Ерболат Баятұлы: Жұмақ әуені

Жат келін
(әңгіме)

Қарашаның қара суығы өңменінен өтеді. Солтүстік батыстан азынай соққан жел қойны-қонышын тінтіп, қалтыратып жіберген. Басын ораған ескі түбіт шәлі болмаса, көнетоз драп пальтоның етегінен кеулеген сумақай суық жел өне бойын түгел аралап, сүйегіне жеткендей сезінеді. Оң қолының қарына ілген көк түйіншек те желмен бірге ұйтқып, ілгері басқан аяғына әжептәуір салмақ болып келе жатқандай. Күн әлдеқашан екіндіге қарай еңкейген. Мидай далада көз тоқтатар ештеме жоқ. Қураған қурай мен селеудің ызыңы мынау сүреңсіз даланы онан бетер сұрықсыздандырып, жапан түздегі жалғыз адамға үрей шақыратындай. Әредік болса да бұта түбінен қорғалай көтерілген суықторғайлар ғана меңіреу даланың тіршілігінен әлсіз хабар беретін секілді. «Аманқарағайға аман жетсем!» – деген жалқы тілек қана жаяу жүргіншіні дедектетіп әкеле жатыр. Ертерек шықпағанына енді өкінген сыңайлы. – Бәдіш-ау, бір түнге сен де шыдарсың, біз де шыдармыз, ертең елең-алаң да шықсаң жөн еді, - деген абысынның да өтінішіне құлақ аспаған еді. Расында енді бұған қарайлап тұрар не жай бар? Не үміт, не қайыр қалып еді? Мұның айтқаны, «Мені Аманқарағайға таман жеткізіп салатын адам табылмас па екен?!» деген жалғыз өтініш болатын. Қарасақал қайынағасы болса, кешегі әңгімеден кейін жауар бұлттай түнеріп жүріп, ақыры торы атын ерттеп, үйінен кетіп қалған.
Кеше кешкісін ел аяғы саябырсыды-ау дегенде сығырайған білте шамның айналасына сайтан көбелектей ұйлығысып отырғандардың ішінен тамағын кенеп алып, сол қайын ағасы сөз бастаған. - Қарағым, Бәдіш, мына заманның сиқын көріп - біліп отырсың. Зауалы мен зардабын бізден де сен жақсы білесің. Түбі қайырлы болсын, түсініксіз бір уақыт болды ғой. Сенің осында келгеніңді біреулер сырттан әңгіме қылып жүрген көрінеді. Иә, солай деседі... Кімнің аузына қақпақ боламыз... Біздің де жағдайымызды көрдің, шықпа, жаным, шықпа деп, сауысқанша бір шоқып, екі қарап отырғанымыз осы. Әркімнің тірлік тілеуі өзіне. «Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ» деген... Ренжімесең осы үйден кеткенің дұрыс. Қысқасын айтқанда жазықсыз жаламен менің де кеткім келмейді. Мен сондай жағдайға душар болсам мына көген көздердің күні не болмақ – деп, пеш түбінде отырған осы тоқалынан туған төрт баласын иегімен нұсқай сөйлеген. Оң жағында отырған бурыл сақалды да: - Е, сенікі де жөн сөз. Құдайдан сұрап алған кімнің екі жаны бар дейсің. Бірдің нәлеті көпке тиіп жатқан заманда ауызыңды бағып, артыңды қысып отырғаннан дұрысы жоқ. Келін оқыған адам ғой, жүйелі сөзді түсінер. Анау Алматыдан іздеп, осы ауылды тауып келген де, мына тұрған Аманқарай дегенің сөз бе екен тәйірі?! Бірдің қырсығы мыңды алмасын деп, біз осындай шешімге келдік, келін-жан, - деп аузын қиғаштай бұрап сөйлеп, тоқ етері осымен бітті деген сыңай танытты. Солай десті де орындарынан түп қопарыла көтерілген қорқынышты үш көлеңке есікке қарай беттеген...
Атар таң ұзаққа созылған. Кірпігі айқасапай көп жатты. Ішіне тығылған өксік пен қорлық удай ашытып, жүрек басына тұрып алған. Көзден шығар бір тамшы жас та жоқ. Басынан мұндай зілмауыр, азапты түндер талай өткен болатын. Бірақ дәл осы түндей үмітсіз, қорқынышты, мейірімсіз уақытты бұрын сезбеген секілді. Көрдей қараңғы, аласа сабан үйдің бір бұрышында жатқан сорлы әйел жел айдаған қаңбақтай тағдырына тағы да лажсыз көніп, ертеңгі күннің өлмеусіреген жетім сәулесіне үміт еткен-ді. Өлмегесін тірі адам дегенің осындай сорлы екен ғой. Ажал аранын ашып төніп келмесе, жан далбаса әрекетімен ит тірлікке көніп жүре береді екен-ау?! Жанталас өмір, жансебіл сірілікке әбден үйреніп, соған еті өліп кеткендіктен де болар, анау-мынау қиындыққа бордай егілгенді қойған қазір. Балалар үйіне беріп кеткен жетімек қызы Шолпанды еріксіз ойлады. Енді бұл Алматыға қайтып орала ма, байқұс қызды көре алама, ол жағы тіпті бұлдыр. Ол не күйде жүр екен. «Ұзақ жолдан аман-есен оралып, өзіңді алып кетемін, қызым!» - деп өзін де, оны да сендіргені қайда?! Көкірегі қарс айырылды. Жазықсыз абақтыға қайта жабылған күйеуінің айтуымен ағайын-туыс сағалап келгендегі күні мынау болды. Енді ағайыны да жау көріп, жат санап, жатырқай қарап, қиын сәтте жалт берген жоқ па, міне?! Бұлардың пәлесі жұғады екен. Олардың аман қалуы керек екен... Бұл не болса да осы ауылдан қарасын батырмаққа бел буған. Бірақ қайда барады? Күйкентайдан зәбір көрген торғай екеш торғайды да паналатпаушы ма еді бұл қазақ? Анау жылы «қара басып істі болдым, құтқар да құтқар!» деген қара сақал осы қайын ағасын ояздық милицияға айтып жүріп, Итжеккеннен аман алып қалған жары Ахмет емес пе еді?! Үш-төрт ай амалдай тұрса, арғы жағын тағы көрер еді ғой. Көк өзекке де ілінер еді. Алақұйын заманның да ырқы бір ыңғайға келіп қалар деген үміт те жоқ емес болатын. Алайда, осы соңғы «қара боранның» қарқыны тым қатты екенін байқаса да, көңілі сенгісі жоқ. Шынымен де бұл дүние бұлардан теріс айналып бара ма?! Бұл кешкі әңгімеде тіс жарып бір ауыз сөз де айтқан жоқ. Жыртық пештен жылт-жылт етіп көрініп, айналасына болмашы сағым ойнатып жатқан сумақай жалынға меңірейе қарап тілсіз отырған. Барлығы түсінікті ғой, бұл не десін. Ойына оралғаны қазақтың жалғыз мақалы болды. Ол – «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді». Таң алдында ғана көзі ілініп кеткен екен. Түсінде ақ жейделі күйеуін көрді. Сақал-мұрты өсіңкіреген, жүзі шаршаңқы, қабағында кейіс бар. Әлдебір ұзақ сапардан оралған сыңайлы. Қайтадан кетемін дейді. Қоңыр қоржынның түбін тінтіп жүріп, нарттай қызыл алма ұсынды. «Алматының апорты ғой, мынаны саған әкелдім», - дейді. Бұл енді қолын соза бергенде қайын ағаның даладан естілген қаһарлы дауысынан оянып кетті. «Мені Аманқарағайға жеткізіп салатын адам табылмас па екен?!» деген ақырғы өтініші де аяқсыз қалды. Ажары солғын болса да, аздап ақылы бар абысыны, «Бұл елде есі дұрыс біреу қалды дейсің бе, түге! Жақынын жау санаған өңшең боқташақ!» - деп ер адамша ызбарлы дауыспен күңк еткен де қойған. Мүмкін бірі болмаса бірі арбалы атпен кеш қараңғысында алып шығар деген сенімсіз үміт те болмай қойған жоқ еді. Естияры бар ел ғой бұл! - деп ойлап еді. Жоқ, бұл жаман қателесіпті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген осы екен ғой. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деп пе еді қазақ?! Қарашаның ертерек еңкейетін ірің көз күні Қызбелдің арқасына асылғанда қараша үйден амалсыз жалғыз жаяу аттанып бара жатқан «жат келінді» есік алдында еріксіз шығарып салып тұрып, көк түйіншектің ішіне талқажау етер үш шақпа құрт пен жарты күлше салған абысыны «Алла жар болсын!» айтып қалған болатын. Осы сөз де бұған қанат бітіргендей болып, көз ұшында мұнартып, суық ауада бұлдырап көрінген терістік жаққа адымдай жөнелген. Артына қайырылып қараған да жоқ. Иә, мұның кімі қалып барады...
Қас қарая бастады. Айналаны түгел қымтаған қою қараңғылық аждаһадай жұтып қойған. - Тек бағытымнан айырылып қалмасам болды - деген әйел жанұшыра безектеп келе жатқандай көрінді. Жоқ, мұның аяқтары қоюлап, белі үзіліп әншейін әзер ілбіп келеді екен. Сол жақ етігінің сірі өкшесі бір жағынан қажап ауырсынған аяғын демалдырған болып, аз-кем аял қылады. Шоқаңдап тағы жүреді. Малта құртты ұртына салып, соны сорып келеді. Әлсірегенін енді сезген. Аспанға қарап еді, бағыт айырар Жеті қарақшы да көрінбейді. Суық жел үрлеген қараңғы қапастың ішінде қалғандай. Жүрегін үрей билеп, денесі онан әрі қалтырағандай болды. Түбіт шәлісін қымтана орап, жұқа қолғап киген сол қолымен өңірін қаусыра ұстап алған. Ентігін басып, тың тыңдап сәл тұрғаны сол еді, алыстан бөрінің ұлығаны, әлде баланың жылағаны сияқты жағымсыз үзік дыбыс естілген сыңайлы болған.
– Астағфиралла! – Дауысы оқыс шығып кетті. Арқаның мидай даласында үйір-үйірімен жүретін түз тағылары туралы талай әңгімелерді естіген. Мына заманмен бірге ол да құтырып, ыңыршағы шыққан шалғайдағы елді қан қақсатып, бірі-екілі тұяқтарын жәукемдеп кеткені жайында кеше ғана ауылдағылар айтысып отырған болатын. Біраздан кейін қорғалап Ай да туды. Желмен жөңкілген ала шұбар бұлттардың топаны азайса, Ай да аспанның әнеу шетінен күміс табақтай боп көрініп, көңілге медеу болады екен. Осының алдында ғана ат шашасынан түскен қарды жел ұйтқыта боратып жатыр. Бұтаға сүрініп әйел етпетінен бір құлап та алған. Жан дәрмен орнынан тұра салып, ілгері жүрген. Ана жылғы Томскдегі айдаудағы жылдар мұның денсаулығына қатты тиген екен. Екі өкпесі қысып, ентігіп, зорға келеді. Алқынған жүрегі де аузына тығылып, бір жағынан шөл қысқандай тамағы кеберсіген. Сонда ғана құтыға құйған сүт есіне түскен. Тұра қалып түйіншекті ақтарып, құтыдағы сап-салқын сүтті лақылдата жұтқан. Әлденгендей болған әйел енді қозғала бергенде, анадайдан екі от жарқ еткендей болған. Иә, кәдімгі жарқыраған қос жанар! Көзін уақалап-уақалап жіберіп, қайта қарап еді енді ол төртеу секілді болып көрінді. Төбесінен суық су құйып жібергендей бар денесі бір сәтке мұздай болып қатты да қалды.
