орындайтын номерлеріміз өлең ғана емес қой, декламация да, пьесса да болады. Бəрін де үйренеді бұл, əлі ашылады! Тынысқан мені солай мақтап бекітті де, Бексапа
 
мен Қиялзатты атады. Бұл екеуіне ешкімнің пікірі болмады. «Ең жоғары класымыз осы» десіп біздің кластан жеті-сегіз «əртісті» бір-ақ тізді сөйтіп. Арысбек қипыжық қағып, нұсқай түссе де, оның «мықтыларын» жаңа мұғалімдер қабылдамады. «Қой, ол өгіздерді» десіп қалды күбірлеп қана.
«Дес  алуымыздың  басы  осы  дескендей,  біз  бұл  сөзді естіген соң бір-бірімізге қарап жымиысып алдық. Тынысқан Дөрбілжін клубының ашылған тойына, жаңа сахнаға қойылатын ойын дайындығына шығатындығымызды айтып, бізді ерте жөнелгенде, Бексапа менің иығыма қолын арта шығып, арқамнан қағып-қағып қойды. Жалт қарасам, жазғытұрымғы менің руха- ни ойраншылығымды көргендегісіндей, сарғыш көк көзі тағы да қызғылт тарта қалыпты. Қуанышқа да, қайғыға да ортақ, шіркін достық көңіл күйіміз тағы да іштен білісті.
– Тайыншаларын жасырып емізгеннің үстіне, жемдесе де жеткізбейік! – деді, – енді «өгіз» аталды ғой!
Менің қауіпім олармен емтихан мəселесінде болмай, енді көзіме сахна қатері елестеп, көңілімде «қорыққан адамнан жағымды үн шыға ма, енді көп халықтың алдында сахнада масқараланбасам не қылсын!.. Көшеде жалаңаш қашудан ол қиынырақ болар-ау!» де- ген үрей кеулеп келе жатқан.
– Сахнада үнім шықпай қалса, не сөзді ұмытып қалсам қайтемін, ей!? – деп үдірейе қарадым Бексапаға.
– Несі бар, сөзін мұғалімнің бірі айтып тұрады! Жəне сахнада сені ешкім “текекөз” деп жасытпайды ғой, біреу қасақана айтса да текірейіп алып соға  бермеймісің!..
Жаңа талаппен бірге туған жаңа күдігім жайына қалды. Тынысқан менің əлсіздік жағымды білетін сияқты, маған “қатерлі міндет” артпай, орындай алатын рөлімді тауып отырды. Бірнеше оқушыдан құралған хор номерлеріне шығарғанда, дəл артыма қаймықпайтын өр дауысты Қиялзатты, қатарыма жіңішке үнді, өткір  Бексапаны тұрғызды.
Мен өз əсерімен баурап, жаңа рухта тəрбиелейтін талантты- ларды алғаш рет осы ойын дайындығында көрдім. Айтбектің аспан қамшылайтын болат шыбықтай асқақ əні, Тынысқанның нəзік толқынды скрипкасы, Дəулеттің іштен бұра түсетін күлдіргісі жай тамашашылардың өздерін де əртіске айналдыра- тындай. Бұл үшеуіндегі қабілет осы айтылған үш түр ғана емес, əрқайсысы сан қилы рөл атқаратын тума əртістер болып шықты. Əсіресе,  Айтбек  пен  Дəулет  бас  қосқан  жерде  көп  қапалы,
 
ішқұсталықты көп көрген ер, əйел неше жүз өнерпаздың бір үйде бас қоса қалғандағы ойынындай думандатады екен.
Сахна шығармаларымен қамдап, жаттығуды басқарып жүрген Елсадықтың режиссерлігі мен суфлерлігі мені бəрінен де жоғары мектеп сияқты қызықтырды. Ол қандай кейіпкердің, қай сипаттағы сөзі болса да, əртістерге дəл өзіндей сөйлеп үйретіп жүрді. Сахна шығармасын оқып ойната отырып, қарапайым қоңыр ғана үнмен қыз да, кемпір де, шал да, жігіт те, олардың ішінде батыры да, қорқағы да, ұялшағы да, өткірі де болып жүз құбылысын да дəл бейнелеп үйретеді. «Əртістердің əртісі де, ми көзі де осы кісінің өзі екен» деп түсіндім мен. Бұл кісі суфлер болып отырғанда мен де əртіс болып шыға алатын сияқтымын. Əр күні түстен кейінгі уақытта жаттығу өткізген соң қолында бар əртістеріне Елсадық қатты разы болды:
–  Сіздер  арқылы  əрқандай  үлкен  драманы  орындауға  бола- ды екен, – деді де күрсініп алды, – біздің осы елде əйелдер өте артта қалған ғой, артисткадан жоқшылықты көбірек тартатын сияқтымыз. Жаңа ашылған қыздар мектебінен «қарызға бірнеше қыз сұрап ала тұрамыз», бірақ, олар «маймиып, қаймиып» қанша қатынаса алар дейсің жəне олар қыздан басқа əйел болуға тіпті де разы болмас.
– Одан қам жемеңіз, – деді Айтбек. – Қыз əкеліп берсеңіз болғаны, шешесі де, шалы да өзім болып шығамын.
– «Əкесі боламын» демей, «шалы боламын» деуін қарашы мына азбанның! – деп Дəулет оның иығынан түйіп жіберді. Жалған күйгелектікпен, күреңітіп божбия қалды өзі, – сенен басқа «шалы» боларлық ешкім жоқ па екен!
Біздің сабақтастар ду күлді. Елсадық бізге бір қарап қойды да:
– Оқушылар отыр, жігіттер! – деп күбірледі, – тəртіп алдымен өздеріңізде болуға тиісті. Алдын ала айтып қояйын, қазір бізге көмектесуге қыздар мектебінен екі-үш бойжеткен келеді. Оларға туысқан ағаларыңдай қамқор болыңыздар! Əрқандай бейбастақтық болмасын, мұндай қалжыңның иісі де шықпайтын болсын, үркітіп аласыздар!.. Оларды бар ой-саналарыңызбен көптеп қатынасуға қызықтырыңыздар!.. Бұл – біздің қоғамымызда тарихи, зор жұмыс. Ең қатты қарайтын тəртіп осы, артисткаларды тек осы тəртіппен ғана тəрбиелеп шыға аламыз!
– Үйрене келе біздің мына азаматтардың өздері де қыз рөлін алып шығатын болады! – деп Тынысқан бізге үміттене қарады, – қараңызшы, қайсысы қыздан кем!
Дəулет маған қарап жымиды:
 
– Əнебіреуі тіпті мөлдіреген қара көздің дəл өзі.
Бірнешеуі қатар күлгенде, мен төмен қарай бердім. Ұялыңқырап қалсам да жақсы лепес сезіндім. Осы таңертеңде бір рет «текекөз» аталып едім ғой? Бұл жəбірді Қиялзат Дəулетке айтқан болып, көпшілікке əшкерелеп тастады:
– Мұғалім, класта Биғабіл «Текекөз» деп шақырылудан қатты жасиды! Қазір де есіне сол түсіп қызарып отыр!
Елсадық маған бағдарлай қарап алып сөйледі:
– Жоқ, олай емес, əсте теке көз емес! Текенің көзі қандай болу- шы еді, – мен онан сайын тұқырдым, – бұл баланың кішілеу көзі қаншалық ашуланғанда да тасырайып көрінбес. Ол оты бар нағыз өжет көз! Адам көзінің отынан талай үміт күтуге болады.
Арысбек мұғалімге көзімнің қиығымен қарап қойып едім. Ерні мен мұрны жыбыр-жыбыр етіп, ол құйқылжып отыр екен. Біреуге жағайымсырау да, иə қағытпа сөз айтарда осылай тұла бойымен күліп, құйқылжып кететін.
– Мұның кей кезде бедірейіп қалатыны бар, – деп, сөзінің жалғасы бардай тамағын кенеп-кенеп қойды. Бірақ жалғасын Елсадық күтпей сөйлеп кетті. Тегі ұялшақ оқушыға тағы да дық салатын сөзді сөйлетпейін дегені болса керек.
– Менің атам Құрман деген кісіні өз заманында «Қоңыз» деп атаған екен, – деп қалып еді, мұғалімдердің барлығы ықылас қойып қарай қалды, – сол кісінің қоңызға ұқсарлық титтей де белгісі жоқ еді. Жуандығына қарай бойы да бар болатын. Əртүрлі жағдайда ұнамды–ұнамсыз заттар тағыла да береді.
Бір столдың үстінде аяғын салбырата отырған Бірке мұғалім мұртын бір сылап қойып, еңкейе түсті Елсадыққа.
– Əңгіменің қызығы енді келді! – деп жымиды ол, – біз жаттығуға əйел балаларды күтіп отырмыз ғой, ал Елеке, олар келгенше сол
«Қоңыз» батыр жөнінде əңгімелеп беріңізші, орайы келе қалды!
– Ол недəуір ескірген заманның адамы ғой, қазіргіге дұрыс есқатар жайы жоқ!
Дəулет пен Айтбектер қузай түсті.
Мəнчің хандығына қарсы адамның көміліп қалған əңгімесін енді ашық естісек, не қатесі бар! – деп Тынысқан орындығын сүйрей барды да, Елсадықтың дəл қарсысына барып отырды.
–  Шынжаң тарихи жөнінен таза тақырамыз, Елеке!
– Шынжаңда Мəнчің хандығына қарсы көтеріліске ең күшеп қатысқан кісінің бірі Қоңыз батыр деп қана естігеніміз бар, – деді Арысбек, – сол кездегі мекені қай жер ол кісінің?
 
– Осы Тарбағатайдың теріскейі екен, – деп Елсадық жауабын қысқа қайырып, біраз кідірді. – Ол кезде шекара шектеуі болмаған. Ол беттен бұл бетке қазақтар ауыс-күйіс жүре береді екен. Мал ауысып, сүйек шатыс құдалығын, туысқаншылық байланыстарын қуалап, аралысып тұратын. Əкесінің туыстары түгелімен осы жақта болған соң, Құрман дерлік осы жақтың адамы сияқты жүріпті.
–  Осы Шынжаң Мəнчің хандығына қашан қараған?
– Ол кезде Шынжаң деген атау жоқ қой. Еренқабырға тауының оңтүстігі Қашқария, солтүстігі Жоңғария деп аталған моңғол бо- даны болған. Жоңғарлар батысындағы көрші қазақтарды (сол кездегі ынтымақсыздығын пайдаланып) көп ойрандаған. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» деп аталған жұт қырғындар сол жоңғар шапқыншылығының естеліктері. Тек қазақтардың басын қосқан Абылай ханның тұсында ғана жоңғарлар ойсырай жеңіліп, шығыс жағынан кірген Мəнчің армиясына жем болыпты. Ал, Қашқарияны Аппақ қожа өздігінен өткізіп берген соң, Мəнчің хандығы  екеуін  қосып,  «Шынжаң»  яғни  жаңа  шекара,  «Жаңа жер» деп атаған екен. Бұл атау 1758 жылдың алды-артында ғана шығарылған сияқты.
– Көтеріліске Қоңыз батыр қашан қатысқан?
– Ал, Мəнчің хандығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісі көп болған ғой, 1866 жылы осы Мойынтал төңірегінде – Еміл бой- ында болған бір соғысқа қатысып қалған екен. Қатысайын деп те қатысқан емес, тосын кездесіп қалған көрінеді.
– «Бор батырдың көтерілісі болып жатыр, Шəуешектегі туы- стар тұрмыс жағынан күйзеліп қалыпты» деп естіген теріскей жақтың елі көмекке бірнеше жүз қой, жылқы жиып, туыстары- на таратып беруге Қоңызды басшы етіп жіберіпті. Ол кісі де батырсымақ болғандықтан, найзасын тақымына қыстыра жүретін адам екен. Тарбағатайдың бергі бөктеріне малды өткізісімен, «ер азаматтың барлығы Емілде Мəнчің армиясымен соғысып жатыр» дегенді естіген Құрекең Қарабас атымен шауып ала жөнеліпті: жалғыз батыр жау жеңе ме, ел аузының көпірме сөзі болса ке- рек, немесе бір абыройдың орайы келген болар, Шəуешек пен Мойынталдың  арасындағы  бір  жазықтан  самарадай  болып  екі- үш жүздей көтерілісші көрініпті де, Құрман соған жете берген- де тұс-тұстан үкіметтің қара құрым атты əскері келіп қалыпты. Қоршауға түскенін білсе де, Құрекең көтерілісшілердің сол бір тобына ызғытып барып бір-ақ қосылып дейді. Мəнчің армиясы қоршап жоғалту пиғылымен шеңберін тарайта беріпті. Ол кездегі
 
соғыстың бастама дəстүрі жекпе-жекке шақыру, дауыс жетер жер- ге келгенде көтерілісшілердің бір басшысы айқайлап, жекпе-жекке шақырған екен, жау жақтың қолбасшысы оған жауап қайтармай, садақпен атқылауға бұйырыпты. Бас батыр – қолбасшының өзі ғой. Қоңыз атын тебініп қалып, дəл соның өзіне найзасын ке- зей ұшыпты. Қарабас сайысқа дағдылы өте шапшаң ат екен. Қорғаушылары жебе іліп көзеп, садағының адырнасын тартқанша Қоңыз құйғытып барып, найзасын өндіршектен сүңгітіп үлгеріпті дейді. Қолбасшы қорқырай құлағанда, қорғаушылары тым- тырақай қашқан екен. Қоршау ыдырап, армия шегіне бастапты. Қоңыздың соңынан көтерілісшілер де шабуылға өтіп, оған сырт- тан көмекші қол да келіп қалған екен. Мəнчің армиясы быт-шыт болып шығысқа қарай бөліне-бөліне қашыпты.
– Бор батырдың Шəуешектегі жеңісі – Қоңыздың осы ерлігімен болған деп үлкен ағамыз айтушы еді, бірақ мұның қаншасы рас, кім білсін. Ауыз əңгімесі қашанда əсірлеуімен өсіп кетеді ғой. Бірнеше шежірешіден мен де дəл солай естіп едім, дұп-дұрыс екен.
– Сол кезден хабары бар адамның бəрі де осыны айтады! – десіп кексе мұғалімдер де, Арысбек те, Бірке де растап қойды.
– Көтерілісші дүнгендер мен ұйғырлар, тіпті қазақтың да көпшілігі Қоңызды бұрын мүлде танымайды екен. Бір «Қарабас» атты қазақ келіп осыны істеді деп Шəуешекте көтерілісші қолбасшыларына хабарлапты. Жау беті мықтап қайтарылған соң Қоңыз көмекке əкелген малына қайтып бара жатқанда, алдынан көп адам шығып, Қарабас атынан таныпты да, оны ақ киіз, кілем жайып түсіріп алыпты. Ол кездегі жергілікті халықтың салтын- да ең зор құрмет ақ киізге отырғызып көтеру ғой. Шəуешекке ақ киізбен көтеріп апарыпты. Қоңыз əкелген малының бір бөлігін Бор батырға тапсырып, көп сыйлыққа бөленген малшы- ларын қайтарып жіберіпті де, өзі Бор батырмен бірге Мəнчің армиясын қуып кетіпті. Одан кейін қаншалық ерлік көрсеткенін білмеймін. Əйтеуір, Үрімжіге, одан Шынжаңның сол кездегі орталығы Гушыңға дейін жау қуысып барып қайтқаны рас екен. Манас өзенінің басындағы бір шатқал қазірге дейін «Қоңыз бекінісі» деп аталып жүр.
– Бор батыр кім өзі?
– Көтеріліс қалай жеңіліпті?
– Бор батыр – дүнген, кəсібі – арбакеш дейді. Көтерілісте күшімен, ержүректілігімен көзге түсіпті де, сол реткі көтерілістің қолбасшысы    болып    шығыпты.    Ол    Шынжаңдағы    Мəнчің
 
генералдарының əрқандай қысымына шыдап күрескен табанды қолбасшы болған екен. Бірақ, өзінің жақын дүнгендерінен сатылған бір тыңшының уынан өліпті. Көтерілістің көбін осылай, басшыла- рын жансыздар арқылы өлтіру жолымен жаныштап отырған ғой.
– Мəнчің хандығының Шынжаңдағы өктемдігі құрымаса, Елекең осы тарихты ішінде шірітер еді.
– Бұл əңгімені сөйлетуіміздің өзі де бостандықтың нəтижесі ғой, – десті мұғалімдер.
– Ереке, сіз бұрын сол атаңыздың атын атаудан да қорқып келдіңіз-ау деймін! – деп Дəулет күлді, – қазірге дейін соның белгісі бар, ыңғай бұққан адамша жүресіз.
Елсадық кең тыныстағандай соза күрсініп алды:
– Ұлттар ынтымағы жағынан алғанда қазір де пəлендей жарақты əңгіме емес қой бұл. Қолқалаған соң түскен көңілшектігім болма- са, тарихшылығым қай тасып жүр дейсің.
Есіктің өз сықырындай ғана өте ақырын шертілген дыбыс естілгенде ұстаздар өздерінің ұстазы келіп қалғандай елеңдеп орындарынан тік тұрысты. Елсадық бəрінен бұрын тұрып барып, қазақ ұйымының қақпасынан мен алғаш көргендегідей, есікті кең ашып тастады.
– Келіңдер, балалар, келіңдер. Бəрі өз аға-бауырларың, тартынбаңдар!
Үш   бойжеткен,   Елсадықтың   əлгінде   ғана   айтқанындай,
«маймиып-қаймиып» əреңге кірді. Үзіліп кетердей əрең басады аяқтарын. Драманың айтыс-тартысына қалай шыдар екен деп жаның ашығандай. Жуан тұғырлау, үкісіз төбетайлы қып-қызыл бойжеткен мойны талып кеткендей басын бір кекшең еткізді де, батылдыққа бекігендей ширай өрлеп, төрден бостатып берген ұзын орындыққа алдымен келіп отырды. Талшыбықтай бұралған сұңғақ бойлы ақ сұр қыз да, қара көзі шоқтай жайнаған қара торы қыз да желкелеріне тастаған орамалдарының ұшынан ұстап, буында- ры құрып кеткендей сылқ-сылқ ете түсті орындыққа. Бірінен-бірі өткен ұзын бұрымды əсем қыздар екен. Келбет жағынан мектеп бойынша таңдамалылары болса керек.
Айтбек пен Дəулет өздеріне бітіп көрмеген бейтаныс əдептің бəрін жиып алғандай, сыпайылықпен тік тұра қалыпты. Танысқан оларға миығынан күле қарады да:
– Сендер де отырыңдар, момындарым! – деп отыра кетті, – қыз рөлін ойнай алады екенсіңдер!
Дəулет отыра бере, Айтбекке ренжи қарап қойып сөйледі:
 
– Мынау қыз бала бола алмайды, жаңа көрдім, мұрны қолағаштай екен, кемпір болсын!
– Сенің мойның жетісіп-ақ түй, пішіт əдиахал майтұмшығым!
– деп Айтбек бет аузын кемпірше тыржита қойды. Езуі бір жақ құлағына жете қисайып, қалың ерні адам баққысыз салпия қалыпты. Бөлме іші күлкімен ду сілкінсе де, ол екеуінде жымиыс ізі де жоқ, біреуі ренжісіп, біреуі салпиған күйі аңдысып отырып қалыпты. Қыздар сықылық қағып тұншыға күлісті.
Салқын шырайлы Елсадық мырс-мырс күліп, қыздардың күлкісіне зейін қоя қарап алды.
– Балалар! – деп қалғанда олар күлкісін тез жиып, қарай қалысты, сонда да шиқ-шиқ ете түсіп отырды. Елсадық олар- ды көзқарастарынан да бажайлай жалғады сөзін, – тұңғыш рет көріп отырған клубымыздың тойына арнап, соның жаңа сахна- сына театр дайындамақшымыз. Сіздердің көмектесулеріңізге мүдираларыңыз – («мектеп меңгерушісі» деген сөз, арабша əйелдерге «мүдира», ерлерге «мүдір» айтылады. – Ред.) Талиға рұқсат еткен, айтқан шығар?.. Əр күні түстен кейін мұнда келіп қатынасуларыңызды ұйым жағынан үйлеріңізге де айтып рұқсат алғанбыз.  Ешқандай  сөлекет  іс  болмайтынына  сендіргенбіз. Ол сенімімізді осы отырған бəріміз ортақ атқарамыз. Кей күні кешірек тарайтын жағдайда үйлеріңізге ұйымның арбасымен жеткізіп тұрамыз. Ойын қойылып болғанша, сабақтан ақсамау үшін іңірді, таңертеңгі уақытты мықтап пайдалана тұрсаңыздар болғаны!  Ал  сіздер  бұрын  үйде,  əке-шеше  қормалдығында ғана өстіңіздер ғой, əлеуметтік күреске, қоғамдық өмірге қатынасуларыңыздың басы осы. Мұның өзі сіздер үшін үлкен мектеп.  Ойын-сауық  тəрізінде  көрінгенімен  мұны  да  мектеп деп танып қатынассаңыздар орасан зор мектеп. Мектеп бола білу үшін жарамсыз мінез-құлықтардан сіздерді сақтайды. Қорғанбайтындай, батылдықпен қатынасыңыздар!..
– «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» – деп қойды Дəулет. Айтбекке тағы да сол ренжулі қабағын көрсеткеніне əр жерден күлкі қайта шықты.
– Иə, бəріңізге айтқаным, – деп Елсадық сөзін күлімсірей жалғастырды,  –  біз  көп  артта  қалған  халықтың  балалары- мыз ғой. Мешеулігімізден мазаққа, қорлап–қомсынуға көп ұшырап, қорсынып–жасып өскен ұрпақпыз! – Бұл сөзге кел- генде Елсадықтың көзіне жас іркіле қалды, – ең өжеті – өнер шығарады  деп  жиып  отырған  осы  топтың  өзінде  де  сондай
 
жасықтар баршылық көрінеді. Бір-біріңізді мазақтап, жасыта түсу жағында болмай, қайрап жетілдіре түсу, қолдап өрлете түсу жағында болыңыздар!.. Семіп қалған ұлттық мəдениетіміздің өніп-өсуден үміткер ұрығы – сіздер деп сеніп отырмыз. Өркендеріңіздің күн санап өсуін, пəк-таза өсуін төрт көзбен күтуден басқа, қартайған біздей аталарыңыздың өнер үйретер шағы өтіп кеткен!
Елсадық көнетөз көк бешбетінің жанқалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Жаңа ғана жайраңдап отырған күлкінің ізі қалмай, жиылғандар жым-жырт ойлана қарасып отыр еді, – неткен қазымыр шал деп қалмаңыздар, бұл айтпаса болмайтын сөз! – деп қайта күлімсіреді, – ал енді басталық!
– Мұндай сөздің көптігі бола ма!
– Елеке, дəл мұндай шипалы сөзді мен бұрын естігенім жоқ, қалжың емес!.. Енді бірер минут сөйлесеңіз мына жынды да жы- лап жіберіп, жазыла қалар еді! – деп Дəулет тағы күлдіргенде, жаттығуымыз бастала кетіп, алдымен Дəулеттің өзі шал болып отыра қалды.
«Тергеушім», Елсадық деп аталған осы кемеңгер сойқанның шыншылдығы мүңкіп тұратын, осындай жиіркенішті нəрін аш бөріше қомағайлана сіміріп, əр сөзін қақас жібермей, қызыға тыңдап едім. Осы материалды оқығанда сіздің де көзіңіз қызарып кеткен шығар. Əсіресе, əлгі бір бейғам сөйлей салған тарихи əңгімелерін, ұлттық мəдениет жөніндегі мұңын қазіргі күнде қандай жанкешті сөйлей алар! Осы сойқан сіздің қолға бір түссейші, шіркін! Қысып отырып, қырындысына дейін шығарып алсаңыз, соның өзі-ақ сіз үшін өмірлік азық болмас па еді!..
Амал қанша, ол сіздің қолға енді түспейді, сізден бұрын оны Шың Сысай жалмап кеткен. Сөйтсе де, өкінбейміз, менің əлгіндей қылмысымнан нəр алып қалған шəкірттері қолыңызда ғой, бұлардың еті қандай жұмсақ!

VI

Елсадықтың   уақытты   қайдан   табатынын   біз   ұға   ал- май таңқалып жүрдік. Ол кісі жаңадан құрылған бір үлкен ұйымның бастығы ғой, бірақ, ұлттық мəдени-ағарту жөніндегі үлкенді-кішілі жұмыстың бəріне де оның жүгіріп жүргенін көреміз. Қыл аяғы сахнаға керекті киім-кешек пен қазақ тұрмысының декорациясына да сол кісі жүгіреді. Мəселен:
 
Сасық байлар қызының киімін, киіз үйдің басқұры мен аяққабын басқа қызметкерлерге бермей, сол кісінің қолына ғана тапсырады. Мезгілге, заманға, саясатқа лайықты хор текстері де, мектеп өлеңдері де сол кісінің қолынан шықпаса дəмі  татымай  жүрді.  Ешқандай  сабақ  өтемей-ақ,  ол  кісі қайсы оқушының сабаққа қандай екенін де айтып жүреді. Кейде  тіпті  бұл  жөніндегі  шын  бағаны  сол  кісінің  аузы- нан е стиміз. Елсадықтың соншалық албарынды болып, бар ұсақ-түйекке араласып жүруінің пайдасын көп өтпей көрдік: е сік  ашу  салты  өткізілісімен-ақ,  Дөрбілжін  клубы  ұлттар мəдениетінің, əрбір мектептің жарыс, бəсеке орнына, сынау мектебіне айналып кетті. Қала ішіндегі ұлттық алты мектеп пен ұйымдардың қойған концерт-театрлары билет сатылып халық алдында қойылуымен қабат, комиссия бағасынан өтіп, нəтиже сі аудандық өкіметтің алдындағы қара тақтаға жазыла- тын болды. Жаңа жыл қарсаңымен сол клубта алты мектептің қатарлас кластары бойынша қо спа емтихан алынып, оның да кластық жалпы нəтиже сі жарияланды да, озғандары сыйлан- ды.
Қыстың ұзақ іңірлерінде барлық мектептің алдыңғы сынып оқушыларына қоғамтану сауатынан Ли шияжаңның (мектеп ди- ректоры) өзі сол клубта бір ай лекция өтті. Тағы да Елсадық пен Тынысқан екеуі ұйғырша аударманы екі жағымыздан қазақ тіліне аударып түсіндіріп отырғандықтан, бұл курстың да қоспа емтиха- нынан жақсы өттік!
Бірақ,  бұл  лекцияларда  көбірек  аталған  Маркс  пен  Дарвин бізге қиын жұмбақ ретінде қала берді. Бұл курстың мақсатын ар- тынан түсіндік: бізбен бірге қаладағы барлық мұғалім қатысып еді, анығында біздің атымызбен соларға ашылған курс екен.
Өзімізге бұрын бейтаныс қызулы бұл қимылдың барлығы қоғамдық бір алып тауықтың сан мыңдаған жұмыртқа шайқап жатқандай еді. Сол кең бауырдың қызуы əсіресе біздейлерге дөп тигендей, тез жандана бастады. Бірақ, сол алып тауықты алғашқы кезде «Шыңдубан» атамыздың өзі деп қана түсініп, Ли шиянжаң мен Елсадықтарды соның жылуы ғой деп қана танығанбыз. «Шың Сысай емес, біз» деп ол шақта коммунистердің қайсысы айта қойсын.
1938–1939 оқу жылының сол қысын біз майда шуақ көктемдей сезіндік. Емілдің қатерлі мұзын кесе, қызыл суын кеше жүріп, күндіз  болсын,  түн  болсын  əрқандай  бəсекені  қалмай  өткіздік.
 
“Жанасқыш  тайыншалар” осы жағдайда да ұрлап емуін қоймап еді. Біз онысын елемейтін де болдық. “Мейлі жасырын емізгенді қойып, желінін кесіп берсе де, біз олардан енді мұқала қоймаспыз. Олар  мұғалімін шылп-шылп емгенімен, өмірдің өзі емізіп жатқан бізден озғанын көрерміз” дестік.
Жаздық демалысқа шыға, аудандық қазақ-қырғыз мəдени- ағарту ұйымы Бексапа мен мені көшірме хатшылыққа тартты да, біз демалыстың үш айына “бала қызметші” болып істедік. Жиырма сəріден еңбек ақымыз бар. Күзден бастап орталау класқа шығамыз ғой.
“Орталау  қазақ  болар  жылды  өз  еңбегімізбен  қарсы  алып ұқсақ  қандай жақсы!” деп құлшына кірістік. Міндетіміз – ауданға қарасты  барлық райондағы қазақ түтіндерінің сандық тізімін ке- сте  бойынша реттеп көшіру екен.
– Алдымен əр районның əрбір зəңгілігі бойынша белгі қойылған оқушыларды айырым-айырым дəптерге бір көшіріп шығыңдар! – деді Елсадық, – биыл сендердің мектептерін – орта- лау мектеп болып кеңейеді. Қалаға келіп оқи алатын ауқаты бар семья балалары түгел осында келіп оқиды... Жаңа салынатын мектептің орнын көрдіңдер ме, жер жамбылдың оңтүстік-батыс бұрышы. Бұл мектеп аудан  бойынша, тіпті аймақ бойынша ең көлемді,  ең көрікті мектеп болып, клубымен, жатаханаларымен салынады. Ұйым бұл мектепті салу үшін, қазақ байларынан екі мың қой жинады!
Бексапа маған қарап күлімсіреп қойып күбірледі:
– Аудандағы барлық бай балалары келіп оқыса, “жанасқыш тайыншалар” тағы көбейеді екен ғой!
– “Жанасқыш тайынша” деген не?– деп Елсадық елеңдей сұрап еді, сары Бексапа қызарақтай күліп, жауабын маған жалтақтай түсіп  қайырды:
– Бай балаларының көбі мұғалімдерімен тең жүреді. Емтихан уақытында кей мұғалімнің етегіне жабысып, сұраулардың жауа- бын  айтқызып алады. Биғаділ оларға “жанасқыш тайынша” деп ат  қойған.
Елсадық күлімсірей сұрады менен:
– Ал оны бұзау демей  “тайынша” деп атауың қалай?
– Олар, – деп кібіртіктедім мен, – ондайлар... Қысыр емген тай- ынша сияқты  күйлі... Дүмдей-дүмдей болады:
Елсадық даңғырлаған үнімен қатты  күлді,  – “Дұрыс! Дұрыс! Дұрыс атау”, – деп ар жағындағы жалпақ столда отырған Ақыш
 
атты бухгалтерге қарады. Сөзге де, күлкіге де көп қатынаспайтын ол сылқ-сылқ күліп еді.
– Ал олар сұрағанада мұғалімдер айтып бере ме? – деп жыми- ды. Алдындағы есеп цифрларына қарай отырып, оған жауапты Бексапа  анықтап  қайырды:
– Кейбірі тіпті айтып беруі үшін маңайлайды. Бірақ... бір-екеуі ғана... басқасы бар оқушыға  бірдей.
–  Педагогикаға  бүтіндей  жат  қылық  қой,  ə!–  деп  күрсінді
Елсадық.
– Безобраз – деді Ақыш, –“қыз жымимаса, жігіт күлмейді” де- ген мақал бар, айтып бермейтін мұғалімнен оқушылар сұрай ал- майды тегі, жапсарын сипалап тауып дəніккен оқушылар бар ғой! Елсадық қызықсына қарады бізге:
– Кластарыңда  “жанасқыш тайынша” нешеу еді?
– Əр класта бар, – деді Бексапа – біздің класта үш-төрті бар.
– Мұғалімдерден сендер сұрамайсыңдар ма?
– Біз сұрай  алмаймыз,  сұрасақ та айтпайды.
“Емізіп қоятын” мұғалімдердің кім екенін олар бізден сұрамады да, біз айтпадық.
– Оқушылардан не қиын сөз шығып тұрады, иə! – деп Ақыш тағы   күлімсіреді. – Оқушылық деген адамның ең қызық шағы ғой, шіркін!
– Оқушылар – тамыршы да, сыншы да ғой. Əсіресе қазіргі біздің оқушылардың көбі мектеп есігін əр қилы тұрмыс көріп, ес жия келіп ашқан. Бұлар мұғалімнің əр қылығын мүлт жібермей байқап отыра- ды. Бұлармен уақыт тауып сырласып тұру қызық-ақ. Өздерінің дұрыс тəрбиеленуі үшін не істеу керек екенін өздері  үйретеді... Жарайды, балалар, бұл тілектеріңді ұқтық. Алдағы оқу  маусымында бай бала- лары көбірек келгенімен, қолдан келісінше жанаса алмайтын етерміз. Олай ету, əсіресе солардың өздерінің білім алуы үшін қажетті жұмыс. “Көш жүре түзеледі” дейтін мəтелді түсінесіңдер ме?
– Иə, бəрі де ақырын-ақырын түзеледі. Бірақ, əрбір оқушы бұл мəтелді өзіне қолданса дұрыс емес. Сіздер өз кемшіліктеріңізге кешірімсіз қарап əдеттенсеңіздер ғана жақсы адам  боласыңдар!.. Ал, менің бір жұмысым қалып барады екен, кеттім. Белгіленген оқушылардың тізімін тезірек көшіріп берсеңіздер болғаны, басқасын  асықпай, сегізінші айдың соңына дейін бітірерсіздер. Демалыс  уақыттарыңызда қарсы бөлмедегі кітапханаға кіріп, га- зет оқып тұрыңыздар. Қазір дүниеде қатерлі де, қызық та оқиғалар болып  жатыр.
 
Біз сол санды мəліметті көшіре жүріп, ұйымның мəдениет бөліміндегі кітапханаға əуестеніп алдық. Бірақ, дүниенің – “қызығы” мен “қатерінің” қай жерде екенін, əрине, бірден ұға алмадық. “Шынжаң” газеті мен “Тарбағатай” газетіне 1938 жылы күздегі санда- рынан бастап “Мюньхен шарты”, “фашизмнің білік бірлеспесі” сияқты біз білмейтін сөздер шығыпты. Тісіміз батпайтын “білік-бірлеспені” былай тастап, дүниеге үш жау пайда болғанын ұқтық. Олар – Гер- мания, Италия, Жапония фашизмі,  барлық қатал  сөздер осыларға қаратылып тұрғандықтан, Жапония Жуңгоны жұту соғысын жүргізіп жатқандықтан, дүниенің “қатері” осы үшеуі екенін аңғарамыз. Ал, “қызығын” іздеп таба алмай тінтіне бердік.
Меніңше, “қызығы” – Қазақстанның өзіме түстаныс газет- журналдары болып көрінді. Мұнда үзілмей келіп тұрады екен. Қызықтап соған көбірек үңіліп жүрдім. Көзім үйренісе əріптеуді қойып, тез оқи алатын болуым тіпті қызықтырды. Мəдениет бөліміндегі Айтбектің  алдына ауық-ауық келіп  жүрдік.
– Ассалаумағалейкум! – дейміз. Сəлемді ол əсте дұрыс қабылдамайды, “А?” деп орнынан тік тұратын.   Оның тосын қожыраң ете түсуінен кейде шошып, кейде ұялып қалатынбыз. “А?” деп қайта  сұрағанда, қайтадан сəлем беру, əрқандай адамға жайсыз тиетін жұмыс қой.
– Сіздің қазынадан біраз оқиық деп келдік.
Ал, əлгі сөздердің “газет-журнал” деген сөз бе, иə “шахмат- дойбы”  деген сөз бе? Ұзындығына қарағанда əйтеуір бір сөз емес екенін ғана түсінеміз...
Бір-екі күннен соң байқадық, оған сəлем бермей кіру де жайсыздық тудырады екен. Бағанадай денесімен орнынан құлай түрегелдіде,ұстазыкелгендейқауғалақтайды. “Ассауламағалейкум, ассалаумағалейкум, ассалла! – деп неше адам кірген болса, сонша сəлем беріп, қазбалай амандасып қол алысады.
Сол өткелектен күніне бір рет өте жүріп, мен Қазақстанның “Коммунист” журналынан бірнешеуін оқып шықтым. Көзімнің көп  тартқаны Жетісу қазақтарының азып-тозуы, Жуңгоға қашуы жайлы бір сын мақала болды. Мəселе асыра сілтеушілік пен бүлдірушілердің  ісі  болып  қорытылыпты.  Коммунистер  тура- лы  менің көзімдегі түссіз күңгірт перде  ашыла қалғандай, жан- жағым жарқырай түскендей болды. Жан түршігерлік күйзеліске түсіп, туған  жерден қашуымыздың айыпкері – Ақтай, Санатпай тыр жалаңаш  алдымда тұрғандай, əкесін тілдеп жібергенімді де аңғармай қалыппын.
 
– Кімді боқтайсың ей, – деп қалды Айтбек.
Өзім  ұялып  та,  сасып  та  қалдым.  Оны    боқтамағанымды анықтап түсіндірмесем  сенбейтіндей көрінді.
– Совет Одағында Ақтай, Санатпай дейтін бұзықтар бар еді, соны!
– Е, олар не ғып жүр  мұнда?
– Солардың атамандары Советте енді ұсталған сияқты, міне мұнда!
– Үй, өзің  жермен бірге жасап келген бір  мəртесе сияқтысың ғой,  бұл əріпті қашан оқып едің?! – деп алып, ол  арғы-бергімді сұрай  жөнелді. Маған жақындаса қалды. – Е, солай де, балақай, менің жерлес бауырым болып шықтың ғой өзің! Мен де   сол жақтан келгенмін.
– Сіздер қашан келіп едіңіздер?
– Отызыншы жылы өттік.
– Шəріпхан дутыңға... – деп Бексапа тағы да сөйлей бергенде, жаңа тағайындалған Нұржан атты орынбасар Шиянжаң қарсыдағы бөлімнен Елсадық пен Ақышты бастай кірді. Айтбек оларға қарамай шығып кетті де, бес-алты   орындықты бір-ақ көтеріп қайта  кіріп, сəлем беріп күлдірді.
– Айтбек дейтін азаматымыз осы,– деп Елсадық Нұржанға та- ныстыра бастап еді:
– Шиянжаңды алдыңғы күні қарсы ала шыққанда көргенмін,
– деп Айтбек таныстыруды талап етпей, жалбырай амандасып, күлкіге  батыра түсті, – ұлықты көргенде жылаған бала да уанбай ма, көре  салысымен тұра  жөнелгенім сол!..
Нұржан екі  бетінен қаны тамған қып-қызыл, тым көрікті жігіт екен. Тіп-тік бойы, қап-қара көзі мен жаудыраған ақ бөрте жүзіне су жаңа қара көк костюм-сымы сұлулық нұрға бөлегендей жара- сыпты. Өзі Шəуешектегі бір татар байының жалшысының бала- сы екен. Шың Сысай үкіметіне тездетіп кадр жетістіріп беру үшін Ташкентте  ашылған екі жылдық мектептің екінші курсын 1937 жылы бітіріп шығыпты. Ыңғай  атақты бай балалары жіберілген бұл мектептен Нұржанның оқып шығуы бір қызықты комедия болғандай.
– Өз баласын басқа мемлекетке жіберіп, “айырылып қалудан” қорыққан əйеншек байлар жалшылары мен қоңсыларының  ба- лаларын өз балам деп ұстап беріпті. Нұржан – сол жалшылық қылмыспен “ұсталып” кеткендердің біреуі. Бұлар сыпыра “оқымысты  ұлық”  болып  жетіп  келгенде,  алдамшы     байлар
 
өздерінің алданып қалғанын бір-ақ біліп, өз маңдайларын өздері шапалақтаған екен.
Нұржан келісімен Үрімжі аймағына қарасты Құтыби ауда- нына Шиянжаң болып тағайындалыпты да, бір жылдан соң осы Дөрбілжінге ауыстырылыпты.
Бізге бұл кісінің үн-əуені қоңыраудай сылдырлап сұлу естіліп еді. Сөзді тоқтап-тоқтап өте сыпайы сөйлейді екен өзі. Сөйтсе  де,  бірнеше  реткі  сөзінен  тұтықпалығын  білдірмеу үшін осылай кідіре  сөйлейтіндігін байқадық: сөйлерде тамағы бір-екі   бүлкілдеп   алады екен. “Кы...кы...кы” бас дыбысты қайталақтауын сыртқа  шығармай, солайша көмекейден  ғана бүлкілдететін сабырлылығын да ұнаттық. Егер сөйлеуге асықса шатақ шығатын көрінеді.
– Айтбек... Əлгі бір... Шəріпқан төре жайындағы... əңгімеңді айтсаңшы, тағы...тағы.. біз де естиік! – деп  қолқалады ол.
– Тақсыр, ол əңгіме емес еді, əнеу шөкімайлар сұраған соң айтпақ болғанмын.
– Ы...ың... Алтайдан... келді дей ме сені?.. Қашан  келдің?
– Алдыңғы жылы. Шəріпқан төреге қорғаушы əскер болып, со- дан босап қайтқанмын.
– Ы–ы... Ол... бұрыннан əскер ұстап тұратын адам ба еді? Бұған жауапты Елсадық қайырды:
– Шəріпқанның аталары да жасақ ұстап келген деседі. Шəріпқан апрель төңкерісінен кейін дутың сайланған соң, екі жүз шамалы қорғаушы  əскерден айырылмапты.
– Шиянжаң, білетін шығарсыз, Шəріпқан төрені былтыр осы жерде қарсы алып, Үрімжіге ұзатып салып едік.  Алтайға содан бері қайтпады ғой, Үрімжіде не ғып тұр ол? – деді Айтбек.
– Ағаңның жайын... Өзің білмесең... Біз қайдан білейік!.. Жə, өзің айтшы... Алтай, Көктоғай ауданында... Бір көтеріліс болыпты дейді ғой, одан... не білесің?
– Шəріпқан дутың Үрімжіге шақырылып кеткен соң ба!.. Білмеймін ойбай, көтеріліс көрсем көзім шықсын.
– Ол төрелеріңнің... Көктоғайда кімі бар  еді?
– Білмедім, не болған екен, тақсыр?
– Түсінбестіктен Көктоғайда бір уақиға туылыпты деп естіп едік, сол екен ғой! – деп қалды Елсадық. Ақыш  анықтай сұрады:
– Ауыз өсектен əртүрлі естідік, шынында қалай туылған уақиға екен өзі?
Сұраймын деп сұрауға ілініп қалған Нұржан қысыла отырып өз
 
естігенін айтты. Елсадық пен Ақыштың оған сөз қыстыра отырып толықтауымен уақиға недəуір толық болғандай бізге.
Көктоғай  ауданының  қиырырақ  бір  районынан  Есімхан дейтін үкірдайы былтыр Үрімжіге шақырылған екен, шақыру қағазға ол: “науқаспын, бара алмаймын”  деп  жауап  қайырыпты. Шақырылуынан-ақ секем алып, қамдана бастаған сияқты, өзіне қарасты молқы, қарақас руларының етегін жия қоныстандырыпты да, ел адамдарын жиыпты:
“Үрімжіге шақырылып барған адамдар қайтпай жатыр, енді мені де шақырды, қайтсек болар екен?” деп кеңеске салыпты. Сол жиын жиырыла түсіп шиыршық атқан қатты түйіншекке айналыпты да “былтыр кеткен Ақыт қажы мен Шəріпқан дутың қайтып келмей, Үрімжіге ешкімімізді   жібермейміз!” деген қаулыға келіпті. Мықты азаматтардан сол жиынның өзінде-ақ құралды-жасақ  ұйымдастырыла қалса керек. Өздерінің ұйитын ғұламасы əрі атақты ақыны қарт Ақытты айдап əкеткенде айы- ра  алмай қалуларына қатты ашынып тұрған жалынды азамат- тар, бұл рет мұсасына мықтап мінген көрінеді. Олар осындай бір “сұмдық” райға келіп тұрғанда  ауданның ханзу шиянжаңы жиырма шақты құралды əскер ертіп, Есімханды өзі “шақыра” келген екен.
Оның шыққанын күні бұрын естіп, ауылдан ауаша үй тіккізіп қойған Есімхан, шиянжаңды   “қауқалақтай” қарсы алыпты. Де- реу бірнеше қой сойғызып, өз еліне “шақырып келтіре алмайтын шиянжаң тақсырдың өзі келгенде енді дəстүр бойынша түстік беріп” күтпей жібермейтінін, сонан соң өзі еріп бірге кететінін айтып,  асты-үстіне  түсіпті.  Сол  бір  түстік  асын  кешке  жақын əрең беріпті де, түнде жолдың қауіптілігіне сендіріп, еріксіз қондырыпты.
Сыртқа күзетші қойып, мылтықтарын құшақтай отырған қонақтарына қонақ иесі əзіл тастапты сонан соң:
–   “Япырмай,   шиянжаң   тақсыр-ай,   құтты   мешін   үйімде қонақ болып отырғанда бір-бір көсеулеріңізді қолдан тастамай, шошаңдатып отырсыздар-ау , бірге аттансам, осыларыңызбен мені түртпектеп көсемексіздер ме, қалай?!”
Бұл ұтқыр қалжыңды тілмашынан толық түсінген шиянжаң ыржия күліп бірдеме деген екен. Əскерлер мылтықтарын керегеге сүйеп-сүйеп қоя салыпты.
– Үй, менің қалжыңыма бола құралды бұлай шашып тастасаңыздар, біреуі жоғалып кетіп, мен жоғалып қалмайын,
 
ұры-қары баршылық жер бұл!.. Жəне  мен намаз оқитын адам- мын, жиып бір-ақ жерге қойыңыздаршы! – депті. Əскерлер мылтықтарын жиыстырып, өз командирінің іргесіне қойып жайласқан кезде Есімхан ұзын шапанын жамылып, дəрет шəугім алып сыртқа шығыпты. Шағын ғана қара сақалды, мұртты, зор денелі Есімхан, дəрет алу сылтауымен  қарулы күзетшінің ал- дынан жанап өте берген екен, шала тіл білетін ханзу əскер: “баты... ыр..р..!   Паруан!” деп арзан ғана жымия күлкісімен арқасынан қағып-қағып қалғанда, Есімхан шап беріп кеңірдектен ала түсіп, үнін шығартпай  көтере жөнеліпті. Іргедегі жартастан баспалап отырған бір топ жасақ дəл осы сəтте лап беріп, қонақ үйге кіріп келмесі бар ма. Мылтықтарын кезене қалғанын бір-ақ білген шиянжаң да дайын отырған екен: ең алдында кірген бір жас жігітті жан құралымен атып қалғанда, өз кеудесіне де бесатардың бір оғы сап ете түсіп, сеспей қатыпты. Қалың шапанның шені ғана түрілген əлгі жігіт құралға қол соза берген командирді сұлатыпты. Қалғанын қымырлатпай басып, бір-бірден шығарып əкете беріпті сонан соң. Бірін қалдырмай  өлтіріп, таң бозара Алтайдың қиын түпкіріне  елді  көшіре  жөнеліпті...  Есімхан  өз  елімен  сол  тау- дан əлі түспеген екен. Үкімет осы жақында Алтайдың “игі жақсыларынан” неше рет елші салыпты: түсінбестіктен өтілген мəселе   екенін,   анығында      Есімхан   үкірдайды   құрылтайға уəкіл етіп, дəрежесін өсіру үшін шақырғанын, бұл мəселеге де Шыңдубан жанабының кешірім еткенін айтып, тіпті дубанның өз атынан жолдаған кешірім хатын да жіберіп, үгіт жүргізген екен. Бір адам қайтпай жатыр дейді.
Нұржан  қайтуға  ыңғайланған  соң  орындарынан  бəрі  тұрды да, есікке баяу беттеп барып кідірісті. Нұржан өз тұжырымын айқындай түсті:
– Ы... Ым, үлкен үкімет... Мынадай қамқорлық... Кешірім хат жариялап жатқанда... Сенбеудің өзі надандықтың белгісі ғой...
– Иə, жаңа үкімет өтірік кешірім жариялай ма! – деп қостады Ақыш, – кешірім жарияламай-ақ əскери қоршау жарияласа, сол аз ғана топ не бітірмек!
Елсадық  басқашарақ түсінік айтты:
– Ол елдің надандығының ғана нəтижесі емес, оған көп заман- нан теперіш, террорлық жайлап, дені сау, ниеті дұрыс бір үкімет көрмегендік те себеп болған шығар. Секемшіл болып, сенуден қалған халық қой! Мына жаңа үкіметтің кім екенін əбден көріп сенгенде қайтады. Үңгірден өздері-ақ шығар əлі.
 
