Қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаев 13 қазан күні 90 жасқа толады. Осы мерейлі мерекенің қарсаңында "Алаш айнасы" басылымы жазушының тәуелсіздік алғалы бері мерзімді басылымдарда жарияланбаған "Бурыл ат", "Жол", "Мен қалай үйлендім" атты үш әңгімесін оқырман назарына ұсынып отыр. Бердібек Соқпақбаев "Бұлақ" (1950) өлеңдер жинағымен әдебиет майданына келіп, "Он алты жасар чемпион" (1951), "Бақыт жолы" (1952), "Алыстағы ауылда" (1953), "Балалық шаққа саяхат", "Дала жұлдызы" (1960), "Аяжан" (1963, орыс тілінде 1965), "Гауһар" (1966), "Менің атым Қожа" (1957) секілді бірнеше кітаптар жазды. Жазушының "Өлгендер қайтып келмейді" (1974) романы әдебиет сүйер қауымның жастана оқитын шығармасына айналды.
"Балалық шаққа саяхат" және "Менің атым Қожа" атты повестерінің желісі бойынша фильмдер түсірілді. "Менің атым Қожа" фильмі француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде (1967) арнайы сыйлыққа ие болған.
БУРЫЛ AT
(әңгіме)
Оp болып қалушы еді шапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің,
...Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім...
Ақан сері
1
Жиын-терін қызу жүріп жатқан күзгі уақыт. Колхоз парторгі Кәрім бір күні үйіне шұжықтай тұнған әдемі семіз бурыл ат жетектеп келді.
Кәрімнің он алты жасар інісі Сүлеймен жақсы ат көрсе, ішкен асын жерге қояды. Оған бір мініп түспейінше көңілі көншімейді де, жаны жай таппайды. Жалына созса қол әрең жететін биік, әсем тұлғалы бурыл атты көргенде Сүлейменнің көзі жайнап кетті. Колхоздағы төрт тұяқ, қыл құйрықтың іске татырының оған бәрі мәлім. Ал мына ат болса, бұрын Сүлейменнің көзіне шалынбаған, соны мал.
– Аға, бұл кімнің аты? – деп Сүлеймен ынтық бола сұрады.
– Өзіміздікі.
–Қайдан алдың?
– Заставадан сатып алдым. Күзде соғымға соямыз.
Сүлейменнің өрекпіп тұрған жүрегі мына сөзді естіп, дір ете қалғандай болды. Он екі мүшесі сау, жап-жас әсем атты соғымға соямызы қалай?
– Інісінің ойын Кәрім кейпінен білді. Бурылды ауланың оңашалау бұрышына байлап, жайғастырып болған соң, істің мән-жайын баян етті. Осы поселіктің тап іргесінде, су бойында шекаралық застава бар. Ондағы шекарашылар мен колхоз адамдары бауырмал, аралас-құралас. Қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беру үшін колхозшылардан құрылған жасақшылар тобы бар. Оның басқарушысы да осы Кәрім. Соңғы бір-екі жылда жай адамдардан құрылған бұл топ айласын асырмақ болған бірнеше шекараны бұзушыларды ұстап, заставаға табыс етті. Ұсталғандардың ішінде не бір сұм-сұрқия қауіптілері де бар көрінеді.
Міне, сол заставаға жаңадан аттар әкелінген екен. Соның ішінен осы бурыл атты солдаттар қанша азаптанғанмен, үйретіп міне алмай қойыпты, Содан соң екі акті жазып, жарамсыз етіп шығарыпты.
Мана колхоз кеңсесіне застава бастығы капитан Халваши келген. Ол Кәріммен оны-мұны шаруаны сөз етіп отырды да;
– Сендер, қазақтар, жылқы етін жақсы көресіңдер ғой. Бізде жарамсыз болған бір ат бар. Соны арзан бағаға берейік, сатып ап, соғымға соймайсыңдар ма? – деді.
– Семіз бе?
– Семіз болғанда қандай. Жарылғалы тұр.
Кәрім капитан Халвашимен ілесіп, заставаға барды. Қорада шөп жеп тұрған жерінен атты көрді. Әдемі бесті екен. Түрінен пәлендей ит мінезі байқалмайды.
– Бұның несі бар? Неге жуасымайды? – деп сұрады Кәрім.
– Былай жай тұрған кезде бұл жұп-жуас. Ұстап жүгендеуге, ерттеуге – бәріне көнеді. Ал бірақ адам мінгізбейді, Адам мінсе, қояншығы ұстайды. Тулай ма не керек, мөңки ме, әйтеуір үстіндегі адамды ұшырып түсірмейінше, мөңкуін қоймайды. Бұны үйретем деп бір солдаттың иығы шығып, енді бірінің қолы сынды. Сондай мүттәйім.
Капитанды тыңдады да, Кәрім иланды.
– Олай болса, мен бұны қыста соғымға сояйын.
Әңгіме осымен тынды. Көңілдес екі дос ұзақ саудаласып жатпады. Кәрім арзанға сатып алды.
Содан жетектеп келіп тұрғаны осы еді.
Кәрім өз атына мініп кетіп бара жатып:
– Мен Өмірәліге айтам. Бұны жылқыға әкетеді. Оған дейін тұрсын, ешқайсың тиіспеңдер, – деді.
Сүлеймен үндеген жоқ.
2
Кәрім кеткен соң да, Сүлеймен бурыл атқа көз алмай ұзақ қараумен болды. Тіпті қарамау мүмкін емес-ті. Тұлғасы қандай сұлу еді, шіркіннің. Өз бойындағы осы сұлулықты оған мынау атқұмар албырт жасөспірімнің қызыға да, құмарта қарап тұрғанын бурыл ат сезетін тәрізді. Қарасаң қара дегендей тұлғасын көлденеңдей тосып, қамыс құлақтарын тынымсыз қайшылап, пысқырынып, мойнын аққудай иіп, шекесінен қарап қояды. Алдыңғы аяқтарын кербездікпен сәндене сілкіп, жер тарпиды. Мініс көріп қағылмағандығы ап-айқын білініп-ақ тұр. Үстіне шыбын келіп қонса, дір ете қалады.
Шіркіннің не маңдай, не аяқ тұстарында бір шөкім теңбіл белгі болсайшы. Тұлабойы түп-түгел шымқай бурыл. Тек тұяқтары ғана әдейі сән үшін орнатылғандай қап-қара тіп-тік.
Осы тұрғанда бурыл аттың бойында адам қолынан пайда болған бір ғана белгі, өзгеріс бар. Ол құйрығының тілерсектен жоғарырақ етіліп қырқылғандығы. Заставада болған азды-көпті уақыттың ішінде әскери өмірден бурыл атқа жұққаны тек осы болса керек.
Сүлейменнің танығыш, сынамшыл көздері бурыл аттың бойынан иненің жасуындай да мін таба алмады. Оның ынтықтығы артқан үстіне артып, басына «шіркін-ай, өзін мінер ме еді!» – деген ой келді. Мынадай әсем атты пышаққа шалу бері болғанда обал да, ары болғанда қылмыс. Жаратып, мініп алған кезде бурылдың түр-тұлғасы бұдан да көріктеніп, бұдан да әсемденіп кететіндігі Сүлейменнің көз алдына елестеді.
Сүлеймен бурыл атқа алдыңғы жағынан жақындап келді. Алақанын созып, еміреніп, шынайы достық ниет ұсынды. Бурыл секемденбей тыныш тұрды. Созылған алақанды дәмелене иіскеді. Сүлеймен бұған қуанып, батылданып, бурылдың маңдайын, жағын сипап, онан соң бірте-бірте мойнына қарай жақындады.
Жоқ, бурыл ат үркетін емес. Адам иісіне кәдімгідей үйренген кейпі бар. Сүлеймен, әне, оның шоқтығын, арқасын сипалап тұр. Бірте-бірте қасымалдай жылжытып қолын оның сауырына да апарды. Бурыл аттан ешқандай сезікті мінез байқалмайды. Ағасының әлгіндегі айтқаны Сүлейменнің есінде. Үстіне адам мінсе, қояншығы сонда ұстайды. Әйтпесе тыныш тұрады деп еді ғой. Бірақ алғаш үйретілген кезде тулап, мөңкімейтін жылқы баласы бар ма? Бәрі де мөңкіп тулайды. Тек оған беріспеу, өктем бола білу керек.
Бұны үйретуге қалай да болады деген ой Сүлейменнің басына мықтап орнады.
* * *
Әлгінде Кәрім айтқан Өмірәлі Сүлеймен мен Кәрімнің немере ағалары. Колхозда жылқы бағады. Отан соғысына қатынасып сол қолынан жаралы болып келген. Қолының кемдігіне қарамастан Өмірәлі бұрынғысынша колхоздағы асау біткенің пірі. Шалма тастағанда қашағанның қақшаңдаған басына лып еткізіп дәл түсіреді. Әлгі кемтар қолымен шалма арқанның үш жағын тақымға басып ұстағанда, асауды тырп еткізбейді.
Сүлейменді титімдейінен атқа үйір еткен міне сол Өмірәлі. Аяғын апыл-тапыл басқан құйттай кезден-ақ ерінің алдына мінгізіп алып жүруші еді. Сүлеймен бұған қуанып мәз болатын. Ұзақ күн тастамай алып жүрсе де қыңқ деп жыламайтын.
Жүре бара Сүлейменнің аңдып бағатыны үйлеріне келетін атты кісілер болды. Қолын созып, мінгіз деп, тура кеп жүгіреді. Мінгізбесе, өкіріп-бақырып, жер тепкілеп жылайды.
Талай рет Сүлеймен үйге келген қонақтың атының астына кіріп кетіп, жазым да бола жаздады. Бір рет ат теуіп жіберіп, өлім аузынан қалды. Бірақ соның бір де бірі оның жүрегін шайлықтырмады.
Төрт-бес жасқа келгенде Сүлеймен атқа әзі мінуге жарады. Үзеңгіге аяғы жетпейді. Тамға немесе есік алдындағы бөрене қарағайға жақындатып барып мінеді. Сегіз-тоғыз жасқа келгенде ерден ұстап, тырмысып, мініп алатын болды.
Сүлеймен сол кезде ерсіз жайдақ атқа мінудің де амалын оп-оңай тапты. Аттың басын төмен тартып ұстайды да, мойнына артулы тұрған тізгінді қос қабаттап, үзеңгі етіп аяғына салады. Содан соң жалдан ұстап секіріп, әуелі аттың мойнына мініп алады, Одан кейін жылжып арқасына мінеді.
Мінезі беймәлім үркек атпен тура шабамын деп, неше рет ол аттан да жығылды. Сүлейменнің атқұмарлығына бұл да бөгет бола алмады.
Сүлеймен соңғы жылдары, өзі ат ерттеп мінуге жарағалы бері, жазғы демалыс уақытын ылғи да жайлауда Өмірәлі ағасымен бірге өткізеді. Өмірәлі оған мынау деген мақтаулы құнан-дөнендердің біреуін ерттеп беріп қояды. Оған мініп Сүлеймен жылқы бағысады. Анда-мұнда барып кел деп жұмсаса, құстай ұшып жөнеледі.
Осы биыл жазда да Сүлеймен жайлау қызығын, ат қызығың барынша көріп қайтты. Ешкім міндеттеп жүктемесе де айға жуық жылқышылармен бірге жылқы бақты. Бірнеше асаудың құлағында ойнап, жуасытты.
Сүлеймен жуасымайтын мал бар дегенге өз басы, біріншіден, сене қоймайды. Екіншіден, мынадай әдемі сурет атты тек асаулығына бола соғымға союға еш қимайды. Жаны ашиды.
Бурылды ол жуасытып көрмекке белін бекем байлады. «Нар тәуекел, жығылсам жер көтерер!»
Сүлеймен бурыл аттың мінезін кәнігі жылқышылардай-ақ әбден барлап тексерді. Өн бойынан ұстамаған, сипамаған жер қалдырмады. Соның бәрі-бәріне де бурыл ат селт деместен көнді. Тек мойнын бура, қарап, сен өзің кімсің не істегелі жүрсің дегендей секемдене иіскегені, бір-екі рет арқа тусын дір-дір еткізгені болмаса, басқадай оғаш мінез көрсетпеді.
Бурыл ат ерттеуге де көнді. Енді тек міну ғана қалды. Қалай мінбек?
Сүлеймен бурыл атты ауланың сыртына, көшеге жетелеп шықты. Жетелегенге де көнді. Тек үзеңгілердің шайқалақтап дүбірге соғылуынан ғана сескеніп, құлағын жымыра түсіп қояды.
Сүлеймен осы арада тұрып мінбекші болды. Біреу-міреуді көмекке шақырайын деп еді, ешкімнің қарасы көрінбеді.
Тәуекел!
Бурыл аттың мойнынан сипаған болып тұрып, Сүлеймен оның үстіне қарғып мінудің амалын ойластырды. Тізгінді ықшамдап, жалмен қосып мықтап ұстады. Үзеңгіні дайындады. Дәл осы кезде бурыл ат әлденеден сезіктенгендей тым-тырыс бола қалды. Бұны Сүлеймен де байқады. Бірақ дегенінен қайту Сүлейменнің салты емес. Көз ілеспейтін жылдамдықпен ол бурыл аттың үстіне топ етіп, бір-ақ қонды.
Болар іс болды.
Бурыл ат қосаяқтай шапшыды да, бұл қай басынғаның дегендей шыңғырып кісінеп жіберді. Шапшығанда, бір сәтке тіп-тік боп, қаздиып тұрып қалған еді. Сүлеймен жалдан қатып ұстап, жабысты да қалды.
Екінші рет шапшыды. Одан соң бір шапшып, бір тулап, нағыз шайтан мінезін енді көрсете бастады. Сүлеймен сонда да құламады. Бурыл ат енді тіке шапшығанды қойды. Мойнын тұқырынып, басын омырауына тығып алып, мөңкуге салды. Мөңкуінің өзі өзгеше, керемет. Әлгінде алдыңғы екі аяғын аспандата сермеп көтерсе, енді артқы екі аяғын дәл солай аспандатады. Сүлеймен қанша мықты болғанмен бір-екі рет аттың мойнынан сыпырылып түсіп қала жаздады. Дегенмен берілмей шыдап бақты. Жалдан шеңгелдей ұстаған қос қолы қарысып, қатқан да қалған еді.
Тулап, мөңкіп үстіндегі «пәледен» құтыла алмаған бурыл ат және бір шыңғырды да, алып жөнелді. Су ағып жатқан шұңғыл арықтан тағыдай орғып өтіп, тіке төмен заставаға қарай тартты. Сүлейменнің іші қып ете қалды. Жіберіп алған бір ағаттығы ойына келді. Бұл осы барғаннан барады да, өзінің жем жеп үйренген ат қорасына қояды да кетеді. «Қап, әлгінде заставаға барып, ішкі-сыртқы қақпаларының бәрін жауып қойыңдар деп ескертіп айтпағанымды қарашы!»
Кең көшенің бойымен бурыл ат сатырлатып ұрып келеді. Үстінде ермен ер боп жабысып алған Сүлеймен. Ол бір-екі рет тізгінді шірене езулей тартып, ат басын иен дала жаққа бұруға әрекеттеніп бақты. Бірақ онысынан түк шықпайтыны аян еді.
Екі қапталдағы үйлер, теректер, есіктерінің алдында тұрып, таңырқаса қарасқан қатын-қалаш, балалар зып-зып етіп сырғып өтіп қалып барады. Олармен бірдеңе деп тілдесуге назар тігіп қарауға дәл қазір Сүлейменде мұрша жоқ.
Заставаға төтесінен өтетін көлденең көшеге жеткенде, бурыл ат қабырғалай бұрылып әлгімен тартты. Сол кезде дәл алдынан өзі жүретін бір комбайн бетпе-бет қарсы келіп қалар ма! Болды, бітті, қирадым деген ойлар Сүлейменнің басында жарқ-жұрқ етті. Ешқандай әрекет жасап үлгермеді. Бурыл ат пысқырып, жалтара секірді. Жолдың оң жақ шеті ор еді, ордың шеті қорық – дуал. Соның бәрін қабаттап бір-ақ секіріп, Әкімқожа ұстаның картоп бақшасына топ ете түсті.
Бұның бәрі бас-аяғы бірнеше секундтың аралығында болған уақиға. Сүлейменнің жаны тырнағының ұшына зымырап келген. Бурылдың комбайнмен қалай соғыспай, аман қалғанына оның таңы бар. Қабырғаға ұрған балшықтай бырш етуден басқа мүмкіндік жоқ секілді еді. Сүлейменді де, долы бурылды да құдай бір ажалдан сақтады.
Ара-кідік сыриып сары қалпақты күнбағыс өскен картоп егісін сатырлата жапырып, бурыл алып қашып келеді. Ештеңені тыңдамайтын да, жасқанатын да емес. Беті сол застава жақ. Арындаған күйі қорықтан және секіріп өтіп, арғы беті ашыққа шықты. Танауы пыс-пыс етеді. Заставаның қақпасын бетке алып, құтырынып, құйғытып келе жатыр.
Заставаның үстіндегі биік мұнараның басында мойнына дүрбі асып алған қарауыл солдат осы жаққа қарап тұр. Ол бурыл аттың әлгіден бергі қылығын түгел көріп, ақыры немен тынар екен деп, елегізе күтуде. Бірақ бурыл атты ол таныған да, мына ат сол болар деп ойлаған да жоқ. Колхозда не көп, асау көп, асауды үйретуші көп. Солардың бірі болар деп, қызықтап қарап тұрған.
Енді әбден жақын келіп қалғанда бір-ақ таныды. Бағана осы арадан Кәрім жетелеп кеткен бурыл ат. Өздерін қан-қақсатып біткен асау бурыл. Үстіндегі адамның кім екенін солдат тани алмады. Тек балаң жігіт екенін топшылады. Солдаттар жуасыта алмаған долыны жуасытпақ болған жүрек жұтқан бұл қай жан!
Бурылдың тап осы қазір жем жеп үйренген қораға қойып кеткелі келе жатқанын қарауыл солдат та бірден білді. Заставаның сырт қақпасы да, ауланың ішіндегі ат қораның есігі де бұл кезде ашық тұрған. Ат үстіндегі адамның маңдайшаға соғылып, жазым болуы мүмкін екенін ойлап, ол төмендегі біреулерге қарбаласа дауыстап жатыр:
Жабындар қақпаны! Жабыңдар! Бол! Тез! Бурыл ат біреуді алып қашып келе жатыр.
Жердегілер оның сөзін ұға қоймай:
– Не? Немене? Кімді? – деп тұрғанда бурыл ат қақпаға келіп те қалды. Сүлеймен бейқам емес болатын. Қақпа ашық па, жабық па деген ой оның басына бурыл ә деп ала қашқанда-ақ келген. Үңірейіп ашық тұрған қақпаны көрген кезде, ол бір шешімге келіп те үлгерді.
Екі аяғын үзенгіден шығарып алды да, аттың оң жақ қапталына қарай қолымен ерге тірене кеп секірді. Қақпаға жиырма қадам шамасы жетпей, лақтырылған беріктей боп, жердегі шаң-топыраққа бұрқ етіп, домаланып түсті. Абырой болғанда, мертіккеннен аман тәрізді. Қаншалық тез домалап түссе, соншалық орнынан тез ұшып түрегелді.
Артымда не болғалы жатыр дейтін бурыл емес, тасырлатқан бойда застава қақпасына кіріп те кеткен еді.
Сүлейменді қоршалап алған солдаттар істің мән-жайын біліскеннен кейін кеу-кеулеп кетті: – Бала, өлгің келген екен. Бұл ат үйретуге көнбейді. Ана Никифоровты көрдің бе, ол да үйретем деп, қолын сындырды. Бекер жазым боласың.
– Қолың емес, басыңнан айырыласың.
– Мұны түлен түртіп, ажал айдаған ғой.
– Бұл бурылмен ойнауға болмайды! Бұның емі басын кесіп, былқытып асу да, табаққа салып, ет жегіш қазақтардың алдына қою.
Сүлеймен бұл айтылған сөздердің біреуін де құлағына ілмеді.
– Аттан жығылып өлген қазақтың моласын көрсем бұйырмасын. Сіздер тек қана мен оның үстіне қарғып мінгенше басып ұстап, көзін басып тұрыңыздар. Сонан соң не көрсем де, обалым өзіме.
Сүлейменнің қайсарлығы әрі ұнады, әрі таң қалдырды. Оның тыңдамасына көздері анық жеткеннен кейін ақыры:
– Ерік өзінде. Біз мінгізіп жіберейік. Бірақ, дегенмен байқа, сақ бол, – деді олар.
Қалш-қалш етіп, еліріп алған бурылды қорадан сыртқа жетелеп шықты. Заставаның ар жақ, бер жақ есіктері түгел жабылып бекітілді. Екі солдат аттың екі жағына шығып, сулықтан қос қолдап, мықтап ұстап: денелерімен бурылдың басын орталарына қысып, арт жақта не болып жатқанын ол көрмейтіндей етіп, көзін қалқалап турды. Сүлеймен тізгінді ықшам етіп ұстады да, аттың үстіне қарғып мінді.
Тізгінді ұстап тұрған екі солдат жалт беруге үлгіргенше бурыл ат шыңғырып, аспандай секіргенде, екеуі екі жаққа ұшып-ұшып түсті. Шіркін, жан деген тәтті ғой. Екі солдат жығылып жатып, жанталасып домалай қашып барады.
Әлгі тулаған – тулаған ба? Әлгі мөңкіген – мөңкіген бе? Нағыз әлеуметті бурыл енді салды. Аспандай шапшыған кезде, арқырап кісінеп-кісінеп жіберді. Не бір түрлі жаңаша соны туластарға салады. Мөңкіп-мөңкіп келеді де, алдыңғы екі аяғын көсіле созып, басын тұқырып, қалт тұра қалады. Сүлеймен бірнеше рет ерден лықсып ұшып түсе жаздады.
Асаудың үстіндегі Сүлеймен түгіл, көлденең қарап тұрған солдаттар үрейленумен болды. Бурыл ат таптап, жаншып, қағып кетпесін деп, олар дүркірей қашып барып, дуалдың үстіне шығып алды.
Тулап, тулап, үстіндегі жабысқақ тажалдан құтыла алмаған көк долы бурыл бір кезде ытырылып және алып жөнелді. Қақпаға кеп, берік тұрған қақпаны омыраулата бір соқты. Одан жалт бұрылып, заставаны айнала шауып жөнелді. Ар жақта қақпа бар екенін біледі. Ол да жабық. Оны соққан жоқ. Дәл алдына кеп тапырақтап, не істерін білмей бөгеліп қалды. Содан соң жалт бұрылып және мөңки бастап еді. Әй, бәлем, ызаң өтті-ау, сенің деген оймен Сүлеймен осы кезде сауырға қамшымен көміп-көміп жіберді.
Өзі өз боп бурыл аттың тәніне қамшы тигені осы еді, Алты ерме қамшы тәнін емес, жанын тілгендей болды. Бурылдың ашынуы шегіне жетті, Және бір аспандай секіріп, шыңғыра кісінеп алды да, төмен иен далаға қарай алып жөнелді.
Сүлейменнің тілегені осы еді. Не істесе де, жазықта, далада істеуіне ол разы. Тулай ма, алып қаша ма, өзі білсін. Әйтпесе асау асау атана ма?
Асауды асаудай адам үйретеді. Жылқыны да жылқыдай адам бағады. Қағидаға бергісіз бұл сөздер Сүлейменнің Өмірәлі ағасыныкі. Даланың бөз көдесі, қурай, ши, арық-тоғандары ат бауырынан зымырап етіп жатыр. Бастағы ой-сезімнің алмасуы да тап сол тәріздес.
Сүлеймен қамшыны сауырлата тағы да көмді. Бауырлата және де тартып-тартып жіберді. «Бәтшағар, міне саған! Сеп аянбасаң мен де аянбадым!».
Алдыңғы жақ көлбеген жаңа айдау – зябь еді. Топырақтың әлі дымы да кеппей, барқыттай қап-қара болып жатыр. Сүлеймен бурылды еркіне қоя берді. Қане, мықты болсаң айдаумен шауып көрші.
Долданып алған бурыл тайынбады, айдауды кешіп жөнелді Топыраққа толарсақтан батып-батып кетеді. Бұл күйімен қаншаға барсын, лезде-ақ желігі басылып, әлсіреп қалды. Үсті-басы қан сорпа. Төгілген маржан тәрізденіп мойын түп, құлақ түптен тер деген мөл-мөлт сорғалайды.
Долының саудасы біте бастағанын Сүлеймен анық байқады. Есін жинап, бел алып, кеудесін жазыңқырап отырды. Өзінің де алқынып, терлеп кеткенін жаңа сезінді. Қамшыны және де басты. Енді бірақ бурыл атта селт етуге шама қалмаған секілді. Тікірейген қамыс құлақтарынан жан кетіп, мойны сөлбірейіп, иі түсіп қойшының қойға мініп қажытқан мәстек аты тәрізденіп мырт-мырт желіп кетіп бара жатты.
3
Кәрім қырман басында болатын. Түскі үзіліс уақыты. Әйел-еркегі аралас отыз шақты адамға халықаралық хал жайынан лекция оқып тұр.
– Алжир деген ел, міне, мынау, – деп ол картадан шыбықшасымен көрсетіп өтті. Франция мен екі аралығында Жер Орта теңізі жатыр. Негізгі халқы арабтар... Мына біреу кім өзі тал түсте жол таппағандай айдау кешіп келе жатқан?
Кәрім нұсқаған жаққа колхозшылар жапырыла мойын созып қарасты. Айдаудың қара топырағына атын омбылата бастырып келе жатқан салт аттыға ел назары бірден ауды.
Әркім таңырқап:
– Өзінің дені сау адам ба? Жолмен неге жүрмейді?
– Аты болдырған біреу ғой, десті.
– Салт атты айдаудан шығып, тақыр жермен атын жеделдете бастырып, тура осылай қарай келеді. Жақындап қалды.
Кәрім енді таныды.
– Ой, Сүлеймен ғой! – деді таңырқаған дауыспен. Оның астындағы бурыл ат екенін көргенде, Кәрімнің көзі атыздай болып кетті.
– Мынау... мынау мініп алған ба-ей? – деді.
Сүлеймен қырманның шетіне келіп тоқтады. Астындағы бурыл сүме –сүме. Бүйірі солқ-солқ етіп, діңкелеп әзер тұр. Әңгімесін жайына қалдырды да, Кәрім оған қарсы жүріп, жақындап келді.
– Өй, сен мұны қалай міндің?!
Сүлеймен ірі тістерін ақсита күлімсіреді.
– Кәдімгідей міндім.
– Бұны жуасымайды дегендері қайсы?!
– Мінекей жуасыды.
– Тулаған жоқ па?
– Аздап тулады.
– Аз туласа мұншама қиналар ма еді?
Сүлеймен мен бурыл аттың оңайлықпен тіл табыспағанын Кәрімнің іші сезді. Інісінің ат құмарлық мінезі өзіне жақсы мәлім. Бағана бурылды алғаш көргенде-ақ сұқтана көз алмай қарауы тегін емес еді.
Бурылдың аяқ астынан мініске көніп, ат болып шыға келуі Кәрімді де қуандырды. Інісіне ол кешірім жасап, көңілін аулай сөйледі:
– Жарайды. Мінуге көнсе, онда соймаспыз. Мініп, көлік етерміз. Өзің бүгін таң асырып, байлап тастау керек.
Бұл сөзді естіп Сүлейменнің төбесі көкке жеткендей болды.
4
Сүлеймен таң бозара түрегеп қорадағы бурыл атқа келді. Енді оны отқа қойса да болатын еді. Бурылдың кейпі сергек, мойнын бура қарап, сәл ғана оқыранғандай болды. Іші кәдімгідей тартылып жіңішкеріп қалған. Тұла бойы терден сатпақ-сатпақ, кешегі тартқан азабының куәсі. Бірақ сонда да басынан ештеме кешпегендей сылаң ұрады. Көзінде жылт-жылт еткен ұшқын бар. Кеше қалжыраған кезде шүберектей салбырап иі кеткен құлақтар қазір енді қаламның ұшындай шаншылады.
Бурыл кереметтей тың еді.
Сүлеймен бурылға тағы да бет алдынан жайлап емірене қол созып барды. Тұмсығын, маңдайын, одан соң мойнын, арқа тұстарын сипап жүнінің бытысып терге қатып қалған жерлерін қасымалдай үгіп, бірсыпыра тұрды.
– Сен енді долылықты қой. Жөнге кел. Мен саған жамандық ойлап жүргем жоқ. Жақсылық ойлап жүрмін. Бүйтіп долылана берсең, қыста қар бір жауғаннан кейін басынды «әумин» деп, кеседі де алады. Содан соң бітті шаруаң. Қазанда бүлкілдеп қайнағанды ғана білетін боласың. Ал өйтпей, жөнге келіп, мініске үйренсең, онда сені ешкім де соймайды, ұқтың ба?
Бурыл ұқтым дегендей басын шұлғып қойды.
Сүлеймен жүгенді сыпырып алып, ноқтасымен ғана қалдырды. Содан соң алдына уыздай жас, жаңа орылған жоңышқа әкеп салды. Тәулік бойы нәр сызбай аштан қатқан бурыл бас салып, көмейлеп асап, жей бастар деп ойлаған еді. Бірақ олай болмады. Бурыл ат жоңышқаны әуелі тәкаппарлана иіскеледі, содан соң бір талдап, екі талдап, ара-арасынан таңдап алып қана жей бастады.
– Тәкаппарсың-ау, бурыл ат! – деп қойды Сүлеймен.
Кәрімнің қазіргідей қызу науқан кезінде оқта-текте болмаса үйге қонбайтын әдеті. Жұмыс басында түнейді. Бүгін де Кәрім үйде жоқ-ты. Сүлеймен анасы Ұлтуар екеуі ғана. Ұлтуар кеше Сүлейменнің бурылмен қалай арпалысқанын өз көзімен көрмесе де, көрген елден естіп, аза бойы қаза болып шошыған. Шай үстінде ол баласына соны сөз етіп отыр.
– Осы сен бе? Сен көріп тұр. Ажалың асаудан болады бір күні.
Шешесін Сүлеймен жеңеше деп атайды.
– Жеңеше, сіз қызық адамсыз. Мініліп жүрген аттардың барлығын жұрт асаудан үйретпегенде, осы күйде жұп-жуас боп туа қалды дейсіз бе?
– Асаудың да асауы бар. Бүкіл застап болып үйрете алмаған немені... Өстіп жүріп бір күні мойның үзіліп өлгенде бір-ақ тынасың.
Кеше солдаттарға айтқан сөзін Сүлеймен шешесіне де айтты:
– Аттан жығылып өлген қазақтың моласын көрсем, бұйырмасын!
* * *
Ат баптаудың жайын Сүлеймен бір кісідей біледі.
Шайдан соң ол бурылды өзенге жетелеп барып, суғарды. Қайта жетелеп әкеп, тағы да отқа қойды. Енді міне қорадан аулаға алып шығып, үстін ат тарақпен әбден мұнтаздай етіп тазалап, ерттеп жатыр.
Тағы да бір тықырдың тақалғанын сезіп, бурыл ат іш жиып, сақтана бастаған тәрізді. Тартпа тартқан кезде құлағын жымқыра түсіп, бір рет тістеп те алмақ болды.
Сүлеймен ете бір сақтықпен тез қимылдап:
– Тәк! – деп, зекіп тастады. Бұл екі арада тартпа лып етіліп тартылып та қалды.
Сүлеймен бурылды бері көшеге жетелеп шықты. Олай-бұлай жүргізіп, сыр түйіп бақты. Мінбек болды.
Тағы да алып қашса, заставаға алып барады. Кеше мерт бола жаздағаны ойына келді. Құдай оңдағанда, жайдақ атқа мініп, сөмпиіп Есенғали келе жатыр екен. Ол Сүлеймен екеуі де бір класта оқиды. Сүлеймен шақырайын деп еді, Есенғали осылай қарай өзі бұрылды. Ұзын аяқтарымен мәстек аттың бауырынан орай тебініп келіп тоқтады.
– Әлгі заставадан сатып алған асауларың мынау ма? Кеше бұл сені өлтіріп кете жаздапты ғой. Рас па?
– Оны кім айтады?
– Осы әлгінде біреулер дүкеннің алдында сөз қылып тұрғанын есіттім.
– Е, жай сөз ғой...
Сүлеймен Есенғалиға қолқа сала бастады.
– Есенғали, мен қазір міндім болды, мынау алып қашып заставаға апарады. Сен барып, кезекші солдатқа ескертші. Қақпаларын бекітіп, жауып қойсын.
– Бұзау іздеп бара жатыр едім... – деп Есенғали міңгір-міңгір етті де әзер көнді.
...Сүлеймен бурылға мінбек болып, алдарқатып тұр. Үзеңгіні ұстап, сілкіңкіреп, ердің үстіне салмақ түсетіндей етіп, басып-басып қояды. Кешегі қилы-қилы мөңкістер, қилы-қилы туластар Сүлейменнің есінде. Сүлейменнің жүрегінде шайлығу да, үрей де жоқ емес. Бірақ шешінген судан тайынбайды дегендей тәукелге бір мінген соң ақырына дейін шыдау керек.
Бурыл үнсіз, тыныш тұр. Құлағын сәл жымыра жаздап қояды. Тағы да бір тықырдың тақалғанын сезініп, пәле күтіп, ішіне пәле жинап тұрғандай. Денесінің әр түгі жыбыр-жыбыр оянып, іштегі дүлей жыны қозуға дайын екені ап-айқын аңғарылғандай.
Мейлі, Сүлеймен өз дегенінен қайтпайды. Әне, ол бурылға қарғып мінді. Бурыл мөңкіп тулай бастады. Кеше жарты күн бойына көк есектей көнбістеніп мінілгені ойынан мүлдем шығып кеткен. Жүген-құрық тимеген шу асауындай, тағының тағысындай шыңғырып аспанға атылады. Бірақ буған Сүлеймен құлар емес.
Бурыл ат туластың жаңа әдісіне көшті. Жалғыз аяғымен жер тіреніп, Диірменнің тасындай шыр айналды. Асаудың талайын мініп жүріп, Сүлеймен мұндай ғаламатты көрмеген еді. Бурыл айнала жөнелгенде, ол құларман болып, жалға жабысып әрең қалды. Басы айналып, көздері қарауытып кетті. Жер дүние төңкеріліп аспан ауытқып құлап бара жатқандай. Осы шыр көбелек айналу тағы да төрт-бес секундқа созылғанда, Сүлейменнің жалп етіп қулап түсуі даусыз еді. Олай боларын бурыл ойламаса керек. Тағы бір кісінеп, көкке шапшып, заставаға қарай алды да жөнелді.
Құйындатқаннан құйындатып, ол әуелі заставаның алдыңғы қақпасына келді. Жабық тұрғанын көріп, жалт берді. Артқы қора жаққа келді. Мұндағы қақпа сырғауылдан істелген аласалау болатын. Дуалдың деңгейінен келеді. Мына ғаламатқа қараңыз, бурыл ат жабық тұрған қақпадан тайынбады. Арындап келген қалпымен секірді. Сүлейменнің жүрегі солқ етіп, табанына түсіп кеткендей болды. Жаны тырнағының ұшына барды. Бұл оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген, күтпеген жағдай. Сүлеймен есін жиғанша бурыл ат ауланың ішіне келіп дік ете қалды.
5
Қанша долы болғанмен бурыл ат бірте-бірте бастығып, адам еркіне кенейін деді.
Көнбесіне Сүлеймен қояр емес. Тулай бастаса, дырау қамшымен мойынға аямай көміп-көміп алады. Ала кеп қашса, сауырлап және ұрады. Сөйтіп туласаң тулай түс. Шапсаң шаба түс деп егескендей болады.
Сүлеймен айдауға әдейі әкеп салды. Атызды сүзе жұлқып ала жөнелді. Сүлеймен шалқалап барып, өзін-өзі әрең ұстап қалды. Сөйткенше болмай, бурыл жаңа бір өнер шығарды. Арындап шауып келе жатты да, төрт тағандап, кілт тоқтап тұра қалды. Сүлеймен бұны тіпті де күтпеген еді. Әскери жылмақай ердің басынан ұшты да кетті. Топыраққа барып, топ ете қалғанын бір-ақ байқап үлгерді.
Сүлеймен ол айдауды шекесімен сүзе құлап жерде жатыр. Басын тез көтеріп артына қарады. Өзімен-өзі қалған бурылда қашайын деген тіпті де ниет байқалмайды. Ештеңе сезіп білмегендей басын шұлғып қойып, әлгі орнынан тапжылмай жайбарақат тұр.
Сүлеймен тұрып келіп, аттың тізгінінен ұстады. Екі күн бойына арпалысқанда бурылдан мықтап бір жеңілгені, мықтап алданғаны осы еді.
– Өй, пәлекет бурыл! Сенен тағы қандай өнер шығар екен? – деп қайта оны мадақтап, мойнын алақанымен қағып-қағып қойды.
Бурылдың жығып тастап, қашпай тұрып алғаны Сүлейменге керемет бір адалдықтай көрінді.
* * *
Ертесінде бурыл жаңағы қауіпті әдісін және қайталады. Шауып келе жатып, басын тұқыртып кілт тоқтай қалғанда, Сүлеймен ердің басынан және ұшып түсті. Бұл жолы оның құлаған жері көшенің қақ ортасы – тақыр еді. Оңбады. Бір жақ бетін, шекесін жер айғыздап қанатып кетті. Бурыл тағы да қашпай қасында тұр. Қалай, жараланғаннан аманбысың дегендей Сүлейменнің шаң-шаң киімін оқыранып, иіскеп қояды.
Құлап жатқан Сүлейменге елден бұрын тызалаңдап шешесі Ұлтуар жетті.
– Сенің ажалың аттан болады деп, айтпап па едім! Әне, қарашы не болдың? Мойның үзіліп, өле жаздадың ғой! Бұл Жауызға енді мінбе де, жолама! Басын кесілгірдің басын кесіп қана тастайтын бір адамның табылмауын!
Бірсыпыра жұрт әлгі араға жиналып қалған еді. Олар да Сүлейменді жазғырып ұрыса бастады.
– Сау басына сақина тілеп, бұл не азап!
– Солдаттарға ырық бермеген жауыз саған ырық беретін бе еді!
– Әне, қарашы өзге асаулар болса, үстіндегі адамнан құтылған соң безіп жөнелер еді. Ал, мынау кел, ер болсаң тағы мін деп, әдейі егесіп, шақырып тұр. Бұл ма, бұл адамнан бетер зымиян сұмпайы мал!
Жұрт сөзі Сүлейменнің бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан шығып жатты. Бурылға ол қайтадан қарғып мініп, тебініп шаба жөнелді.
Пәленің аяқ тастасы жұрт көзін арбап алғандай әдемі-ақ еді.
6
Қыс етіп, көктем етіп, жаз келді.
Шәлкөде жайлауындағы малшылар таңертең кездерін ұйқыдан тырнап ашқан бетте әуелі аспанға қарасты. Ауа райының қалай болатынын барлап, көкпеңбек ашық аспанды кергенде масайрап, қуанысып жатты.
Бүгін малшылар үшін ерекше күн. Жылда осы мезгілде бір рет дүрілдеп ететін дәстүрлі тойлары болмақ.
Той десе қу бас домалайды. Жан-жақтан атты, машиналы ағыл-тегіл келіп жатқан халықта қисап жоқ.
Ұзын саны жиырмадан астам киіз үй және сол шамалас шатырлар тігілген. Әнші, күйші, қызыл отау, көшпелі магазин, сауда-саттық дүкендері, милиция, қарына қызыл байлаған жасақшылар – бәрі осында. Той болған соң ойын-күлкі тамашасымен қабат шатақ-төбелесі де болып қалуға ықтимал...
Әуелі жиылыс ашылып, желпіністі сөздер сөйлейді. Тізбектеліп аталып табыстар айтылды.
Кемшіліктер және көрсетілді.
Озат малшыларға сыйлықтар берілді. Оза алмағандары іштері күйіп қарап тұрды.
Малшылар тойының әртүрлі тамашасының бірі емес, бірегейі – бәйге. Бүгін де бәйге болады. Колхоздар, совхоздар жүйріктерін жаратып алып келген. Олардың ішінде бұрыннан атағы шығып жүрген әйгілі, мәлім аттар да бар. Бірінші рет қосылып отырған қауым үшін беймәлім соны жүйріктер де бар. Соның бірі Абай колхозынан Сүлеймен мініп келген бурыл ат.
Кәдімгі долы бурыл.
Жоқ, дәл қазір оны долы деу шындыққа жанаспайды, қиянат болады. Бурыл ат бұл кезде мініліп жүрген жылқы тұқымдарының ішінде жуастың жуасы да, ақылдының ақылдысы. Бірдеңеден үркіп, селт еткенді білмейді. Иесі үстінен түсіп, тізгінді қаңтарып қойса, әлгі арада тұрады да қояды. Ешқайда кетпейді.
Ал егер несі ер-тоқымын сыпырып алып, сауырға бір салып:
– Жылқыға бар, – деп қоя берсе, бурыл ат құйрығын тігіп алады да, шапқаннан тауып отырып жылқыға келеді. Ал енді басқа жерден үйге бар деп қоя берсе, онда ешқайда бұрылмастан тура үйге келеді. Жол-жөнекей ешкімге ұстатпайды да, бөтен адамды шеніне жуытпайды.
Қораның аузындағы қашаны тұмсығымен сырғытып, адам құсап өзі ашып кіреді. Соңынан тағы басқа мал кірмек болса, тістеп, теуіп жолатпайды.
Жүрісі қандай шіркіннің
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей, – деп, Абай айтқанның нақ өзі.
Бурылдың аяңына басқа аттар желіп отырады. Және аяңдаған кезде біресе оңға, біресе солға жалт-жалт беріп, ойнап-билеп аяғын сілке тастап көлденеңдеп басқанда, үстіндегі адамды шайқамайды да. Лекітіп, тербеп тек шалқытып отырады. Әсіресе екі-үш салт атты немесе одан да кеп адам топтасып жүрген кезде, бурыл міне, жүрістің кекесін сонда көрсетеді. Қатарлас өзге аттардан мойнын озық ұстап, көсемдене жүру оның мызғымас әдеті. Кекіл жалы, желк-желк желкілдеп, оқтын-оқтын ауыздықты жұлқи тартып, есіп жөнеп бергенде, о шіркін, қойын-қонышыңды желдей кеулеп шабыт сезімі кіргендей болады.
Бұл күнде «Абай» колхозында бурылға бір мінуді арман етпейтін пенде кемде-кем.
Қыс бойы бурылды Кәрім мініп шықты. Егер Сүлеймен болмағанда ол оны баяғыда-ақ пышаққа шалатын еді де, ендігі бурылдың сүйектері үйдің артындағы шұқырда қурап жататын еді ғой. Кәрім осы кезде соны ойына алғанда таңдайын қағып: «Осындай тамаша атты соғымға соймақ болдым-ау!» – деп басын шайқайды.
Бурылдың мініске көніп, колхоздағы ең бірінші ат болғанын көрген застава бастығы капитан Халваши:
– Бұны енді біздің өзімізге қайта сат, – деп Кәрімге жата жабысты.
– Жоқ сатпаймын да, сата алмаймын. Осыншама азаппен үйретіп... Жо - жо, атама, капитан жолдас, – деді Кәрім.
– Үйреткен ақыларың үшін тағы сол өз бағасындай ақша қосын берейік.
– Жо-жоқ, сіз буынсыз жерге пышақ салмаңыз. Бурыл ат қазір менің билігімде емес, колхоз билігінде. Мен бір өзім оның тағдырын шеше алмаймын. Ал енді колхоз жылқысын жақсарту, асылдандыру керек деп өзіңіз үгіт соғасыз. Сөйтесіз де, маңдайымызға біткен тәуір атымызға қолқа саласыз. Ол болмайды, капитан жолдас. Бұл атты жарамсыз қып шығарып акті жазған өзіңізсіз. Сойып же деп сатқан өзіңізсіз. Біз сізді алдап алған жоқпыз. Жо-жо, сіз бізге өкпелемеңіз. Жақсы ат сіздерге қажет болса, бізге де қажет.
Кәрім илікпеді.
Осы биыл қыста Кәрім бурылмен үш қасқыр, бес түлкі соғып алды. Сүлеймен екі рет демалыс күндері мініп шығып, екі түлкі соғып әкелді. Бурылдың жүйріктік даңқы ауылға осылай мәлім болды.
Бурылмен аң қуғанда, колға сойыл шоқпар ұстаудың қажет жоқ. Аңды ол қуып жеткен бетте алдыңғы аяғымен тарпып мертіктіреді. Оған болмаса кәдімгі итше тістеп лақтырады. Сөйтіп ол аңды тек қуып жетіп қана қоймайды, иесіне соғып та әпереді.
Мінекей, бір кездегі долы бурыл осындай өнерлі де, ақылды мал болып шыққан еді.
Ол жөнінде көбірек сөз етуге тап қазір, біріншіден уақыт тығыз. Әне, бәйге басталғалы жатыр. Екіншіден, бурылдың бойындағы өнер-қасиет осы бәйгеде бәрінен де айқын байқалуға тиіс. Оқушы соны өз көзімен көрсін де, өз санасымен бағаласын.
Бурылға мініп шабатын бала Сүлейменнің немере ағасы жылқышы – Өмірәлінің Асқары. Асқар биыл төртінші бітірген, жасы он екіде. Әкесіне тартқан қағылез, ақсұр бала. Сүлеймен құсатып Өмірәлі оны да кішкентайынан аттың үстінде алдына алып жүріп баулыған. Одан соң алты-жеті жасқа келгенде тайға мінгізіп үйреткен. Солай тәрбиеленіп өскен Асқар бұл күнде қандай аттың болса-дағы құлағында ойнайды. Әне, оның ерде отырысын қарашы, қаздитып қағып қойған мық шеге тәрізді.
Асқардың қасында басқа бір атқа мінген Сүлеймен жанамалап, ақыл сөйлеп жүр. Бурылдың мінез – сырын ол Асқардың құлағына сіңіріп айту үстінде:
– Қамшы салудың керегі жоқ. Тізгінді бос жіберіп қойма. Шамамен тартып, тежеп отырсаң ат жақсы шабады. Ал қамшы басу керек болғанда, мен өзім айқайлап айтам.
Асқар үндемейді. Сүлейменнің айтқандарын бүкіл бейіл, зейінімен назар қоя тыңдап, бір шаршы орамал тартып алған басын болмашы изеп қана қояды.
Әнe, даяшы бәйгеге шабатындарды көмбеге шақыра бастады. Аттарының құйрықтарын шарт түйіп, бастарына орамал тартып алған балалар әлгінің соңынан жапырыла ілесті. Өзге жұртты көмекші даяшылар серпіп кейін қарай тықсырды. Бәйгі аттары үш шақырымдық шеңбердің бойымен шабады. Соны бес рет айналулары керек.
Жиырма шамалы ат көмбеге қаз-қатар тізіле бастады. Жұрттың көзі де, көңілі де, міне соларда. Мал танығыш сынампаз қариялар ентелеп, мойындарын соза қарасып, әртүрлі болжам айтысады.
– Осы бір бурыл ат қайдан келді? Өзінің түр-тұлғасы бөлектеу екен? «Абайда» мұндай ат бар ма еді? – дескен әңгіме құлаққа шалынып жатты.
Даяшы жалауын құлдилата сермеп қалды:
– Барыңдар! Жолдарын болсын! – деді.
Ауыздықпен алысқан жиырма ат жерді дүрсілдетіп, шаба жөнелісті.
Сүлейменнің екі көзі бурылда.
Аттар жарты айналмаға дейін түйдектеліп бара жатты. Содан кейін біртін-біртін қара үзіп шыға бастады. Бір қарагер ат жалғыз дара озғындап ала түсті. Онан соң бір сары ат суырылды, үшінші бурыл.
Қанжардай болып қатып қалған бурыл ана екеуіне қарағанда сирақты екен. Ең алдағы қаракердің тұрқы ұзын. Бойын одан бетер ұзарта созып, аяғын пәрменімен көсіле тастағанда, бауырымен жер сызып бара жатқандай болады.
Сүлеймен бурыл аттан мықты үміткер. Бәйгеге қалай да ілігетініне сенімі мол. Бірақ көңіл шіркін одан да гөрі молырағын қалайды. Бірінші боп келсе деп арман етеді. Кім білсін, ол да мүмкін. Бурыл ат осы кезде нағыз жүгіретін бабында.
Қаракер сол ұзағаннан жалғыз дара ұзап шыға берді. Оның артындағы сарының да аяқ тастасы осал емес. Бұл екеуі де осы аудандағы бұрыннан аты шығып, озып жүрген жылқылар.
– Қаракер енді кетті!
– Болды, жеткізбейді.
– Бәйгесін бере берсе де болады! – деген астам дауыстар жамырай бастады.
Бір айналым... Екі айналым.. Үш айналым.
Аттардың ендігі қара көрінісі дастарқандағы шұбалтып шашып тастаған бауырсақ тәріздес. Әлгіндегі түйдек топ жіпке тізген моншақтай дараланып барады. Бортаңдап ең артта қалған атты алдыңғы ат қуып жетуге айналды.
Қаракерден оқ бойы кейінде сары ат келе жатыр. Оның соңында шалма тастам жерде бурыл ат. Бұларға таяу ат жоқ.
Асқардың атқа шабысына Сүлеймен риза болып тұр. Тізгінді тежеп, қымти ұстаған қалпы ерге етбетінен жабысып алған. Екі көзі тек алда. Жан-жағына жалтақтап, артық қимыл қозғалыс жасамайды.
Міне, бурыл ат иіріліп қарап тұрған жұрттың тұсына жақын келіп қалды. Төртінші айналым таусылып, енді қалғаны бір-ақ айналым. Сүлеймен ілгері таман тебіне шығып, Асқарға бар даусымен айқай салды:
– Бас қамшыны! Бас! – деді.
Асқардың құлақ түріп андып келе жатқаны осы еді. Бұзаубас дырау қамшыны сауырлата көміп-көміп жіберді. Бурылдың да тілегені болғандай ытырылып, бейне бір тосын қосылған тың аттай өршеленіп шыға келді.
Аршындап аяқ тастасына сүйінбеген адам жоқ. Бір кезде ол алдында кетіп бара жатқан сары атты қуып жетіп, басып озды. Одан соң қаракердің ізіне түсті.
– Бас! Бас қамшыны! – дейді Сүлеймен дауысын Асқар естімесе де.
– Бас! Бас! – деп, өзге жұрт та шуласады.
– Ойпырмай, жануар-ай! Мына бурыл мал екен ғой!
Сөреге жарты айналым қалғанда бурыл ат қаракерді де қуып жетіп, басып озды. Қарап тұрған жұрт небір ойда жоқ ризашылықпен шулап қоя берді. Сүлейменнің көзінен қуанғандықтан жас шығып кетті.
Бурыл ат сереге жалғыз, дара болып, қаракерден оқ бойы озып келді.
Осы той, осы бәйгеден кейін бурылдың даңқы көкке көтерілді. Оның «Абай» колхозында пайда болу тарихы, бурылды жуасытуда Сүлейменнің сіңірген еңбегі ауыздан ауызға аңыз болып айтылды.
Енді Абай колхозында бурылды тым құрса бір мінгісі келіп құлшынушылар бұрынғыдан да көбейді.
Осы Абай колхозында Қорғасбай дейтін мойны-басын безеу басқан дүкенші жігіт бар. Атқұмар қазақтың ол да біреуі. Бұған қоса Қорғасбайдың бойындағы және бір әдет атқа мініп алған соң ауыл арасында ақырын жүруді білмейді. Көшедегі жұрт көрсін мені дегендей ылғи да соқтырып, шабуылдап жүргені. Үйінен шыға шауып, ат басын дүкенге келіп бір-ақ тірейді. Дүкеннен шыға шауып, үйіне есігінің алдына келген де және бір-ақ тоқтайды.
Қорғасбайдың бұл мінезінен мезі боп біткен кәрі әжесі: – Әй, Қорғасбай, қалқам, ауыл арасында шабуылдауыңды қой деп, мен саған қанша айтам. Біреу-міреуді басып кетесің ғой, – деп ылғи да ескертіп отырады.
Бұл ескертпені Қорғасбай пішту құрлы көрмейді.
Асылы, тақымына тәуір ат тиген кезде Қорғасбайдың делебесі қозып кететін болуға тиіс. Оның әлгідей шабуылдап бара жатқанда атқа отырысының өзі соншалық оғаш дарақы. Тізгінді қос қолдай тартып, шалқая шіренгенде, екі аяғы аттың құлағына жетеді. Аяқтарының ұшын қаздитып және де созып алады. Ауыл үйдің бір қора итін соңынан улата-шулата ертіп, екі жағына жалтақ-жалтақ қарап кетіп бара жатады.
Жұрт үйлерінен шықпай-ақ бұл өтіп бара жатқан басқа емес, Қорғасбай екенін біліп отырады.
Осы Қорғасбай бір күні Кәрімге жалынып жата жабысты:
– Ағатай, бурылыңды бере тұршы. Мына арадағы загот-скоттың базасына барып қана келейін. Бір тығыз шаруам бар еді.
Кәрім қиналыңқыраса да әлгінің көңілін қимады, берді.
Қорғасбай қарғып мінді де, әдетінше, соқтыра жөнелді. Сулығының екі етегі далия желбіреп жөнеп барады. «Осы иттің осы әдеті-ай! Ауыл арасында жай жүрсе болмай ма екен!» деген оймен Кәрім оның соңынан аз қарап тұрды да, үйіне кіріп кетті.
Содан арада бес минуттай уақыт өтті ме, өтпеді ме, бір бала есіктен ентіге кіріп келді.
– Кәрім аға, Қорғасбайды машина қағып кетті. Бурылдың аяғы сынды!..
Кәрімнен бұрын үйден Сүлеймен атып шықты. Арғы көшеде жұрт у-шу болысып жатыр. Екі өкпесін қолына ұстап Сүлеймен жетті. Біраз адам жиналып қалған екен. Алдыңғы бір аяғын баса алмай, дір-дір етіп бурыл тұр. Жануар әп-сәтте сұры қашып, бүгіліп, мүсәпір болған да қалған. Қолының басы шодырайып ісіп кеткенін көргенде, Сүлейменнің жүрегі су ете қалды.
Анадай жерде радиатордың бір жақ шеті қабысып, колхоздың самосвал машинасы тұр. Сөйтсе, тік төмен ағызып келе жатқан машинамен көлденеңінен шыға келген бурыл ат соқтығысып қалыпты. Бәрі алаңғасар, елірме Қорғасбайдың кесапаты.
Қорғасбай өзі дін аман, ештеме де болмаған. Керек десе, аттан жығылмапты да.
Бурылдың қолының басы – тоқпан жіліктің жауырынға жалғасқан тұсы – күл болып кеткен...
Сүлейменді көргенде, бурыл ат басын шұлғи түсіп, ыңыранып қоя берді. Даусы да, тұрған тұрысы, жасаураған көздері де кереметтей аянышты еді. Сүлейменнің сай-сүйегі сырқырап балқып кетті. Бурылдың басын құшақтап жылап жіберді...
Бурыл ат енді ат болудан қалған еді.
ЖОЛ
Бес жасар ұлы Балғынды Бәзіл жылқышы алдына мінгізіп алған. Түні бойы көмекшісі баққан жылқыны кәнігі көзбен аралап, түгендеп өтіп, көңлі жай тапқан соң, енді сәскелік қымызға үйге қайтқан беті. Жайлаудың адырлы кеудесін тіле түсіп, жіпше шұбалған жалғыз аяқ соқпақ жолмен келе жатыр. Астында құйрық-жалы төгілген аяңшыл торы.
Әкесінің алдына мініп алу – Балғын үшін құмар іс. Дүниенің төбесінен қарағандай болып, мерейленіп қалады. Аса бір жетіскен көңілмен сәбилік қиялы шартарапқа жосылып, өзімен-өзі іштей күбірлеп сөйлесіп келе жатыр. Екі көзі таспадай шұбалы, таусылмай алға бастаған соқпақ жолда. Кенет ол әкесінен:
– Ата, осы жолмен жүре берсе, жүре берсе, қайда барады? – деп сұрады.
– Анау таудан асып, өзіміздің ауылға барады, – деді Бәзіл.
– Сол жерде таусыла ма?
– Жоқ, таусылмайды?
– Одан әрмен қайда барады?
– Ауылдан әрмен даңғыраған тас жолға қосылады да, ауданға барады.
Есжан ағаң қызмет істеп жүрген жерге барады.
Бір сұрақты бастаса, түбіне жетпей Балғын, сірә да, тоқтамайды.
– Одан әрі қайда барады?
– Одан әрі Алматыға барады.
– Алматыдан әрі қайда барады?
– Пойыз жүретін темір жолды білесің бе? Естіп пе едің?
– Білем.
– Білсең, тас жол одан әрі темір жолға қосылады да, тартқаннан тартып отырып, Москваға барады. Жол атаулының барлығы Москвада тоғысады.
* * *
Жол жайындағы әңгіме Балғынның көңіліне нық орнады. Өмірдің мағыналы жағын ашып танығандай болды. Таспадай шұбатылған әлгі соқпақ жол бұлардың үйінің нақ іргесінен өтеді. Балғын енді сол жолмен тоқтамай жүре беруді армандайтын болды. Сонда алдынан ерте ме, кеш пе, жарқ етіп Москва көрінетініне ол шүбәсіз сенеді.
Бір күні Балғын әлгі ойдың жетегімен Айнабұлақтың жағасын қоныстап отырған жылқышылар мекенінен едәуір ұзап шығып кетті. Соқпақ жолды қуалай жүріп келеді, жүріп келеді. Бірталай жүріп, дөңнен асты. «Шіркін-ай, анау таудан асып және бірнеше таудан ассам, Москваға жетіп барар едім-ау!» –деп қиялдайды. Көзбе-көз барып көрмесе де, суреттерден, кинодан көріп таныған ұлы қаланың бейнесі оның көз алдынан кетпейді. Жер бетіндегі ұлылы-кішілі сан алуан жолдардың бәрі Москваға барып тіреліп, тоғысып түйіскенін сол қалпында көріп тұрғандай әсер алады.
Кремль мұнарасы, Ленин Мавзолейі, Қызыл алаң – осының бәрі де Балғынның жадындағы суреттер.
Жағасы жібектей көгал шөппен көмкерілген соқпақ жол «жүр», «жүре бер, тоқтама» деп Балғынды емексітіп жетелей түскендей болады.
Сонау беткейде бір қора қой жайылып жүр. Кілең бірыңғай ақ қойлар. Одан әрменірек жұмыртқадай аппақ болып күнге шағылысып, малшылардың ақ үйлері көрінеді. Соқпақ жол тартқан сымдай қарауытып солай кетіп жатыр. Бұлай жүріп Москваға жете қоюы оңай емес екенін Балғын, әрине түсінеді. Енді ол осы арада тоқтады да, ілгері қарай қиялымен самғады. Соқпақ жолмен зымырап ауылға, ауданға жетті. Одан соң машинаға отырды. Асқар тау, айдын көлдерді артқа тастап және зырлап берді. Алматыға жетті. Енді Балғын пойызға мінді. Паровоз айқайын салып, жер апшысын қуырып алға тартты. Бүкіл дала дөңгеленіп артта қалып жатыр. Ұшқан құс қалбақтап, қызарып жанған қызыл жұлдыз, текшеленген зәулім үйлер көрінді. Бұл – Москва!
Арт жақтан тасыр-тұсыр ат дүбірі естілді. Соны естіп қиялы шарт үзілген Балғын артына жалт бұрылып қарады. Үш-төрт салт аттылар көлденеңдеп өтіп барады екен.
Бұлар қаладан келген артистер болатын. Олардың біреуі:
– Мына баладан сұрайықшы?! – деп, ат басын Балғынға қарай бұрды.
– Балақай, мына жол қайда барады?
Балғын кідіріп, мүдірген жоқ:
– Бұл жол Москваға барады.
МЕН ҚАЛАЙ ҮЙЛЕНДІМ
Әркім өзінің қалай үйленгені туралы айтып жатты. Кезек бурыл бас журналист Бекәділге келді.
Соғыстан келген бетім, бойдақпын, – деп бастады Бекәділ, жастар газетінде тілші болып істеймін. Мезгіл август айының аяқ кезі. Алматы – Москва жүрдек пойызымен оңтүстіктің Ш. дейтін станциясына келіп, түсе қалдым. Ш. ауданы мал өсіруден Қазақстан бойынша аты шығып дүрілдеп тұр. Озат малшылардың өмірінен очерк жазбақшымын. Бұрын мұнда болған емеспін, бірінші рет келуім.
Мезгіл кешкі уақыт. Күні бойы сіркіреп ақ жауын жауған. Қазір де басылмай, бүркіңкіреп тұр. Ауа сыз, бұлыңғыр. Былайғы жердің миы шығып жатса керек, ал станция басы асфальтталған, саз емес. Бірақ, жаңбыр суы көлкіп шылқып жатыр. Галошым да жоқ еді, судың молдау жерлерінен амалдап аяғымды өкшелей басам.
Сол арадағы жұрттан сұрастырсам, аудан станция басында емес, бұдан жеті километр жерде екен. «Оған қалай баруға болады» – деп едім. Білегіне қызыл байлаған теміржолшы:
Ана кетіп бара жатқан жұртты көрдіңіз бе? Солардың соңынан ілессеңіз, сонау мұржасы көрінген үй асхана, соған барасыз. Сол жерде автобус тоқтайтын аялдама бар, – деп жөн сілтеді.
Әлгіге рақмет айттым да, шұбырып кетіп бара жатқан он шақты адамның соңынан ілесіп жөнелдім. Жолдың батпағы ми болып жатыр. Галошсыз ботинкамның мықтап сорлайтынын сезсем де, істерге амалым жоқ. Өзі оншалық жаңа да ботинка емес еді. Әуелі қорқыңқырап басып, амалдап көрмек болдым. Бірақ бұдан ештеңе шығатын емес. Одан соң не болса да болды ғой деген оймен батылдана жүріп кеттім.
Бір кезде алдымда кетіп бара жатқан жұрт иіріліп, бөгеліп қалды. Сөйтсем әлгі арада ені екі метр шамасы, жағасы түйетайлы терең арық бар екен. Көпір ештеңесі жоқ. Жұрт амалдап әрең секіріп өтіп жатыр. Қарттау бір адам арықтың ішіне тайып жығылып, үсті-басын оңдырмай былғап та алды.
Мен жеткенге дейін арықтан өтіп болмаған бір ғана әйел қалды. Бір қолында саквояжы, екінші қолында қомақтылау торы бар. Қалай секіретінін білмей қиналып қорқыншақтап тұр. Үстінде плащы, аяғында кең қоныш ботиы бар.
– Қорықпаңыз! Секіріңіз! – дедім қасына келіп. Әйел маған жалт қарады:
– Ой, секіре алатын емеспін. Суға құлайтын шығармын.
– Әйел жап-жас келіншек екен. Тұлғасы сырт жағынан жуандау көрінгенге жасамыстау болар деп жобалап едім, жоқ, өзім құралпас.
– Олай болса мен сізге жәрдемдесіп жіберейін, әуелі нәрселеріңізді беріңіз, – дедім. Әйел нәрселерін берді. Өзімнің титімдей ғана чемоданым бар. Тез ырғып, арғы жағаға топ ете қалдым. Әйел сүйінген дауыспен:
– Ой, сіз елікше секіреді екенсіз, – деді.
Нәрселерді әрменірек шөптеуін бір жерге апарып қойдым да, қайта келіп әйелге қайыс белбеудің бір жағын ұсындым.
– Мынадан мықтап ұстаңыз. Айырылып қалып жүрмеңіз. Қане, секіріңіз!
Әйел түйіліп, батыл секірді. Мен де тез тартып бар пәрменіммен жұлып әкеттім. Жерге түсіп үлгергенше қолтығынан шап беріп ұстап та алдым. Ап-ауыр тығыз денесі менімен қауыша келіп, дік ете қалды.
Ой, рақмет, көп жасаңыз, сіз болмағанда мен секіре алмайтын едім. Ана жақтағы көпірді айналатын едім, – деп әйел сүп-сүйкімді қоңыр дауысымен маған алғыс айтып жатыр.
Екеуміз қатарласа жүріп кеттік. Аянар түгім қалған жоқ. Ақаулы ботинкаларым ішерін ішіп, жерін жеп, «тойып» алған. Аяғым шылқ-шылқ, үстімде плащ емес, күздік пальто. Су сіңген сайын ауырлап барады.
Жұрт автобусқа жайғасып отырып алған екен. Кәдімгі кішкене автобус. Әйелге жол беріп, алдымен кіргіздім. Арт жақтағы ұзынша орын бос. Әйел соған түкпірлей отырып жатып:
– Отырыңыз, – деп қасынан маған орын нұсқады.
Шамның жарығынан әйелдің жүзін анықтап байқап алдым. Сергек пішінді сүп-сүйкімді қара торы келіншек. Бетінің әр жерінде сия шашыраған тәрізді ноқат-ноқат секпілі бар. Онысы өзіне бір түрлі жарасып тұратын тәрізді.
Жөн сұрастық:
– Осында тұрасыз ба?
– Осында тұрамын. Өзіңіз қайдан келесіз?
– Командировкаға келе жатқан газет қызметкерімін, – дедім.
– Е-е, – деді.
– Мұнда қонақ үйі бар ма?
– Бар.
Біз аудан орталығына келгенде, қас қарайып та кетті. Қонақ үйдің қайда екенін келіншек маған түсіндіріп, нұсқап жіберді. Көшенің батпағы толарсақтан келеді. Жауын сіркіреп қайта күшейді. Итім шығып, әзер жеттім. Екі ғана бөлмелі шағын үй екен. Адам лық толы. Көкала түтін.
– Өзіңіз көріп тұрсыз ғой. Бірде-бір бос орын болса бұйырмасын, он адамдық қонақ үйде он бес адам жатыр. Аяқ басар жер жоқ, – деген сөздермен қарсы алды күтуші әйел.
Айтқанының бәрі рас. Әрі темекі түтінінен тұншығып өліп барамын. Күні бойы купедегі үш темекішінің ортасында қақалып-шашалып әзер шыдап едім. Енді тіпті мына үйде бос орын болған күннің өзінде де төзе алатын емеспін.
Қонақ үйдегі әйелден ауатком кеңсесінің қайда екенін сұрап алдым да, тысқа шықтым. Сонда барып, өзімнің кім екенімді айтып, ауасы таза, жылы кабинеттердің бірінде диванның үстінде болса да түнеп шықсам, сол рақат болар деген ойға келдім.
Жауын әлі басылмаған. Көше қараңғы. Үйлердің терезелерінен шам жарығы бозғылданып әрең жылтырап көрінеді. Көшеде бірлі жарым атты жаяулы адамдар ұшырасады. Солардан сұранғыштап отырып, ауатком кеңсесі делінетін темір шатырлы ағаш үйге келдім.
Есігін тартсам берік. Тарсылдатып ұрып едім, ешкім тіл қатпады. Бұл тәрізді үлкен кеңсенің күзетшісі болмауы мүмкін емес, күзетші бір жаққа кеткен болар деген оймен биік басқыштың үстінде тосып тұрдым
Маңдайшаның үстінгі жағына шам орнатылғандықтан бұл ара жарық. Әрі жауын тамбайтындай қалқима бірдеңесі бар.
Аяқ су, үстім де су, өзімнен өзім жиреніп, берекем қашып-ақ тұр. Бар арманым ішке тезірек кіріп, шешініп жан шақыру.
Кенет үй бұрышының тасасынан біреудің келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Күзетші осы болса игі еді деп қуанып қалдым. Сөйткенше болмады, бір әйел шыға келді. Тани кеттім. Әлгінде автобуста өзіммен бірге келіп түскен келіншек. Мені көріп ол да іркіліп тоқтай қалды.
– Немене, қонақ үйді таба алмадыңыз ба?
– Жоқ мен болдым онда, қонақ үйде орын жоқ екен.
– Иә, енді мұнда неғып тұрсыз?
– Кеңсеге түнеп шығайын десем, берік тұр. Ешкім дыбыс бермейді. Сірә, күзетшісі бір жаққа шығып кетсе керек.
– Таныс ешкіміңіз жоқ па еді?
– Жоқ.
– Кеңсеге түнеймін дегеніңіз нелеу екен... – деп әйел менің түріме бастан аяқ қарап қалды. – Онда жүріңіз біздікіне түнеп шығыңыз, – деді.
– Қамқорлығыңызға мың рақмет, – дедім де әйелге ілесіп бердім. Ойымда ештеңе де жоқ. Семьялы, үйлі-баранды адам болар. Менің түрімді көріп, аяп, қонақжайлылық көрсетіп жатқан шығар деп ойладым. Әйелдің пиғылы, шынында да осы болуға керек. Ол мені маңдайшасында «Ш. аудандық кітапхана» деген жарнамасы бар бір үйге ертіп келді. Іргесі ашық веранданың қақ ортасына төбеге орнатылған жалғыз шам әрең жылтырап жанып тұр. Үйдің екі есігі бар екен. Оның бірін сойылдай белдеу темірмен көлденең бастырып, шоқпардай қара құлып іліп қойған. Ол сірә, кітапханаға кіретін есік болса керек. Ал екінші есіктің сыртына көкшіл клеенка қапталған. Әйел қалтасынан кілт алды да, осы есіктің ішкі құлыбын ашты.
Әлгінде жолда келе жатып әйелдің аты-жөнін, қайда істейтінін сұрағам. «Атым Нағима, кітапханада істеймін деген. – Япыр-ау, бұл мұнда жалғыз тұра ма?»
Әйел кіріп, шырт еткізіп шам жақты. Содан соң маған:
– Кіріңіз, – деді.
Кірдім. Айнадай жарқыраған сырлы еден, таза алаша. Батпақ-батпақ болған ботинкаларымды сол арада шешіп қалдырдым. Пальтомды да шешіп іліп қойдым. Бұл өзі о баста үлкендеу бір ғана бөлме екен. Соның алдыңғы жағын жарым-жартылай бөліп, ықшамдап ауыз үй тәріздендіріп қойған. «Қане, төрлетіңіз, жоғары шығыңыз», – деп Нағима бәйек болып жатыр.
Төр жаққа өттім. Мүліктері жұпыны болғанымен тап-таза. Екі төсек және бір диван тұр. Төсектің бірі – баланікі. Ортадағы столдың үстінде бірнеше газет, «Огонектің» жаңа нөмері жатыр.
Міне, Нағима да сырт киімін шешіп, іліп қойып, бері қарай келді. Көз тояттайтындай әп-әдемі тұлғасы бар. Мен кешірім өтіндім де, оның кіммен тұратынын сұрадым. Нағима күлімсіреп:
– Өзім тұрамын. Және қызым бар? – деді.
– Ал жолдасыңыз?
– Жолдасым бөлек тұрады.
Бұл сұрағым орынсыздау болды ма деп те ойлап қалдым. Өйткені, Нағиманың жүзінен күйеуі жайында әңгімелеуді қаламайтындай салқын көлеңке сезіліп қалды.
Соңынан әңгімелесіп отырып білдім. Нағиманың бес-алтыға келіп қалған қызы, осы маңдағы бір колхозда тұратын қарт әке-шешесі бар екен. Кейін бұлар қызы екеуі қарттарға қонаққа барыпты да, қызы сонда қалыпты.
Шай іштік. Шайдан кейін Нағима маған диванға жақсылап төсек салып берді де:
– Шаршаған боларсыз. Жатып дем алыңыз, – деді. Өзі ыдыс-аяқ жиған боп, ауызғы кішкентай бөлмеге шығып кетті.
Шайға тойып, жылынып, есті жинап алғаннан кейін көңіл құрғыр қунаң-қунаң етеді. «Нағима өзі қайда жатар екен?» деймін. Мына менің қарсымдағы төсегіне келіп жатуға тиіс. Басқа жататын жері жоқ.
Тысқа шығып келдім де, теріс қарап жатып қалдым. Сыртта жауын басылып, аспан жарқырап ашылып келеді екен. Тарап бара жатқан алашабыр бұлттың арасынан терезеге бірде жап-жарық болып, бірде күңгірттеніп ай сәулесі түседі.
Бір кезде Нағима да бері кірді. Шамды өшірді. Ай жарығы түскендіктен үй іші ала көлеңке. Ұйықтамасам да ұйықтағандай болып, бірақ көзімді бақырайтып ашып жатырмын. Төсектің жұмсақ сеткасы сықырлап, құлағыма Нағиманың шешінген сыбысы келді. Түйме ағытқаны, шұлық сыпырғаны – бәрі түгел естіліп, оның әр қимылын көңіліммен көріп, біліп жатырмын. Міне, ол да жатып қалды.
Мен жалпы, жасымнан ұйқышыл адаммын. Төсекке басым тиісімен қор ете қалам. Ал енді көзім ілінсеші? Ұйқым шайдай ашылды да кетті. Ойымда да, көзімнің алдында да Нағима. Әлгінде шай үстінде ептеп қалжың-қақпай айтып, тамырын басып көргендей болғамын. Сыпайы қалжыңнан арғыға аяқ аттар түрі байқалмаған. Ал менің көңілімдегі елегізу немкеттілік емес. Өзіне кереметтей көңілім құлап, сондықтан да болар, шешіліп ештеңе де айта алған жоқпын. Әрқашан да солай ғой. Біреуді шынайы ұнатып құштар болсаң тілің күрмеледі де қалады. Ал немкетті, осыған бір тиісіп көрейінші десең сөзбен дөңгелетіп әкетесің.
Енді міне сол әлгіндегі оралымсыздығыма күйініп, опық жегендей болып жатырмын. Ұнатқан адамыңа көңіл білдіру қашан да еркектің парызы. Онда тұрған не бар деймін өзіме өзім. Бірақ бір көрген адамға бірден өйтіп қалдым, бүйтіп қалдым деп жату да жарасымсыз... Тым құрыса бұрын бірімізді-біріміз білетін болсақ екен. Үйдің оңашалығынан өзінің әдепсіздік мінезін тежей алмаған адам тәрізденіп көрінуім де мүмкін ғой. Басыма осы тәрізді ойлар оралады.
Бірталай уақыт өтті. Әлгінде тым-тырыс жатқан Нағима пыш-пыш етіп ұйқыға кетті. Қыбыр етпей жатудан менің жамбасым тала бастаған. Диванды сықырлатып алмас үшін, барынша ептеп, ақырын ғана аунап, бетімді Нағима жаққа бұрдым. Терезеден қиғаштап түсіп тұрған ай сәулесінің тап осы кезде сүттей боп жарқырап қалмасы бар ма? Өзі тағы Нағиманың тура бетіне түсіп тұр.
Ал енді Нағиманың қалай жатқанын айтып берейін. Басы маған қарай әнтек бұрылыңқырап, шалқасынан жатыр. Бір бұрымы төсектен сылбырай түсіп кеткен. Мен жақтағы қолының білегі мен иығы көрпенің шетінен топ-толық, аппақ болып көрінеді. Ақ сейсепке кигізілген қызыл атлас көрпенің кеуде тұсы томпайып, оның тыныс алуына қарай бір басылып, бір көтерілгендей болады.
Мас адамша маужырап, әлгі айтқан ғажап көріністерге көзімнің алмасын сорғызып, жата бердім. Нағима қыбыр етсе көзімді тарс жұмып, өле қалмақпын. Іштегі сезім асау аттай бұлқынып жүген салғызбайды. Ала қашып, не орға, не жарға құлатпақ болады. Бірақ мен де табандап, қасарысып тізгінді қолдан шығармаймын. Осындай алпарыспен қалжырап ұйықтап кетіппін.
Біреу ақырын иығымнан түртіп оятады. Сөйтсем Нағима. Әлі күн де шықпаған, тым ерте уақыт.
– Ұйқыңызды бөлгеніме кешіріңіз. Осында ел аяғы қозғалмай тұрып кеткеніңіз мақұл болар. Жұрт дегенді білесіз ғой, мұнда қонып шыққаныңызды біреу көріп, білсе, өсек қылады, – дейді.
Тұрып киіндім де, кете бардым.
– Түнде қалпыңызды көрдім де, аяп кеттім. Әйтпесе үйге еркек әкеп қондырар жағдайым жоқ екенін өзіңіз көрдіңіз. Таң атпастан қуды деп айыпқа бұйыра көрмеңіз, – деген сөздермен шығарып салды Нағима.
– Менің қазіргі халім түндегідей де мәз емес, – дедім мен кетіп бара жатып. Қандай мағынада айтқанымды Нағима бірден түсінді:
– Жәрдем ету қолымнан келмейді.
Әуел бастағы жоспарым аудандағы басшы мекемелерге кіріп жолыққаннан кейін бүгін малшыларға шығып кету болатын. Енді ол қараң қалды. Күні бойы шиырлап, аудан орталығында жүрдім де қойдым. Түстен кейін кітапханаға кірдім. Нағима мұнда меңгеруші болып істейді. Отыр екен. Қасында және бір әйел «Сәлеметсіздер ме», – деп амандаса келдім.
Нағима күлімсіреп:
– Төрлетіңіз, – деді. – Колхозға шықпадыңыз ба?
– Ертең шығатын болдым.
Осымен әңгімеміз бітті.
Бүгін ақыр мұнда қонатын болғаннан кейін барып, қонақ үйден орын алып қойдым. Кешке клубқа киноға келдім. Адам аздау екен. Залға кірсем, Нағима отыр. Дәл бір уәделескен адамдай кездесе кеттік.
– Қасыңыздағы орын бос па, – деп едім, – бос деді. Отырдым.
Кинодан бірге шықтық. Кешегідей емес, кеш бүгін мөлдіреп, ай жарқырап тұр. Аспанда ине шаншар бұлт жоқ. Кинодан алған әсерімізді ортаға салып, қатарласып келеміз. Бет алысымыз әлгі кітапхана, Нағиманың үйі.
– Бүгін қонақ үйде орын бар ма екен? – деді Нағима. Жоқ екен деп айта алмадым.
– Маған әйтеуір бір орын уәде еткендей болды, – дедім. Үйге кеп қалдық.
– Ал енді қоштасайық. Шығарып салғаныңыз үшін үлкен рақмет, – деді Нағима.
– Бүгінгі кеш сондай тамаша екен. Біраз сейілдеп қайтсақ қалай болады? Ұйықтар алдында бой жазып жүру пайдалы деп айтады ғой.
Нағима ойланып қалғандай болды. Төңірегіне қарады. Содан соң:
– Жарайды, – деді.
Екеуміз жүре сөйлесіп, поселоктің шетіне шығып кеттік. Алдымыз жазық дала. Жайылып жүрген тұсаулы аттар қараңдап көрінеді. Қайтадан кейін қарай бұрылдық. Біраз сырлар ақтарылды. Мен өзімнің майданнан жуырда оралғанымды, өмірдің қиыншылығын көп көріп, жетім өскенімді, қазір бойдақ екенімді айттым.
Нағиманың өмірі де кедір-бұдырсыз емес екен. Күйеуі осы ауданда бірнеше жыл прокурор болып істепті. Әуелгі кезде ісіне тыңғылықты, беделді екен. Бірақ арақ әзәзіл кімді жолдан тайғызбаған. Жүре-келе ішімдікке салынып, адамшылық қасиетінен жұрдай бола бастапты. Жұрттан пәре алатын, мас болып келсе, үй-ішінің берекесін ұшыратын болыпты. Сөйтіп жүріп қызметінен қуылыпты. Нағиманың онымен отаса алмауына осындай себептер болған.
Бірақ екеуі үзілді-кесілді ажырасып кетпепті.
– Қанша дегенмен мен онымен сүйіп қосылдым. Сондықтан оны аяймын да, егер ішуден шын тиылса, аулақ кет демес едім... – деген сөздерді айтады Нағима.
– Нағима, – дедім батылдығымның барлығын жиып-теріп. – Егер сен келісер болсаң, мен сені Алматыға әкетер едім.
– Е-е, мені онда апарып не істемексің?
– Не істеуші ем. Құсым етіп төріме қонғызып қоям.
– Жә, ондай сөзді айтып қайтесің. Сен деген әлі гүлің ашылмаған жас жігітсің. Өз жолың бар. Саған қарағанда мен бұл мәселеде тәжірибелірек болып қалдым. Сондықтан ешқашан да шұғыл жасамау керек.
– Мен бәрін де болжап, әбден ойланып, толғанып айтып тұрмын. Сен мендік болсаң, өмір бойына мен сендік.
– Қой, Бекәділ, албырт сөйлеме. Керек десең біз әлі бірімізді-біріміз аз білеміз. Одан соң менің есейіп қалған балам бар. Оны да ұмытуға болмайды.
– Балаңды ұмытып тұрған мен жоқпын.
– Жоқ, аттың жалы, түйенің қомында мен саған жауап бере алмаймын. Одан да үйге қайтайық. Бірталай уақыт болып кетті, қонақ үйіңе барып, ұйқыңды қандыр. Түнде жөндеп ұйықтай алмадың ғой деймін. Хош.
Екеуміз хош айтыстық.
Ілгері аттап жүре алсамшы. Жүре алмаймын. Кежегем кейін тартып, бастырмайды. Артында құлыны қалған бие тәріздімін. Қонақ үйдің іргесіне келіп, қайта қайттым. Кітапхана мен бұл екі ара бірқауым жер. Түн ортасы болып қалған. Тағы да кітапханаға келдім. Терезеде жарық жоқ. Жатып қалса керек. Оятуға бата алмай, бірқауым тұрдым.
Ізіммен қайта қайттым. Қонақ үйге келдім... Енді мұндағылар жатып қалыпты. Егер ел жатқанша келмесем, онда келмегенім, маған деген төсекті басқа адамға бере беруіңізге болады деп кеткен едім. Ол төсекте қазір, сөз жоқ, тырайып басқа біреуі ұйықтап жатыр. Көшеде тырс еткен бір жан жоқ.
Міне, мен тағы да кітапханаға келе жатырмын. Қалайда енді Нағиманың есігін қағып оятпақшымын. Енді менің басқа барып қонар жерім де жоқ.
Верандаға көтеріліп келемін. Аяғымды ұшынан басамын. Жүрегім лүп-лүп. Тынысым тоқтап қалып, тоқтап қалып, қайта ашылғандай болады. Бейсауат жүре қалған біреу-міреу байқай қоймайды... Батылым жетпей бір сағаттай тұрдым. Аяғым талды. Қолымды есікке он рет апарып, он рет қайтып алдым.
Сонау шеттен тауықтың шақырған дауысы естілді. Таңғы тауық па, немене?
Жүрексіздігім үшін өзімді-өзім жерден алып, жерге салып сөге бастадым. Қайрадым. Соның арқасында мінеки тық-тық етіп қақтым есікті. Үн жоқ. Сәл тоқтап, қайта қақтым. Әлгіндегіден гөрі қаттырақ.
– Бұл кім, – деген өзіме таныс дауыс естілді.
– Мен..
Әйел дауысы жым болды. Мен де үнсіз тұра бердім. Әлгіден басқа ешқандай да сыбыс жоқ. Тағы қақтым тықылдатып. Тағы тостым.
Әлден уақыттан кейін табалдырықтың түбіне жұмсақ басып келген аяқ дыбысын естідім.
– Сіз неге келдіңіз?
Бағана сенмен сөйлескен Нағима енді сізге көшіп тұр.
– Кешір, Нағыш. Қонақ үйдегілер жатып қалыпты. Маған орын қалдырмапты.
Тағы да үн жоқ. Есіктің ол ар жағында мен бер жағында тым-тырыспыз.
– Сіз әлі тұрсыз ба?
– Тұрмын.
Ілгешек темір ақырын сылдыр ете қалды. Содан соң есік жайымен ашыла берді.
– Бекәділ, мұныңыз қалай, беймезгіл уақытта... Мен жауап беру орнына бойынан жып-жылы төсек иісі бұрқыраған Нағиманы құшырлана құшақтап, қаттым да қалдым...
Арада үш жылға тарта уақыт өтіп кетті. Нағимамен содан кейін қайтып кездескен жоқпын. Сол жолы Ш. ауданында төрт-бес күн болып, әр кешті, әр түнді онымен бірге өткізген едім. Мен үшін нағыз естен кетпес бақытты күндер еді. Сөйткен Нағимамен хабар-қатынасым біржола үзілгендей болған.
Бірақ бұған мен кінәлі емеспін. Кейін Алматыға келген соң бірнеше рет хат жаздым. Жауап бермеді. Соған қарап, әлде бір жаққа ауысып кетті ме? Немесе күйеуімен қайтадан табысып, мені мүлдем ұмытқысы келді ме деп ойладым. Хат жазуды сонымен доғарып едім. Бірақ әр кезде есіме алған сайын көңілім күн шуақтай құлпырып, «ойхой, дәурен-ай» деген тәрізденіп, бір желпініп қалатынмын.
Тірі адам бәрін көреді дегендей бұл үш жылдың ішінде менің басымнан да біраз жәйттар кешіп үлгерді. Бір сұлу официанткаға, шынымды айтсам, өліп-өшіп үйленіп едім. Оным сәтсіз болды. Басы-аяғы бір жылдай отасқаннан кейін екеуміз ажырасып кеттік. Әйтеуір абұйыр болғанда, баламыз болмады. Бала болса, онда менің саудам бітер еді. Ар-ұят дегеннен дым сезбейтін көкайыл пәлекеттің өзі болып шықты әлгі антұрған. Қанша уақыт ізіме түсіп алды десеңізші. Бір жыл бойына ішкенімді ірің, жегенімді желім етіп бітті. Арыз жазбаған жері, үстімнен үйіп-төкпеген пәле жаласы қалған жоқ.
Қатыннан ажырасып, еңсем түсіп үй-күйсіз жүдеп жүрген кезім. Көктем айы. Бір күні жападан жалғыз өзім демалыс паркіне бардым. Мәуелеген көк тоғайдың саясында, бір өзім бір скамейкада дем алып қиялданып отырдым. Иығымнан асып алған фотоаппаратым бар. Бір кезде арт жағымнан біреу әлгіні бүлкілдетіп тартқандай болды. Жалт бұрылып қарасам, басында ақ қалпашығы бар, екі жастар шамасында сүп-сүйкімді кішкентай бала фотоаппараттың құндағын ашқысы келіп, тиегін тартқылап жатыр.
– Көргің келе ме бері кел, – дедім де баланы қасыма алып, фотоаппаратты көрсете бастадым. Өзі тіпті кісі жатырқамайды. Сәби тілімен қызық былдырлап, бірдеңелер айтады.
Осы кезде арт жақтан:
– Бекәділ! Бекәділ! – деген дауыс шығады. Әйел дауысы. Мені іздеп жүрген бұл кім деп, жалтақ-жалтақ қарадым. Сөйткенше болмады, бұтаның қалқасынан ақшұбар көйлекті жас келіншек шыға келді. Әлгіні көргенде қолқа жүрегім солқ етіп, аунап түскендей болды. Бұл баяғы сол Нағима еді.
– Нағима! – деп, орнымнан ұшып тұра келдім. – Сен қайдан... Көктен түстің бе, жоқ әлде жерден шыға келдің бе? Жарық дүниенің бетінде бармысың өзің?
– Бармын, – дейді Нағимаш тәтті күлімсіреп. Өңі ашаңдап, жүдеуірек тартқан ба, қалай. Бірақ әлі де сол баяғы әдемі қалпы.
Арт жағында алаңдайтын және біреу бар ма деп ойлап.
– Жалғызсың ба? – дедім.
– Жоқ, екеуміз, – деп, менің қасымдағы кішкентай баланы нұсқайды.
– Сенің балаң ба?
– Әзірше өзімдікі деп жүрмін.
– Иә, күйеуіңмен қайта татуластың ба?
– Жоқ.
– Енді мына баланы... айтса да, мұның аты қалай?
– Аты Бекәділ.
– Менің атымды қойыпсың ғой?
Нағима жымияды:
– Аузыма түсіп кеткен ат болған соң қоя салып едім.
Әй түсінбестің мен де біреуімін ғой. Жаңа түсіндім. Баланың түр-түсі өзімнен аумай қалған екен. Тұла бойым шымырлап бірдеңе болып кеттім...
Нағима Алматыға жолаушылап келген екен. Менімен кездесермін деп ойламаған. Екеуміз сыр шертісіп көп отырдық.
– О баста күйеуімнен мен безген едім. Соңынан менен ол безді. Енді міне, жесірлік тұрмыстың қамытын мойныма мықтап іліп, өмір кешіп жүрмін, – дейді.
– Сен енді жесір емессің. Біз нағыз бақытты жандар екенбіз. Тағдырдың өзі айдап әкеп кездестіруін қарашы. Енді бізді, мына тұрған тәмпіш мұрын кішкентай Бекәділ үшеумізді бір-бірімізден құдай айырмаса, ешкім айырмауға тиіс, – дедім.
Мен байғұста ол кезде белгілі мекен жай да жоқ. Сол күні қаланы зыр қағып жүріп пәтер іздедім. Төменгі нефтебаза жақтан біреудің бір бөлме нашарлау үйін таптым. Бар мүлкім көкезу әйелім берген бір жаман көрпе, жаман матрац. Соларды алып, төрдің қақ төбесіне шоқитып үйіп қойдым. Содан соң Нағима мен кішкентай Бекәділді алып бардым.
Бір бөтелке шампанскийді тарс еткізіп аштым, бірде бір орындығы жоқ үйде екеумізден екеуміз түрегеп тұрып: «Бақытты семьялық тұрмысымыз үшін!» – деп, қырлы стакандармен тост көтердік. Міне, мен осылай үйлендім, шынайы бақытымды осылай таптым, – деп аяқтады Бекәділ сөзін.