Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Өмір, сен тамашасың

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Өмір, сен тамашасың

І

Сырым стол сағатының безек қағып шырылдаған дауысынан оянды. Қараса, қызметке баратын уақыты таяп қалыпты. Атып тұрып, асығыс киіне бастады.

Клара әлі ұйқыда. Бұрын ертерек тұрып, шайын әзірлеп, Сырымды өзі келіп оятушы еді. Бүгін оның бірі де жоқ. Ұйықтап жатыр ма, әлде оянса да тұрғысы жоқ па, сол кешегі долданып, теріс қараған беті қимылсыз қалған. Кезекті түс шайысудан кейін әмәнда осылай. Қашан татуласқанша от басының берекесі кетіп, іргеден жел азынайды.
Сырым киініп жатып, әйелінің сұлу жүзіне, мықыны үзілген әдемі мүсініне бір сәт қарап тұрды. Жастықта шашылып жатқан мөлідей қара шашы, аппақ жұмыр мойны ерекше көз тартады. Қабағы түйіліп, жебедей қиғаш қасы иіле түскен. Қаймыжықтай жұқа ернін жымқырып, әлдекімге тісін басып, егескен күйі ұйықтап кеткен тәрізді. Осыншама сұлулық, нәзіктік пен тасбауыр, қатыгездіктің қалай сыйысып тұрғанына Сырымның ақылы жетпей-ақ қойды. Жап-жас басынан күдік пен өшпенділік мұның жүрегін қалай ғана жайлап алды екен? Түсіне алмайды.
"Бұл қырғиқабақ соғыс" қашанға дейін созылар екен? – деді ол іштей қатты қынжылып. – Сірә, тағы да менің "қол көтеріп", тізе бүгуіммен аяқталатын болар".
Жігіт көңіліндегі кейістік бөлек төсекте жатқан ұлын көргенде, сәл ыдырағандай болды. Кішкентай Ермегі мұрны пүштиіп, томпиып қана ұйықтап жатыр. Бұл дүниенің кеңшілік-таршылығында ісі жоқ, керіліп, күлімсіреп қояды. Сырым төсекке еңкейіп, ұлының маңдайынан бір иіскеді де, шығуға бет алды. Алакөлеңке дәлізден бәтеңкесін іздеп, еңкейе бергені сол еді, дәл осы кезде сыртқы есіктің қоңырауы сылдырап қоя берді. Почтальон екен. Сырымның қолына конверт ұсынды. Хат Балқашта тұратын нағашысынан келіпті. Сырымның жүрегі алып ұшып, конвертті жыртып ашты да, асығыс оқи бастады. Хатты оқып шыққанда, бірталай жайға қанық болды. Көңіліндегі күдігі расқа шықты. Газет жұмысымен бұл жарты айдай Қарақұм жақта командировкада болып, қалаға кеше ғана оралған. Келсе үйінде шешесі жоқ.
– Апам қайда? – деген сұрауына әйелі:
– Балқаштағы бауыры келген еді, сол ертіп кетті, – деп жауап берген.
Сырымның көңілі әлденеден секем алып, қобалжи бастаған. "Мен жоқта ешқанда қыдыра қоймаушы еді. Қалайша кенеттен кете қалды?" – деп дал болды. Кларадан екінші қайта сұраған:
– Ол кемпірді мен борышыма берді ғой дейсің бе?! Не қып іші-бауырың елжірей қалды? – деп әйелі ашу шақырып тұлан тұтты. Кешегі жанжал осыдан басталып еді...
Хатта ауыр-ауыр сөздер жазылған. Бұл жоқта ене мен келін арасында тағы да ұрыс-керіс болған көрінеді. Екі әйел жұлысуға дейін барыпты. Нағашысы, міне осы жанжалдың үстіне келді. Осылардың бәрін қысқаша баяндай келіп, ол: "Шешең саған қадірсіз болғанымен, маған қадірлі. Кіндік қаны бірге туысымды далаға тастай алмаймын. Енді іздеп әуре болма! Сенің қолыңда тұрып, бәрібір адам болмайды" деп жазыпты.
Мына хабарға Сырымның жаны түршігіп, төбе шашы тік тұрды. Қалшылдап, екі көзіне жас толып, ішкі бөлмеге жетіп барды. Әйелін иттің етіндей жек көріп кетті. Үстіне бүркітше қона түсетіндей төніп келді де, өзін зорға ұстап қалды. Шу көтеріп, ұйқыдағы сәбиді шошытпайын деді. Не істерін білмей сенделіп қайта шықты.
Әлдекімді іздегендей, шешесі жататын бөлменің есігін ашты. Бөлме қаңырып бос қалған. Қалыбы бұзылмай, жинаулы тұрған төсекке көзі түскенде, Сырымның жүрегі сыздап ауырып кетті. Мынау төсекте бүрсіп қана жататын шүйкідей кемпірдің өзіне қаншалықты қымбат екенін жаңа сезінді ол. Көңілінде бір сүйеніш медеу болушы еді, ол – анасы екен. Бүкіл жан-тәні шырқырап, соны жоқтап тұр.
Әр шаңырақтың өз айбары, рухани тірегі болады. Әкеден ерте айырылған Сырым шешесін ғана пана тұтып өскен! Бала мінезі қызық қой. Кішкентай кезінде дүниеде өзінің әке-шешеңнен мықты ешкім жоқтай көрінетіні бар. Ойнап жүріп, керісіп қалғанда, басқа балалар «папама айтам» деп қоқиланса, бұл «апама айтам» деп күш көрсететін. Кейін ержітіп, азамат болған кезінде де анасына деген сол сезімі сақталып қалды. Шешесінің қалқайып үйде отырғанының өзі, артында асқар белі жатқандай, үлкен медеу еді. Сол ана қартайып, күшінен тайған кезде, Сырым не опа көрсетті. Қандай ұшпаққа шығарды? Осыны ойлап тұрып, ол өзінің шешесімен соңғы кездегі қарым-қатынасын есіне түсірді. Үйленгеннен бері сол кісімен бір рет те ақтарыла сөйлеспегенін қынжыла мойындады. Мерекелер кезінде көңілін аулап, пәлендей сыйлық әкелмегені де ойына түсті. Анасы бір шетте қалып қойған секілді. Жасырақ кезінде шешесінің мойнына асылып, еркелеп, көрген-білгенін алдымен соған айтушы еді. Кейін оның бәрі қалды. Жараспайтын секілді. Сенің өскендігің, кісілігің анаңды әлпештеуге кедергі жасайтын тәрізді.
«Біз бәріміз де демагогпыз, жаттампаз торғаймыз, – деді Сырым ызаланып. – «О, менің асыл анам». «Анамның ақ сүті» деп шетімізден сайрап қоя береміз. Ал, іс жүзінде ең елеусіз қалдыратынымыз, азапқа салтанатымыз – сол ана. Балаға қарайтын кісі керек болғанда ғана іздейміз оларды. Қалаға келгесін, келіндерінің шытынған қабағына қарап, нұқыған-зекіген әміріне бағынып, күн кешеді. Тек өлгенде ғана құтылады бұл азаптан».
Ол ана төсегінің қасында «не істесем екен» деп толғанып көп тұрды. Сонан кейін жазу столына барды да, бір бет қағазға мына сөздер жазды:
«Клара! Мен кеттім. Енді қайтып оралмаспын да. Жалғыз шешем сыймаған үйге менің сыйып отыруым мүмкін емес. Қош, сау бол. Ермекке жақсы қара. Сырым».
Қағазды айнаның алдына апарып қойды. «Вот, осымен біздің семья тамат-тамам» деді ішінен. Ұйықтап жатқан ұлының қасына келіп біраз тұрды. Оның тәмпіш танауына, кішкентай кекіл шашына, түйілген жұдырығына қарап өтті. Ар жағынан бір күштің қозданып келе жатқанын байқайды. Сонан соң жалма-жан бесікке еңкейіп Ермектің маңдайынан тағы бір искеді де, есікті тарс жауып, шығып кетті.
Автобус аялдамасында адам көп. Тәртіп сақтап, басқаларға жол берем деп, алғашқы бур-екеуіне міне алмай қалды. Уақыт өтіп барады. Сағатына қарап, тықыршып тұр. Үшінші автобус келгенде, таласып-тармасып зорға ілінді. Мұнымен қабаттасып, есікке кептеліп қалған бір жуан әйел:
– Ұятсыз! Еркек басымен өңмендеуін қарашы, – деп бұған кейіп қалды.
Сырым мырс етіп күліп жіберді. Еркек болғанына бұл жазықты сияқты... Жігіт әр нәрсені қалт жібермей бағып тұр. Осылайша ренжіп, жәбірленген кезінде біртүрлі уыттанып, сыншыл да сергек боп кететін әдеті.
«Таң атса болды, әлденеден құр қалғандай бәрі жанталасады. Қайда асығады екен осылар? – деп ойлады ол, сығылысқан адамдардың арасында тұрып. – Мәселен, мына бір кемпір-шалдар сағат тоғызда, елмен бірге ентелемей-ақ, базарға кешірек шықса да кенде қалмайды ғой».
Мұндайда ұрыс-керіске де сылтау көп. Жұрттың көбі кінәмшіл, шекелері шытынап тұрады.
– Көзіңе қарап жүрсеңші, жігітім.
– Аяғымды танкідей таптап кеттің ғой...
– Денеңізді тік ұстаңыз. Сүйеніп тұратын дуал ғой деп пе едіңіз мені? – деген сияқты шақпа тілдер әр жерден ұшқын шашады.
Қадау-қадау қағытпа сөздер ұлғайып барып, екі әйелдің кекесінді керісіне айналды. Бірін-бірі қажап, тауысып келеді. Бір-біріне тәртіп-өнеге үйретеді, екеуі де заңға жетік-ақ. Қателік кімнен екенін айыру мүмкін емес. «Бұлар енді күні бойы сабасына түспейді, – деп ойлады Сырым, – уыттанып барып, осы бетінде талайдың тұнық сезімін лайлайды. Осы адам табиғаты да қызық-ау. Темір тәрізді бірін-бірі қажап тоздыратыны несі екен? Жүйкелерін күйдірісіп, шаштарын ағартысып, бірін-бірі бұл дүниеден ертерек жөнелтуге әзір тұрады».
Бір жағы бүгінгі өз халінен туындаған осындай ойлардың шырмауында келе жатып, ол түсетін жеріне қалай жеткенін байқамай да қалды.

ІІ

Сырым қызметке жарты сағаттай кешігіп келді. Өзге жігіттер әлдеқашан жиналып, жұмысқа кірісіп те кеткен. Бәрі де бұған жылы шырай білдіріп, қол беріп амандасты. Командировканың жай-жапсарын сұрастырып, бүгінгі газетке шыққан мақаласымен құтықтап жатыр. «Өте ойлы мақала. Шопандар өмірінің шын суретін, күре тамырын дәл басып бейнелеген» деп, қаламдас жігітер жақсы ілтифат білдірісті. Редакцияның бас қосқан мәжілісінде Сырымның жол жазбаларын редактор да жоғары бағалап, айрықша атап өтті. Өз адресіне айтылған жылы сөздер Сырымның жүрегіне қаншалық жайлы тигенімен, күн бойы еңсесін басқан ауыр сезімнен айыға алмады. Сырты бүтін, іші түтін бір халде отыр. Көлденең көзге сыр бермей күлген болады, қалжыңдасқан болады. Онысы жараспай, жасанды шығып шығып жатқанын да сезеді.
Күйбеңдеп, келген хат-хабарларды оқыған болады. Бірақ жұмысы өнбейді. Түкке зауқы жоқ, дел-сал, іші мен сырты екі ұдай. Кейде басын көтеріп, қатар үстелде отырған жігіттерге қарайды. Бәрі де мұнтаздай, әп-әдемі. Іштерінде не жатқаны белгісіз. Бәрінің де төрт түлігі сай, қам-қайғысы жоқ тәрізді. Іштерінде Сырым ғана сорлап қалғандай. «Мыналардың үй-ішінде де дау-жанжал болып тұра ма екен? – деп ойлады Сырым, – кемпір мен келін арасына көпірді қалай салады екен бұлар? Мен ғой дейсің бе, бір амалын тапқан шығар».
Сағат бесте, жұрт жұмыстан тарап бара жатқан кезде, мұны жауапты секретарь өзіне шақырды. Жылы шырай білдіріп, қысынан орын нұсқады. Жасы үлкен аға, әрі осындағы партия ұйымының хатшысы ретінде хал-жайын сұрастырды. Сөз кезегінде:
– Беталысың жақсы, өсіп келе жатырсың. Сәтті қадамыңа бәріміз де қуанамыз, – деді.
– Рақмет! – деді Сырым, «мұны неге айтып отыр» деген оймен.
– Сені шақырған себебім, – деді секретарь онан әрі, – партияға өтуге әзірлігің қалай?
Бұл жағын ойладың ба? Егер талабың болса, таныстырушының біреуі – өзім боламын.
Сырым не айтарын білмей сасқалақтап қалды. Желкесін қасып, сәл ойланып отырды да:
– Ағай, кешіріңіз, мүмкіндік болса, мен тағы да күте тұрсам деймін... Өйткені мүшелікке әлі де әзір емеспін, – деді өзін-өзі зорлағандай.
Серетарь таң-тамаша болып, мұның бетіне көзілдірігінің үстінен тесіле бір қарады да, үндемей қалды...
Ол көшенің жағалауымен асықпай жүріп келеді. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Екі қолын артына ұстап, сылбыр аяңдап келеді. Көше толы ағылған адам. Машина. Аялдамаларда қарап нөпір халық. «Бәрі де үйлеріне жеткенше, үстеріндегі ресми формаларын тастап, жұмсақ халаттарын кигенше асығып барады» деп ойлады Сырым.
Сол бетімен қанша жүргені белгісіз, бір заматта қалалық парктің алдына келгенін байқады. «Осы мен дедектеп қайда асығып барам?» деді өзіне-өзі. Сөйтті де парктің ішіне кіріп, бос орындықтардың біреуіне отыра кетті. Таңертеңнен оқуға үлгермей, шиыршықтап ұстап келе жатқан газаттерді қарай бастады. Тақырыптарына көз жүгіртіп, жеңіл, қысқа материалдар тауып оқыды. Халықаралық хабарларды шолып шықты. Вьетнамда соғыс. Американың екі мыңыншы самолеті атып түсірілген... Сырым көгілдір аспанға, еңкейіп бара жатқан күнге қарады. Дәл қасында жапырағы жайқалып, мәуелеп тұрған ақ қайыңға көз салды. Маужыраған тыныштық. Қаймағы бұзылмай, дірілдеп, ұйып тұрған саф ауа. Ол көкірегін кере тыныс алды. Дәл осы минутта, жер шарының екінші бір түкпірінде қанды қырғын болып жатқанын ойлап, біртүрлі тітіркеніп кетті.
«Осынау жарық күннің астында тіршілік ету қандай жақсы? – деді ол ішінен, – менің ешқашан өлгім келмес еді... Бірақ осы тыныштық біздің үйде болмай тұр-ау, – деді екінші бір ойлар қабаттасып. – Клара кеше менің «шекарамды» тағы да бұзып өтті... Алдымен снарядпен алыстан атқылап, біраз сілкілеп алды. Дәл жүректің басынан көздеп атты-ау. Сонан кейін автоматтан оқ боратты... Сөз оқтан да жаман ғой, шынында. Иә, қазір біздің үй ауыр шайқастан кейінгі қаладай қирап жатыр... »
Оның басына тағы мынадай ой келді. Шынында, осы семья мәселесімен айналысатын кім бізде? Ерлі-зайыптылар арасын жөнге салып отыратын біреу бар ма? Сот па? Сот ажырастыру, алимент төлету жағын басқарады. Қосатын, дәнекерлейтін кім бар?
«Сен, өзің ше, өзің не бітіресің? Қолыңа қалам ұстап, жұртқа жөн айтып жүрген азамат емессің бе?» – деп үн қатты бір сыншыл ой.
«Менің қолымда не, тұр? – деді ол ақталғандай. – Ақыл айтудан, түсіндіруден кенде болып жүрген жоқ қой. Екі оттың арасында мен жанталасқалы қашан? Лұхман Хакімнің өз емі өзіне ем болмаған деседі. Сол – рас. Менің сөзім құмға құйған сумен тең...»
Күн батуға айналған. Кешке қарай паркке екі-екіден қолтықтасқан жұрт сапырылысып келе бастады. Көбі жастар. Қарттар некен-саяқ. Кенет оның көзі бірін-бірі қолтықтап, мамырлай басып келе жатқан кемпір мен шалға түсті. Екеуі әлденеге күлсіп, әңгімелесіп келеді. Киімдері де бір келкі. Жарасып тұр. Сырымның қасынан өтіп, қарсыдағы орындыққа барып отырды. «Қосағымен қоса ағарған» дегеніміз осы екен-ау, – деді ол қарттарға біртүрлі қызыға қарап. – Бұлар отасқалы кемінде қырық жыл болған шығар. Содан бері бір-біріне қалай төзіп келе жатыр екен? Әлде бұлар өзара шын түсініскен, сыласып өткен жандар ма? Иә, солай болуы да мүмкін-ау. Ақылды адамдар аз ба дүниеде. Қалай дегенімен, бір оттың басында қырық жыл өмір сүру – үлкен ерлік қой...»
Осыларға барып әңгімелесіп көрсем қайтеді, деп бір оқталды Сырым... « Қой, жындымын ба, танымайтын біреулердің мазасын алып» деген оймен өзін ұстап қалды.
Мұның алдынан алқына сыбырласып қыз бен жігіт өтті. Иық сүйесіп, құшықтасып барады. Отыратын орын таңдап біраз жүрді де, шамнан алыс, қара көлеңкелеу орындыққа барып жайғасты. «Екеуі қазір тойдың қамын ақылдасады» деді бұл өзінше жорамалдап.
Осыдан үш жыл бұрын Клара екеуінің некелесу бюросына барғаны есіне түсті. Бюроның табалдырығынан мешітке кірген сопыдай біртүрлі имене аттағаны әлі есінде. Жүрегі кеудесіне сыймай, тулап қоя берген. Университетте емтихан тапсырып жүргенде де дәл мұндай қысылмаған-ды. Бұлар кіргенде ауызғы бөлмеде бір егделеу еркек пен мосқал әйел отырды. Сырым таңданып қалған. «Елуге келгенде мыналар не іздеп жүр мында?» деп ойлаған-ды. Артынан, қабылдау бөлмесіне кіргенде білді, әлгілер соттың шешімі бойынша, ажырасуға келген адамдар екен. Екеуі де салқын қанды. Ештеңе болмағандай, бірлесіп жұмыстарын бітірді де, өз жөндеріне кетті. Сырымның өрекпіген көңілі басылып, біртүрлі тіксініп қалды. Бұрын ол мұнда тек жас жұбайлар ғана келеді деп ойлайтын. Бұл жерде де қуаныш пен қасіреттің қатар жүріп жататынын сонда барып ұқты ол. Сол мосқал еркек пен әйелді Сырым көпке дейін ұмыта аламай жүрді. Екеуінің жүдеу бет әлпеті, жүздерін кіреукелген көгілдір көлеңке көзіне елестей берген. «Дәл сол күні қабаттасып, бекер бардық-ау» деп іштей ырым қылып, өкінгені бар.
Сырым жаңа байқады, күн әлдеқашан батып, ымырт үйіріліп кетіпті. Парктің іші алакеуім тартып, қараңғы түсе бастаған. Денесін әзер қозғап, орнынан тұрды. «Сандалып көшеде қалды деген осы, – деді салқын жымиып. – Қайда барсам екен? Әлде осы орындықтардың біріне қисая кетсем бе?.. Жоқ, ол болмас, далада түнейтіндей не көрініпті? Орын табылса, қонақ үйлердің біріне түнеп шығайын».
Ол мана жолдас жігіттердің біреуінің үйіне барып қонсам ба деп бір оқталған. Бірақ бұл ойынан тез қайтты. Мына мүсәмпір қалпында ешкімнің көзіне көрінгісі келмеді. Барғанда не демек оларға. Өзінің бишаралығын айтып шығынбақ па?
Тамыз айының мақпалдай әсем түні. Сырым қаз-қатар үйеңкі мен қайың өскен көшені бойлап, сылбыр аяңдап келеді. Асықпайды. Тұла бойын бұрын ешқашан болып көрмеген бір енжарлық билеп алған. Бір заматта конақ үйдің алдына келгенін байқады. Залға кіріп, кезекші отыратын бөлмеге жақындады. Ұзын бурыл мұрты құлағына жететін, көзілдірікті шалға бас изеп амандасты да, орын сұрады.
– Қай жақтан келдіңіз? Паспортыңызды әкеліңіз, – деді қарт мұның бас-аяғына көз жіберіп.
Сырым қалтасын қанша ақарса да, паспортын таппады, не істерін білмей, қысылып қалды өзі.
–Кешіріңіз, паспортым үйде қалыпты, – деді сасқалақтап.
Қарт мұның тұла бойына тағы да тінте қарап шықты. «Түсінікті» дегендей басын изеді.
–Үйге қайт, ұлым! Бұл жер өз үйіңнен артық емес, – деді.
Мына «данышпан» қартқа таңырқай қарап сәл тұрды да, жалт бұрылып шыға жөнелді. Ол ештеңеге де назар аудармай, басы ауған жаққа жүріп келеді. Көшенің екі қапталы – қабат-қабат тұрғын үйлер. Самсаған терезе. Көк, қызыл, сары перделер. Жоғарғы қабаттың бірінен мұңды бір әуен талып естілді. Қылдай нәзік скрипка үні баяу сызылып, жүрегіңді елжіретіп, қол жетпейтін алыс бір арманды еске салғандай. «Қуаныш та, реніш те, бақыт та – бәрі де осы перделердің ар жағында, – деген ой келді жігітке. - Кеш батып, әр үйде шам жанған кезде ғана адамдар табиғи түске енеді. Ал, күндіз бәрі де маска киеді, табиғатқа бейімделіп, бояуын өзгерткен аңдай, костюм мен галстуктың тасасына жасырынады».
Сырым көлікке мінбестен, жаяу жүре береді. Ойы бірден-бірге ауысып, әр саққа бір жүгірді. Кларамен алғаш танысқан кезін есіне түсірді. Мінезі біртоға, тұйық секілді еді-ау сол кезде. Қалай ғана беті ашылып кетті екен! Түсінбейді. Иә, қыз күнінде бұлардың бәрі жақсы... Сонда шын асылды қалай таңдауға болады, осы? Кейде бұл ақылды, жібек мінезді, қылығымен жаныңды ерітетін бір әйелдерді көргенде, «осындай жандарды жұрт қолына қалай түсіріп алады екен?» деп кәдімгідей күндейді...
Осы бетімен қанша жүргені белгісіз, бір уақытта өз үйінің алдына келіп тұрғанын байқайды. Үшінші қабаттағы шеткі терезеге көз салып еді, қараңғы екен. «Біздің үйде бүгін жарық жоқ», – деді күбірлеп. – Жатып қалған ғой, шамасы. Ермек ұйықтады ма екен? Күнде Сырым оны кеудесіне мінгізіп ойнатып, әбден шаршатып барып жатқызушы еді. Бүгін қайтті екен, жоқтап жылаған болар. Баласының тәтті қылықтары, былдырлап сөйлегені есіне түскенде, жүрегі елжіреп, жүйе-жүйесі босап кетті. Бұдан соң ұлымен мәңгі ажырасып, бөлек тұратынын ойлағанда, жаны түршікті. Жат босағада телміріп, жүдеп тұрған Ермегі елестеді көз алдына.
Сенделеп барып, есік алдындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Клараға білдірмей ұрланып қана кіріп, ұлымды көріп шықсам қайтеді деп бір оқталды. Оған тағы жүрегі дуаламады. Бір-ақ күннің ішінде өз үйіне өзі қаншалық жат болып, алыстап кеткеніне қайран қалды. «Ажырасу дегеніміз осы екен-ау» деді ішінен.
Аяғын сырпылдата басып, көрші кемпір шықты далаға. Сырымның қасынан өтіп бара жатып, әлдене есіне түскендей тоқтай қалды. Қалтасын ақтара бастады.
– Мә, мынаны әйелің беріп кетті, – деді кемпір, үйдің кілтін ұсынып жатып.
– Олар қайда кетіп еді? – деп Сырым орнынан ұшып тұрды.
– Сірә, поезбен бір жаққа барады-ау деймін, таксиге отырып жатып, «вокзалға тарт» дегенін естіп қалдым.
Сырым өз құлағына өзі сенбегендей, сілейіп тұрып-тұрып, біраздан соң селк етіп, есін жинады да, дереу үйіне қарай ұмтылды. Асығып, жүрегі аузына тығылып, басқыштың екеу-үшеуін бір-ақ аттап келеді. Қарбаласта есікке кілтін түсіре алмай әуреленді. Әйтеуір бір заманда есікті ашып, үйге кірді. Шамдыжаға салып, төргі бөлмеге жетіп барды. Тірі жан жоқ. Үйдің іші астаң-кестен, былығып жатыр. Әр жерде шашылып қалған ойыншықтарға, үңірейіп бос тұрған ұлының төсегіне көзі түскенде, жүрегін біреу шеңбектеп қысып жібергендей қан-қақсап ауырып кетті. Қабырғада Ермектің үлкейтілген суреті ілулі тұрушы еді, ол да жоқ. Күшпен үзіп алған секілді, жібінің жартысы шегеде қалыпты.
Клара хат жазып қалдырмады ма екен деп, айналаға көз салып еді, ештеңе көрінбеді. «Бұлар сонда қайда баруға тиіс? – деді Сырым аңтарылып. – Дәуде болса, Қарағандыдағы төркініне тартқан шығар».
Ол өзінің осы уақытқа дейінгі халін қазір ғана түсінді. Ұлынан айырылып бір минут та тұра алмайтынын айқын сезді. Сол кішкентай Ермегі үшін, қандай қорлыққа болса да төзетінін аңғарды. «Олар кешкі поезбен үлгеріп кете қойды ма екен?» дегенді тез ойлап өтті. Кідірместен жүгіріп көшеге шықты. Өтіп бара жатқан таксидің біреуін тоқтатып мінді де, «тезірек вокзалға!» – деді шоферға
«Үлгерсем жарар еді-ау» деп тықыршып келеді. Оған машинаның жүрісі өнбегендей көрінді. «Тезірек, тезірек» деп бір-екі рет шоферді асықтырып та қойды. «Таңертең осыншалык қатал үкімді қалай шығардым екен? – деп ойлады ол өзіне қайран қалып. – Ә, апам үшін өзімді де, өзгені де жазаламақ болған едім-ау... Қолымнан келмеді ақыры. Кішкентай Ермек үшін, қайттым бәрінен. Тек кешіре көр, анашым, сен де талай қорлыққа ұлың үшін төзгенсің. Ұлым үшін күйіп келем мендағы. Мейірімің мол еді ғой, кінәлама жалғызыңды..»
Машинаны есік алдына тоқтатып қойды да, өзі үкідей ұшып вокзалдың ішіне кірді. Залда халық көп екен. Жаз кезінде жолаушының молайып кететін әдеті. Кассаның алды қалың адам. Билеттің кезегінде тұр. Енді біреулер орындықтың үстінде ұйықтап жатыр. Сырым қаптаған жұртты көзімен тінтіп, бүкіл залды айналып шықты. Жүретін поездардың уақыт кестесіне қарап еді, Қарағандыға қарай бұдан екі сағат бұрын поезд кетіпті. Едігі поезд таңғы төртте жүрмек. «Әй, олар манағы поезбен кетіп қалды-ау, – деді Сырым, ненің болса да алдымен теріскей жағын ойлайтын әдетімен. – Балалы әйелдерді кезексіз жөнелтіп жіберді ғой әрқашан». Сырым не істерін білмейторығып көп тұрды. Енді қайтуға бет алған. Кенет оның көзі «Балалы әйелдер демалатын бөлме» деген жазуға түсті. Осыны бір қарап шығайын деген оймен солай қарай бет алды. Ең соңғы үміт. Мұның өзі бірнеше бөлме екен. Балалы әйелдер толып отыр. Бәрін қарап болып, ең шеткі есікті ашып қалғанда, «уһ» деп демін бір-ақ алды. Ермегі диванның үстінде, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Қасында Клара отыр қалғып. Ештеңені сезер емес.
Сырым бөлмеге асығыс енді де, Ермекті бассалды. Бейне көріспегеніне жылдар өткендей, бетінен, көзінен, танауынан сүйіп жатыр. Бірақ ол түк білер емес, былқ-сылқ етіп, әкесінің құшағында ұйықтай берді. Дабыр-дұбырдан шошып оянған Клара ұйқылы көзімен баласына қарай ұмтылған. Кенет Сырымды көрді де, қалшиып отырып қалды. Қабағы кіртиіңкі. Көп жыласа керек, беті талаурап, екі көзі ісіп кеткен. Бір-ақ күнде үрпиіп, жүдеп қалыпты. Күйеуін көргенде, әйелдің жүзінен бір жылы леп жүгіріп өткендей болды.
–Тұр, үйге қайтамыз, – деді Сырым, бір қолымен баласын, екінші қолымен чемоданды көтеріп, – такси күтіп тұр есік алдында.
Ол өз дауысының сәл қалтырап шыққанын байқады. Клара «ләм-мим» деп тіл қатқан жоқ. Орнынан тұрды да, Сырымның соңынан ілесіп жүре берді. Бұлар машинаға отырып, үйлеріне келгенде, сағат түнгі бірді соқты. Сырым есікті ашып, Ермекті көтеріп үйге алдымен енді. Шам жақты. Сонан соң ұлын бауырына қысып, танауынан тағы бір сүйді де:
– Ақымақ-ау, әкеңді тастап қайда кетпек болдың?.. Бүгінен бастап бұл шаңырақтың иесі – сенсің! – деп көтеріп әкеліп төсегіне жатқызды.
Осы сәтте есіктің көзінде состиып тұрып қалған Клара тез басып келді де, Сырымның мойнына асылып, еңіреп қоя берді.
– Сырым, кешір мені... Ертең екеуміз бірге барып, апамды алып қайталық, – деді өксіп тұрып.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста