Украина екіге бөліну алдында тұр ма?

bigpicture.ru

Қырғыз Республикасындағы араға жыл салып қайталанған ірі саяси толқулардан соң Украина Еуромайданы Орталық Азия аймағы тұрақтылығын тағы сынға алып жатыр. Жаппай халық наразылығының басты себебі – өткен жылдың 21 қарашасында украин билігінің Еуропаға кірігу процесін доғару туралы қаулы қабылдауы. Биліктің осы шешіміне наразы топ қарашаның 29-нан 30-на қараған түні тәуелсіздік алаңына жиналды. Алайда «Беркут» арнайы отряды сарбаздары оларды күштеп таратып жіберді. Есесіне Еуромайдан азаматтық акциясы үлкен саяси наразылыққа ұласып, екінші айға созылып бара жатқан Киевтің қақ ортасындағы бұл толқу қазір де өршіп тұр. Екі жақтың да адамдары қатты зардап шегуде, соған қарамастан қос тараптың ешқайсысы да иілер емес...
Тәуелсіздік алаңына жиналған наразылық топты Ішкі істер министрлігінің ішкі әскері мен «Беркут» арнайы бөлімшелері сарбаздары бірнеше рет күштеп таратуға іс-қимыл жасады, ондағылардың үстінен біртіндеп қылмыстық іс те қозғалып жатыр, наразылықты сот шешімімен, ақпараттық шабуылмен және қылмыстық істерді тіркеуде қорқытып-үркіту арқылы тоқтатуға да басымдық берілген. Бірақ соған қарамастан оппозициялық саяси күштер, мыңдаған қоғамдық белсенділер мен қарапайым ел тұрғындары президент Виктор Януковичтің және үкімет басшысы Николай Азаровтың шешіміне қарсы саяси акциясын әлі жалғастырып бағуда.
Таяуда 19 қаңтарда жағдай тіптен ушығып кетті. «Динамо» стадионы маңындағы Грушевский көшесінде түскі үште бірнеше жүздеген адам  Жоғары Рада ғимараты жолын жауып тұрған  Ішкі істер министрлігінің блок-постын бұзып-жарып өтуге әрекеттенді. Наразы топ өзімен бірге алып шыққан тасты, тарсылдақтарды (петарда), ағашты милиция тарапына қарай атқылаған. Осылайша шиеленіскен жағдайға жан-жақтан тағы да бірнеше мыңдаған үкіметке наразы акцияға қатысушылар келіп қосылған. Құқық қорғау құрылымы наразы топқа қарсы жарық шуы, көзді жасқа толтыратын газы бар жарылығыштарды, суық суды пайдаланған. Салдарынан 70-ке жуық күзет сақшысы, ішкі әскерден 40 адам қатты жараланған, сондай-ақ құқық қорғаушылардың бірнеше автобусы мен жүк көліктері отқа оранған. Ал демонстранттардың қаншасы жазмыш болды, бұл туралы баспасөзде ресми цифр айтылмайды.
Жалпы, ресми Киев Еуромайдан оқиғасына оппозция емес, шетелдік барлау қызметкерлері жетекшілік етеді деп есептейді. Сондықтан олардың алған беттерінен қайтар түрі көрінбейді. Ал Киевтегі соңғы оқиғадан соң осы күнге дейін үнсіз отырған Ақ үй дауыс шығарды. Нақтырақ айтқанда, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесі украин билігінің астана орталығынан арнайы барлау сарбаздарын алып кетуін сұрады, олай етпесе ресми Киевке қарсы санкция енгізілетіндігін мәлімдеді.
Киевтегі ірі қақтығыстан соң өз кезегінде жергілікті оппозиция да ендігі өзінің үш іс-қимылының жоспарын жариялады: Халық Радасын құру, Виктор Януковичке сенімсіздік білдіріп, оны отставкаға кетіру және Украинаның жаңа конституциясын қабылдау.
Мемлекеттік дефольтқа ұшырамас үшін жыл соңында Украина Ресейден 15 млрд доллар қарыз алғанын ескерте кетелік. Осы жағынан алғанда, қазіргі билік еуроинтеграцияға кірігу туралы бастаманы қайтадан қолдай қоюы екіталай деп айтсақ болады.
Көзқарас
Збигнев Бзежинский, Орталық Азияның геосаясаты бойынша америкалық сарапшы:
– Януковичке әрдайым көмекке келетін Путиннің күндердің күні ақшасы түгесіліп, оның да дағдарыс салдарымен күресуіне тура келеді. Қазіргі Ресей бұрынғы КСРО емес. Қалай дегенмен де Украинаны қолдау – Ресейге қарсы күрес емес, керісінше Ресейдің қалыпты мемлекет болуына жағдай жасау. Ал украиндықтар тәуелсіз әрі еуропалық елде тұруға әбден лайықты. Олар қалай өмір сүргісі келетіндіктерін өздері таңдауға құқылы.
Юрий Романенко, украин саясаттанушысы:
– Жалпы, бұл – екі күштің текетіресі. Мен Украинада революциялық режим жеңіске жеткен күнді көз алдыма елестете алмаймын. Ондайда Ресейге шахпен бірге мат та қойылады. Украинаның күйреуі – Ресейдің күйреуі. Ең кем дегенде, Ресей экспортының жеті пайызы кілт тоқтайды. Әр процент үшін қырғын болып жатқан дағдарыс жағдайында бұл өте көп көлем. Сондықтан Украинада тұрақсыздық орнаса, онда Ресейдің де мазасы кете бастайтын шындықты олар нақты қабылдауы тиіс. Соған сәйкес арадағы саяси қарым-қатынасты қайта түзеп, жаңаша құруы керек. Олар Украинаның талаптарымен санасуы қажет.
Сергей Глазьев, РФ Президенті кеңесшісі:
– Жалпы, мұндай (еуроинтеграция келісімшарты) келісімшартқа қол қою – ақылға сыймайтын нәрсе. Өйткені ондағы талаптар украин билігіне өте тиімсіз. Сондықтан мен онда жазылғанды украин үкіметінің оқуына назарға ұсындым, екіншіден, оны украин өнеркәсіп басшыларымен, іскер тобы және сарапшыларымен әбден талқыладық. Біз біріккен шешім бойынша сарапшылар тобын құрдық, ресей тарабын өзім басқардым, ал украиндық тарапты Владимир Семеноженко өз қадағалауына алды. Бірнеше талқы отырысы өтті, қорытындысында мұндай келісімшартқа қол қою өз-өзіне қол жұмсаумен бірдей нәрсе екенін түсіндік. 10 жыл бойына еуропалық техникалық регламентті қабылдау барысында, мәселен машина жасау өнеркәсібі бірден тоқырауға ұшырайды. Келісім шарты бойынша украин билігіне бұл ретте өздігінен шешім қабылдауға ерік берілмейді, өйткені сауда-саттық, экономикалық реттеу, монополияға қарсы іс-қимыл, мемлекеттік сатып алулар, техникалық, санитарлық және ветеринарлық нормалардың барлығы Брюсселмен анықталады деп көрсетілген ресми құжатта. Демек, Украина тәуелсіздігінен айырылады, ал украин үкіметі барлық сала бойынша шешім қабылдау мүмкіндігінен мәһрұм болады.
Майданда украин экономикасының мүддесін күйттейтін бірде бір адам жоқ. Әрине, Украина өз болашағын өзі айқындауы тиіс. Біздікі арандатушыларға еріп кетпесін деген ниет қана. (Пікір таяудағы Business FM радиосына берген сұхбаттан алынды)
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– Қазір Украинада былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының кері келіп тұр. Еуроинтеграция келісімшартын қабылдата алмаған Еуропалық одақ пен АҚШ «Б» жоспарына көшу арқылы бүгіндері Киевтің қақ ортасындағы дүрбелеңге түрткі боп отыр. Сөйтіп олар Украина билігін әбден тығырыққа әкеп тіреді. Украина Ресейсіз алысқа бара алмайды. Оны өздері жақсы біледі. Бірақ онымен мұхиттың арғы жағындағылар санасқысы келмейді. Салдарынан Украинаның екіге бөлініп кету қаупі туындап тұрған жайы бар. Сондықтан үлкен саясаттың құрбанына айналмас үшін украин билігі келіссөз үстеліне отыруы керек. Қысқа мерзімге арналған дағдарыспен күрестің жоспарын әзірлеу қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста