Жоғарғы сот Астананың экс-әкімі Жақсыбековтің жетім баланы баспана кезегіне қоюдан заңсыз бас тартқанын анықтады
Жоғарғы сот Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековтің балалар үйінің тәрбиеленушісін баспана кезегіне қоюдан бас тартуын заңсыз деп таныды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 1995 жылдан бері талапкер Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Сандықтау ауылындағы Сандықтау балалар үйінде тәрбиеленген. 2005 жылғы 18 сәуірде Балалар үйінің директоры қала әкіміне (ол уақытта елорданы Өмірзақ Шөкеев басқарған) талапкерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен, ал мұндай тұрғын үй болмаған жағдайда тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары бар басқа тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы хат жолдаған.
2014 жылдың 6 желтоқсанында Әділбек Жақсыбеков басқарған елорда әкімдігі талапкердің коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждарды есепке қою туралы өтінішін қарап, оған қалада тұрақты тіркелу туралы мәліметтерді ұсыну қажеттігі туралы хабарлаған. Осы мәселе бойынша талапкер жауапкерге бірнеше рет жүгінген, оған оны кезекке қалпына келтіру үшін негіздердің жоқтығы туралы жауап алған.
Бас тартумен келіспеген талапкер сотқа жүгінді. Жергілікті соттар бұл талап қоюды ішінара қанағаттандырады. Талапкерді тұрғын үй алуға мұқтаждардың кезегіне қоюдан бас тарту заңсыз деп танылды. Әкімідікті бұзушылықтарды жою және талапкерді 2014 жылғы 26 желтоқсаннан бастап тиісті кезекке қою міндеті жүктелген. 2005 жылдан бастап кезекті қалпына келтіру бөлігінде бас тартылған.
2022 жылы қала әкімі (ол кезде – Алтай Көлгінов) аппеляциялық шағым түсіргенімен, сот шешімді өзгеріссіз қалдырады. Соттардың қорытындысымен келіспеген елорда басшысы бұл шешімге кассациялық тәртіпте шағым түсірген.
Жоғарғы соттың Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы талапкердің құқықтарын қалпына келтіруден бас тартуға негіз жоқтығын атап өтіп, жергілікті соттардың сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.