Ғаламтор өмірге ең қажетті құралға айналған қазіргі кезеңде ақпарат кеңістігіндегі журналистің жұмысын интернетсіз елестету мүмкін емес. Қоғамның ақпаратқа қажеттілігін өтейтін журналистер үшін ақпарат алысып, мәлімет бөліскенге үлкен мүмкіндік беріп отырған ғаламтор журналистика әлеміне революция жасады. Бүгінде журналистің әлімсақтан негізгі міндеті болған қандай да бір оқиғаны қоғамға қаз қалпында жеткізу жұмысы ғана қалды демесеңіз, жұмыс істеу стилі, ақпарат тасымалдау жолындағы түрлі механизмдер тұтас өзгерді. Интернеттің кең таралуы журналистиканың ішінде тағы бір жанрдың, яғни интернет-журналистиканың пайда болуына әкелді. Мамандар жаңа жанрдың басталуын XX ғасырдың соңы деп көрсетіп жүр.
Шыны керек, интернет-журналистика Батыс әлемімен салыстырғанда Қазақстан түгіл, ТМД көлемінде шабандау. Техника, технология қарқын алған елдерде интернет-журналистика бізден әлдеқайда ерте қалыптасып, даму сүрлеуін тапты. Кейбір елдерде жоғары оқу орындарында интернет-журналистика бойынша дәрістер оқытылады екен. Техникалық мүмкіндіктер бізде де пайда болғаннан кейін, интернет-журналистика бізге келді. Бірақ интернетте жалпы ғаламтормен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндіретін арнайы теория жоқ. Ресейдің өзі осы салаға қатысты оқулықтар, кітаптардың жоқтығын айтады. Кеңестік кеңістікте бұл сала бойынша батыстық еңбектер кең тараған. Көпшілікке кеңінен тараған Майердің «Жаңа сараптамалық журналистика» атты еңбегі сияқты кітаптар қазақ тілінде жазылса, құба-құп болар еді.
Ғаламтормен үндес Батыстан үйренеріміз көп
Ғаламтормен біте қайнасып кеткен Батыс Еуропада, АҚШ-та интернет-басылымдардың саны да, сапасы да жоғары. Тиісінше, қоғамға, билікке ықпалы да біршама. Электронды журналдардың оқырмандары көп болады. Оқырманның сұранысына сәйкес АҚШ-та, еуропалық мемлекеттерде ғылымның әрбір саласы бойынша ашық, қолжетімді электронды басылымдар бар. Индустрияландыруға ден қойған еліміз үшін ғылыми саладағы осындай журналдарды көптеп ашу қажет. Америкалық физиктер қоғамының Physics, физиктердің тағы бір журналы Journal of High Energy Physics-тердің оқырман аудиториясы өте кең. Сонымен қатар орыс және эсперанто тілдерінде қатар шығатын Fenestro халықаралық әдеби журналын айтуға болады. Шыны керек, біздегі айына, үш айда бір-ақ рет шығатын кәдімгі ғылыми журналдардағы кезегін күтіп қаншама мақала жатыр. Ол мақалалары шыққанша, жас ғалымдардың жаңалығы іске жарағысыз болып қалуы да мүмкін. Сондықтан кез келген жаңалықты, ақпаратты, мәліметті қоғамға бірден тікелей ұсыну үшін интернет-басылымдар аса қажет. Және электронды басылымдардың саны шектеулі болмайды. Керісінше, ғаламторға қолы жеткен барлық адамның еркін әрі кез келген уақытта оқуына болатын жағдай жасалуы қажет.
Азаматтық журналистика дегеніміз не?
Журналистің негізгі функциясы болып табылатын қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету жұмысын қазір жеке блогы бар әрбір азамат атқара алатын болды. Сондықтан да шығар, ғаламдық деңгейдегі сарапшылардың өзі блоггерлікті азаматтық журналистика деп атап жүр. Оқиғаны көзбен көрген, блогы бар әрбір адам ақпараттың қайнар көзі бола алады. Яғни оқиға барысын жеке блогына жазу арқылы қоғамды дәстүрлі ақпарат құралдарынан бұрын құлағдар етеді. Тиісінше, ол блоггердің оқырмандары да арта түседі.
Блоггерлер азаматтық журналистиканы қалыптастыруда дейтін себебімізге дәлелдер көп. Мысалы, Ресейдегі «Норд-Ост» лаңкестік оқиғасы кезінде халық дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, мәскеулік жеке блоггерлердің жазбаларын да көп қараған. Ирактағы соғыс кезінде ақпарат құралдары айта бермейтін кейбір мәліметтерді жеке блоггерлер фотосуреттермен көмкеріп, ақпаратты шынайы әрі ашық жеткізіп отырды. 2005 жылғы Қырғызстандағы төңкерісті өз блогына тұрақты түрде жазған бішкектік Елена Скочило ресейлік «РОТОР» интернет қызметінің «Жыл блогы» номинациясын жеңіп алған болатын. Әзірге біздің блоггерлердің саны айтарлықтай көп емес.
Асхат ЕРКІМБАЙ, журналист, блоггер:
– Бұрындары компьютер десе, көз алдымызға үлкен компьютер ғана елестейтін. Қазір оның қызметін планшет, ноутбук, нетбуктер де атқара беретініне көзіміз жетті. Сол сияқты техникалық мүмкіндіктер артқан сайын интернет-журналистиканың да аясы кеңейіп келеді. Әзірге қазақтілді блогосфераның дамуына журналистер ғана еңбек сіңіріп жүр. Бұл — түсінікті жайт. Қоғамда болып жатқан барлық жағдайдан хабардар, ақпараттың қайнар көзіне жақын жүретін журналист болғандықтан, олардың блог жүргізуі — заңдылық. Қазір шетелде барлық маман иесі блог арқылы жұмыс істейді. Бізде енді ғана басталғандықтан, әзірге журналистер ғана белсенді болып отыр. Бұл – барлық елдің тәжірибесінде болған құбылыс.
Журналистиканың барар жері — блогосфера
Последние статьи автора