“Үрімжіге шақырылған адам қайтпайды” дейтін сондай күмəнді сөз естілсе де, өз түсінігіме “білгір” ағалардың осы сөздері қосылып, “Шыңдубан” атамыздың данышпандығына сене  түстім.  Осы    əңгімеден  соң  екі-үш  күн  өткенде    клуб- та “Профессор Мамлюк” атты кинофильм қойылды. Ақша жақжұтттылығынан киноға баруды артық шығын санап жүрсем де “профессор” дегеніне қызығып барып едім. Өз күткенімнен де қызықты көрінді. Ең қатерлі операцияны меңгеріп жүргізетін, бірден-бірі таңдаулы дəрігер екен. Герман  фашистері басып алған Чехославакияның тұрмысын көрсететін Совет фильмі екенін айтты білетіндер. Профессордың герман фашизміне қарсы төңкерісші ұлының жауынгерлігі мені қатты қызықтырды. Ки- ноны көріп отырып, мен сондай төңкерісші, əр қандай қатерден қорықпай, батыл қимыл жасай алатын, оқтан шімірікпейтін, өз халқы үшін өлуді ең қасиетті тіршілік деп есептейтін қайсар жігіт болғым келді. Əкесі атылып, уақиға трагедиямен аяқталса да, сондай болуға қызықтым.
Бірақ,  “ондай  болатын  заман  жоқ”  сияқты  маған. “Мұндай жақсы үкімет тұрғанда, ондай төңкерісші болып не істемекпін” дегендей, өрекпіген арманға жетуіме өкіметтің жақсылығы  бөгет  болатындай  сезілді.  “Қарсы  күре ссіз-ақ халық талабын бір-бірлеп орындап беріп жатқан Шыңдубан үкіметіне жамандық істеу дұрыс па, халық сүйе ме оны, “білгір” ағаларымыздың айтқанындай надандық, ақымақтық саналмай  ма!  Осы  кинодағыдай  бір  қанішер  үкімет   болса еді, бүкіл адамзат сүйенерлік мұндай қайратқа сонда мінуге болар еді ғой!” Мен сол кинодан о сындай   балалық қызық əсермен шықтым. Осы  бір күлкілі сезім менің басыма сол күлкілі күйінде желімдей жабысып, жүзіммен бірге сарғайды да,  шашыммен  бірге  ағарды,  ұмытылар  еме с.  Шың  Сысай зұлымдығының “халықшылдықпен” бүркеліп жатқанын ол кезде қайдан білейін!
Сол жылдың күзіне таянғанда, Елсадық Үрімжіге шақырылды. “Қазақ, қырғыз, моңғол құрылтайы” ашылады деп, Дөрбілжіннен бірнеше адаммен бірге шақырылды. Кетерде ақ сұр, əжімді жүзінің жайма шуақ, кең ойлы өз қалпын көрдік. Əйелі мен екі баласының тұрмыс жайын Ақыш бухгалтерге тапсырды да:
Базар қазір кең ғой, мен қайтқанша оншалық қинала қоймас!
–  деп  тоқтап,  Бексапа  екеумізге  де  қолын  ұсынды,  –  балалар, сендердің маған не міндет артатындықтарыңды түсінемін, баспа-
 
оқу құралдары мүлде жоқ қой сендерде. Бұл мұқтаждықтарыңды сұрарлық орындарға артығымен-ақ жеткізермін ! Ал менің сендер- ге тапсырарым біреу ғана!.. Жа...қ...сы оқыңдар! – Біз сол кісіден сондай үлкен үмітпен  қалдық.
Мектебің қайсы десе, əр күні көріп жүрген өзіміз де қарап тұрып қалатындай, асты-үсті жалтырап сырланған кемелді кең мектепке келіп түстік. Тар болмаса да бала жарысарлықтай ұзын залдың ең төріне көлденең салынған шағын ғана əдемі клубтың дəл алдындағы   сынып бізге тиді. Оқушы көбейіп, сабағымыз бұрынғыдан əлдеқайда қызулы басталды. Баспа-оқу құрал ала қайтар деген үмітпен əр күні күтсек те, Елсадық қайтпады, жолы- на қараудан жалықпадық біз.
Үрімжідегі “моңғол-қазақ” мектебі деп аталған мектепті бітіріп, жəне бірнеше жаңа мұғалім келді бізге, оқу программамыздың былтырғыдан өзгешелігі көбірек көрінді, “қызықты” пəн сабақтары недəуір көп сағатқа көтерілді. Бұларға қосылған жаңа пəндер де недəуір молайды. “Ханзуша” тіл де қосылып, күнара өтілетін болды. Тарих пен саясат сабақтары бірыңғай елімізді таныстыру ретінде жүргізілді.
Бұл күз əлеуметтік қимыл жөнінде де біраз өзгешелік ала келді. “18 қыркүйекті”14  қаралы күн ретінде, “10 қазанды”15    бостандық күні ретінде қарсы алатын болдық. Бұрын “ұлы 12 сəуірден” басқа ескерткіш күндер бізге бейтаныстау болып келген. Бұл күндерге арнап арнаулы клуб сахнасында жаңа концерт   номерлері мен жапон  фашизмін масқаралайтын шағын пьесалар дайындадық. Жаңа оқушылар мен жаңа мұғалімдердің көбеюі мектебімізді əртістермен де недəуір толықтандырып жіберді. Əртістік жағынан енді қыздар мектебіне де мұқтаждығымыз түспейтіндей өзіміз “сыпыра қыз” болып, “бойжетіп” қалыппыз. Қыр мектептерінен өз   қалыбына   құйғандай   не   қилы   “жауыз   бəйбішелері”   мен “тозақы тоқалдар” да келіпті.  Бірақ, жаттығу алдында болатын- дай былтырғыдай құнарлы тың əңгімелер болмады биыл. Мен оны алғашқы Елсадықтың жоқтығынан көріп едім.
Артынан байқасам мұғалімдер сыршыл əңгімеден қорқатын сияқты. Сылдыр күлкіге ғана əуестенетін бола қалыпты. Үрімжіден оқып келген  алтайлық бір мұғалімнің сабақ беруге де, жаттығуға да келмей қалуы жайлы сөз болды бір күні.

14    18–қыркүйек  –1931–жыл  Жапонияның  шығыс–терістік  төрт  өлкеге шабуыл жасаған күні.
15 10 – қазан – Шин империясы аударылып, Жұңхуа Минго құрылған күн.
 
– Кеше түстен кейін Алтайдан хат келген оған! – деп Дəулет мұғалім бір себеп айтты, – сол хатты оқи салып сұрлана қалып еді. “Не бопты” деген сұрауыма жауап қайтармай жөнелген.
– Енді  білдім, құдай біледі соның байы өлді! – Дəулет ду күлген күлкішілерге тағы да өкірештей түсті, – е, күлетін не бар, байы өлген қатындарды мен көрмеді дейсіңдер ме! Əкесі өлсе түсі оншалық бұзылмайтын!
Алтайлық мұғалімнің ағасы өлгенін естідік ертеңіне. Одан екі күн өткенде Қобықсарыдан келген бір сабақтасымыз да үйінен хат тапсырып алып,  жылап қайтты. Оның Алтайдағы нағашы  атасы өліпті.
– Бұл алтайлықтардан суық хабар неге келе береді? – деді Бекса- па маған сыбырлап, – жазда естілген Есімхан көтерілісі қырғынға ұшырамады ма екен?
Маған да сол күдік келе қалды.
– Кешірім етіп шақырғанға келмеген соң əскер шығып қырып тастамады ма екен?! – деген тұспал айтты.
Сөйтіп, бұл өлімдер жайлы екеуміз екеулеп сұрастыра бердік. Сырластың сырласын қуа берсең сырдың түбіндегі естілмей ме!.. Тұспалымыздың түп негізі болмаса да түтіні дұрыс болып шықты. Нағашысы өлген əлгі сабақтасымыз Есімхан көтерілісі жайлы біздің білетінімізді естіген соң түгел айтып берді.
Қан төгіп қатерлі тауға шығып алған Есімхан үкірдайға Сарысүмбеден  өзінің  сенетін  “жұрт  беделділерінен”  бір  топ адам жіберілген екен. Олар: ұғыспастықтан болған қантөгісті үкіметтің мүлде кешіргенін, халықты аздырып-тоздыратын қырғыннан сақтап, енді тыныштандырса халық үшін де, үкімет үшін де зор қызмет болып сыйланатынын, Есімханның өз ықтияры болмаса ешқайда шақырылмайтынын, бедел-абыройы қорғалып өсірілетінін құран ұстап отырып айтыпты. Есімхан да, оның ақылшы мықтылары да Алла атымен айтылған бұл антқа сеніп, елді қайта көшіріпті. Бұл сенімге Сүлеймен батыр атанған бір қарт пен Есімханның шабарманы   Оспан дейтін мерген ғана сенбей, жартасқа тығылып қалыпты да, басқа ел түгел етекке түскен екен. Есімханмен бірнеше білікті кісілерді аймақтық үкімет “сыйлау” атымен дереу Сарысүмбеге шақырып əкетіпті де, халықты əскер қоршап, құралдарын сыпырып алып- ты. “Сыйлауға” шақырылғандарға ертеңінде-ақ үкім жарияла- ныпты.
Біздің  мұғалімнің  ағасы  мен  сабақтастың  нағашысы  сол
 
Есімхандармен бірге атылған болып шықты. Алданғандықтарына қатты өкінген сол елдің азаматтары тауда қалған Сүлеймен мен Оспанды іздеп қайта кетіп, қайта ұйымдасып жатыр екен.
–  Енді одан да үлкен ақымақтық іздеп  кетіп  жатқаны ғой! – деді Бексапа маған былай  шыға бере, – бір үкірдайдың ғана елі үкіметке қарсы көтеріліп, не таппақ екен, ендігі іздегені жаппай қырылу ғой.
Мен Есімханның алдауы мен үкіметтің алдауын сайма-сай, тепе-тең деп түсінгенімді  айттым:
– “Сыйға-сый – сыраға бал!” дегендей үкім екен, өздері қой сойып, сыйлап отырып қырған–ды, сыйлаймын деп шақырып алып қыру əділдік емес пе?! Біздің мына Ли шиянжаңды осы аудандағы бір үкірдай өлтірсе, оған үкімет тұрмақ  өзіміз де өштесер едік.
Бұл уақиғаны естігенде, қазақтығына іштей ашынғаныммен, “бұзықтығына қарай қолданған жазаны əділдік” деп есептедім. Бексапа бағдарлай қарап сұрау қойды маған:
– Егер Есімхандар сақшының бастығын өлтірсе қайтер едің?
– Онда мейлі, бар сақшысын бірге қырса да, Дөрбілжін оған қайғырмас. Халық оны көргенде кірпідей жиырылып жүрмей ме!
– Ендеше, Көктоғайдың шиянжаңы да осы сақшы бастығы тəрізді адам болса керек. Жиырма əскер ертіп, шақыруға өзі барғанын көрмеймісің! Егер Есімхан оны алдап соқпаса, алдап əкеткелі барған ғой. Үрімжіге рас жиынға шақырылса, көп əскер ертіп барып шақырушы ма еді!
Бексапаның бұл пікірі менің ойыма қона кетсе де, шиянжаңдар мен сақшы бастықтарына бір көзбен қарағым келмеп еді. Бірақ, қарсы айтар дауым болмай қалды да, оны басқа сұраумен шалып көрдім.
– Осы біздің ауданға шиянжаңдар, сақшы бастықтары қайдан келеді?
Бексапа аңыра қарады маған:
– Екеуі де Шыңдубанның тағайындауымен келмей ме!
– Олай болса, бізге келген шиянжаңдар халықтың қамын жұтқандай қайғыра келсе, сақшы бастықтары мылтықтың қара дəрісін жұтқандай қап-қара сұр болып, зəрлене келетіні несі?
Бексапа күле ойланды.
– Екеуінің міндеті екі түрлі емес пе, мылтықты əскердің күлгенін көрмеппін. Əр адамның оң иығында отырып, ыңғай жақсылықты жазатын “Караман-Кативан” мен сол жақ иықта от-
 
ырып, ыңғай күнəні жазатын “Малайкаты басшұрды” Нəбиолла молда оқытпап па еді. Əр адамның екі иығына қондыратын екі түрлі періште сияқты. Бұл екеуінің міндеті де екі түрлі болса керек.
– Жамандықты-қылмысты істерді шиянжаң да тексереді. Ал, сақшы кейде жақсы істерді істеп қойып жүрмей ме, мысалы: апиын, наша тартқандарды, құмар ойнап, ұрлық қылғандарды ұстайды ғой. Бірақ, олардың көбінесе, бұзық, зорекер жақты қолдап, ыңғай байлар мен қанішерлер жақта тұратындықтарын көреміз ғой!.. Халық олардан сол үшін жиреніп жүрмей ме... Мы- салы: менің əлгі бір Дəмеш дейтін əпкемді нақақ қамалғандығын біліп, Керім шиянжаң түрмеден босатса да, сақшы бастығы көнбей жəне бір жыл өзі қамап жəне бір жылды кепілінің кепіліне қаматты. Ақыры кемпірлер барып тартып алып шықпаса, сол Дəмеш əлі жататын еді. Меніңше шиянжаңдар мен сақшы бастықтары бір-біріне мүлде ұқсамайды, мінез, түр пішіндері де екі түрлі, заңдары да екі түрлі сияқты. Біздің Нұрасыл дейтін ағамыз “екі басты үкімет” деп еді. Қазір мен сол сөзді көбірек ойлайтын  болдым. Шыңдубан атамыз сол екеуінің көсемі бол- са, бұлар неге екі түрлі болады?
– Мұны басқа біреуге сөйлемейік! Былтырғыдай емес, биыл мұғалімдер де сөйлеспейтін болғанын сездің бе... Бəрі де сақшыдан қорқатын болып қалды.
– Өзім де сенен басқаға айтып тұрғаным жоқ, əлгі періштелерді мысал еткен сөзіңе қарай сөйлегенім... Ал шиянжаңды неге өлтірді екен Есімхан?
– Шиянжаң  əскер ертіп,  айдап əкетуге келгенін білген  ғой.
–  Біздің  шиянжаңға  олардың  шиянжаңы  ұқсамағаны  ма? Біздің шиянжаңдардың өзі ұсталып жатса, олардың шиянжаңы басқаларды ұстағалы жүр ме?
– Мен де түсінбедім соны,– деп күлімсіреді Бексапа, – бірақ, Алтайдың халқы өте тентек дейді.
Менің есіме де жаздағы Нұржан мен Айтбектің сөзі қайта ора- ла кетті. Əсіресе Елсадықтың пікірі бұл мəселеге толық жауап бо- лып  қона қалды.
1940 жылдың басталар шенінде Бексапа тағы бір сыр жеткізді маған!
– “Пəндихуй” атты бір ұйым бар екен, Дөрбілжінде де құрылыпты. Бұл жердегі бастығы Ли  шиянжаң  көрінеді, оған мүше болса өте жақсы дейді. Айырым жиналыс ашып, көп адам
 
ұқпайтын мəселелерді Ли шиянжаңның өзі сөйлеп ұқтырып тұрады екен. Менің ағам соған мүше болыпты.
–   Біз де кірмейміз бе?.. Оқушылар  қатынасуға бола ма екен?
– Біздің жасымыз толмайды ғой, ол ұйымға мүшені талғап тар- тады, шарты қиын дейді. Аға “ол ұйым кейінірек коммунистік пар- тия деп аталатын шығар, олай болса, мүшелері коммунистер деп аталатын болады” – дейді.
– Мейлі қалай аталса да, сол ұйымға кіруді сұранып, шартын ұғып алайық!
– Егер коммунистік партия болса, оның ең қиын бір шарты “құдайды жоқ” деп діннен безуі дейді. Бірақ, қазірше ол шартқа қатты қарамай тұр екен.
– Онда біз мүше бола алмайды екенбіз, – деп күрсіндім мен,
–  оған  құдайдан  безгендер  кірсін!..  Оған  мүше  боламыз  деп шоқынсақ, əке-шешеміз не дер, ел не дер!
– Жоқ, кейін шоқынатындарды да қабылдамайды дейді. Шоқынғандар да өздерінің құдайларына шоқынбай ма, құдай атау- лыны мүлде жоқ деп түсінуі керек!
– Онда, олай болса… кəпірге де, мұсылманға да бірдей шарт қойса, ол жағы əділдік екен!.. Бірақ құдай жоқ деп қалай шыдарсың!
«Үй, дөрт аяқ!» деп қазірше нажағай тастап жібере қоймаса да, о дүниеде оңдырмас, шыңғыртып отырып сымыңа жіберткізер!
Бұл сөзге Бексапа екеуміз де күліп жүре бердік. Бұл туралы сөзді де доғардық.
Жаңа жылды қарсы алу жиыны өтісімен клубта Ли шиянжаңның лекциясы тағы басталады. Тіп-тік, ұзын бойлы, сопақ  басты,  сүйекті  кісі  бұрынғыдан  да  арық,  бұрынғыдан да жүдеу көрінді. Келген кездегі қоңырша жүзі тіпті сұрлана түсіпті. “Бұл да Елсадық тəрізді шыр бітпейтін адам екен” дестік.   Мансаптылардың   кейбірінің   майы   өзінің   мансабы- мен бірге өседі ғой. Бұл кісілер қызметі өскен сайын қуырыла беретін сияқты. Ал, қушиған сайын құрметі асып барады өздерінің. Бұл оларға құдайдың май орнына берген сыйындай көрінді. Тегі менің өз шешем сияқты, шын қамқордың сырт белгісі осылай болар ма? Ол бұл жолы лекциясына да Маркс пен Дарвин көбірек араласқанымен, былтырғыға қарағанда онысы біршама түсініктірек болды. Сөз адамның пайда бо- луынан басталып, біз білетін “Адам ата, Хауа ана” жайына қалды да, маймыл тұқымдас бір жануардан таралғанымыз жөнінде дəлелдер дамып, көбейіп отырды. Ешқайсысын бетке
 
қаға  алмайтындаймыз. Құдайдың бар-жоқтығы туралы бірдеңе ұғайық деп тесірейгенімізбен, ол жөнінде лəм демеді. Қайыспас дəлелге толы бұл қасиетті сөзге “Қасиетті құдайды” біз де ара- ластырмай аңдадық. “Иə, құдай тағала адамды жаратқанымен, адамзат тарихына, əділеттік пен арамзалыққа, жауыздық пен жазықсыздыққа... Тіпті, ешқайсысына қатыспаған-шатыспаған сияқты ғой, бəсе!” деп қана түсінгендей болдық. Кейінгі лекциядағы тарих тақырыбындағы түсініктер де біздің сол қисынымыз расталған сияқты болып отырды. Əр дəуірдегі сойқан сол дəуірдің өз қожаларынан таралып отырған. “Құдайды қорғау əділдік болмайтын сияқты”. Анау жылдағы Бағалдайдың егіндігінде ойлағаным дұрыс түсініктей болып сезілді өзіме.
Осы курс аяқтала бере, Ли шиянжаң да Үрімжіге шақырылып кетіп, сынау алынбай қалды. Кешікпей орнына келген басқа бір Жаң фамилиялы шиянжаңды қарсы алдық. Кептердің айғырынша басын төмен сала шұлғып, гуілдеп сөйлеген сөзінен: “Ұлы көсеміміз Шыңдубан, Жаң жуши жасасын!” деген ұраннан басқа түйір таба алмадық та, қарнымыз ашып шықты бұл кісіден. Уақыт өте келе Ли шиянжаңнан басқа тұрғыдағы адам екендігі байқалады, оқушыларды былай қойып, клубта халыққа көрінуді қаламайтын шиянжаң болып шықты.
Сабақтастар арасын сумаң қағып, суық хабарлар кезді: Ли шиянжаң тұп-тура Үрімжінің түрмесіне барып түсіпті. Былтырғы “қазақ”, “қырғыз”, “моңғол құрылтайына” кеткендерден де бірсыпырасы қолға алыныпты. Елсадықтың ағасының мектептегі немерелерінен естуімізше, одан “екі ай бұрын солғын ғана амандық жазылған хат келген екен: “Құрылтай аяқталысымен халық қолындағы мылтықтар түгел жиылады. Осы науқан орын- далып болған соң қайтасыңдар” деп уəкілдерді түгел тоқтатып қойды. Ағайын-туыстардың барлығына сəлем, шиті мылтық шықса да кесір болады. Ондайларың болса, сақшы орнына күні бұрын тапсырып беріңдер!” деп жазыпты. Ал, мына суық сөз шыққалы Елсадықтан хат келгенді қойып, ешкім атын атамайтын да бола қалды.
Ішін тарта күрсініп, ішегін тарта күлетінді шығарған жұрты “ұлы көсеміміз Шыңдубан Жаң жуйши жасасын!” деген ұранға келгенде шошынғандай қатты шыңғырып жүр еді. Жиі де ұзақ со- зыла көтерілетін болды. Бұл ұран, “көсем”, “данышпан” атаулары аспанды жаңғыртып əкетті.
Көсемнің  беделі  “көкке  өрлеуіне”  қарап,  биылғы  он  екінші
 
апрелді де көкке көтере қарсы алуға дайындалып едік. Ернімізді кезертіп, санымызды көгертіп жүріп істеген дайындығымыз зая болды биыл.
Алаңға ұрандатып, жалаулата тізіліп жетіп барсақ, қып-қызыл болып жасалған мереке сахнасының маңдайшасындағы екі ту төмен салбырай қалыпты. Бір үлкен азаның нысаны еді бұл.
– Биыл мереке салты өткізілмейтін болды, – дейді үкіметтің бір адамы сол сүлкиген сахнаға шыға келіп. Жаңа ғана жылап шыққандай қабағын қарс жауып алыпты өзі, – көсем азалы, інісі Шың  Сиши жанабы қаза тауыпты. Бүкіл Шынжаң бойынша бұл жолы мереке шектелді!
Осыны айтты да, қағазға көшіріп əкелген бірнеше ұранды айқайлатып-айқайлатып, мерекешілерді тарата салды. Бəрі сол “азалы”, “ұлы көсемге арналған жасасындар” екен! “Інісі неден өліпті?” деген күбірлі сұрауларға ол жерде жауап шықпаған еді. Жұрт тарасымен, оның жасанды хабары да өре жөнелді: “алдыңғы күнгі бір түстік демалыста жан құралын кереует алдындағы стөлге қоя салған екен. Кішкене баласы сонымен ойнап тұрып басып қалыпты”. Осы хабарға қанағаттанып жүргенімізде, қарнымызды тіпті қатты ашыратын қатал шындық хабардың нақтылы өзі жетті. Бексапа екеумізді дағдартқан кей сұраулардың да жауабын ала жетті.
Шың Сысай Шынжаңға келіп, таққа шығардағы келісім бой- ынша Жуңғо коммунистік партиясынан келіп, мұндағы үкімет құрамында істеп жүрген бірсыпыра коммунистер бар еді. Оларға үкімет жағынан зиянкестік төне бастағалы алға басар кіші Шың ағасына наразылық рай байқатып жүр екен. Сол інісін оңаша үйінде “көсеміміздің” өзі атыпты. “Осы реткі апрель мерекесі – тақыт үшін қатер” дейтін күдік сыбыстар арты қуыс “данышпанның” мықтап тігілген құлағын ыңғырудай түршіктірген екен. Алдыңғы қатер осы болар деп інісін атып салыпты да, аза киімін киіп ала қойыпты. Жариялау қисыны кішкене баланы тауыпты.
Кабинетінен шықпай жатып алса да, “сол көсемге” арналған “жасасын” бұрынғыдан өршелене жауды. Шынжаң қалаларының бос дуалы қалмай ұрандатып-ұларлатып, қып-қызыл ала болып боялып жатты.
“Тергеушім”, “қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем
– жалмауызым” депті, бұл – жалғыз ұлының қылығына құсаланған бір кейуананың сөзі болса керек. Мен де осы Шыңдубанымыздың түсіне қарап “жалғызым” көрініп жүр, кейінгі мына ісіне қарап,
 
“жалмауызым” осы ма екен деп ойлап едім. “Жасасынымыз” жер көкті жаңғырықтыра барады.
Мұндай құбылыс ертегі-аңыздарда көп кездеседі ғой. Жолбарыстың жауыздығын əшкерлеген сайын түлкілердің “жөке- жөкесі” көбейе түсетіні сияқты, зорекер қарақшы алдында “ағатай, ағатай” да көп естілмей ме?!
Шың Сысайдың террорлығы күшейгенде, оның атына “даныш- пан көсем” жамалып, бара-бара “жасасын” дейтініміз күндіз-түні нөсерлетті. Өйткені оның кісі аулайтын қара машинасы күндіз- түні жортатын болған.
Қорықпайтын адамға қай-қашан “ағатай” да,  “жасасын” да шегінен артық айтылмайды. Ұлыққа былай жалбарыну, қарапайым, “надан” адамзат, əсіресе қытай халқы көп-көп өткізген қылмыс.
Ағатай, мен де сол əлсіз күнəһарлардың бірімін.




I

Құдіретті “тергеушім”, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Ли шиянжаң кеткен жылдың жазында Нұрасыл авдокаттығын қоя қойды, тіпті үлкен көшеге де бармай, жаяу саудагерлігін қала сыртындағы жол аузында жүргізді. Біздің үй қоныстанған шет Орқашар тауы мен Жайыр қазақтарының қалаға кірер жолы еді. Бұл жолмен тері, жүн, ішек сатуға айдалған қой-ешкілер өтіп жататын. Жаяу саудагерлер соны тосатын да, кең балақ сахаралықтан сатып алып, ірі саудагерлерге апарып өткізетін. Ал ірі саудагерлер оны жиып апарып Соу-син торгіге16 немесе шекарадағы совет сауда пункттеріне өткізіп, базар-дүкендерін жайнататын. Нұрасыл сол ұсақ алыпсатарлығын шеттей істеп, ертелі-кеш жол аузында отыратын болды. Бұл жазда патентсіз саудагерлердің алып сатуына тыйым салынды. Жол аузында отырушылардың көбеюі содан еді. Ал, Нұрасыл патенті бола тұра шеттеп алды. Жолдан сатып алған нəрселерін апарып өткізеді де, өзі бармай басқа біреуге патентімен беріп өткізіп жүрді. Жол аузында отырып-отырып, біздің үйге кіріп келген бір күні əкем сұрады бұл жайын:
– Нұрасыл, сен неге бұғып жүрсің осы?!
– Бұқпасқа болмайтын сияқты, Жəке... Базарға түсіп əдемілігімді көрсетпей-ақ, бес-алты шикі өкпемді амандықпен асырайын деген- ге келдім. Сіздің қорқақтығыңыз маған да жұға бастады.
– Жүзіңді көрсетуден неге қорқасың?
– Көрінсем-ақ əдемі екен деп Үрімжіге ала жөнеле ме деймін. Бірдеме ойлай алатын, əдемі сөйлей алатын адамдарды “құрылтайға” шақырып жатыр ғой үкімет.
– Е-е-е, – деп соза күрсінді əкем, – біздің елдің заңшылы, жауап қайтарары жалғыз сен ғана болып қалып едің. Енді Дəмештерді сүйрей жөнелсе үн шығармай шұлғи беретін болғанымыз ба!?
– Мұң тыңдап, аққа жақ боларлық үкімет Дөрбілжінде қалмай

16 Соу–Син торг – Совет – Чинцян сауда бірлестігі.
 
барады ғой. Бір дауға барып, əділдік сұрастыра қалсаң, “е, сен де əдемі екенсің, жүре ғой құрылтайға” дейтін заман болып қалды. Үкіметтің бір басы – мұң тыңдағыш, сүйкімдірек бас еді, сірə, ол жанама бас болса керек. Дулығалы дүлей бас соны кеміріп жеп жа- тыр. – Өнер алды... қысқан, өгізге туған бұзауға да тумасына кім кепіл. Балаларымды бағайын!
– “Алты саясаты” əлі айтылып жүр ғой, неге түңілдік сонша?
– Алты саясатты апамның маңдайшасына асып, əлгі дулығалы аю ғана қалды ғой, онысын орындап қанша жарытар дейсің... Жə, енді Биғазыңызды маған қосып беріңіз! Малайлықтан гөрі менің кəсібім сəл тəуірлеу. Ең болмағанда, қожайынға қоқаңдатпай, еріктірек істейтін кəсіп қой. Оған қарызға бір сома тауып берейін де, қасыма ертейін!
– Сенің кəсібің ғайыпты күтетін кəсіп қой, шырағым. Ғайыптан түсе қалғанда да ең алдампаздарың ғана ала аласыңдар. Қазір ол жас, тапқан пайдасы алдамшылық үйрену ғана болып, оның үстіне зиян тарта қалса қарызын қайтарта алмай қан тышамыз ғой. Сау- да түбі “борыш”, михнат түбі – “ырыс” деген, қазірше осы алал жалшылығымен ғана жүре тұрсын! Əйтеуір қазір байлар аз болсын, көп болсын, тоқтамды еңбекақыны мүлде жеп кетпейтін болды ғой.
– Мұң тыңдаушылар мүлде жоғалғанда, байлар мұртын тағы тікірейте қоймаса!.. Сонда да ойлап көріңіз, Жəке! – деп шықты Нұрасыл, – Биғазы еті тірілеу, жігіт болатын бала еді, қабырғасы жастай қайысып, жасып жүргендей көрінген соң жаным ашып еді. Қайсынымыз қарызданбай күн көріп жүр дейсіз, көппен бірге көрмей ме!
Əкем Нұрасыл кеткен соң, ойлана қараған шешеме сөйледі:
– Патент алуға да ақша керек, оны алған соң еш нəрсе өндірмесе де ай сайын бажы төлей береді, ал патенті жоқ саудагерлердің күнін итке берсін, бəйбіше, қала ішінен киімі түзу біреу шыға келсе, сақшы мен бажыхананың тəйниі деп қорқып, бұта-бұтаға тығыла қашады.
Осыдан  екі-үш  күн  өткен  соң  тəйниге  ұқсаған  бір  ұйғыр жігіт  келді  біздің  үйге.  Нұрасыл  біраз  саудалық  бақал-мəліш алып, жайлауға шығып кеткен екен. Жол бойында отырған алыпсатарлардың тым-тырақай қашуынан ол жігітті біз де тəйни деп біліп едік. Шекшие қарап, шерте басуынан, тіпті “шенді агент” сияқты көрінді. Үйге кірмей, екі бүйірін таянған бойы екі ешкіміздің қорасына барып үңілді.
 
Шағын қаланың қандай адамы болса да бір-біріне түс та- ныстау келеді. Ол – мен көріп жүрген Абылахат дейтін мырза – сері қасапшы болатын. Үлбіреген жібек көйлегіне дақ түсірмей, сымының қырын сындырмай, тіпті қасапшы екенін де білдірмей, көбінесе шертигендер арасында жүретін. Ұйғыр тілінің ұяңырақ дыбысты жұта сөйлейтін əдетімен, “Əбілат” деп атайтын өзін. Əбілат бұрынғыдай айқұлақтанып, төне қарады қораға. Онда Жай- ыр тауынан түн қатып келген бір таныс уақтың бес-алты қойы қамаулы еді. Агенттің көзі қызарып кеткенін көріп, мен сескене қарадым оған.
– Ей, мына қой кімдікі? – деді. Əкем үндемей қалды да, жауап- ты шешем қайырды:
– Таудан келген бір таныстың қойы.
– Иесі қайда?
– Үйде ұйықтап жатыр.
– Шақырыңыз!
Шұғыл бұйрықтан тіксініп қалған əкем тұра ұмтылып барып шақырып шықты.
– Мына қойларыңызды сатамысың, ей? – деп Əбілат қонағымызға адырая қарады. Өзі қой сатып алуға келгенін біліп, мына қоқаңдауына қорланыңқырай қалдым мен. Бір жеңін киіп, бір жеңін кие алмай қалқақтай шыққан момын қазақ:
– Сатамын... Тұяғы сексен сəріден! – деді.
– Не деп тұрсың... Ол қайдан келген нарық?!
– Тақсыр, бұл таңдап əкелген қойларым, көріп тұрсың, бəрі семіз, құнан қойлар!..
– Құнан қойға да базардың нарқы бар!.. Ең жоғарғысы қырық сəрі, білемісің! Бір-ақ сөз, тұяғы отыз сəріден, беремісің, жоқ?!
– Тым төмен, тақсыр! Отыз сəріге мұндай қойды сатқанша айдап қайтқаным жақсы!
–  Ей, сен, қайдан келдің?
–  Жайырдан.
– Қайда жүрсің?
–  Дөрбілжіннің шеті шығар?
– Ə... Бұл, сенің тауың емес, Дөрбілжін, нарықты өрлетсең пал салынады, ұқтың ба?.. Мен сені сынап қою үшін дəл бағасынан артығырақ айттым. – Сатамысың, жоқ?!
– Жоқ, тақсыр, сата алмаймын. Мұның екеуі ғана өзімдікі, басқасы ағайындардың аманат қосқан малы, алмасаңыз өз еркіңізде ғой.
– Менің алатын еркім бар... Үкімет бағасымен алуға қақылымын.
 