– Иә, қасқыр ғой мынау! - деген қорқынышты ой сап етті. - Астағфиралла! Осы сөз аузынан тағы шығып кеткен. Мүмкін елес шығар. Жо-жоқ, енді алтау-сегіз, он-он екі болып жамырай жарқыраған. – Үйірлі қасқырға жем болған деген осы. Сорлы басым айдалада ит-құсқа жем болып, қаңқа сүйегім де қалмайтын болды ғой - деген үрейлі қорқыныш алпыс екі тамырын қуалай тарап, төбе шашын тік тұрғызған. Басы айналып, алақұйын меңіреу дала жарқыраған отты көздерге толып кеткендей сезілген. Қауқар қыларға дәнеңе жоқ. Қалтасына салған шолақ қара пышақтың сабынан тас қылып ұстап алған. Ыстық қан шекесіне теуіп, жүрегінің қатты соғысын миымен сезіп тұр. Қатты, қайратты азу тістерін шықырлата қайраған. Бусанып терлегендей болды ма кім білсін, ескі түбіт шәлісін желкеге қарай ысырып тастап, пальтосының өңірін ағытты да пышақты ұмсына ұстаған қалпы жақынырақ тұрған отты жарыққа қарай бар дауысымен айқайлай ұмтылған. Қатты қорыққанда адамның долырып кетені рас екен-ау. Әйелдің ащы, қайратты дауысы түннің қараңғы пердесін тіліп түскендей болды. «Ол да маған қарай атылатын шығар» деп ойлап еді, бірақ әлгі жарық кенеттен зым-зия жоғалып кетті де, алыстау жерден қайта жанды. – Жоқ, бұл қасқыр емес! Шайтан шығар!
- Биссимилла! – Әйел осы сөздің аузынан қалай шыққанын аңдамай қалған. Енді бір сәт о, тоба, ішінен «Спаси бог! Спаси бог!» деп жалына тіл қатқанын анық білді. Жоқ, бұл мұсылмандықты қабылдап еді-ғой, енді мұнысы несі?! Дір-дір еткен саусақтарын ойымен тауып ала қойды да, алақанына күбірлеп дұға оқыған. Бойы сәл жеңілдеп қалғандай болған соң, жасқаншақтана тағы қараса, әлгі отты шырақ әлі жанып тұр екен. Енді мұның шайтан еместігіне сенді. Созалаңдап орнынан тұрған. Оң құлағы шың еткендей болған. Әлдебіреу бұған: - «Осы шырақтың соңынан ере бер!» - дегендей болды. Әйел дауысы. «Қолдап тұрған Бибіфатима пірім шығар!» - деген санаға тығылған көмескі ой жылт еткен. Шәлісі ысырылып желкесіне кеткен, қалың шаштары бұрқырап, көнетоз пальтосының түймелері ағытылған қорғансыз әйел мең-зең күйде отты шырақтың соңынан ілби аяңдап кетіп бара жатыр еді...
Ертесінде аудан орталығы Меңдіқараға шұғыл тапсырмамен аттанған НКВД-нің екі чекисі малшы қыстағына жақын жердегі өзек бойынан ес-түссіз жатқан әйелді тауып алған болатын. – Ойбай-ау, мына орыс әйелі қайдан қаңғырып жүр екен! Қой, кім болса да адам баласы емес пе, аудандық ауруханаға жеткіз, өлсе сонда өлсін!! - деген милиция Иманғазы тілдей хатты бақташы Ыдырысқа беріп жатып. Ыдырыстың сабан төсеген ескі ат арбасында көздерінің алды көгіс тартып, ұясы шүңірейген, жағы суалып, әбден қажыған, мынау дүниеге ызалы, өкпелі кейіпте сұлық жатқан бақсыз, сорлы әйел Алаштың Ақаңы атанған Ахмет Байтұрсынұлының адал жары - ғазиз жан Бадрисафа екенін олар білген жоқ еді.

Жұмақ әуені
(новелла)

- Мархабат! Мына бөлмеге өтіңіздер! – Толықша келген егде әйел жылы жымиып қарсы алды. Үстіне ұзын сұр сүртік киген бойшаң жас жігіт де ілтипат білдіргендей болып, ізет көрсете иілген. – Бұл - пан Успенкийдің трактирі болар? – деді шляпасын босағада тұрған киімілгішке іліп жатып. - Иә, иә. Қожайын ертемен Позненге кеткен. – Күтуші әйел Успенскийдің қайда кеткені жайында да айтып үлгерді. Жас жігіттің жай сұрай салғаны болмаса, оның қожайынын танымайтын да еді. Үлкен терезеден түскен күн сәулесі бөлмені жап-жарық қылып тұр. Шілтері перденің аржағынан масайраған көктемнің жанға жайлы лебі сезіледі. Шетен ағашы гүлдепті. Жұмсақ, жұпар ауа мұрынды ғана емес, көңілді де қытықтайтындай. Жасыл бақтың ар жағы орманмен ұласып жатыр. Ақ теңгедей бұлттар көк аспанда ілініп қалған. Бұл терезеден көзін тайдырып, қолындағы кішкентай қобдишаны еппен емен үстелдің үстіне қойды да, асықпай сүртігін шеше бастады. Манадан бері сырбаз жігіттің сыртынан жәй бақылап тұрған күтуші әйел - Айтпақшы, Успенский мырзаның кештетіп келетінін сізге ескертпеген екенмін ғой. Иә, ол кісінің шаруасы бастан асады. Көктем, жаз мезгілі үйде отыратын уақыты тіптен аз болады. Иә, солай... – деп мұның көзіне сұраулы кейіпте қараған. - А, Успенский мырзаны айтасыз ба? Мен ол кісіні танымаймын да... Оқасы жоқ. Біз ауқаттанып алып, сәл аялдап әрі жүреміз, – деді әлгі жігіт қызыл барқытпен қаптаған арқалы орындыққа отырып жатып. Салалы, нәзік саусақтарымен қоңыр қобдишаны сипай жеңіл күрсінгендей болды. – О, жол азабын айтпаңыз! Менің өзім жылына бір-екі рет Позненге барып келгенге өлердей шаршап қаламын. Ал Успенский мырза өмірі шаршаған емес!.. - Әйел тағы да сөз арасында қожайыны туралы қыстыра кетті. Бар ғұмыры осы Успенскийлердің босағасында өтіп келе жатқан күтуші әйелдің кім екенін ол қайдан білсін. Мұның анасы да осы қызметті еш мүлтіксіз атқарып өмірден озған болатын. Енді міне, өзі де осы тіршіліктің үйреншікті адамына айналған. - Күре жолдың бойындағы шағын трактирге тоқтайтындар аз болар. Күнделікті күйбең шаруамен жүрген байқұс әйелдің іші де пысатын шығар. - Жас жігіт солай ойлаған. Қоңырқай аялы көздерімен барлай қарған. Әйелдің жас кезінде соншалықты көріксіз болмағаны көрініп тұр. Бетін май басып, бұғағы салбырап кетті демесең, әдеміше қыр мұрыны, қиғаш қасы, мейірімді көкшіл көздері жарасымды. Ала шыттың астынан қайратты сарғыш шаштары тебініп тұрғандай. Әлі де бойында қуаты бар. Әйел сәл именіп қалғандай болды. Жас жігіт те осы қарасын ыңғайсыз көрген. – Пани, кешіріңіз, мүмкін болса, бір құмыра салқын сүт бермес пе екенсіз? – деп, жұмсақ тіл қатқан. – О, не дегеніңіз, болғанда қандай! Қазір, міне, қазір. - Әйелдің тілінде француздық мақам бардай сезілді.
- Парижге кетіп барамын! – деді мақтаныш сезіммен жас жігіт салқын сүтті ішіп болған соң. – Міне, ғажап! Расымен Парижге дейсіз бе?! – Күтуші әйел таңырқай тіл қатқан. - Ах, Париж! Париж – менің орындалмайтын мәңгілік арманым ғой! – Оның жүзінен қуанышпен бірге өкініштің табы білінді. – Менің байқұс анам ғұмыр бақи өзінің туған елін аңсап өтті,- деді күрсініп. Бөлмені сәл үнсіздік биледі. Жігіт ойлы көздерімен бір ноқатқа қадалып қалған. – Агнешка, қайдасың? Тамақтарды тез әкеле ғой! – деген әйелдің қоңыраудай дауысы тыныштықты бұзды. Ас үй жақтан темір поднос көтерген жас қыз көрінген. Жүрісі ширақ. Тез-тез басып жақындап келді де, тамақ толы подносты лып еткізіп үстелдің үстіне қойып жатып, бейтаныс жолаушыға ишарамен сәлем бергендей болды. Қоңырқай көздері ұшқын атып тұр. Уыздай. Жап-жас. Талдырмаш бойында мысқалдай мін жоқ. Жастықтың сұлу, сүйкімді лебі сезіледі. Жас жігіттің сүзіле қарағанына жауап ретінде әйел, - Бұл - менің қызым Агнешка! – деді, - Өткен аптада 16-ға толды. Бойжеткен деген осы да! – Анасының үнінде қуанышпен бірге қобалжу да бар еді.
- Қызыңыз сұлу екен! Ақылды да шығар? – Жігіт сұраулы пішінмен көтермелей сөйлеген. Әйел жымия күлімсіреп, басын изеген де қойған. Қарағай есікті сықырлатып сырттан көшір де кірді. Көшір – көпті көрген тапалдау бойлы, мосқал адам болатын. – Мырза, аттарымыз әлі де тың. Күймеміз де...- деді маңғаздана. Екі жолаушы үнсіз тамақ ішті. Агнешканың анасымен есеп айырысты. Орындарынан тұрды. Жас жігіт сүртігін киіп, үстел үстінде тұрған қобдишаға қолын соза бергені сол еді, - Мырза жігіт, мынау қымбат қобдишада алтыннан да қымбат қастерлі дүниеңіз бар-ау шамасы? – деген әйелдің дауысы оң жағынан естілді.
- Апатай, бұл қобдишада алтын да жоқ, басқа асыл дүние де жоқ. Мұнда менің туған жерімнің бір уыс топырағы бар! – деді жігіт жұмсақ қана тіл қатып. Дауысында қимастық сезіммнен туған болмашы діріл бар еді. Қоңыр қобдишаны қолына алып, шляпасын киіп есікке қарай беттей бергенде, ас үйдің босағасына сүйеніп қарап тұрған Агнешканы байқап қалды да, бас киімін сол қолымен көтеріп әдемі қоштасты.
Есік алдына шықты. Орман жақтан салқын самал есіп тұр екен. Кеудесін кере терең дем алған. Айнала жап-жасыл мауыты шекпен кигендей. Құлақтарын қайшылаған қос ат пысқырып алдыңғы аяқтарымен жер тарпып қояды. Алыс сапарға олар да елегізіп тұрғандай. Жеңіл күймеге отырғаны сол еді, көшір де делбесін қағып қалды. Жарау аттар жұлқына тартты. Күйменің төрт доңғалағы саздау жерге тереңірек із тастап жүйтки жөнелді. Жас музыканттың көңілін қимастық сезіммен қатар, алып-ұшқан жеңіл шаттықты әуен тербетті. Сегіз жасында жазған «Поленезі» оның жүрегінде тұр еді. Алдағы жолдың алыс арман сапары таспа жолдай көсіліп, сонау батысқа қарай поляктың болашақ ұлы композиторы Фредерик Шопенді алып бара жатқанын Агнешка да, оның анасы да білді дейсіз бе?! Парижде Джорж Санд деген жазушы әйелмен он жылдай бірге тұрып, аты әлемге мәшһүр ұлы композитор болатынын жас Фредериктің өзі де сезбеген болар?! Мүмкін сезген де шығар.
... Арада қаншама жылдар өтті. Күздің сүреңсіз күндерінің бірі болатын. Баяғыдағы Успенскийдің трактирі. Көп өзгерген дүние шамалы. Тек Успенский мырза шау тартып әбден қартайған. Агнешканың анасы дүние салған. Орнында сол баяғы бойжеткен Агнешка. Толықсыған, керіскедей келіншек. Успенскийдің маскүнемдеу жалғыз ұлынан балалы болған.
Салт атты екі қарауыл солдатпен Парижден шұғыл Варшаваға кетіп бара жатқан бөгде адамның қолындағы қоңыр қобдишаны Агнеша баяғыда бір жерден көрген сыңайлы еді. Есіне түсіре алмады. Сұрауға батпады. Ол қобдишаның ішінде Шопенннің жұдырықтай жүрегі бар болатын. Оны ұлы композитордың өлер алдындағы соңғы өтініші бойынша Варшавадағы Әулие София шіркеуіне алып бара жатқан. Өкпек жолаушылар суыт аттанып бара жатқанда белгісіз бір ғайыптың күші ме кім білсін құдайдың құдыретінше Агнешка ескі күйсандықта Шопеннің «Жұмақ әуенін» өзінше ойнап отыр еді. Далада сұрқай, суық күз тұнжырап жылап тұрған.

Әйел жаны
(әңгіме)

Бұл өзінің туған анасы туралы әбден кеш білді ғой. Гүлайша деген бейтаныс әйел мұны әлденеше рет шақыртқан. Ол кезде апасы тірі болатын. Қадиша марқұмнан қаймықты ма, әлде жүрегі дауламады ма, әйтеуір сол адамға іші жылымаған. Кейінірек көрші ауылдағы бір шілдеханада бір рет ұшырасқаны бар. Дөңгелек жүзді, ашаң өңді адам екен. Сөзі өткір, мінезі адуындылау көрінген. Суырыпсалмалығы да бар сияқты. Сол шілдеханада Әндібай деген озат шопанмен айтысып, ауызын аштырмаған. Бәтіш сол әйелден өзінің көз жанарын көрген. Жастық-ай деген, ертеңінде қайта-қайта айна алдына келгіштеп ұялы қой көздеріне әлсін-әлсін үңілген. Онысын апам көріп қала ма деп қарадай қуыстанғаны есінде. Міне содан кейін Гүлайшаны көріп тұрғаны осы. Баяғыдағы дөп-дөңгелек нарттай жүзінен шырай да қалмапты. Төсекте әбден ауру меңдеген шөкімәйттай кемпір жатты. «Қатты науқаспын. Санаулы күндерім қалды. Бәтеш келіп бір көрінсінші!» – деген соңғы тілегін аяқ асты ете алмап еді. Алғаш және соңғы рет еріксіз маңдайынан иіскеткен. Әлсіз саусақтарымен бетінен сипап, кеберсіген еріндерін маңдайына тигізгенде Гүлайшаның демі оттай қарып түскен. «Тағдыр ғой, Бәтеш. Әкең Мәлғажы тұяқсыз жалғыз еді. Кешір мені!» - деген екі ауыз тіл қатқан. Жанарынан екі тамшы жас әжімді арық бетінен баяу сырғығанын байқап қалған. Алла десейші, мұның көзінен жас та шыққан жоқ. Бірақ жүрегі тығылғандай болып, жүзін теріс бұра берді де аурухана палатасынан далаға ата жөнелген. Кейін білген. Майданда құдай қосқан күйеуі жастай қаза тауып, қара жамылған Гүлайша Мәлғажыдан осы қызды туған екен. Ел ішінде әңгіме жата ма. Бұл бір ұзақ хикая. Бәтіш ауруханадан былай шыққасын көз жасына ерік берген. Бәрі бір қимастық сезім бардай. Оның үстіне марқұм апасы еріксіз есіне оралған. «Қайран апам, жүрегің неткен кең еді!» - деп, аруағының алдында кешірім сұрағандай боп еді. Расында мұның апасы қандай еді шіркін! Әкесі Мәлғажы кезінде жүйрік ат ұстап, ән салып, сауық қуып, өзінше салдық құрған ауыл-аймаққа танымал адам еді. Уақытында аздап дән-дәулет біткен. Жұлып алма сөзге ұста болатын. Әр жерлерде жиын-тойларда қыз-келіншектермен айтысып, қағысып көптің көзіне түскені тағы бар. Бір атадан жалғыз тұяқ екен. Кейінірек басқармада ат үстіндегі барып кел-шауып келдің шаруасын атқарды. Бұл ес білгелі әкесі үйде омалып күн ұзаққа отырмайтын. Асығып аттанып, араға күндер салып қоналқаға аптығып жететін. Бәтіш қыздың басынан құс ұшырмады, ұлша киіндіріп, мойнына мінгізіп өсірді. Байқұс апасының қам-қаракеті күйеуі Мәлғажы мен жалғыз Бәтішінің үстінде болды. Байыпты, сырбаз мінезінен жаңылған емес. Қоңыр дауысымен бапты сөйлейтін. Өсекі-аяңға жоқ, ненің болса да тоқ етерін бір ауыз сөзбен жеткізетін. Үй шаруасына да қылап. Ағайын-туысқа да жұғымды болатын. Күйеуінің алдың-дұлдың, әпенділеу мінезіне үйренген. Сәл жымиып, басын шайқайтын да қоятын. Бұл әке-шешесінің ұрсысып, кермалдасып жатқанын өмірі көрмепті. Соның негізі апасының сабырлы, кешірімшіл мінезіне байланысты екен ғой енді ойлап отырса. Иә, мұның апасы сондай еді ғой. Әлі есінде бұл бірінші класты бітірген жылы бұлардың отбасында бір ерекше жағдай болды. Соғыстан кейін ел іші енді-енді ес жиып, бір шама тоғайып қалған кез. Ұлша киініп, даладағы сотқар балалармен асық ойнап үйге келсе Рысқайша тәтемен апасы күмбір-сыбыр сөйлесіп отыр екен. Алдарына қойған иықты самауырын да орталап қалса керек. Рысқайша деп отырғанымыз Мәлғажының немере жеңгесі. Ара-тұра абысын-ажын болып апасы екеуі шүңкілдесіп қалатын. Апасы қою шайды демдеп жатып, - Пұшпағы қанамаған мен бір сорлы болдым ғой – дегенді айтып қалған. Күрсінгенін анық сезген. – Е, Қадиша-ай, көнесің, көнесің, енді не істейсің?! Алланың да, адамның да алдында абыройың ақ, жүрегің таза! – деген Рысқайшаның сөзі де анық естілген. Апасы жылаған секілді. Көздерінің жиегі қызарған сыңайлы. Жаулығының ұшымен сүрткен. – Ә, Бәтішжан, сен келгесің бе? Далаға бар ойнай ғой! – деп қолына екі шақпақ құрт ұстатып алдаусыратып шығарып жіберіп еді. Ертеңінде таңғы шайдан соң апасы бір жаққа жинала бастаған. Әкесі үйде жоқ болатын. – Бәтіш, сен де киін! – деді анасы қатқылдау үнмен, - Алыс ауылға барамыз. - Қайда, кімге?- деп Бәтіш те сұраған жоқ. – Алақай, алақай апаммен ауылға барамын! – деп қуанып жүрді. Бір киерін киіп, тор атты ерттеп, Бәтішті артына мінгестіріп Қызылағашқа жол тартқан. Бір іске бекінген апасының қимылы ширақ еді. Жол бойы қызына тіс жарып ештеме деген жоқ. Қурайлыны асқанда Өкпетінің жазығы алдарынан мен мұндалап көрінер еді. Ауада желкем самал бар. Көз жетер жердің барлығы жаз қызығына малынып тұр. Анау алыста мұнар кілкиді. Мұның аттан түсе қалып жүгіргісі келген. Апасының толықтау белінен тас құшақтап алып, үнсіз отырды. Бір уақытта апасы ыңылдап ән салған. «Талдан таяқ таянбайды» деген сөзі анық естілді. Кейін білді ғой, сол ән «Бір бала» екен. Сонан кейін апасының ән айтқанын өмірі естімепті. Бұлар Қызылағашқа келгенде күн сәскеден ауып кеткен еді. Шеткері бір жұпыны үйге түскен. Саман үйдің табалдырығы биік, еңсесі аласа. Үйде екі әйел отыр. Бірінің жанары суалған соқыр екен. Екіншісі отыздарды орталап қалған сүйреңдеген сөзшең келіншек. Алыс жолда тақымы созылған Бәтіш келе салып ұйықтап қалыпты. – Тұр, қызым, үйге кетеміз – деп, апасы оятқан. – Түу, мына бала дым сызбады-ау. Мына сүтті жолда қызыңызға бересіз! – деген әлгі сөзшең әйел бөтелкені апасының қоржынына салып жатып. Бәтіш енді байқады, әлгі келіншектің оң қолында ораулы бір түйіншек бар екен. Жып еткізіп түйіншекті мұның апасына ұстата қойды. Апасы – Бисмилла! - деп ақырын күмірлеп түйіншекті бауырына басты. Қаршадай қыз көзін уқалап, «бұл не болды екен?» деген таңданыспен қарап қалғаны сол еді, апасы, - Бәтішжан, бұл сенің бауырың болады! – деді жұмсақ үнмен. Бұлар есікке қарай аяңдай жүрді. Сол сәтте төргі бөлменеден әлде адамның, әлде иттің қыңсылағаны секілді жайсыз дыбыс естілді. Өксік қысқан ащы үн. Булыға шығады. Сол сәтте тіл-ауыздан жұрдай болып отырған соқыр әйел, - Тәйт ары! Ойнап жүріп, от басқан салдақы! – деп қатты зекіп қалды. Құндақтағы нәрсете де шар етіп жылаған еді. Қырқынан жаңа ғана шыққан нәрестені алдына өбектеп, Бәтешті артына алған апасы түнделетіп үйге оралып еді. Ертесінде Аягөз жақтан әкесі келген. – Ұста мына ұлыңды, атын өзің қоярсың! – деген апасы баланы әкесіне беріп жатып. Бір сазарып, бір бозарып, бір қуанып, бір қымсынып тұрған әкесі «Әуп!» деп баланы қолына көтерген қалпы аласалау киіз үйдің шаңырағынан түсіп тұрған жап-жарық сәулеге тосты. Күбірлеп ішінен тілек тілгендей болған. Көзінен ыстық жас домалап түскен. Емірене келіп, бар ризашылығымен жары Қадишаның маңдайынан сүйген. Сол сәтте әкесі жарықтық тәлтиіп тұрған Бәтішіне қарап алғаш рет, - Қызым, сен жалғыз емессің, енді сенің соңыңнан ерген туған бауырың бар!- деген. Сол күні мұны тұңғыш рет қызша киіндірген. Апасы жарықтық баланы ешкінің сүтімен асырады. Содан бері қанша жыл өтті. Әкесі өтерінде апасына, «Екі дүниеде саған разымын! Бәтешің мен Саматыңның қызығын көр!» - деп шын ықыласын білдіріп кетіп еді. Үш жылдан соң әз апасы да қош айтысты. Бәтешті жетектеп, Саматты арқалап өмірден өтті ғой байқұс анасы. Өтер-өткенше қызғыштай қорып, жаттан қызғанып, бөтен-бастақ бір ауыз сөз айтпай кетті байқұс апасы. Бұл өмірге Мәлғажының әр жердегі тұқымын теріп алып, жеткізу үшін, бар қызғаныш, күйінішін өз ішінде өлтіру үшін ғана келгендей. Тағдыр деген ауыр арбаны жалғыз өзі сүйресе де иінін түсірмей, рухын жықпай адал, қайсар қалпында аттанып кете барды.
Бәтіш ауруханадан шыққаннан кейін өз үйіне келе жатқан бағытынан кіл айнып, бауыры Саматтың көк шатырлы еңселі үйіне қарай тартқан. Самат та үйінде екен. Жайраңдап қарсы алған апайын. Білеуленіп ісініп кеткен Бәтіштің көзін көргесін артық ештеме демеді. Ол да Гүлайшаның ауруханада хал үстінде жатқанын естіген болатын. Соған жылаған шығар деген ойда қалды. – Самат, машинаңды от алдыршы! - деді Бәтіш. – Қайда барайын деп едіңіз? – деген бауыры. – Зиратқа, апамның басына. – Бұлар зират басына барып келе жатқанда ауруханадағы Гүлайша да үзіліп кетіп еді. Бәтіш машина ішінде келе жатып, «Әйелдің жанынан сірі және жұмсақ ештеме жоқ екен-ау!» - деп ойлады.

Баяғыда
(әңгіме)

Суыт жүрген салт атты Суықсайдан құлдағанда түн әлдеқашан тау ішіне шөгіп, жұлдыз біткен жамырай қалып еді. Жаздың жайлы түні. Ара-тұра үкінің үһілегені болмаса аңғарлы сайдың іші тып-тыныш. Жүрісті қарагердің аяңы жақсы-ақ. Басы қатты демесең шұлғып тастап, лекіте жөнелгенде желісті аттың өзіне бергісіз еді. Сәл тебініп қалсаң ала қашатындай еліріп, ауыздығын шайнап, қамыс құлақтарын қайшылап ойнақтап шыға келетін әдеті сол. Әнтек басы қатты. Оған иесі де үйренген. Сыралғы досына бұл да сенімді. Теріскейді қапталдап жалғыз аяқ сүрлеумен ызытып келеді. Үйреншікті жол. Салт аттының басында сырып тіккен жалбағай. Ықшам киінген. Қанжығада аз-маз бөктергісі және жанынан өмірі тастамайтын қырық құлаш қайыс арқаны бар. Саптама етіктің тізелігінен барқыт байпақтың қонышы көрінеді. Екі тізесі аттың екі қапталын жауып отыр десе де болады. Орыс ерде сол жамбастай тіп-тік қаздиып қалған. Қапсағай денесі ат үстінде таудай боп қарауытып, қорқынышты көрінеді. Ырғай сапты қамшының бүлдіргісін оң қолының білезіктігіне іліп алған. Көңілде күпті дүние жоқ. Кенет есіне түсіп кеткендей саптаманың ұзын қонышына қолын жүгіртіп, таутекенің мүйізінен жасаған өткір сапысын іздеген. Құрым киізден тіккен қолақпандай қынға тыққан сапысы орнында екен. Осы сапымен қанша қылды құйрықтының жанын жаһаннамға жібермеді бұл. Қыл тамақтан орып жіберіп, ту биенің терісін әп-сәтте сыпырып, жілік-жілік қылып бұтарлағанда бір қыңқ демейді ғой бұл бар болғыр! Қайрақ тасқа жанып-жанып жібергеннен соң әлекедей жаланып, қан қайда деп тұратындай. Тұрқы да ұзын. Сұсты. Таутекенің қу мүйізінен орнатқан сабы да ұстаған қолға мелжемді, мұның сіңірлі, күшті, тарамыс саусақтарына ыңғайлы. Қарагер де аяңның бір қалыпты ырғағына түскен. Әредік пысқырып қояды. Ауада жусан мен изенннің қышқылтым иісі бар екен. Түнгі ауаға құмығып, көкірек кере жұтқан. Дөңес мұрыны сорайып, шүңірек көздерімен Суықсайдың тұмсығын бағып келеді. Ел орынға отырған шақта бұл да межелі жеріне ілініп қалар. Алла Тағала өзі кешірсін, көптен ойға алып жүрген шаруасы осы жолы ыңғайланып қалар. Суыт жүріп келе жатқан жалғыз жолаушы - осы өлкеге аты шыққан атақты баукеспе ұры Қанжарбай болатын.
Өзен бойындағы көк өзекке шалқайта тіккен киіз үйдің топаны үшеу. Бірі Терлікбайдың өз үйі болса, оң жақтағы жұмыртқадай ақ отау үлкен ұлы Мәрдендікі, ал шеткерірек қонған үшіншісі балдызы Жаңқаштікі. Қазір Терлікбайдың алты қанат ақ ордасында гу-гу әңгіме. Әңгіменің негізгі арқауы - Нұрмаштың бүрсігүні болатын тойындағы ат бәйгесі. Жүйрік ат баптап, құс салу Терлікбайдың бұрыннан келе жатқан машығы болатын. Соңғы үш жылда Терлікбайдың Кертөбелісі алдына ат салмайтын өрен жүйрік болып тұр. Басы қалақтай, қаз мойынды жануардың жаратылысы бөлек . Осы атты арабы шатыс деп сан-саққа жүгіртіп жүргендері сол. «Шаппай бәйгемді бер!» демесе де, Алла асылық қылмасын, Кертөбелінің дара озып келетініне еш шүбәланбайды бұл. Тек қана, арғы беттен Әйтілестің көк жүйрігі келеді еккен - деген жел қуық әңгіме әптік көңілін әңкі-тәңкі етіп қойған. - Темеке, сіз де бір бала секілдісіз-ау, баяғыда осы Әйтілестің жүйрігін арғы бетке барғанда көргенмін. Асып тұрған ештемесі жоқ болатын. Жылқы деген жануар жершіл келеді. Көбісі өз топырағында ғана мықты. Мен білсем Кертөбелінің алдына түсетін жылқы малы осы Алтайдың екі бетінде де жоқ!- деп көкезу Қаумет есіп отыр. Арасында жуан, быртиған саусақтарын жас бағыланның дөңгелек астаудағы майлы етінен көсіп-көсіп алып, бүркітше қылғытып қояды. Дөнен қымыздың төрт шарасын едел-жедел жемсауына төңкеріп тастап кейінірек шегінген. Терлікбай «ым» деп қана ыңыранып қойып, дөңгелек қызыл шырайына жараса қалған қырма сақалын сипап отыр. Марқаның үйеме табақ етінен екі-үш рет шоқып жеп қана қойған. Расында көңілі бір нәрсеге алаңдаулыдай көрінген. – Баяғыда – деп Қаумет тағы бір ескі әңгімені жаңартқан болып, қызыл тіліне жанып-жанып қояды. Нені айтса да, «баяғыда» деп бастау оның үйреншікті әдеті. Онсыз дәм-тұзы келмейтін секілді. Былайғы жұрт үйренген. Аздап малсақтығы, атбегілігі бар адам. Терлікбайға жамағайындығы бар. Тілеуқорының бірі. Үйдегілер сорпаны енді ала бергенде белдеудегі ат осқырынған. Елең ете қалған жұрттан бөлек Терлікбай аяқ жаққа таман отырған Жанқащқа «Шық. Қара!» деген ишаратпен аласы көп көзін ақитып, иегін қаққан. Лып етіп тысқа тұра жөнелген балдызы үйді бір айналып, дыбыс беріп, Аламойнақ төбетті шақырып, қайтып келген. – Жарықтық Кертөбелі де есті жануар ғой, алдағы дүбірді сезіп, тықыршып тұрған сияқты. Үрейленетіндей ештеме жоқ.– деп үйге самбырлай кірген. – Жә, тыныш болса болды! – деп үй иесі күңк еткен.- Баяғыда осы Көңбай жарықтық бәйгеге ертең қосамын деп отырған да атынан айырылған – деп Қаумет жайсыз әңгіменің шетін күңірсіткен. Терлікбай оқыс селк етіп қараған. «Иәй, жағыңа жылан жұмыртқалағыр!» - деген ішінен ызыттанып. – Жаман айтпай жақсы жоқ деген. Ұры-қары да басылмай тұр ғой. Әдейі белдеуге әкеп байлатқаным осы емес пе?!- деп Терлікбай жаймашуақтана қалды. - Терлікбай-ау, менікі қысыр сөз емес пе?! Сақтықта қорлық жоқ демейтін бе еді. Қанжарбай секілділер бір бүйірден қадалмасын де. Бетін аулақ! Аулақ! – деп Қаумет шыр ете қалған. – Ее, жүйрік атқа, қыран бүркітке, сұлу әйелге кім қызықпайды?! Көңілдің желігі, көздің құрты да. Іргеме байлап отырғанда іліп кетсе өз обалым өзіме. Ұры-қары деп көп айтамыз. Сол Қанжарбайың он жігітіңе бергісіз. Осы бетте ондай әбжіл, епті, ширақ адамды көргенім жоқ. Баяғының заманы болса барымташы емес, батыр болатынның тап өзі сол! Амал не... Барымта-сырымта...Ол да бір кәсіп сияқты ғой. Оған да бейімді, бекем адам болады тумысынан. Қанжарбай қадалатын адамына қадалады. Тап Терлікбайға соқтықпайтынына менің өзім кепіл! Ол анау жылғы Шүмектегі оқиғаны ұмытпауға тиіс...- деп Терлікбай басы бар, аяғы бұлыңғыр бұрынғы бір оқиғаны ширатып тастай салған. Кертөбелі тағы осқырынған. Үйдегілер умақ-шумақ тысқа шыққан. Ауылдың айналасы тып-тыныш. Шілденің мақпал түні. Алтайдың түйе өркеш шыңдарына жақын ғана биікте жұлдыздар жымыңдайды. Өзеннен салқын самал есіп тұр. Нілді көк шалғынның иісі мұрынға келеді. Өзеннің арғы жағынан ат пысқырған. Аламойнақ иесіне келіп еркелеген. - Кертөбеліні, анау майсаға таңға дейін арқандаңдар. Онан кейін бір рет суарып, қаңтарарсыңдар! – деп баласы Берден мен балдызы Жанқашқа нығарлай сөйлеп , Қаумет пен Нығметке ештеңе деместен Терлікбай үйіне кіріп кеткен еді.
Таңертең елең-алаңда Берден Кертөбелінің шоқтығына байланған қызыл шүберекті көрген. Көрген де таңқалған. Асығыстау байлаған қызыл шүперектің ішінен сарғайған ескі қағазға араб әрпімен айбақ-сайбақ жазылған тілдей хатты көрген. Көрген де тағы таңқалған. Бейтаныс хатты жездесі Терлікбайға әкелген. Терлікбайдың қызыл көздері үш бу хатқа түскенде, онда мынадай сөздер жазылған екен: «Мен Қанжарбай, түндегі әңгіменің бәрін үй сыртында тұрып естідім. Атыңды өзіңе қалдырдым. Арғы бетке кетіп барамын. Қош!»
- Ее, түндегі Кертөбелінің осқырынысы осы екен ғой. Өзеннің ар жағынан пысқырған Қанжарбайдың Қарагері болды – ғой сонда. Өзім де бірдеңені сезіп едім – деп ойланған Терлікбай иығынан ауыр бір жүк түскендей жеңілдеп қалған. Берденге де тіс жарып ештеме демеді. О, құданың құдыреті, ол енді бәйге туралы мүлдем ұмытып, Қанжарбайды көргісі келген. Қаумет айтқандай баяғыда, иә баяғыда Қанжарбаймен бірге жүрген бір дәуренін еске алып тұр еді. Әй, қимастық-ай деген! Еңкілдеп жылағысы келген...
P.S. Терлікбай ертеңінде су жағасынан Қанжарбайдың текемүйіз сапысын тауып алған. Қапыда түсіріп алған болар. Жаман ырымға жорыған. Сол күні Кертөбелдің алдыңғы оң аяғы ақсап қалған. Қанжарбайдың көзі тиді деп ойлаған. Бір айдан соң «Қанжарбайды арғы бетте атып тастапты» деген суық хабар да жеткен. Бұл Алтайдың арғы бетінде бағыда болған оқиға еді. Иә, баяғыда... 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста