Cағадат ОРДАШЕВА: Жантелім (әңгіме)

Сенің заманыңа салауат айттым,
Менің заманым – сырқат.
Нұрлан Мәукенұлы.

Қоңырқай қағылып шырқау кеңістікке еркін лепірген шалқыма күй. Қара барқын даланы уысына салып тербеп жатқандай, әлдиіне басып өбектеп, құшырланып иіскегендей. Иірімі жұмсақ, қайырымы қанық күйдің бойы тұтас, ырғағы біртекті. Біркелкі қоңырланып әуеге көтерілген күй күмбірлеп кісінегейдей, беу беулеп осқырынғандай, баяулықпен шапшымай саябырсып шалқиды. Тербеледі, егілген ақбас изендей даламен көсіледі. Желдің уілі, баланың гуілі, аспанға шапшыған кек жоқ, бас иіп белін берген шарасыздық, қауқарсыздық, қаумалдық, қыспақтық бар. Езгіге езілген ессіз қара топырақтың ышқынысы бар, бірақ, қарайған кек жоқ.
Заңғар көкке ұша алмай қипалақтаған торғайдай жер мен көкке ілініп қалған ырғақтың ауамен жұғып деммен жүкті қылатын шері бар. Қара майдай қопырап жатқан топыраққа сіңген құсасы бар. Қара жерге сіңген сіңірлі, уытты, құсалы жерігі бар. Түйсікті түртетін қаңқылы бар. Қоңыр күй... шемен шер...
Төбеге тік шаншылған қарағайлы қара орманның бетін апақ сапақ етіп қар жапқан. Жұқа жамылғыдай қарағайдың әр жерінен қарға бойы қараң-құраң етеді. Состиыт-состиып әр жерде тұрған үсті басы қара қожалақ, бет жүзі күмпиіп ісініп кеткен тұтқындар тамылжыған күйге елтіп тұрып қалыпты. Аспанның алып шыңырауы иілгендей, ашық алаңқайдағы бір топ адам қамалсыз тұтқындықтан бір сәт босап желмен бірге үп етіп көтеріліп, азат та пен ерікті күйдің емеурінімен көкке қанат жайып кетіп еді. Қолдарынан қайла-балтасы, ара мен балғасы сылынып түсіп, қара майы шыққан маңдайынан жорғалаған терді байқамай сылқ-сылқ етіп отыра кеткен. Мылтығын кезеніп, желкесінен түрткіштейтін старшынның да бесатарының ұңғысы аспандап барып жерге түскен. Өзі тұрған күйі отырмай қақшиып қалыпты. Мынау әсіре аяулы күйден топырлап келген көздің майын үркіп қалуға мұрша болмады. Төрт тараптан тізелей кеткен орыстың сары мұрт жаушабары да жерге тесіліп, мөлдір күйге елтіп кетіпті. Буын буынға түскен күй егілтіп барады, маужыратып барады, еңірескен ерлердің ерден түспей егілгенін еске алып, ошарылып отырған қырыққа жуық тұтқын бүлкілдеген күйге босап солқ-солқ етті. Солқылдатып жылатты шеменді күй... Шерлі күй.
Сахалинге айдалған Сейтектің тұтқындалған жаны көкіректен ағытылған күйді тұтқындай алмады. Қолы қайта-қайта ішектің бойын бойлағандай құр таяқты ермек етіп, қаншама күн құсалы күйді төге алмай күйзелді. Ақыры, айлап жасырып жүріп қарағайдан жаныған домбырасына бәйбішесі етегіне буып салып жіберген тиекті қойып, ішек байлап, жұмыстың қызған тұсында перненің лебізін ағытты ай кеп. Өзі де байқамай қалды. Алдына жетіп келген кержақтың ұңғысын да көрмей қалды. Көзін тарс жұмып, домбыраның сағағына бетін сүйкеп, терең тамырлы күйді бастап кеткен. Бойын дел сал еткен күйдің тәтті әсерін бұза алмай, тосырқап старшын тұрды.
Барша жүрек тілсіз ұғынысқан, баршаны бауыр еткен күй тоқтаусыз тербеліп, анадай аялап, әкедей арқадан қағып жұбатты. «Ерлерсіңдер ғой, абадандарым! Жеңілмеңдер, қайратқа мініп, қайғыға шөкпеңдер! Заман осылай-ды» деп ыммен, ибамен сездірген еді.
***
Ақ жастық терге малшынып суланыпты. Түсі екен. Тап тұйнақтай етіп кино көргендей әсерде оянды. Санасы сайрап, түйсіктің саңылауы ашылып, жүрек дүрсілдеп жатыр екен. Аппақ зерделі перденің артынан көрінген ашық аспан, бұлыңғырлау Мальчезинаның аспанын байқастап қарады. Сол Ватикан қалашығының теріскейінде, Монте Бальдо тауының беткейінде тыныштығы құлаққа ұрған танадай айналасын көкпеңбек теңізбен түйісетін Гарда өзенінің жағалауында екен. Қалаға ентелей сапырылысқан самаладай жап жарық өзен. Саңқ еткен құс пен үп еткен желге құлақ түрді. Қаланың ең маңғаз қабатты үйлерінің төбесінен төне қарап, өзінің Итальяның албарлы соборлоры қоршаған орталықта екеніне көз жеткізді. Қасында, аппақ көрпемен тұтасып ақ сарғыш шашы бұралып, ақ кеудесін қымқай ораған Эльза. Римдік паң ханшайым, кербез сұлу. Алаңсыз албырт ұйқыда.
Төсектен көтеріліп, айфонын қосты.
- Файз, кемеде күт, қазір келем.
Бұл ақ қағаздай киініп көшеге шыққанда, есік алдында көлік жүргізушісі күтіп тұрды. Жағалауға жеткенде, Файз кемеде тікесінен тік тұрып күтіп тұр екен. Екеуі ләм мим деспей кемеге отырды. Файз кеменің екі серіппесін өзі басқарып бұрай бастады. Бұл үйден жөпелдемеде алып шыққан салқын сыраны аузына тоғытты.
Кеше Эльза, кешкісін...
Кеше көп сілтеп қойғансың, содан.
Кеше Эльза екеуміз Сикстин капелласын, Ватикан Ұлттық музейін аралап шыққанбыз. Суреттері ғажап ә? Білесің бе, Эльза қазақта тарих болмаған, қазақтың өткені, бүгіні жоқ, жабайы тайпа болғансыңдар деп айтып салды, сенесің бе?
...
Болмаса болмаған шығар, мен қазақ емеспін... Тағы бір сыраны біткенше аузына ағытып алды.
Көп ішпе, бұл зиян.
Мен қалағанымша, білгенімше өмір сүремін, осылай рахаттанып. Әкемді өлтірмесін Құдай.
Мені неге шақырдың?
Эльзаны айтам, ол маған тұрмысқа шыққысы келеді.
Дұрыс, үйлен.
Әкем, ешкімге сенбе, тіпті, досыңа да, жау табан астында деген еді.
Дұрыс айтқан, жау қасыңнан табылады.
Нені меңзегенін түсінесің бе?
...
Мальчезинада Эльза екеуің маған доссыңдар. Екеуіңе өзіме сенгендей сенем.
Білем.
Аққұба өңді, ат жақты Шерхан жігіттің төресі еді. Бойында сұлтандық, ақсүйектік аңқып тұратын. Дөңгелек қара көз, жағын қаптаған қыл орман, төңкеріліп төне қадалатын жанар аңғарымпаз, адам ішін айтпай танитын. Отыздан жаңа асқан қылшылдаған жігіт. Көкіректегі қаумалаған мұңға бөгіп, қарсысында қадалған досына жан жүйесін ақтара алмай отырған-ды. Үнемі осылай, ақжарма ақ көңілін жайып, бар сырын түбіне дейін айтып салмайды. Сыр аңдиды. Ойынан бөлек сөзді айтады.
Түсімде үнемі бір қоңыр күй естіледі. Астрахань, Орал, Бозтөбе, Боғда, Ақтуба деген сөздер анық көз алдыма келеді, - деді сыбырмен. Файз жалт қараған. – Түсінбеймін... бір күй күмбірлеп оятады. Бөкей ордасы, Сейтек деген адамдардың есімі оралады. Қолындағы сырасын төңкеріп кеме ішіне тастай салды.
Батыс Қазақстанда Бөкей ордасы деген жер бар. Ар жағы Астрахань, ал Боғда деген тау қазіргі Бозтөбе болса керек. Ол жерде атақты тентек атанып кеткен Сейтек күйші өмір сүрген.
Не может быть? – басын теңсеп, тыңдағысы келмеді. – Жоқ, бұлар тек түс қана. Түс қана. Қайдан білейін. Астыңғы ернін көмкере түскен қара сақалын тістелеп, ернін жымқырды.
Екеуі көк айдынды теңіздің алаңқайына шығып кетіпті. Көктемнің уылжыған жас күні. Күннің нұры әлжуаз шақ. Шерхан ашқұрсақ ұрттаған сырадан масайып қалған. Файз жағаға шығарып, көлік жүргізушіге ым қақты. Анау дереу көлікке иектеп апарып отырғызды да, үйге қайта алып кетті.
