Еңселі ел болам деген ұлтты даңқты өткені ғана емес, тарихтың сын сәттері шыңдайды. Нәубет пен қуғын-сүргінге бүкіл ұлт болып аза тұту ұлттық санаға сәуле құйып, бірлігімізді берік етері сөзсіз. Қазақ тарихын парақтасаңыз, санымызды селдіреткен сан зұлмат пен зауалды бастан өткерген Алаш жұртына бүгінгі күні шүкіршілік, өткенімізге тағзым ету перзенттік парыз екенін түйсінер едік. Талай ғасыр жарасы жазылмастай болған дәл осы ұлт трагедиясы өзіміз және өзгелер тарапынан әділ бағасын алған жоқ. Өзіміз парқын білмеген зобалаң пен репрессияның саяси бағасын өзгеден қайтіп талап етерсіз.
Әр қазақ баласы, өткен ғасырдағы аштық пен қуғын-сүргін тарихын, түпкі себеп-салдарын зерделеп алмай, бүгінгі Тәуелсіздіктің қадірін біле алмаймыз. Қасіретті өткеніміз хақында ұлттық санамыз самарқау, тарихи жадымыз жұтаң болса, ұрпақ ретінде еске алу дәстүрі болмаса саяси бағасын береміз деу бос әурешелік. Бар гәп өзімізде. Мемлекеттік деңгейде зерттелуге тиіс зобалаң мен зұлмат жылдарын тек бірді-екілі тарихшылар, ғалымдар зерттеп жүр. Нардың жүгін жалақысы мардымсыз зерттеушілерге артып қойып, ай қарап отырған сыңайымыз бар. Олардың өзіне мұрағатта шаң басып жатқан құпия құжаттарға әлі күнге дейін рұқсат жоқ. Онсыз ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ақиқаты ешқашан ашылмайды. Айналып келгенде, бұл ауыр тақырып – ұлттық саяси ерік-жігерімізді қажет ететін мемлекеттік мәселе. Әлемдегі ешбір ұлт, ешбір халық бастан өткермеген қайғылы тарихымызды таразылауда мен саяси беру мәселесінде өзгелерден кеш қалдық. Орны толмас қасірет әкелген режимдерді айыптау мен өтемақы талап ету әлемде дәстүрге айналғалы қашан? Былтырлары Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы Кеңес одағы республикаларында 30-шы жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы резолюция қабылдап, аштықты кеңес режимінің өз халқына қарсы жасаған қылмысы деп таныды. Біз қолдан жасалған трагедияны саясиландырмаған күннің өзінде бұған айыпкерді жасқанбай айқайлап айтуға толық қақымыз бар. Өкінішке қарай, қасіретті оқиғаларға лайықты саяси баға беруден бұрын тағылым алу үшін ұлттық ауқымда атап өте алмай келеміз. Кешегі ұлтшыл Германия бүгінгі Германия басшылығының бір-біріне еш қатысы болмаса да, репрессияға ұшыраған халықтар алдында да өздерінің құқықтық, моральдық жағынан жауапкершілігін сезініп, өтемақы қайтарып келеді. Мысалы, Германия үкіметі қиянатқа ұшыраған еврей ұлтына алдағы он жылдықта 650 миллион евродан кем емес көлемде компенсация төлеуді өз мойнына алған. Өтемақы алуға тиісті Холокост құрбандарының саны 65 мыңға жуық. Оның сыртында әр жылдары немістің ірі компанияларының төлеген өтемақысы өте қомақты. Тарихта көрмеген тауқыметі жоқ еврей қауымдарына Польша, Венгрия, Норвегия, Бельгия, Литва елдері өтемақысы төлейді екен. Украина елінің парламенті 10 миллион украин жұртын қырғын ұшыратқан голодорды геноцид деп заңдық құжат негізінде Ресейге өтемақы төлеу туралы талап қойған. Украин саясаткерлері бұрынғы КСРО-ның бүгінгі мұрагері Ресейден әрбір украиндық үшін 100 мың доллар да талап еткен-тұғын. Алайда әзірше Ресей бұл жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. Украиндықтар талап еткен мәселені біздің сұрауға толық құқығымыз бар емес пе?
Жыл сайын аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды өз деңгейінде, халықтық ауқымда атап өте алмауымыздың сыры да саяси ерік-жігеріміз бен тарихи ізденісіміздің аздығынан. Тарихтағы ұлт қасіретін аза тұту – қоғам қайраткерлері мен тарихшы қауымға ғана емес, әрбір азаматқа ортақ іс. Әзірге ұлттық ауқымда аза тұту тұжырымдамасы болмаған соң, зиялы қауым, журналистер әлеуметтік желілердегі өз парақшаларына қаракөк түсті аза бауын орнатып, тағзым етуде. Жылда қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдар басына гүл шоқтарын қоюмен ата-баба алдындағы перзенттік парызымыз өтелмесе керек. Сондықтан ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мемлекеттік ауқымда еске алудың нобайы жасалауы қажет. Бұл үшін бірқатар шаруаларды атқарудың кезегі тұр.
Біріншіден, аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын аза тұтудың жалпыұлттық тұжырымдамасы жасалуы керек.
Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу үшін мемлекеттік ауқымда комиссия құру керек. Оның құрамына әр саланың ғалымдары, зерттеушілер, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, журналист қауымы, құзырлы орган өкілдері енуі тиіс. Ондай комиссияның жұмысы бірнеше айға созылуы мүмкін.
Екіншіден, бұл комиссияға қажетті мәліметтер мен ақпарат алуға, жинауға, топтастыруға толық мүмкіндік жасалуы, сондай-ақ оған жұмысы жемісті болуы үшін лайықты өкілеттік берілуі қажет.
Үшіншіден, комиссия негізгі жұмыс қорытындысының нәтижесінде Парламент пен Үкімет алдына аштық пен зұлматтың саяси бағасын беру үшін арнайы құжат ұсынып, бекітілуі керек.
Төртіншіден, аштық құрбандарына арналған Астана мен Алматыда, облыс орталықтарында мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіш орнатылуы қажет.
Түйін
Расында, бүгінгі күллі қазақ жұрты кешегі кеңестік озбыр, солақай саясаттың кесірінен зұлмат пен зобалаңды бастан өткерген халықпыз. Нәубет пен зұлмат көрмеген отбасы жоқтың қасы. Бүгінгі ұрпақтың парызы Алаш жұртының басынан өткен қасіретті оқиғаларға саяси бағасын беріп, өз дәрежесінде еске алынуы керек. Бұл сіз бен біздің саяси жігерімізге, ынта-ықыласымызға байланысты.