Қадірің барда сат, артығырақ баға айтып тұрмын. Шығарып айдап апарып, ақшаңды ал!
– Жоқ, сатпаймын!
– Қойды біреудікі дейсің ə, сен. Саудагер екендігіңді біліп тұрмын, патентің қане!
– Патек дегенің немене, тақсыр-ау?! – Малшы күлімсіреп таңдана қарады, өзіңде жоқ, ұятты аспап сұрағандай ұғып еді.
– Сауда қылатын белетіңді шығар, көремін! Сен саудагер болмасаң мұндай қымбат баға шығармайсың!
–  Бұл саудагер емес, – дедім мен, – таулық мал баққан адам!
–  Сен  тыныш  тұр!  –  деп  Əбілат  маған  едірейе  қарап  та- стап, малшыға əкіреңдей жөнелді, – патент жоқ па?!. Жүр, айда қойыңды, сақшыға барасың!.. Қанша қымбат айтсаң, соншалық пал төлеп сатасың. Үй иесі сен де жүр, сатпақ болған бағасына куə боласың!
Мал иесі аңтарылып тұрып қалды да, күңкілдей жауап қайырып əкем тайқыды:
– Саудаңда ісім жоқ, шырағым, өз жұмысыма кеттім! – деп шығып жүре берді.
– Қарағым, қой алушысың ғой сен, – деп шешем тігіле қарады Əбілатқа, – оншалық қорқытпай-ақ саудалассаңшы! Саудада зорлық жоқ қой!
–   Сіз   үкімет   заңын   білмейсіз,   ана,   араласпаңыз,   менің бұл іс туралы міндетім бар! – бұл сөзімен Əбілат тəйни екенін түсіндірсе де, маған шешемнің сөзі демеу болып, тиянақ тапқандай болдым. – Жүр айдап, жүр! – деп Əбілат малшыны итермелей түсті, малшы жалынышпен қарады оған:
– Менің баратын не жұмысым бар, тақсыр-ау? Сатушы сəл қымбатырақ та айтар, алушы əуелі төмендете бағалап, келісе алмаса өрлете түсіп, ақырында келісуші еді ғой! Мұсылмансың, қарағым, иман ағзамның жолы сол емес пе еді! Сақшыға бармай-ақ қоялық, өзің біраз өрлеп көрші қане!..
– Қорықпаңыз, – деп малшының иығынан түртіп қалдым мен,
–қойды бұған сатпа!.. Жүр, барсақ барайық сақшыға!.. Бұл сенің қойыңды қорқытып алмақшы ғой, қаншалық тəйни болса да көріп алайық, жүр кəне!
– Жүр! – деп Əбілат малшыны алдына итеріп түсірді де, мені қолымнан ұстай алды, – жүр, сенің де батырлығыңды көремін!
– Мені айдайтын ақың жоқ! – деп қолымды серпіп шығардым,
 
– өзім-ақ барамын!.. Сенің міндетің не екенін мен де көрмекпін, жүр өзің!
Мендей екеу келетін ұзын Əбілат, қол жұмсай алмай ырқындағы малшыны айдап ала жөнелді. Əбілаттың өзін айдаған тəрізденіп мен оның соңына түстім. Əбілат жол-жөнекей маған құқай көрсете, заңын да түсіндіріп сөйлеп келеді. Жауабына мен де жауап қайырғаныммен, жүрексініп, құқайына құқай көрсете алмай келе жатыр едім.
–  Сен ұғып қой, – деді базарға таяй бере, – ұры саудагерді үйіңде сақтап, алған малын қораға жасырып отырыпсың! Сақшыға барғанда мұның қылмысын жасырушы болсаң, өзің бірге қамаласың! Сен таныс оқушы болғандығың үшін, құтылу жолыңды ескертіп қояйын, бұл өзінің саудагер екенін айтып, шығарған əлемде жоқ нарқына куə бол, мақұл ма!.. Оқушы ұры жақта емес, үкімет жақта болуға тиіс!
– Əлбəтта! – дедім мен. – Оның сөзіне де, сенің қылмысыңа да куə бо- ламын!
– Менің не қылмысыма куə болмақсың?! – деп ол атыла қарады маған.
– Отыз сəріге бермесе түрмелетіп, пал салдыратыныңды, міндетің бар екенін айтып қорқытқаныңды ғана айтамын. Тəйнилігіңді айтып, біреудің малын тартып алмақсың! Бұдан басқа үлкен қылмысыңды, осылай қорқытумен қанша адамның малын жегеніңді білмеймін, рас емес пе!.. Ал мынаның қылмысы – “сексен сəрі” дегені, сен айтқан отыз сəріге бермегені, мұны да қалыстықпен айтамын!..
Əбілат қыңқ етпейтіндей қампиып, екі қолын қалтасына сал- ды. “Қылмыстарын” айтқанда малшы ғана қинала қарады маған. Көзімді қысып қойсам да қыбыжықтай берді.
– Ей, қалқам, – деп қайырыла қалды бір кезде Əбілатқа, қайтадан саудалассақ қайтеді?
– Қой, қой, ақсақал, малыңды қорқытушыға сатпайсың! – деп қолымды қатты сермедім мен, – енді осыған сатсаң шын қылмысты боласың!
Менің малшыға ашулануыма бір-екі рет қарап қойған Əбілаттың  бəсеңдеп  қалғаны  байқалды,  мұнан  соң  үндеспедік. Суы жаз шыққалы бірнеше жерден буылып, тартылыңқырап қалған Емілдің аттамаларынан аттадық. Айдаушы баяулау басты аяғын. Еңкейіп бара жатқан жалынды күн, “енді қайсының қорқар екенсің” дегендей сынай үңіліп тұрған тəрізді. Аспан əлденеден қауіптенгендей, демін ішіне тартып тына қалыпты. Алдыңғы жағымыздағы  көкжиектен  қою  қара  бұлттың  түксиген  қабағы
 
көрінеді. Ашуы ішіне сыймай көңілді шаңытымен зəрленіп келе жатқан долы сияқты. Сол қаһардан қаймыққандай қарлығаштар да шыр қағып, зыр қағып əуелеп барады.
– Тез жүріңдер! – деп енді мен айдаушыға айналғанымды білдірдім, – тергеуші қайтпай тұрғанда сөйлесіп алайық!
Ағардың  батыс  жақ  қабағына  шыға  бере  Əбілат  күреңіте
“бұйырды”:
– Қайтыңдар! Бағана мұсылмандығыңды айтып едің шал, мұсылманды мұсылман қаматқан болмас, амал жоқ... Кештім!
Ол басын төмен салып кете берді. Ауыр қинаудан жаңа құтылғандай күрсінген малшы маған қарап тұра қалды. Тəуекел деп түйілуім ғана болмаса, менің де туталақай болып келе жатқан кішкене жүрегім бар ғой, сақшы мекемесіне кіруден белгісіз қорқынышпен іштей сескеніп келе жатқандығымнан мен де тұрып қалдым. Əбілаттың сонша қомсынғанына қарай, менің де бір қорлап қалғым келді:
– Ей, Əбілат, тоқташы! – дедім мен, “Əбілат” сөзін нақтылап айттым. Қайрыла қалды ол, – жасың қанша үлкен болса да “аға” деген сөзді мен саған қимаймын, сенің атың Əбілат екенін білемін, ұяң дыбысты жұтып қоятын əдетіңмен «Абылқаттан», «Əбілатқа» айналып қалғансың. “Əбілат” бізше албасты деген сөз. Адамның қабағына қарап басатын албастысың! Бұл атыңды осы жолы мықтап дəлелдедің. Момын малшыны жұтып алмақ болдың ғой! Мұсылмандыққа қарап “амал жоқ” демедің, албасты болғандығың үшін ғана амалың құрыды, осыныңды ұмытпа!
Оның беті шыдамай жүре тыңдады, үнсіз кетті.
– Япырмай, пəледен құтылғаным рас па! – деді шал. – Жас болсаң да ерлікпен құтқардың-ау мені!.. Сен болмасаң жарым бағаға тіпті соның бергеніне разы бола салатын едім. Қасқырдан аман қалған үш қойдың біреуін саған-ақ сыйладым, қарағым!.. Өркенің өссін!
–  Жоқ,  аға,  рахмет!..  Ерлік  емес,  өзім  де  селкілдеп тəуекелмен əрең келе жатқанмын.
Сақшыға бұл даумен барудан Əбілат тəйнидің өзі қорыққандығына  қарап,  мен  “үкіметтің  əділдігі»  əлі  бар  екен деп түсіндім. “Мұң тыңдайтын жанама басын негізгі дүлей басы жеп” жатқанымен, əділетті əлі де жемеген сияқты көрінді. “Бірақ əділет   желінбеген   болса,   құрылтайға   осындай   Əбілəттарды неге  шақырмайды?!  Елсадықтарды  алғанша  осыншалық  зоре- кер құтырғандарды алса, шын əділдік сол болмас па еді!.. Алты
 
саясаттың парақорлықты-жемеңгерлікті жоғалтқаны қайда, керісінше  мұның  тəйни  болып  асқаны  қалай?!  Есіктей  кеудесі мен  тастай  жүрегі  қалай  сақталып  жүр,  бұған  кім  бу  берді?! Бірақ, мұндайды буландырып қойған үкіметтің өзі десек, сақшыға таянғанда бұл Əбілат неден қорықты?!
Бұл кезде мен тəйниліктің үкімет құпиялығы екенін, бұл құпиялықты  əшкерелеп  қоюшыны,  қаншалық  ардақтысы  болса да, үкімет қатал жазалайтынын білмейді екенмін. Кейінірек, ра- сында Əбілаттың саяси тайни екенін, ол осы зорекерлікті, өзінің тəйнилігін əшкерелей жүргізгендігін, сол қылмысын менің дəл жеткізбек болғандығымнан қорыққанын ұқтым!
Өзім жаңа көріп келе жатқан жақсылықтың жаныштала баста- уымен қатар бұзықтықтың қайта бас көтере түскені осыдан төрт- бес күн өткенде тағы да анығырақ байқалды.
Жаздық демалысқа босағаннан бері қала ішіне кірмеп едім. Клуб- та тағы бір жақсы кино қойылатынын күн бата естіп, жеткенімше кино басталып кетіпті. Ішінен бекітілген. Есік ашылмаған соң баспалдақтан енді түсіп, қашуға бет алғанымда екі ханзу бала клубтың бір жағынан шыға келіп, арт жағына: “хаса-хаса!” деп айқай салды. “Қазақ” деген сөзі екенін ұғып, аңтарыла қарадым. Соның арасын- да ересек-ересек ханзу оқушылары тұс-тұсымнан шығып қоршап кеп алды. Кейбірінің қолында шоқпар, кейбірінің қолында тас бар, не деп қаудырласып, не үшін ұрмақшы болғандықтарын түсінбей есім шықты. Қия бассам салып жіберетіндей. “Зу”, “тупи”17  деген сөзді жамыраса жаудырды. Бəрі де жер жамбылдың иен, қараңғы жағын нұсқайды. Жан-жағыма қарап, ара түсетіндей ешкімді көре алмадым. Дөрбілжіндегі жалғыз электр жарығы жайнап тұрған жер еді. Бəрі түсі таныс екен. «Тупи» дегенін түсінбесем де, “зу” дегенін толық білем ғой, таңбасын өзім биыл үйренген “жүр” деген сөз емес пе? Неге жүремін, не қылмысым үшін айдайды!.. Бірақ, жүрмесем ұруға кезеліп тұр. Шоқпар да – тас, тас та – тас, қаша жөнелсең ешқайсысы оңай тимейді. Қарсылассам тіпті қаттырақ тиюі хақ. Жалғызбын ғой! Онан да жүр деген жағына жүрейін. “Қазақ” деді ғой, қазақ болғандығым үшін ғəзер болса бір-екі шапалақ ұрар. Қол көтермей қойсам одан артық ұра бермес, жазығым жоқ емес пе!
Қазақша тілді жақсы білетіні белгілі біреуіне жазықсыздығымды білдіре қарадым:


17 Тупи –Қытайша. Қарақшы дегенді білдіреді.
 
– Ей, сабақтас, мен не қылдым сендерге, ешкімге тиіспеген едім ғой?! – менің қазақша сөйлегенім шам болса керек, екі жұдырық қатар келіп тиді. Боқтап, итермелеп сүйрей жөнелді сөйтіп, ешқайсысы қазақша тіл қатпай ханзуша тілдеп, түйгіштеп əкетіп бара жатса да, лажсыз тағы да қазақша сөйледім. Бұл жолы үнім қаттырақ шықты, – мен бəріңді танимын, жазықсыз ұрмандар мені!
– Ұрсақ қайтесің, міне!.. Мə, қазақ, саған!.. Міне тупи! – десіп енді бəрі қазақша сөйлей төмпештеп келе жатты. Өлтірмеген жағдайда да естен тандыра соғатындығы былай шыға бере түсінікті болды. Адам бар жерден аулақтаған сайын таяқ қатая да, жиілей де түсті. Ешкім жоқ, дүлей қараңғылыққа сіңіп бара жаттым. Бір топ дүлей жыртқыштың қолында бекер өлгенше менің де қарманғым келеді, бірақ, ешқандай лаж жоқ: тосын- нан сілкіп қолымды босатып алармын-ақ, бірақ, мына қараңғыда тас табыла қояр ма, қолдағы қаруларының бірін оңайлықпен қайсысы қарызға бере қояр. Мен жер сипалап бірдеме тапқанша, жер жастандырар. Соғысудан гөрі қаша жөнелу қолайлырақ сияқты, аяғымның біраз жеңілдігі бар еді. Сол оймен өз еркімше бағынғансып, елпектей бердім.
– Қайда апарасыңдар, өзім барайын, қолымды қоя бер! – деп екі қолымды да сілкіп шығарып, алдыларына түстім. Ең үлкен екеуі екі қолыма қайта жармасты да дедектете жөнелді.
Жер Дөрбілжіннің теріскей бір бұрышында жарлауыққа жақындай бергенде:
– Биғабілмісің, ей!... Биғабіл! – деп айқай салды артымнан біреу. Бəрі жалт қарады, құтқарушы періштем шақырғандай дереу: «мен» деп қуанышты үнмен жауап қайырдым. – Үй, қайда барасың?!
Дауысының қарлыға шығуынан тани қойдым, біздің шығыс шеттің Ғарыпбек атты «қыран сарысы» екен. «Жаңгүдейлерге» көбірек жалданғандықтан ханзуша жақсы сөйлейтін, əрі қалаға белгілі жұдырықшы еді.
– Мыналар ұрғалы айдап барады! – дедім мен жан дауыспен. Ақырып жіберіп, тұра жүгірді. Ата-аналарын дəл өздерінше,
өз тілімен сыбай ұмтылғанда, тым-тырақай қаша жөнелді əлгілер, лезде ғайып болды.
– Үй, сен олардың алдына түсіп, неге елпек қағып барасың?
–деді Ғарыпбек қолымнан ұстай алып, – иен қараңғыда өлім іздеп барамысың! Ешкім көрмейтін жерде өлтіре салмай ма! Екінші бы- лай қолға түссең, жарық жерден, не адам бар көшеден шықпай жа-
 
тып ал! Ұрғыш болса адам көретін жерде ұрсын, өлсең адам бар жерде өл, сонда ғана дерегің табылады.
Мен қатерлі кемшілік өткізгенімді енді түсініп, Ғарыпбектің қатал сөгісін мойындай бердім.
– Сіз қайдан көрдіңіз, аға?
– Олар жабыла итермелеп клуб қақпасынан алып шыққанда, мен Төрт көше жақтан келе жатып көргенмін. Кім екендіктеріңді таны- масам да, əйтеуір бір төбелес қой деп, жеделдей басып жеткенімше, сені сыртқа қарай бұрып ала жөнелді. Жүгіріп келіп бұрылыстан тыңдай қалсам, сенің үнің естілді. Енді бұл жаққа кеште жалғыз келуші болма, ұры-қарақшы, сотқарлар көбейіп қалды.
– «Тупи» деген не?
– Қарақшы, банды деген сөзі. Тупи деді ме?
– Ие, “хаса”, “тупи”, – деп айдады. – Біз қарақшы аталдық па енді?!
Ғарыпбек ашуымен мырс ете түсті.
–  Алтайдағы қазақтан “банды” шығыпты дейді. Қазақ болған соң бізді де соған сындырғаны ғой!..
“Банды”  жайын  кеңіте  сөйлей  еріп,  Ғарыпбек  мені  үйге шейін жеткізіп салды. “Жаңа шиянжаңның” көп барып тұратын мектебінің оқушылары шынымен осылай тəрбиеленгені ме?!” деген ой құрыстап алды мені. Есімхан көтерлісінен аман қалған Оспандардың   көбейіп,   енді   Көктоғай,   Шіңгіл   аудандарын түгел “бандыға” айналдырып алғанын естідім. Бірақ, оларға біздің не ортақтастығымыз бар еді. Олар “банды” болды деп бізді “банды” деп атаса, əділетсіздіктің ең сорақысы сол ғой! Елсадықтарды əлде соның себебінен ұстады ма екен!.. Олай бол- са Керім шиянжаң мен Құсайын қазақ емес қой, ал Ли шиянжаң тіпті ханзу емес пе!.. Жоқ, олардың ұсталу себебі басқа. Бірақ, қалайда Алтайдағы “бандыға” бізді қосып жазалау, тек осындай бұзық балалардың ғана ісі!”
Сол оймен олардан ертеңіне-ақ кек алмақ болдым. Содырлардың бұл қылығын өз көшеміздегі “жайындарға” жеткізіп едім, олар “содырларды” тыныштандыру қимылына қыза қатысып, жар үстіне түгел келіп жатысты. Бірақ, сол күні біз де əділеттіктен жа- зып қалыппыз: менің өшім, əрине, барлық ханзу баласында емес қой, жазаға түнгі содырлыққа қатысқандар ғана тартылуы керек еді. Суға кірген соң “жайындардың” көзі тұнып кетіп, бəрін “жұта” берді. Мен көрсеткендерді анықтап айыра алмай “жұтты”, соғыс майданындағы жауынгерлерді “хақ жау”, “нақақ жау” деп таңдап
 
соғу өзі үшін қатерлі де болмай ма. Соғыста қарсыдан келгеннің бəрі қас. Сол жағдайда жаппай соғылды.
Өзім  бір  жауымды  анық  танып,  дəл  үстіне  секіріп  түсіп едім, суға толық тойдырмақ болып соны ғана үш рет “сыйлап” шыққанымда, бүкіл көлдің пырылдап-шиқылдап ұлар шуға ай- налып болғанын бір-ақ көрдім. Жарға шыға салып құлап, таны- лып қалмау үшін кенереден сығалай қарасам, өз жазалағанымнан басқаның бəрі нақақ сабақтастар сияқты көрінді. “Өш алмай, обал арқалап шығыппын-ау!” деген кейіспен жар үстіндегі құмайтқа аунай кеттім. “Жайындардың” бəрі батпақ сауыт киіп алғандықтан, ханзу сабақтастар олардың ешқайсысын танымай, улап-шулап киімдерін көтере-көтере жөнелді. Алысырақ барып, киімдерін кие тұрып, жабыла боқтық жаудырды да кете барды. Көпшілігінің жансақ жазаланып кеткені анық екен. Енді мұнан соң жаппай жазалау жүргізбей, анық танылған содырларды ғана баптауға келістік.
Менің  ең  негізгі  нысанам,  түнде  өзім  жалынып  айтқан, қазақ тілі бар содыр еді. Тəтті жалынышыма қатты жұдырық қайтарған ғой ол, соның келуін тосып, жарды көп жастандым, келмей қойды. Сол ғана емес, тіпті ханзу балалардың көбі келмейтін болды. Жалыға-жалыға жар үстінде Жəкен екеуміз ғана қалдық бір күні.
Тауға көп құйған нөсердің тасқыны келіп, Емілдің суы аса молайған күні еді. Түске көтеріліп қалған күн ашық, ыстық бол- са да, түндегі жаңбыр қалдырған дымды лептен болса керек, су бойына ешкім келе қоймай, құлази бастадық. Құтырған тасқын біз жақтан жар қабырғасын арс етіп қауып, шап етіп жалап өтіп жатты. Терең иірім шыр-көбелек иіріліп, аш айдаһардай шиқ-шиқ жұтынады. Жүз толғанып, мың бүктеліп, жолбарыстай ыршыған сарғыш толқындар қарсы жақтағы қалың шым бөгеуді үздіксіз ба- сып, жұлқылап жатыр, тіпті кеміріп жеп барады. Өзен ашуымен қайнап кетті.
Көзіккен содырым келмей менің де кегімді қайнатты. Есіме түскен сайын менің де ашу-ызам осылай жұтынып, осылай құтырып жатты. Ол мені соққылап қана қоймай, бейуаз ханзу сабақтастарға соқтықтырып, өзімді содырға айналдырды ғой!.. Осылай дағдарып толқынға төніп жатқанымызда, əр үйдің суын тасып күн көріп жүрген Жарбол дейтін жынды келді суға. Ол жынды болғанымен ешкімге соқтықпайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын. Тек өзінен- өзі айқай салып, бар сөлекет əуенімен “өлең айтып”, бақылдап,
 
барқылдап, шаңғырлап жүретін ауысқан адам еді. Ешкімге пайда- дан басқа зияны жоқ, адал еңбегімен жаққандықтан, кірген үйінен тоя ішіп, тоя жеп жүретін қайғысыз-қамсыз, тоқ жынды Жарбол жардай жалпиған семіз де кесек денелі болатын.
Сол   жынды   айқайлап   келіп,   екі   шелегімен   иін   ағашын біздің қасымызға қоя салды да, шешіне бастады. Жардың тоған шығарылған төменгі жақ оймауытындағы суға құлай өскен үйеңкінің түбіне жыртық көйлегін тəптіштеп бүктеп қойып, кенеп дамбалын арт жағына лақтыра салды.
– Жарбол, түспе!.. Малту білемісің, ей Жарбол?! – деп шошына сұрады Жəкен. Жарбол үн қатпай аяғын салбыратып жағаға отыра қалды. Мен қатты айқайлап əрең қараттым.
– Жарбол!.. Жарбол!.. Түспе! Түспе! Қарашы өзің бұл су терең, бойыңнан асып кетеді, өліп қаласың!
– Е... Кімдей, сендер түскен суға мен түсе алмаймын ба!
– Біз малту білеміз, сен білуші ме едің? – деп Жəкен қайта сұрап үлгіре алмады. Жарбол сырғып түсіп, бақыра ұмтылғанымен, сал- бырап тұрған үйеңкі бұтағына қолы жетпей қалды. Басы бір батып, бір шығып, пырылдай жөнелді. Тулаған сайын, бері қарай ұмтылған сайын ары кете берді.
Дүлей шыңырау Жарболды жалмап тартып, жұтып барады, мен Жəкеннің қолынан тартып қолқалай түстім. Ол күшті де ең жүйрік сушылымыз еді.
–     Ұстап     алса     жібермейді.     Өзімен     бірге     өлтіреді, түспеймін!.. –  деп біржолата бас тартты!
– Мен де түсейін, екеуміз екі қолынан ұстайық!
– Жоқ, екеумізді де өлтіреді!
– Суда адамның жалаңаш денесі тайғақ болмай ма!.. Жабыла жармасқан жиырма қолдан сытылып шығатын ең ғой, осының бір қолы сөз бе саған!
–  Жоқ, мұның қолы сол жиырма қолдан да қиын!..
Əншейінде өте көңілшек Жəкен көнер емес. Өлімнің өзіне де тасбауыр болып алғандай, қатая түсті. Су астында оқтай тез атылу- шы еді. Басымен арғы жағынан бері қарай бір сүзіп өтсе де жағаға жақындар еді деп қатты ділгір болдым. Су Жарболды, Жарбол суды жұтып, өлім мен өмір əлем-тапырық алысып жүр. Соңғы ми- нут болса керек, Жарбол басын судан кідіре бір рет шығарғанда, шыдай алмай атылып түстім. Ылай болғандықтан су асты бүгін өте қараңғы екен, арт жағынан келіп əрең таптым. Балтырынан құшақтап көтеріп едім, екі білегімнен шап беріп ұстай алды, сыр-
 
тынан көтергендігімнен онысынан қорқа қоймадым, судан басы шыққаны  байқалды,  аса  тереңге  əлі  де  жетпеген  екен,  үйеңкі жаққа екі-үш рет адымдап апардым да, бар қауқарыммен итере серпіп тастап, су бетіне шықтым. Бір дем алып қайта сүңгідім де, жəне солай жылжытып апарып серпідім. Енді екі рет осындай өніммен жылжытуға шыдасам, жындының қолына үйеңкі бұтағын ұстатуға болатын сияқты. Балтырынан үшінші рет көтергенімде, ол қолымнан ұстамай, төбеме қолын тіреп, шашымды шеңгелдей көтерілді. Шашым қысқа болатын, мұның қаупі тым аз сезіліп, бұл жолы алға недəуір өндіре жылжытып апарып шығып едім, үйеңкі бұтағының астына барып, бырғылдағаны көрінді. Жан алқым қайта сүңгіп барып көтергенімде, қолы мені қармады. Бұтақты ұстағаны білінген соң алыстамай, дəл артынан шықтым. Бұтаққа қос қолымен мықтап жабысып, артына қарап тұр екен. Бедірейген бойы маған қадалған көзі қыбырсыз төніп қалды. Мені бас салып жегісі келген қаһарлы жыртқыш тағыша кірпік қақпаған суық көзі ту сыртымнан өтіп барады. Өлім үрейі соншалық ызғарлы бола- ды екен, өзімнің де əлім құрып, басым зеңгіп кетіп еді, маған аты- латындай кейпінен сескеніп, алыстап барып, су үстіне шалқалай жаттым. Жəкен əлі міз қақпай қарап отыр екен. Бұл отырысына ызам қайнап кетті:
– Ей, шошқа, тарт қолынан! – деп айқайлап жіберіппін. Ол үнсіз ширап келіп, Жарболдың қолынан тартып шығарып алды. Рақымсыздық онда мүлде жоқ сияқты еді, артынан байқасам, то- сын көрсеткен адамгершілік бейнесінен намыстанғандай, өзінің де есі шығып кеткендей көрінді. Судан шыққан соң əлгі қатты тіліме тіл қайырмады, сары жүзі қып-қызыл болып төмен қарап қалды. Жарболдың басын төмен қаратыл, етпетінен жатқызып қойыпты. Оның аузынан су төгіліп жатыр.
– Кешір, Жəкен! – дедім мен. – Сəл үлкендігіңе қарамай тілім тиіп кетті. Қасындағы адамға өлім қаупі төнгенде, мынау отырысың жақсылығыңа үйлеспеген соң ішіме сыймай кетті.
– Мен кешірмейтін не бар? – ол төмен қараған бойы баяу қайырды жауабын. – Сен кешір, қорыққанымнан есім шығып кетіпті!
– Сен неден қорықтың?! – деп қалшылдап отырып күлдім мен. Жəкен онан сайын қызарды:
– Жарбол сені ұстап алса, еріксіз түсем ғой... Екеуің бірдей жабысқанда менің нем қалар, бəрібір өлдім дедім мен... Сен өте қатерлі іс қылдың, мына дəу құшақтап алса тыпыр етпей өлетін едің! Бір жынды үшін сап-сау басың кете жаздады!
 
– Біреуді тұншықтыр десе, он-он бесін бірақ қиқылдатар едің ғой... Құртуға бар, құтқаруға жоқ болғаның ба, қалай?!.
Жəкен суда біреуді қолынан тартып жабыстырып алудан аяғынан тартып батыра салу оңай екенін дəлелдеп отырғанда, көше жақ тапыр-тұпыр етіп, көп адам шыға келді:
–  Кім кетті суға?!.
–  Аман қалып па?!.
–  Кім  шығарды?  –  десіп  сұрасып  жатты  келіп.  Əкем  де ентіге жетті. Жəкен болған жайды жасырмай бəрін айтып, қатерді маған таман қаптата сөйледі.
Əкем судың пиғылына үн-түнсіз қарап, тұнжырап тұр. Киініп, басын көтеріп отырған Жарболға кейбіреуі ұрысып жатты. Есіне толық келіп қалған Жарбол да бой берер емес.
– Мені судан шығарған сендер емес, ақырма! Əне, Жаппар атамның баласы! Ол ұрысқан жоқ қой, əуелдесең ұрған да жоқ, əне, өзінен сұра! – деп аузынан көбігін шаша бақылдап кетті.
– Сен суға өзің ғана кетіп қоймай, балаларды өлтіре жаздадың, енді түспе суға!
– Құдай сақтаған екен!
– Мынадай суда тұрмақ, жай жүргенде адамның жүрегін ұшыратын мына дию ұстай алса, аюға түскен қаршығадай балада не қауқар бар, тырп ете алмай кеткені ғой!.. Рас сақтаған!
– Кешірер өмірі, көрер қызығы бар ғой алдында, өмірің ұзақ болсын, балам! – деді бір қарт. Əкем бұл алғысқа да қарамай, суға үңілген бойы тұнжырай түсті. Сөзінен қызық күтетін біреу Жар- болды айналдырды:
– Ей, Жарбол, сені қалай шығарды мына бала?
– Балық мені жегелі жүр екен деп қорықтым. Аяғымнан жұтатындай болды... Бірақ тістемеді, мына құйрығымнан көп түртті... Шашынан білдім, балықта шаш жоқ сияқты болатын... өгіз сияқты айдап шығарды.
Қарық болып қуанып отырған Жарболдың шашыран сөзіне көпшілік ұзақ күлді. Маған алғысты көздерімен қарасты. Мен қаншалық аңдысам да əкемнің райынан жылыну шырайы байқалар емес, бірақ, ашу да жоқ тəрізді, көзі жасаурап, анда-санда бұлт ете түскен шықшыт сүйегі ғана азуын қатты басып қалғанын байқатады. Мынау рақымсыз тасқын аяулы баласын жұтып кеткендей-ақ дағдарулы тұр.
Мен алдыңғы жылы бұл кісінің таяғынан көшеге жалаңаш қашып  шыққанымда  төгілген  абыройымды  осы  жолы  қайта
 
бүтіндеп жиып алғанымды көптің алғысынан біліп, көңілденіп отыр едім. Байқасам, сол бір масқара болған кезімде қатты күлген қыз-келіншектер де келіп тұр екен. Сол күннен бері оларға ұялмай қарағаным бүгін ғана болар, кешірім алған қылмыстыша жүзімді алғаш рет аша қарадым.
Əкем қасыма келіп, “жүр үйге!” деп күбіре ете түсті де, бұл жолы алдына салып қуаламай, қолымнан жетектеп қайтты.
– Жəкең енді қамайды оны! – деп қалды арт жағымыздан біреуі. Бұл болжалдың шындығы іле-шала дəлелденді. Былай шыға бере əкем:
– Осы суға енді келсең аяғынды қырқамын, – деді жалғыз-ақ. Осы кесімнен соң сəті түскенде ғана, тым сирек келе алатын бол- дым да, кегімді қайтара алмай қалдым.
Əділетті “тергеушім”, бұл тараудан сіз менің əлемде жоқ ерекше қылмыскер екендігімді көріп отырсыз. Жындыдан қорықпайтын адам  жоқ,  өйтетіні,  ол  заңға  бағынбайтын  содыр  емес  пе.  Мен сол содырды судан жан сала құтқарып, сау адамды жан сала тұншықтырған содырмын. Жындыны өрге сүйреп, сауды көрге ите- ру адам баласы өткізуге тиісті қылмыс па!

II

1940 жылдың күзі күңгірттеніп түйіле жетті. Мектепке қайта жиналғанымызда қою қара түтін мен боз түтек қаптаған сурет- тер сынып қабырғаларына көп жапсырылғанын көрдік, өңкейген сұр киінген неміс, сары киімді тапал жапон əскерлері бейнелен- ген суреттер тіпті ойран-асыр. Жалаңдаған, өрт түтеген улы газ, қараушыны тітірететіндей тым суық көріністер сол екі фашизмнің дүниеге өрт шашып жатқанын көрсетеді. Бəрі де Совет Одағында басылып шыққан аса айқын суреттер. Біз құтырған ит көргендей тіксіне қарасып жүрдік соларға.
Өзіне тартып, көп үңілетін келбетімен кенелтетін бір ғана су- рет – Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин суреті мектептің ең тұңғышы
– біздің алтыншы класқа ғана ілініпті. Алдына жиі келіп, көп үйіріліп, қараса бердік соларға. Кейінгі екеуі маған бұрыннан көзі таныс, өз семьямыздың атасындай көрінді. Алдыңғы екі қарияны бір-бірімізден көбірек сұрасып, сабаққа кірген мұғалімдерге де олар туралы сұрауды көбірек жаудырып жүрдік. Бірақ, біз қанша көп сұрағанымызбен мұғалімдерден қайтатын жауап тым келте бол- ды. Олар атын ғана айтып беріп, кейбірі “жақсы адамдар”, “үлкен
 
ғалымдар” деп қана кетеді. Солардың арасында Үрімжіден оқып келген біреуі ғана тартыңқырап айтса да, тап басар жауап айтқандай болды: “бүкіл дүниедегі кедейлердің көсемі. Кедейлердің жоғын жоқтап, көп кітап жазған ғалымдар!”
Ли шиянжаңның лекцияларында көбірек аталған кісілер осы- лар екенін білген соң, сонда мысалға алған сөздерін еске түсіруге тырысып көріп едім, көкейіме толық қонбады. Өзім көріп жүрген көп жұмбаққа ойыстым. “Бұл кісілерді жақтайтын, көп айтатын Ли шиянжаңды, Елсадықтарды неге ұрлап əкетті екен?! Олар ашық айтушы еді, қазір мұғалімдер бұл кісілердің атын атауға да тарты- нып жүргені несі?!. Таныстыруға шынымен тартынса, мектептің ең төріне неге шығарды?”
Осы сұрауды қасымда отырған Бексапаға қойдым бір күні:
– Бұл кісілердің жақтаушылары мен мақтаушыларын түрмеге тығып, өзін биікке көтергені қалай?
– Олардан қорқады! – деді ол сыбырлап қана, – алты саясатпен фандиқұй ұйымы тұрғанда, көрініс үшін болса да көтермей ме, Со- вет Одағынан қорықпай ма...
Байқасам, биыл сабақтастардың көбі саясатшыл болып алыпты. “Ыр” дыбысын “и” дыбысына, кейде “ыл” дыбысына айналдырып сөйлейтін Ораз атты сақау сабақтасымыз “Шынжаң газетін” қолынан тастамай, тіпті сабақ уақытында да оқиды. Сабақ аралығындағы демалыстарда мұғалім шығып кетісімен соның орнына барып тұра қалады да, газеттен тапқаңдарынан лекция өтеді. Ол өзі соқталдай денелі жігіт болып қалса да, сақау сөйлейтін себебі жалқы, ерке болғандығынан екенін əлі күнге алынбаған ұзын айдары əшкерелеп тұратын. “Мұғалім болып, бас киімін үстелге тастай салғанда, түйіп қойған айдары шашылып кетіп, ду күлдіріп жүрді.
– Енді Ояз əпенді сабақ өтеді дейді сендейге, – деп газетін стөлге жая салады ол, – тағы да дүние ахуалы жайында сөйлеймін. Биғаділ, түй!.. Қалитаға шық!
Қабырғаға ілінген үлкен қартаның жазуы славян əріпінде болғандықтан, оған өзінің тісі батпай, «мұғалімдігін» пайдаланып, маған бұйырды.
– Дания қайсы? Чехословакия қайсы! Енді Польшаны көйсет! Ойныңа оти! Көйдіңдей ме, балалай, и? Дания мен Чехословакия- ны Гимания фашисти жұтып алды. Гитлей өңешін енді Польшаға созды, Совет Одағы оған қайсы болып «так-так» айтып жати.
– Германияның өзі қайда тұр, мұғалім, көрсетші! – деген сұрауға:
 
– Биғабіл, көйсетіп қой, балалайға! – деп тағы да маған бұйыра салды.
– Мұғалім, өзің көрсетші, оқушыларың қате көрсетіп қояр!
«Тыныш отиыңдай! Ол қате көйсетсе, мен түзеймін! Оти.... Ги- мания деген сол. Дүниежүзілік биінші соғыста жеңіліп қалған сол қанқұйлы Гитлей таққа шыққан соң қайта құтиып, бүкіл Еупаны ойландап басып жеп жати! Дүниені жұтпақ!
– Гитлер деген қайсы мемлекет?
– Балалай, тым надан екенсіңдей! Гитлей, Шеңбилен, Шейшіл, Уазвеит  дейді  білмесеңдей,  мен  қайтіп  оқытамын  сендейді!
–деп шыға берген Ораз қайта қайырылып тұра қалады. – Сендей басқа мұғалімдейге мұндай сұрақ қоймасыңдай ғой! Өңшең дү.... лыт аяқ!... Айналып кеп менің айдайымды ағайтқанша Гитлейді Нəбиолла молдадан сұяп ұқсаңдай болмай ма! Молда айтып жүйетін қазияилей сол Гитлейдің дəл өзі!
Менің артымдағы партада отыратын Өмірбек дейтін сабақтас, Оразға бір қоқайдың дерегін көрсетіп еді, Бексапа құбыжықтың дəл өзін алдына қоя қойды:
– Олай болса, Гитлер құдайдың періштесі болғаны ғой!
– Хазірейілді де Гитлер тектес лағнат көрдің бе, Ораз əпəндім, осының пəтуасын молдадан сұраймыз, тұра тұр!
Нəбиолланың  алдында  қорыққанынан  намаз-дұғаларындағы
«ыр» əрпінде «ыр-ыр-ыр» деп күштеп оқитын Ораз, осы сөздер шыққанда үдірейе қалып еді:
– Ағатайлай, басқасына айтсаңдай да молдаға айтпаңдай! – деп столдан тайқай берді, – енді мұндай сөзді сөйлемеймін.
– Басқа мұғалімдер де дұрыстай қоймас бұл сөзіңді, Гитлерді хазірейіл сияқты құдай тағаланың өзі белгілеп қойған періштесі деп ақтап, пəк қылып көрсетпексің ғой!
– Жоқ, басқа мұгалімдиге айтатын патуам бай, олай тіл біледі ғой.
– Қандай патуаң бар?
– Балалай, мен енді сендейге соны түсіндейін, молдаға айт- пасандай болғаны! – деп Ораз “мұғалім” столына қайта келді, – мəселенің шындығын ойлап көйіндейші! Ешкімге жазығы жоқ жақсы адамдайды өлтигенге, кім болса да – біз “қаншеи”, “қанқұйлы” деп ат қойсақ, күнə болай ма еді? Қане айтындайшы!.. Болмаса “күнə болады дегендейін қол көтейші қане!.. Ə, міне, ешқайсылайың қол көтеймедіңдей ғой, демек күнə болмайды. Ендеше адамзат жайлағалы ғазияилдің өлтиген жазықсыз адамы аз ба! Өздейің
 
көйген өлім – қазалайды ғана ойлап көйіндейші! Ол қай қашан жазықсыз, өз еңбегімен ғана күн көйетін еңбекшилидің жетім- жеси қойғансыз адамдайдың жанын көп алып жүймей ме, жеменгей байлайға аз тиіседі. Олай болса, ғазияилдің Гитлейден қай жеиі кем?! Меңіше, пайқы бию ғана: Гитлей көзге күйініп келіп, тайыс- түйіс дауыс шығайып атады да, ғазияил күйінбей келіп үндемейтін мылтықпен атады. – Ораздың бұл сөзіне сүйіне күліскен көпшілік сабақтастар хазірейіл туралы айтылған кінəға талас айтысты. Кейбірі тіпті даурыға жөнелісті.
– Хазірейіл тек тағдыры біткен адамның ғана жанын Алланың бұйрығы бойынша алмай ма? Ал Гитлер кімнің бұйрығымен қырады?
– Соғыста тағдиы біткен адам ғана өлді дисек, Гитлей де құдайдың бұйлығы бойынша ғана өлтие алады.
– Сен сақау не деп былжырап тұрсың, хазірейіл ыңғай кедейлерді алады дегенің қай сандырақ! Байлар өлмей ме!
– Өледі ғой, өледі, бияқ, аз өледі, – деді Ораз тағы да, – оқыстан, қиыншылықтан өлетіні тіпті аз!
– Ыңғай байлар ғана өлсе, қыбың сонда қанбақ қой! – деп Мəкен көк көз ұзын мойнынын соза түсті, – хазірейіл байлардың жанын алса, Гитлер байларды ғана қырса қанішер аталмақ емес қой!.. Ей, сақау, байлар соншалық неңді алды сенің?!
Қуанышқан бұл сөзден куат тауып іле зекірді:
– Құдайдан безіп шоқынған екенсің!.. Айдарыңды жұлып ала- мын, отыр былай! – Ораздың күлкілі əрі ойлы сөзін қызыға тыңдап отырған біздің жақ, зекірушілерді мықтап тойтарды.
– Жə, мырза, сенің мүйізің не ғып сырқырай қалды?! – деп алдымен Өмірбек мысқылдай күлімсіреді. Сөйтсе де, қара торы толық жүзі сəл сұрғылт тартыпты. Қиялзат араға ашық түскендей рай білдіре шектеу айтты:
– Жаңағы айтқаныңдай, құдайдың бұйрығынсыз сен де оның айдарын жұла алмайсың!
– Қане, жұлып көрші, өз мойның жұлынсың! – деп Жəкен дүрсе қоя берді.
– Құдай мен олардың періштесі сендерге ғана тəн капитал емес, бізге де ортақ қой, елден ерек сендердің нелерің күйіп кетті деймін!
– деп Өмірбек тағы да мысқылды ажар көрсетті. Етті сопақша көзі күлкімен жұмылып, көлденең сызықтай көрінді енді.
– Тек, олай демеңдер, сөз саптауларына қарағанда бұлар сол жаналғыштардың ерке немелері болса керек! – деп Бексапа көсіп
 
жіберді. Бүкіл сынып болып күлдік. Көп қолдауға ие болған Ораз енді күле сөйледі:
– Жігіттей, менің айдайымды жұлу оңай, өзім де құтыла алмай жүймін, бияқ, сендей өздейің менің пікиімді жақтап алып, айты- нан боқтағандайың қалай?!
– Қашан жақтадық? – деп Мəкен бастатқан бірнешеу өре тұрды.
– Алғашында кесетіп айтқан сөз естеріңде бар ма? – деді Бек- сапа, олардың мұғалімдерге айтып қоюынан Оразды сақтағысы келді, – ол: “ешкімге жазығы жоқ, жақсы адамдарды өлтіргенге – кім болса да, біз қанішер деп ат қойсақ күнə бола ма! – деп сұрады ғой, біз оған күнə болады деп тойтарыс бере алмадық. Бəріміздің жақтағанымыз сол емес пе. Сендердің біреуің тойтарыс берсеңдер сөйлер ме еді! Мұның сондағы кесеткені бай да, кедей де емес, “ешкімге жазығы жоқ жақсы адамдарды өлтіру күнə бола ма, бол- май ма, ол күнə деп аталса, əрине, оны өлтірген адамды қанішер деп атауға болады. Ал, енді біз осыны айтқан Ораздың өзін қанішерге айналдырып, айдарын жұлып  алсақ  кім болғанымыз...
– Сұрау да, жауап та Гитлер жайында ғой, – дедім мен, – бұл жерде байдың жанын алғалы бақыртып басып отырған ешкім жоқ. Ораз жай байды емес, жемеңгер, сойқан байларды айтты. Сен- дер өздеріңді өздерің əшкерлеген жанша, зұлымдарға болысып шырылдамасаңдар да болар! “Тақия тастамақ ойнаса, таздың басы қышиды”. Сендердің бастарың сап–сау емес пе еді, неге қышиды сонша?!
–  Ешкімге  жазығы  жоқ  адамды  ғана  емес,  тіпті  жазығы бар адамдарды да күнəсіне лайық қана жазаламай өлтіре қалса, ол қанішер аталмай ма? Ал хазірейілге келсек, ол періштені тіпті құдай тағаланың өзі де жан алмайды деп ақтаған емес. Жаратушының өзі хазірейілді “жан алғыш” деп жарияламаса, оны көрмеген Ораз байғұс қайдан білмек. Оған түс шайысудың жөні тіпті жоқ!..
Ораздың қылмысын осылай жуып-шайып, егесті бұл жолы бассақ та, ертеңіне молда келіп бас салды:
– Ораз, не айттың кеше!.. О, дө... ырт аяқ, шық былай!
– Оны ақтағандарды да шығарыңыз! – деп қалды Мəкен. Нəбиолла бізге тиіспей Оразды ғана шығарып тұрғызып қойып, тергей жөнелді. “Алла тағаланың періштесін шоқыншық Гитлер- ге, ия юзма-юздей жойытқа ұқсатқанына қатты қаһарланды ол кісі. “Кəпір”, “шоқыншық” деп зекіре берді. Ораз да тайынар емес:
 
– Молдаеке, сіз, хаз.. айылды əмсе жан алатын, Алла тағаланың жан алғыш жендеті деп үйлеттіңіз ғой. Одан басқа істейтін жақсы қызметін естімеген соң, Гитлей нақ сондай екен деп түсіндім. Əгəй жақсылығын үйлетсеңіз Гитлейге ұқсатпас едім!
Жеңілгендіктен тым қатты шығып кеткен молданың дауысын естіген болса керек, ыңғай саясат сабағын өтіп жүрген Сəрсен мұғалім кіріп келді.
– Не себепті? – деп сұрауы-ақ мұң екен, молдамен жарыса сөйледі Мəкен. – Жазықсыз адам өлтіргенді қанішер десек күнə бола ма деген сөзді кім айтатынын Сəрсен мұғалім қайта сұрады да, Мəкен алдымен айтушыны да, артынан құптаушыны да, мықтап бекітушіні де қайталап айтып шықты. Атап, көзіктіре əшкерлегені
– Бексапа екеуміз. Онын жақтастары қосарлана шауып, бастыра жөнелді бізді.
Мұғалім молдаға ым қағып, Оразды итермелей айдап шығып кетті де, біз жым-жырт отырып сабағымызға қарадық. Сол дін сабағы сағатында Ораз да, тіпті молданың өзі де қайтып кірмеді. Олар кешіккен сайын күдіктеніп отырып, үзіліске шыққанымызда мұғалім мен молданың мұғалімдер бөлмесінде жарыса ақырып жатқаны естілді. Біз кідіре алмай сыртқа шығып кеттік. Ораздың неліктен мұншалық тергеуге түскені бізге тым қиын жұмбақ бол- ды.
Сыныпқа  қайта  кіріп  едік,  саясат  сабағын  өтеуге  Сəрсен де келмеді. Қауіптене түсіп отырғанымызда, Бексапа екеуміз шақырылдық, мұғалімдер бөлмесінде сол екі тергеуші мен тергелушіден басқа ешкім жоқ екен. Ораз айдары додаланып жы- лап тұр. Толықша қызыл қоңыр жүзі ісініп алыпты. Мұғалімнің сарғыш көзі қып-қызыл, қылмыстыға атылатын оқ жыланша қарап қадалып отыр.
– Жақсы адамды өлтірушіні қанішер десек, күнə бола ма деген сөз қайдан шықты? – деп сұстана қарады ол бізге. Біз үнсіз ойла- нып тұрып қалдық. Шындығы əркімге аян осы бір “жазықсыз” сұрауды ғана қудалап отырғандығына іштей аңырыс бар еді.
– Осы сұрауды кім үйреткенін айтыңдар! – деп Сəрсен қузай түсті, – бұл өздерің шығарған сөз емес!
Алдымен кімнен естігендіктеріңді айтып берсеңдер болғаны, сендерде  мəселе  жоқ,  қайтіп  шығыңдар  да  сабақтарынды оқындар!
Мұғалім бұл сұрауды алдымен Оразға қойды. Бірақ, «мұның бы- лай қоюында да ешқандай мəселе жоқ?» деп Бексапа Ораздың мол-
 
