Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында Мәдениет және ақпарат министрлігіне журналистік этика кодексін дайындауды тапсырған еді. Содан бері қаламақы, маңдай термен күнелткен журналистер мұндай құжат өзге елдерде бар ма, бұл құжат не үшін қажет, кодекс бізге не береді деген сауалдар айналасында өз топшылауларын білдіріп жатыр.
Мұндай құжат өзге елдерде бар ма?
Кеңестер Одағының шаңырағы шайқалуға аз-ақ қалған 1991 жылдың 24 сәуірінде КСРО-ның конфедерациялық негіздегі Журналистер Одағының І съезі «Журналистің кәсіптік этикасының кодексін» қабылдаған-ды. Бұл кодекстің негізгі мақсаты демократия мен жариялылық жағдайында сөз бостандығын теріс пайдалануға жол бермей, журналистиканың мәдениеттілігі мен әдептілік дәрежесін сақтауды қамтамасыз ету болатын. Үш бөлім, 13 баптан тұрған бұл құжаттың өмірі тым қысқа болды. Біз Тәуелсіздік алған соң бұл кодексті жылы жауып қоя салдық. Одан кейін 20 жылдан аса уақыт өтсе де, ара-тұра мәселе көтергенімізбен (2000 жылдары осындай кодекс кабылдау жайы жиі талқыланып еді), мұндай маңызды қадам жасауға асықпадық. Осы құжат негізінде 1995 жылы Белоруссия өзінің журналистік этика кодексін қабылдап алды. «Әлемдегі журналистер үшін ең қауіпті үшінші ел» саналатын Ресей де өз кодексін жасап, журналистердің ел алдындағы ар-ұят мәселесін бір ізге салуға талпынды. Зерттеушілердің пікірі бойынша, от пен оқтың арасында жүретін журналист мамандығы ғаламдағы бесінші қауіпті кәсіп екен. Мұны ескерген Литва, Жапония, Оңтүстік Корея, Украина, Қырғызстан сияқты бірқатар елде осындай құжат бар. Кейбір еуропалық мемлекеттерде әр БАҚ журналистік этика кодексін өзі дайындап алатын көрінеді (мысалы, ВВС, «Рейтер», «Ассошиэйтед пресс»). Ол құжат сол БАҚ-тың жарғысы іспетті қызмет атқарады, яғни мұның өзінен ол елдерде аталмыш құжаттың қажеттігі сезілетінін байқаймыз. Сол себепті де біздің алдымызда халықаралық шарттарға сәйкестендірілген кодекс әзірлеп, қабылдау жайы тұр.
Бұл құжат не үшін қажет?
Қазір ақпарат кеңістігі қарқынды дамып барады. Бұл қоғамдық пікір туғызып жатқан әр ақпараттың шынайылығы мен дәлдігіне көз жеткізуді қиындата түсуде. Кейбір әріптестеріміз әр сөзі үшін жауап беретінін ескермей жатады. Ағымдағы жағдайға сезіммен ғана қарап, барлығын жіті зерттемей, жауапты мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, тым құрығанда сол сала маманының пікірін де алмастан, ақпарат таратады. Мұның арты сенсация қууға, қателіктерге жол беруге әкеледі. Екінші тараптың пікірі берілмегендіктен, бір жақты сыңар езулеп кететін жайлар да ұшырасады. Бұл журналист атына кір келтіретінін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар нақтыланған ақпарат журналистер мен БАҚ-қа деген сенімді арттыратынын ескермейді. Бұл – журналист кінәсі. Ал енді осы мәселенің екінші жағына көз жіберейік. Қазір елді дүрліктіретін ақпараттар жиі төбе көрсететін болып жүр. Мысалы, елді алаңдатар оқиға орын алды делік. Журналист дер кезінде құзыретті орындардан көңіл көншітер ақпар ала алмайды. Жалаң мәлімет маманның өз бетімен дерек іздеуіне түрткі болады. Мұндайда тілші қармағына халық арасындағы сыбыс немесе бейресми ақпараттар ілігеді. Бұл жағдайда журналисті кінәлай алмайсың. Сол себепті де бәрін нақтылап, ақпарат берушінің де, ақпарат таратушының да этикалық мәдениеті қағидасын белгілеуіміз керек.
Кодекс бізге не береді?
XIX ғасырда қабылданған журналистердің декларациясы бұдан кейін қабылданған барлық журналистік этика кодексінің бастауы іспетті. Журналистердің халықаралық этикасының негізіне шындықты жазу, ақиқатты айту, жаладан ада болу жатады. Бізде қабылданатын кодекс те осы үдеден шығуы керек. Қазір Қазақстанда БАҚ саласы заңды тұрғыда реттеліп келеді. Енді моральдық ұстанымдарға негізделген құжат өмірге келсе, демократия деген осы екен деп, сөз бостандығын теріс пайдаланып, кез келген ақпаратты анық-қанығына жетпей жатып жариялайтындардың аптығы басылар еді. Журналистің жеке басының мәдениеттілігі, әдептілігі, қоғам алдындағы міндеті айқындалып, этикалық мәселелер анықталар еді. Осы ретте кодекс жобасында журналистің кәсіби парызы, әлеуметтік жауапкершілігі, шыншылдығы мен объективтілігі, адалдығы, жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптеуі көрініс тауып, бір ізге түсер еді.
Сіз не дейсіз?
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, Аbai.kz ақпараттық порталының шеф-редакторы:
– Журналистік этика кодексі жайлы талқылағанда бәрін заңға әкеліп тірей берудің қажеті жоқ. Себебі журналист болсын, пікір айтар маман болсын, жай ойын білдірер жеке тұлға болсын өз сөзіне заң алдында жауапты екенін жақсы біледі. Бізде Азаматтық кодекс бар. Әркім өз ойын ашық, еркін білдіруге құқылы. Белгілі бір тақырыпта пікір қайшылығы, даттау мен мақтау, сынау мен қаралау болып жатады. Осындай жайтты журналистік этикаға сай емес деп, шектеу қойып тастауға болмайды. Сол себепті де қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен журналистер бұл құжатты әр нүктесі мен үтіріне дейін қадағалауы қажет. Қазір әлеуметтік желілердегі, интернеттегі сындармен мемлекеттік орындар санаса бастады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Тек жекелеген негізсіз ақпараттар журналистік этикаға нұқсан келтіріп жатады. Дәлелсіз ондай ақпаратты жауапты мемлекеттік органдар дер кезінде жоққа шығарып, заңға тартуы керек. Мұндай жайт, меніңше, ақпарат тарату мәдениетіне емес, қоғам мәдениетіне келіп тірелетін секілді. Қоғамдағы әлдекімнің арандатуы, бір ауыз сөзі үшін күллі журналисті кінәлауға болмайды. Сол әлдекімнің бір ауыз сөзі үшін журналистер күймеуі қажет. Бізде қаншама жат пиғылды қоғамдық бірлестік газет шығарып жатыр, қаншасының интернет сайттары бар. Алдымен олардың басшылары күні-түні интернетте отыратынын ұмытпауымыз керек қой. Олар мемлекеттік тұтастыққа қауіп төндірер түрлі дәйексіз дерек таратпайды деп айта аласыз ба? Жоқ. Ендеше, сондай қадамға баратындарды жауапкершілікке тартатын тетік те қажет бізге, яғни жат пиғыл мен мамандықтың ара-жігін ажырату керек. Өйтпей жатып, қанша кодекс қабылдасаңыз да, жалған ақпараттың жолы кесілмейді.
БІЗДІҢ ҰСЫНЫС
1. Журналистер өз кодекстерін өздері дайындауы қажет.
2. Журналистік этика кодексінің журналистерге тек пайдалы болуы жағын қарастырған жөн. Бұл кодексті кез келген азаматтың желеу етіп, журналисті әкімшілік немесе қылмыстық жазалауға жетелеуіне жол бермеу қажет.
3. Аймақтарда журналистика этикасына қатысты семинарлар өткізу, жас және болашақ журналистер арасында ағартушылық жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері кодексте көрсетіліп, осы жайды атқаруға Мәдениет және ақпарат министрлігі жауапты болуы керек.
4. 1983 жылы ЮНЕСКО қабылдаған журналистикадағы кәсіби этиканың халықаралық принциптері сақтала отырып, ұлттық, нәсілшілдік кемсітушілікке жол бермеу мәселесі қамтылуы қажет.
Түйін
Журналист белгілі бір топтың, таптың мүддесін ғана емес, бүкіл қоғамның мүддесін қорғауы тиіс. Жеке адамның ар-намысы мен мәртебесін қадірлеу – олардың басты парызы. Осы талаптарды ескерген жағдайда ғана әрбір журналист өз мамандығының, ұжымының беделін көтеруге қызмет етеді, кәсіби міндетін адал атқарып, оқырмандары мен көрермендерінің құрметіне бөленеді. Сол себепті де бұл құжаттың қажеттігі байқалады.