«Халифат сарбаздарынан» қауіп бар
Кеше Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті кеңейтілген отырыс өткізіп, онда терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтыған жоба талқыланған еді. Оның барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қабдулкәрім Әбдіқазымов Қазақстанға «Халифат сарбаздарынан» келетін нақты қауіптің бар екенін мойындады.
Есте болса, былтырғы қазанда Атырауда екі дүркін жарылыс болып, кейін мұның артында лаңкестік ұйым тұрғаны анықталған. Оны қойыңыз, бұл жарылысты өз мойнына алып, ғаламторда ашық айбат көрсеткен материалдар да шыққан. Содан бері «Халифат сарбаздары» атты ұйымның Қазақстанның тұрақтылығына тұтқиылдан төнетін террористерді даярлау ошағына айналғанын аңғарғанбыз. Кейіннен әлгі террористік тордың елдің өңірлеріне құрылғанын да аңғарған едік. Мәселен, сол Атыраудағы жарылыс бойынша «терроризм» бабымен екі қылмыстық іс қозғалса, оның бірінде – бес, екіншісінде 42 адам айыпталушы ретінде танылып, кейіннен олардың барлығы 5-тен 15 жылға дейін сотталды. Кейіннен «Халифат сарбаздары» тобын ауған содырларының қатарында соғысқа араласып кеткен Қазақстан азаматтары құрды» деген де ақпар қылтиған еді. Ал бұл ұйымның қызметі былтырдан Атырау қалалық сотының шешімімен лаңкестік деп танылып, қызметі ел аумағында тоқтатылған болатын.
«Жалпы «Халифат сарбаздары» арасында біздің еліміздің азаматтары бар екенін, бұрынғы Қазақстан азаматтарының да жүргенін, сосын сондай азаматтардың белгілі бір жағдайда біздің елімізде террористік әрекет жасауға бағытталғанын ескерсек, онда біз қауіпті нақты деп санаймыз», деді сенаторлар тарапынан қойылған сауалға жауап берген ҰҚК өкілі. Оның айтуынша, арнайы қызметтің бүгінгі мақсаты да осы қауіптің бетін қайтару, әлгіндей ниеті теріс ұйымның ұяшықтарын елімізден аластату, ешқандай да әрекетін болдырмау.
«Елдің батысында соңғы жылдары орын алған лаңкестік әрекеттің барлығы «Жамағат» аталатын террористік ұйымның өздігінен балалап, радикалданған «ұяшықтары» болып табылады. Бұл негізінен экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын интернет-ресурстардың ықпалынан орын алды. Сосын радикалды топтың мүшелері негізінен «білімді» сол жоғарыдағылардан алып отырды. Сондықтан да оларды «қолдан даярланған» террористер мен экстремистер деп атаса да болады», – дейді Қ. Әбдіқазымов.
Оның айтуынша, Атыраудағы жарылысты «Халифат сарбаздары» шынымен өз жауапкершілігіне алған. «Ұйымның эмиссарлары Қазақстан аумағына аттап басқан жоқ, дегенмен ел аумағындағы бірқатар азаматтармен байланысы жақсы болған. Кейіннен террактіні жүзеге асырғандар да солар», – дейді ҰҚК өкілі.