дадан қорыққан жайын, өз сөзінін шындығын дəлелдеу үшін осы сурауды қойып, қорқытып отырған сабақтастарын мойындатқанын толық баяндап берді, – бірақ, осы сұраудың неліктен мұншалық тергелгенін түсінбей тұрмыз! – деп күлімсіреді.
Мұғалім қатулана түсті. Арық қызыл сары жүзі сұрланып, бұрыннан қызғыш тартып тұрған сарғыш көк көзі онан сайын қызарып, тұтанып кетті:
– Бұл сұрау осындай жай қалжыңда ғана туылған сұрау емес, мұндай сұраудың дəл қазіргі кезде туылуы тегін емес. Мұның саяси мақсаты, төркіні бар! Қағынған кексе біреуден шыққан сұрау. Осы сұраумен үкіметке халықты қарсы көтермек!.. Оны айтпасаңдар, өздеріңе жаман болады. Қашан иесін айтып берген- ше, қамаласыңдар!.. Сендер ыңғай жақсы оқушысындар, қимай тұрмыз, шынын айтып құтылыңдар!..
– Мұғалім ағай, осы сұрауды үкіметке қаратылған сөз деп түсінесіз бе? – деп дір қақтым мен. – Біз сіздің оқушыларыңызбыз ғой, анықтап түсіндіріп беріңізші. Қай сөзінде мəселе бар мұның?! Шамданса, Гитлер сияқтылар ғана шамданатын сөз ғой! Адам қанын төгушіні, əсіресе, жазығы жоқ адамдарды қырушыны фашизм деп, қанішер демей не дейміз? Бұл сұрауға хазірейіл мысал болып кеткендіктен молдамыздан кешірім сұрармыз, бірақ, сіздін мұны үкіметке қаратып алатындығыңыз түсімізге кірмепті!
Сөйлеп тұрғанымда мұғалім молдаға қарап күлімсіреп еді. Менің дірілдеуіме күлген болар деп сезіп, сөздің соңында қатулана түстім. Бұл “жігерімнен” Ораз қайрат тапты білем!
– Мұғалім əбзи, сіз өзіңіз үкіметіңізді қанішей деп түсінесіз бе?!–деп қалды.
– Ей, сен сақау не деп тұрсың? – деп төне түсті мұғалім.
– Біз халықшыл үкіметіміздің қан ішкенін көйгеміз жоқ, мұғалім!.. Біз бұл сөзді үкіметке не үшін қаятамыз!..
Бексапа жайма шуақтап, кəріленген мұғалімді өзіне қаратып əкетті:
– Мұғалім, Ораз “ешкімге жазығы жоқ еңбекші адамды өлтірушіні айтып еді” ешкім тойтаруға болмайтын шындық болғандықтан,    мұны    бүкіл    сынып    болып    мойындағанбыз. Сізге Мəкеннің баяндауында жансақтық болмаса, біз қалайша тергелеміз?!
Өзі іштей сынып қалған мұғалім, осы сөзден соң ұзақ түсінік беруге көшті. Түйірі түбіне түсіп кеткен бұл “түсінік” қаншалық
 
сұйық болғанына қарамай, үңіле сімірдік. Қаншалық үңілгенімізбен де шындық оның берген түсінігінен көрінбей, “секіруінен” ғана табылды. Бас изектеп, өз мөлшерімізше бас иіп, əділ шындық тапқандай болып шықтық. Бұл сұрау үкіметімізге тұп-тура қаратылып қойылса, орнын тіпті мықтап тапқандай мығым сұрау екен. Сезікті тергеушіміз секірмесе, мұндай түсінікке жете алмас едік.
Сөйтіп, қанішерлерге тағы бір нақ қанішерді жалаңаштап тауып қосқандай болып, тергеуден табыспен шықтық. Тартқан жалғыз-ақ шығынымыз түскі тамаққа бара алмайтындай кешігіп босағандығымыз ғана болды. Бұл үшін Мəкендерге өшігіп шықтық. Ораздың демалыс уақытында жанама “мұғалімдігі” бұл тергеуден мұқала қоймады. Ертеңінде-ақ бір газетті əкеліп, мұғалім столының үстіне жая салғанда біз ду күліп едік.
–  Күлмеңде, балалай, бүгин жаңа сабақ өтеміз, – деп ба- стады да, Германия мен Совет Одағының жасасқан он жылдық шарты жайында сөйлеп кетті. Оқушыларға тың жаңа хабар екен. Бірі – соғыс өртінің ошағы, бірі – тыныштық ошағы деп ата- лып, тіктесіп қалып тұрған екі мықты мемлекет. Он жыл бойына соғыспау шартын жасасыпты. Мұны өзі қатынасып келгендей толықтап сөйлеп тұрған сақаудың шешен сөзі бүкіл қаласты өзіне тартып, ұйытып ала қойды. Шарт туралы хабарды аяқтата келе, – мизалай, бұдан сендей не түсіндіңдей? – деп ол Мəкендерге қарады, – Гитлей яс құтиған қаніши болса, соғыспау шаитына қол қоя ма, ол қаніши емес екен, деп ақтап түсінген шығайсындай-ау? “Мұны қанши десек күнə болады” деп молдаға тағы жеткізсендей енді  мықтап  қателесесіңдей!  –  Ораздың  бұл  сөзіне  əріптестері де еріксіз күлісті. – Балалай, мен өзім газеттен оқып қоймеген қанишидейді кешеден бейі көзіммен көйдім! Нақақ күйгізетін өсекші жалақойлай да нақ қаніши екен. Қойытып айтқанда, мен анықтаған қанши, үшеу болды... Тойтеу демеңдей, ə, үшеу! – деп Ораз үш саусағымен анықтап көрсетті де, далаға шығып кетті. Бексапа екеуміз оның “төртеу демеңдер, ə!” деп нақтап ескертуіне қатты күлдік. Кешегі тергеуде түсінген қанішерді қосудан қорқып айтқан ескертуі еді. “Халықшыл көсем аталып тұрған Шың Сы- сайды “қанішер” атау үшін батырға да жан керек сияқты.
Ораз жағынан ол əлі қанішер деп жариялай коймаса да, аузын тағы да кере ашқанын сездік бір күні: 1941 жылы жазға салым, Шаган мерекесі қарсаңында “жасасын” тағы да борай жауып кетті. Керме қызыл ту мен қызыл плакаттар, ұрандар көшені əлем-жəлем
 
бояп, көше үгітшілері жетістіктерімен “данышпандықтарды” сайрап кетті.
– Тағы да “құрылтайға” шақырады-ау! – деп калды Бексапа. Елсадық кеткеннен бері аудандық қазақ-қырғыз мəдени ағарту
ұйымының басшылық қызметін орынбасар шиянжаң Нұржан қосымша атқарып жүр еді. Ол ұйым мекемесіне катарлас отыратын бір ұйғыр байының жалғыз қызымен жақында ғана үйленген бо- латын. Сол алау-жалау ұранды күндердін бір кешінде үсті кенеппен жабылған кара машине оны үйінен алып кетті. Ерінің қайда кеткенін сұрай алмай қалған жас жұбай, түн бойына ұйықтамай тосып, кел- меген соң ертеңіне аудандық үкіметке барып сұраса, “Үрімжіге” тосын бір “мəжіліске” кеткендігі   ғана айтылыпты. Нұржанды жұмыспен іздеп үйіне барған ұйым қызметкерлеріне Гүлниса жеңгей: “құрылтайға” шақырып кеткенін айтып жылағанын естідік.
“Құрылтайға шақырылғандардың” көп екені, сол екі-үш күннің ішінде-ақ жайылып болды: Нұржанмен бірге Ташкенттен оқып келгендердің жəне олармен үйірлесіп жақын жүретін көзі ашық азаматтардың көбі-ақ кетіпті.
«Ташкенттен оқуға өзі бекітіп, өзі қамдап жіберген үкімет борлаған қойындай енді өзі соғымға жиып жатқаны ма?” деген күбірлер əр жерден естілді. Бізге бұл хабарлардың көбін жеткізген Ораз өзінің сақаулығы мен айдарын “құрылтайға” шақырылуға жасы толмайтындығының куəсі етіп күлдірді:
– Айдайым бай, тілім мынау, құдайга шүкишілік, бұл қанши қазише маған тиісе қоймас! – деді ол сыбырлап қана.
–  Шыңдубан атамызды “нақ қанішер” атауға шарты рас толды ма? – деп сұрадым.
– Əлбетте, мұның шаиты болмаса, Гитлейдің шаиты мүлде толмас!
– Қалайша?
– Меніңше, Гитлей өзіне бағынбағандайды, қайсы құял көтейгендейді құйтады. Ал, бұл “атаң” өзіне сеніп бағынғандайды да соғып жатпай ма! Ең жазықсыз, тіпті адамзат қоғамына пайдасы тиетін ыңғай саналы кісілейді тандап соғып жати, сенше қалай?
– Халыққа еш жазығы болмаса да, ол өзіне жазықты, өзіне қарсы деп танылған адамдарды ұстап жатқан болар. Жəне ешқайсысын өлтіргенін естімедік қой. Тексеріп-тексеріп, нақақтарын қоя берер.
– “Сенген сиылым сен болсаң, күйсегенінді... – деп Ораз қарқылдап күліп жүре берді, – осы кеткендейдің ешқайсының оган қайсылығын естімедім. Жұйт танданып жұй!
 
Мен Ораздың сөзіне қосып, Нұрасылдың тығылып жүрген жайын ескердім де, оның мұнысы білгерлік екен деп сүйіндім. “Ол үкіметке қарсы топ құрушы емес, күн көруші адам ғой”. Солай болса да оның кəсіпті тығыла жүріп істеуі Ораздың пікірін дұрысқа шығарғандай. Бірақ, Нұрасылдың айтуынша, “күшті дулығалы бас мұң тыңдағыш басты кеміріп жатыр”, ең дұрысы осы болар. “Ұсталып жатқандар, халық мұңын тыңдағыштығымен дулығалы басқа қарсы сөйлеп, иə топ құрып əшкерленіп қалғандар шығар?!” деген оймен, Ораз тілдеп кетсе де өз пікірімде қала бердім.
“Құрылтайға шақырылғандар” кетісімен біздің үйді Қанипа шешеміз тойға шақырды. Дəмешті ұзату тойын жазға қалдырып жүр еді, тым тосын шақырды, бақсақ оның өзі сүйіп уəделескен жігіті де “құрылтайға шақырылғандардың” біреуі болып қалыпты. Ыңғай түнде əкететін қара машине келгенін білген сақ жігіт, қорасының артқы дуалынан секіріп түсіп, Шəуешектен осында Дəмештің үйіне келіп тығылыпты. Өзі бізге де сары сүйек жекжат келетін Əділбек дейтін жігіт еді. Ол «Соу-син торгте» қызмет істеп жүретін, шекараның іргесі Советке өтіп кетуге ең қолайлы жер болғандықтан, Дəмешті қимай, ала кету үшін келіпті. Əке- шешесі де, қайын енесі де қала тұрып, алдымен қатерде тұрған екеуін ұзатып салуға бекіп, той ырымын ердебе–сердебесіз тез өткізе салмақ екен.
Дəмештің жағдайы тіпті “құрылтайға” шақырылуынан да қатерлірек еді, Қанипа шеше жалданған қожайын Дəмешті өз ба- ласына əперуге зорлай берген соң, Əділбектің бір шеттегі нағашысы Қанипаны көшіріп əкетіп, өз қасынан оған екі ауыз үй салып бер- ген. Сонда да қызыл көрген қара құстай айналсоқтап, төніп жүргендер көп. Оны түрмеден құтқарушы ұйғыр-қазақ кепілдері де тұс-тұстан зіл тастап, біздің ел ақсақалдарын шырғалап-шырмап жүрген.
Бірақ, ол шалдардың шешендігі менің əкемнің мінезін ғана шеңгелдеріне сыйғыза алмап еді: “бір рет сатылып əрең құтылған Дəмешті, енді оның шешесіне де екінші рет сатқыза алмаймын! – деп шорт қайыратын əкем, – ол əкесінен жастай жетім қалып, көп сорланған бала, енді кімге барса да өзі келісіп, өзі барады. Балажандықты, “басын уақытында байлайтын” қамқорлықтарыңды өз қыздарыңа көрсет”.
Өзінің сыртынан талас-тартыстың көбейгенін біліп жүрген Дəмеш те түрмеден үйреніп шыққан батыл тілділігін жетілдіріп алып еді. Қатын үстіне сөз салушыларға: “ерлік-опалылығыңыз болса, үйіңіздегі əйеліңізге ғана болсын. Менің басымды ашқан – əйелдердің ерлігі
 
еді.  Ешқайсысына  күндес  болып,  көз  жасына  қалмауға  бекіп шыққанмын!” деп қайыратын.
Бұрын үйленбеген мырзаларға қайыратын жауабы тіпті шорт болған: “өзім байдан əрең құтылып шықтым, енді байға бармай- мын!” дейтін.
–  Түбінде  біреуге  барасың  ғой,  алдымен  өз  алдыңа  кел- ген  менен  аттап  өтіп,  басқа  біреуге  кететін  болсаң:  “ерді  на- мыс өлтіреді” дегендейін, айықпас өштігім, аямас қастығым болады, бұл бекім сені ешкімге қимайтын адал жүрегімнен шыққан. Айтып қойдым, жақсы сөзіңді күтемін, ойлан! – деп зəресін ала қорқытып шыққандарды да естіп едік.
–  Жерге  кірсең  шашыңнан,  көкке  шықсаң  аяғыңнан тартамын,  сəулешім,  сені  өзімнен  басқа  ешкімге  қия алмаймын!  –  деп  бар  ғашықтығын  жендетінше  аттанысқа келтіріп шыққандар да болған. Сөйтіп, олардың қай-қайсысы да өз еркімен тимеген жағдайда əлсіздігін пайдаланып, Дəмешті алып қашу сыңайына да тым жақын жүрген. Тіпті олардың Дəмешті бірінен-бірі  сырттай  қызғанып,  бірінің  майлағанын  бірі  естісе, көз алартып қапысын тауып қағысып, соғысып жүргендерін де еститінбіз.
Бұл кезде жігіттік кəмелетке толық жеткен Бигелді ағамыздың жайын   əке-шешеміз   де   ойласып   көріп   еді.   Бірақ,   ұлының ешкімнен қалыса қоймайтын мүсіні шешектің өрісіндей болып тоналғандығынан шектелді білем, Қанипа шешеге “күнекейіңді біздің күйік шекеге таңайық” деп айта алмады. Ал, Бигелдінің өз нысайына бақсақ, ол біздің ауыр тұрмысымызды бар өмірімен арқалап келе жатқан қақпыш торы сияқты, бас көтеріп, еш жайды ойлар емес. Дəмешті көре қалғанда қасірет пен дерттенген кішкене қарындасындай есіркеп, айналып үйіріледі. “Жабырқамай, еркін жарқылдап жүре бер, жарығым!” деп шəугімдей күсті қолымен оны əдемі басынан сипап, еркелеткенін көреміз. Ол екеуінің ау- ыздарынан бір-біріне түйіткілсіз-түйіншексіз “аға” мен қалтықсыз
–  қамсыз “жарығым” ғана шығады.
Дəмеш басы ашылған соң бір жарым жылдан кейін табысқан Əділбек біздің үйге де сəлем беріп келіп, кетіп жүретін. Тілеуі қосылып сөз байласқанын əке-шешеміз де құптаған болатын. Бірнеше мықтының аңдуында тұрған Дəмеш қастықтан, сырттағы соқтықпалы сойқандардан көп сақтанды. Той ырымын жасырын өткізіп, ешкімді арандатпай Шəуешекке ың-жыңсыз кетудің орай- ын күте келіп, алдағы жазға тоқтатып еді. Енді, міне қос қабат
 
қатерлерден туған жеріне қайтып кетіп, бір-ақ құтылмақ болып- ты.
Кештете келіп кірген əке-шешеме осы жайларын жарыса сыбырлаған Қанипа мен Əділбектің нағашысы: “той ретінде емес, əке-шешесі мен ағаларының батасын əперіп жөнелту” екенін де ай- тып сіңірді. Біздің үй мен Құрышбек, Нұрасылды ғана шақырыпты. Кейінгі төнген зорлық-зомбылықты сырттан шектеп жасқап бер- ген осы екеуі еді. Ырым-тілеуге шақырған адамдары осы ең жақын тілеулестері ғана екен.
Құрышбек пен Нұрасылдың аяқ жағын ала, төмендей келіп отырып, ол екеуіне арақ құйған Əділбек басын төмен салып шіміріккендей, күрсіне сөйледі:
– Той ырымы жөнінен осылай тілімізге күрмеу, бетімізге шіркеу түсіп отыр, ағалар!.. Сіздер бар жерде Дəмеш əкесіз де, ағасыз да емес қой, “жетім қыздың тойындай өткізбейік” деп, көп тосып, ауасы ашығырақ күн күтіп келіп едік. Тап болған күніміз осы боранды түн             болды! – деп алып, өксіп-өксіп қалды жігіт. Аз кідіріп қайта жалғады сөзін, – бұл жетім қыздың тойы емес, желкесіне     мылтық төнген қашқынның қалып бара жатқан қимастарына өз жөнін айтып бата сұрай кетуі ғана. Кешіріңіздер бізді!
Шеше төсегінің аяқ жағында отырған Дəмеш те тұншыға жы- лап, солқылдап кетті. Үй іші жым-жырт, бөгеліп қалып еді.
– Жасымаңдар, балалар – деді əкем, – төніп тұрған қатерге кара- май, үлкеннің разылық батасын ала кетуге осы шақыруларыңның өзі де жетеді!.. Мұндай кезде ырым-иба демей-ақ, Қанипадан сəлем тастап, үн-түнсіз кете берсеңдер де кешірер едік. Рахмет, Алла жолдарыңды оңғарсын, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар!..
– Жақсы жолға жабырқамай аттануларың ғана керек бізге, – деп қостады Нұрасыл, – жетім қыздың тойы емес, үлкен той осы. “Дəл қазір құрылтайдан” аман құтылудан үлкен той да, ұлы қуаныш та болмақ емес. “Бетке шіркеу, тілге күрмеу” боларлық түк те жоқ, шырағым! Жетім емессіңдер сендер! Теңімен танысқан екеуіңе жақсы тілек айтып, батасын беріп отыр мынау жұрт. Қазір бұдан үлкен той бар ма! Жəкеңнің батасы Қызыр пайғамбардың батасы бол- сын!
–   Солай,   балалар,   –   деп   Құрышбек   те,   Қуат   та   қоса құптады, – ел кепілі – бірлік, той кепілі – тірлік. Тірі болсаңдар талай  той  көрсетерсіңдер  де,  талай  той  көрерсіңдер  де. Сендердің     армандап     отырғандарың     –     əке-шеше,     аға-
 
бауырларыңа үлкен той көрсету болса, біздің казіргі тілегіміз өздеріңнің бас амандықтарың ғана, ұзағынан сүйіндірсін, шырақтарым!..
Бұл сөздер қаяулы жандарды тез жадыратты да тез ширатты. Қалауы табылған қадірлестердің осы төрт-бесі ғана өткізіп отырған қалтқысыз шүңкілі – ұлы тойдай ұлан асыр сезілді маған. Барлық шы- рай ашылып, барлық ақ көңіл ақтарылып жатты. Нұрасылдың бəсең болса да əсем айтылып отырған өлеңі тоқтай қалған бір кідірісте Құрышбек Əділбекке бір сұрауды ашық қойып қалды.
– Шырағым, “кетер аяғың, кетпен таяғың” ғой, бір жайды ұқтыра кетші маған!.. Осы сендерді қара машинеге қалай тықпалап жатыр? Осы кеткендер не жазығымен кетіп жатыр?
– Аға, осы сұрауды мен де əркімге койып едім, – деп күлімсіреді Əділбек жұқалаң қызғылт жүзі тоқ қызылға айнала қалды. Бір жағынан еркін жығыла қоймаған кайратты қара шашын ұзын салалы саусағымен тарай қасып, шодырлау біткен кең мандайын уқалап-уқалап жіберді, – білсе осы білер-ақ деген нелер мықтылардан да сұрап көріп едім. Олар тіпті сол қара машинаға өздерінің де түсерін білмей жүріп, зырылдай жөнелгенін бір-ақ білді.
– Олардың Дубаңға қарсы ұйымдастырған тобын, иə, қарсы сөзін естіген жерің бар ма?
– Жоқ, мен олардың бірсыпырасымен алыс-беріс, барыс-келіс жа- сап, көп араластым. Білім іздеу талабым, кітап құмарлығым бар еді. Сол жөнінен мен олардың ішіне еніп, сыртынан шығатынмын. Үкіметке ешқандай қайшы ісін көлденең сөзін естімеппін!
Бұл сөзді домбыра шегін баса қойып тыңдаған Нұрасыл ширақ бір “Кеңес” күйінің толқынды ырғағын қағып-қағып жіберіп, домбыра- сын жүкке сүйей салды. Қушыкеш көзін сығырайта күлімсірегенде, ақ сұр жүзі түгел күлімсіреп келтелеу жуан мұрны таңырая қарады сөйлеушілерге.
– Ері жолаушы кеткенде сыртқы несібеден екі қабат болып қалған бір келіншек, күйеуі қайтып келіп тергеуге алғанда: “Осыған апа да таң, мен де аң-таң!” деп құтылған екен дейді. “Адалдығымды апам да біледі” деп ақталғаны ғой. Əділбек шырағым, сен де соның əдісін қолданып отырған жоқпысын! Ақтығыңды кеткен ағаларыңнан қалай сұраймыз енді! – дегенде үй іші ду күлді.
– Жоқ, аға, Шың Сысайға біздің қарсы ісіміз болған жағдайда да, ол сіздердің алдарыңызда масқаралы іс болмас еді, қайта халық алдында жүзіміз жарық болар еді. Енді кеткелі отырғанда сіздерден
 
жасырып қайтпекпін, анығында сол кеткен ағалар да аң-таң, мен де аң-таң, нақақ кетіп жатыр.
– Олай болса, мұны неліктен деп ойлайсың! – деп Кұрышбек тағы  да  қуарлай  түсті.  Əділбек  ойланып,  соза  күрсініп  алды, оның алдыңғы сөзіне карағанда Ораз сақау маған тағы да “күйсегеніңді...” деп тілдегендей, оның пікірі толығымен қуатталғандай, Шыңдубанның “қанішерлігі” мүлде талассыз шындыққа айналғандай болып еді. Мен əлі де тал қармағандай тағатсыз ұмтыла тындадым.
– Бізде “ұрының арты қуыс” дейтін мақал бар ғой, – деді Əділбек, – орыс халқында осы мəндес бір мəтел бар екен: “мысық кімнің етін жегенін өзі біледі” дейді. Мен бұл “қырандықты” ұрыларда болатын осындай əсіре сезімталдық қасіреттен болар деп ойлаймын! Мұның ұрлығын бетіне кім басыпты? Ұрлығын жасыру үшін істеп жатқаны осы болса, бұл қарақшылығын қалай жасырмақ?! Ешкім бетіне баспаса да, көретін көзі барлардан, коммунизмшілдерден қорқады. “Қорыққан бұрын жұдырықтайды” Қазір тұп-тура халықтың көзіне жұдырықтап жатыр. Қарашықты ағызып, қарақшылығын жасырмақ. Сөйтіп, тапжылдырмай басып жатпақ болар. Екінші жақтан, Алтай көтерілісі Шың Сысайдың көзін көрдей қараңғы күмəнға толтырды...
Осымен сөз доғарыла қалды, жуан бір мырза тосыннан  кіріп келді де, Құрышбектің сұрауы үзіліп қалғандай болды.
Мəселе Шыңдубанның күмəнінен болып жатқан екен деп қана түсіндім де, Ораз сақауға айтқан өз пікірімде де шындық бар екен” дегенге қайта оралып, соны пысықтай түстім. “Күмəннан иман қашпай ма, күмəнмен ұстаған адамдарын тексеріп көрер де қоя бе- рер. Мұндайды атақты қанішер қатарына қосуға болмас...”
Менің бейбіт ойым шорт үзілді, қыдырып келген мырза қызу екен, қыңыратқи жөнелді Нұрасылға. Нұрасыл оны өзінің жоғарғы жағына отырғызып, осы үйге “қонаққа” келіп отырғандықтарын білдіріп еді. Мырза алдына қойылған арақты қағып құлата салды.
– Мені кішкене балаша кəмпитпен алдамақсың ғой! – деп ор- нынан атып тұрды. Қара сұр жүзі қанын ішіне тартып, қиықша көзі қанталап, нақтылы қанды көздің өзі көрінді. Жуан денесі қалш- қалш ете түсті. – Баламын ба, əкемін бе, көрсетейін мен саған!..
Одан да қара сұрлау, ұзын бойлы Құрышбек те атып тұрып ұстай алды:
– Ой, Кəке, тасығаның ба, басынғаның ба мынауың! Шақырғаннан басқа жазығы жоқ, үй ішінің шырқын бұзбай бері
 
шықшы өзің, əңгімелесейік! – деп босаға жолымен дедектетіп ала жөнелді.
– Бар сауданы бітістіріп жүрген сенсің, Нұрасыл, сөзім сенде!
–деп қайырылғанда:
– Сөзің менде болса шықтым мен де!– деп күйген Нұрасыл ере шықты. Бəйкен екеуміз де шығып, арттарынан қарап тұрдық. – Ал, Кəке, менде не сөзің бар, енді айтшы!
–  Айтарымды  айтып  болғанмын,  қолымды  талай қусырғанмын сенің алдыңда! “Жақсының алтын басы еңкейсе, жаманның боқты к...і теңкейеді” деп бүгін құйрығыңды қалай қисайтып отырғаныңды көрдім!.. Айып менде емес, кетісер кезеңге жетіппіз, кеттім!
Қанды  көз  қолын  сілтеп  тастап  жүре  берді,  Құрышбек  пен
Нұрасылдың шақыруына мойын бұрар емес.
– Мен де айтып болғанмын! – деп Нұрасыл артынан дауы- стап сөйлеп қалды, – сөз тоспауың – соның тосқауыл боларын білгендігің. Кетсең де сол жауабымды қайталап ойлай кет, айтып қойған соңғылыққа жақсы!
Үй іші үдірейісіп қалыпты. Бұл мырза – Дəмештің қыр соңынан қалмай жүрген қырғилардың біреуі екен. Құрышбек пен Нұрасыл қайтып кірісімен оның енді шатақ шығару үшін қол жиғалы кеткенін айтысты да тездетіп дастарқан жайысты.
– “Қашпақ болсаң зымыра” деп Нұрасыл күліп ап күрсінді, –
аттанушыларды тез аттандырайық, қалғандарымызға не қылмақ!
Біз қайтып үйге кіргенше Қанипа мен менің əке-шешем де осы сөзге келіскен екен. Батаға сойылған қойдың еті алдыға шикілі-пісілі келді де, келте ғана “қосағыңмен қоса ағар” деген бата берілді.
Құйрық-бауыр асататын құдалық той да, “қоржын тойы”, неке қияр да, ұзатылу тойы да, ау-жар, əн мен жыр да... Бəрі де осы батамен бітті. Əйелдер мұрнының шырылымен, тырс-тырс тамшы Дəмештің шиқ- шиқ өксік үнімен басқа дыбыс шығармай далаға шықтық. Əділбектің нағашысы ауланың бір бүйір қалтарысына прашкасын жегіп дайын- дап қойған екен. Шешемнің құшағынан өкси шыққан Дəмеш мені бауырына қатты басып, еңіреп жіберді де, арбаға ұмтылды. Көз жасым- ды ыршытып қалып, қолтығынан мен де көтерістім. Өз шешесі мен кіші бауыры – Бəйкен де арбаға шықты. Олар Əділбек пен Дəмешті шекараға жақындатып салып, Шəуешекке кұдасының үйіне бара тұрмақ.
Тоя майланған арба сықырсыз сырғи жөнелді де, түн караңғылығына лезде сіңіп, ғайып болды. “Шытырманға кірген
 
түлкідей қандыкөздің тұяғынан Дəмеш құтылды” деп есептедім мен. “Енді шекарадан аман өтіп, жайыннан Əділбек құтылса...”
Менің көзіме енді тұңғиық мұхитта жыртқыш жайындардан қашқан қос шабақ елестеді. Мына шексіз қараңғы түн ол шыңырау мұхиттың дəл өзі іспетті. Біз – соның ең түбіне, есепсіз қатты қысымға түскен ұсақ жəндіктер сияқтымыз. Тісі ырсиған қалың мүйіз сауытты зор жыртқыштар бізге тұс-тұстан ауыздарын арандай ашып тұрғандай. Сол ауыздар бізді талшық етуге əдейілеп айтпаса да, өзіміз-ақ тап бола салатын сияқтымыз. Маңайдың бəрі ауыз болған соң, біріне түспей, қайда барып құтыларсың!..
– Қабыкен, жүр, қайтайық! – деді шешем, Дəмештердің артына қарап тұрып қалған маған.
– Жүр, тез жүр! – деп əкем артыма түсті. Сөйтіп, біз де қашып, үй жаққа жөнеліп бердік.
–  Енді  құтыратындардан  құтылайық!  –  деп  Нұрасыл  мен
Құрышбектер де тартып отырды.

Құрметті “тергеушім”, біздің қорықпаған кісіміз, қашпаған күніміз бар ма. Сөйтіп, ың-жыңсыз ұрлап жасаған тойымызды жырсыз жылап өткіздік те, бет-бетімізге қаштық. Үйге қашып келе жатсам да, қанішерлерді бармақпен басып санап келе жаттым. Бұл тарау- да қанішерлерді қаршадайымнан санап үйренгендігім əшкереленді. Бүгінді қойып, кешегі күндерде қылмысты санамай, қанішерлерді са- най да алқымнан ала түсетін асқан содыр қылмыс қой!

ІІІ

Дөрбілжіндегі орталау мектепті 1941 жылы көктемде бітірдім. Озат оқыған куəлік алып шықсам да, ойсырап шықтым: “енді қайтіп оқырмын, қайдан оқырмын!” деген қайғы желкемнен баса шықты. Ендігі ең жақын мектептен   –  Шəуешек орта мектебінен оқудың шығынын Дөрбілжіндегі отбасы тұрмысы көтере алмай- тынын қыстан бері-ақ есептеп, қайғырысып келгенбіз. Оқушы шығаратын жатақ шығыны, тамақ шығыны, сабақ шығыны, тағы- тағы “календыр” болып аталмау жөніндегі барлық шығындарды қосқанда қолымыз жетпейтін биік екендігі белгілі болған. Жат қаладағы жатақхана шығыны мен тамақ шығыны үшін ғана жал- данатын жəне бір аға болса, жетеқабыл мүмкіндік болар еді-ау. Дариға, жалшылықтан басы артық аға да, іні де қалған жоқ. “Енді қайтермін?!” деп куəлігіме қарай-қарай қайттым.
 
Ана мектептен босап шыққан соң, ендігі мектебім де, терезесі жарығырақ мекенім де ұйым кітапханасы болып көрінді. Ұйымға газет-журнал оқу үшін ғана емес, “қол жетерлік” бір оқу орнын іздестіру жөнімен де барғыштай беріп едім, осы жазда қыр рай- ондарынан шығарылатын көшпелі театрға ілініп қалдым да, оқуға дайындалудан мүлде аулаққа кеттім. Бұл оқыс жолға түсуіме бірнеше сабақтасым мен əке-шешем де себепкер болды. Əке-шеше, əрине, “кымыз ішіп, қан толтыруымды” қуаттаса, сабақтас доста- рым қыздырма жел соқтырмай ма. Сөйтіп, жаз бойы үш таудың қымызын ішіп, қызы болып ойнауға шықтым. Асу аузына дейін арбамен жетеміз де жайлаудағы елден отыз шақты лау ат алдыр- тамыз. Соған қарағанда тым сүйкімді сауықшы емес екендігіміз белгілі ғой. Оның үстіне, бұл театрдың негізгі бұйымтайы – ұйымның салық қойларын қузастыру болып шықты. Əрбір “зəңгі”, “елубасы” ауылдарына барып ойын қоярда бастығымыз Тынысқан жиылған жұртқа алдымен сол жайында сайрайды.
Былтыр салына бастаған аудандық орталау мектептің жатақханасы əлі бітпей жатқанын, қойдың бүкіл аудандағы қазақ оқушыларының игілігі үшін тез жиылып қалаға түсуі кажет екенін, “данышпан көсеміміздің” қамқорлығында бұл мектептің қаншалық рөл  атқаратынын  айтып  сайрайды.  “Қалқаман  мен  Мамырды” өз көзімізбен көретін болдық” деп балаша қуанып отырған жұрт Тынысқанның бұл сөзіне келгенде кəрілерше күрсініседі.
– Бұл келген адамдардың ішінде қызы жоқ сияқты ғой, Мамы- ры қайда? – деп жиылған əйелдер күбірлеседі.
– Қалқаманы да көрінбейді... Бəрі де қалпақты, жаңаша киінген мұғалімдер мен шəкірттер ғой!..
Əйелдер бас қатырып шеше алмай отырған бұл мəселеге оларға жақынырақ отырған кейбір қу жігіттер жауап айтады:
– Мамыр мен Қалқаманды көрімдік алмай көрсете ме бұлар, екі сандыққа салып түйемен əкелгені – солар емей кім дейсің! Жаңағы қылқылдап сұрап тұрғаны солардың көрімдігі емес пе!..
Артта    қалған    момын    халықтың    аңқауына    ақылдысы айтып      жатқан      осы      сөздер-ақ      біздің      сауық      үшін емес, қылқындау үшін келген “салдар” екенімізді əйгілейді. Конақасыға күндіз-түні сойылып жатқан қойдың, əр ауылдан келіп жатқан саба-саба қымыздың зəңгі бұйрығымен өрлі-қырлы шау- ып жүрген шабарманның айдалып, не өңгеріп келіп жатқан сойыс малдың бүкіл ауыл азаматтарын албарынды етіп жатқан сахна үйі мен артындағы жасану үйінің, əр ауылдан жиылып жатқан декора-
 
ция жабдықтары мен киім–кешектің бəрі де біздің зіл ауырлықты сала келген жұт салдар екендігіміздің айғағы сияқты.
Күндіз Айтбек пен Дəулеттің қымыз үстіндегі қызу тарты- старына ішегіміз түйілгенше күлісіп, ішіміз кепкенше ішеміз. Сегіз қанат үйге сыймай, сырттан да тыңдайтын думаншыл жа- стар мен сауыққұмар əйелдерді мəз-мəйрам, ду күлкіге бөлеп отырғанымызбен, атқа мінерлердің ауыл сыртында кедей-кепшікті қаншалық аттандатып жатқандығын əуелде аңғармаппыз. Жұт болсақ та бар салмағымызды байлар көтереді деп түсінуші едік. Қаладан шыққанда алман-салық бөлінісін жуан мойнымен бір-ақ көтеріп  алғандай  ыңқылдап,  іркілдеп  шығатын  зəңгі-елубасылар өз ауылына келе сала қақпыш кедей мен жауыр жалшылардың қыл арқаларына артығымен арта салатынын тұңғыш рет бір елубасының ауылында көрдік.
Қымыз бен қызыққа бөккен сондай бір сегіз қанат үйден Қиялзат екеуміз “дүзге” шықтық, жазық сазды айнала қонған көп ауылдың орта шеніндегі бір топ үйме-жүйме қойтастарға қарай тарттық. Түскі ашық күн, жаңа қоныс, жап-жасыл жасаң аңқыған иісін өз ішіне тойым- сыз тартып, тына қалыпты.
Былай шыға бергенімізде үйдегі толассыз дуылдаған күлкі көмескілене қалды да, сол қой тастардың сыртынан ақырған ашу- лы тарғыл дауыс естілді. Алқақотан малдастарын құрып отырған бір топтың ортасынан сақалсыз, қара мұртты Омарбек елубасы ерекше күжірейіп көрінді. Оның қарсы жағында жүгініп екі тонды отыр. Бірі ескі тымағын шыжыған ыстықта баса киіп алыпты да, бірі тымақты ал- дына тастап маңдайдан түйілген кір-кір шытпен отыр. Бұлардың ар- тын ала бір бүкір кемпір түрегеліп тұр. Шығыс жағындағы бір бөлек ауылдан үйелмелі-сүйелмелі екі жалаңаш баласын екі қолымен дедектетіп, жыртық кəжекейлі əйел жетті. Оның артын ала жəне екі қызыл жалаңашын жетектеп, бір кішкенесін көтерген жастау əйел келеді. Оның тым шардиып, теңселіп келе жатқанына қарағанда құрсағымен төртінші біреуін көтеріп келе жатқаны анық еді.
–     Еркектері     қайда     бұлардың,     бермегендерінің     бəрін шақыр!.. Сен баршы! – деп елубасы бір шабарманын жұмсады.
Театр қоя келіп өзіміз бір театрдың үстінен түскендей, Қиялзат екеуміз жалпақ тастың үстіне отыра қалдық. Қарамағансып, көз құйрығын жүгіртіп отырмыз.
– Ой, əлгі сойысқа беретін малдарың кайда?! – деп ақырды елуба- сы, – кеше елу қой сойыс осы ондықтың түтін басына бөлініп еді ғой!.. Бір ғана маған келген сыйлық емес қой бұл!
 
–   Мырза,   мен   қой   таба   алмадым!   –   деп   тымақты   шал алдымен  жауап  қатты,  –  сауындық  бес-алты  лақты  ешкім  ғана қалып еді. Соның біреуін əкеліп берейін, қайтемін енді!
Елубасы енді шаптыға зекірді:
– Ей Қоңқай, сенің қойың бар емес пе еді, мені сынап отырмысың, неге əкелмейсің?!
–Төрт-бес саулықтан басқа бойдақ қалмап еді менде, тақсыр- ау!.. Күзде тауып берейін, қазірше өзіңізден бір бойдаққа қарызданайын деп отырмын!
– “Жаман ұста жанынан” демекпісің!.. Бір қозыңды күзде бойдақ қой қатарында өткізе салмақсың ғой! Қиқаңыңды қойып қазір тау- ып əкел!
– Сұрамаған жерім қалмады, тақсыр... Сойысқа өзімді апарып сойсаңыз да дəл бүгін таба алмаймын, – деп Қоңқай аталған шыт- ты жауабын кесе қайырып қалып еді, елубасы камшымен қасқайта салып-салып жіберді. Қамшының өрімі арқасына барып тиген Қоңқайдың тоны сарт-сарт ете түскенімен өзі үнсіз, қыбырсыз отырып қалды.
– Қайдан тапсаң да келтіресің бүгін! Үйімнің салығынан бөлінген екі қойды да бүгін табасың!.. Үкімет адамдары адам сойғызып жегелі келіп отыр ма екен! Бүгін таппасаң осы сөзіңді айтып, осы үкіметтің өз алдына салып беремін! Үрімжіге айдалып жатқан мықтылардың қайсысынан мықты едің сен неме! Көзіңді ашып қара!
Төбесінен жай түскендей отырып қалған Қоңқай ауыз аша ал- май тұқыра берді. Бұл сөз болып жатқанда келген кекселеу төрт- бес тондыға төнді елубасы:
– Сендердің сойыс малдарың қайда?
– Сойысты кешке жақын əкеліп береміз! – деген сирек бу- рыл сақал-мұртты қара шал жүгініп отыра қалды да, қолын қусыра сабақтады  сөзін,  –  ел  қонағы  елге  ортақ  қой,  елубасы  мырза, мал болмаса да жанымыз бар, бір-бір сойыс тауып берерміз бұл қонақтарға!
– Тапсаңдар тілдеріңді емізбей, тез табыңдар! Кешеден бері жи- ырма мал сойылды, менің аз ғана бойдағым бітіп калды, – Қиялзат екеуміз бір-бірімізге қарадық, бұл ауылға кеше келіп түскеннен бері жеті-сегіз қой ғана сойылғанын білетінбіз. Тұс-тұстан келіп жатқан мал бұл есептен əлдеқайда көп көрініп еді. Үйде дуылдап отырған бізге көрінбей келіп түскені, мүмкін, одан да көп болар!
Сирек бурыл сақалды шал елубасы сөзіне мақұлдық білдіргендей изектей сала, жүгінген бойы тізесіне қолын тіреп отырып сөйледі:
 
– Мырза, біз мына бесеуміз көпшіліктің сізге айт деп тапсырған тілегін, жұрт талабын алып келдік. “Елшіге өлім жоқ деген” соны айталық: біз қаладан тым шалғай кедей-кепшіктер, сол мектепке бала жіберіп оқыта алмаймыз ғой. Оқытайық десек те оралымыз жетпейтінін өзіңіз де білесіз...
– Ал, енді қайт дейсің маған?!
– Мен ғана емес, сол оқыта алмайтындай мектептің салығын төлей алмаймыз дейді. “Əркім өз əлінше базарлайды”, “аяқты төсегіне қарай көсіледі”. Баласын алыс жіберіп оқыта алатьн ауқаттылардың өздері төлесін деп жатыр жұрт. Қолымыз өз арқамызды қасуға жетпей отырғанда, олардың балаларын оқытуға қой берер халіміз жоқ қой дейді.
– Ей, сен кімнің жоғын жоқтап келіп отырсың? – деп мұртын едірейте қарады елубасы, – ажалды киікше адырға шығып, ел қамқоры бола қалыпсың ғой! Сенің атың Зарықпай ғой, ие, тағы нең бар айтатын бұзық басы! Үкіметке қарсы қалған сөзің болса, тағы айтшы, қəне!
– Мырза, өз қалпымызды айттық, қарсылық қып не айтыппыз сонша?
– Үкіметтің оқуына қарсылық емей не? “Мектебін салыса ал- маймыз, баламызды оқуына бере алмаймыз!” деп айқайлауың, бұзық-жаршылық  емей  не?  –  деп  елубасы  зірк-зірк  ете  түсті,
– “жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты” деп қара құлағыңды қалқита шықтың ба бүгін!.. Жүрші, қəне, мына үкімет адамдарының алдында сөйлесейік! Ей, Қоңқай, сен де жүр үкімет алдына! Жүріңдер бəрің, жүр, Зарықпай! – Елубасы орнынан атып тұрып қамшысын үйіріп қалды.
– Жүрсек жүрдік! – деп Зарықпай жүре беріп еді:
– Тақсыр, мен беремін дедім ғой! – деп Қонқай құрақ ұшып ба- рып, елубасының алдын тоса берді, – қарсылығым жоқ, өзімді сатсам да, қарыздансам да тауып беремін дедім ғой мен!
– Балаларымыз аштан өлсе де тауып береміз дедік қой! – деп тымағын баса киген шал да бүгежектей түсті.
Жидашы болып жүрген онбасы осы сəтте Зарықпайларды кай- та жүгіндіріп жығудың əдісін таба қойды. Елубасының алдына екі қолын кере жайып жолын мүлде кесті:
– Тақсыр, тақсыр, “ашу алдында, ақыл соңында”! Сіз тұрғанда қай шоқыншаққа барып жүгінерміз! Ноқ дейді де айдап ала жөнеледі ғой олар. Істі насырға шаптырмай өзіңіз ғана бітіре көріңіз! –  Өз арамызда бітсін!
 
–   Тақсыр,   елубасы,   біздің   зарымызды   сізден   басқа   кім тындар!
– Иə сізге еркелеп тұр бұл жұрт! Еліңіздің базынасы ғой!
– Отырып сөйлесейікші, қашан, қалай тауып беруге келісейікші, отырыңыз! – десіп онбасыдан басқа да мысықша атқамінер бедек- тер қолпаштап жөнелгенде, Қоңқай мен тымақты шал екеулеп елубасының етегіне орала жүгінді. Ырсылдай шегініп барып қайта отырған елубасымен бірге жапырылып көпшілік те отырысып еді. Салқын қарап үнсіз тұрған екі-үш тонды мен Зарықпай да бір- біріне қарасып алып отырды. Қабағы қарс жабылған екі балалы қара қатын да, ішті-сыртты төрт баламен келіп түрған жастау əйел де жайымен отырыса кетті. Күрсінісе отырды екі əйел. Сызданған семіз елубасы сыздықтатып тың бəсең үнмен сөйледі мұнан соң, өз айтқанына көндіретінін толық білген соң бəсеңсіді білем.
Қиялзатқа қарап, тітіренгендей тісім сақ-сақ ете түсті менің:
–   Біздің   алдымызға   салып   айдатамын   деп   қорқытып, алдау,    – дедім. Неден екенін белгісіз, мен өзім де сол жəбірленгендермен бірге шаншылғандай іштей езіліп отыр едім, – алдыңғы жылы Елсадық мектеп салуға тиісті соманын байлардан ғана жиналып жатқанын талай рет айтып еді ғой?!
–   Иə,   солай   болатын!..   Мына   мықтылар   соның   есесін енді  алып  жатыр,  біріне  екісін  қосып  жияды  бұлар!  Елуба- сы сайлануға басын бой тігетіні – осылай тонау үшін ғой! – деп күлімсіреді Қиялзат. – Тегі сол Елсадықтар қолға алынған соң, “қулық” та өзгеріп кетті ме екен. Мен саясаттың не деген сөз екеніне жауап бергенімде бəрің күліп едіңдер ғой, ал күлші қəне!
Екеуміз де тастың үстінен күле тұрдық та, жылаулар даласынан думанды ортаға қайта тарттық.
– Бұл туралы қазіргі уақытта сөз ашуға болмайды, – деп ескертті Қиялзат, – іске бүліншілік жасады деп жар сала жарыса- тын пəле бұл!.. Қаладағы шаңия, гəйжаңдар18  да осындай! – алты ұлы саясаттың парақорлықты, қиянатты жойғаны қайда?
– Алдыңғы екі-үш жыл ғана біраз шектеліп еді... Бұлар “саясат- шыл” емес пе! – деп тағы күлді Қиялзат, – уағдада қу тұра ма! Біз мұның қойын жеу үшін емес, қорасын толтыру үшін келіппіз ғой!
Үлкен тегенелерде шып-шып сапырылып жатқан қымыз, кең жайылған мол дастарқан толы бауырсақ пен қант, құрт-ірімшік, табақ-табақ сары май, табақ-табақ қуырдақ... Жағымды иісімен мұрын жарған осынша молшылық қайдан келіп төгіліп жатқанын

18 Гайжаң – Көше бастығы.
 
толық түсіне кірдік үйге. Тон-шалбары каудырлаған малшының да, қара күйік етектері жалбыраған жалшы əйелдің де, қызыл жалаңаш денесі күс-сауыс, қотыр-кожалақ балалардың да біреуі көрінбейді бұл жəннат үйде. Тіпті үй сыртында жоқ. Ақ қаздай балпиған, аппақ шылауышты, зер жақты бəйбішелер мен сызылған қызыл-жасыл торқалы қыз-келіншек, кердиген кесел-кербез мырзалар отыр. Сырлы тостағандарды үш саусақтың ұшында ғана қондырысып, тым сəнімен отыр. Біздің əртіс ағаларымыз асау қалжың, асқан əндерімен оларды баурап əкетіпті. Барлық көз соларға төнулі екен. Қарқылдаған-жарқылдаған күлкілер мен мерейлі, сыншыл жы- миыстар Тынысқанның нəзік мұңды скрипкасы тартылғанда ғана тына қалысты. Шыңырау терең мұң мен зардың толқыны мұңсыз мырзаларға оттан ыстық, мамықтан жұмсақ махаббаттың лебіндей ғана білініп, өзінің қылдан жіңішке құмарлық торын жайғандай сезіледі. Əйелдер арасында бəйбіше үстіне түскен тоқал мен малға байланып отырған қалыңдықтар бар көрінеді. “Сорлы зарын сор кешкен түсінеді”, ондайлар оқыс күрсінуімен, өңдері күреңіте қалумен байқалып қойып отырды.
Біз күн еңкейе клубымызға барып, сахнамызды жайғастырамыз да ымырт түсе жасанып, рөлге шығамыз. Шымылдық ашылғанда бұрын театр көрмеген жұрт дабырласып ала жөнеледі. Əр жерден одағай-оқшау сұраулар жауып, оған жөнді-жөнсіз жауаптар айты- лып кетеді:
– Міне, міне, енді келіпті Мамырдың əке-шешесі!
–  Ойпыр-ау,  күндіз  жоқ  еді  ғой,  қай  жақтан  келе  қалған бұлар?!
– Шіркін-ау, Мамырың сұлу-ақ екен-ау өзі!
Көрейін   деп   күндіз   қанша   сығаласам   да,   қалпақтардың бірін   ұқсата   алмап   едім,   қайда   жасырынып   жатқан   бұл қыз?!
Қалқаман шыққанда ауыл жігіттері есінен айырыла жінігіседі:
–  Па-па-па, жігітім-ақ екен-ау өзі!
–  Бəсе, бұлай болмаса жолында Мамыр өле ме!
–   Мына Мамыр өле ме, ей?!
– Қисасын естімеп пе едің, бейшара-ау əкесінің інісі – Көкенай атып өлтірмей ме! Уақиға өрістей келе көрушілердің барлық карғысы Көкенайға жауады. Кейбірі оның кыңыр сөзіне қарсы дау айтып, кейбірі тіпті ашық тілдеп жіберді. Көкенай рөліндегі Дəулет сахнада отырса да, оларға есесін жібермей күбірлеп, қарсы боқтай отырады да, қасындағы рөлшілерді күлкіден кинап, қара
 
терге түсіреді. Көкенайдың атқан жебесі тиіп Мамыр жығылғанда, қасындағы – нөкер рөліндегі əйелдермен бірге көрермен əйелдер де шу ете түседі.
“Көкенай, қарғамайын сөзіме бақ, Ісім жөн, бір құдайға көңілім хақ! Екі қан бір өзіңе ауыр болар,
Болма енді Қалқаманның қанына ортақ!”
Өлер алдындағы Мамырдың ақтық айтылатын осы ұзақ сөзі үзіліп-үзіліп шығып жатқанда, көрушілерден жыламаған əйел қалмады. Тіл атаулы байланғандай, үн атаулы өшкендей, тым-тырыс отырыс, тым-тырыс көз жасы, пыс-пыс мұрын, мыс-мыс жылау...
Біз жаз бойы халықты осылай жылатып жүріп, таудан сегізінші айдың ақырғы шенінде бір-ақ түстік.
Тергеушім”, көпшілікті жылатудан үлкен қылмыс жоқ шығар. Біз сол жылы жазда тау халқын қан жылаттық: күндіз сойыспен тойлап жылаттық та, түнде өлі іспен ойнап жылаттық. Шынымыз да қылмыс, ойынымыз да кылмыс болды.
Сумаңның қолы мен жыланның тілі бір текті ғой, балық тілдес, бақа үндес болмай ма. Біздің сол жаздағы қылмысымызды өзіңіз тектес тергеу шеберлігін толық игерген инабатты сол зəңгі, елуба- сылардан сұрап анықтарсыз.

IV

Шəуешекке барып, орта мектепке сынау беруге сабақтастарымның көбі-ақ сайланып болыпты. Олардың екпіні мені де елеңдетіп əкетті. Олар жаз бойы дайындалып қызынса, мен ешқандай дайындықсыз-ақ, дүбірге шыдамағандықтан қызындым. Өйтетінім, жаз бойы менімен бірге серуенде жүрген үш-төрт сабақтас та қызына жөнелді. “Олардан мен кем бе?”. Олар өздерінің тұрмыс күйі қалай шапса да, тұсау салмайтын оқу шығынына шыдайты- нын біліп қызынса, мен ол күйге қарамай қызындым. Өйтетінім, “əуелі сынау беріп, өзімді байқап көрмеймін бе, оқуға жарап, оқу шығынына шыдамасам, қайтып келмеймін бе?”  Əке-шешеге осы- ны айтып, екі күн кыңқылдап едім, қиналса да талабыма қимай көніп, біреуден жиырма сəрі қарыз алып берді. Сол ақша жан қалтама түсісімен жүгіре жөнелдім. Шəуешекке баратын сабақтастар арба жалдап алып, Ағылық көшесінде мені тосып тұр екен. Əкем де бүлкілдей келе сар желіске түсіп, мені сол арбаға шығарып жіберіп қайтты.
 
Түн қатып жетіп, ертеңінде-ақ емтихан залына кірдік. Емтихан тапсырушы үш жүзден артады екен де, қабылданатын оқушы бір кластық – отыз шамалы ғана екен. Оның үстіне, сол кездегі Шəуешек орта мектебінің тілі – татар, ұйғыр, өзбек тілдерінің қосындысы болатын. Емтиханды сол мектептің өз тілінде алды, Дөрбілжінде сап қазақ тілінде оқыған біз қаңқиып отырып қалдық.
Емтихан алушылардың арасында қазақтан шоқша сақалды семіз қара мұғалім ғана бар. Бар болғанымен де бізге жоқ сияқты. Шəуешектің өз оқушыларының қамынан аса алмай қалды. Ол кісінің де өзінің жебеу міндетіне алған сүйікті “тайыншалары” баршылық  көрінеді.  Сол  “тайыншаларының”  бірін  емізіп  бо- лып, енді беруге өтерде аузындағы насыбайын бұлтыңдатып апарып, сол тұстағы түкіршікке түкірген болады, жолшыбай сол “тайыншасының” хал-жағдайын байқап үңіле өтеді. Насыбай ор- нына жалпақ құмыра шақшасынан жаңа насыбай сала қайтып, оған бүлкілдейді. Бұлтыңдау мен бүлкілдеуден білімнің сол аузы босамай-ақ қояды сөйтіп.
Өзі мүйізді сиырдан найзаны көп көрген тоқал сиырдай, тым жалтаң да көрінеді. Басқа “бұзау енелерінің” қабағына қарап “емізіп” жүрді. Олардың əрқайсысы өзі емізетін “тайыншаларының алдына барып иіліп қалғанда, тоқал қара өз “тайыншасының” ау- зына дəлдеп еркін сала алады.
Біз сұраудың тілін де ұға алмай жалтаңдап отырғанымызда “енелі” оқушыларға сондай сылп-сылп сыбырмен оның жауабы да айтылып жатты. Дөрбілжіндік сабақтастардан сол сыбырлардың кейбіріне жақынырақ отырған екі-үшеуі ғана үміткер болды да, басқамыз 1–2 сабақтың емтиханынан соң-ақ түңіліп, бұл сапар- да құдай тағаланың пəлендей жарылқай қоймайтынын түсіндік. Үміткерлер ертелі-кеш сабақ пысықтайды. Біз түсініп болғандықтан көшеге түксие шығатын болдық.
Шəуешек  клубының бақшасы “жаннат” сияқты көрінді бізге. Түн ортасына дейін тамашалаймыз. Бұл бақшада “хор қыздары” мен “періште жігіттер” қатар-қатар қолтықтасып, аяқтарын бір ырғақпен тең басып сайраңдайды екен. Апрель дайындықтарында біз де əскери тəрбие алғанбыз ғой. Біз де солай қатар жүрдік. Сама- ладай жарық, алуан түрлі гүлмен безелген алаңдарда алуан түрлі гүлдей торқамен безелген сылқымдар арасында біз тым сұрықсыз сияқтымыз. Солай болса да көңіл жүдеулігімізді көрсетпеу үшін, көтеріңкі, кеуделі жүруге тырыстық. Үйде қолмен тігілген “моды- сыз” киіміміз көнетоз болса да, əйтеуір ауымыз жыртық емес қой,
 
немізден ұяламыз!” деп күлістік. Бұлардың ішінде ең жүдеубасы – менің де қара трико мешпет-сымымның жамауы жоқ еді. Жалғыз- ақ “мінім” – тауда жарасып келген көне етігімнің көше ыстығымен отаспай жүруі болды.
– Біздің Дөрбілжіннен бұл қаланың артықшылығы – көшені жарық қылып тұрған электр  стансасы мен осы бақшасы ғана! – деді Рафаэль атты ұзын бойлы татар сабақтасымыз. Дəулет мұның атын ұмытқансып: “Тарпайыл”, кейде жеп-жеңіл ғана “Торапай” деп салушы еді. Өзі келіскен əдемі, əдепті жігіт болатын. Қиялзат ол айтқан артықшылықты арттыра түсті:
– Дегенмен, аймақтық қала ғой, орта мектебі үшін келіп, ұтылып, тегіс заходқа отырып қайтатын болмадық па!
–  Біздің мəртебелі мырзаларға ертең ұзатылатын бикештеріміз де дəл солай жасампаз! – деп мысқылдады Өмірбек, – қарашы, əнеубір қырма сақал қырқылжың да шашын майлап, бетіне опа жағып алған сияқты!
– Өзінің езуі мен танауына қара, сəнденемін деп оң жақ құлағына бəрін бір-ақ жиып алыпты! – деп сары шаян Бексапа қосты.
– Осылардың бірсыпырасы күндіз кірпіш құйып, иə, күндікшілік істейді де, кеште пері боп шыға келеді. Ыңғай қара шай мен қара нан жеп үнемдеп, кеште киетін ақ костюм сатып алады.
– Дегенмен, мəдениетті қала, мұнда өзбек, татар, орыс байлары көп, соларға еліктеп бəрі киінуге тырысады.
– “Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты!”.
–    Қаз    боламын    деп    қарға    аяғын    үсітіп    алған    ғой! Бəріміз ду күлдік бұл мəтелдерге.
– Үй, ақырын күліңдер, – деп шиқылдай күлді Қиялзат, – бұл календырлер қайдан келген деп бақшасынан қуып шықпасын!
“Қаупің неден болса, қатерің содан” дегендей, осының ертеңіне- ақ сол қатер артымыздан сап ете түскендей болды. Қауіптенген жерімізден дəл ұстады бір əйел дауысы. Бұл кезде біз үн қатыспай қатарымызды түксие сақтап келе жатқан болатынбыз. Арт жағымызда, таяу келе жатқан бір тізбек қыздың біреуі:
–”Гимназистер”, қайыршылар! – деп қалды.
Біз жалт қарасып қайсысы екенін айыра алмай қалдық, əйтеуір ыңғай үлбіреген жібек кофталы, қысқа юбкалы, тоқ балтыр қызыл- сары “татар қыздары” екен. Мұндай келте юбкаларды “шолақ пері” деп атайтынбыз. Жайымызбен аяңдай бердік. Сол дауыс сол сөзін тағы айтты. Өмірбек пен Бексапа жалт қарап, ортақ жауымызды көре қойды.
 
– Сол жақ шеттегі жуан құйрық, сары шолақ! – деп мəлімдеді
Бексапа. Өмірбек жауапқа Рафаэльді салмақшы болды:
–    Артпайыл,    ана    қарындасыңа    бірдеме    деп    қойшы! Рафаэль артына қайырыла сөйлеп, тойтарысын татарша сыпайылап айтты:
– Сызларка біз əлі сойлəмəдік, сөйлəмəйміз да, сізлəрдан қайыр тілəмəдік əлі!
Рафаэль бетін алдына қайта бұрысымен “шолақ перілер” түгел шөңгірлеп күлісе жонелді:
– Қайыршының сөйлəрга уақыты қайда?
– Нан сұрап ашауыны гана білə!
– Хайыр тілəмəс-мыш...
– Бақшаларымызга битларың түшіп қалмасын əлі! – Аузым қышыған мен енді Бексапаны түрткіледім:
– Сен де татар түрлессің ғой, қайтып сөйлемейтін болсын қатты нықытып тасташы өзін. Бексапа сөйлемей үнсіз жымия берді. Біз үндемей қойған соң «Шолақ перілер» де зеріккендей өз əңгімелеріне түсе бастап еді, əлгі жуан құйрық сары шабуылға қайта өтті:
– Мұндай қайыршы гимназист көрмеппіз əлі... Шапкаларын қара өзлəрінің мəс мүжəклəрға ұқши!
Қайырыла қарадым мен. Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын осы Шəуешектің бір қызынан естіген «қалендыр» деген сөз есімнен əлі шыға қоймаған еді. Екінші келуім осы ғана. Бұл рет естіп келе жатқаным тағы да сол ғой! Жауабын іле қайырдым:
– Қайыршыдан қайыр тілегендей соңымыздан қалмай қыңқылдайсың, бейшара, қайыршының қайыршысы өзің ұқсайсың, бізден не сұрайсың, айта ғой енді. Барымызды аямайық! Мұншалық зарыққаныңызды біліп, жанымыз ашып келеді!
Біздің сабақтастар ду күлді. Қыздардың да іле қайырған құр шалдауыр жауабын тыңдамадық, енді ұрыссып қалмайық десіп бұрылдық та, терек арасындағы бір орындыққа барып отырдық. Сол орыннан станция гудогы берілгенде бір-ақ қайттық.
Біржолата қайтпаймыз, бақшаға онан соң бармадық, орта мек- тепке қабылданғандар тізімінде атымыз жоқтығын көрісімізбен Дөрбілжінге бір-ақ тарттық. Сынаудан өте алмай қалғаныма ешқандай  жабырқамай,  қайта  жадырай  жөнелдім.  Мұнда  оқып
«қайыршы» аталудан құтылғаныма қуанғандаймын. Өз бетіммен- ақ ешкімнен қалыспай оқимын деген бір сертке қайралып əлденеге егесе қайттым.
Əке-шешеме де сол өзім бекінген сертімді айтып едім, олар да
 
үлкен зілден құтылғандай жадырай қалысты. Əкем маған елжірей қарап күлімсіреді:
– Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алғандай, ендігі ең үлкен қыспағымыз сол «кемнасың» болар ма деп жүр едік, өркенің өссін, Қырауым, ақыл тауып қайтыпсың! – деп басымнан сипады, – жассың ғой, орайы келгенде кірерсің бір мектепке!
Мені осы ақылға итеріп салған сары шолақ қызға “рахмет” дей жаздап барып, өштік сезіммен тісімді баса ескердім оны.
Үйден  шықпай,  өз  бетіммен  сабақ  пысықтап,  өз  бетімше есеп шығарьп əдеттендім. Демалғым келгенде əркімнен сұрап əкелген  е скі  хиссаларды  көшіремін.  Анда-санда  ұйымның кітапханасына барып, кейбір кітап-журналдарды əкеліп оқимын. Сөйтіп оқу программам күн сайын көбейе түсті. Ойын-күлкі, дос-құрбыдан саяқтап, сабақтастармен кездесе қалғанда көп сөйлемей, есінеп-есінеп алып үйге жөнелетін мінез таптым. Ең қызық ойын үйде əкем жасап берген ағаш сандықшаның ішінде сияқты. Кітап-дəптерімді жайып салғанда ғана шын думанға кіргендей, тар қапастан кең далаға шыққандай жан сезімім кенеле қалатын болды.
Əке-шешем осы кезде маған бір ғана борыш артты! Рамазан ай- ында бес уақыт намаз өтеп, ораза ұстауым керек. Оқуыма бөгеті болмағандықтан “аздап иман да таба жатайын” деп, мен бұған көне кеттім. Сөйтіп 1941 жылдың күзіне келген бір оразаны алдаусыз, адалдықпен өтеуге кірісіп едім. Он-он бес күн ішіндегі сынаудан жақсы өткен сияқтымын, əкем мені отбасы намазындағы имамдық орынға шығарды.
– Осы үйдің ең оқымыстысы сенсің, мұнан соң сен иман бол! – деп өз орнына тұрғызды да тəкбырды оң жағыма тұрып, өзі түсірді, маған мəзін болғаны еді бұл. Жалданба егіншіліктен қыста босап үйде бо- латын Бигелді сол жағымда. Менің мектепке кірмей қалуымнан біраз жеңілдік тауып, Нұрасылмен бірге жаяу саудагер болып алған Биғазы да, Ораз да үйде бірге намаз оқитын болған. Дөрбілжіннің атақты Əбдірахман дейтін қариінің дəлелдемесі бойынша, əйелдер ерлер- мен бірге намаз оқитын болғандықтан, шешем де сол оразада менің ұюшым бола қалды.
Еңгезердей екі дəудің ортасында кіндіктерінен келсем де, олар- дан сəл алда түрып, бəрін мүлгітетін болдым сөйтіп. Мен еңкейсем, олардың да еңкейіп, мен тоңқайсам олардың да тоңқаюы басым- ды сəждадан алмай жата берсем, олардың да жата беруі шарт, ішімнен күлсем де екі-үш күн тəртіп сақтап, тəуір имам болып жүрдім. Сөйтсе де,
 
отбасы үлкендері намазда мен не істесем соны істейтін болғаны маған өте бір қызық комедия ойлата бастады.
Күндіз үйден шықпайтын болғаным үшін шешем мені бір уақыт бой жазып ойнап келуге қузап жүретін. Менің көңіл көтеруімді  бəрі  қо стайтын  шақ  еді.  Сол  ойынды  о сы  на- маз уақытында бір ойнап алғым келді бір күні. Қылжаққа айналдырғанымды   білдірмеу   үшін,   өзім   күлмеуім   керек. Екінті намазы төрт қана жығылып тұратын ең қысқа намаз еді, сонысын созып апарып, ақшам намазына қо сып жібергім келді. “Алхамдуны” асықпай соза оқып, оған ыңғай ұзын со- нар  сүре  қо сып,  ұюшыларымды  ұзақ  қаңтарып  аламын  да еңкейіп “рукағда” жəне көп тұрамын. Əкемнің белі ауырды білем, ұзақ еңкейіп тұруға шыдамай қипақтай берді. Биғазы күліп  жібергенде  қайта  бір  қайқайып  алып  сəждаға  бас қойып аламын да ұзақ жатамын. Ұюшыларымның əкемнен басқасы, тіпті шешем де күліп жатты. Бірақ, бастарын имам- нан бұрын көтеру құлшылық шартында жоқ болғандықтан қыстығып əрең шыдады. Мақсатымның бірі – əкеме намаз бұзғызу  болатын.  Менен  еме с  құдайдан  қорыққандығынан ол кісі шыдай беретіндей көрінді. Сондықтан, сəждаға ең ақырғы жығылғанымда бас көтертпей тіпті үзақ жатып ал- дым. Ана үшеуі қатты күліп жібергенде əкем жайнамаздан басын көтеріп алды, мені бөксемнен бүре, жайнамаздан іліп алып, арт жағына лақтырып тастады. Өзі де күліп жіберді сөйтіп.  Артқа  лақтырылған  “имамға”,  ұюшы  мүриттер  де түгел карқылдап күліп кетті.
Əкемнің өзі имам болып, екінтіні қайта оқымақшы болғанда үй күңгірт тартып, екінті уақыты өтіп қалған еді. Мен алдыға қайта келіп, қарсы қарап отыра қалдым да енді “шариғат” сөйлей жөнелдім:
– Алла тағала уа табəрəкəнің ең сүйген құлы ғана намазды намазға осылай ұластырып оқиды, мешіттен шықпайтын сопы- лар кешке дейін мехрабтың алдында жер жыртып, егін салады. Арық тартып суарады деп ойлайсыздар ма. Хақ пайғамбардың хəлел үммəті əлбетте олар сауаптың кайда екенін біледі. Солай бас көтермей жатып алады да, иман дегенді бермегеніне қоймай тар- тып алады. Əке, сіз Алла тағаланың өзі желеп жіберген имамын лақтырып тастап, зор күнаға кіріптар болдыңыз! Енді барып мех- раб алдына жатып алмасаңыз кешірмейді де...
– Ей, шайтан, тұр былай! Имам да болма, ұйыма да, ары ана
 
жаққа отыр, – деп əкем ызбарлана қалды да, мырс ете түсті, – əрі кет деймін! – деп қатайды.
– Қуаласаңыз менің күнəм сіздің мойныңызға мінеді!
– Мейлі, өзің ары кетші, ары!
– Имамдықтан алып тастасаңыздар ғой, бұрқан боламын ендеше! Будда пұтханаларындағы пұттарша кердейіп сіресе қалып едім,
тағы да күлісіп жіберді. Күлкіден тыйыла алмай қалған Биғазының иығынан əкем қатты нұқып жіберіп, Бигелдіге алара қарағанда күлкі əрең тоқтап еді.
– Жарығым, Қабыкен, ақшам болды! – Шешем маған жалын- ды, – намаз оқып алып ауыз ашайық.
Мен түрегеліп барып арттағы шешемнің қатарына тұра қалып едім, əкем қайырылып, кеудемнен итеріп жіберді:
– Сен енді жеке оқы, бірге оқысақ тағы бұзасың!
Сөйтсе де “тағы бұзудың” орайы табыла кетті: терезе жақ бұрышқа көйлегімді шешіп, жайнамаз үшін жая қойдым да, жалаңаш бой- ыммен “алхамдүні” апыл-ғұпыл айта салып жығылдым. Сəждаға əр рет жығылғанда екі рет бас қойып, үш реттен алты рет айтылатын “сухан рабииал əғлə” деген жалбарыну сөзін сол жатқан күйімде са- нап отыз рет айтып бас көтердім де, бетімді бір-ақ сипадым. “Алла- ху акпардың” мағынасы ретінде “болды”, “бітті” деп қазақша жария сөйлей сипадым. Алла тағала бес рəккағат ақшам намазындағы сол отыз рет жалындыратыныңызды толық орындадым, мəртебеге жеткізіңіз, болды, бітті! Ақырғы дұғаны осылай айтып, бетімді сипағанымда, əкеме ұюшылар күлкіден қыстығып шиқылдап тұр еді. Енді “мəртебеге жет- кенде” жалаңаш күйіңде бұт болып қарсы отыра қалғанымда бəрі бір-ақ қарқылдап, ақтарыла күлді. Əкемнің райына қарай салып, көйлегімді ала қаштым сыртқа. Олар намазын қайта оқып қалды білем. Əкем қуалап шықпады. Мақталы шапанымды қарындасымнан алдырып киіп сыртқа ауашарақ жүргенімде “ауыз ашар” шайға шешем шақырды. Əп–əдепті болып кіріп, дастарқан шетіне жүгіне қалып едім, əкем мырс етіп күліп жіберді. Мен үшін екі ағам сыбаға жеген болса ке- рек, олар томсарулы екен:
– Сен, дін бұзар, мұнан соң намаз уакытында үйде отыру- шы болма! – деп əкем бадырая карады, – бес ракағат намазды бір ракағатта бітіре сал деп қай молдаң үйретті саған?!
– Молдамыз үйретсін, үйретпесін, Алламыздың ақшам намазындағы салығын толық өтесем... болатын шығар, – деп мен төмен қарадым.
– Ол қай салық?!
 
– Ақшамда отыз рет жалындыру емес пе... Тұра тұр Алланың өзінің əр қолынан əр күні намаз арқылы алып тұруға тиісті салығын айтып берейін: таңертеңгі намазда құзғын сəріден тұрғызып алып
24 рет жалынту... Бір рəкағатта алты қой... Бесінде алпыс рет, екінтіде
24 рет, ақшамда отыз рет, ясих намазында 54 рет жалынту. Бір күнде жиыны 192 рет жалынсақ болғаны емес пе! Жаратқан ақысы үшін əділ. Алла бұдан артық еш нəрсе талап қылмайды. Бір күндегісін бөліп-жармай, маңдайды жұмсағырақ кигізге қойып алып, бір-ақ өтеп тұрсақ тіпті разы болар еді!..
– Саған дауа жоқ екен!.. Болды, бажырамай шайыңды іш енді,
–деп əкем шайға жібіткен қара нанын асай түсіп күлімсіреді.
–   Кешке   шейін   үйден   шықпай   отырып   алып, есептемейтіні жоқ екен ғой мұның! – деп күрсінді шешем. – Іші пыса- ды ғой, қайтсін!..
– Жеңеше, осы Қырауың балалардың бəрімен ұрысып калған ғой деймін, – деп Бигелді салдырлады. – Тату болса ойнамай ма!
– Жоқ, ұрысқан жоқ, – деп Биғаділ сақ ете түсті. – Сабақтастарының бəрі менен сұрайды. Мен, “жұмыртқа басып” жатыр дедім.
Бұл сөзге үй іші ду күлді де, мен кіржие қарадым оған. Қағысып қалуымнан Биғаділді қорғағысы келген Биғазы да сөйлеп, мені өзіне қаратпақ болды:
– Бұл жаман емтиханға жарамай қалған соң өзін-өзі түрмелеп отыр.
– Ей, Қырау, өзіңді-өзің неше жылға кестің?
– Біздің Қырау ұрысқұмар емес, ешкіммен төбелеспейді. Жұмыртқа басатын күрке тауыққа тіпті ұқсамайды, – деп шешем мені мақтап- мақтап, бір уақыт серуендеудің амалын іздестірді. Ертең көріңдерші кəне, күндіз көшеге барып ойнап келіп тұрады!
“Бұл қақпайларыңа көнсем-ау!” деп мен бекіне түстім. Тергеушім,   мен   сол   жылы   Шəуешектен   қайыршылық
қылмыс-пен қуаланып келіп қамалғанымда, үйімнен дін бұзарлық қылмыспен қудалана түскенімді көріп отырсыз. Өз үйіме сыймауымнан-ақ менің əуелден жер-көкке сыймай келген қылмыскер екендігім белгілі болмады ма. Əсіресе сол кездегі дін бұзарлығыма тереңірек қарасаңыз, қазіргі қылмысымның тари- хи тамыры жарқ етіп шыға келеді. Дінге сенбеген кімге сенбек. Бұл да сол кездегі белсенді кері төңкерісшілдік емес пе. Мен бес  уақыт  намазды  бір  рəкағатпен ғана өтеп, сол кездің өзінде- ақ  құлшылық  қалыбын  бүзыппын  ғой.  Бұған  қарағанда  қай
 
құлшылық қалыбын бұзбас дейсіз. Жастайынан өзін-өзі түрмелеп үйренген адам, өзгенің түрмесін қуана қарсы алмас па. Онан да осы түрмеден мені сіз де қуып шықсаңыз, жан жерімнен ұстаған ең қиын жаза сол болар еді.

V

Дəмешті “ұрлап жоғалтқан” Нұрасылдың соңынан түйілген жұдырық жуандай түсті. Оның қасына сол кезде ілескен Биғазы өздерінің аздықтарын айтып, ыза болып қайтып жүрді. Құрышбек көбінесе əркімнің үйін салып, кəң, пештерін жасап тіршілік кəсібімен кетеді, басқа достары да басқа-басқа жақта жүретін кəсіпқорлар, Нұрасылдың өзіне тетелес інісі, бай есігінде жалшы, басқа інілері əлі бұғанасы қатпаған жас оқушы еді; Сөйтіп, тірегі əлсіз тірі азаматтың тіршілігінің өзі зор қылмыс болғандай, қысымға ұшырап, өрісі тарая түсті. Көзін аларта өтіп, иығымен қаға-соға кететін соқтықпалы бір топ қиянпұрыс жолын кес-кестеп, Нұрасылды неше рет тосқан екен. Өзінің жолында құтырған ит тұрса да қаймықпай өтуді сүйетін Нұрасыл бұл бітеу жараға кездесуде шипа айтып, əділетті естеріне сала өтпекші болыпты:
–  Көкеңнің үйреткен бұл кəсібі сіздерге тым алал кəсіп емес- ау, жігіттер, біз өзара əй-шəй десіп көрмеген адамдармыз ғой! – деп күлімсірей келіпті. Бұл сөзге үн де қатпай, жол да бермей, көлегейлеп тоса тұрып алған біреуін қолының сыртымен сырып қана өте берген екен, шекесіне бір жұдырық шақ ете түсіпті.
– Шырағым, мынауың шының ба, қалжың ба? – деп қарай берген- де, жұдырыққа жасырынған тастың бірнешеуі қатар келіп тиіпті:
– Өзің неге қағасың?
– Қаймана тұрған адамды неге ұрасың?
– Шын болғанда қайтпек едің?..
Жарыса шыққан осы сөздерді ести құлаған Нұрасылдың артындағы Биғазы көшедегі халыққа айқай салғанда, жендеттер бет-бетімен жөнеле беріпті. Тападай тал түс, ап-ашық күні көшеде соққыға жығылған Нұрасыл Биғазының демеуімен тұрыпты да, басы-көзі күп болып, сақшы мекемесіне барған екен. Нұрасылдың арызын тыңдамай, мына сиқына ғана қараған қара сұр тергеуші сақылдап күліпті келіп.
– Кімің ұлыды? – деп қазақша шала тілмен тікірейе қалыпты сонан соң. Нұрасыл өзін ұрған топтың өзі танитын төрт-бесінің атын атап, адресіне дейін айтып берген екен.
 
– Мақұл, біз сұлайды, қамайды, сен қайтады, – деп басын кекшеңдетіпті.
– Сіз олардың аты мен адресін жазып алмай отырып, қалай тауып сұрайсыз?!
– Болды, мен біледі, жазады.
–  Тақсыр,  сіз  қазір  жазып  алып,  шақыртыңыз!..  Олардың  та- спен ұратын осыншалық не себебі бар екен. Менімен беттестіріп тексеріңіз! Мүндай содырлар тергелмесе, жазаланбаса, іс жүзінде өзіңіз содырлыққа көмектесуші болып шығасыз. Біз де бірлесіп жалғыз- жарым жүрген адамды ұра берсек бола ма?! Арамыздан адам өлуі де мүмкін!
– Адамы өледі шатақ, сені атылады!
– Бəсе, сондай шатақ шықпауы үшін оларды айдатып əкеліп тексеріңіз!.. Қайсынымызда қылмыс болса соны жазалауыңыз шарт!
– Ол көп хасақы, сен бір хасақы, сенікі шатақы болмаса, сені көп хасақы ұрмайды!
– Шатақ кімде болса, тексеріп соны жазаламайсыз ба, кəне!
– Болды, мақұл, елтең тексейледі. Сені қазылы қайтады! – деп тергеуші есікті нұсқапты.
– Сіз қазір сақшылық міндетіңізді орындамай отырсыз. Егер сіз содырларды шектемесеңіз, біз өзіміз өш алып, өзіміз тиюға тиістіміз. Біз де адам жиямыз, біз де ұрамыз. Алдымен қылмыс өткізген адам- ды тергемегендіктен оларға жауап қайтарған бізді де тергемейсіз, мақұл ма?!
– Бізі тексейіледі, бұл күні қызметі бар. Ертеңі шақылады.
– Мұныңыз мені шығарып салу үшін ғана айтылған сөз, адам ұрушыларды жазып та алмай тұруыңыз – соның дəлелі. Бірақ,  біз сізге келіп мəлімдедік, ұмытпаңыз! Еш жазықсыз қаншалық жараланғандығымды көрдіңіз. Ертең бұдан да үлкен шатақ шықса, келмеді, көрмедім деуші болмаңыз!.. – Нұрасылмен оны сүйемелдеген Биғазы шыға бергенде:
– Лаухаса да хүй ахуай лаухаса, суанл ба!19  – депті сақшы тергеуші екінші үстелде отырған серігіне қарап. Екі тергеуші күлісіп  қалыпты  да,  екі  арызшы  бір-біріне  дағдара  қарасып кете беріпті.
Жексенбі күні еді, Нұрасыл соққыға жығылыпты дегенді естіп, жүгіріп  барсам,  ауыз  үйінде  кішкене-кішкене  бес  баласы  үркердей


19 Қазекеңді қазекең жəркемдесе жəркемдей бермей ме!
 
ұйлығып, үн-түнсіз отыр екен. Бəрі бесіктегісінің маңайында үдірейісіп-үдірейісіп қалыпты. Бəрінің қабағы қаяулы, есті ересек адамдарша қайғырып отырғандай. Сол көзінің алдында кішкене қана тыртығы бар мүсінді қара торы жеңгеміз сəл сұрғылт тартып ширап алыпты. Шай қайнатып жүр. Қара құрым жыртық киіздің шетінде ғана отырған əжімді қара кемпір:
–   Сұмдық-ай, не жазығы бар еді ол иттің балаларына! – деп аузын сылп еткізгенде кірдім мен.
– Жазығы – Дəмешті зорлап, байлап бермегендігі ғана! Бұл бай- лап беруге ол көнер ме, ел көнер ме! – деп күрсінді жеңгеміз. Теріс қарап күйбендеп жүріп сөйледі де, маған жалт қарады!
– Япырмау, көріп тұрғаным рас па, өтірік пе! Үйінен шықпайтын үндемес қайным да келіпті ғой, жоғары шық! Бағдаржанды іздеп үлкен үйдің терезесін қаққаны болмаса, басқа үйге аттап баспай- тын бұл сойылға жығылып қалмаған болса, дəл қазір шашу шашар едім!
Нұрасылдың Бағдарқан атты, маған құрбы інісі төр үйден шыға келіп, менің қолымнан ұстай алды да, өксіп қалды. Менің де көз жасым іркіле қалып еді.
– Үй, жігіттер, жаман ырым бастамандар! – деп қунақылық еткен жеңгеміз де бас жаулығының ұшымен көзін сүрте қойды!
– Қайтсін, бұлардың да қаны қызады ғой! – деп кемпір күрсінді. Бағдарқан төргі үйдің есігін ашты. Ағайлардан Құрышбек бастаған бірнешеуі келіп отыр екен. Бəрі де жер төсегінде жатқан Нұрасылға қарап, соның балпылдай шыққан сөзін тыңдап отыр. Бір тізерлеп отырған Құрышбек менің сəлеміме иек қаға салды да:
– Мұндайға тыйым салатын сақшымыздың сиқы сол болды де!
– деп тісін баса түсті. Бет-аузы адам танығысыз, күп болып көгеріп кеткен Нұрасылдың ерні икемге келмесе де құса ширықтырып жа- тыр екен:
– Іле ұйғырларын “Тараншы ұлты” деп атап, не үшін ұйғырдан басқа санайды десем, бір ұлт халқын бөлшектеп ыдыратуды- ірітуді, сөйтіп, бір-біріне салып қырқыстырып, қырық пышақ етуді көздейді екен ғой!.. Мұны сақшы тергеушісінің қабағынан оқыдым, қазақтың етін қазақ жесе қарық боп қуанатынын көрсетті. “Екі қарға таласса, бір құзғынға жем түседі ғой”. Егер сол бұзақыларды жазаласа қазаққа оқыстан ынтымақ орнап қалар деп қорқатын көрінеді.
– “Ұры бүлікке құмар, шыбын шірікке құмар”. Төрелердің тірлігі қаралар арасына салған бүлігінде емес пе! – деп Құрышбек түйіндеді
 
оның сөзін. Бұл екеуінен жасырақ Кеңесбай атты кесек денелі қара жігіт сөз аңғарына ызамен қарсы шыққандай болды:
– Сөйтіп, туысқан жауымыз өлтірсе де көнейік, оның қамшысымен шіріп, қанжығасында күн көрейік, жұдырығының астында жидіп, “береке–бірлігінде” өлейік деп отырсыздар ма, қалай?!
– Мұндайда артық ақылдылықтың керегі жоқ! – деп қостады тағы бір жасырағы. – Қанға – қан, жанға –  жан, соққыға – соққы! Қандастығын, қазақтығын қой оның!
– Жоқ, біз ессіз-есесіз ынтымақ іздеп отырғанымыз жоқ, шырақтар, –  деп Құрышбек орнығып малдасын құрды. – Адам баласы береке-бірлікке кемдікпен емес, теңдікпен қана жете алады. Ынтымақ кеңдікте емес, теңдікте. Бірақ, осыған қайткенде жете аламыз, үлкендермен сөйлесіп көрелік!
– Алдымен аузын қан қылмай тұрып, Кəкімбай теңдік береді екен деме! – деп Кеңесбай кесе түсті сөзді (Дəмешті ұзатып салатын күні келіп, “Кəке” аталған бұзақы осы Кəкімбай екен). – Біреудің қызын байлап бермедің деп осынша өшігер ме! Құреке, Кəкімнің сөзін естіп жүрмін мен: “өлтірмей өшім қайтпайды” депті ол! Біз өлімші етіп, жүрегіне бір тиіп қоймасақ, ол өлтіруден қайтпайтын қансұйық!
– Кеңесжан, біз оларды бірер сапар “өлімші” ете алармыз-ау, не істесек те артын ойлап істейік. Біз – бытырап, несібе іздейтін қырғауылымыз да, ол қырғи жиған қиямпұрыс қой. Ақшасы көптің жоқшысы көп, малы жоқтың қалы жоқ. Біз есе қайтаруды да, дес алуды да осы парқымызбен қосып есептелік, ағаларға айталық!
Бұл ағалардың сөзі осыған тіреле бергенде, олардың ақылдаспақшы болған Ерсұлтан бастап төрт-бес ағасы келіп кірді. Нұрасылдың аядай үйінде табанымыз сыяр жер қалмаған соң, Бағдарқан екеуміз далаға шыға жөнелдік.
– Шіркін-ай, Құрышбек ағаның сөзі-ай, – деп шықты Бағдарқан,
– неше күн сөйлесе де кірпік қақпай тыңдар едім!
Қазақтың нағыз зейінді баласына бітетін барлық мінез осы қызыл қоңыр, бүйрек бетті Бағдарқанға тұп-тұтас біткен еді. Ол сыртынан қарағанда моп-момақан, аузың қайсы десе мұрнын көрсететіндей жуас көрінгенмен, іштесе кеткенде ағыны қатты да- рынды да, тау бұлағындай сылдыраған сыршыл да екенін осы бірер жылда анық көрсетіп келе жатыр еді. Үздіксіз озат төрт жыл оқып, мен былтыр бітірген алтыншы класқа осы күздің басын- да түскен болатын. Ішім пыса қалғанда осыны тауып, аз уақыт əңгімелесіп қайтсам, көңілім самал желпіген мамықтай жеңілдеп,
 
көтеріліп қайтатын болғанмын. Құрышбек сөзіне Бағдарқанның өзінің сүйінгеніндей, осы сөзіне мен де сүйініп, момақан жүзіне қарай-қарай шықтым.
– Ағалар ызаға шыдамай, сол шошқалармен түртіседі-ау енді! – деді ол көшеге шыға бере, – ит таласын көргендей сақшылар тағы күлісіп рақаттанады ғой!
– Құрышбек аға соғыспай болмайтын жағдайда ғана соғысар, ол кісі жеңбейтін жерде ұрыспайтън.
– Қан төгіле ме деп қорқам!.. Айтпақдайын, Биқа, естідің бе? Со- вет Одағына Германия бар күшімен бір-ақ басып кіріпті. Орыстар зор қырғынға ұшырап жатыр дейді!
Мен тіксіне қалдым. Гитлер “он жыл соғыспау” шартын да, Со- вет шекарасын да бір-ақ бұзып, биыл 22 июньде тосаттан үш қаланы басып алғанын естіп едім. Бірақ, мұндай, “зор қырғын” Совет Армиясы оған қырғыза қоймайтын сияқты еді ғой?!
– Əлгі бір “соғыспау шарты” бойынша алдап соққан сияқты. Батыс шекарада Совет Армиясы тым аз екен дейді. Неміс танкісі мен аэропланы жер-көктен бір-ақ қаптап, Батыс Ресейді қанға бояп жіберіпті. Қазір Ленинград пен Москваға төнген көрінеді. “Совет Одағын бір айда алып боламыз” деп жариялапты Гитлер.
– Жүр онда, Ораз сақауға барып қайтайық. Газет календыры- нан бəрін естиміз. Сөйтіп, қала ішіне бір-ақ тартық. Күз соңының батысқа еңкейген сары күні қарсымыздағы қалың сұр бұлтқа “сүңгіп” кеткен. Қыс ызғары сол сұр бұлтпен, жете соққылағанына қарамай, құлағымызды ғана анда-санда бір сипап қойып, құлақшынды түсірмей жеттік.
Жалғызын қолынан шығарғысы келмейтін ата-ананың “Оязы” биыл бізбен бірге емтихан тапсыруға да бара алмай қалған. Ол да үйінде, ыңғай газет-журнал мен брашура ғана зерттейді екен.
– Келіндей, балалай! – деп қарсы алысымен-ақ “лекциясын” ба- стай жөнелді.
– Халпе əбзи, “ыр” дыбысымен татулассаңшы енді! – дедім мен, – жақында қатынды да боларсың. Жеңге əбзитайымызға сонда: “менің аузыма қара” демекші болсаң, не деп былжырамақсың!”
Бұл сөзге ауыз үйдегі қартаңдау шешесі де күліп жіберді, естіп қойыпты.
– Шияғым маған... “ыр-ыр-ыр” ыңның керегі жоқ еді, мына сөзің батып кетті! – деп жымыңдаған Ораз біздің қузауымызбен “лекция- сын” жалғастырды. “Ыр” дыбысының  енді түсінгендей ынтыға ай- тып, тым жай сөйледі бірақ. Кейінірек толық білгендерден естуіме,
 
