Әкесі бәкісін жұмсақ қайраққа қайрап, керзі етігінің қонышына олай бір, былай бір сүйкеді де үйден шықты.
– Әкем қайда барады? – деді Лекер тамақ қамымен қазан-ошақ басында күйбеңдеп жүрген шешесіне қарап.
– Қора жаққа. Ана ауырып жүрген саулық төлдепті. Қозысын алмай жатқан көрінеді. Төлі де тым әлжуаз, мал болмайтын сыңайлы.
– Бәкіні не істейді? – деді Лекер түсінбей.
– Нашар қозыны бауыздап, етін иттерге тастайды ғой деймін.
Терезеден түсіп тұрған сәуле шайқалып барып, керегеге ұрылып, быт-шыты шығып шашырады. Бойындағы қан атаулының бәрі басына жиналып, құлағын, көзін бітеп тастады. Аяқ-қолы сіресіп қалғандай.
– Оны әлжуаз болып туғаны үшін өлтірмекші ме? – даусы қатты шықты. Жүзі сұрланып кеткен болу керек, шешесі бетіне ажырая қарады.
– Бәрібір өлетін мал ғой. Арам қатпасын деп жатыр.
Баласының бір қозы үшін сонша қызбаланып тұрғанына абыржи қарады.
– Тәйт әрі, әр өлген қозы мен қойға жылап Қарынбай болайын дедің бе? – деген шешесінің сөзін естісімен, жолында тұрған заттарды қаға-маға далаға жүгірген.
Сыртта көктем лебі еседі. Жер тершіп жатыр. Әр-әр жерден қылтиған көктің мойны көрінеді. Тоңның сызы толық кете қоймаған ба, табаны жұқа аяқ киімнен өткен суық жағын үрпитіп, түсін қашырып жіберген-ау, әкесі бұған шошына қарады.
– Әке, қозыны өлтірмеңізші, – деді ол жылағанынан аузы сөйлеуге әзер икемделіп, сөздері үздік-создық шығып, – олай істемеңізші!
Лекер әкесінің бетіне қарап тіке сөйлемейді. Қандай кезде де, қай-уақытта да әкесінікі жөн болып есептеледі. Қабағынан қаймығып тұрады.
– Жігіт адам да осылай ебіл-дебіл жылай ма екен? – Он жасар Лекерге әкесі шытынай қарады. Шүңірек көзі өңменіңнен өтердей екен.
– Сіз қозыны өлтірейін деп жатырсыз ғой.
Жыламайыншы деп тістенгенімен, көз жасы тоқтатуға ырық бермей, өзінен-өзі сорғалауда.
– Лекер, мен көзімді ашқалы осы малдың соңында келемін. Сенен гөрі бұл істі жақсырақ білемін. Ол бәрібір өлетін, ауру қозы. Мұрын боғыңды ағызбай үйге қайт!
Аспан тұнжырап, алба-жұлба бұлттар қабағын шыта қалды. Қандай айла, қандай шара табарын білмеген. Суық жел құйындата соғып өтті.
– Әке, мен де әлсіз, нашар болып тусам өлтіріп тастар ма едіңіз?
Көз жасы тиылып бір қайсарлық бас көтеріп келе жатқандай.
– Қайдағыны айтып тұрсың? Адам мен малды салыстырғаның не?
– Екеуінің де жаны бар ғой!
Әкесі ток ұрғандай дір ете түсті. Әлде бұған солай көрінді ме... Айнала екеуіне дүрлігіп қарап қалған. Жаңа ғана сырын ішіне бүккендей тым-тырыс бола қалған дүние енді күбірлесіп, сыбырласып өткенді есіне салып жатыр. Ұясына жылан өрмелеген шымшықтай шырылдаған Лекер әкесінің жанын толқытып-ақ жіберді. Лекер – Құдайдан сұрап, әулиелерден тілеп алған бала. Жеті айлық болып туған. Тырбаң-тырбаң еткен ет пен сүйек қана еді. «Бала болар ма екен» деп уайымдайтын. «Тымаққа салып керегеге іл, ырымы сол, бұйыртса адам болып кетеді» – дескен.
– Тымаққа не үшін салатын болды екен? – деп бұл сырын білмекші болып үлкендерден сұрап еді, бірі «ата-бабадан қалған нәрсе ғой, әйтеуір зиянды емес» десе, екіншісі, «қазіргі медицинадағы ваккумның алғашқы нұсқасы» деп түсіндірген.
– Атын Шалабай, не Лекер деп қою керек, – дегендер де болды.
Іші алау-жалау, қым-қуыт болған Сәрәлі бәріне бас изей берген. «Балаң әлі-ақ азамат болады» деген сөзді естісе-ақ бәрі соның қолында тұрғандай, сол адамға мейірленіп, жік-жапар болатын. Өз-өзінен шаттанатын. Қуанатын. Енді, міне, Лекер өскелі бері сол бір сәтін қамсыз шаққа айырбастай бастаған ба... Ұмыттым дей алмас, дегенмен біртіндеп уайым өткелінен алыстап, мұң алауының сөніп бара жатқаны бір сәтке санасында жарқ етті.
Ішкі қарсылығының жібі босап сала берді.
– Біресе қар жауып, біресе жауын жауып қағынып тұрған күннің сиқы мынау. Ол қозыға жас баланы мәпелегендей күтім керек. Мүмкін мал өсірудің қиындығын түсінерсің, бағып көр!
Іштегі тырсылдап, үзілуге шақ тұрған жүйкенің қылдай талшықтары босаңсып-босаңсып барып сылқ ете түсті де, алақайлап көңілдегі көлеңкенің бәрін сыртқа айдады. Әке мен баланың жанын түсінгендей болған қурайлар бұлғаңдап, бұлғақтап, тәтті бір сезіммен ызыңдады.
Лекер қораға кіргенде өз салмағын өзі көтере алмай, төрт аяғы төрт жаққа кеткен, демі жиілеп, іші қабырғасына жабысып, көзі жұмулы жатқан көкбақа қозыны көргенде өз байламын дұрыс емес екен-ау деп ойлады. Енесі ауру болған соң, есін жия алмай, төлінің шаранасын жинауға шамасы келмепті. Арқасынан сипап еді, қолы жылбысқыланып, көңіліне жиіркеніш келді. Сонда да сипады. Тоңып, тітіркеніп жатқан қозы бойына жылу барды ма тәлтіректеп тұрғысы келді. Емшек іздеп, мұның қолын түртпектеді. Енесінің мейірім төкпегені, үстін жалап-жұқтамағаны көрініп тұр. Сүзіп, бөтенсіп, анадай жерге барып өз төліне өзі оқырая, одырая қарап тұр.
– Ауыздана алмай ашығып қалыпты. Бір-екі күн үйдің ішінде ұстасам бола ма?
– Аққа жарымаған неме, қалай болар екен? Қара тоңғағы түспей қиналып жатыр-ау. Әкесі әлі де ойланарсың дегендей мұның бетіне сұраулы кейіпте қарады, – ауру малдың өмірі қысқа болады ғой.
– Сонда бұл қозының қай жері ауырады?
– Адам дейсің бе, ауырып тұрмын деп айтатын. Енесі қаракемікпен ауырып, жазылмаған шығар. Аурудан ауру туады да. Беймезгіл төлдеп, санадан адасқан мал ғой. Әкесі әлденеге ызалы ма, қысқа, зілді жауап берді.
Лекер қозыны үйге көтеріп келіп, қағаз жәшіктің ішіне арпаның майда сабанын төсеп сонда жатқызды. Емізікпен сүт берді. Бір-екі сорды да, әлсіреп, басын жерге төсеп, солықтады да қалды. Жөтел қысып еді, даусы болар болмас қана күрк-күрк етіп, одан әріге шамасы келмеді.
– Таза бидайды суға бөктіріп, суын ішкіз. Қара тоңғағын шығарып, тазаланбайынша іші өтіп, ішкені бойына сіңбейді, – шешесі Лекердің жанына келіп, кішкентай қозының иегін түртіп, көтеріп еді, жатқан жерінде былқ-сылқ етті де қойды.
– Сүйегінен қара суық әбден өтіпті-ау. Дәрі бермесек болмайды, – деп анасы әлдебір сұйық қоспаларды қозының қарысып қалған жағын күштеп ашып, құйып жіберді де, иегін сәл жоғарыға көтеріп, біраз уақыт бауырына басып ұстап отырды.
– Ана семіздіктен құйрығын көтере алмай жүрген қоңыр саулық бүгін-ертең қоздап қалар, соның қара уызы мен сары уызынан сауып әкеліп аз-аздан ішкізіп тұру керек, – деді анасы Лекерге.
Анасының көтерем қозының жанында біраз күйбеңдеп жүргені төлдің жағдайын да, өзінің көңіл-күйін де түзеп жіберді. Мына бойында бір түйір еті жоқ қошақанның ертең-ақ құлдырыңдап шауып кететініне, өлмейтініне сенді. Қозының енесін сауып көріп еді, бір тамшы да сүт шықпады. Көзі шақшиып, үркектеп жанына адам жолатпайды. Сидаң-сидаң етіп қораның ана бұрышынан мына бұрышына қашты.
– Неге сенің ақылың, есің қозыңды бауырыңа алуға жетпейді? Өз қозыңды өзің неге емізбейсің? Неге бөтенсисің? Титімдей қошақанның жүрегіне дерт пен қайғы байлағаның не, а, сенің, қой қозысымен көрікті емес пе? – Лекер саулыққа қарап еді, көзі мөлиіп, мұның айтақандарынан ұялғандай қалып танытты.
– Бұл сырқатынан жазылмай тұрып, буаз болған саулық қой. Маңырамай, зарлап тұрғанын көрмеймісің. Сүйек сүйегінен, жүйке жүйесінен әбден суық өткен. Қошқарларға күйек байлап қою керек еді, ол да қалып барады – осы үйдегі бар тірліктің бұрандасын ұстап тұрған әкесі ол қойдың қозысын неге алмай қойғанына түсіністікпен қарайтын секілді. Лекер «күйек байлау» дегеннің не екенін ұқпаса да, ұятсыздау бір нәрсе секілді болып сезілді де, қызарақтап қорадан тез шығып кетті.
Қозысының бүгін өңі кіріп қалғандай. Шаранасынан тазаланғаннан соң ба, терісі де ағарып, бұған көзін ашып қарады.
– Қошақаным, сүтіңді іше ғой. Содан кейін бидайдың суын беремін! – Лекер қозыны алдына алып арқасын, тұмсығын сипалады, аузының жан-жағындағы аққан сүттің сағалдарын тазалады. Қозы тұрып кетуге әрекеттеніп еді:
– Қарай гөр, әлі буындарыңа әл кірген жоқ қой! – деп оны құшақтап, бауырынан босатпады.
– Лекер, оны ана күн түсіп тұрған бұрышқа апар. Арқасынан жылу өтсін. Бойы жылынса, есін жияды – анасы үй шаруасымен айналыса жүріп көңілінің қозыда екенін білдіргеніне Лекер қатты қуанды. Қозысы өлмесе екен, мал боп кетсе екен деп тіледі.
Шуақ төгіліп тұрған жерге апарып қойып еді, қозысы аяғын нық баса алмай тұрса да дірілдей тұрып қара тоңғағын тастады. Бұған шешесі қуанды. «Іші өтпегені дұрыс болды, бойы қара тоңғақтан тазаланғаны жас төлдің денсаулығына жақсы» – деп Лекердің көңілін көтеріп қойды.
– Апа, біздің тауда «Көкшенің ем шөбі» деген бар екен ғой, мал жесе бірден қуаттанып кететін. Содан қошақаныма шөп алып келгім келеді, – деді Лекер бірде балалардан естіген әңгімесін айтып.
– Сондай бір көк ала шөп бар дегенді құлағым шалған. Айналасында күрең құмырсқалардың илеуі болады екен. Мүмкін ел аузындағы сөз болар, кім біліпті. Ол өзі «Сегіз сайда» ма, әлде «Қоңыраутаста» ма екен?
– «Сегіз сайдың» асуындағы алқапта екен. Күн жылынса қозымды алып сол жаққа барып келсек деп отырмыз, – Лекер анасынан құптау күткендей өтінді.
– Онда қозыңды қоржынға салып бөктеріп аларсыңдар.
Күннің шипа шуағы үй ішіндегілердің бәрін құшағына алып, қойны-қоныштарына кіріп шапқылауда. Шашыраған сәуле жалт-жұлт етеді. Лекер тұрған орнында секіріп-секіріп алды. Көңлі алабұртты. Қуанышы асып-тасып барады. Күн көзіне қақтанып шуақтап жатқан қошақанының жанына бір-ақ аттап жетті.
– Көк ала шөп бойыңа қуат кіргізеді. Әлі-ақ шапқылап кетесің, – деп иегінен түрткілеп еді, қозысы орнынан ширақ тұрды. Жөтелі басылыпты. Ойнағысы келіп, құйрығын қозғалақтатып та қояды. Тұмсығын күннің нұрына тосып біраз тұрды да, Лекердің алақанын түрткілеп, жылынып алғысы келгендей басын қойнына тығып жіберді. Лекер қошақанын ұзақ құшақтады. Тұмсығынан иіскелеп те қояды. Көктемнің иісіне еліткен екеуі тілдеспей-ақ ұғынысқандай.
* * *
Тауға барар жол иір-қиыр. Алдымен «Қоңыраутасқа» соғасың. Дөңкиген-дөңкиген қара тастар. Әр тастың түбінде мол қазына жатқандай. Майда тас алып, үлкеніне соғып қалсаң, айнала сыңғырлаған үнге толады. Кәдімгі қоңырау. Тау іші жаңғырып кетеді. Оған қозының маңырағаны, балалардың күлкісі қосылады. Көзді ашып-жұмғанша «Қоңыраутастың» қойнауы қоңырау күлкіге толды. Ирек-ирек ізбен енді «Сегіз сайға» өрлейсің. Кәрі жартас алқапты көзден таса етіп тұр. Құздың бергі беті кедір-бұдыр, томпақ жерлері де, жазық сызықтары да бар. Ай бедерінің суретіне ұқсайды. Күрең құмырсқалардың илеуі мен көк ала шөп өсетін қайрақ тас та осы тұста болар. Лекер қоржыннан қозыны алып еркіне жіберді. Кәдімгі бала секілді. Шапқылады да кетті.
– Алдындағы жемді жей алмайтын көтерем қозыға ұқсамайды ғой, – деп достары Лекерге қараған.
– Тауға келіп таң асқан тұлпардай болып кетті ғой. Әкем мал болмайды деп еді, – Лекер де қошақанының сергектігіне таң қала қарады.
– Жақсы қойшының қозысы түлеп тұрады, жаман қойшыныкі жүдеп тұрады, біздің Лекер істің көзін біледі ғой, - Данияр досы еңбекқорлығын осы тұста мақтап жіберді.
Көктемгі күн тез бұзылды. Аспан түнеріп барады. Ебіл-дебіл жаңбыр жауды. Лекерлер ықтасын жер іздеп, қалқа жасап, қозысының үстін алып шыққан жылы киімдерін жапты. Лекердің көзі жақпар тасқа түсті. Ондағы бұдан сәл ғана бұрын көрген ойпаңдар мен жазықтар жоғалып, ай бедерінің орнына шапши аққан бұлақтар, өз ернеуіне өзі симаған өзендер мен көлдердің суреті пайда болыпты. Таңданып, таңдай қағып тағы қарады. Ап-анық. Осыларды күзетіп тұрғандай бір шетте шеті мүжілген, тап-тақыр қайрақ тас көзге шалынады.
Әр жер әр жерге көлшік жасап селдеткен жаңбыр тез басылды. Болымсыз суықты көтере алмай тітіркенетін қозысы уызға жарыған төлдей ойнақтап, қайрақ тастың түбіндегі қылтиған шөптерді шөпшеңдеп жей бастады. Кеудесін көтеріп, аяғын алшаң басып қалыпты. Ойнақтап кеткелі тұр. Лекер қошақанын құшақтап еді, жүрегінің дүрсілі анық естілді. Алқымын алақанының сыртымен сипады. Ызбайланған ауруынан жұрнақ қалмағандай. Қозының күтіммен бірге алақанның жылуынан қуаттанғанына қуанды. Лекердің шаттанған түрін көрген қозысы да мәз секілді.
– Балалар, осы «Сегіз сайдың» ортасында қандыағаш бар дейді, ақыр келген соң көре кетсек қалай болады? – деді Еламан Лекерден құптау күткендей.
Лекер мақұл десе өзгелердің келісетініне сенімді.
– Онда қаптал жолмен қабырғалап жүрсек қасиетті ағаштың дәл төбесінен түсеміз, – десті балалар.
– Көрейік, бірақ тиіспейік. Киесі ұрып, бір жамандыққа жолығып қалмайық, – естияры Еламан балаларды алдын ала сақтандырып қойды.
Әрнәрсені әңгімелеген балалар, болар-болмас нәрсенің өзін күлкіге айналдырып қандыағашқа қалай тез жеткендерін аңғармай да қалысты. Арбиған алып ағаш. Үлкен бұтағына балта қадалыпты да одан аққан қызыл қан сора-сора боп діңін айғыздапты. Өткенде осы «Сегіз сайда» отын дайындауға шыққан екі жігітті қарағай басып өлтірді. Рұқсат етілмеген жас қарағайды кесіп жатқандарында жанында өсіп тұрған кәрі ағаш түп-тамырымен қопарылып келіп, үстеріне құлапты. Олардың сүйегін алуға үлкендердің өздерінің жүректері дауаламай, ауыл түгелдей келіп, әзер аршып алғанын осы балалардың бәрі біледі. Киесі ұрады, кесіріне жолығасың деген бір үрей әрқайсысының жүрек түкпірінде орнығып қалған. Мына балта да сол кездің куәгеріндей болып шошытады. Ағаштың өзі боздап тұрғандай. Бұл көріністі көрген батыр, батыл деген баланың да ішкі дүниесі астаң-кестең болып, жүрегі дірілдейді. Лекердің қозысы да ағашқа адам секілді мұңдана қарап қапты. Көңлі толқып тұрғандай құйрығын бұлаңдатып қойып, ішін тартып күрсінді. Мұңлық бала секілді солқ етіп жылағысы келгендей ме... Лекер қозысының көңіл-күйін бағып, ойланып тұрған. Еламан ағаштың биік жеріндегі жіңішкелеу бұтағын иіп көрмекші болды ма, секіріп ұстай қалғаны сол еді, аяғы тайып өзі шалқалай барып құлады да, қолы іліккен тұстан сырт етіп сынды да кетті. Қып-қызыл қан шашырады. Айнала түршігіп кетті. Балалардың өзектерінен өрт ағып өткендей болды. Долы дауыл тұрып, жандарын жұлмалап, пышақтап жатқандай. Қандары тасып барып, естерін жиды.
– Неге өйттің? Тиіспейік деген өзің едің ғой. – Еламанға бәрі бір мезетте сұрақ жаудырды.
– Қалай болғанын өзім де байқамай қалдым, – деді көңіл-хошынан айырылған ол.
– Ой, жалап көріңдерші. Қанның дәмі емес. Тәтті. Ағаштың шырыны ғой! – Данияр қорқыныштан жүректері ұшқан балаларды тыныштандырды да, сорғалаған қып-қызыл қан секілді шырынды жалады.
– Шынымен тәтті екен! – деді. Балалар саусақтарын тигізіп, еріндеріне қорқа-қорқа жақындатты. Лекер қозысына қарады. Үсті-басы қызыл-ала. Сұйықтың бәрі соның үстіне төгілгендей. Өзі томпиып, томсырайып тұр.
– Балалар, үлкендер де бұл ағаштың шырынға бай екенін біледі, сондықтан сындырып, кесіп әкетпесін, жойылып кетпесін деп табиғатты құрметтеп, қорғау үшін біздерді қорқытқан, – деп Еламан өзін де, өзгені де жұбатты. Бойды ұйытқан мең-зең ойдан арылуға сөз де сеп. Балалар бір демде бұрынғы қалыптарына түскен.
Лекердің қозысы да сергіп сала берді. Балалардың қандыағаштың бұтағын сындырғандарының айғағындай болып, бүйірінде таңба-өрнек пайда болыпты.
Көктемнің аты-көктем. Желі мап-майда. Аймалап қана өтеді. Балалардың көңіл-күйі де әр түрлі. Бірі ішіне мың уайым түсіріп, ананы-мынаны ойлап елегізсе, бірі ішкі күдіктен ада-күде арылып, жарты патша көңілмен таудан асыла құлаған ақ сәулемен ойнап келеді. «Сегіз сайдың» сай-жырасынан алыстаған соң үрей де ұмытылған.
– Ауылдағыларға қандыағаштың бұтасын сындырғанымызды айтпайық, – десті, мінезі ожарлары да жаманатқа іліккілері келмей.
Үлкендердің қырын қарағаны жаман-ақ. Нашар атқа ілінсең кейін мың жақсы ісің еленбейді, мейірі түспейді.
– Уәде-уәде! – десті Лекер мен Еламан да.
* * *
Ауылға жақындап қалған. Адыр, қырқадағы жусан мен тобылғының жұпар иісі тынысыңды кеңейтіп, жаныңды рахатқа бөлейді. Атқа мінгенде желік болады деуші еді, шаруа балалары болғандықтан ба, Лекер де, Данияр да, Еламан да желмей, шаппай, баяу аяңмен келеді. Лекердің қозысы қоржыннан басын қылтитып алып, үсті-үстіне маңырап келеді.
– Ой, мынаның жағы сембеді ғой, алдыңа өңгеріп алшы, – деді жүйкесі жұқарған Еламан.
– Ел шетіне жетіп қалған соң, көргендерін баяндап келеді де, – Лекер әзілдемекші болған. Ауыл шетіндегі өзеннің күркіреген даусы оның сөзін естіртпеді. Су жағасында бір абыр-сабыр бар секілді. Біреулер бұларға қарап «тез-тез» дегендей қол бұлғайды. Мөңки аққан су бетінде қыбыр-жыбыр еткен бір нәрселер көзге шалынады.
– Айналайындар-ау, болсаңдаршы. Суға кететін болды! – деген сөзді естігенде Лекердің қорқыныштан жүрегі лоблып барып басылды. Су бетінде екеу жүр. Бірі-біріне «қайықтан айрылып қалма!» деп айқайласып, жанталасуда.
Бір үлкен кісі Лекердің ат үстіндегі қозысын алды да, жуан арқанның бір ұшын ерге байлап, екінші ұшын қайықтағы жігіттерге лақтырасың деп, суға жіберді. Өзеннің орта ағысындағы жігіттер де жанталасуда. Ағынның көмегімен су алып кеткен қайықты ұстап, жылжып келе жатқан сеңге қарай бұрды. Сең үстіне шығып, екеулеп жүріп қайықты жиегінен басып аударып, суын төгіп, мінді. Әйтеуір Лекер арқанды қайықтағы жігіттерге лақтырды да, олар ұстаған кезде тізгінді кейін бұрып, қайықты жағаға тарта жөнелді. Біреу иығына салып көтеріп келе жатқандай жеңіл басып келеді. Жағада тұрған қозысына көзі түсті. Маңырағаны сай-сүйегіңнен өтеді. Шерленіп тұрған секілді. Анасын іздеп зар илеген баладай өксіп-өксіп алып, мұңданады..
– Мына сарнауық қозы қайдан келген? – деп жиналғандар бір-бірінен сұрап жатыр. Ешкім жауап бермеді. Жиналғандардың көңілі жағаға бұрылған қайықта еді. Белді ат бір ышқынып-ақ тартып кетті. Жұрт шаттанып, мәз-мейрам.
– Өркенің өссін! Қаумалаған жұрт Лекерді ат үстінен көтеріп алды.
– Жігіт табылмағандай шынашақтай баланы суға жібергендерің не? – деп естерін енді жиған жұрт, бір-біріне ақыл айтып жатыр.
– Азамат екен! Аты ақкөбіктеніп кетіпті. Өзі сыр бермейді. Лекерді мақтаудың ақ мамығына құндақтап тастады. Айнала нұрланып кеткендей. Лекер қозыға, қозы Лекерге жүгірді. Бір-біріне асығып келе жатқан ерке екі бала секілді. Келе тұмсығын Лекердің қолтығына тығып жіберді. «Неге мені бөтен адамдардың арасына қалдырасың? Сенсіз менің күнім не болады? Сен жаңа атыңмен бірге суға күмп бергеніңде мені ойладың ба? Құлазығанымды сездің бе? Сені іздеп маңырағанымнан өкпем өшіп қала жаздады ғой!» деп жүрегі бүлк-бүлк етіп, бүйірінен түртпектеп кетті. Лекердің де жүрегі толқыды. Мал екеш мал да бауыр басып, көзінен таса болсаң іздейді екен-ау деген.
– Ой, мына қозының бүйірінде жазу бар ғой. Білетін адамға оқыту керек. Жұрт дабырласып кетті. Лекер қозысының бүйіріне қарады. Манағы ағаштан сорғалаған шырын бұйраланып шығып келе жатқан жүннің табиғи түсіндей бола қалыпты. Өрнек – жазуға ұқсайды.
Елдің назары қозыға ауды. «Қашан туды, қалай туды, жазуды оқыттыңдар ма?» деген жамыраған сұрақтан қалай құтыларын білмеді. Алақаннан жем жеп үйренген қозысы да үрікпей, құлағын салпитып, кім не дер екен дегендей жан-жағындағылардың сөзі жанына жаққандай, момақанси қалыпты.
Лекер мына топтан қалай кетерін білмей тұрды да, қозысын алдына өңгеріп, атының басын кілт бұрып аулына апаратын ылди жолға түсті. Бір күннің ішінде талай оқиға басынан өтті. Ширығып келеді. Қасиеттің не екенін, қасіретке куә болғанның қандай болатынын ұққандай ма... Шақшадай басына көп нәрсені сиғыза да алмауда.
* * *
Әкесі үй сыртында шыбықтан шарбақ тоқып отыр екен.
– Әке, мұны не істейсіз? – Лекер аттан түсе салысымен шыбықтарды іріктеп, әкесіне керектісін қолына ұстатып жатып.
– Шырғаға қолданамыз, – деді әкесі мұның бетіне қарап.
– Ол не? – Лекер түсінбеді.
– Қасқыр аулаймыз. – Әкесі әңгімені қысқа қайырды.
Ой мен қырда биыл қасқыр көп. Малын жегізбеген малшы кемде-кем. Ет жемесе құлқыны тоймайтын түз тағысына адамдардың істемеген амалы қалмаған. Мынау да соның бірі шығар.
Лекер әкесі екеуі құла түзге апарып шыбық шарбақты орнатты. Ішіндегі бір бұрышқа қазық қақты. Жанына мол етіп шөп үйді. Шарбақтың есігін ашып-жауып көрді.
Лекер іштей күліп тұр. «Сонда мына шарбақтың ішіне қасқыр кіріп, мені сыртымнан бекітіп, ұрып алыңдар дей ма екен?». Айтайын десе, әкесінен батпайды.
– Сенің қозыңды түнімен осы жерге байлап қоямыз. Айдаладағы жағы сенбей маңыраған малдың даусын естіген қасқыр «мынау қандай батпан құйрық» деп шарбаққа келеді. Ашық есіктен кіре берер жерге қақпан құрамыз. Қасқыр қозыға ұмтылғанда сол жердегі қақпанға тұтылады. Мұны «қода шырға» дейді.
– Қозы не болады? – Лекер не күлерін не жыларын білмей дағдарды. Әкенің алдында сөз сөйлеуден өзін іркіп үйренгендіктен бе, тамағына ерітіп қорғасын құйғандай мелшиді де қалды.
– Қозыны іштен де шарбақпен қоршап қоямыз. Тиіспейді. Қасқыр қақпанға түскен соң алып келеміз.
Лекерге бүгін күн батпай қойды. Әкесін сондай қатал деп ойламапты. Мұның неге жабырқап, қамығып тұрғанын елең қылмады. Бала боп шолжаңдап көрмеген Лекер бейнетқор әкесін дәл қазір жек көріп тұр. Демі алқымына тығылып, күні бүгінге дейін аспандағы жұлдыздай көретін аяулы жанын бар пейілімен жек көріп кетті.
– Қозыңды алып жүр! Әкенің әңгімесі осымен бітті. Лекер қозысын құшақтап алған. Жаңа сауылған сүттің бір құтысын ішіп алған төлдің бүйірі бұлтиып, құйрығын шұнаңдатып қояды. Қасқырдың аузына апара жатқан қайырымсыз адамдардың қолында бара жатқанынан мүлде бейхабар.
«Қода шырға» дегенді Гитлер секілді жүрегі жоқ біреу ойлап тапқан шығар деп ойлады Лекер. Күркешікке қозыны кіргізіп, қазыққа байлады. Басы байлаулы тұтқын секілді болғанын енді сезгендей мұңдана маңырады. Лекер оның даусынан талықсып кетті. Беймаза үн бебеулеп естілді. Боздап тұр. «Адамдар неткен қатал, неткен жаман» деп заржақтанды. Лекер өзін-өзі кешіре алмай келеді. «Не деген ынжықпын? Торғайлық панам болмады-ау. Әу бастағы қара тағдыр бұл қозының бсына қайта айналып келе бергені несі? Неге басқа малды әкеп қамамайды? Әлсізге әлдінің әмірі сұраусыз жүре бере ме?
Күн сетінеп, түн келді. Лекердің ұйықтауға күйі келмеді. Көзі ілінсе болды қасқыр талап жатқан қозысы елестейді. «Лекер, Лекер!» деп шақырады. Біресе балаға айналып жылайды. Енді бірде тайыншадай текеге айналып мұның әкесін сүзіп жүр.
Ұйқысы ұйқы болмады. Орнынан дел-сал болып, өңі қуаңданып, ауырып тұрды. Әкесі ертемен «қода шырға» құрған құла түзге кетіпті. Енді қозысының аман-есен келуін күтіп, жолына үміттене қарады. Айқайласаң даусыңды іліп әкетер жартастан бері бұрылған әкесінің көңілді екенін атын тайпалта бастырып келе жатқанынан-ақ аңғарды. Қозы-алдында. Қанжығасына салақтаған бірнәрсені өңгеріпті. Сірә, қасқыр. Лекер қозысының аман екеніне қуанды.
– Лекертай-ау, сенің мына қозың қасиетті мал екен ғой. Бәсе деймін-ау, сенің ықыласың сонша түсіп еді. Бүйірінде жазуы бар екен. Неге мен мұны осы уақытқа дейін байқамағанмын? Мына қасқырдың ырылдауға шамасы келмепті. Үн-түнсіз қақпанға аяғын салған сыңайлы, – әкесінің қуаныштан бөсіңкіреп кеткенін аңғарды. Кешегі бетін көрместей болып жеккөргені тарап кетті.
– Лекертай, сенің қозыңды енді арнайы күтімге алайық. Бұл анау-мынау мал емес, қасиеті бар. Бүгін ауылдың үлкендерін шақырып, өзін көрсетіп алайықшы! Айтқаныңды түсінетін адам секілді өзі! – әкесі шаттықтан жарылайын деп жүр.
Лекер болса қозысының тағдырының басқа арнаға бұрылғанына қатты риза еді. «Сегіз сайдағы» қандыағашқа, абайсызда оның бұтағын сындырып алған Еламанға да іштей мың алғыс айтты. Дүниедегі ең мейірімді адам әкесі екен ғой.
ИТ – ЖАДЫ
Адамдардан көңілім қалғанда мен сендерді дос тұттым
Бұл менің кішкентай, тіптен кішкентай кезімде болған оқиға. Еңісі, қыраты, дөңі көп күздеуге көшіп келген кезіміз. Үйден таяқ тастам жерде жыңғылды тоғай. Еңіс қуалап ағатын жылға. Оның жиегіндегі құрақ, қамыс, қоға, сексеуіл қайтқан құстың әуеніне қосылып шулап жатады. Жыңғылдың ақ, қызыл, қызғылт гүлдері шоқтанып, топтанып көз тартады да тұрады. Апам оның қабығы мен тамырын алып тері бояйды. Қабық теріп келуге мені жұмсайды. Сеңгірлекпен шатастырма дейді. Сеңгірлек – ақ таспа. Тоғайға келгенде әдеміліктен басым айналады. Ағаш, бұталардың жапырағы мен гүлдерін түнімен кім бояп қоятын болды екен деп ойлап, аңдығым келеді. Күн болар бәлкім деп, одан тез айнимын. Атып келе жатқан таң бояу шашырататын шығар дегенге тоқтаймын. Ертемен мен де келіп сол бояуға малынып боянғым келеді. Ақ, қызыл, қызғылт, сары, күлгін... Түу, айта берсең көп.
Кенет алдымнан тайыншадай денелі ит шыға келді. Ақымақтанып тұрғандай: «ау-у-у-у» деп дыбыс шығарды. Үре алмайтын да ит болады екен-ау деймін. Ол мені жеп қойғысы келіп тұрғанын білдім. «Ау-у-у» деді. Өз-өзінен тиышсызданып, мазасы кетті. Мен Құттыаяқты ертіп шықпағаныма енді өкінгендеймін. Мына иттен қорқайын дедім. Ол болса тұмсығын төмен салып жіберіп, аяқтарымен топырақты боратып жіберді. Бұрқасын басталып кеткендей. Шолақ құлағы едірейіп сезімтал, иісшіл Құттыаяқтың келе қалмасы мұндай жақсы болар ма... Тайыншадай ит етегімнен тартып қалғанда менің басым бұтаның түбіне тиді ме, әлде қорыққаннан есім кетті ме, әйтеуір дүние қыбыр-қыбырға, жыбыр-жыбырға айналып, ілбіп қалған. Тайыншадай иттің ышқынғанын, Құттыаяқтың өршелене, шабалана үргенін еміс-еміс естимін. Үй, ауыл алыстап, тұрған жерінен шегініп бара жатты. Бірнәрседен қарманғым келіп қолымды ашып, жұматын секілдімін. Басым даңғазадай болып, жүрегім лоблып, құсқым келгенде есім бір жиналды-ау деймін, тайыншадай иттің «ыр» ете түсіп, жорта жөнелгенін байқап қалғандаймын. Еңіс, дөң, қырат, қамыс, қоға жылжып бара жатқандай. Құттыаяқ та қалжырап, даусы қарлыққан. Дөңгеленген жермен бірге екеуміз де дөңгеленіп барамыз. Есім жиылғандай болды. Айналам дабыр-дұбыр. Әудем жерде жатқан Құттыаяққа қарадым. Көзі бозарып кетіпті. Ағаш бұтағындағы көкек сұңқылдады, құр құрқылдады. Айналамдағы гүлдер қурайға айналып кетіпті. Ағаштарды, гүлдерді бояйтын бояуды іздеп басымды көтердім де, қап-қара шыңырауға түсіп, шыға алмай арпалыстым.
Мені ауылға көтеріп келіпті. Аяқ-қолым, сүйегім дін аман. Бастың ішіндегі тетіктердің біреуі үзіліп кетсе ол да Алланың бұйрығынан шығар деп, таңдайымды көтеріп, қара ешкінің өкпесімен аластап, жатқызып қойды. Киіз үйдің есігі түрулі. Құттыаяқты көріп жатырмын. Тілі алақандай болып салақтап кетіпті. Екі бүйірі деміккенен көтеріліп басылады. Менің өзіне қарап жатқанымды білді де, ыңыранып орнынан сүйретіліп тұрғысы келді. Қарны жарылыпты, ішегі шұбатылып жатыр. Көршы, сынықшы Иманбек ата келіп ішегін ішіне тығып, қарнын тікті. Иттің қабағы, ұрты салбырап кетіпті.
Жаным шыдамай көзімді жұмып алдым.
– Құтырған қасқыр болмаса ауыл шетіне қалай келіп жүр? – Иманбек ата қасындағы жас жігіттен таңдана сұрады.
– Қалай деріңіз бар ма? Бәрінен нысап кетіп, ашкөзденген заман ғой, шамасы не қартайған, не ауру. Өте сақ. Дем алысын білдірмей сырттай берді ғой.
– Сілекейі күйіп кетсін, тісі тиген жерге киіз күйдіріп басыңдар, қанына кетіп қалмасын. Балаға тиіспеп пе? – Иманбек ата үлкендердің әдетіне басып бір сұрағанын қайта-қайта нақтылап жатты. Тайыншадай ит дегенім қасқыр екен ғой деген ойдан мазам кетті. Мені қанды ауыз қасқырдың аузынан Құттяаяқ құтқарыпты. Баласындай қорғаштапты. Денеме сызат түсірмепті. Өзін менің жолыма пида етіпті. Қарны ақтарылып жатқанымен мен жаққа қарап, менің аман екенімді көрген соң, басын алдыңғы аяғының үстіне салып тыныш қана жатыр. «Сен үшін азаптанып қиналып жатырмын» дегендік жоқ. Қайта осы бір шайқаста күш басымдылығын көрсеткеніне дән риза секілді, өмір мен өлімнің дәмін сезгендей өте ойлы кейіппен қарады. Жанына барып, өзіме деп арнайы пісірген тамағымды алдына қойдым. Көз салмады. Зауқы жоқ. Сылап, сипасын дегендей басын төмен салды. Шөлдеп, су ішкісі келіп тұрғандай болып көрінді. Көк тоғайдағы қайнап шығатын жылғаның мұп-мұздай мөлдір суын әкеп итаяғына құйдым. Тұмсығын бір батырды да, денесі құрысқандай, ызалы әрі жалынышты дауыспен ұзақ қыңсылады.
– Мына итті тоғайға апарыңдар. Шыққа аунасын. Өзіне керекті шөбін тауып жесін. Өзін-өзі сөйтіп емдесін. Жазылса үйге қайтып келеді, жазылмаса өлігін көрсетпейтін есті ит қой бұл, – Иманбек ата жанындағы жас жігітке дереу тапсырмасын орындау керектігін ұқтырды.
Құттыаяқ кеткелі мен сүлесапа күйге ендім. Үлкендер бұл оқиғаны ұмытып кеткен секілді. Тоғайға барсам көзіммен, көңіліммен итімді іздейтін болдым. Кейде екеуміз ойнағанда өтірік бірдемені тіміскілеген бола қойып, мені алдайтын әдеті бар еді. Дәл солай алдымнан арсалаңдап шыға келетіндей көрініп, алаңдаймын. Әлде адамдарға, маған өкпелеп далада тамақ іздеп қаңғырып жүрген бұралқы иттердің қатарына қосылып кетті ме екен? Жоқ, Құттыаяқ олай істемейді. Жақсылығын бұлдамайды. Айналасына жыңғыл шоғырланып, топтанып өскен бастауға келемін. Түбіне тесіле қараймын. Жылт-жылт еткен ақ тастарды көріп, ар жағынан Құттыаяқ шыға келмес пе екен деп тағы сұғынамын. Содан тасқа басымды соғып барып есімді жиямын. «Құттыаяқ, мен кейін саған үлкен ескерткіш орнатамын!» деп онымен іштей сөйлесіп, іштей уәде беремін. «Ит періште болып келіп қасқырдан құтқарған» деген сөз сүйегіме сіңді ме, әлде басқа бір себебі бар ма, ит көрсем үстіне түсіп кетердей өбектеймін. Олардың кескіні салынған суреттерге аяулымды көргендей тесілемін.
– Ит жының бар сенің, болар бала боғынан деген, өзіңдей Бейсекүл мен Айшаны қарашы, кәдімгі қыз, сенің отырысың мынау, – дейді – үйді иттің суретіне толтырып, тегің жаман ба, өзің жамансың ба біле алмадым ғой, – шешем бармағын тістеп басын шайқайды. Ашумен қабырғадағы суреттерді жұлып-жұлып алмақшы.
– Тиіспеңіз. Ол аспанға ұшқан Белка, Стрелка, Лайка ғой, – деймін қорғаштап, қабырғаны нәп-нәзік иығыммен жауып.
– Әдірем қалсын. Адам тындырмағанды осылар тындырып па? Қазір кәлләсына келгенді істей беретін болыпты-ау. Ал мынауың ше? – апам көзін сығырайтып, қабағын шытып, суреттерге жаулана қарайды.
– Дахштейн деген таудың мұзы еріп, сел болғанда 5 күн бойы күні-түні дем алмай селден адамдарды құтқарған овчарка. – Мейірімі оянып, жүрегі жылып кетті-ау деймін, суреттің бетін жұмсақ сипап өтті. Мен де қуана түсіп:
– Апа, мынау соғыс кезінде хат тасыған, байланысшы болған, жаудың танкісін өртеген батыр иттер, – деп әңгімені көсілтіп жібердім.
– Алланың шеберлігі де, пендесін құтқару үшін істеген айласы ғой, – апам бұл жолы да басын шайқады. Жылы, жағымды.
– Ал мына қалқан құлақ жұқа сарының қасында тұрған жалпақ тұмсық қара ит не тындырған?
Қызығуы оянып келеді. Мен де әңгімем жақпай қалмасын дегендей сөзімнен жаңылыспауға тырысудамын.
– Бұл суретке әлемдегілердің бәрі таң қалады.
– Әлемдегі жұртың ит пен бала көрмеп пе? – апам тыржиды.
– Ол мына суретті салған адам мен суреттегі баланың тағдырына қатысты. Он сегіз жасар суретшіні әкесі соттың оқуын оқи қоймадың деп үйінен қаражатсыз қуып жібереді.
– Қазақтар ма? – сөз қыстырып қойды.
– Жо-жоқ. Шет елдіктер ғой. Содан ол басқа бір жерге барып, шеберхана ашып сурет сала бастайды. Оған қол-аяғы жеңіл Александр деген бала көмектесіп жүреді. Өз суретін салғызуға тіптен құмар болады.
– Бекер, – деді апам қарап тұрмай, – суретке құмар болмау керек.
– Сонымен бірде суретші Александрдың шиені қомағайлана жеп, шырынының езуінен еріксіз ағып тұрған кескінін салғанда, көрушілердің тәбеті ашылғаны сондай, жартысы желініп, жартысы желінбеген ауыздағы шиені ұстап көргілері келіп ұмсынатын болған. Бірақ бұл суретшінің достарына ұнамайды. Жемістің шырыны емес, қан ағып тұрғандай екен деп бағалайды.
– Ниеттерінің жаманын-ай, – апам күбірледі.
– Бір аптадан соң суретші шеберханасына келгенде, қабырғаға шеге қағып, соған асылып өлген Александрды көреді. Шеге езуін тіліп кеткен. Қан саулап тұр. Дәл суреттегідей. Бұл оқиғадан соң суретшіден маза кетеді. Ұйықтай алмайды. Көзі ілінсе болды Александр көлбеңдеп: «Мұнда маған өте қорқынышты. Жалғыздықтан жалықтым» дейді.
– Астапыралла, астапыралла! Енді суретші өліп қалмасын де... – апам кәдімгідей қобалжыды.
– Онда неге бұлай істедің? – деген суретшінің сұрағына жауап бермей, ауаға сіңіп жоқ болады. Суретшінің басы дал болады. Не істерін білмейді. Содан кейін «Бала мен оның иті» деген сурет салады. Өз итінің кескінін келтіреді. Бір қарасаң қарапайым. Көп ұзамай суретшінің иті өзі жібіне өзі қылқынып өледі. Суретші туралы шу-дабыра дүниені дүрліктіріп жібереді. Жақындары теріс айналады, туыстары жек көреді.
– Опырмай-ә, балам, мұндай пәлелі суреттерге құмар болмасаңшы. Жамандығы өзімен кетсін, – апам қорқа бастады.
– Баланың жанына иттің суретін салып берген соң суретшінің ұйқысы бұзылмайтын болыпты. Аруағы риза болған-ау шамасы, – Тұрған жерлері тау да, дала да емес жұқа сезіммен перделенген беймәләм бір дүние суретін тұңғыш көргендей ұзақ қарадым. Мұң-зар әуен кеудемді кескіледі. Ит көзіндегі қасірет табы анық аңғарылады.
– Е, бұл ит деген хайуаның о дүниеде де, бұ дүниеде де адамға серік екен-ау. Сені Құттыаяқ деген итіміз қасқырдан құтқарып қалып еді ғой. Адам болса талай рет есігімізге келіп тепсініп, міндетсір еді. Өлімтігін іздеп барып, аузына бір жапырақ құйрық май салуға да жарамадық қой. Сөйтіп жүріп адамбыз дейміз-ау, – қайдағы-жайдағы есіне түсіп апамның көңілі босады. Шамасы иттің алдында кейде ит боп қалатынымызды мойындады-ау деймін, сөйте тұра:
– Тым жақсы көріп, артық еркелетсең итті бұзып аласың. Кейде иттің ұясына кіріп жатуға пейілді боп тұрасың. Сол мінезің ұнамайды. Жақсы көр, бірақ ит – жады болма! Мен төмен қарап отырмын. Бала кезімде ылыққан иттерді су шашып ажыратам деп ұятқа қалғаным бар. Ыңғайсыз іс істеді деп ойладым ба, әйтеуір үстеріне суық су құйып, шөп тиеген үлкен арбаның астына кірсе, ол жерден жалпақ бас ағаш күректің басымен соққылап, қыр соңдарынан қалмай қуғанмын. Бұл қылығымды әкем байқап, жер-жебіріме жетіп, жекен суымды ішкізген. Апам сонымды айта ма деп едім, ұмытқан-ау деймін, үндемеді.
– Дүние, ақша, қызмет адамды бұзады. Итті не бұзады? – шынымен білмек болып сұрадым.
– Бір мысал айтайын. Оның итке ғана емес, адамға да қатысы бар. Баяғыда бір сұлтан үлкен сарай салғызыпты. Оның бір бөлмесінің қабырғаларын, асты-үстін тек қана айнамен қаптатыпты. Бір күні әлгі бөлмеге сұлтанның иті кіріп кетеді. Хайуан жан-жағына қарап, аң-таң болады. Айналасындағы қаптаған иттерді көріп не істерін білмей бір орында мелшиіп тұрып қалады. Жан-жағынан иттер оған аңтарылып қарап тұр. Қорыққанын сездірмеу үшін жай ғана тісін ақситады. Айнадағы иттер де тісін ақситады. Бұл одан сайын айбаттанып, ырылдауға кіріседі. Олар да қалыспайды. Енді үре бастайды. Айналасындағылар да үреді. Осылай жалғаса береді.
Таңертең бөлмесіне кірген сұлтан итінің аузы көпіріп өліп жатқанын көреді.
Ит қанша ақылды болса да адамдай бола алмайды, теңеспейді – шешем ит-тірліктен, ит-жандылықтан аулақ бол дегенді ұқтырып, ақшам намазын оқуға тұрды.
Әңгіменің әсері ме, көңіл көзім мөлтілдеп, екі өкпем ауа жетпей қысылғандай болды. Аптығым басылып, тынышталғандаймын. Ауладағы итім өтірік үріп, ойын қысып, осы ием мені бір жаққа ертіп кетпес па екен дегендей жүгіруге дайын тұр. Көзінде еркіндік пен еркеліктің оты жанады. Ұясының жанындағы қазығына әкеліп байладым. Онымен ойнауға зауқым соқпай қалғандай. Ол арлы-берлі далақтап жүгіріп, оралды да қалды. Арқа жүнін үрпитіп, желкесін күдірейтіп, ойнақылығынан ажырап: «не істеп қойдың?» дегендей таңдана қарады. Құйрығын бұлғаңдатып, өтірік үріп қояды. Баратын жерден қалып қоймайын дегендей қазықты кері айналып, босанып алды. Итімнің тұмсығынан ұстап едім, мұп-мұздай екен.
– Бүгін тойға үй-іштеріңмен барасыңдар ма? – көшенің басында тұратын Шағи жаныма келіп, ұзақ жөн сұрады. Итім оған айбаттанып, екілене үрді. Шынжырдан құтылса, бас салмақшы.
– Психикасы дұрыс емес ит қой. Мынадан құтылмайсың ба? – Шағи жан-жағына алақ-жұлақ қарағыштан, сырттай берді.
Итімнің құбыла қалған мінезін түсінбей қалдым. Бөтен адамды сәл қорқытып қоятыны болмаса, бұлай шабаланбайды. Әлде менің көңіл-күйімнің ауаны соған көшкен бе?..
Тойға баратынымыз рас. Ол Шағиға не үшін керек болды екен?!
Тойда отыра алмадым. Ерте қайттым. Келсем үйдің алдында бейтаныс машина тұр. Қақпамыз ашық. Таңдана жүріп аулаға кірсем, тізерлеп отырған біреудің иығына Майлыаяғым аяғын артып алған. Қозғалтпайды. Мені көріп әлгі адам тіптен бүгжиіп кетті. Сырттың шамын жақтым. Итімнің денесінің сәл-пәл дірілдеп, езуін ыржитқаны болмаса, сабырлылығынан танған жоқ. Бүріскен адамның бетіне қарадым. Шағи! Енді ол емес, мен сасқалақтадым.
– Қайдан жүрсің? – дедім, арғы ойын түсініп тұрсам да.
– Жоғарыдан қыдырып келе жатып саған соға кетейін деп едім – дейді міңгірлеп. Майлыаяқтың арқа жүні дүрдиіп кетті. Өтірік сөзге шыдай алмағаны. Бұйрық күтіп тұр.
– Босат, жібер! – дедім. Құлағы бітіп қалған ба, мізбақпайды.
– Босат, жібер! – даусым қатты шықты. Маған таңдана қарады. Иемде ес жоқ деп тұрғаны айдан анық. Мені түсінбей тұр. Тістері сақылдап барып басылды.
– Жібер! – дедім де, өзім Шағидың бетіне қарай алмай теріс бұрылдым. Тапырақтап басқан аяқ дыбысы алыстап барады. Итіме қарадым. Басын бір жағына қисайтып, шоқиып отыр. Тым сүйкімді. «Жақсы!» дедім. Нені айтқанымды түсінбеді.
– Адалдығың! – дедім құлағын шымшылап, мойнынан сипалап. Ол болса басын оңға бұрып сол құлағын, солға бұрып оң құлағының түбін ұзақ қасыды. Бұл оның «жүйкем жұқарды» дегенді айтқаны. Еркелеткенің керек емес дегендей қыңсылады. Ыза-кегін сыртқа шығара алмағандықтан екі өкпесі соғылып жатты.
– Болмайды, ондай адамдар тырнағыңа татымайды, – дедім жұбатып. Басын төмен салып, қабағының астынан ұзақ, тесіле қарады. Кінәлаған сыңайлы. Шағидың суық қолы ешнәрсе алып үлгермегендіктен, мен оның қылығын арына жүктедім де қойдым. Итім бірнәрсе айтқысы келіп, айта алмай тұрғандай. Ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптаған итаяқта балбыраған тамақ жатыр. Тәбет тартып бұрқырайды. Арнайы жасалғаны көрініп тұр. Бөтен қолдан тамақ ішпейтін итімнің бұл жолы қалай алданғанына таңмын, жартысы ішіліпті. Мен Шағидың адалдық мұхитындағы қап-қара абыройсыздық деген толқынның жалына жармасқанына ойымды да, санамды да жеткізе алмадым. Итім қайта-қайта қақалып, жөтеле берді. Ішінен қан кетті. Тамағына бірнәрсе қадалғандай. Үрейін десе басы қаңғырлап, ауырып кетеді. Ішек-қарны іріп кеткен сыңайлы. Қыңсылап өкпесі соғылып жатты. Құйрығын көтеріп ызаланды. Көздері аларып қанталап кетті.
Содан кейін алдыңғы екі аяғын алға созды, басын оның үстіне қойды. Көзінен моп-мөлдір моншақтар ақты. Мен басын сүйедім. Уысым жасқа толды. Денесі дір-дір етіп барып, аяқтарын созып жіберді де тынышталды. Мойнынан құшақтадым. Ішім әлем-жәлем болып күйіп барады. Аспан бұлыңғыр. Жеп-жеңіл мақтадай желпілдеп тұратын бұлттар қазір сұп-сұр болып жылауға шақ тұр. Айналадағы осы оқиғаға куә болған тал-теректер түк айта алмай тұнжырайды. Кешегі жасылдың бәрі күздің лайымен тапталып, қарақошқылданып, қабаржып кеткен. Бұдан сәл бұрын айналамда өріп жүретін жақұт сәулелер қалды ма екен деп қолымды жайсам, саусақтарым серейіп жатқан итімді қармады. «Адамдарды көбірек білген сайын иттерді соғұрлым жақсы көремін» депті ғой бір білгіш. Қалай дұрыс айтқан. Аспан жерге, мен итіме қарап ұзақ жыладым. Айналам сондай суық, бөтен. Ойнақы күшіктен алшаңдап басқан нән төбетке айналған итімнің аузына құйрық май тістеттім. Жағы қарысып қалыпты, езуінен сырғып кетті.
Итімнің құнын сұрап Шағиға бір ауыз сөз айтпадым. Ол адамгершілік, имандылық, рахымдылық пен мейірімділіктің жетегіне жүрмейтін пенде. Тұмсығын бұзып сенің ыза-кегіңді алмаған өкінішім ішімде қалды. Кейде кешірем, кейде кешірмеймін өзімді.
***
Ол күндері белден асып көрінбей кеткелі біраз болыпты. Итімді іздеп жетімсіреген көңіл қазір бәріне салқын тартқан. Уәде ұмытылған. «Ит-жады» атымды өзімнен басқа ешкім білмейді де.
Тек мына бір оқыс оқиға болмаса...
Көршім араққа сылқия тойып алыпты. Тәлтіректеп итінің жанына келді. Қысқа тұмсық, сүйір бас, кең кеуделі, тұрқы ұзын иті созалаңдап орнынан тұрды. Бөтен иісті жақтырмаса да ызбарланбады. Иесінің сырын біледі-ау деймін. Сонсоң ішіне түскен арақ дүлей күшке айналды ма, итінің құйрығынан алып, басынан айналдырып, айналдырып жерге ыңқ еткізді. «Қаңқ» еткен дауыстан басым зеңді. Адамға да, итке де қарай алмай тұрмын.
–Біттің, Мырқымбай! – деді иттің үстіне жауын жеңген адамдай төніп. Иттің денесі сәл-пәл дірілдеп жиырылып барып, басылды. Бас терісінің қатпарлары тереңдеп кетіпті.
– Мұның не? – Жанына жетіп бардым.
– Сол. Терісін сатып шай-пұл жасаймын. – Көршім омырайған аузындағы кетік тістерін көрсетіп ыржиды.
– Қасиетсіз неме! – дедім дірілдеп. – Қасиетсіз неме!
Көршімнің сөз ұғар халі жоқ. Ауыр соққыдан көтенішегі үзілген итінің терісін сыпыруға кірісті. Соңғы рет шерін шығарып ұлып үлгере алмаған итке қарадым. Көз айналасындағы көзілдірік тәрізді белгілері айшықты боп көрінеді екен. «Төрткөз» ит қой. Көзі боз емес, қап-қара. Сырғып сорасы ағып жатыр. Шумақталған ыза шимайланып ішімді кеулеп барады. Адамдар аппақ дүниенің бетін қара күйемен айғыздап жатқандай.
Содан бері бүкіл ит біткеннің жиылып адамнан жапа шеккен тұқымдасын жоқтап ұлып жатқан дыбысы құлағымды шуылдататын болды. Сірә да солардың ескерткіш-суретін салмай жаным тыншымас.
Алматы.