Зайырлылықты атеизммен шатастырып алған жоқпыз ба?
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан қоғамдық қатынастар діни нормаларға сүйенбей, азаматтық негізде реттеледі, құзыретті органдардың шешімдері де діни сенім тұрғысында шешілмейді. Мемлекеттің халқы қандай сенімде боламын десе де – өз еркі. Өйткені еліміздегі барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Бірақ біз осы зайырлылық ұғымын қате түсініп жүрген жоқпыз ба? Мәселен, біздің саяси элита мүмкіндігінше өзінің ішкі сенімін жасырып қалуға тырысады. Шенділердің ішкі сенімі, рухани түсінігі, нанымы белгілі болса, оның саяси карьерасы да түгесілетіндей көрінеді. Осының салдарынан билік пен халықтың арасындағы байланыс алшақтап тұрған сияқты. Оны жақындатудың жолдары бар ма?
Рамазан айы – жақсылықтың жаршысы
Біз бүгін неге бұлай көсіліп отырмыз? Қазір он екі айдың сұлтаны болып саналатын Рамазан айы туып, бүкіл мұсылман қауымы ауыз бекітті. Осы орайда қанша қазақстандықтың ораза ұстағанын білдіретін нақты дерек жоқ болғандықтан, логикаға сүйенуге тура келеді. Мәселен, еліміздегі халықтың 74 пайызы – мұсылман, 23 пайызы – православиелік христиан, қалғаны өзге дінде екенін ескерсек, қазір сол 74 пайыздың кемінде төрттен бірі (өйткені ол 74 пайыздың ішінде сәбилер, мұсылман бола тұра, ораза ұстамайтындар т.б. бар) ораза ұстап жатыр деуге болады. Яғни еліміздегі бұқараның 18,5 пайызы бес парыздың бірі саналатын ғибадатын өтеуде. Ақпарат құралдары 2012 жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқының саны 16 млн 835 мың адамға жеткенін хабарлаған болатын. Сол 16 млн 835 мыңның 18,5 пайызы дегеніміз – 3 114 475 адам деген сөз. Сол 3 млн-нан аса бұқараның ниеті елдің тізгінін ұстап отырған шенділерді селк еткізе алып отыр ма? Тағы да нақты жауап беру қиын. Біздің әкімқаралар Рамазан айында бір мәрте ауызашар берген болады. Бұл 74 пайызы бір дінді ұстанатын елді қанағаттандыра ала ма? Белгісіз. Белгілісі – «мемлекет діннен бөлінген» деген сылтау ғана. Біздің ел зайырлы екені рас. Бірақ зайырлылық жақсылық жасауға, кембағалдарға көмектесуге, игілікті істердің бастамашысы болуға, аштарды тойдыруға қарсылық дегенді білдірмесе керек. Сол үшін де осы қасиетті айда шенділеріміз ізгілікті істердің жаршысы болып, жақсылықтың басы-қасында жүруіне болады ғой... Бұл – бір...
Шенеунік ең алдымен бұқарамен жақын болуы тиіс
Мұсылмандық – көркем мінез деген сөз. Ислам – әдептілік және жақсы мінез діні. Бірақ солай екенін біле тұра, біздің атқамінерлер өздерін бұқарадан асқақ ұстауға тырысады. Сондықтан да діни мәселеге келгенде біз айтып отырған зайырлылық мәселесін алға тартып, жағдаятты саясиландырып жібереді. Оған еліміз Тәуелсіздік алған жылдары шеттен келіп, біртұтас сенімдегі халықты ағым-ағымға бөліп жіберген миссионерлердің ісі себеп болса керек. Ол кезде түрлі саяси астары бар ағымдар бұқараны ірітіп, азаматтарымыздың санасына шабуыл жасады. Сондықтан да біздің саяси элита діни мәселеге «екі шоқып бір қарайтын» сауысқандай сақ. Ал басқа мемлекеттерде ше? Мәселен, Түркия, Иран, Әзірбайжан секілді елдердің билік өкілдері мешітке барып тарауық намазына қатысады, бұқарамен бірге ауыз ашады, жұма намазына барып, ғибадат жасайды, елдің мұң-мұқтажын тыңдайды. Осы қадамдары арқылы халықпен жақындаса түседі. Демек, олар ораза әрбір бай мен қарны тоқ адамды – кедей мен аштың кейпіне кіргізетінін, аштық пен шөл барлық адамдарды теңейтінін біледі. Ондай шенеуніктер тұрмысы нашар адамдармен қарым-қатынас жасап, өркөкіректік пен астамшылық жасаудан да тыйылады. Бұл өз кезегінде сол шендіге деген халықтың ықыласын, сүйіспеншілігін арттыратыны айтпаса да түсінікті. Алланың алдында сәждеге жығылып, халқының амандығын Хақтан тілеген шенеунік ешқашан да жемқорлық пен парақорлыққа бармайтыны белгілі. Яғни бұл қасиетті ай шенеунік пен бұқара арасын жақындасуға себепші бола алатынын білдірсе керек. Бұл – екі.
Зайырлылық – адамға қатысты емес, сенімге қатысты туған түсінік
Үшіншіден, әлемдік тәжірибеге көз жіберсеңіз, әр елдің идеологиясы тұрғындарының сеніміне, ұлттық құндылығына, салт-санасына байланысты құралатынын көресіз. Бұл орайда «дін – саясаттан, ал саясат діннен бөлінген» десек те, Қазақ мемлекетінің негізінде мұсылмандық психологияның жатқанын жоққа шығара алмайсыз. Еліміздің бүкіл руханиятының өзі мұсылмандық негізде дамып жатыр. Өйткені әр қазақ өзін «мұсылманмын» деп санайды. Олай болса, өз шенеуніктерімізді сол қазақтардан, қазақтықтан бөліп қарастыруға бола ма? Олар «зайырлымыз» деп балаларына азан шақырып ат қоймай ма, сүннетке отырғызбай ма, некесін қимай ма? Әрине, мұндай жоралғының бәрін жасайтыны белгілі (ішінара жасамайтындар бар болуы мүмкін). Демек, олар, ең алдымен, мұсылман, сонан кейін ғана, мемлекеттік қызметкер деген сөз. Кеңестік кезеңде біздің елді атеизмнің жалыны шарпыды. Оның нәтижесінде жаратылыстан тыс күштерге (Құдайға, аруаққа, рухқа, о дүниеге т.б.) сенуді жоққа шығаратын атеистік көзқарастар жүйесі қалыптасты. Содан болар біздің азаматтарымыз әлі күнге зайырлылық пен атеизмнің аражігін ажырата алмай жүрген секілді. Әйтпесе осы бір қасиетті айда біздің шенділеріміз қисайғанға сүйеу болуға, жығылғанды тұрғызуға, жылаған жанардың жасын құрғатуға асығар еді.
Сөз соңы
Әрине, бүгінде біртұтас мұсылман заңдылықтарына бағынатын ислам мемлекеті болудың пайдасы жоқ. Белгілі бір дінге немесе діни ағымдарға басымдық бергеннен де ұтарымыз шамалы. Тек мұсылман елі болғандықтан, ата-бабамыздың ұстанған жолына құрметпен қарауымыз қажет секілді. Ол құрмет мұсылман мейрамдарында, ораза секілді қасиетті айларда анық байқалуы қажет. Шенділеріміз мемлекеттің ресми өкілі ретінде діни мәселелерден алшақ болғанымен, азамат ретінде ұлт сенімінен сырт айналмағаны жөн. Себебі мемлекеттік саясаттың басым бағытын белгілейтін ұлттық идея, ұлттық идеология тікелей халықтың сенімімен астасып жатады.
Түйін
Нақты теорияға сүйенсек, зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі әбден мүмкін екен. Демек, мемлекеттің зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады деген сөз. Қазіргі біздің мемлекетке қарап отырып, толығымен зайырлы жолда екенін аңғаруға болады. Бірақ сол мемлекеттің қызметін жасап жүрген «жалдамалылар» ғана қасаң түсінік салдарынан өз сеніміне, ұлттық танымына азаттық ала алмаған сияқты. Біздің айтпағымыз осы болатын.