Сен қазақ емессің... Қас қабағы ерекше қиылысып, көзінің қадалысымен құйыла салатын Файздың жүзінде бір ызалы мысқыл оянды. - Эльза сені сүймейді, ол сенің ақшаңа мастанып жүр. Айтайын десем... Бай баласы өзіңе сол керек. Файз дауыстап айтқан сөзін өзі тыңдап тұрғанын аңдап, бұға қойды. - Ал, мен саған өзіме сенгендей сенбеймін, - деді күбірлеп.
***
Файз бен Шерхан Қазақ-Америка Алматы университетінің алғашқы курстарынан таныс. Екеуі жақын достардай бірден шүйіркелесіп кеткен. Ыстық суығына төзерліктей шын ықыласты достардың бауыры жазылмайтын еді. Шерханның әкесі сол жылдары мансабы өсіп, министрлік тағына отырған. Екеуі де оқуды аяқтағасын "Болашаққа" тапсырды. Файз өзінің біліміне сенімді еді, ал Шерхан шет тілдерін шала шарпы ғана меңгергентін. Шерханның әкесі екеуін бір күні кабинеті шақыртты. «Екеуің де бір қалаға барады екенсіңдер, бір біріңе арқа сүйеп, демеу болыңдар. Бөтен елде бөгде ойлылар көп, өзім бар қаражаттарыңды өтеймін» деген. Артынан Файзға әкесі арнайы жолығып "Баламды білем, шетелге кеткесін тым масайрап кетуі мүмкін, тым еркін өсірдік, сен бас көз бол, Шерханды саған тапсырдым. Ақшадан қам жеме, өзіңе ай сайын арнайы қаражат жіберем» деп желкесінен қаққан. Мұндай әсіре сыйлауды түсінде де көрмеген Файз бұл достығын неге жорырын білмеді. Ақыры, мәңгілікке Шерханның басы көзі болып жүруге байланып қалғанын аңдамай қалған. Әкесі Шерханға бөлек, Файзға бөлек хабарласатын. Соңғы жылдары Файз Шерханның тәккаппарлықпен масаңдап артық сөйлеп, аузына келгенін айтып салатынын көтере алмай қалатын. Ондайда үнсіз отыратын. Себепсіз даңғаза тойлар ұйымдастырып, астамшылықпен сөйлеп Файздың бетін жерге қаратады. Шерхан әкенің ұрлап жырлаған миллиондаған дүниесін ойланбай шаша салатын-ды. Мальчезина, Лимоне, Гарда өзендерінің маңында хан сарайындай күмбірлеген отельдердің иесі. Шерхан барған сайын жергілікті римдіктердің мәдениетін, салтын тез сіңіріп өзгере бастады. Ал, Файздың бар арманы өз елінде қалып қойған. Өз елінде, Батыс Қазақстанда, Бөкей ордасында. Аңсарлы ауылының сағынышы буып, жанын жегідей жейтін. Шерханға байланған тағдырын қарғап сілейтін кейде, бірақ амал жоқ, Тәңірі жазса қайтемін деп амалы таусылған.
Сен қазақ емессің... - деп тістенді Файз.
***
Аспанға айқара құшақ ашқан Астана. Ғимараттары күнге шағылысқан, жалтырап жарқылдаған Астанаға келгенде қолдан құйып қойған баланың әспетті ойыншықтарын еске алды Шерхан. Мырс етіп миықтан күлді. Аққұба өңін жағалай тебіндеген қыраулы сақалып ернімен өбіп, жымқырып алды.
Жаздың ақ таңында әуежайдан түскен екеу Астананың төбесінен қарап тұрғандай іркілді. Файз кеуде қапсырып құшаққа алған самалды қарпып жұтып, кеңсірігін толтырған. Шерхан өзі де түсінбейтін бөгделеу сезімге бөленіп, жат пен жақынның арасын айыра алмайтын дүмбілездей қалаға мағынасыз көз тастаған.
Әкесі министрліктер орналасқан қалың қабатты іркес-тіркес төбелі үйлердің бірінде отыратын. Кілең ақ жағалы, мойынтартқышты мырзалар көсіліп шығып, адымдап басып алдынан өтіп жатты. Әкесі кең кабинетінде әдеттегідей кең тағына сүйеніп отыр екен. Қолын беріп амандасты да, екеуі хал жағдай сұрасты.
Шерхан, барлық құжаттарыңды рәсімдеп қойдым, Италиядағы Отель, қонақүйлерді рәсімдеуді баста. Білесің, тек өз атыңа емес. Келіскендей, Файз бен әлгі қызыңның атына ауыстырасың.
Әке, бұл қашанға дейін жалғаспақ? Неге өз атыма ала алмаймын.
Сен дымды да түсінбейсің бе, шынымен? Файз қасыңда сеніңше, не істеп жүр?
Бәрін өзің айтқандай орындаймын, алайда, маған берген үлесіңді өзім бас болып білгенімше, неге басқара алмаймын? Мен бала емеспін ғой, есейдім.
Тыңда, 2017 жыл білесің, ЭКСПО өтпек, қарпып қарыштап табысқа кенелеміз, ол кезде не істесем де, ұрпағымның ұрпағына жететін қаржыны тасып әкетем. Үкімет артынша, бір-екі жылда әдеттегідей тексеріп қаржының тоналғанын байқайды. Мен ол кезде бұл әлемде ғайып болуым керек. Тіпті, сенің де атыңда ешнәрсе болмауы тиіс. Сен де, мен де ғайып боламыз. Сол үшін төртеуіңді төрт жаққа шашып отырмын. Өзің жақсы білесің, Қазақстанда болашақта ештеңе қалмайды.
Білемін, талай құлағыма құйғансың, әке.
Артық ештеңе сұрама, тек күт. Шауаңды басқар. Үйлен. Италиандық болуыңды тілеймін. Жалпы Рим қаласы елеусіздеу жер. Ертең мен де қасыңнан табылуым мүмкін, бұйырып жатса.
Төбесінде Қазақтың туы тік шаншылған Төбелі үйден еңселі шыққан Шерхан Файздың өтінішімен Оралға ұшып кетті. Орал, Атырау, Ақтөбенің түйіскен жерінде Бозтөбе деген құнарлы құмды аймақ бар. Бұл Файздың туған жері. Туған елдің, туған жердің тел емшегінен еміп кетейік дегеніне жоқ дей алмады Шерхан.
Шерхан...
Шер мэн, сен неге менің атымды бұзып жарып айта бересің? «Шер кісі» деген зор мағына. Эльзаны білесің ғой, тіл маманы, «шер» деген сөз шығыс тілдерінде «арыстан» деген мағынаны береді екен, ал хан деген сөз жабайылылау естіледі. «Шер» «мэн» деген круто да!
Шерхан... екеуі әуежайдан түскесін, жол жөнекей такси жалдап ауылға тартты.
Шерхан, ауылға барғасын тыңайып қайтайық, аңға шығайық. Атамда мылтық та, жылқы да бар. Киік атып қайтайық, қалай қарайсың?
Үнсіз келіскен.
Талай жылдардан бері сағынысып көріскен Файздың әке шешесі арқа жарқа болып, ақ түйенің қарнын жарып әлеуметке арнап той жасады. Аунап қунап, елдің иісін алған соң ертесіне екеуі қос жылқыны ерттеп, аңшы мылтығын асынып, керек жарағын артып сонау Бозтөбені бетке алып шауып кеткен. Екеуі Бөзтөбені бетке алған далаңғай кеңістікте еркін шауып, алаңсыз жүре берген. Әлден уақытта, тораңғылы, жыңғылды беткейге тап келіп, аңыс аңдыды. Көз ұшында ілінген жасыл желекті көлшікке қарай жөңкілген. Екеуі аттан түсіп, қамыс шетін орайлаған көлге келгенде, күн төбеге шақшиып келе жатқан еді. Алайда, батыс жақтан болар болмас қара тұйық бұлт көрінді.
Киіктер осы маңды торуылдайтын, тым болмаса қоян атып аламыз, - деді масайраған көңілді Файз.
Көлшіктің тұңғиық тұнығына телмірген Шерхан:
Талай ойландым, «Италияның табалдырығы» атанған Веронадағы Колизей амфитеары, Ватикан қапасы, Навона алаңындағы мүсіндер, Палаццо Веккьо, Уффици галереясы, Барджело Ұлттық музейі, Пьяцца дель Дуомо соборлық алаңы, Санта Мария дель Фьоре алаңындағы архитектура, таңғажайып Сикстин капелласы, собордағы Микеланджелоның суреткерлік өнері – бүкіл римдіктердің өлмес мәдени мұрасының анық айғағы. Соборлардағы ер мен әйелдің жалаңаш тәндерін жарқырата салып, аппақ кеуделерін, ұятты мүшелерін сұлулыққа бөлеп салған өнерлеріне таң қалам. Римдіктердің тарихы сол қабырғаларда қатталып, өшпестей мадақталып, көрер көзге айғақпен көрініп тұр. Ал, мына қазақ даласында айтшы, неге көзіңе селт еткізер тарихтың бір нышаны жоқ а?
Мен білмеймін, неге екенін?
Өйткені, бізде тарих, мәдениет болмаған. Ауылдықтарды қарашы, сол көне замандардай әлі де қауқылдасып амандасып, көрісіп, бүкіл адам жеп түгеспейтін етті асады. Нағыз мәдениет ол Италияда римдіктерде екен.
Көңілі шайлыққан Файз жүзін кері бұрып, басын шұлғып тұрған кер бестіге мінді. Сонау арғы теңіз асып теңселген көңілінің селі көшкендей болды.
Сен қазақ емессің.... - деді күбірлеп.
Екеуі әудем жер жүріп, бір қоянды атты, сосын бейуаз жүрген бір топ киікке кезіккен. Бір топ киік ақ сорапты адырларды бетке алып жөңкілген, көз ұшында лездікпен секіріп ұстатпай кеткен. Шерхан бір киікке оқталып қуа-қуа Файздан мүлде жырақтап кеткеніпті. Бір уақытта биік бетегелерден асып, көз ұшында көкке телмірген биік төбеге жолыққан. Бұл бағзыда Боғда атанған Бозтөбе болатын. Көзіне таңсық көрінген төбені айналсоқтап көп жүрді. Бірақ, Файздан көз жазып қалған еді. Шамалап өзі келген жолмен кері жүріп із кесті. Өзінің келген жолын анық байқап таба алмады. Күн бесіннен ауып, екіндіге көшкен тұс еді. Киіктің қызығына түсіп азықтанып та алмаған. Ашырқанып аузы кепті. Шаба-шаба астындағы торы ат та шаршаған. Пысқырынып шолтаң жүріске салды. Екеуі мана су ішкен қалың қамыс ораған көлшікке де кезіге алмады. Қайдан келді, қайда кетіп барады? Басы айналып, көзі қарауытқан. Аттан түсіп, жаяулай жүре бастаған. Қайда назар салса да, ақ адырлы жоталар, қиырсыз кең кеңістік...
Жан дүниесінде ала құйын ойнап, жүрегі алағызды. Жалғыздықта өзіне, өзінің артынан біреу ілесіп келе жатқандай жалтара беріп үркіді. Жылқыға қамшы басып шауып та көрді. Бірақ, торы та тымпыңдап, жүрісін оңдыртпай қойды. Қалтасынан жөпелдемеде сылынып айфон да түсіп қалған. Кеш қарая бастаған. Күн сонау кеңістік біткен тұсқа ағып бара жатқандай болды. Тұманытып, даланың көзін жапқан қара бұлт лезде манағы жазғы салтты бұзып кетті. Екпіндей жылымшы жаубыр жауған. Өзегі талған Шерхан ауаға аузын ашып, кеңсірігін жібітті. Жан дүниесіне, жан жүйесіне құйылған тамшыларға жуынып, бойы дел сал болды.
Атынан қайта түсіп жаяу жалпы қанша жүргенін кім білсін, бір тасқа қолы тиіп тоқтады. Арқасын тіреп отыра кеткен. Басын шұлғып, осқырынып қалған жылқы иесінің қолынан шығып, еркін жайыла бастаған.
***
Сол күй.... жай ғана жөңкіліп, айпаралы бұлттармен қауышқан астамшы күй. Топырақтан көтеріліп көкке шауып асқақтаған. Жұмыр жерді бір ырғаққа салып, бір үйлесімге баулыған. Жылқының дүбірлі тұяғы, жүректің дүрсілімен қоса жырғалады. Арғымақтай аспанға өрекпіп секіреді. Шым шымдап кеудеде көп ғасыр көмкерілген көне тарихты тірілткен. Ауаға сіңіп ауамен ғана жүкті ететін жетелі күй көкірегіне құйылып жатты. Жан дүниесінде қамырық пен қапастанып қаралы шер жатқан екен. Шеменді шеңберлеген жара жатқан екен. Сол жараның аузы ашылып, саңылауынан құса төгілген. Еңкіл еңкіл, солқ солқ еткізген құса даланың сор топырағына сіңген құса... Кеудеңді қалай жаншымайды? Кеудеңді қалай тесіп өтіп өлі жүрегіңді оятпайды?
Басын көтергенде терге малшынған бойы мен жүзін жуған жасқа бусанып жатыр екен. Құлағындағы күмбір үн үзілмей тамылжуда. Асқақтап барып, шапшып барып арынына түскен күмбірлі күй. Басын көтеріп айналасын барлаған. Төрт төбелі күмбезді мазарға арқа беріп отыр екен, оның арғы бұрышында теңселіп отырған әлдекімге көзі түсті. Ентелеп жақын келгенде анық көрді: дәл түсіндегі түксиген қалың қабақты, кең иықты, егде тартқан қара сұр кісі көзін тарс жұмып, өзін егілткен күйді емірене тартып отыр. «Ақсақал» деген даусын да елеген жоқ.