газеттен тауып оқығаныма қарағанда совет-герман соғысының алғашқы аужайынан Ораздың сол кездің өзінде-ақ едəуір толық хабардар екенін түсіндім. Ол үйінде отырып-ақ қақас жібермей оқып отырыпты.
Шешесі бізді жігі-жапар болып отырғызып шай қайнатты.
– Ы..ыр-ыр ыс тілінен кешкі курс ашылыпты, орыс мектебінде, енді содан оқимын. Сен оқимысың? – деп Ораз маған қарады. Бағдарқан күліп жіберді бұл сөзге:
– Енді, “пыр.. ор..ома пир ро..ро..рот” деп жаңа тапқан бар
“ырыңды” бірақ шашпақсың ғой!
– Шырағым, “ыр-ыр-ыр” енді табылады. Ор..р..р..ыс шо...р..р..р турасын айта салатын, көңіліне іркілтпейтін халық еді,  енді  азай- ып кететін көр..і..неді. Біз де о..ры..с болсақ деймін. – Біздің сөйлесуімізге мəз болып отырған шешесі бұл сөзге келгенде күрсініп, мұңая қалды.
– Орысқа қырғын болса, ондағы біздің қазаққа да оңай ти- мес! Мен де сол кешкі курстан орысша оқуға Оразбен келісіп қайттым.
Үйі бізге көршілес отыратын Бектемір атты жігітшеге ертеңіне айтып едім, қуана қарсы алды бұл, өзі жазда жалшылық істеп, қыста орысша кешкі курстан оқитын екі-үш жылдық дағдылы курсант еді. Биыл ұры-қарының көбейіп кетуінен кеште жалғыз жүруді қауіпсініп бара алмай жүр екен.
– Екеуміз бірге барып қайтып тұрсақ, төрт көз, төрт қол болғанымыз. Менде темір келсап та бар. Олай болса, оқыдық деп қой!
– деп қуанды ол.
Жауып тұрған қарға қарамай күн бата Ағылық көшесінің аяғындағы орыс мектебіне барып едік, Дөрбілжіндегі орыс біткен сонда жиналыпты. Біз оқитын класта күжілдесіп, даурығысып отыр. Көбі арақ ішіп алыпты, мас. Біз араларынан əрең өтіп барып, бір бос партаға отырдық. Мұғалім əлі келмепті. Айтысып отырған сөздерін тыңдап, Бектемірдің бозша көзі бадырайып кетті де, маған шошына сыбырлады:
– Үй, “Совет үкіметі аударылды” деп отыр ғой мыналар! Енді елге қайтайық, бізге неміс тиіспейді дейді əнеу ұзын мұртты кəрісі! Əне, анау дударбас оған қарсы шықты:
“Ленинград қоршауда, Мəскеуге он шақты километр қалды, бірақ Мəскеу  жер  астына  түсіп  кетсе  де  орыс  берілмейді!  Туыстар, оның Кутузов елі екенін ойлап қойыңдар!” деді. Кутузовы кім еді?.. Əне, “біз көшіп жеткенше большевиктер котлет болады” дейді анау
 
бурылбас. “Котлеті” немене еді. Анау май шапанды қырма сақалың жарады: “Ресей қарғалары неміс етіне тояды, болғаны сол!” деді, хə-хə- хə-хə... “Қасқыр, түлкі, күзендер қарнын көтере алмай жатып қалады да, Совет азаматтары төрттен-бестен ішік киетін болады дейді...” Гитлер Москва күл төбесінде дарға асылады!” дейді... Ойпыр-ау... Мынау мұрттының аузы тым жаман ғой: “Ресейге басып кірген бүкіл Еу- ропа армиясы!.. Большевик берілмейміз десе, орыс жері түгел көрге айналады!” дейді... Мына қатар сөйлеген үш-төрті: “неміс танкісі мен мотоцикл атты армиясы ендігі Оралға жетіп тыныққан шығар!” деп салды... “Күн жылына елге қайтсақ болар” деді əнеу біреуі... Ей осыларыңның көбі Советке қарсы ғой тіпті! Ақ патшаның бөлтіріктері екен-ау иə, жөндерін енді көрсетіп отыр!
Осы айтысқа өзі түскендей аласұрып отырған Бектемір енді ты- нышталды. Қара пальтолы қып-қызыл сұлу келіншек кіріп, жұп-жұмсақ үнмен бірдеме деп еді, гүрілдесіп отырған орыстар сыныптан шыға берісті. Мұғаліміміз осы келіншек екен. Жоқтама дəптеріне Ораз үшеумізді қосып жазып, сабағын бастады.
Біз осы сабақтан кешкі сағат он бірде қайтып келе жатсақ, Кеңесбай аға- мыз бастаған сегіз-тоғыз жас жігіт Еміл көпірінің аузында тұр екен, араларын- да былтыр жаздағы менің құтқарушым – Ғаріпбек мықты да бар.
– Мыналарың кім? – деді беруі.
– Балалар ғой, – деді екінші бірі, – əй, сол иттер біз келуден бұрын өтіп кетті-ау!
– Жоқ, біздің мұнда тұрғанымызды алыстан көріп, бой тасалап жүр. Осы көпірден басқа өткел жоқ қазір.
– Жүріңдер, біз былай кеткен болайық! – деді Кеңесбай, – ей ба- лалар, біздің мұнда тұрғанымызды ешкімге айтпандар, ə! Үй-іштеріңе де айтпа, мақұл ма?
Біз мақұлдық білдіріп өтіп кеттік. Ағаларынан жасырын жиы- лып, өш алуға шыққандықтарын, мұнысының “қатерлі” екенін ойлай қайттым да, бара салып Биғазыға айттым. Құрышбек пен Нұрасыл білсін дегенім еді.
Біздің үйге там орнын беріп қоныстандырған Ерсұлтан ақсақал байлардың бəйге аттарын жарататын, ақысына көбінесе соғымдық мал алушы еді. Алдыңғы күні ғана бір ту бие сойған сол кісі Күнтуған шаңия мен Кəкімбай бастаған бірнеше мықтыны қонаққа шақырды. Үлкендер Нұрасылдың соңына түскен пəлені осылай ағайыншылық жолмен бітіруге келіскен көрінеді. Құрышбек күн еңкейе бергенде арақ əкелді.
Сенбінің   кеші   болғандықтан   сабақты   қойып,   Бағдарқан
 
екеуміз Ерсұлтан үйінің терезесінен сығалаумен жүрдік. Келген он шақты қонақтың жуан ортасынан Күнтуған шаңия мен Кəкімді ғана таныдым. Күнтуған шалқалай сөйлеп қақ төрде отырды да, оның сол жағындағы Кəкім өзінің төменгі екі жуанмен күбірлесіп, шұлғыса  берді.
Төсек жағында қонақ иесі, шоқша ғана ақ сақалды Ерсұлтан, одан төмен Құрышбек жүгініп, шай құйып отыр.
Бір шəугім шай ішіліп бола бере дастарқанға бірнеше жерден қуырдақ қойылып, көк мойын бөтелке мен кішкене шынылар сапқа тізіле бастап еді. Қарсы үйде осы кезеңді күтіп отырған болса керек, басы мен мой- нын тұтас таңып, малақайын баса киген Нұрасыл кіріп келді.
– Ассалаумағалейкум!
– Əликумуссалам! – деп шаңия үңіле қарады да, Кəкімбай мен қасындағылары бір-біріне қарап едірейесе қалды.
– Келе ғой, қалқам, келе ғой, – деп Ерсұлтан ысырылып, Құрышбек екеуінің арасынан орын берді. Нұрасыл қонақтарға тегіс қарап, иіле амандасып еді, Кəкім бедірейген бойы аузын да жыбырлатпай кекшие қалды. Құрышбек арақ құйған шыныны жағалата ұзатып, бұрын арақ ішпейтін Ерсұлтан қарттың алдына бір шыны қойып еді. Арақпен қоса берекенің сөзін бастап беруге қарт күні бұрын құдайына сыйынып, көніп қойған көрінеді, шы- нысын жоғарырақ көтеріп алып сөйлеп кетті:
– Ал, құрметті қонақтар, мен арақ ішпейтінмін, енді қартайғанда қай желіккендерсіндер, “адам мың жасамайды, ұрпағы мың жасай- ды” деген, менен бəрің кішісіңдер, менен қалған өмірді сендер жасайсыңдар, сендерден қалғанын інілерің, балаларың, немере- шөберелерің жасайды... Мен оқымасам да ащы мен тəттіні көп көрген адаммын. Міне, мына тамақтарыңнан да сендермен бірге та- тып көрмекшімін. Соның алдында өзім өмірдің анық білген, жете түсінген  адамгершіліктің-елдіктің ең тəттісін айта кеткім келеді. Ол – татулық, достық. Меніңше, татулықтан тəтті “тағам” жоқ. “Бірлік болмай тірлік жоқ”. Айтар ағалығым осы ғана. Бір дастарқанға бас қостырғанда сендерден тілейтінім де осы. Ағайын ара береке сөздің қалғанын өздерің де айта жатарсыңдар, ал енді сол тілеуге алып жіберіндер!
Араққа болатын аттаныстың дəл осы мезгілдегі ең аталы сөзін басқалары кəдімгідей қауқаулап жіберіп, қылғытып салса да, Кəкім міз қақпай отырып алды, оның шыныны да ұстамағанын көрген қасындағы екеу алған шыныларын қолдары күйгендей қоя-қоя са- лысты.
 
Терезе  сыртында  бізбен  бірге  қарап  тұрған  Білеубай  атты
Бағдарқанның сабақтасы түйіліп тісін басып тұр еді.
– Əкеңнің аузы тағы сойқан шығарайын деп отыр! – деп кіжінгенін сезбей қалды өзі. Бағдарқан екеуміз екі иығынан баса қойдық. Өзендегі біздің алты жайынның бірі осы болатын. Төбесінде теңгедей ғана тақыры болғандықтан “Білеубай” атына “тазды” қосатынбыз.
Білеубай “таз” бізден əлдеқайда қайратты да, қайтпайтын өжет еді.
– Осы біз кімнің үйінде отырмыз, – деген Кəкімбайдың сөзіне біз терезе сыртынан төніп, тіксіне түстік. Қонақтар да, күтушілер де тым-тырыс тына қалды. Күнтуған Кəкімге жымия қарады.
– Біз Ерсұлтан ақсақалдың үйінде отырмыз ғой, танымай қалдың ба!
–Таныс сияқты едім, əлгі “тəтті тағам”, татулық дегендерінен танымай қалып отырмын, біз тату болмай не қылып едік?
– Ой, Кəке, – деді Құрышбек, – татулықты айтудан не тақсырет тарта қалдыңыз! Татулықтан адам баласы не зиян тартып еді!
Кəкім адырая қарады оған:
– Сол сөзінен мына шалыңның құйрығы қайда жатқанын түсініп отырсаңшы!
– Осы “түсінуіңіздің” өзі қандай жақсы! – деп Құрышбек күліп жіберді, – айыбын өзі түсініп, өзі айтудан үлкен əділдік бар ма? Соған қарай татулықты айтудан тəтті сөз бар ма? Əсіресе, сізге пайдалы сөз ғой бұл! Құдай да, осы отырған көпшілік те куə шығар, қарттың осы сөзі “құйрық бұру” болса, дəл сізге бұрылған құйрық емес пе. Болыстық сөзге боқтау айтпас болар! Кел, екеуміз ендігі жердегі сол татулықтар үшін тартып жіберелік!
– Жоқ, мен бұл иесіз татулығыңды танымаймын!
– Мейлің, татулықты танымасаңыз танымаңыз, мені танырсыз, кел ішелік!
– Сені де танымаймын, ұрымен таныстығым жоқ!
– Ұрыны оның ағасы “қарақшы” танымаса кім таныр, кел, ағатай, танысалық!
Кəкім көпшіліктің күлкі–дабырын баса ақырды:
– Қарақшы болып неңді бұлаппын?
– Көпшілікке аян іс қой, бұлатпадың деп сен булыққалы қашан еді. Талатпадың деп таяққа жыққанды кім деп атауымыз керек, төрелігін өзің айтшы қəне! Сөзді тоса тұр!.. Бірақ біз үйге келген- де үйдей дау айтпақшы емеспіз. Мына қартымыздың ниетіне, татулық береке-бірлігіне ғана бас иіп отырмыз. Арты насырға шауып кетпеуі үшін сынған басымызды, тісімізге тісімізді ба-
 
сып əрең шыдап иіп отырмыз. Кəкім, сен ер болсаң, еңкейгенге артыңды теңкейтпе!
Кəкімнің көзі ақшиып орнынан көтеріле бергенде, Күнтуған шаңия жеңінен тартып отырғызды:
–   Осы  таластарыңның   билігін   маған   беріңдерші!.. Құрышбек, арағыңды толтыра құй! – шаңия билігін шыны толы арақты бəріне қағыстырып ішіп алып айтты, – мен айтсам, əділі былай: “татулық”  деген  тағам  емес,  жел  сөз  ғой...  Дүниедегі  ең  тəтті тағам — арақ, арақ! Енең...ді, ұқтыңдар ма!.. Арақтың құрметі үшін айтыссөз тоқтасын!.. Ішіңдер!
– Жоқ, мен мұнда арақ ішіп жарымайтынымды жамау бас кіргенде-ақ білгенмін! – деді Кəкім. Қамшысын ала атылып тұрып, дастарқан шетін баса, жанша тартты.
– Əй, Кəкім, тоқта, – деп Құрышбек түрегеліп еді, оны Нұрасыл ұстай алды.
– Барсын, Құреке, басын сары табаққа салғаныңмен сасығы кетпейді екен!..
Дағдарып, үнсіз қарап отырып қалған Ерсұлтан қарт бір қозғалып қойып, тоқтауға шақырды:
– Кəкім мырза, сабыр ет, тым болмаса бір сөз тыңдай кет!
Кəкім тыңдар емес, табалдырыққа барып Нұрасылға оқты көзімен ата қарады:
– Мен əлі-ақ көрем сені!..
– Иə, көрші болған соң көрісіп тұратыным хақ қой! – деп күлімсіреді Нұрасыл. Шыға жөнелген Кəкімді Құрышбек ауыз үйде тосып, қатқыл үнмен бірдемені ескертіп жатты.
Оның сөзін сырттағы біз тыңдай алмай қалдық, Білеубай қақпаға қарап сөйлей жөнелді:
– Бұл шошқадан кекті мен қайтарамын!..
– Сен не қылмақсың оған?! – деп сұрай бұрылдым мен.
– Таздың ең жаманы жата қалып ат үркітпей ме! – Бағдарқан екеуміз қатар күлдік. Таз жүгірген бойы қонақтар келген төменгі жолға түсіп кете берді.
– “Мың асқанға, бір тосқан”, – деп қалды Құрышбек, жұлқына шыққан Кəкімбайдың артынан. – Қайыр, керек жоқ, “сом темірге балға бар, сомсынғанға Алла бар”! Қонақ иесі болғандығымыз қолымызды байлады бұл рет!.. Бізде не жазық бар еді мұншалық!..
Біз мұнан соң үлкендердің не десіп жатқанын тыңдамадық, Кəкімбай атына міне жөнелгенде, артынан біз де баспалай жүгіріп ердік. “Таздың” өнерін көру керек қой. Бай жорғасы төменгі айналма жолмен
 
енді қара үзіп бара жатқанда, жолдың сол жағына қарай жалт беріп, жайдақ шыға берді. Батып бара жатқан айдың жарығымен анық көрінді. Үстіндегі жардай иесі жоқ, ер-тоқымын бауырына алып, “ойнай” жөнелді.
– Сен кім? – деп Кəкімнің ақыра түрегелгені естілді бізге.
– Мен, өзім! – деп Білеубай “таз” да ақырды.
– Не ғып отырсың жолда?!
Бай қамшысын білей ұмтылған болса керек, аттың артыннан
“таз” да “үрке” жөнелді.
– Ұл жараққа отырғам. Атың басып кететін болған соң, жан керек қой, ыршып тұрдым! – деп жауабын қашып бара жатып қайырды, – атыңды ұстап берейін енді!
Білеубай қар омбылап аттың ізімен жолсыз иенге тартты: бір үріккенді “бір үріккен” қуып, қаланың төменгі шетіндегі дуалды айналып кеткенін көрдік. Үріккен құр ат пен бəйгеге түсіп жүрген жүйрік Білеубай қарға малтыққан жуан саптамаға шалдырсын ба! Бір жығылып, бір тұрып бара жатқан Кəкім ақ қар үстінде қара доптай до- малап, отырып қалып еді.
– Ей, бай, атың жеткізбеді! – деген Білеубайдың айқайы естілді бір кезде. Ар жағындағы дуалдың үстіне шыққан сияқты, – мен енді үйіме жетіп алайын, қаланың арғы шетінде еді, кеттім, ренжімеңіз, оқыс болды!
– Ей, бала, ей, бері келші өзің! – деп ентіге айқайлады Кəкім,
– тиіспейін, құдай біледі тиіспейін, бері келші өзің!
– Құдай біледі бармаймын!.. Алла біледі менің айыбым жоқ, үлкен дəретте отырған кісінің үстіне бай не іздеп келген?!
– Ей, ей, тоқташы өзің!.. Үйің қайда?! Ей тоқташы, бұл жаққа кімнің үйіне келіп едің?!
Білеубай “таздың” дауысы алыстап барып естілді.
– Қалыңдығыма келгенмін. Үйінен шыға алмай, өзімнің де жолым болмай көңілсіз отырғанымда келдің!.. Қайыр енді, əлде де табылар сізге!..
Кəкімбай аты кеткен жаққа қарай қиралаңдап, қарасы əбден өшкенде, Білеубай төменгі көшемен айналып бізге жетті.
– Аты үлкен жолмен құйындатып, Күрті жаққа кетті! – деп алқынды ол, – егер ырыс айдап əкеліп бермесе, ол аты біреуге соғым болды деп қой!..
Біз Ерсұлтан үйінің терезесіне қайта оралғанда, қонақтар сыпы- ра қызу, өзара айтысып-тартысып отыр екен. Бірі байлығын айтса, бірі руы мен ірге күшін айтады. Нұрасыл өзіне тиісті сөз болмаған
 
соң қайтып кетіпті. Арыздарын өткізуден түңілген Ерсұлтан қарт пен Құрышбек салқын ғана қарасып қойып, үнсіз отыр. Мастығы шегіне жеткен Күнтуған шаңия қимылжықтатып өлендете жөнелді де, Кəкімбайын шақырып, айқай салды бір кезде.
– Ой, əлгі Кəкең қайда! – деді Ерсұлтанға құтыра қарап, – бір ыр.. бірің атып, бірің қағып қуып жібергенсіңдер ме! Кісі екенсің, қу сақал, кісі екенсің!.. Ерсұлтан ба сен!.. Сенің атың Елсойқан!.. Елсойқансың сен! – деп     бақырая қайталады да, өзінің екі бетін екі қолымен шарт-шұрт шапалақтап жіберді, – Елсойқан! Мылжалап та- стаймын сені, Елсойқан! – деп етпеттеп барып, шалқасынан түсті өзі. Желінбей қалған тамақты, ыдыс-аяқ пен дастарқанды шаңияның көсілген аяғының астынан ауыл азаматтары əрең жиыстырып алды. Өзара тартыстағы басқа қонақтар “ірбіт” шаналарына отырысып алып қайтысқанда, төрт жігіттің төрт бұттан көтеруімен өрең шыққан шаңия тағы өрледі, – Кəкен қайда деймін, Елсойқан! – деп далада бақырды енді, – қуып жібердің бе!.. Кісі екенсің, Елсойқан!.. Садағаң кетейін, Дубан атам... Əділдігіңнен айналып кетейін... Ал, Елсойқанды ал!.. Сақалыңды... Елсойқан, мылжалаймын əлі.
Екі бетін тағы да кезек-кезек жани берген шаңияның екі əділетті қолын
Құрышбек буа құшақтады да, шанаға тиеп жөнелтті.
Құрметті “тергеушім”, əзелде Ерсұлтан аталып, кісілікті кісілерден қонақ шақырып, татулық сұрағандығынан “Елсойқан” болып қалған осы шал рас мылжаланды білем. Ақылға шақырамын деп аппақ сақалын дымдатып та алмады ма. “Кісілігімен асып, əкімшілікке ие болған зор кісінің”, “кісі екенсің” деуінің өзінде қаншалық “даналық” жатыр, адам емессің дегені ғой. Көп кісіден табылмайтын асқан əділ үкім емес пе бұл. Адамдық деген ұқықта. Ұқықты кісіге қылмыс сойқан жолай ма. Адамда ұқық болмаса, орныңда қылмыс болуға тиісті. Сондай қылмысты Елсойқанның адамша пікір айтатын қанша адамшылығы бар еді. Керісінше қылмысын əшкерлеп алмады ма.
Сол кезде сол Елсойқаннан жұқтырып алғаным бойынша, қазір осы мен де өзімді дəл сол жөнінде əшкерлеп, «мылжаланып»жатырмын- ау. Ол дəуірдегіден қазіргі дəуір өскелең. Білім мен мəдениет жоғарылап, саясат техникаласты. Ол Күнтуғаннан сіздің ақыл-парасатыңыз тіпті, салыстыру күнəһарлық болардай жоғары ғой, тергеушім. Сондықтан да мені аса жоғары қысыммен мылжалауыңыз, Күнтуған жете алмайтын қаһар құдіретпен қинауыңыз – өзіңіздің сол жоғарылық қасиетіңізге лайық-ақ болып жатыр!
 


1942 жылдың күзі қиын болса да, мен үшін қызықты кезең көрсетті: “Үрімжі ауызын арандай ашып тұрғанымен мені қайтпек, жи- ырма жасқа жетпегендерді жұтқанын естімедім ғой” деген оймен тəуекел айтып, Үрімжідегі “Спан” деп аталатын педагогикалық мектепке түсуге емтихан тапсырдым. Қызыққаным: аудандық ұйымдағылар оны “ке- дей қолды мектеп, үкімет шығынымен қамдап оқытады” деп таныстырды. Алғашқы кезде үкімет құрамындағы коммунистердің талабымен ашылыпты да “Шыңдубанға қамқор”, “халықшыл көсем” атағын бер- ген медеткерлердің бірі осы мектеп болғандықтан, коммунистермен бірге құлыпталмай тұрыпты.
Емтиханда озат өткендігімнен, Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мəдени ағарту ұйымы жол шығынымды көтерді де, Ерсұлтандай ауқаты бар ағайындар жанашырлық жөнімен жəрдем жиысып берді. Мен түрегелгенде “əуп” деп қалатын əдетімен əке-шешем барын кигізіп, жоғын сандығыма салды. Жоқтан тапқанның орнын Биғазыны қайта жалдап толтырмақ. “Спаннан” оқып шықса ұлы “мұғалім бо- лып жетістірмей ме”. Мені бай мырзасындай жасандыра қойды сөйтіп.
Түнімен құшақтап, түнімен құдайға тапсырған əке-шеше таңертең кіреші арбаға ере келгенде: “Жыламайсыңдар, ə” деп мен жөнелдім де, бет-ауыздары жыбырлап олар қалды. Жүгі ауыр ат арба жиырма шақты күнде əрең жететін “Барса келмес” жол ғой.
Менің қайғым ол емес, қалып бара жатқан ағайын-туыстар болды. Кəкімбайдың өзін біздің жас ағайлар бір боранды түні бор- шалай сойып, көп айтқан “ағатайлары” үшін сөлдерін ғана тастап кеткенін естігенмін. Ұрғандардың ешқайсысын тани алмай қалса да, қыстағы саңлақ жорғасын жоғалтқан кім екенін білмесе де, қазір бар қаһарын Қүрышбек пен Нұрасылға төгіп, бар ақшасын сақшыларға асатып жүр еді. Аяғы қалай тынары мені де алаңдата беретін.
Үрімжіге   бидай   тасыған   бір   лек   арбаға   екіден-үштен бөлініп түсіп, Шəуешек пен Дөрбілжіннен жиырма алты оқушы шығыппыз. Спан мектебіне қабылданғанымыз – 18. Жарымы- мыз ұйғыр да, жарымымыз қазақ, бізден басқа, бухгалтерлік курсына  өткен  ұйғыр,  қазақ,  татар,  өзбектен  сегіз  бойжет- кен бар екен. Жайыр тауынан асқанша бір-бірімізді жатырқай шыққанымызбен, көгі де, жері де сұрғылт, тіпті жат көрінетін жыңғылды    сортаңға    шыққанда    жақындаса    түстік.    Арба
 
дөңгелегі  борбасқа  сүңгіп  жаяу  шұбағанымызда  ескі  достар- ша  сүйемелдестік  –  сол  шұбырындымызбен  тағы  даланың түнек түніне түн қатқанда маңайымыздан қасқыр елестеп, бір- бірімізге тығыла, қойындаса түстік. Ат тынықтыруға түскен суаттарда арбакештің аспа қара шелегімен бірге су көтерісіп, бірге отын əкелістік те, бірге шай қайнатыстық. Бір дастарқанда отырып, бір шəугімнен шай іштік.
“Тəңір қосқан” деген осы емес пе, осылай өткен бес-алты күн ішінде бойжеткендердің екі-үшеуіне “аға”, “бауыр” шығып, олар табыса  қойды.  Бір  бауырмал  табылып,  мені  де  қамқорлығына ала бастады, маған əмсе жанасалай жүрді. Менен жас шамасы үлкенірек болса да, талдырмаштау, ақ сұры, шала өзбек Қалима бикеш шешесі шала қазақ, өзін өзбек санағанымен, тілі толық қазақша, тым өткір де əнші қыз екен. Мені сол нəзік толқынды əнімен баурай берді.
Шиху қаласының сыртындағы бір көк майсаға түсіп, ат тынықтырған түс уақытында ол мені қолтықтап бұлақ жаққа тар- тып еді. Былай шыға баяу əндетіп келіп тұра қалды:
– Ей, тұра тұршы, бір нəрсе айтайын! Сен маған өлең жазып берші, мен бір əн шығарғым келіп жүр!
– Мен өлең жаза алмаймын ғой!..
– Сен əдебиетті көп оқиды екенсің, тырыссаң жазасың.
– Ал, қандай өлең? – Қалима менің жүзіме көз алмай қарап, өңі сəл қызғыш тарты.
– Менің,– деп қалып сыңғырлай күле жалғастырды сөзін, – менің жақсы көретін бір жігітім бар. Суретін айтып берейін: орта бойлы, иықты, өзі ақ маңдай, жіңішке қасы ұшатын құстың қанаты сияқты толық шекесіне қарай көтеріліп серпіле біткен. Өзі бұйра қара шашты, қап-қара көзі құмарланғандай от шашып, жарқырап тұрады, соған көз алмай қарап тұрғым келеді менің. Қыр мұрын, қызыл ерін, аққұба, дөңгелек жүзін əмсе өз қолыммен жуғым келеді... Осылай суреттеп жаз!
Пəле қыздың мені суреттеп тұрғанын біле қойдым да, теріс ай- нала бердім:
– Мен өлең жаза алмаймын, жаза алсам ғой алдымен сені су- реттеп жазар едім!
Қасымызға Бексапа мен Өмірбек келіп қалды да, Қалима сөзді басқа жаққа бұрып əкетті.
Бексапа, Өмірбек үшеуміз бір арбада едік. Қалима маған бейімделгеннен  бастап,  ең  əңгімешіміз  Бексапамен  “дос”  бола
 
қойды.  “Досым”  əңгіме  айтшы  деп  біздің  арбаға  шығып  ала- ды. Көп сөзге араласпай əркімнен кітап алып оқи беретін менің иығыма иығын тірей келіп отырады сөйтіп. Бірақ, мені ешқашан досым деп атамайды. Керісінше “кешкіл”, “талиб” кейде “Пуш- кин” деп кекесінді атпен шақырып жүрді. Жол қиындап, арбадан түсе шұбырғанда ғана іс жүзіндегі “дос” екенімді білдіріп, мені қолтықтайды да, бəрінен ауашалап əкетеді.
Маған таққан ат-атауларының ешқайсысына иім қанбайтын болған соң, “Сылқым”, “Сылқым сері” деп бар бойжеткеннің көзінше айқайлап шақырды бір қоныста. Сонда ширадым білем, осы атауының ұйқасы бойынша, “ау, не дейсің қатқан тері” деп жауап қаттым. Əншейінде шағып алма, шамшыл қыз бұл атауы- ма шамданбай, “əпке”, “сіңілерімен” бірге күлді. Ертеңіне жүріп, арба сортаңға кіргенде екеуміз тағы да қолтықтаса жөнелдік. Оңашаланғанда маған шытына қалды:
–Неге “қатқан тері” деп шақырдың! Мен рас сондаймын ба?!
– Сен неге “Сылқым сері” дейсің?!
– Сері екенің өтірік пе!
–  Сендей  пері  қыздар  былтыр  ғана  Шəуешекте  мені “қайыршы” деп атаған. Енді ғана бүтін киім кисем “Сылқым сері” бола қаламын ба! Сендерде əділет бар ма?
Қалима бар дауысымен шаңғырлап бір күліп жіберді де, қоңыраулатып сыңғырлай берді, білегімді қымқыра түсті.
– Мақұл, мақұл!.. Болды... Енді олай атамаймын!.. Сен де мені енді олай атама, иə!..
Манастан өткен бір кеште түн қатып, тағы жаяуладық. Еренқабырға бөктерінен жайнаған қалың электр шырағы көрінді. Үш-төрт күн алдында көрінген Майтау мұнай кенінің жарығынан мына шырақтар жиі де, нұрлы да екен. Қалима соған қарап еліте сөйледі:
– Анау – Совет площадкасы. Мектеп бітірген соң қызметті осы  жерде  болмаса,  дəл  осындай  бір  мəдениетті  жерден сұраймыз, мақұл ма?! Менің курсым екі жылдық, сенікі үш жыл ғой, менен бір жыл ғана кейін шығасың... Мен... сені күтем... Бір жерде істейміз, қалай дейсің?!
– Мен Дөрбілжінде істеймін, əке-шешемнің қасында боламын!
– Олай болса мен де Дөрбілжінге барып істеймін, бір жерде тұрамыз мақұл ма?!
– Мақұл! – дедім мен. Əлі күнге үлкен ағаның да үйленбегенін ойлап келе жатып, неліктен жеңіл ғана “мақұл” болғанымды толық
 
ескере алмай қалыппын. “Бірақ енді үш жылға дейін оның жөні болар” деп артынан ойландым.
– Мектебіңе барып орналасқан соң əр жексенбі күні менің жатағыма  келіп  тұрасың,  иə!..  Кірлеген  киіміңді  маған  əкеліп тұр!..
– Барғанда əніңді бұлданбай айтып тұрсаң, əр күні-ақ барар- мын!
– Менің əнімді жақсы көресің, өзімді ше?
– Əнді соншалық көркем айтушының өзі сол əннен де сұлу болса, кім жақсы көрмейді! Бірақ, менің үйім кедей, əке-шешем жүдеу, сыртынан қарағанда жаман көрінеді. Сен жақсы көрер ме екенсің!..
– Екеуміз де қызметке орналасқан соң олар кедей бола ма! Ей, тоқташы, біздің арбаға шығып сөйлесейік, жол түзелді!.. Арбаға екеуміз шыққан соң ана екі қыз түсіп, басқа арбаға кетеді. Біздің сырымызды олар біледі...
Арбаға алдымен Қалиманы қолтықтап шығарып, өзім көтерілгенде делбе ұстап отырған кексе жігіт маған қарап жымың ете түсті. Бетім дуылдай барып, Қалима тартқан ортадағы орынға отыра кеткенімде, кəмелетке толық жеткен бір қазақ қызы:
– Бір-біріңе опалы болыңдар! – деп екеуміздің құлағымызға анық- тап сыбырлады, – делбені тарта тұрыңыз, ағай, біз түсіп кетейік!
– Солай деп қасындағы ұйғыр қызды тартып түсіріп əкетті. Арбакеш делбені сілкіп қойып “Қоңыр гүлім” əніне ыңылдай берді. Сөйлесіп алсын дегендей, артындағы бізге қарар емес. Қалима менің мойныма бір қолымен рай асылып, құлағыма сыбырлады:
– Екеуміз тұрмыста тең боламыз, мақұл ма?!.. Бір-бірімізді қақпайламаймыз, бір-бірімізге адал боламыз, мақұл ма?!. Менің пікірім дұрыс болса, сен сөзсіз қабылдайсың! Сенің пікірің дұрыс болса, мен бойсынамын, мақұл ма?.. Сонда өте тату тұрамыз. Мен сені сондай сүйемін!..
Менің “мақұл, мақұлдан” басқа лажым да, сөзім де жоқ сияқты. Сол “мақұлым” əрқандай шыншыл сөзден де мығым серт екенін өзім толық түсінемін. Олай болатыны жүрегімнің ең түбінен кіршіксіз тұнық күйінде шығып жатты. Құшақтасып жатып қалған екенбіз. Арба тоқтап, екі қыз қайта кіргенде бір-ақ білдік, таң атыпты.
Жүзіміз тотығып, ерніміз кезергенде де осылай əн-əуенімізді қоса, көңілді жүріп келіп едік. Үрімжінің үстіндегі қара сұр тұманды  көргенде  тұнжыраса  қалдық.  Көшеге  кіргенде үлкен
 
қаланы айқара басып тұншықтырып жатқандай сұп-сұр сұмдық көрінді бізге. Үлкен көпірден өтіп, аз жүрген соң əпке-қарындас, қалыңдықтармен қоштасып жыласқандай айырылыстық та, ар- бамызбен қатар шұбап отырып, “Нəнляң” көшесінің басындағы Спан мектебіне жеттік.
Үлкен қара қақпадан кіре бере, қос əйнек терезелі мектеп кеңсесінің алдына барып тізіле қалып едік. Сұңғақ бойлы, ақ сары қазақ тізім бойынша тоғызын шақырып, айырып тізді де, жүгімізді сол жерге түсіртіп, ерте жөнелді. Үлкен алаңды ауланың түп жағына əкетті. Ыңғай сабан қағаз терезелі көп үйдің біріне бастап кірді де:
– Сендер осы 45-ші сыныпта оқисындар! – деді. Спан мектебі құрылғалы  біріншіден  бастап  биыл  47-ші  сыныпқа  жеткенін,
45–ші сыныпты биыл ашылған қазақша сынып екенін қарапайым ғана қоңырша үнмен жайлап түсіндірді.
– Оралхан, жүр, мына сабақтастарыңды алдымен жатақханаға орналастырайық! – деді сонан соң.
Батпиған жуан қызыл сары, қалың қырма сақалды дəу жігіт ысқалып, партасынан əрең суырылып шықты.
Біздің сынып бастығымыз осы екен, бастай жөнелді.
Буыншағымыз  бен  сандықшамызды  көтеріп,  тұнжыраған  көк сұр тұман арасымен жарым шақырымдай қайта құлдадық та, сол көшедегі басқа бір қара қақпаға барып кірдік. Жатақханасы мен ас- ханасы осында екен. Маңайы биік дуалдармен қоршалған бұл аула тіпті түксиіп көрінді. Сыныпта болмаған əйнек терезе жатақханада қайдан болсын, қағаз терезесі тіпті кішкене екен. Он адам сығылысып əрең сыятын сыпыдан орнымызды өлшеп берді. Шіріп тесілген кішкентай ғана қаңылтыр мештің қаңқасы қаусап тұр.
Ақсары мұғалімнің аты Сəду болып шықты. Осы мектептің қазақ бөлімінің тəртіп меңгерушісі əрі қазақша тіл, грамматика ұстазы екен. Сұр  жолақ  трикодан  тігілген  мақталы  ұзын  шапанын  əлден-ақ киіп алыпты өзі. Сонда да тоңып тұрғандай, біз орналасып жатқан жатақхананың пешіне қарап тітіркеніп қалды. Кедір-бұдыр жер тағанның сызына, ыс пен тозаң басқан жалбыр-жұлбыр сылақ қағазына қарап тыжырынды да, біздің орын-көрпемізге үңілді.
– Ұзақ жол жүріп кірлеп қалыпсыңдар, күн ашылысымен  мына есік алдындағы арық суына жуып алыңдар, қыс түскен соң кебуі қиын болады! – деді қолын уақалай тұрып.
Сақалды Оралхан бəнжаң (класс бастығы) жақындай түсті оған. Оқушылық изетпен иілейін десе де, жалпақ қарны икемге келмей, кердиіп түр:
 
– Мұғалім, біз де кірлеп кеттік, – деді қып-қызыл мол бет- аузы тұтасымен күлімдеп, – завхоз сабын бермей қойды, сіз айтыңызшы!
– Биыл сабынмен қамдай алмайтын болды, базардан өздерің ала салыңдар! Болмаса, ащы кірі кетсе болды ғой, мына су қатып қалмай тұрғанда шайқап алыңдар! — деп бір күрсінді де шыға берді Сəду.
Оралхан Спанның дайындық мектебінен оқып шыққан осы Үрімжі маңының жігіті екен. Бізді мектептің барлық жайымен та- ныстырып отыр еді. Алыстан соғылған қоңырау үні естілісімен ор- нынан атып тұрды:
– Ə, сары айғыр кісенеді, кешкі тамақ, жүріңдер, асханаға барайық. Сабақтастар сақадай атылуы керек мұндайда! Айтып қояйын, тез қарманбасаңдар аш қаласыңдар!..
Алдыға түсе жүгірді бұнжаң, тамаққа былай жүгіруді ар көріп, аяңмен жетіп едік, іші-сырты түгел ысталып кеткен қара қожалақ залдың есік алды əлем тапырық, зор соғыс майданына айналып кеткендей көрінді. Өңшең қара мата шекпен, мешпет, сымды аза- мат есікке кептеле қалыпты. Ес-түс жоқ, жан алқым кимелесіп жұлқынысып кіріп жатыр. Біз аңырып оқшаурап тұрып қалдық. Шəуешектен келіп қосылған туыстасым – Қуат атты жуан тұғыр, тапалтақ, ақ сұр жігіт маған қарап басын изеп-изеп қалды. Мұңайып тұр екен.
– Осылардан қандай ұстаз шығар екен!–деп қатты күрсініп жіберді, – мына ел састы, етек басты жұлқыста жайбасар сен қалай күн көрер екенсің!
– Тілін үйреніп, тырысып көреміз де!
Біз ең артынан кіріп, босағада тұрып қалдық, орын жоқ. Қойылған стол-орындықтарда да рақаттанып отырған ешкім көрінбейді. Бір залда лықсыған мың шақты адам əлі арпалы- сып жүр. Енді бір-бір тас тостаған көтерісіп алыпты. Оны ала алмағандары “қадыра!” “қадыра!” деп айқайлады, екі столға ғана үйілген сақпыға ұмтылысады. Алғандары жұлқынып-жұлқынып шыға келіп, үлкен дас-астаулардағы суға бөрттірген күрішті кеймелеседі. Одан қолындағы қадырасымен көсіп алып шыға алғандары тағы да жұлқынып үлкен астаулардағы суға қайнатқан бөйсай жапырақтарына үймелеседі. Быжынаған қалың шыбын сияқты, ешқайсына көзіміз ілесе алмай, есіміз шығып кетіпті. У-шу.
Əйтеуір, бұнжаңымыздың дауысы зор екен, айқай салғаны алы-
 
стан естіліп еді. Кимелей соғып бір дас күріш көтеріп шықты. Тері ме, майы ма белгісіз, қалың қырма сақалынан жауын жауып, қатты алқынып келеді, сумақы қадыралар оның дасына да бір-бір түсіп қалып жатыр. Мүйізін тосқан жуан қызыл бұқадай Оралхан ондайларға да- мылсыз гүжілдей жетті:
–      Үй,  алмаңдар  бұл  дастан,  жаңа  келген  сабақтастар  жесін!. Ей,  ей  Асылқан,  қадыра!..  Қадыра  алып  жіберші,  көбірек  ал! Сақпы-сақпы, көбірек алып жібер!..
Осы əлем-тапырық шайқастың арасынан Қуат екеумізге үстіне үш-төрт көк жапырақ салынған бір қадыра күріш əрең тиді, бір пар сақпымен екеуміз кезек татып көрдік те, жаландап жүрген біреуіне ұстата салып шыға бердік, тұзсыз су мен бөйсайдың жылымшы дəмінен басқа, тамақ дəмі білінбеді.
Шошына шығып едім, артымыздан: “Ей, бауырлар, тоқта!” деген  үн  естілді,  жалт  қарастық.  Кеспелтек,  жуан  қара  жігіт қуа қолымнан ұстай алды. Əлгі бір жанталас айқай ішінде Оралханға жəрдемдескен Асылқан – осы жігіт екен. Қолымды алып амандаса тұрып, атын айтты. Осы ат бұрын маған бірер рет естілген. Таныс ат сияқты ойландырып, есіме қалт түсе кетті: “Шынжаң” газетінде биыл жыл басында шыққан бір өлеңін оқыппын оның.
– Дөрбілжіннен келдің бе? – деді Асылқан маған. – Жерлес екенбіз ғой, жаңа біреуден естіп қуа шықтым.
– Басқа бір Асылқан болмаса, газеттен сіздің бір өлеңіңізді оқыған сияқтымын.
– Сол, сол! Сол өлең менікі! – деп ол бізге ере жүрді де, менің аты-жөнімді сұрап естіді. – Жə, тамақ жемей шыққандарың не!.. Татымады ғой, ə!
Оған жауапты Қуат қайырды.
–  Татымай  ғана  қалған  жоқ,  танауымызды  бүрістіріп жіберді!
– Е, алғашында біз де тыжырынғанбыз. Бірақ үйренісе келе əлі бал татитын бұл гəңпаннан (күріштен жасалған тамақ) өзіміз жайпай соғамыз да, торпақша томпиып шыға береміз.
–   Тұп-тура   қияметтегі   қарасат   майданынан   тамақтанады екенсіздер!–деп күрсіндім мен.
– Иə, тамақханаға тəрбиешілерден ешкім келмей, тəртіп жағы қазірше қалыпқа түспей тұр. Ылғи мұндай соғыс бола бермейтін, тəртіпке түседі əлі!
– О дүниенің тамағы болғандықтан семіртер де, – деп Қуат жы- миды, – əлгі Оралхан мен сізге жаққан-ақ екен!
 
– Жоқ, оның үйі осы тауда ғой, ыңғай сүр ет пен, сары май жейді ол шошқа!..
Асылқан Дөрбілжіннің Жайыр тауынан келіпті. Өз ауылында бір-екі жыл ғана оқып, Спан мектебі екі жылдық “мыңхашөтаң”20 деп аталып құрылған кезінде, соның дайындық мектебіне келіп түсіпті. Қазір екі жылдық ханзуша класта оқып жүр екен. Демалыс сайын біздің қасымызға келеді. Осы мектептің осы тума оқушысы мектебін жып-жылы көрсетіп, бізді жылыта берді. Қыл аяғы Үрімжі ауасының тұманы мен түтін қосылған тұнжырлығын да жап- жарқын етіп түсіндіруге бейім екен.
– Үй, мына Үрімжіңнің торғайы да қап-қара қожалақ қой! –де- ген Қуатқа:
– Ие, түтінінен ғана кірлеп жүр ғой, жауын суына шомылғанда жайнап шыға келеді! – дей салды ол, – біздің Үрімжіні жамандау- шы болмандар, Астана ғой бұл! – деп ескертті мұнан соң.
Оның аузынан жақсыдан басқа сөз шықпайтын себебін екінші күні кеште-ақ түсіне қалдық: сабақтан түсіп, күн батардағы жарты сағат демалыста жатақханада едік. “Қасқыр!”, “Қасқыр!” деген бір сыбыр естілді есік жақтан. Сабақтастар дүрлігісіп сыртқа шықты да, ит көрген ешкідей үдірейсіп тұра қалысты. Біз де шығып қарасақ, əр жатақхананың оқушысы өзді-өз жатақханаларының алдына ұйлығысып топ-топ болып тұр. Аспан реңдес оқушылары да түйіліп, сұрланып алыпты. Соншалық көп оқушының бірі қыбырламайды, өліктей үнсіз жым-жырттық. Ауланың дəл ортасында бөгде киімді екі адам сөйлесіп тұр екен. Бірі – ханзу, бірі – ұзын бойлы, ат жақты, қалқанқұлақ, қызыл-сары. Бет сүйегінің шығыңқылығына қарағанда қазақ көрінеді. Қызыл қоңыр құрым пальтосының екі қалтасына қолын салып, тіп-тік тұр. Бұлар біраз сөйлесіп алып, қара қақпаның дəл қарсысына есігі тура қарап тұрған тəртіп бөліміне барып кіргенде, жым-жырт тұрған оқушылар сыбырла- са бастады. Өз араларында тыңшы бардай, жан-жақтарына қарап сақтана сыбырласады.
Боғдадан келген Тілеуқан атты күлдіргі сабақтасым бірдеме асағандай, менің желке жағымнан аузын сап-сап еткізді. Жалт қарадым:
– Енді түн ортасында келіп жейді! – деп сыбырлады ол.
– Кімді?
– Ұйықтамай жат та, машине гүр етіп тоқтағанда, сен зыр етіп


20 Моңғол-қазақ мектебі
 
үлкен дəретке бар. Əнеу бұрыш қой, жайланып отырып ал да күшене бер, естісін, қатты күшен!.. Сонда түсінесің...
Ұйғыр, қазақ оқушыларының кешкі пысықтауы асхана залында болады екен, біз де сонда барып, кеш қалған бір айымызда өтілген сабақтардың конспектін көшірдік. Электр лампасы тым күңгірт екен. Шəуешектің электріне үйренген Қуат:
–      Үрімжінің электрі де қабағын түйіп алған ба! – деп бір тыжырынды да, аздан соң, –  пуй, сорғыш қой мына қағазы! – деп қалды.
Мектеп берген сабан қағазға жаза алмай, қаламын соққылап отыр екен. Партаның қарсы шетінде отырған Тілеуқан аузын тағы да сап- сап еткізіп, қолын шайқады. “Жеп кетеді, тыныш отыр!” дегені еді. Байқасақ бізден бұрын келген сабақтастардың ешқайсысы мұндай сөз сөйлемейді екен. Біз де доғардық.
Ұйықтауға қайтып келе жатқанымызда Қуат екеуміздің арамызға
Тілеуқан киліге кіріп, күрсініп жіберді:
–      Ішегімнің  шиқылдап  кетуін-ай,  шіркін,  бір  жағы  май, бір жағы қара кесек тоңазыған ет-ай!.. Қабырға сырты болса!.. Өткір пышақпен қиялай кесіп, екі ұртқа кезек-кезек тықсаң жатарда!.. Енді сыбырлайын, – деп қалып, сыбырлай жөнелді сонан соң, – сол тоңазыған майлы ет енді өзіміз болдық қой деймін. Батырлар, байқаңдар, мұнда əр жексенбі күні кеште пысықтау емес, пысырып жеу сабағы өтіледі. “Тұрмыс тексеру” деп аталатын бір қу жиналыс бар, əр жеті күнгі қалжың-шыныңды мұрныңнан тізіп бір-ақ жиып алады. Ым... сонан соң дайындала жүретін боласың! Бағанағы қасқырларды көрдіңдер ме! Бүгін түн ортасында да мықтап бір күшеніп көр, ə! – деп маған бір изектей қалды да, сытыла жүгірді, жатақханаға бізден бұрын барып сүңгіді.
Ұйқым келсе де зорланып, аунақшып жатыр едім. Машинаның гүр етіп тоқтай қалғаны естілді. Мен Тілеуқан айтқан бұрышқа жүгіріп барып, отыра қалдым. Қырындай келіп тоқтаған жабық қара машинадан екі қара киімді түсіп, тəртіп бөліміне кірді де, ол бөлімнен қылаң пəлтелі біреу шығып, жоғарғы, бас жатақханаға қарай сүмеңдей жөнелді. Ол кірген жатақханадан кесегірек екі оқушы мата шапанын жүре киініп шығып, тəртіп бөліміне айда- лып барады. Ол тəртіп бөліміне кірісімен-ақ қара машина «ыр, ыр» етіп от алып еді, əлгі екі оқушыны екі қара дереу жайлап алып шығып, сүңгітісімен зыр етіп ала жөнелді. Менің жүрегім де зыр ете түсті. Дірілдей келіп кірдім көрпеме. Сол күні ұйықтай алмай шықтым.
 
Елең-алаңда соғылатын сары қоңырау, дарбаза босағасында хабар бөлімінен бір қалыппен сақылдап шығып, біздің есік ал- дынан өте бергенде киініп те болып едім. Шыға келсем, аспан ашылып қалған екен. Қарсы алдымда «кəдімгі өзіміздің Шол- пан» жарқырап тұр. Балағын қара шүберекпен таңып алған хан- зу шал сапты қоңырауын қадам сайын бір сілтеп, басқа бір қатар жатақханаларды айналып барады. Басқан қадамының бəрі шу сияқты, əр жатақхана «сары айғыр кісінеді», «арқырады» деп дабырласып оятады бірін-бірі, абыр-сабыр киінісіп, бет жууға су бойына жүгіреді. Онда да кезек килігісіп-кимелесіп барып бірін-бірі  суға  да  тоғытып  жібереді.  Сүркей  күздің  ағынды суық суына бір түсіп кетсе, бəріне қызық ойын сияқты. Шу ете түседі.
– Не көрдің ей? – деді Тілеуқан қасыма жетіп келіп, секпілді толық бетін жуса да, оқырадай ғана домалақ мұрнына су тиме- ген сияқты, көмір газынан жаралған қара қаспақ əлі тұр. Өзінің бітікшелеу көзі «қушыкешпін» дегендей жылтың қағады.
– Сен көргендей... Екеу кетті... ұйғыр! – деп сырт құлаққа ұғымсыз қысқа жауап қайырдым.
«Жаугуаң» деп аталатын əскери тəрбиешінің бірі үш рет ысқырық тартқанда, ханзу, ұйғыр, қазақ, моңғол оқушылары өздерінің кластары бойынша үш-үштен тізіліп, тым-тырыс тұра   қалып   еді,   жаугуаңдар   қаһарлы   шақ-шұқ   команда- мен жүгіртіп ала жөнелді. Алды мектеп қақпасына барып кіргенде, біз жатақхана қақпасынан шықтық. Сол жүгіріспен мектеп алаңында үш рет айнала жүгіріп, сыныпқа тарадық. Екі сабақтан соң тағы  солай тізіліп, солай жүгіріп асханаға алқына жеттік те, е сікке ышқына кептелдік. Шайқас алдыңғы көргеніміздей тым ауыр болса да, Қуат екеуміз бабымыз жеткен   екен,   қадыра   мен   сақпыны   ілген   ілісімізден   де, тұссыз «теке пырқылдақ» деп аталған күріш көже мен кебек бөлкені басқан басымыздан да қырандық байқалды. Біз де қарнымызды əрең сүйретіп шықтық. Құдайдың бізге берген бір үлкен абыройы – тамақтан соң жүгіртпеуі болды.
Бұл күні түскен жаугуаңдар кейін шақылдамай, бізді алаңға оқушылар ұйымының басшылары мен бəнжаңдар ғана тізіп апарып отырғызды. Мектеп бойынша жиын екен. Бірыңғай орналасқан қазақ оқушыларына үшінші жылдық аға кластағы Əлмен атты орта бойлы қара жігіт бəсең үнмен ғана сөйлеп өтті.
«Бүгін Шиң Тиңжаң өте бір маңызды лекция өтпек, сергек отырып,
 
зер сала тыңдаңдар, араларыңдағы ханзуша тіл білетіндер аударып ұқтырып отырсын!» деп бір айналып шықты да, жаңа келген біздің қасымызға өзі келіп отырды. Оқушылар ұйымының бастығы əрі мектептегі пəндихуйдың бас алқасы болғандықтан сабақтастар оны да мұғалімдеріндей сыйлайды екен. – Шиң Тиңжаңды білетін шығарсыңдар, – деп сыбырлады ол менің желке жағымнан, – Жұңго коммунистер партиясының Шынжаңға келген уəкілдері өсірген адам. Осы мектептің ашылуына ашық кірісіп, қолымен құрған кісілердің бірі.
Аға сабақтастар əр жерден күбірлеп, қасындағыларға танысты- рып жатқанын естіген Əлмен өз өзін тоқтата қойды.
– Бұл кісінің тірегі түрмеге түгелімен кіріп болды, – деді төмен қарап отырған бір қырма сақал сабақтас, – бұл реткі сөзінде үлкен мəн болуға тиісті!
– Мүмкін ақырғы сөзі болар! – деп күрсіне күбірледі қасындағы біреуі.
– Бəрі Совет Одағына төнген апаттың кесірі ғой.
– Алдыңғы күні Шынжаң шөянда (Шыңжан институты) сөйлегенін естідің бе? Алаң-ашықта жалғыз қалса да алысып жүргенін қарашы, мықты кісі екен!...
Мектеп кеңсесінің алдына келіп, кішкене сұр машине тоқтай қалып еді. Тақырлап қырылған жуан бас алдымен көрінді де, қара көк шұға китель-сымын керіп алған əлуатты жуан дене шықты. Кең иығы тіп-тік. Тік жағалы кителінің түймесі толық салулы, жалаң бас, қара етікті, барлық тұрқымен «неңе болса да дайынмын» де- гендей, нық басып біз жаққа беттей беріп еді. Қамқа жағалы қара пальтоның ішінен қасқа басы ғана қылтиып жүретін, шақшадай ғана кəрі Дай Ырынбу шаужаң кабинетінен қалтақтай шығып келіп, оған қол берді де, біз отырған алаңға бірге келді. Шиң Тиңжаң бет мүшелері де кесек-кесек, ат жақты, ақ сұр кісі екен. Үдіре тұрған бізді қол ишаратымен қайта отырғызды да, орындықтардың бірін үстелдің алдына əкеліп, бізге жақын отырды. Ешқандай рəсімет күтпей, сөйлей жөнелді сонан соң. Бес минут өткізбей айтарым- ды айтып үлгерейін дегені сияқты кіріспесіз, шорт-шорт қайырып жеделдетіп əкетті сөзін. Аударушыларымыз тыңдап үлгере алмай, аттатып-аттатып бір-екі рет қысқа мазмұндап берді де ақыры ауыз аша алмай қалды.
–  Сіздер  –  тұрмыс  қиыншылығын  көрген  отбасынан  кел- ген оқушысыздар, қаражаттан қысылып қалған бұл мектептің қиыншылығына  да  мойымай  шыдап,  қайсарлықпен  оқып  кете
 
алатындықтарыңызға сенемін! – деген сөзін Əлмен қуалай ауда- ра сала тыңдады. – Тіршілік, өмір, тұрмыс дегеннің бəрі күрес. Күресе білмесең, машақатына шыдап, тіресе білмесең ешқандай мақсатыңа жете алмайсың! – деп бір аударды. Үшінші аударманы ұзақ тыңдап отырып, одан да қысқартып айтты: – Білім іздеу деген сөз – өзіңдегі жоқты іздеп табу, тыңға талпыну. Мұнан соң аударма сөз естілмеді.
Шың Тиңжаңның қызыл ұшқын шашылып тұрған көзіне, тез болса да əр сөзді баса айтатын қалың ерніне қараумен болдым. Екі миығына көбік  орнатып алыпты. Оны сүртіп тастауға бірер се- кундын да шығарғысы келмейтін ыңғайы бар. Барлық жан дүниесі тасқындап, барлық денесі əрекетке, күреске аттаныпты. Қимыл əрекетсіз, мағына ишарасыз айтылатын бір де сөз жоқтай, шираған бұлшық ет, шиыршық атқан жігер-қайрат шын жүректі ағындатып, долдандырып əкетіп бара жатқандай. Алпысты алқымдаған осы егде адам қазір жаңа өспірім жігіттей жалын атып, осынша қалай лапылдап отыр?! Осыншалық денсаулыққа толған мол дененің сабыр күші жеткіліксіз болғаны ма? Жоқ, үлкен сыр бар сияқты сөзінде, «шіркін, бір ноқатын қалдырмай түсінер ме едім!» деп ойлап жан-жағыма көз тастасам, мыңнан астам оқушының ұғып отырғаны да, ұқпай отырғаны да менше үңіліп қалыпты, қыбыр еткен бірі жоқ.
Ұзақ сөйлеп келіп ернін алақанымен бір-ақ сүртіп тұрды да, жүре берді. Дүр етіп түрегелген бізге қош айтқандай қолын үш сілтеп, бас ие кетті. Артынан естісек, сол күннің ертіңінде-ақ қолға алынған екен.
Бір ханзу, бір қазақтан құралған «қос қасқыр» біздің жатақхана ауласына жиі кіріп тұрды. Əмсе кешке жақын біз сабақтан түсіп, жатақханаға қайтқанда кіреді. Неге келетінін білсек те, білмеске салып, көрмеске меңзеп жүре бердік. Екінші, үшінші жылдық сыныптардағы аға сабақтастарымыз осылай екен.
Айдаһар аузына келгендей, барлық халіміз мүшкіл болса да, маған өте қызықты бір жəйт, сол аға сабақтастарымызда славян əрпімен басылған қазақша кітаптың молшылығы болды. Бұл кітаптар кітап дүкендерінде ашық сатылатын, былтыр мен алдыңғы жылдары солардың жəшіктеріне толып алған екен. Озып кеткен сабақтарыма жетісіп алған соң-ақ, тілегенімді тауып оқи беретін болдым. «Қасқырларға» қарауға да уақытым қалмады. Кешкі сабақ пысықтау уақытында да, тіпті кейбір оңай-олпы сабақ үстінде де
 
өз бетіммен оқуға көштім. Аға сабақтастардан менің бұл мінезімді құптаушылар, жоғыма жəрдемдесушілер тез көбейді. Солардың арасында Əлменнің байланысы жиілеп, менімен əңгімелескіш болып кетіп еді. Бір күні кеште сабақ пысықтап отырғанда мені ым қағып ертіп шықты да, өз жатақханасына ертіп апарды. Басқа ешкім жоқ екен.
– Жə, сен пəндихуйдың қандай ұйым екенін түсінесің бе?! – деп бəсең үнмен сұрады ол менен.
– Жиянгерлікке қарсы ұйым, сөз екенін түсінемін. Алты ұлы саясаттың ең біріншісі – «Жияңгерлікке қарсы тұру» ғой, соны нақ қимыл арқылы атқаратын ұйым деп түсінемін.
– Дұп-дұрыс. Жияңгерлікке, қазіргі фашизмге қарсы халықаралық бірлік ұйымы. Енді өз қоғамымыздың ішкі күйінен жəне болашағынан айтқанда мəні тіпті зор!
– Ал, алты ұлы саясатты қалай деп түсінесің?
– Егер толық іске асырылса, Шынжаң халқы үшін өте жақсы саясат деп түсінемін! – деп күлімсіредім.
– «Сəнминжуйй» дегенді білемісің?
– Білмейді екенмін, естімеппін.
– Гоминдаңның саясаты ғой, –дей салды алдымен, біраз ойла- нып алып сабақтады сөзін, –алты ұлы саясат осы сəнминжуййге жетудің, яғни гоминдаңға қосылудың бірінші сатысы деседі, – бұған қалай қарайсың?
– Гоминдаңға! – деп аңыра қарадым мен, – гоминдаңға Жуңго коммунистік партиясы да, Совет Одағы да қарсы емес пе! Алты саясаттың бірі Совет Одағымен достықты нығайту ғой, гоминдаңға қарсы саясат екендігінің айқын дəлелі сол емес пе! Қалайша гомендаңға қосылудың сатысы болмақ?! Əлмен аға, бұл бетсіз адамның сөзі сияқты.
Əлмен қатты күліп барып тоқтады да, күрсініп қалды.
– Совет Одағы соғыс өртінің ішінде, коммунизмге қатер төніп тұр ғой! «Құлан құдыққа түссе құлағында құрбақа ойнайды!» Жа- райды, енді бұл тақырыпты қозғамай-ақ қоялық, кейін газеттен оқырмыз. Бірақ, оны да не түсінсек ішімізде болсын, мақұл ма?! Пəндихуй қазір əшкере, оны гомендаң да шетке қаға алмайды: ауыз жүзінде болса да лажысы қолдайды, бірақ, оған мүше тарту əшкере емес, есіңде болсын... Сені мүшелікке қабылдайтын болдық. Бұған қалай қарайсың?
Мен разылығымды білдірдім де, Əлмен сыр сақтау жөнінде біраз сөйлеп, оның үлгі нұсқасын түсіндірді, əр сенбінің түстен кейінгі жарты күні, пəндихуйдың ячейка мəжілісіне арналған уақыт екен де, онда көбінесе, халықаралық саяси материал үйренеді екен.
Осыдан үш-төрт күн өтісімен-ақ, мен пəндихуидің сол ячей- ка мəжілісіне шақырылдым. Бірақ күткен үмітімнің қасиетті қаңқасынан жұда бола ілініппін. Əлмен маған қарап күлімсіреп қойды да, қолындағы май баспамен басылған үйрену материа- лын басқа «лəм» демей оқи жөнелді. Шыңдубанның мақаласы екен. Тақырыбынан-ақ тақыр жерге отырғанымыз ұғылды: «алты ұлы саясат – сəнменизмнің бірінші сатысы» деп баттитып басқан қалың бетті əріптер тізіліпті. Опасыз алдамшы өтіріктің қайсысы есте қалмақ. Əйтеуір бір-екі жылдан бергі бітеу жара жарылып, сасық ірің бұрқ ете түскендей, Шыңекеңнің шірік мерез екенін мына сөзі толық паш етті: «Шынжаң бар жағынан жетісіп, шарт жағдайы толықтанды. Демек, алты саясат өзінің тарихи міндетін толық орындап болды. Енді орнын ұлы сəнменизмге бермек».
Бұдан сегіз-тоғыз жыл бұрын халық алдында «орнын ұлы марк- сизмге» бермек деген ұғымды ишаралаған «данышпанның» епті тілі, енді осы қапылыс кезеңде қай жерден жылтыңдағанын мен де түйсінгендей болдым.
Бұл материалға райын білдіргенде группаның бұрынғы мүшелері мұрнынан күлсе де, адам ұрлағыш қара машиненің роліндей бұлтылдап, техникалы сөзден зыр-зыр өте шықты. Саясатқа ысылғандықтарын көрсетті. Мен не дерімді білмей қалдым. «Жаңа қатынастым ғой, түсінігім төмен екен, кейін сөйлермін» деген сөздің ғана қисыны табылды.
Осыдан екі-үш күн өтісімен-ақ 1942 жылдың ақырғы күндерінің бірінде осы мақала «Шынжаң» газетінің бас мақаласы болып шыға келді. Бұл газетке не қилы «данышпандық» сөздер шығып, халықты сопылық парасатқа бөлеген ғой. «Данышпан көсемнің» нəзариясын тектеусіз қабылдағандай, сол қауым демін ішіне тарта түсті.
Мен Спан мектебінің қара кенеп бешпетін осы кезеңде киіп келісе қалдым. Бұл киім қандай тартса да шыдайтын, таласта қанша «текепырылдақ» төгілсе де көтеретін көнтерілігімен жарасты.
«Көбе жеп көңіл көтерген, Спан шөян таздары.
У Жуандайға жан берген, Нүй шөяннің қыздары,21  – деп басталатын Үрімжі жастарының өлеңі шыққанда, бұл киім маған тіпті жарасты.
21  Көбе – қытайша қазан қаспағы. У Жуандай – жан құрал асатын белдік. Нүй шөян – қыздар институты Əділетті тергеушім, итті ит үріп табады да, бөріні бөрі ұлып та- бады. «Дөрт аяқ» деп ақырып тұрған найзағай астында қылмыстың орталау мектебін бітірген тума қылмысты қияннан іздеп қылмыс мектебін дəл тауыпты.
Оқытып, оқытып алып түрмеге айдайтын мектепті қылмыс мектебі десек, сіздің шамаңыз келер ме екен деп те қорқамын. (Бірақ, келісіміміз – шынын сөйлеу еді ғой, есіңізде шығар). Қылмыс мектебі жетілген оқушыларын жетік машинемен өзінің университетіне аттандырып жатқанын көріп, қызығудан көзім қызарып қанталап кетті. Қылмысқа құныға түстім. Бұл жəйім, əлі бір «данышпандық» мақалаға рай білдірмей қоюымнан аян болған шығар. Сіздің талғамыңыз бойынша жер шарында бұдан зор қылмыс болмақ емес. Олай болатыны, гомендаңның «шыжедатуң»22 дейтініне Шынжаңды орайшылдықпен сатып берген – «данышпан көсемнің» осы мақаласы емес пе. Сіздерше шыжедатуңнан қасиетті мұрат бар ма. Қазір сол шыжедатуңды имандай сақтап отырған сіздердің жүректеріңізде осы «данышпандық» мақала əбден жатта- улы болар. Сол «нұрлы мақала» туылған күнгі шілдеханада менің үнсіз қалуым – қандыбалақ дəрежелі қылмыс тауып, университет- ке дайындалудың бастамасы екендігі белгілі.

VII

Қораға қасқыр шаппаған бір сенбінің кешінде Қуат үстіндегі қара кенепті тастап, өз киімін асыға киіп жатыр еді.
– Көшеге шығайық! – деп маған сыбыр ете түсті, – сен де киін! Ақан ағаңдікіне барамыз... Бұрын көріп пе едің өзің?
– Кішкене кезімде көргенмін.
Мен де киіндім. 1934 жылғы Шəуешек тас жолындағы ашаршылықта жəрдемдескен Ақан Қондыбайұлы көз алдыма еле- стей қалды. Қазір өлкелік қазақ-қырғыз мəдени-ағарту ұйымында екенін естігенмін. Үрімжіге жүрерде əке-шешем де «алдымен Ақан ағаңды тауып ал» деп көп тапсырып еді. Үйі ұйымның өз ау- ласында екен, құлдай келіп сұрап таптық. Бірақ ең қатерлі кезеңде тауыппыз, апақ-сапақта іздеуіміз мұндай абырой болар ма. Қолға алыну кезеңі – бүгін түн ортасы екенін байланысты адамдардан естіп, кешкі сағат тоғыздан қалмай Совет елшілігіне кіріп алуға 22  Шыжедатуң – дүниенің ұлы бірлігі. Гомендаңның ең жоғары мақсаты – дүниені басып алу келісіпті. Біз кіргенде үй саймандарының керектісін жиыстырып жатыр екен.
Шəуешекте – аймақтық ұйымда тұрғанында қолында өскен Қуаттың таныстыруымен мені құшақтай алған Ақан маңдайымнан сүйді.
– Қап! – деп қалды ойлана қарап. – Кеше келсеңдер тым бол- маса ақша жағынан көмектесіп кететін едім. Қалғанын бүгін ор- наластырып болғанмын... Əке-шешең аман ба? – деп сонан соң сұрады. – Ал, біз... дереу кетіп құтылуымыз керек! Туысқан-туған, аға-жеңге, бауырлардың бəріне сəлем айтыңдар!...
– Аға, біздің Сəдуақас ағаның қайда екенін білесіз бе, – деп сөзді Қуат бөлді. Өзінің үлкен ағасын Шəуешектен қара машине- мен кеткенін маған осы жолда келе жатқанда ғана сыбырлаған болатын.
– 18-ші түрмеде деп е стігенмін, қазірше аман. Тұра тұр, мен бір қағаз жазып берейін! – деп Ақан кішкене үстеліне отыра қалды. Шекелі кең маңдайынан бұршақтаған терін орамалымен сүрте салып жаза жөнелді. Семіз қара жеңгеміз бір-екі чемодан буыншақтарын дайындай салып, пальто сын кие тықыршыды. Дір-дір қағады. Сұраған Қуатқа жалғыз қызын күндіз жөнелтіп қойғандай жыламсырай тұрып айтты. Ақсары Ақанның қалқиған үлкен құлағы да, ке сек кеңсірікті мұрны да қып-қызыл. Өмір мен өлім арасындағы жанталас
«қызылтанау » деп аталатын нағыз қарбалас кезең о сы-ақ бо- лар деп ойладым мен. Ірі дене сі сонда да сабыр сабын міз бақпай сақтағандай, асықпай жазып шықты, – Құндақбай дейтін жігітті сыртынан сұрап анық біліп ал да, о сы хатты бер! Өзі де құндақталғандай тас түйін киініп жүретін, тап- тұйнақтай шағын ғана сары жігіт! – деп Қуатқа анықтап ұқтырып  жатты.  Мен  е сти  отырып  Қуаттың  енді  табатыны дəл өз сыңары екеніне əуе стендім. Жалғыз-ақ  парқы сұрғылт сары Қуаттың басының ерекше жуандығы ғана сияқты. – Бұл хатты алда-жалда қате танып басқа біреуге беріп қойсаң өзің де дереу қолға алынасың! – деп Ақан қайталай түсіндірді, – Құндақбай сол Сəдуақастар жатқан бірқатар түрменің кілтшісі. Ағаңның халін содан толық ұғуың мүмкін. – Оған көрісіп те тұрасың! Өздеріңнің осы мектепке түсулерің бір ойдан жақсы болыпты. Өмірді толық түсіндіретін мектеп, жаңа келген əрі жассыңдар ғой, сақ жүрсеңдер, қазірше сендерді жей қоймас!
– деп Ақан сағатына қарады, – ал, ауланы қоршамай тұрғанда кетіп алайық! Аман болсақ, əлі-ақ көрісерміз, қарашықтарым!.. Хош-сау тұрыңдар!
Ақан үні дірілдеп, көңілі босай қоштасты да, біз көзімізді бір- бір сығып тастап, шыға бердік. Қақпадан шығып, көшемен сəл өрлегенімізде  арт  жағымыздан  жеңіл  машинаның  үні  естілген соң, қайырыла қалып едік, кішкене сұр машина сол қақпаның ал- дына келіп тоқтай қалды. Чемоданды, буыншақты екі адам келіп кірісімен қайта бұрылып – сырғи жөнелді.
– Аман кетті, құтылды! – деді Қуат, – алдыңдағы анау сары ду- алды қызыл қақпа – Совет елшілігі, соған кіре салады!
– Қара машина ағаларды құрту үшін ұрласа, сұр машина құтқару үшін ұрлайды екен, ə! – дедім мен.
Күлгенде екі езуін екі құлағына жеткізе күлетін əдеті бойынша, Қуат жымың-жымың күлді:
– Үрімжі ұрлыққа қолайлы қала екен, қарашы, басып тұрған көк тұманын, бұған электр шырақтары қалай сай келген!... Ал біз де ұрлыққа кірейік енді, ұрлықсыз іс бітпейді, шырағым!
Екеуміз сəл өрлеп келіп, Совет азаматтары ауруханасының қарсысына тоқтай қалдық. Аға сабақтастардың ұқтыруы бой- ынша анық тауып келіп тоқтадық. Совет кітаптары жақыннан бері осы аурухананың түп жағындағы бір үйде жасырын саты- латын болыпты. Мұнда тіпті, химия, физика, анатомия, матема- тика, астрономия сынды біздің кепкен кенеземізге зəру ғылым кітаптары  да  өз  дəліздеріне  үкіметтен  ұрланып  өтеді  екен.
«Жалғыз-ақ аңдып жүретін тыңшылардың көзінен сақтану ке- рек!» деген тəжірибелі ақылгөйлеріміз. Біз жан-жағымызды толық барлау үшін бір-бірімізді түйгіштеп «қалжыңдаса» тұрдық.
Үрімжінің «қасқырды» көп көрген «қылмысты» халқы өздерін-өздері ұрлап бара жатқандай көшеде бірден-екіден ғана бүрісе жорғалап өтіп жатыр. Тіпті біріне-бірі қарамай тұқыра құнжыңдайды. Жан-жағына алара қарап, асықпай теңселетін ешкім көрінбейді. (Мұндағы «қасқырлар» осылай жүреді десетін). Біз «қылмыс» қақпасына зып беріп кіре жөнелдік. Көріспей тұрып-ақ түстаныс болған қара мұртты егделеу өзбек, айтулы үйден көзімізге оттай басылды. Жұмсақ үнмен «не ке- рек» деп сұрасымен-ақ, керегімізді төрт-бестен тізе айтып едік, алдымыздағы үстелге қойылып та үлгерді. Мұндағы адамзат санасының гауһарлары біздің мектептің сабан қағазынан да ар- зан екен, жарым-жарым сəрі тастап ала жөнелдік. Жөнелгеннен жөнеліп, сырт көшеге бір-ақ тарттық та, жатақхана дуалының артындағы суы қатып қалған арыққа жетіп, ағаш қадалардың ара- сынан бір-бір ышқынып қана кіріп алдық. Білімді «қылмыспен» табу, шыңтыңжаңша айтқанда, «өзіміздегі жоқты іздеп табу» осылай өз жолына түсті.
Іздейтініміз əлі көп еді, жексенбінің таңертеңі Қуат екеуміз ерте тұрдық, таласып ішетін тамағымызды күтсек, кешігетін сияқтымыз. Ақанның қағазы бойынша, Құндақбайға жерлес, сабақтастан айтқан сəлемі бойынша, қалыңдыққа кездесуіміз керек еді. Тілеухан қудың кеше кешкі тамақтан ұрлап шыққан бөлкесін екеуміз ұрлап жедік те, қала ішіне тарттық. Сөйтіп, бұл жолға да қылмыспен аттануға тура келді. Қыңыр-қиғаш тар көшелердің бірінен 18-ші түрменің қара қақпасы табылған соң Құндақбайдың өзі де табылды. Қақпаны қағып, іште тұратын құралды күзетшіден сұрап едік, əлден уақытта құндақталып шыға келді өзі. Қуат сəлем беріп, атын сұрады да, байыздай қарап хатты ұстата қойды. Жан- жағына жаймен қарап қойып оқыған Құндақбай ойлана қалды да, жалма-жан күлмің қағып қолымызды алды. «Мен сендерді інім деп  таныстырамын»  деген  күбірін  ұқтық.  Менің  малақайымды ала, басымды сылап, дыбыстап сөйледі енді:
– Өзің жігіт болып қалыпсың ғой! – дегенде күліп жіберіп едім, ол да бетімнен сүйген болды. Қақпаға қайырыла ханзушалады со- нан соң, – менің інілерім келді!.... Жүріңдер, жатақханам осының ішінде!
Түрменің суық сырлы ауласына тұңғыш рет осылай кірдік. Үстінен тікенді сым жүргізілген биік дуалды түрменің ауыз
қорасындағы бір бөлме – Құндақбайдың жатақханасы екен. Алдымызға бір-бір шыны шəй құйып қойып, іздеп келген ағамыздың жайын қысқаша айтты:
– Ағаларың аман, – деп бір күрсініп алды өзі, – тергеуі біткеннен бері денсаулығы оңалып қалды. Қазір жеңіл қылмыстылар қатарында жұмыс істеп жүр, сəті түссе қазір сырттай көрісіп те қаласыңдар.
– Өзін не қылмыспен қолға алыпты? – деп Қуат ентіге сұрады.
– Алтайдан көтерілген Оспандармен болған байланысын көп тергеді ғой əйтеуір. Бір кісі тікесінен əрең сыятын темір қапастағы шегеге бір сөтке жалаң аяқ тұрғызып қойғандықтан, мойындап қол қойып беріп еді. Сонда да «байланысқан» адамы дұрыс шықпай, қайтадан қинай, əйнек қиыршығына тізерлетіп бір түн тергеген- де басқа біреуді мойындады. Бірақ, шындығында  көрмеген тағы
 
бір  «сыбайласын»  дұрыс  түстеп  бере  алмаған  соң  көзін  өткір тоқ  нұрына  қаратып  отырғызып  еді,  жығылып  түсті.  Бірнеше адам бұл жазадан өліп те кеткен. Əйтеуір бұл кісі «қайта тіріліп» байланысқан қарақшысын үш-төрт рет суреттегенде ақыры бір түстеуі сəл ұқсаған сияқты. Тергеу сонымен тоқтады. Сайып кел- генде өзінің оқымаған қарапайым адам болғандығынан ғана тірі қалып тұр.
– Япырамай, титтей де қисыны жоқ қылмыс қой мынау! –деп мазаланған Қуаттың құйрығы қоныс таппай, қоқшақтай берді, – Оспанды ғана емес, бүкіл Алтай елін янаттайтын рушыл, надан адам еді. Оспанмен қалай байланыс жасамақ ол!
Құндақбай сыртынан қарағанда момақан-аңқау адамдай көріне білетін озық оқушы екендігін қақпа алдында көрсетіп еді. Сергек ойлы, тым жатық сөйлейтін, білімді адам екен.
– Інішек, «ренжу», «өкпелеу» досқа ғана көрсетілетін жай, – деп жымиды, – ренжу бұл тергеушіміздің теңі емес... Сəдуақасқа артылған бұл жала – барлық жалалардың ішіндегі ең нанымдысы. Ал көпшілігіне тіпті тергеушінің өзі де сенбейтін, тек жанын алу үшін ғана зорлық-сылтаулар айтылып жатыр. Шыңдубан атаңның өзі «Тергеу қанауында өлтірілсе сұраусыз» деген бұйрық түсіріп отыр ғой, – деп ол терезеге қарады. – Анау еңбектеп келе жатқан шал қинаудан ақылы ауысқан жынды болғандықтан осы қорада еркін сүйретіле береді ол. Өзінен сұрап көріңіздерші, не қылмысы бар екенін.
Басында жалба-жұлба түлкі тымағы, тозған саптама етігі бар, қурап кеткен ұйқы-тұйқы ақ сақалы сары ала тартып күйген бір қарт қазақ жер бауырлап есік алдына жетті де:
– Нан!... Нан! – деп айқай салды, – момаңнан бер! – Құндақбай бір момы алып барып берді. Қуат есікті жартылай ғана ашып сəлем беріп еді, қарт аузына кептеп алған нанын жұтқанша бажырай- ып, бізден көз алмай қадалды да, – е, мұсылман екенсіңдер ғой, əлекісəлем! – деп үңіле түсті.
– Ата, қай жерден келіп едіңіз?
– Іле бойынан, Күнестен келгенмін. Қызаймын.
– Не қылмыспен келдіңіз?
– Адам қылмыспен келе ме мұнда, – шал ақырып жіберіп еді, екі көзі шоқтай шашылып ту сыртымыздан өте шыққандай болды.
– Жаламен, пəлемен келгенмін, білдің бе?
– Білеміз ата, білеміз! – деп Қуат иіле түсті. – Сөйтсе де қандай жала екенін білгіміз келіп еді!
 
– Е, онда… Онда жөн!... Мені «неміздің» дей ме, «кəрмəнның» дей ме, бірдеменің шпионысың деп неше өлтіріп, неше тірілтті. Қарағым, бəріміз бір құдайдың құлымыз ғой, Аллаға сенсең, сол кəрмен деген немісінің кім екенін əлі күнге дейін білмеймін, соны түсіндіріңдерші маған, немізі кім, кəрмəні кім осыларыңның?
– Оған мойындадыңыз ба?
– Е, мойындамасаң мойыныңды үзе салмай ма бұлар, айтқанына мойындатпай қоя ма?! – деп қарт оң бармағын шошайтты, – мына бармағымды қайырып отырып шығарып еді, қағаздарына өздері басып алған! Ал мен кеттім, көп сөйлесем, анау төбеде тұрған қара төбеттері талап тастайды.
Қарт  жер  бауырлаған  күйі  сүйретіле  жөнелді.  Қалған  жар- ты момысын қатты сығымдап түйілген жұдырығын көтере екі шынтағымен «адымдап» бара жатты. Неміске шпион болуды бы- лай қойып, тіпті неміс пен герман атаудың да не нəрсе екенін əлі білмеген қарапайым қарттың белден төменгі жарымы қымырлауды да білмей қалыпты!
– Белі үзілген! – деп күрсінді Құндақбай.
– Шегелі тақтайға жалаң аяқ бір сөтке тұрды. Кептеліп қалған табанын шегенің жұмыр бастарынан төрт жігіт күштеп жұлып алғанда да үн шығармаған асқан шыдамды шал еді. Шықшытынан  қармақ  іліп  ұшыратын  «аэроплан»  тергеуінен де, патефон инелері қағылған жылжымалы тақтайға тұрғызып жүгіртетін, «тəңкі» тергеуінен де қатты зақымдалмай аман өтіп еді. Екі-үш күн жатып есін жиған соң əйнек қиыршықтарына тізелетіп қойып, белінен тепкенде күйреп түсті. «Қылмыс» бол- мысы əлгі өзі айтқандай! – деп Құндақбай басын шұлғып-шұлғып қалды. Сағатына қарап атып тұрды сонан соң, пальтосының жағасын көтеріп құндақтала қойды да, екі қолын жан қалтасына салды.
– Сəдуақастардың жұмыстан қайтатын уақыты болды, мен барып айтып, осы қораға əкелейін, бірақ оған сендерді жақындатпайды да, сөйлестірмейді де, алыстан болса да көрісіп алыңдар! Айтқан сəлемін мен жеткіземін…
Бет-аузына қап-қара сақал өскен үш жыл алдындағы нардай Сəдуақас бүкшиіп семіп кетіпті. Түп қораның тар есігінен шыға келіп тұрып қалды. Біз Құндақбай есігінің алдында сəлем иша- расымен қолымызды кеудемізге апардық. Ол да солай етіп ба- сын изеді. Тым кəртейген адамдай бүкірейіп тұр. Қуат солқ-солқ ете түсті. Сəдуақастың үңілген үңілісіне, көзін сипалай беруіне
 
қарағанда анық көре алмай тұрғаны, тоқтан көзі зақымдалғаны байқалады.
– Мен, аға, мен Қуатпын! – Қуат маған сөйлегендей қарап дауы- стады, – оқуға келдім, үй іші аман!
Сəдуақас үш рет бас изеді де, артына қайырылып қайта берді. Оның киіз байпақ пен табылғанынша тамақ əкелуге тапсырғанын Құндақбай айтып келіп еді, тамақ алып беріп тұру жөнін Қуат оның өзіне өтініп көндірді де, ақша өткізді. Сəдуақасқа хат жазып, үй ішінің амандық жайын баян еткенде, мен де əке-шешем атынан сəлем жазып қол қойдым.
– Аға, осы кісілер аман шығар ма екен? – деп Қуат жыламсырай сұрады Құндақбайдан.
– Сəдуақас пен əлгі шал сияқтылардың аман қалуы мүмкін. Бұларды бүкшеңдеуі мен еңбектеуі тірі қойып отыр ғой. Əлі де сақтар, ал аман қалса қатер тудырады деп күдіктенетін қайрат- қабілеті бар адамдарды көміп жоғалтып жатыр. Бұл əрекет герман фашизмі Совет Одағына басып кіргеннен кейін былтырғы июньде басталған. Əр күні кешке жақын əр түрмеге нөмерленген брезент дағарлар (қап) келеді. Іңірде əр дағарға сол нөмерлі қылмыстыны тіркей «қаптап» қояды да, түн ортасында машинамен əкетеді. Дағарға бір кіргенін екінші көре алмаймыз. Сол нөмерлі дағар да жоқ, сол нөмерлі адам да жоқ болады.
Мен түршігіп, тітіреніп алып сұрадым.
– Ағай, Дөрбілжін ауданынан келген Елсадық дейтін кісіні білемісіз?
– Естігенмін. Екінші түрмеде еді… саған… Елсадықтың қандай жақындығы бар еді?
– Ұстаз еді. Дөрбілжін халқының ең құрметті адамы еді. Құндақбай аз ойланып барып, соза күрсінді.
– Халықтың ең құрметтісі болса, бұл үкіметтің ең ауыр қылмыстысы болғаны ғой. Ол кісіні осы биыл тамыз айында бо- луы керек, ауырып өлді деп ұқтырды. Мен өзім ауырып өлді деген хабарды «ауыртып» өлтірді деп ұғатын болып жүрмін. Себебі биыл күз басында Чын Тəн Чу, Мау Зымин, Қожанияз, Шəріпхандай мықты жауларына əсіре аспирин беріп өлтірген.
– Осынша неліктен жауықты?! – деп ширықты Қуат та. Ал, Құндақбай өзінің үйреншікті мұзындағы түлендей міз бағар емес.
– Жаулықтан қорқыныш туылады, қорқыныштан жаулық туы- лады, інішек, –  деп күлімсіреп қойды өзі, – ішінде жаулығы бар
 
адам қауіптенгіш-секемшіл келеді. «Сезікті секіреді, қорыққан бұрын жұдырықтайды».
– Үкімет басына шыққаннан-ақ «данышпан көсем», халықшыл деген  сөздер  осы  кісінің  меншігі  сияқты  болып  келіп  еді,  сол
«халықшылдығы» қайда қалған?! – дедім мен.
– Халықшылдық – өзін суға батырмайтын қайығы ғана шығар.
«Халықшылдықты» халықтың төбесіне шығатын баспалдақ етіп пайдаланды да, шығып орнығып алған соң онысын теуіп құлата салмады  ма,  –  деп  күлімсіреді  Құндақбай,  –  қатарыма  біреу шықса жазым етер деп құлатқан. Сонда да жармасады-ау деп қауіптенгендеріне тас домалатып, қылыш сермеп, құныперен- көктүтек болып отыр. – Мына суреттеуге Қуат екеуміз қарқылдап күліп кетіп едік. Шешеннің өзі жай ғана мырс-мырс етіп қойып, сөзін қайта бəсеңдей жалғастырды, – халықшылдық, халыққа қамқорлық  ежелден  Шың  Сысайдың  емес,  мұнымен  шартта- сып үкімет құрамына қатынасқан коммунизмшілердің ісі бола- тын.  Халықаралық  ауқымның  қазіргі  түнек  боранында  оларды жеп болған соң ғана өзінің ежелден кім екенін көрсетіп отырмай ма. Ағасы Жаңкəйшінің аяғын құшақтай алды ғой!... Осы сын- ды «халықшыл көсемнің» өз ындынына ең лайық «құрметті» Шынжаңда, Алтайдың ақсақ қабыланы Оспан ғана көрсетіп келеді, ха–ха–ха… Əр шатқалдан бір ыршып жүріп, зəресін əбден алып болды өзінің. «Данышпанымыз» жиып алған барлық тасын соған домалатып тауысты… Жə, бауырлар, – деп Құндақбай ресми бір салқын шырайға енді, – бұл сөз осы жерде қалсын, мақұл ма, сыртқа бір ауыз шықпасын!
– Түсінеміз, ағай, жас демей, бала демей сенгеніңізге мың рах- мет! – дедім мен де.
–  Ақан  ең  жақын  көретін  ағайын  еді.  Соның  тапсыруымен ғана таныстық беріп отырмын. Екеуіңе ішкі жағдайды түсіндіріп, қатерден сақтаныңдар, – деп жазған екен, – қолымнан келгенінше жəрдемдесейін деп көп сөйлеп қойдым. Əйтпесе мына көк пальтоның жағасынан тұмсығын да көрсетпейтін кірпі оңайлықпен ашыла қоя ма! Қатер деген қазір қас пен көздің арасында, інішектер, менімен таныстықтарыңды ешкімге білдіре көрмеңдер!
Біз екеулей сенім беріп, қос-қостан серт айта шықтық. Сыртынан қарағанда өз кəсібіне лайықсыз, құр кербез, қуыс
кеуде, тұйық əлемнің бір жануары кейпіне кіріп алған осы түрме кілтшісінің тым сорлы адам емес екенін түсінгендейміз. Неліктен құндақталып жүретіндігі бізге енді мəлім болды.
 
Үрімжіге келгелі көрмесем де, қалыңдық қыздар институтының қай нөмерлі жатақханасына орналасқанын естігенмін. Түс уақытында жетіп, жазбай таптық. Өзі тұратын ғимараттың ал- дында келбетті бір ұйғыр офицерімен сөйлесіп тұр екен. Қазіргі Үрімжі қыздары жан береді дейтін сары погон бұл офицердің екі иығынан бірдей тартылып, көкірегін мұздай сірестіріп алыпты. Менің көкірегіме де мұздай бір нəрсе домалаң ете түсіп, дереу қайта жөнелгендей болды. Мұның қызғаныш екенін қапелімде қайдан білейін, көрінгеннен-ақ қалыңдыққа аңтарыла қараумен болдым. Басын төмен салып тұрған ол, бізге жалт қарады да, бес- алты қадам қарсы жүріп келіп амандасты. Қызара қалған ақ сұр жүзі ағарып барып, қайта қызғылт тартты.
– Үй, өздерің нағып мұнша қымбаттап кеттіңдер! – деп үнін мұрнына жібере сөйлеп, зорлана күлімсірегендей болды. Мұнысы анау мырзаның алдында бізге жарқылдаудан қысыла сөйлегендіктің белгісі екенін сезгендеймін.
– Біз, көбе жеп, көңіл көтеруден босай алмай жүрдік, – дедім əлгі бір таралып жүрген өлеңді меңзегенім еді. Қалыңдық түпкі мəнін түсінбеген рай білдірді.
– Сендер де қаспақ жедіңдер ме?
– Үрімжідегі қаспақ «Сыпан шөян таздарына» ғана тəн емес пе! Бұл сөзіме офицер күлімсіреп бетін əрі бұрып алды. Қалыңдық
оған бір қарап қойып, біздің жайымызды тақауырлай сұрады.
– Денсаулықтарың қандай? Үрімжінің ауасы жағатындай ма? Тұрмыстарың қалай?
Қуат екеуміз кезектесіп жауапты ыңғай «жақсымен» қайтара бердік те, өз тұрмыс күйінен қысқаша сұрастық.
– Жə, біз амандасып шығуға ғана келдік, – дедім мен ұзаққа созылған амандасуды аяқтай бере, – жолда бір жұмыспен кешігіп қалыппыз. Енді қайтып жеткенімізше уақытымыз бітеді. Кейін жəне келерміз, қайттық.
– Үй, жатақханаға кірмейсіңдер ме?!
Алдымыздан тосып, осынша амандаса берудің өзі – осы жерден қайтара салайын дегендік екенін түсініп едім.
– Кірмейміз! – деп күбірлей қайырдым жауабын, – анау кісіңіз тосып қалды!
– Кісің не, ол да шəуешектік, ол да, сендер де кіріңдер!
– Жоқ, рахмет, кеш қаламыз! Ал шəуешектік «кісі» емес пе екен, – деп мен үнімді офицерге жеткізе қайырдым, – меніңше, кісінің талайы Шəуешектен шығар!
 
– Ал, сау тұр! Келесі жексенбіде көрісерміз.
Ойлана күлген қалыңдық біз жөнеле бергенде күлкісін тез жиып, қарап қалып еді.
– Ей, тоқташы ей! – деді іле–шала, ол лыпылдай басып, ар- тымыздан қуа жеткенде, мен де қарсы аяңдадым, – не болды ей, саған? – деп күбірлеп қадала қарады.
– Не болушы еді, кешігіп қаламыз ба деп асығып тұрмын. Не болған сияқты?
– Сөздерің бір түрлі ғой өзіңнің?!
– Сөз деген екі түрлі болушы ма еді?! – Қалыңдық сақылдап күлді.
– Сылқымым, осы сөзіңнің өзіңде де қыршаңқылық тұрмай ма?
– Сүйікті қатқан терім, өзің қуыстанып тұрсың! – Қалыңдық бұған да сақылдады.
– Онда, солай-ақ болсын… Алдағы жексенбіде кел, иə?!
– Мақұл! – деп жөнеле бердім. Əлі қақшиып тұрған офи- церге қарай бұрала басып қалыңдық жөнелді. Осы бір ақ жарқын, өткір де өжет əнші қызға мен əдемі гүлге қарағандай ғана қарап, үнін бұлбұлдың үніндей ғана тыңдайтынмын. Алғашқы əуе сім соншалық қана дəрежеде еді. Гүлге адамның көзі көп түседі. Бұлбұлға құлағы ұйиды. Бірақ, адам жүрегін екеуі де дəл ғашық жардай құмарлық отына тартып түсіре алмайды ғой. Жол бойында мен оған эстетикалық сезімнің сондай ғана тарту күшімен бағынып, тербетіліп келгенмін, сонда да бірер айдан бергі жолығыспаудан сағыныш сезімі де күшейді. Құштарлығым ер жеткендей болды. Бірақ кітаптардан оқығанымдай, əйел жөнінде күйдіріп өлтіретін құмарлық, өз жаныңнан кештіретін құштарлық бар дегенге сенбейтін  күйде  болатынмын.  Ал,  құштарлыққа  қызғаныш қо сылса  ғана  сонда  апатқа  көндіруі  мүмкін  екеніне  о сы екінші рет жолығысқанда ғана – қалыңдықты сұлу офицердің қасынан көргенімде ғана бір сəт мойындағандай болдым. Бірақ  қызғаныштың  өзі  жарыме с  сезімнен  пайда  болғанын білген жанға ондай апат мүлде жоқ сияқты. Бұл түйінге мен былай келдім:
«Өзімнен  əлдеқайда  артық  сақа  жігітпен  оңаша  сөйлесіп тұрған қалыңдық сол сəтте менің көзіме жер бетіндегі бірден-бір қимасым болып жарқ ете түсті. Жүрегімді мұздатып барып, дереу қайнай жөнелген əлгі бір сезім қызғаныш еді. Мен іштей тек осы қызғанышымды ғана қыжырта жөнелдім: «бұл көріп тұрғаным –
 
қимасымның өзін қинай өлшейтін таразы емес пе, қимасымның өзі айтқандай, рас қимасым болғысы келсе, бұрын өзі қалаған мен жаққа өздігінен-ақ басып түсе бермей ме. Əр жақтан соққан желге ұша жөнелетін қаңбақ болса, оның несі қимас. Ендеше, бұл қызғанышымның есі дұрыс емес, албырт жастықтың, аңқау да жа- рымес сезімнің қызғанышы болса керек».
Жатағына кірмей де килікпей, «тазымды» ашып тастап тар- та беруім – осы кесімнің нəтижесі. Бұрын өзім бастан кешіріп көрмеген мұндай сезімдерге секіріп басып айтқан бұл төрелігім əділдік пе, əлде əділетсіздік пе – өзім де толық айыра алмай қуатқа үнсіз ере бердім.
Тергеушім, осы бір «данышпан көсемнің» дағарлап ұйып жатқан «ұлы табыстарын» қалай көргенімді айттым ғой. Мұным құпиялықты ашып, үкімет құйрығына үңілу ғой. Мұндай құпиялықты көре білген қылмысты үшін, əрине, ойып тастаудан басқа шара жоқ екені белгілі. Ал сіз мына махаббат жайлы сөзді тегін көрмеңіз. Қылмыстар дүниесінде қысыр əңгіме болмақ емес. Бəрі де қанға жерік, қылмысқа жүкті. Қалыңдыққа берген осы еркіндігімнің құйрығынан дəл сол мезетте бір алып қылмыстың басы шығып тұрғанын кейінірек жерге топ ете түскенде бір-ақ білдім. Ол кейінгі тарауда айтылады.

VIII

Бір кешкі демалыс кезінде Əлмен біздің жатақхананың есігінен мені шақырды. Қара қоңыр жүзі сұрланыңқы, тым ширақ көрінді маған.
– Ертең таңертең чи далуда23  пəндихұй мүшелерінің жиыны бар екен, – деп күбірледі, – таңертеңгі қоңырауда біздің тамақ дайын тұрады. Тəуірірек киініп, таза жуын да, сапқа тұрмай, тура асханаға кір!
– Чи далу қай жерде еді?
– Дубаң мекемесінің мəжіліс залы, ондағы жиын дубанның өз шақыруымен ашылатын.
Əлменнің райына баққан менің де жүрегім тынышсызданып, сол түні таңды тағы ұйқысыз атқыздым. «Бұл ұйымға кіргеніме екі-үш-ақ ай болған. Жаңа оқушымын ғой, қазірше маған қатер жоқ шығар» деген медеумен қаншалық тынышталайын десем де, бір

23   Чи далу – Батыс сарайы
 
орнықсыздық түрткілей берді. Сабақтастарым арасында жершіл, рушыл жік күшті еді. Осы себепті біріміз бен біріміз жиі-жиі айқасып, шайқасып қалып жүретінбіз. Мұндай дүрдараздықтың салдарынан астыртын көрсетіндіге өзімнің де бір нысана екенімді байқайтынмын. «Алдыңғы жылғы Ораз сақауды шалғандай шалду- ар көрсетінді осындағы бір тыңшыға жеткен болып, батыс сарайға барғанда желкемнен бас салып жүрер ме!» деген күдік ұйқымды келтірмеді.
Үкімет үйінің темір қақпасына Спан мектебінен сұп-сұр болып елу шақты ғана адам жеттік. Екі жақ бо сағада тізіліп тұрған он–оннан жиырма күзетші бізді санап, көзбен ғана тінтіп өткізіп еді, ішкі қақпадағы оншақты күзетші ойып жіберердей үңірейіп, бір-бірден аймалап-сипалап кіргізді. Сұғанақ қолдар сумаң қағып жамбасыма бара бере, тіпті жан- ды  жерімді  бір  жалмап  өте  шықты.  Тінтуге  көз  іле стірме с спор қолдар екен. Адам санатына қо сылып, алғаш тінтілуім о сы болар. «Міне, пəндихұй  мүше сі болып, ардақты сенімге енді жетіппін!» дедім ішімнен.
«Асқақ мəртебенің» буымен алқына кірдім іш қораға.
Бір-бірден тізілген бойы кіре, сол жаққа бұрылып, батыс сарайдың есігіне жеткенімізде одан да зор «бақытқа» кенелгенімізді білдік: тағы да жақсырақ тінтілу кезегі бар екен. Қарама-қарсы тұрған сап-сары ала погонды екі офицер мені де екі жағымнан
«құшақтап-көрісіп» алдыңғыдан да бетер «аймалай» жөнелді. Дəрежелі адамдар емес пе, бұл екеуінің қолы жұп-жұмсақ тиіп, кіндіктен төменгі жақты көбірек айналдырды.
«Қазіргі қыздар шуйянының (институтының) оқушылары погондыларға неліктен сонша қызығатын болды?!» деп таңданып жүрсек, бұл «ғашық жарлардың» қолына киелі қасиет иісі көбірек сіңіпті ғой! Сонысын көріп, соны жұмбақты шешкендей төменгі ауыз залға терлеген маңдайымды сүрте кіріп едім. Үстіңгі қабатқа өрлейтін баспалдақ қарсысына қойылған қып-қызыл сырлы зор тақтаны айналып алдынан өткенімде бір «нұр» көзіме жарқ ете түсті: сол зор тақтаның ішкі бетіне бізді о сы «бақытқа» жетектеп əкелген тегіс қара мұртты «данышпан көсемнің» суреті сызылыпты. Ұшқандай зымырап  шауып  келе  жатқан  ақбоз  тұлпардың  үстінде шірене шақшиып, керемет айбын мен қылыш үйіріп келеді. Шынжаң халқының басына төнген қара бұлтты тілгілеп, барлық жау біткенді жалғыз жайпап қырып келе жатқандай.
 
Шебер жағымпаз жасаған асқан сайқал сурет екен. Алдымда тінтіліп кіргендер шыбындай үймелеп, сол зор суретке қарап тұрыпты.
«Көсемдердің кереметіне» əрқайсысы əртүрлі кескінмен үңіледі. Көбі көз қуаты жетпеген адамша сығырайып, мұрнын тыжыра қадалады. Кейбіреулерінің тісі сыздап ауырғандай, азу- ын қатты басудан шықшыттары бүлк-бүлк етеді. Үн қатқан бірі жоқ.
Көсемнің батырлығын көріп, баспалдақпен жуаси өрлесін деп орнатқаны ғой, осы суретке қарай-қарай өрлеп, өрлеген сайын қарап, қараған сайын өрмелеп, екінші қабаттағы үлкен клубқа кірдік те, мектебіміз атына белгіленген орындыққа келіп отырдық.
Бумен жылып, желдеткіш желпіп тұрған осы жəннаттай кең клубта отырған төрт-бес жүз шамалы ғана адамның тары қауызына кіргендей бүріліп, қақаған аяз сорғандай дірдектеп отырғаны байқалады. Тырс еткен үн жоқ, көбі орта мектеп пен институт оқушылары, біразы оқу-ағарту қызметкерлері сияқты. Дубаңның офицерлер мектебінің оқушыларына да, басқа сала адамдарына да бөлінген орын жоқ. Бұл жиын оқу-ағарту саласындағы пəндихұй мүшелеріне ғана қаратылғаны, ал бұл орындардан да толықтанып келмегені сыбыр-күбірлерден естілді.
Мен ішкі жаққа қарай терезелердің бірінің алдындағы орындықта отыр едім. Бұл терезеден үкімет ордасының біз жете алмайтын ішкі жағы толық көрінеді екен. Орданы қорғаушы иіңнің24  машық алаңынан бастап қорғанның арт жақ қабырғасына дейін тас кірпіш дуал, күзет үйлері, шағын-шағын жатын үйлер, тіпті мықты-мықты бекіністер салыныпты. Машық алаңының батыс терістік шетінде тағы бір темір қақпа – ең ішкі, ең ерек- ше есік болып көрінді. Ол тас кірпіштен қаланып, үстіне электр сымы тартылған ішкі қорғанның қақпасы екен. Қорған ішіндегі бұл қорған – күмбез порымындағы жасыл шатырлы шағын ғана жалғыз ғимарат. «Ертек-аңыздардағы жалғыз көзді ғаярлардай шексіз үкімшіміз сонда ма екен» деген оймен көбірек қарап отыр едім. Дəл солай болып шықты.
Сол ерекше қақпа қақ айырыла ашылды да, екі жақ ішкі бо сағасындағы   он   екі   күзетші   қатып   қалғандай   сіре сті. Ыңғай    жеңіл    пулеметпен    қаруланған    жиырма    шақты

24  Иің – Қытайша – батальон
 
қорғаушы жалаңдап шыға келді де, жапа-тармағай жүгірді. Оларға əскери тəртіппен жүрудің керегі жоқ сияқты. Жау шаһарына  басып  кірген  шапқыншылардай,  кірекеш  тонай- тын қарақшылардай алақ-жұлақ тінтіп келеді. Сол ерекше қақпадан о сы сарайға жеткенше алаң шетіндегі жол бойына қатар салынған қорғаушы əскер үйлерін түгел тінтіп шықты. Бір-біріне  сенбейтіндей,  бірі  кіріп  шыққан  үйге  тағы  бірі кіріп пулеметтерін кезене үңіліседі. Өздерінің күзет үйлерін өздері  мұнша  тінтетіндей  бұларға  не  болғанына  таңданып, көз алмай қараумен болдым. Ерекше қақпадан тағы бір топ қорғаушы көрінді де, артынан іле-шала маңғаз басып, бұлғын ішік жамылған біреу жалғыз шықты. Артында отыз шақты əскер, басында қоңыр шляпа, тіп-тік жүретін адам екен. Үңіле түстім, суретіне қанықпын ғой, тегіс қара мұртты «халықшыл көсемнің» дəл өзі екен.
Алаңда машық қылып доп ойнап жүрген қорғаушы əскерлер өзді-өз орындарында ізетпен сіресіп тұра қалысқанда, бүкіл тіршілік тылсыммен байлағандай, бар маңы өлі дүниеге айналды. Жаңа ғана бір топ қорғаушысын шығарып жолды арши тексерт- кен «халықшыл көсем» алдындағы қорғаушыларына тірсектей еріп, аса сақтанғанмен, салтанатын да ұмытпай басып келеді. Қанша айтқанымен «данышпан» емес пе. Жан-жағына мұқият бағдарлап, зерттей қарайды. Алдындағы он шақты қорғаушысы да, артындағы отыз шақты қорғаушысы да «көсемнің» көңіл күйін баққандай əр терезеге бір үңіліп, əр есікке бір сұғынып,
«зерттеген»  бойы  біз  тінтілген  қақпа  жаққа  өтті.  Осындай
«халықшыл көсемнің» дəретханаға кіріп-шығуы қаншалық машақат  күреспен  орындалатынын  түсінгендей  болдым  мен. Бұл жиынға «халықшыл көсем» келмейтіндей көрініп, көңілім бір сəт жайшылық тауып орныққандай болып еді. Іле-шала елең ете түстім: қарсымыздағы клуб сахнасының арт жағынан үрмелі оркестрдің жеңіс күйі сарнай жөнелді де, əскери жүрістің сарт- сарт аяқ дыбысы естіліп, сахна сыртына келе сақ етіп тоқтады. Пулеметтерін кезей ұстаған екі қорғаушы екі жақтан кіріп сахнаның екі жағына бізге қарап тұра қалысып еді. Бүкіл зал- ды дүр еткізіп, көпшілік атып тұрды да сіресе қалды. Жерге сүйретілген бұлғын ішіктің етегін екпінмен шалқыта, шақ-шұқ басып кіріп келген «көсем» оркестр ырғағына сəйкескендей ішігін шынтағымен серпе салып еді, артындағы біреуі жерге түсірмей тазы итше қағып əкетті. Көпшілікке қадала қараған
 
күйі шляпаны артына лақтыра салғанда, дайын тұрған тағы бірі қағып алды.
Осы «фокустерді» қарсы ала шатырлаған көпшіліктің қол шапалағын жақтырмағандай көсемнің сілке салған сол қолы шорт тыя қойды да, өзі қара көк китель – сыммен ең төрдегі серіппелі орындыққа  барып  сылқ  ете  түсті.  Жеңіл  күйі  енді  тоқтаса  да,
«көсемнің»  жеңісті  əрекеті  əлі  тоқтамағандай,  тоқпақтай  берді өзі. Бұл күйді біз орындық серіппесінің күшінен көріп едік, олай емес, «көсемнің» дəл өз жүрегінің күйі екен. Тақытына құйрығы тоқтамай, қайта-қайта сырғып, қайта-қайта орынға отырғандай немесе астынан бірдеме батып, өз салмағын екі құйрыққа кезек- кезек алмастырып салып отырғандай, байыз табар емес.
Тайқылау маңдайынан бастап артына жатқыза таралған ақбурыл шашын екі алақанымен желкесіне дейін сылайды. Сұқ саусағын ғана сұғып, шашының астын тінте қасиды да, қайта сылайды. Екі сұқ саусақ екі шекесін кезек–кезек тінтеді. Бұл саусақтары құстың тұмсығынан да епті екен, дəл басып барып сұғылады да, бір сұғылған жерінде тұрып-ақ талай шаштың астына кіріп, талай түпкірін тінтіп шығады. Осы бурыл шаштың да қопсып көтеріліп кетуінен қорқатын сияқты. Мықтап жатқызылған шашын соншалық шеберлікпен тінтеді де сылайды.
Шатырлаған қол шапалақтың тасқынымен тұрып үстел үстіндегі микрофон алдына бара екпетіндей сөйлеп кеткенде де, қолының осы шеберлігі тоқтаған жоқ. Зал толы пəндихұй мүшелеріне екі жақтан кезеліп отырған екі пулеметтің тұмсығындай төңген екі сұқ саусақ екі шекесіне маза бермеді. Мұндай уақиға тұрғанда құр сөзді қайтпекпін. Менің көзім екі пулемет пен сол екі саусақта ғана болды.
Тып-тыныш жатқан осы ақбурыл шаш біраз зерттеуді талап ететіндей көрінді. Кейбір шаш ауыр қайғының қызуынан, кейбір шаш өткір ашудың қызуынан, кейбір шаш халық тағдырына болған үлкен күйініштің қызуынан күйіп ағаруы мүмкін ғой. Ал бұл шаш неден ағарды деші?! Ауыр қайғы бұл басқа түскен емес, таққа жаңа шыққанында қазіргі мұртындай қап-қара еді ғой. Таққа шыққан соң, өмірдегі бар арманына алдампаз-жағымпаз екіжүзділігімен жетіп алған соң қара бастың ғана қамындағы қожаға, ол қамын əмірімен ғана шеше салатын шат тұрмыстағы қожаға қаншалық қайғы үйірілмек? Енді өткір ашудан десек, ол ашуын өткір қылышымен, от ауызды мылтығымен қайтара са- лып келе жатпай ма? Ал халық тағдырына күйіну – мұндай саяси
 
саудагердің көкейіне кіріп шығар ма? Бұл шаш – ыстық қанды көп ішкендіктен ғана күйіп ағарған шаш. Менің əкем: «Бұғының мүйіз қанын денсаулығы толық адам ішсе, шаш ағарып кетеді» дейтін.  Ал  бұл  бас  Шынжаңның  маңдайына  басқан  барлық
«бұғылардың»  мүйізі  тұрмақ,  өзін  де  жұтып  болмады  ма? Неше мыңдаған сол бұғыларды жұтудың тəсілін мылтығының
«аузымен»  ғана  ойлап  тапқан  «данышпан  көсемнің»  басы ғой бұл, қалай ағармасын. Үрпіне қызған сым темір жүгірту, тырнақ көбесіне қамыс тығу, шегеге жалаң аяқ тұрғызу, əйнек қиыршығына тізерлету, «танкі тергеу», «аэроплан тергеу», көзін электр тоғымен суыру, қапқа салып тірілей көму сынды адам- ды қинаудың ең «асыл» ғылымдарын сапқа тұрғызып, «тергеу қинауында өлтірілсе сұраусыз» деген бұйрықты түсірген осы бас емес пе? Бұл «ғылымдарды» тапқаны үшін өшіккен бір «на- дан» осы бастың өзіне «ыстық кəмпит» сыйлап қояр ма екен деп анау пулеметтермен, анау сұқ саусақтар қалай шошаңдамасын.
«Данышпан басым аман ба екен?» деп дəміл-дəміл қалай си- пап көрмесін өзі. «Тосын бір қатерден ышқыну туылса қалай шыдармын» деп құйрығы неге бүлкілдемесін? Осындай ішкі қорқыныш əурешілігінің сүйкеніс қызуынан бұл шаш қалай ағармасын! Алтайдан басқа жерлерден де бұрқ етіп, ғайып бо- лып тұрған көтерілістердің бір сиқырлы қанжары осы залдан жарқ ете түспеуіне кім кепіл. Ендеше – «данышпан көсемнің» бұл далбаса тыштаңдауын да «данышпандық» есебіне қоспау надандық болар.
«Сахна сыртында жасырынып тұрған лян25  мен мына екі пулемет бекер қойылған жоқ-ау» деп қорқа отырсам да, анау жылдары «Профессор Мамлюк» кинофильмін көргендегі бір ойыма өкініп те, өзіме-өзім ренжіп те отырдым. «Шыңдубандай данышпан көсем басшылық етіп отырған қоғамда оған қарсы төңкеріс жүргізу қылмыс емес пе» деп ойлаппын-ау сонда. Не- ткен ақымақтық еді! Сол ақымақтығыма міне «көсемнің» барлық сиқын өз көзіммен көргенде ғана опық жеп, өзімнен-өзім ұялып отырғандаймын. «Данышпан» атап, сонша асқақ-асқар көріп келгеніміз осы албасты екен ғой! Қас албастыны хас данышпан етіп бояп көрсететін жағымпаздықтан жиіркенішті қылмыс жер бетінде бар ма екен?
Осы  албастыны  он  жылдан  бері  мадақтаған  жареуке  тіл,


25 Лян – қытайша рота
 
жарамсақ жыр аз болды ма? «Шынжаң газеті» бетіндегі мұны жер-көкке сыйғызбай, өңеші үзілгенше шырқатқан өлеңінің бəрін жайып салсаң Шынжаңның жер аумағына сыяр ма? Алал еңбектен туып, арамға айналған неткен сорлы поэзия еді?
Сахнадағы қимылы арқылы «тебірентіп», осы əсерді қозғап тұрған «көсемнің» ең кесек «батырлығы» енді көрінді:
Бұл реткі сөзін ұйғыршаға аударуға Махмұджан деп аты шыққан кексе тілмаш шақырылып, сахнаға шыққан еді. Ол дубаң үстелінен үш-төрт адымдай ғана айырым құйылған бір кішкене үстелде аударып тұрған болатын. Өз баяндамасының бір тармағын сөйлеп болған «көсем» сол тілмашқа жалт қарады да, қайта сырт беріп тезистің бір бетін (қолы жетер жерге тұрып-ақ) лақтырып жіберді. Жалт қарағаны – «дайындал» дегені екен де, сыртын беріп лақтырып қалғаны – «қасыма келмей қағып ал!» деген ишарасы екен. Ішік емес, шляпа емес, жұқа қағазы құрғұр тура ұшпай, бұра ұшты. Жапалақша жалпылдап қаша жөнелді. «Көсем» жалт қарағанда-ақ лап беріп бір аттаған Махмұджанның қолы жеткен- ше лақтырылған қағаз бір жаққа кетті де, Махмұджанның созған ұзын қолынан үркіп, «көсем» шегінді. «Халықшыл көсемнің» бұл қорқуынан үрейі ұша қорыққан тілмаш жалт беріп, қағазды қуа жөнелді.
Құдіретті қолдан ұшып, желдеткіштің желімен құтырған қағаз еңгезердей ұзын Махмұджан қанша секірсе де ілдірмей үркіп, сахнадан шыға қашты да, айналып барып, сахнаның екінші шетіндегі пулеметтің дəл алдына қонды. Аласұрып қуған атақты тілмашты құтырғандай көрді білем, пулемет дəлдеп кезеніп қалып еді, Махмұджан қағазды кəрі көкжалдай бас са- лып, іле қашты. Елпілдеп жүгіріп, орнына ентіге жетті де аудара жөнелді.
Залдағы өлі тыныштық тұншыға түскендей, неше жүздеген адамда жыбыр еткен бір үн жоқ. Адамзат сенімінен айы- рылудан  туылған  осы  бір  комедияға  езу  тартудан  бəріміз де   қорыққандаймыз,   күлкі   көңілімізге   де   кіріп   шықпады.
1933 жылдың күзінде Ергейтідегі бір əйел өз іш киімінің бір балағын жыртып алып, қызыл ту етіп көтеріп шыққан еді ғой, менің есіме сол уақиға түсті. Сондағы қарсы алғанымыз осы
«көсемнің» үкіметі емес пе. «Сақалына қарай іскегі, сабасына қарай піспегі» дегендей, жайына қарай жалауы болсын да. Бұл кісінің жеке өз басын қарсы алуға аса əділ көтерілген ең лайық ту сол екен!» дедім ішімнен.
 
Қорқытушының сөзін қос құлақпен тыңдасам да, ұқтым дерлік бір түйін таба алмадым. Пəндихұй мүшелері жиянгерлікке тек гомендаң майданында тұрып қана қарауға  тиісті дегендей бір емеурін бар да, іс жүзінде қарсы тұру-тұрмауымыздан дерек жоқ. Басқа сөз алтайдағы Оспан  бандысын жойып, оның арқа тірегіне соққа  беріп,  іштегі  сыбайластарын  қорқыту»  жайында  болды да, «арқа тірегі» мен «сыбайластарының» аттары мүлде жұмбақ күйінде қалды.
Осы «данышпан көсем» өзінің жегісі келгендерін үлкен жиынға шақыру арқылы жиып алатынынан ғана қауіптеніп отыр едім. Оркестр жеңіс күйін тартып, «көсем» соның екпінімен сарт-сұрт басып шыға жөнелгенде де, нөкерлері қуып жетіп, бұлғын ішігін жаба, шляпасын басына қондыра жорғалағанда да сол қаупім кет- пеп еді. «Сəндіхұй»26  деген бір қайырымды сөз саңқ ете түскенде ғана көңілім жарқ ете түскендей болды. Екі қақпадан екі-ақ қарғығандай шапшаңдықпен жапырлап көшеге шықтық. Бұл жолы аман құтылғанымызды сонда біліп, «Махмұджанның қылмысына» сонда күлістік.
Осы күлкі шығысымен Əлмен менің қолымнан тартып, жүрісін баяулата түсті. Көпшіліктен бөлініп, артта қалдық. Ол жан-жағына қарап алып тіл қатты:
– Махмұджан сол қағазды жерге түсірмей, қолынан алмақшы болған осы «қылмысы» үшін-ақ қолға алынса, қапқа оңай түсер еді.
– Қалай?... Өзіне көрсетіліп тұрған жақсы ниет үшін жаза қолдана бере ме?!
– Жоқ, ол «жаныма келсе жарып салады» деген қауіппен шегінбеді  ме.  Өзі  арамдық  ойлаған  сайын  басқаны  арамсына түсу – арам ниеттің диалектикасы. Үш жылдың алдында осы Махмұджанды да қолға алған болатын. Тек Бурхаң Шаһиди, Дубек Шалғынбаев сияқты мықтылардың барлығын қолға алып, жетік тілмаштан ешкім қалмаған соң, лажсыздан мұны шығарып пайда- ланып отыр. Өзіне зəрауаты қалмаған күні қайта қамата салады.
«Қастық істемек болған деп» осы ұмтылуын сылтау етсе, қапқа түсті дей бер.
Біз  «Нəнлян»  көшесін  өрлеп,  Совет  елшілігі  тұрған  жер- ге жақындағанымызда кабинкасының желкесіне ауыр пулемет құрылып, құралды əскер тиеген бір жүк машинасы артымыздан келіп қалып еді. Оның соңынан ерген дəл сондай бес пулеметті

26 Сəндіхуй – ханзуша мəжіліс жабылды деген сөз бес машинаның үсті брезентпен жабылып, мықтап таңылған екен. Бұлардың пулеметтерінің далдасында төрттен ғана əскер отыр.
– Мынаған анықтап қарашы! – деп қалды Əлмен. Алты машина іркес-тіркес өте шықты.
– Бұл не? – деп аңырдым мен. Əлмен жауап қатпай, артына қарап тұра берді. Желкесіне пулемет құрылып, тағы да əскер тие- ген бір машина біраз кейінірек өтті.
– Бұл артқы қорғаушысы! – деп күрсінді Əлмен. Оған үнсіз түксие қараған күйі біраз кідіріп барып жалғады сөзін. – Анау бес машинаға ыңғай алтын тиелген! Шынжаңды гомендаңға өткізгендегі тоқтамы бойынша, Шынжаңнан əлгі қанқұйлы сатқынға тиген үлес. Осылай тасығалы жиырма күндей болды!...
– Қайда апарады?
– Шың Сысай қайда кетпек болса, сонда апарады да! Қазірше
Шұңшіңге тасылар.
– Кете ме өзі!
– Мұнда енді қамсыз тұра алар ма, кетпесе тірі қала да қоймас. Онысын өзі жақсы түсінеді екен, кетер-ақ!

«Көбелек келіп көлп етіп, Көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етіп, Жарымын ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етіп, Қалғанын ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, Сарқынын ішіп ол кетті».

Осы ертек тақпағын сен де, оқыған шығарсың, көптен бері-ақ осылай болып келе жатпай ма?
– «Жарымын» əкетсе де «қалғаны» мен «сарқыны» қалар ма?
– Халық сарқылмас қайнар ғой, бірақ мына келгеннің ниеті тіпті жаман.
Өршіл талабымен өсіп шыққан осы бір саясатшы алғаш мен көргенде тым сақ жігіт сияқты еді. Сөзі де сап принцип бойынша ғана шығатын, қоңыр салқын мінезді еді ғой, міне енді қызып, енді қайнап келе жатқандай, «қара қазандағы су таусыларда бы- жылдап қайнамай ма. Қара Əлменнің сабыры таусылып келеді- ау». «Қалғаны» мен «сарқынын» бір құртып тыным тапқысы келгендей, осындай бірер ай өткенде бір ау тосын құрылды.
 
Мен бірінші рет көрген сол жеті машина содан бері пулеметін мүйізіндей шошайтып үш рет өткенін көріп едім. Ұзын жолға ұшқан кесек алтындай күн шары да биіктеп жарқырай түскендей, 1943 жылдың көктемі бізді үкімет сарайы алдындағы алаңға шақырды. Білікті мұғалімдеріміз бір-бірден ұрланып біткен кез болатын. Бұл жолы мектеп бойынша бар оқушыны бір-ақ шақырыпты, жиын барын бұрынғыдай алдын-ала хабарламай таңертеңгі сағат 9-да тосыннан тізіп ала жөнелді. Мен тосын шақырудан үрейлендім. Сабақтастар сапқа тізіліп жатқанда «дəретке» жөнелдім де, дəретхананың артындағы бір кетіктен аттай зыттым. Жүгіре ба- сып жоңышқалықтан өтіп, мектеп сыртындағы сайда өскен бір топ қара ағашқа сүңгіп едім. Əлмен сонда отыр екен. Жайбарақат қана күлімсірей қарап сұрады:
– Сен неге қаштың?
– Сіз неге қаштыңыз?
– Жете бергенде желкеден қиятын əдетінен қорқып қаштым мен. Мектеп бітіруіме бір ай қалып еді, кезегім бүгін келген-ақ шығар, ал сен бірінші жылдағы жаңа оқушысың ғой, əлден қашсаң кейін не оңар екенсің!
– Қашып жүріп ағасы оңса, сол ізбен інісі де бірдеме болар... Ал, Əлеке, бүгінгі жиыннан қалған-ақ шығармыз, бірақ ертең мек- тептен тауып əкетпей ме?
– Менікі далбаса, сенікі қыз алып қашқанмен бірге қашу шығар деймін! – деп күлімсіреді Əлмен қоңырқай ернінің ар жағынан көрінген аппақ тісі жарқырап, менің көкейіме біраз сəуле түсіргендей болды. – Ал мұндай жиында жиып алу көбінесе балық сүзген аудай ғана өте шығушы еді. Аудан қалған шабақ асыр салып, сол өз суында – өз мекенінде қала беретін. Ауды екінші рет салғанша тағы бір жөнім табылар ма екен деген дүмбілез бар.
– Қолға алынатындардың тізімі бойынша қузап-қуалап ұстамай ма?
– Ондайы ғой болатын. Болса ірірек шабақ деп мені іздер, бірақ, бұл қаңқұйлының кететін уақыты болды ғой. Өйткені Шынжаңның алатын алтынын тасып болып, кетуге қопақтап отыр, оның үстіне қолға алынатындардың тізімі өте жасырын, мектептегі көп адам ұқпайды оны... Жүр енді, жатақтан киімді ауыстырып барып, жиынның сыртынан көрейік, не болар екен. Аудың сыртында қалған балыққа қазірше қатер жоқ. Жиыннан неге қалғаныңды сұраушыға, «дəрігерге кеткенмін» дей сал.
 
Екеуміз киім ауыстырып жиын алаңына жеттік. Алаңның көше жақ шетінде халық иін тіресіп тұр екен. Ыңғай ақ киім киген сақшылар ығыстырып, кетуді бұйырса да халық міз бағар емес.
Барлық орта, жоғары мектеп оқушылары алаңнан қозғалмастай болып шектелген көрінеді, ақ-қара киімді сақшылар мен бұқараша киінген əскерлер мықтап қоршап алыпты. Ақ-қара киімділер тіпті оқушылар тізбегінің ара-арасынан да сыналап кіріп алған екен. Бір ғажабы, қоршаушылардан да, сұғынып тұрған ақ-қаралардан да шошайған бірер мылтық көрінбеді. Жанқалта мен жеңдерден жанқұралдары ғана байқалады.
Сахнада бірдей киіммен тұрған көк-ақ кительділердің арасында біреуін Əлмен маған иегімен нұсқап көрсетті. Шың Сысайдың өзі басқаша киіммен елеусіз ғана келіп қарап тұрыпты. Қоршап тұрған сақшылардың шақылдауынан басқа қоршалғандар да, сырттан қарап тұрған халық та үнсіз. Сахна алдында қыбыр–қимыл көбейе түсті, соған үңілдік.
Əлмен «əне!» деп қалды: оқушылар арасынан бір-бірден же- тектелгендер сахнаға қарап тізіліп жатыр екен – ала сауысқан сақылдай қаптап, сарқынына төніпті...
– Сахна алдына апарып тізген үш жүз шақты оқушыны сол теріс қаратқан бойы мойнын бұрғызбай айдай жөнелді. Айдалғандар əр түрлі қияпатта. Кейбірінің сабақтастары жаққа жалт қарап жіберіп, жылай жөнелгенін де, кейбірінің аузын баса, нық адымдап кеткенін де, «қош!» дегендей қолын сермеп кеткендерін де мүлт жібермей көріп тұрдым. Жиылған халық жұтынып, тұншығып бара жатқандай, демігу, ышқыну, жөтелу, тістің шықырлауы көбейе түсті.
Бет-аузы жыбырлап, сұрланып алған Əлмен білегімді қатты қысып тұр еді. Қолға алынғандар сахна артына айналып кетісімен мені  сыртқа  тарта  жөнелді.  Қарсысындағы  тар  көшенің  аузы- на тақай бере қос-қолымен бір қолымды қатты қысып сілкуінен қоштасу екенін түсіндім.
– Қош, аман тұр, бауыр, мен кеттім, – деді бір сəтте, – маған енді бұл мектептің куəлік қағазы да, қызметі де керек емес! Сауан- да бір аға, бір іні, əрі шешем бар, жандарын бағар!
– Қайда барасыз?
– Алтайға! Олпы-солпысы болса да, батыр Оспанға! Халық кегі үшін! Алданудан арманда өткен ағалар үшін! Туа сала тұтқындалып жатқан інілер үшін! Қызыл қанымды арнадым!
 
– Мен қайтсем екен?!
– Сен... Гомендаң болмаса... бұдан енді аман қаларсың, оқи бер! Жас шамаң да, жаңа келген жайың да бар. Тек осы сергектігіңді сақта! Қош!.. Көрісерміз!
Мен булығып тұрып қалдым да, ол зытып барып тар көшеге кіре жөнелді.
Жұрт көзіне ширап ала қоймаса да, қалай жүрерімді білмедім. Қалыңдық есіме түсе кетті. Оған жексенбі демалысында бір-екі рет жатақханасынан жолығып, ақ жарқын күлкісімен көңілденіп қайтқанымның да, кейінгі бір демалыста таба алмай қайтқанмын. Қалған оқушылар тарап бара жатыр. Алаңның шығыс терістігіндегі соның мектебіне қарай тарттым.
Қақпаның артына барып, артыма қайырыла қарап едім, жарқ ете түсті тағы бір сұмдық. Деңгейлес сұмдық. Қалыңдықты сол əдемі офицер қолтықтап келеді екен. Қалыңдық бұрыла келіп, еркелей сөйлеп келе жатыр еді, мені көрді білем, томсара қойып, төмен қарағанда аузы жыбыр ете түсті. Екеуі кілт бұрылып, қиыр көшемен кете барды. Көрмеске салып кеткеніне қарай қуа жетіп көрінгім келгендей сезім бар, олар өткен көшенің мүйісіне жебей басып жеттім де, арттарынан қарап тұрып қалдым. Мені адам деп елер де, ескерер де құлқы жоқ. «Ғашық жарының» қолтығында тағы күліп, тағы бұрылып барады қалыңдығым.
«Осы  кəрі  қыздың  менің  қасымдағы  бұралуы  мен  күлуі  де дəл осылай еді ғой, баяғы сол кəрі қылық!... 1933 жылдың соңғы маусымында Шың Сысай да Шынжаңға келе өздігінен жабысып, өздігінен «жарылқап», халық сұрамай-ақ өз аузынан серт беріп еді, мынау соның қызы ма, өзі ме!» деген қызу ой ызамен қатар шарпы- ды. «Бірақ, бұл қыз менің аға-бауырларымды қырмады ғой, мені қорқытпады да, қанқұйлыдан мұның парқы осы. Ал келісі де, кетісі де аумаған сол опасыз сатқын тəрізді, Шың Сысай Шынжаңды алтынға айырбастады да, Қалима мені алтындай сары погонға ай- ырбастады... Несі бар, əркім өз əлінше істейді, опасыз жар кетсе, опығы да бірге кетпек. Кетсін-ақ!»
Осы ой мені тез айықтырды да, тез бекітті. Мектепке тура тарттым. Қарсы бетімнен саяпыл желі үдей соқты. Аспанды сары тозаңмен бояп, көше топырағын аузы-мұрныма бұра соқты. Боран үдеген сайын егесіп, егескен сайын бекіп, бекіген сайын күшейе адымдадым.
Құрметті   «тергеушім»,   осымен   қылмысымның   алғашқы томы  аяқталды.  Шың  Сысай  торынан  яғни  алғашқы  тор-
 
дан қағыс қалған элемент екендігім нақ фактімен толық дəлелденген шығар. «Тордан қағыс қалған» деген сөз қазіргі кез- де қылмыстының арты қылпылдап кететін, бұлтартпас ажалды қылмыс қой. Сол ажалдан да қиын айыбым – қаршадайымнан қатынталақ болып қалуым. Əлден осы дертке душар болған қылмыскер сақа жігіт болғанда сау қалар ма! Бұдан да зор- зорларын əлі-ақ əшкерелермін. Тапсырамын да дерттен тап басып құтқаратын қанды дағарыңызға өзім-ақ түсіп, барлық қылмыстан, қылмысты қоғамдардан, өзімнің қылмысты тіршілігімнен біржола құтылармын.

Бірінші кітаптың соңы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста