МЕРУЕРТ
(Әңгіме)
Ұйқыдан оянсам, жанымда әжем жоқ екен.
Таң алакеуімнен тұрып, үйдегі ала сиырды сауып болған соң табынға қосуға әкететін үлкен шешеммен бірге оянбақ болып, білезігінен мықтап ұстап жатамын. Әр түн сайын ұйықтар алдында:
– Таңертең тастап кетпе, малды жайылымға жіберуге мен де бірге шығамын!– деп ескертіп қоямын.
Бірақ оятпай, ылғи өзі кетеді. Тұрғызып бірге ала кетпегені үшін қыңқылдап, талай ренжідім.
– Қой, онысы несі! Таң атпай әбігерленіп не көрінді. Бала деген ұйқысы қанғанша жатпаушы ма еді!– деп тыйып тастайды.
Атып тұрып, іштей кезекті мәрте нали отыра, апыл-ғұпыл шалбарым мен жейдемді кидім. Одан аяғыма албарда жатқан шарбақ шәркейімді іле салып, екі көзімді алақаныммен кезек уқалаған күйі далаға шықсам, ауладан тағы да ешкім көрінбеді. Анадайда мені байқай қалып, құйрығын бұлғаңдатып, кішкентай иесіне еркелегісі келген итім ғана тұр. Тайыншадай овчарка. Қос табанымен жер тырналап, бұғауын үзердей боп маған қарай құлшына ұмтылады. Бір орында шыр айнала қыңсылап, қасына барып басынан сипағаныңша тыншымақ емес. Былайша, қаппайтындай көрінгенімен, күшік кезінен-ақ шынжырдан босап көрмеген хайуан жанына әжем мен осы үйдегі өзімнен едәуір ересек немере ағамды және мені ғана жолатады. Жетіп барып, тікірейген екі құлақтан шап бергенімде, ол да жұлқына ырғып бетімнен бір-екі жалап үлгерді.
Қора жақ та тым-тырыс. Әжем мал қосуға кетіп қалған болды. Көйлегімнің түймелерін олпы-солпы тағып, дуал сыртына шықтым. Күн желкем. Бұл жақта маусым туса да, теріскей тұстан жиі-жиі үйіріп соғып, суық жел ұйтқып қоятын дағдысы бар.
Көршіміздің үйінің алдында бір сары «Жигули» тұр екен. Кеше Ғайша апаның үйіне қаладан немересі келеді деп еді. Теміржол стансасынан соны алып келген көлік шығар. Меруерт қой. Тура мен секілді Алматыда туған. Дәл мендей біреудің тұңғыш перзенті. Нақ мен сияқты әке-шешесімен сонда тұрады. Жаз шығысымен Қарағандының түбіндегі ата-әжесіне келіп аунап-қунап, каникулын өткізіп қайтады. (Менің жалғыз айырмашылығым – мектеп жасына жетпегендіктен көптен бері әжемнің қолындамын).
Жүрегім аттай тулап, қатты алабұрттым. Сағындырған Меруертті тезірек көруге асыққан болуым керек. Кездескенде қандай күйге түсетінімді елестете алмай абдыраған болуым керек.
Зып беріп аулаға қайта еніп кеттім. Зыр жүгіріп жүріп, есік алдындағы қол жуғыштан беті-қолымды шайып, ілулі тұрған орамалды жұла-мұла сүртіндім. Одан төргі бөлмеге кіріп, үстімдегі күнделікті ойынға киіп жүрген сарыала жейдемді сонадай жерге лақтыра салдым да, шифоньер ішінен үтіктеліп, қаттаулы тұрған футболкалардың бірін алдым. Сосын далаға қайта шыққанмын. Дәл сол сәт көрші үйде мені ешкімнің күтіп отырмағаны есіме түсті. Бірақ Ғайша апаның шалы: «Ертеңдері қаладан Меруерт келгенде іші пыспасын, көбінесе саған ғана бауыр басып қалып еді, ылғи бірге ойнаңдар! Көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз немерем ғой, жақсы бой жазып, армансыз тынығып қайтқанын қалаймын ғой» деп еді. Соны ойлап, таң атпай барғаным ұят та ма деп, әрі-сәрі күйде тұрғанымда әжем де жеткен. Мені көріп шошып та қалды.
– Ойбай-ау, тұрып алғансың ба, балам?! Сен тұрғанша келем ғой деп едім, оянып алыпсың ғой, құлыным-оу!– деп айналып-толғанып жатыр.
Мен бұртия қалдым. Өткен жолы оятпағаны үшін «лаң» шығарып, дәл қазіргідей таза киініп, үйден біршама жердегі автостанцияға қашып кеткенмін. Алматының автобусына мініп, әке-шешеме кетемін деп қорқытқанмын. (Бір жағынан, оларды да сағынғаным рас еді). Тағы да қыңыр мінезіне басып қиғылық салғалы тұр ма деп ойлап қалған әжемде ес жоқ. Біраз кергіген болдым.
– Жарайды, ашуланба. Балам-ау, сенің ұйқыңды ойлаймын ғой мен. Әйтпесе, оята салу қиын дейсің бе?!.
Анамның айтатыны дұрыс екенін де білем. Алты жасқа да толмаған баланың бостан-бос құлқын сәріден тұрып алмай күн көтерілгенше кішкене жата тұрғаны да жөн ғой. Және сиырды өріске шығаруға аса құмартқан да емеспін. Тек шешем қысқа уақыт жанымнан кетіп қалған мезгілде үлкен үйде жалғыз қалудан қорқатын да сияқтымын. Бұл кезде осы шаңырақта бірге өсіп келе жатқан әлгі ағам да болмайды үйде. Жазғы демалыстары басталған бойда көрші ауылда тұратын ата-анасына аттанады...
Біраздан соң «ашуым» басылған мен жаңа пісіріген сүттің қаймағын нанға жағып жеп, әжемнің жанында шай ішіп отырамын.
Меруерттің келгенін айтқан. Көліктен түсіп жатқанын көріп, бетінен сүйіпті. Оны әжем де сонша жақсы көреді.
– Айналып кетейін, аман жүрсе көркіне ақылы сай керемет ару қыз болады күні ертең-ақ. Тіл-аузым тасқа!– деп тамсанады.
Расында да, нәркес көздері мөлдіреген сұлу қыз. Әдеттегі қала балаларындай бірбеткей емес, инабаттылығы басым. Өте сезімтал. Сәл нәрсеге ыңғайсызданса-ақ ұзын кірпіктері төгіле именіп, аққұба жүзі лезде алаулай қалады. Және аса жасқаншақтардың қатарына да жатқыза алмайсың. Қарсы алдындағы адамның жүзіне тура қарай отырып, айтар сөзін анық, дәл айтатын мінезі де бар. Мысық немесе күшік көрсе есі шыға мейірленіп, үйіріле қалатын әдеті де қызық. Аппақ сүйріктей саусақтарымен аялай ұстап, еңкейіп отыра қалған сәтінде мойылдай қалың қара шашы төгіліп, тіптен сұлуланып кеткендей көрінеді. Әнтек күлімсірегенінде екі бетінде пайда бола қалатын шұңқыры да әсем. Киген киімі де әрдайым тал бойына қона кетіп, ерекше жарасып тұрады.
Менен екі жастай үлкен екен. Былтыр бірінші сыныпты аяқтап келген кезінде жаздай ата-әжесінің қолында болып қайтқан. Тез табысқанбыз. Үш ай бойы жұбымыз жазылған жоқ. Әсіресе, өзге көршілердің балаларына тосырқай қарап, бірден маған үйірсектегенін көрген Ғайша апа қатты таңырқады.
– Алла-ай, «Балықтың тілін бақа түсінеді» деген осы екен-ау! Бір қаланың баласы екенін қайдан сезе қояды?! Шүйіркелесе қалуларын қарашы шіркіндердің! – деп таңдай қағады.
Сол Меруерт. Бұ жолы да ала жаздай бірге ойнайтын шығармыз. Тура былтырғыдай қырға шығып, гүл тереміз. Үйдегілер рұқсат етсе, елді мекеннен сәл шалғайырақта тұрған тау-тас арасын да кезіп қайту да ойда жоқ емес. Кеніш іргесіндегі үлкен тоған шетінде балық аулап отыратын ересек балалардың қимылдарын қызықтаймыз. Олардың қайсыбірі жағада от жағып, ұстаған балығын түтінді будақтатып қолма-қол пісіріп те жатады. Соның бәрін Меруерт екеуміз қолұстаса жүріп ұзақ тамашалаймыз. Ал көңілі түскен кейбір үлкендер шақырып алып, қайықтарына мінгізуі мүмкін. Ақырын ғана жүзіп отырып, тұп-тұнық айдын түбіндегі тірлікті бақылаудың да рахаты аз болмайды...
Недәуріден соң әжеме айтып, барсам, Меруерт есік алдында апасы мен атасының ортасында күншуақтап, әңгімелесіп отыр екен. Мені көргенде қатты қуанған сияқты. Әйтсе де бекзаттық қасиетімен шаттанғанын аса байқатқысы келмейтіндей. Бәрібір биік орындықтың ернеуінен қос қолдай ұстаған күйі аппақ маңдайы жарқырап, әсем жымиып, көзінің үстінен нұрлана қарайды. Мен де қуандым, әрине. Бірақ бірталай тосырқап та қалған сияқтымын. Ә дегенде аздап тосылыңқырап, кібіртіктей бердім.
– Кел, кел! Келе ғой, жарығым!– деп жатыр Ғайша апа.
– Иә, иә, төрлет, батыр! Міне, менің Меруерт ботам да келді! Қысылма. Апасы қазір шай береді екеуіңе, – дейді елпелектеген отағасы да.
Рахмет, шай ішпеймін дегеніме де қарамастан Ғайша апа қақпайлап, жазғы ас үйдің төріне озғызған. Үсті нешеқилы тәттіге сірескен үстел жасаулы тұр екен.
Меруерт бір-бір шыныаяқ шайды ішер-ішпестен үлкен үйлеріне бастады. Маған деп арнайы алған ойыншығы мен түрлі-түсті сурет кітапшалары бар көрінеді. Соны беруге асығыпты. Ғайша апа да Меруерттің қаладан әкелген базарлығы ғой деп қояр да қоймай шалбарымның екі қалтасын шоколадқа сықап берді.
Мұнда біраз алданған соң екеуміз біздің үйге жеттік. Менің де Меруертке сыйлағым келген сан алуан ойыншықтарым бар еді. Одан соң қаладан мамам жіберген су жаңа «Әліппе» кітабымды көрсетіп, әзірше мектепке бармасам да, барлық әріптерді жақсы танып қана қоймай, әлдеқашан ежелемей оқитын деңгейге жеткенімді байқатып мақтанайын дегем. Соларды алу үшін жүгіріп төргі бөлмеге кірдім де, дереу қайта оралғанымда... екі көзім тас төбеме шығып, жүрегім аузыма тығылды. Меруерт біздің үйдің қабаған итін басынан сипап тұр!
Аптығып жүріп, о жаққа барма деп ескертуді ұмытып кетіппін.
Қайран қалдырғаны – әшейінде аулаға бөгде біреудің кіргенін көрсе ызалана ырылдап, өршелене үретін адуын ит қаршадай бейтаныс қыздың ырқына көніп, жуаси қалыпты. Бұл не құдірет сонда?! Меруерттің бетпе-бет келген жыртқыштың өзін тырп еткізбейтіндей ерекше сиқыры болғаны ма? Әлде сұлулық пен мейірімнің, кіршіксіз тазалықтың алдында ессіз дүлей күштің де бас игені ме екен?!.
Бәрібір санасыз мақұлық абайсызда қауып алмасын деген қауіппен ақырындап барып, итімді шынжырынан ұстап, екі аралықты кес-кестей бере:
– Мика, сен үйге кіре берші, мен қазір келем,– деп оның да артық қимыл жасап қоюынан сақтанып жүрмін жанұшырып.
Сол күні екі үйдің арасына кезек жүгіріп, қас қарайғанша ойнадық.
Ал ертеңіне Меруерт әкелген бір шамадан кітапша басқа да бүкіл көршілердің біз қатарлы ұл-қызына ермек болған. У-шу боп, кезек-кезек дауыстап оқып, айналаны нағыз бала базарына айналдырғанбыз.
Осындайдан соң-ақ Меруерт келгенше көбінесе бет-бетімізбен жүретін бәріміздің ұйымшыл думанды күндеріміз басталып кеткен еді. Күнде, көбінесе, ұлдар жағы қаладан келген сүйкімді қыздың маңайынан шықпаймыз. Гүл терсе де, суға барса да – жанында... Желе жортып, біресе о жағынан, біресе бұ жағынан шығып, ереміз де жүреміз.
Немерелерінің кезекті каникулы Ғайша апа мен сол үйдегі ақсақал үшін де кәдімгі мерекеге айналғандай. Жүздері гүл-гүл жайнап, айрықша мейірленіп, шырайлары кіріп қалды.
Апасы мені кей күндері кешкісін «Меруерт жалғызсырайды, кішкене қасында отыра тұрсын» деп, жатар мезгілге дейін әжемнен сұрап та әкетеді. Сонда аңғардым, кіп-кішкентай зерек қыз, қайдан оқып, қайдан естіп-біле бергені белгісіз, небір таңғажайып ертегілер айтуға да өте шебер екен. Аң-таң боп тыңдап, әлдебір сиқырлы әлемге еніп кеткеніңді байқамай да қаласың. Әңгімешінің даусы да жан баурайды.
Анадай жерде ертегіні маған қосылып рахаттана тыңдап жататын атасы:
– Балам өзіме тартқан ғой. Мен де жасымда керемет ертегіші едім!– деп масаттанады...
Немересінің демалысы әсерлі өтуіне тырысқан о кісі ертеңіне-ақ екеумізді әлдекімннің ат-күймесін сұрап алып, тау ішінде отырған жылқышылар ауылына да апарды. Қойнауында сыр тұнған құз-жартастар арасын да аралатты. Нешеме жұмбақ таңбалар бедерленген жақпар тастарды көре жүріп, осынау мүйістің таса-таса, қуыс-қуысында бітік біткен итмұрын мен қарақатқа да қарық болдық.
Биік шоқылардың басына шығып, со-на-ау көкжиекте ойнаған сағыммен бірге бұлдырап, маңып бара жататын киіктерді көру немесе көкорай шалғында мидай араласып, жайылып жатқан табын мен қой-ешкіні тамашалау да бір ғанибет екен. Әсіресе, мен үшін сусамыры мен итсигегі, сарышатыры мен сұлыбасы сыңсыған осы көрікті алқапта жан-жағына маңғаз қарап, маң-маң басқан біздің үйдің ала сиырын кездестіру керемет көрініс болды! Ал Меруертті тау ішінде қоңырауларын сыңғырлатып күймемен жүрген бізді көріп, «Бұлар неткен адамдар?!» дегендей қайран қалып, аузы аңқиған күйі алақанымен шақырайған күннен көзін көлегейлеп, уақытша қазып алған жеркепесінен белуардан ғана қылтия қараған бақташы баланың кескіні ойран-асыр қылған секілді.
– Немене, ана бала осы жерде тұра ма?!– деп таңырқайды.
Осындай қызықтармен жүріп, жаздың өткенін де аңдамаппыз.
Бір күні Меруерттің қалаға қайта аттанатын кезі де жеткен. Ұзамай әке-шешем мектепке береміз деп, мені де Алматыға алып кетті.
Бірақ мен сол жаз Меруертті соңғы сәттер көргенімді білмеген екем...
Бірінші сыныпты бітіргенше, неге екенін қайдам, қысқа маусым ғана қатар жүрген бүлдіршін құрбымды сонша сағынғанымды білсеңіз! Тіпті, сабақ аяқталып, елге оралатын сәт жеткенше дегбірім қалмады.
Әкеммен бірге жүрдек автобуспен ауылға салып ұрып жетіп, үйге кіре сала әжемнен Меруерт келді ме екен деп сұраппын ғой. Маңдайымнан сүйіп, ұзақ аймалап, жүзіме ойлана қараған ұлы анам ауыр күрсінді. Бірақ сұрағымды жауапсыз қалдырған. Сөйтсем, Меруерт әлгі күзде сабағына кіріскеннен кейін арада екі-үш күн өткенде ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Біреу алдап алып кеткен дейді.
Мән-жайды түсінген соң Ғайша апаның үйі жағына жоламауға тырысқанмын. Мұндайда барлық сәтсіздікке өзің кінәлідей сезінеді екенсің.
Әйткенмен, ертеңіне Ғайша апаның шалымен ұшырасып қалдым. Еңселі-ақ кісі еді. Бір жапырақ болып шөгіп, мүлде әбіржіп кетіпті. Мені көрсе де қарамай өтіп кете ме деп ем, жоқ, бұрылып келіп, қолымды алып, кекілімнен сипады. Алайда тіл қатқан жоқ, біраз үнсіз тұрған соң кемсеңдеп, теріс айналып кетті. Ал апай далаға мүлде шықпайтын болыпты. Бүк түсіп жатып қалған көрінеді.
Әжемнің айтуынша, әке-шешесінің Меруертті іздемеген жері қалмаған. Ұрлаған адам жас қызды көптен бақылап, қызығып жүрген секілді. Әлдекімдердің болжауынша, оны асырап алу мақсатында әкеткен. Ғұмыр бойы бір перзентке ғана зар өте дәулетті неме баланы алып, шетел асып кетуі де ғажап емес деп сәуегейлік жасайды әлдекімдер. Бейшара қайтсін, өзі аса жаман да адам емес сияқты дегендер де табылды. Бәрібір оның әрекетін толықтай құптаған да ешкімді байқамадым. Көпшілігі бірауыздан: «Бүкіл бір әулеттің шаттығына... Бүкіл өмірінің мәніне қол сұққан не деген қаныпезер! Не деген қарақшы ит!» деп қатты күйінді.
Меруерт жоғалғаннан бастап-ақ біздің ата-мекеннен де береке қашқан. Бағалы кен өндіретін шахта-фабрика жабылған соң тұрғындар көршілес қалаларға жаппай көше бастады. Сөйтіп айналасы төрт-бес жылдың ішінде атағы дүрілдеген үлкен кеніштің оннан тоғызы жермен-жексен болды. Қазір әлгі екі араға кезек жүгіріп, біз ойнап жүретін үйлердің іргетасы да жоқ.
Елге үш-төрт жыл аралатып оралған сайын алдымен баяғыда Меруерт екеуміз гүл теретін қырға шығамын. Сенсеңіз, сол алқапта гүл де өспейді бүгінде. Жел азынап, құлазиды да жатады.
Үлкен шешем де о дүниеде. Әжем кеткелі ауылға тым сирек соғатын болғамын. Ал мүлдем дерлік хабарсыз кеткен баланы ол жақтағы ағайын-туыс та қашанғы жақын тартсын.
Сәтсіздік атаулыны жек көрем. Тіпті, жейдемнің түймесі түсіп қалса да, біразға дейін мазам кетіп, тұнжырап жүретін мінезім бар. Ұсақтықтан емес, әрине. Көңілге қымбат асылдарымнан жастай ажырап, жан күйзелткен нәзіктігімнен, бәлкім.
Дүниедегі ең қауіпті айуан – адам деуші еді. Меруертті әкеткен қатігез... тасжүрек біреулер менің де қуанышымды ұрлаған екен...
Кейінде әжемнің қолында өзіммен бірге өскен ағама да сирек хабарласамын. Ол өзінің ауылында тұрады. Той-томалақтан... немесе әлдебір отырыстардан қызыңқырап шықса, дереу маған звондайды. Келмей кеттің, әбден ұмыттың деп ренжиді. Түрлі сылтау айтып, сәті түскен бойда құстай ұшып жетем деп, әрең келтіремін сабырға...
Ата-баба қонысына бармағаныммен, жұмыс барысымен жан-жаққа жиі шығамын. Қай қалаға, қай аймаққа барсам да, көп ішінен көзімнен бұл-бұл ұшқан бір бейнені іздеймін де жүремін. Жымиғанда бетінде сәл ғана шұңқыр пайда бола қалатын нәркес көзді қыздарды кезіктірсем, Меруерт емес пе екен деп елеңдеймін.
Шіркін, Меруерт! Қайда жүр екенсің сен?! Жанымның бір бөлшегі... Жүрегімнің жақұты...
АЩЫ АЛМА
(әңгіме)
Есін енді ғана еміс-еміс біліп қалған балғын шақ. Бірақ кейбір қадау-қадау көріністер көкірек сарайында күні кешегідей-ақ сайрап тұр. Қаланың шеткері аудандарының бірінде пәтер жалдап тұратын әке-шешесі бұл оянғанша жұмыстарына кетіп қалады. Қожайын жайымен жапсарлас аядай жер тамның қараңғылау түпкірінде тымпиып жататын бұл ұйқысы қанып оянған сәтте босағаға сүйеніп өзіне қарап тұрғын кемпірдің сұлбасын көреді. Төбесіндегі жаулығының шетінен бурыл шашы дудыраған сықпыты қорқыныштылау адам.
Кішміштей бет-аузы терең әжімнен айғыз-айғыз. Сұп-суық сұрғылт жанары үрей ұшырады. Күндегі сурет осы.
Шешесі оған баласына бас-көз болуды қатты қадағалап тапсырып кеткен.
Әрине, ол еңбегінің де ақысын жемейтін болуы керек...
Кей күндері кемпір екеуі қатар-қатар жайғасқан кино кино көрерменінше ауа сыртындағы кеңістікке телмірген күйде алақандарын тізелеріне қойып күн ұзақ отырады.
Зейнеткер қария мен мектеп жасына жетпеген бала бұдан басқа не істемек?
(Кейін ойласа, ол бір базардан қайтқан, бірі о жаққа енді ғана бет түзеген екі адамның дәл жолдары түйіскен тұсы екен).
-Әй, аштың ба көзіңді? Тұр! – дейді табалдырықта тұрып зіркілдеген кемпір. –Бар беті-қолыңды жу! Киін! Бол!
Қаршадай баламен үлкен кісіше сөйлесетіні қызық. Мінезі де шәлкем-шалыс, қатал, бір-түрлі қырсықтау жан. Ешкімді жақтырмайды. Өткен-кеткенді сынап-мінеп, тіпті, аузын жыбырлатып жазықсыз қарғап-сілеп отырады. Дегенмен, қасында томпаңдай жүгіріп, апалап, отырғысы келсе орындығын дайындап, сүйенетін таяғын тауып беріп қолғанат болатындығынан ба, неге екенін, анда-санда бұған мейірленіп қалатын сәттері де жоқ емес. Кейде:
-Кішкентай ғана ақылы бар! Адам бол тіпә-тіпә! – деп сүйсінеді.
Сонда да зекіп сөйлейтін дағдысын қоймайды.
-Әй, мә! Ал, мына тиынды! Нан алып кел. Шай ішейік! – дейді бір мезгілде.
-Бұл кісінің бір әдеті – артылған нан қалдықтарын тастамайды. Кептіріп қап-қап қылып жинап қояды. Бірде мұның шешесінің: «Апа, мұнша қатқан нанды қайтпекшісіз?» деп таңырқай сұрағаны бар. Сонда кейуана көзі ежірейіп: «Ей, ессіз қыз қыз-ау сен не білуші едің? Сақтықта қорлық жоқ – аштық айтып келе ме! Кешегі отыз екі қайта сап ете түссе көрер ем қайтпекшіңізді! Өй-й, санасыз жаман қыз» деп кейіген-ді.
Тағы бір дағдысы – күзге қарай ауласыцндағы үш-төрт түп алма ағашынан үзіліп түскен жемісті де «іске асырады». Қидалап, турап, оларды да өзі тіккен дорбаға салып, қатар-қатар етіп шатырға жайып тастайды.
Бұл жүгіріп барып есік алдындағы дүңгіршектен бір бөлке нан алып келеді. Үй төбесі төмен және терезе шағын болғандықтан, қыста күн шақырайыа тұрса да, кемпірдің ас бөлмесі қаракөлеңке тартып тұрады.
Екеуі дөңгелек тапал үстелдің шетінде ләм-мим деспей ұзақ отырып шай ішеді. Әлден уақытта қария: - Е-е айтпақшы, мә! Мынаны баған шешең тастап кеткен. Же! Мен бір сені аш қалдыратындай... Бейшара қыз күнде сөйтеді. Менің де немерелерім бар емес пе! – деп ірге тұсындағы тартпадан қалың етіп май жағып, бетіне ұсақ қант сепкен бір кесек нанды алып ұсынады.
Бала «Немерелері қайда екен? Неге келмейді?!» деп ойлап қояды. Одан ауылдағы әжесі есіне түседі. Бұл мұнда келгенше бірталай уақыт соның қолында жүрген. Әкесі екеуін Алматыға кетіп бара жатқанда жолға ұзатып шыққан әжесі үй жанындағы көпірдің үстінде мұны кеудесіне қысып көп тұрып еді.
Үнсіз егіліп, ұзақ аймалаған. Қазір оның күн қақты қоңыр шапанының иісін де аңсайтындай. «Әжем не істеп жүр екен? Қашан барар екенбіз?!» деп қиялдап кетеді.
Ал, енді бар! – дейді кемпір осы кезде селк еткізіп.
-Ойна! Мен азырақ тынығып алайын. Шығып бара жатқанда тағы үн қатады: - Сухар жейсіңбе ей? Әйтпесе, алманың қағын жеңдер! Албарда толып тұр. Алып жей беріңдер!
Кепкен нанға құштарлығы жоқ. Татып көрген. Дәмсіз. Алма қағын да жеген. Дұрыс кептірілмегендіктен бе, көк татиды. Кермек пе... Жоқ қышқыл. Қышқыл да емес, шіріген көктің дәмі. Сондықтан, оған да жоламайды.
Үнсіз ілбіп, әлгі бір жапырақ нанын ұстап аулаға шыққанында шарбақтан мойнын қылтитып, бұған күлімсірей қарап көрші үйдің өзі құралпылас қызы Алена күтіп тұрады. Алтын түстес шашын екі бұрым етіп өріп қойған сүйкімді, секпіл бет қыз. Оның да ата-анасы жұмыста. Ол да кәрі әжесінің қарауында қалған.
Сондықтан мұның қолындағы нанды бөліп жеп алған екеуінің жұбы кеш батқанша жазылмайды. Үй ойнайды, топырақ үйеді, әткеншек тебеді - ермек көп.
Жұмыстан әке-шешесі келген кез ең бақытты сәттер. Сүреңсіздеу, күңгірттеу лашықтары олар келгенде шуақтанып, гүл-гүл жайнап кетеді.
Әкесі тұйықтау жігіт. Кісі есігінде жүргені жанына бататын болу керек, тіршіліктің өзге де мұңы көп, көбінесе албар терезенің түбіндегі ескілеу креслода темекісін тартып, қоңырайып қағаз қарап отырар еді. Шешесі – мұғалім. Түн ортасы ауғанша шұқшиып, дәптер тексереді. Бұл соның жанына жайғасып алып сурет салудан жалықпайды.
Шешесінің әкесіне қоятын үйреншікті сұрағы бар:
-Ақшаларыңды қашан берер екен?
-Білмедім беріп қалар.
-Тезірек берсе жақсы болар еді?
Бір кезде қожайын кемпір екі орталарын бөліп тұрған қабырғаныц ұрады. Ол «Сағат он екі болды. Жарықты өшіріңдер!» деген сөз... ылғи осы.
Бір күні аяқ астынан жүрег қысқан кемпір жан тәсілім етті.
Оның немерелерін сол кезде ғана көрген. Жалғыз өгей қызынан туған балалары екен. Мұның өлімін ғана асыға күтіп жүрген адамдар сияқты, қартты апыр-топыр жерлеп келе салысымен бұлардан пәтерді босатуда талап етті. Сатпақшы көрінеді...
Кейінірек бұлар да баспана алған. Әкесінің қызмет орны берген еді. Бірақ оған дейінгі қаншама пәтер ауыстырулар естен кетер ме? Сабылып жатаханадан жатаханаға көше жөнелу мұны да мезі етіп, жұдырықтай жүрегін сыздатқан-ды. Шегедей болса да, баспанасыздықты бұл да түйсініп, кей құрбы-құрдастарынан кәдімгіше қысылатыны да есінде. Сәл жасқаншақтау болып өскені де сондықтан ба?
Қазір зіңгіттей жігіт бұл. Тым жуас деуге де келе қоймас. Талай ашынған, талай қайраттанған...
Кенет баяғы Аленаның еске түскені. Қандай қыз болып өсті екен ол? Нағыз сұлу шығар. Таныр ма еді мұны? Нан бөлісіп жер ме еді?! Қызық бәрі. Аузына кемпір марқұмның қышқыл жеміс қағының дәмі келгендей болды. Қышқыл емес, көк татыған ащы дәм. Алма да ащы жеміс қой. Тірлік те бірде кермек, бірде тәтті...
Ол бала құрбысы Аленаға барып қайтуға бекінді.
КЕЛЕСАУ
(Әңгіме)
Аурухананың жүйке ауруы бөлімшесінде төсекке таңылған бір қыз жатыр. Палата іші тар. Қара көлеңке, терезе сыртындағы өмір де сүреңсіздеу. Мезгіл қағтардың соңына ауысқанмен, Алматының ауа-райын адам түсініп болмайды: екі күн бойы қар орнына жаңбыр жауған. КҮн бқлыңғыр. Жер көк тайғақ.
Әсемді бұл бөлімшеге кеше түнде алып келген.
***
Жатахана. Гүлназ ащы айқайдан шошып оянды. Сипалап жүріп электр тетігін әрең тапқан. Қасында төрт жыл бірге оқып, бірге тұрған құрбысы өзі-өізмен арпалысып, сандырақтап жатыр. Тұла бойы бұлауға түскендей қара тер. Гүлназдың аузына:
«Біссіміллә, біссімілләдан» - басқа сөз түспеді. Мұндай жағдайды бірінші рет көруі. Қатты шошыған.
-Жаным, Әсем, не болды, тұршы! Бісімміллә,біссіміллә! Бұлқынып жатқан Әсем есін жия алмады. Гүлназ жатахана кезекшісі мен жедел-жәрдем қызметкерлерінің қашан келіп, қалай кіргенін де аңдамай қалды.
***
Бастапқыда бәрі де әдемі басталған еді. Мектеп бітіру кеші, тамылжыған әуен, жүздері бал-бұл жанған албырт жастар.
Көп ұзамай-ақ үлбіреген үміттерін үкілеп ару Алматыға да келген. Қаптаған талапкерлер, жаңа достар, жатахана, студенттік өмір...
Әке-шешесі Әсемнің алдындағы екі баласын оқытпаған болатын. Жағдайлары да келе қоймаған, оның үстіне ұлдары оқуға онша құлықты емес-тін. «Екі қолға бір күрек – оқу не керек, ден сау болса, бір жерден шығар», - деп мазалай қоймаған. Қазір ағайынды екеуі үйдегі азын-аулақ аша тұяқты бағып ауылда жүр.
Алматыға Әсемді әкесі ертіп келді. Әуелде үлкен үміт арқалап келгенін жақсы сезінген қыз қолынан кітап түспей күні-түні дайындалды. Межелі күнге жетіп, қабылдау комиссиясы төрағасының қолынан «несие бөлімге қабылданды» деген бір жапырақ қағаз алып шықты.
Басында әжептәуір қобалжыған ата-ананың қуанышында шек болмады. Жиған-тергенін шашып, той қылды.
Ағалары да мәз, арақ аңдып, құтты болсын айтып келген қуларды армансыз суарып, өздері де қоса ішіп, көңілдері тасып, жалғыз қарындастарының оқуға түскенін аянбай «жуды».
***
Жатахана бөлмесінде Әсемнен өзге ешкім жоқ, қолында кітап, оған көңіл аударып отырғаны да шамалы, алыстағы ата-анасы мен ауылын аңсап, жападан жалғыз елегізіп отыр. Соңғы кездері бірталай еңбекпен түскен оқуын тастап та кеткісі келетін ойлар қылаң бере бастаған. Оны бір бөлмеде тұратын құрбысы Гүлназға ғана айтады. Ол мұны мазақтап, келемеж етеді.
-Ауылға қайта барғанда не істейсің, дүниеде Алматыға жететін жер бар ма?! – деп тамсанады.
***
Қазір Гүлназ түнгі клубқа бармақшы болып дайындалып жатыр, күні бойы ұйықтаған. Әсем тағы да жалғыз қалмақшы.
-Жоқ! – деді ішінен – күнде жіпсіз байланып отыра беремін бе, Гүлназбен барамын, - деп шешті. Алматыға келгелі қала аралап көрмегені де рас еді. Жатаха мен оқу корпустарының арасындағы жолды ғана біледі.
-Гүлназ, сенімен барайыншы! – деді бір кезде қиылып.
-Саған баяғыда айтпап па едім, өзің ғой бармай жүрген... – деп қуанып кетті құрбысы. Сөйтті де:
-Мә, бойжеткен басыңмен өмір-бақи боянбай жүрмекпісің! – деп, опа-далаптарын Әсемнің алдына тастай салды. Енді екеуі таксилетіп түнгі клубқа қарай тартып келе жатыр.
Ісем аяқ астынан таңғажайыпертегілер еліне тап болғандай қайран қалды. Оны қала жастары үймелеген түнгі клубтың көрінісі бірден-ақ аң-таң қылған. Гүлназды мұндағылардың көбі таниды екен. Қалай танымасын, күнде... түнде осы жерден шықпайды. Бір мезетті құрбысын енгезердей бір жігітпен таныстырып үлгеріп, соның қолынан ұстатып кеткен Гүлназдың өзі көзді ашып-жұмғанша қара-нөпір би алаңына еніп кетті.
Жігіттің аты Марат екен, осынау «мекемеде» абыройсыз еместігі де байқалып тұр, жан-жағында құрақ ұшып жүрген даяшылар мен өзге де қызметкерлерді қолдың қимылымен-ақ жұмсап отырған сері жігітті тал шыбықтай бұралған қыз бірден ұнатты.
Алдарына шағын дастархан түрлі таңсық тағам мен арақ-шарапқа толып кетті. «Қандай тартымдылық, не деген қолы ашық жігіт?!» - деп, Мараттың әр қимылына қызыға қарап отырған Әсем өзіне құйылған жеміс шырынын сызыа отырып сыздықтата тартуға кіріскен. Әрине, ол ішіп отырған сусынына күшті шарап қосылғанын білмеген еді. Көп ұзамай-ақ көз алды гүлдей жайнап, дүние құлпырып жүре бергендей болды.
-Қандай ғажап! – деді іштей.
Марат биге шақырды...
Осы күннен бастап сабақ та, әке-шеше үміті де бірте-бірте естен шыға бастаған еді. Күнде клуб, кафе, қымбат сыйлықтар балаң қыздың басын айналдырайын деген. «Қала деген осы екен-ау, қандай тамаша...», - деген қиял баураған.
Күлімдеп күндер, ағындап айлар, жылжып жылдар өтті. Кешегі ата-ана үмітін арқалап келген бірінші курс студенті төртінші курстың белді бір студенті атанды. Әрине, емтихан мәселесін әлгі жігіттің көмегімен шешкен.
***
Әсемнің қазіргі күні күн емес. Марат тастап кеткен. Әсемді ғана емес, екеуін де...
Қыз талай жалынды: «Әке-шешем түсінеді, сенің айтқаныңнан шықпаймын, үйленейікші!» - деп өтінген. Бірақ маңғаз жігіт көнбеді. «Ақымақсың, бала менікі емес, басқа біреудікі, жөніңді тап, менде шаруаң болмасын», - деп, өзіне пәле жапты.
Күндегі әдетінше Әсем бүгін тағы жылап жатыр. Гүлназ тағы кеткен. Тағы да түнгі клубта шайқап жүрген шығар...
Түс кезі еді, есік қағылды, көрші қыз екен. Бірден:
-Әсем, мен сенің қиналып жүргеніңді байқап жүрмін, саған көмектескім келеді, - деп аяушылық танытты...
Жанарынан үміт оты жарқа ете қалған қыз қалай көмектеспексің деген сұраулы жүзбен көрші қызға таңдана қарап қалыпты.
Екеуі бөлме есігінің ілгегін салып қойып әңгімелесті. Әсем ойланды, «сөйту керек екен, басқа амал жоқ», - деп шешті.
Ертеңіне көрші қызбен қала сыртындағы қирап бітуге айналып, иесіз тұрған екі қабатты үйге келіп кірді. Ішіндегі бекүнә нәрестені жасырын түрде жоқ қылмақшы...
Әсем ұйықтай алар емес, әр нәрсені ойлап жатып көзі ілініп кетті, түс көріп жатыр.
Кең дала, ашық аспан, жүгіріп келеді. Артына бұрылса, соңынан бір топ нәресте ілескен, не үшін қашып жүргенін өзі де түсінер емес, артына жанұшырап тағы көз тастаса, әлгі сәбилер жыртқыш аңдарға айналыпты, жүрегі аузына тығылып алқынып кетті... Алыстан өз үйі көрінді, әке-шешесі, ағалары тұр, әрең жетіп, үйге, өз үйіне кірмекші болды, есік тарс жабылып, үйі табаны ауғандай алыстай берді, жете алар емес. Әсемде зәре жоқ, артынан шұбыра қаптап құбыжық кейпіне енген бүлдіршіндер енді мұны тарпа бас салды, ойда-жоқта қамау мен талауға арбалған қыз шыңғырып жіберді.