Ебелек жұлқынады, түйесіңір, биялыш алқынады, қаңбақ та бара жатыр ұшып қонып. Қанша отырғаны белгісіз, санасы сайрап, жүрегі де күмбірелеп жатыр екен: "Қазақ едің, мына боз жусанды даланың беткейінде қаның төгіліп, жаның шыққан қазақ едің. Маңдайыңа бақ қонғалы Тәңіріңмен бірге едің. Тәңірдің жұпары діліңде еді. Тәңірмен табысып, еркін араздасушы едің. Қазаны күймен естіртіп, шерді әнмен жазған, жоқтауды жырдай шұбалтқан, сыңсуды сыңар құстай сыңсытқан, қоштасқанда қоңыр желдей тербелген, сағынғанда қоңырқаздай қаңқылдаған бұл дала. Сенің бүкіл жаратылысың өнер – өнер болғанда Тәңірмен тілдескен сыр еді ғой. Қаныңда мына даланың тарихы жатталып, жадыңда жаратылыстың ұлы мәні қатталып жататын. Ешқандай бөгде ілімге құштар емес ең, айбатты, абаданды, қаның тулаған хас жауынгер ұлық елдің ұлы едің. Осы топырақтан талай ердің басы шабылғанда артымда балам шабылмасын деп тілеген. Сен үшін талай ердің басы домалаған. Жамбасы тақтан емес, аттан тозған. Талай ердің рухы сынып, заманның зәріне бас иген. Бірақ, бас исе де, Тәңіріне деген асықтық ылтипатын қолдан берген емес. Бермейді де. Тәңірісімен табысқан қазақтың бар өнері тарих, мәдениет еді.
Қазақ Тәңірісімен ашық сұхбат құрған. Сырлы сұхбатымен ділін таза ұстаған. Өзгенің ыласын жүрегіне етене қабылдамаған. Қазақтың Тәңірісімен тілдескені ым-ишара, сырлы сөз еді. Ым мен ишаралап сөйлеу қазақтың дағдылы, қанына сіңген қасиет. Ыммен сөйлеу, сөзге сырды жасыру, ишаралап айту бұл ұлық жетілген өнер-ді. Оны көзі жоқ, көңілі надан кейінгілер көре алмайды, түйсіне алмайды. Алайда, сен түсінесің, сен қазақсың, жаның таза. Жаның ізгі. Өзгеден Тәңіріне бір табан жақын сен ұлық ұлтсың. Көзге көрініп ешбір жәдігер қалмаса да, көңілі оянсын деп күй қалған, ән қалған, атаңнан сөз қалған...»
Тоқтаусыз теңселткен күй тамыр-тамырын бойлап, жүрегін ақтарып тастап, солқылдатты ай келіп. Сонау орыстың орманында қарағайдан домбыра жасап тартқан күйші Сейтектің өзі отырған еді қасында. Сол түсіндегідей еңіреп, көзінің селін ағызған. Бұл даладан талай ер өткен екен. Талай бабам Тәңірге тіл қатыпты, Жаратқан, аманаттай артымдағы елімді аман қыл деп талай ер Тәңірге жалбарынған. Соны түйсінді, қиянатпезерлігін түйсінді. Жүрегіне жабысқан қиянаттан кешті, жүректегі барша кек те, құсалы дерт те өшті. Жуылды жүрек. Айнадай тымырсық тыныштық орнаған. Көзін ашты, көктегі қалықтаған қыран құс айналсоқтап көп ұшты. Ақ таң рауаштанып нұрға бөленіпті. Қасында ешкім жоқ. Төрт құлақты бейіттің қасында ұйықтап кеткен екен. Тоңазыған денесін ұқалап, мазардың ішіндегі жазуды оқыды: "Сейтек Оразалыұлы. Бөкей ордасында дүниеге келген". Болар болмас төмпешікке айналған ортадағы қабірдің басына дөңгеленіп күн мен оның үстіне жарты ай тағылыпты. Анадай жерде жылқысы жусап тұр. Атасының басына бар білген дұғасын жасап тұрды да, атына отырды. Бейіттің басына бір торғай қонған. «Сен кімсің? Сен кім едің? Есіңе түсірші» дегендей шырылдап артта қала берді. Қай тарапты бетке алып шапса да енді адаспауы анық еді.
Файз кеше кешкісін Шерханның қарасы көрінбегесін сабылып іздей қоймады. Досының осы жерде өлім құшқаны жақсы болар еді деген ой келген. Іздеп таба алмадым дермін деп, түн жамыла үйге келген. Таң ата ауыл адамдары жолға сайланып, Шерханды іздеуге шыққан-ды. Астанадағы әкесіне де хабарланған. Әкесі дереу Оралға ұшақ ұшыртып, іздестіруге шыққан. Шерхан төскейді бетке алып Бозтөбеден қиыс кетіп, Ресеймен шектесіп жатқан Қарабайлы ауданы Ақтуба ауылының маңына түнеген екен. Сейтек күйші сол Ақтуба ауылының маңында жерленген еді. Шерханды шағын ғана ұшақ көп ұзамай тауып алып, Файз екеуін әкесінің тапсыруымен Италия ұшағына салып жіберген. Файз қарадай басылып, сан соғып қалған-ды. Досы ажалсыз екен.
***
Ватикан паң қала. Әспетті үйлер, тыныштық тамылжыған көшелер, теңіз шайып тұрған жағалау. Шонжар туристер ағылған қала. Шерхан келе сала іске кірісіп, барша қағаздарын лайықтап та қойған. Эльзаға үйленіп, өз атындағы қонақүйлерді, туристік агенствасын да өткізуі тиіс-ті.
Эльза екеуі жаздың мақпал таңын қарсы алып Гарда өзенің бойына барып саяхаттаған. Тойды қалай өткізу рәсімін ойластырып, жоспар құрмақ болған. Гарда өзенінің шайқалған кеңістігі екеуге рахат сезім сыйлап, махаббатқа бөлеген.
Бойшаң, гректік сары өңді Эльзаның сұлулығы таңқаларлық еді. Үлкен мойылдай қоңыр көздері, оймақтай үлпілдеген ерін, қыпша белі талықсып еркек біткеннің бірден көз жауын алатын. Өзінің осындай хас сұлуына мастанып, Шермэнның бақыттан басы айналушы еді.
Шермэн,- деуші еді, - мен сені сүйем. Сенімен мәңгі болам. Арыстаным!
Бірде ажарынан көз тайып тамсанған Шерхан:
Сен де талай рыцардың басын жұтқан боларсың, - деген.
Жоқ, Шермэн, мен сендей далалық рыцарды, мұндай бекзат рыцарды көргем жоқ, - деді кербездене.
Екеуі Римдік озық сұрыпты шарап алдырып түнгі Гарданың бейіштей самалына бой тосқан. Ойға бататын. Эльза, шарапты сүйгендей ұрттап отырды. Кенет, Шерханның ойы күрт бұзылған. "Қарсы отырған әйел мені шын сүйер ме екен? Кез келген еркекті бағындыра алатын сұлу қыздың мені таңдандағына несі? Мені шын сүйді ме екен?» Алдында сызылтып құйылған шараптың ұрттап ішер сәніне қарамай бір-ақ төңкерген. Алайып сосын даяшыға қарады. Даяшы толтырыңқырап тағы құйып берді. "Сен мені сүйесің бе, Эльза?" деді іштей шарапты төңкеріп жатып.
Сол күні көңілі біртүрлі алағызып, жалдаған кемеге Эльзаны жалғыз тастап өзі көше қыдырыстап кеткен. Елінен келгелі ойларының оралымына жете алмай, шатылып басы зеңиді. Жаны жай таппай, көңілі өрікпіп "осы мен не істеп жүрмін?" деп күйзелетін болған. Файз да мұны байқап қалған. Алайда, Шерхан сонау бір түндік далада не көріп, не сезінгенін ешкіге тіс жарып айтпады. «Кімге айтуым керек, мені кім түсінеді?»
Жазғы алаптағы самаладай жарық көшеде келе жатып, кітап, қолдан жасалған көрнекі бұйымдарды сатып отырған қара домалақ балаға көзі түсті. Мойны мен қолдары күнге қақталып күйген бала көшенің әрі берлі өткен жолаушыларына көз тігіп мөлейіп отыр. Шерхан балаға таяп келді. Қазаққа ұқсайтын секілді. Мүмкін моңғол, мүмкін кәріс болар, кім біліпті шатыс біреу болуы мүмкін деп ойлады.
Скузи, куанто коста? (Кешіріңіз, мынау қанша?) деп бір кітапты өтірік сұраған. Бала төрт саусағын жайып көрсетті.
Итальяндықсың ба? Бала «жоқ» меңзеді.
Кімсің? Қазақсың ба? - деген сасқанынан.
Иә, - деді, - мен қазақпын. Өз құлағына сенер емес. Сонау Гарда өзені бойында қазақ баласы не істеп жүр деп таңқалды.
Қайдан келдің?
Оны қайтесіз? Кітап алыңыз.
Сатып аламы. Сені асырап алған ба?
Ия, мұнда келгеніме жарты жыл болды, Қазақстанда асырап алған италияндық бай мұнда әкеліп қайырлы бір әулетке сатып жіберді. Италиян тілін енді үйре бастадым.
Көзі мөлтеңдеген қара домалақ балаға жүрегінен мейір төгілген. Қолындағы бар кітаптарын сатып алды да, «кел екеуміз балмұздақ жейік» деп екеуі отыра қалып балмұздақ жеген. Шерханның көмейіне тас тығылып, жүрегі елжіреген. Бәймәлім, бейуақ қысқан бұл сезімге шыдас берер емес.
Үлкен болғанда кім болғың келеді?
Мен фотограф болсам деймін. Баланың көзінде ұшқын тұтана шыққан.
Рас, сен жақсы фотограф боласың, мұны байқап отырмын. Ол үшін оқу керек қой.
Оқимын, маған бірақ керегі фотоаппарат, соны қолыма түсірсем болғаны.
Елді сағындың ба? Баланың жанары жасаурап басын изеген.
Кеткің келе ме?
Иә, - деді бала басын салбыратып.
Онда, кетеміз, - деді Шерхан жанары қызарақтап. Бала да бұған жалт қараған.
Көз жасын іркіп, түннің өзін жамыратып тастаған шамдарға қарады, аспанда жұлдыз жоқ.
Атың кім?
Ернар. Бұл жерде Марио дейді мені.
Ернар, жақсы тағы кездесеміз әлі. Қорықпа, мықты бол, иә - деді де желкесінен қағып бұрылмай жүре берген. Өне бойы жасқа шыланды. Мұншама еріксіз жылаймын деп еш ойламапты. Ернарға туған бауырындай еміренді. «Мен қазақпын, елге қайтуым тиіс».
***
Файзға барша мүлкін тапсырды. Әкемнің аманаты, алайда, осы мүліктің қажеті болмаса, өзің біл, таста да елге кел деген. Артық сөзге келмеген Файз. Ол Ватиканды, Эльзасын тастап, ұшаққа отырды. "Эльза, сүйіктім, сен мені сүймейсің, сен әлі өз бақытыңды табасың. Ал, менің бақытым сонау сар даламда екен. Туған топырағымда екен. Кеш мені, мен қазақпын!"
Шерхан жылдар бойы із түссіз жоғалып кеткен. Баяғы Бөкей ордасы Ақтуба ауылына барып қоныс тепкен. Атақты күйші-жыршылардың аңқылдаған арынын тыңдап, күйдің құдіретімен жанын жадыратқан. Мүлдем қазақша сөйлей алмайтын қазақтың бір демде саңқылдап сөйлеуі таңғаларлық жайт еді. Шерхан көнекөз күйшілердің бірде екілі күйлерін тартып та үйренген. Ата бабасының сана-салты мен мәдениетін, тарихын терең бойлаған сайын әлемдегі мәңгі қаны жасара беретін, жаны тазара беретін жер бетінде ұлт жоқ екенін түйсінді. Қазаққа Тәңір момын жүрек, жұмсақ діл, ояу көз берген екен.
Шерхан Сейтек күйшінің тікелей ұрпағынан қыз алып үйленді. Келіншегі елде жоқ асқа жерік болған. Қасқырдың жүрегін жеймін деп жеңсігін сұрап тұрып алған. Атасы күйші Сейтекке анасы Бәтима аяғы ауыр кезінде жерігі қасқыр жүрегі болған-мыс деген аңыз айтылатын ел ішінде. Мұны естіген Шерхан торы атқа мініп өлдім дегенде түз тағысының бірнешеуін атып келіп, бірнеше бүлкілдеген жүректі бәйбішенің аузына тосқан. Айы күні жетіліп маңдайы дөңес, балпанақтай ұл дүниеге келді. Нағашы атасы ұлдың есімін азан шақырып Жантелім деп қойды. Қазақтың қаны жаңарды, түледі, тазарды. Қазақтың жүрегі Тәңірдің тілегі екен.
Кейіннен ел ісіне араласып, мектепте ағылшын, италия, француз тілдерін білгенінше оқытып, сабақ беріп жүрді. «Болашақта «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып оқырсыңдар бәлкім, ел жер көріп білікті арттырған абзал, алайда, туған жерге қайта оралыңдар» деуші еді оқушыларға. Әкесі көп өтпей жемқорлық қылмысымен ұсталып, абақтыға жабылған. Ал, досы Файз, бір кездері "сен қазақ емессің" деген досы елге ат басын бұра алмай шалғайда, Мальчезина аралдарында жүр еді. Құдай бізді қазақ қылсын!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста