Журналистің этикалық кодекс жобасы әзірленді

Журналистің этикалық кодекс жобасы әзірленді

Биліктің төртінші бұтағы саналатын Журналистің этикалық кодексін қабылдау туралы мәселе бұған дейін де қоғамда бірталай сөз болғаны бар. Бірде дүркіреп, бірде ұзын сонар пікірталаспен басылып жататын осынау кәсіби құжат туралы әңгіме Елбасының өткендегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты БАҚ-та жарияланған айтулы мақаласынан кейін қайта күш алған. Кеше Астанада Қазақстан Журналистер одағы мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі тарапынан әзірленген әлгіндей Журналистің этикалық кодекс жобасы талқыға ұсынылды.
Президент Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы Мәдениет және ақ­парат ми­нистрлігіне Жур­на­листік этика кодексінің жо­ба­сын, сон­дай-ақ отандық БАҚ-ты жа­ңа­ша­ландыру жос­парын әзірлеу туралы тап­сырма жүктегенде, ең ал­ды­мен, тұтынушыны бұр­ма­лан­ған және жалған ақ­па­рат­тар­дан сақ­тандыру мәселесін қа­перге салған еді. Расында, бұл – ақпарат ғасырындағы аса өзек­ті һәм жауапкершілігі ға­ла­мат мәселе. Оның үстіне, жур­на­лист атаулы халықтың ортақ­та­са мойынсынатын кодекс ұс­тануы туралы мәселе елі­міз­дің Тәуелсіздігінен бері кө­те­ріліп келеді десек, артық айт­қан­дық емес шығар. Өйткені дәл сол ұлттық Тәуелсіздікпен бірге ұлт баспасөзінің де бос­тандығы анық айқындалған болатын. Кейіннен заман ағы­мына сай Журналистік этика ко­дек­сі туралы мәселе көте­ріліп, онда қоғамдағы бас­пасөз өкі­лі­нің орны ғана емес, оның құ­қы­ның қорғалуы да айшық­та­луы тиістігі туралы әңгімелер кө­терілді. Сөйтіп, әлсін-әлсін ай­тылып келген кодекс мә­се­лесіне соңғы нүкте Елбасының пәрменді тап­сыр­масынан кейін қойылатыны анық болған сыңай бар. Енде­ше, журна­лис­тер қауымы жаппай мойын­сы­нар­лық этика кодексі қандай бол­ғаны ләзім? Міне, ендігі басты мәселе де осын­да.  Ал әріптестер тал­қы­сына ұсы­ныл­ған Қазақстан Жур­налистер ода­­ғы мен Бас редакторлар клубы бірлесе әзірлеген кодекс жобасына ке­лер болсақ, құжат негізгі сегіз бөлімнен тұрады. Ко­декстің мақсаты – жур­на­листердің және бұқаралық ақ­парат құрал­дары қыз­мет­керлерінің кәсіби қызметіндегі мораль­дық-этикалық қағи­далары мен нормаларын бел­гілеу.
«Кодекс қоғам тарапынан жур­налистер мен баспагерлерге, БАҚ иелеріне және БАҚ-тың өзіне деген сенім мен құрметке ие болуына мүм­кіндік туғызатын журналистер мен бұ­қа­ралық ақпарат құралдары қыз­мет­кер­лерінің кәсіби қызметіндегі ішкі тәрбие құ­ралы және моральдық-этикалық бағ­дары болып табылады», – делінген жо­баның кіріспесінде.
Жобаның бірінші бөлімі журналистің кәсіби парызына арналса, одан кейінгі кезекте жазарманның әлеуметтік жауап­кершілігі, журналистік адалдық пен әділ­дік, анықтық пен объективтілік секілді қа­ғидаттар қамтылыпты. Дереккөздер мен құпиялылық мәселелері де тұтастай бір бөлімге арқау болса, жеке өмірді, ар-ұж­данын және іскерлік репутациясын құр­меттеу, бәсекелестік пен ынтымақтастық, сондай-ақ журналистерді қорғау мен олардың жауапкершілігі де жеке-жеке бөлім болып ықшамдалған. Әзірлеуші тарап кодекс жобасын пысықтағанда жур­налистиканың кәсіби этикасына қатысты ха­лықаралық қағидаттарды, ЕҚЫҰ сарап­шы­ларының ұсынымдарын пайда­лан­ға­нын алға тартады. «Литвада, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Украина мен Ресейде, Қырғыз елінде осыған ұқсас қолданылатын құжаттық тетіктер бар екен, солардың мазмұндары сараланды. Сондықтан да мұндай кодекс жобасын қабылдаудың қажеттігі қазақстандық қоғамның тілдік сая­сат, дін, ұлттық дүниелер секілді мәсе­ле­ге сұранысы төтенше артып отырған заман­да аса өзекті. Оның үстіне, бүгінгі таңда қазақстандық журналистиканың деңгейі ешқандай да билікті ара­лас­тыр­май-ақ өзін-өзі реттей алатын деңгейіне дейін көтерілді деп санауға болады», – дейді Қазақстан Журналистер одағы Ас­тана қалалық филиалының директоры Мағжан Садыхан.
Сөйтіп, одақ пен қоғамдық бірлестік бір­лесе әзірлеген журналист этикасының жобасы алғаш талқыға түсті. Талқыға түсі­сімен сынға да ілікпей қалмады. Мәселен, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин құжаттың шикі тұстарын ұзын сонар жіпке тізіп, «төртінші билік» толғана күтіп отырған құжатты қабылдауға еш асықпауға шақырды. «Шынымды ай­тайын, жоба кеше ғана қолыма тиді. Көзді бір жүгіртіп шыққанның өзінде құжаттың шіп-шикі екенін бірден аңғардым. Бізге асығыстықтың қажеті шамалы. Ешкім қуып келе жатқан жоқ. Бүгін талқылайық, ертең тағы. Сосын біршама күзелген соң барып ко­декс жобасын баспасөзде жариялап, асықпастан қайта оралып, тағы пысықтап барып қабылдағанымыз орынды», – дейді Бигелді Ғабдуллин. Осы тұста журналистер әдебіне қатысты ешқандай «жаңалық ашу­дың» да жосықсыз екенін еске салды Бигелді Қайырдосұлы. «Журналистика эти­касында «велосипед» ойлап шыға­рудың қажеті шамалы. Журналистика ертеден келе жатыр әрі біздің журналистік өміріміздің ережелерін айқындайтын баршаға мағлұм он шақты қағидат бар. Мінеки, этикалық кодекс дәл осы он шақты қағидатқа негізделуі шарт», – дейді Бигел­ді Ғабдул­лин. Ал Ғабдуллиннің «асықпау керек» деген пікіріне құжатты әзірлеуші тарап саналатын Бас редакторлар клу­бы­ның президенті Кенжеболат Жолдыбай қарсы. Ол журналистік этика мәселесінің онсыз да уақыты озып бара жатқанын айтады. «2002 жылы Қазақстан журна­лис­терінің тұңғыш конгресінде бұл мәселе көтерілген-ді. Содан бері құр сөзбұйдамен келеміз. Маңыздылығына қарамастан әлі күнге кейінге сырғып тұр. Бұлай жара­май­ды. Бүгін бап-бабымен талқылап, ұсыныс­тар болса, кеңінен пікір алмасып, оның ішінде биліктің де пікірімен санасуға тиіспіз. Сол үшін қазір ең құрығанда кодекс­тің қаңқасын салып кетсек, ертеңгі күні оны толықтырып, пысықтап шығар­мыз, тек «асықпау керек» дегенге салуға бол­майды. Иі қанғанша жеткілікті айтыл­ған мә­селе», – дейді Кенжеболат Жол­дыбай.
Сөйтіп, Журналистер одағы мен қоғамдық бірлестік әзірлеген кодекстің жобасы ортаға тасталған сәттен бастап «ши­кілік» тұрғысынан сынға ілікті. Әйт­кенмен қатысушылардың баршасы жур­налистерге арналған этикалық кодекстің қажет­тілігін сөзсіз мойындайды. Тек бұл қандай болуы керек? Оны ертеңгі күндерге жал­ғасатын талқылаулар анықтайтын болады. Ең басты белгілі жайт – қазақ жур­на­листикасына керегі – қағазда қалатын кодекс емес, оның кәсіби қызметін қанат­тандыратын қарекетті, қауқарлы этикалық кодекс. Кодекс жобасы қазақстандық жур­налистиканың одан әрі серпінді да­муына стимул бола алса құба-құп. Журналистік этика кодексінің жобасын талқылау әлі де жалғасады. Кешегісі – жұмысшы нұсқа ғана.
Бигелді ҒАБДУЛЛИН, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы:
– Журналистің этикалық кодек­сінің жобасы – ең алдымен біздің өзіміз үшін аса қажетті маңызды құжат. Эти­калық кодекс – жоғарыдан нұсқаумен жасал­майтын біздің өзіміздің ішкі құжатымыз. Мұндай журналистің этикалық қағи­даттары көптеген Еуропа елдерінде бар. Ресейдің өзі екі мәрте қабыл­дады. Ал Қазақстанға келсек, Президенттің өзі мұны бұдан 15 жыл бұрын айтты. Төрт жыл бұрын қара­ғандылық жур­налистер, сосын батыс­қа­зақстандық журналистер осы мә­селеге мұрындық болып көрді. Кәсіби этика – бұл заңдық құжат емес. Бұл – біздің кәсіби өмі­рімізді айқындайтын құжат. Ал олай бол­са, біз осы құжатқа барынша сал­мақ­ты қарауымыз керек.

Марат БАШИМОВ, заң ғылымының док­торы, «Человек и закон» газетінің бас редак­торы:
– Этикалық кодексте, негізінен, құқықтық нормалар болмауы, тек моральдық-этикалық нормалар болып, олар сол журналистердің өздерінің құқын қорғауға жұмыс жасағаны жақсы. Оның үстіне, бүгінгідей ақпарат ғасырында әртүрлі дереккөзден келетін ақпараттан нақтылықты ажырата алмай дал болғанда, әрине, журналистің әлеуметтік жауапкершілігі де арта түсе­ді. Ендеше, этикалық кодекс осындай жайттарды өз ішінде реттеуге қауқарлы болар.

Болат ҚАЛЬЯНБЕКОВ, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы:
– Қазірдің өзінде қызу пікірталас тудырып отырған құжаттың қажет­тілігінде дау жоқ. Біздің министрлік – бұл құжатты әзірлеуші емес. Дегенмен, біздің ойымызша, журналистің эти­калық кодексі – өздерінің ішкі мә­селелерін реттейтін салалық кәсіби құжат. Мысалға, дәрігерлерде болатын Гиппократ анты бар емес пе?! Бұл да – құқықтық-заңдық құжат емес. Дәл осындай кодекстің журналистерде болғанынан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Ең бастысы – журналистер өздері қабылдайтын мұндай кодекс БАҚ-тың өзін-өзі реттеу механизмін де жүзеге асырса екен. Оның үстіне, мұндай тә­жірибе әлемнің озық елдерінде жүзе­ге асып жатыр. Мысалы, кейбір дамыған Еуропа елдерінде журналистік этика ко­дексін білмейтіндерді жұмысқа алмайды. Қайсыбірінде жұмысқа алар тұста әлгіндей кодекстен тестілік сынақ та тапсырып жатады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста