Түркіге ортақ термин жасауға ұмтылуымыз керек
Өзара туыс түркілер арасындағы терминжасам мәселесін ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері көтеріп кеткен болатын. Әлі де өзектілігін жоймаған осы мәселеге «ештен кеш жақсы» деп білек сыбана кіріскеннен ұтарымыз мол екендігі даусыз. Астанада өткен «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық конференция барысында осы жайтты айқын аңғардық.
Түркітілдестердің Астанадағы алқалы басқосуына тоқталмас бұрын, кезінде Алаш қайраткерлерінің терминологияны дамытуға қатысты ұстанымына тоқталсақ. Тарихқа зер салсақ, 1924 жылдың 12-17 маусымында Орынборда қазақ-қырғыз ғылым-білім қызметкерлерінің тұңғыш съезінде терминологияны дамыту мәселелері сөз болғанын білеміз. Бұл басқосуға Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы бастаған Алаш зиялылары мен Ишанғали Арабайұлы бастаған қырғыз оқығандары қатысқан болатын. Съезде Елдес Омарұлы «Қазақша пән сөздері» тақырыбында баяндама жасап, соның негізінде терминологияны дамыту қағидаттары бекітілген. Съезд бекіткен қағидаттардың екіншісі бойынша «Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздері (терминдер – авт.) басқа түрік халықтарынан ізделсін, басқа түрік тілінде пән сөздері жалпы түрік сөздері болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» делінген қаулы қабылданған еді. Кейіннен мәселенің мәніне терең үңілген Алаш зиялылары 1926 жылғы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында I түркологтер съезін өткізіп, оған көптеген түркітілдес елдің ғалымдары қатысты. Сол басқосуда терминология мәселесі жөнінде Қазақстан тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы негізгі баяндама жасаған болатын. Онда Ахаң туыстас түркі тілдері арасында сөз алмасудың маңыздылығын екі түрлі дәлелмен негіздейді. «Біріншіден, туыстас тілдер сөздерінің көпшілігі формасы ортақ болмағанымен, түбірі ортақ. Сол себепті туыстығы жоқ тілдердің сөздеріндей емес, оларды түсіну де жеңіл, құлаққа да тосын естілмейді, айтуға да соншалықты жат болмайды. Екіншіден, түркі халықтары үнемі өзара қатынаста болған және қазір де сол қатынас сақталып отыр, сол себептен де ортақ түбірі болмаса да, бір тілдің сөздерінің көпшілігі өзге тіл өкілдеріне таныс болуы мүмкін», – дейді сол тұста Ахмет Байтұрсынұлы.
Мінеки, ХХ ғасырда көтерілген осынау бастама ХХІ ғасырда да өз өзектілігін еш жойған емес. Керісінше, ақпараттық ғасырда туыс түркілердің терминдік бірлігі жаңа атау-терімді қолданысқа енгізуге ерекше ықпал ететіндігі ақиқат.
Ал Астанадағы түркітілдестердің ортақ терминология саласына арналған екі күндік жиынына келсек, оны өткізуге Қазақстанның Мәдениет министрлігі Тіл комитеті мен Түркия Республикасы Тіл комитеті және Түркия ақпараттық технологиялар қоғамы мұрындық болыпты. Конференцияның мақсаты түркітілдес халықтардың ғылым саласындағы байланысын нығайту, өзара термин алмасу үдерісін дұрыс жолға қою және салалық, әсіресе ақпараттық ғылым саласындағы ортақ терминдер қорын қалыптастыруды ғылыми негіздеу тетіктерін анықтау болып табылады. Түркітілдес тіл ғалымдары бас қосқан жиынның бірінші күні терминологияның жалпы мәселелері, терминжасам және өзара терминалмасым, көптілді терминологиялық сөздіктер жасау мәселесі кеңінен талқыланған болатын. Екінші күні ақпараттық технология саласындағы терминология мәселесі қозғалып, түркиялық тәжірибе кеңінен талқыға түсті.
Айта кетерлігі, алқалы жиында негізгі баяндаманы жасаған Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы туыс тілдердің термин жүйелерін тіларалық бірізділендіру маңызына ерекше назар аудартты. Кезіндегі қызыл империяның қитұрқы саясатынан болған кесапатты астарлай сөйлеген төраға бұл турасында кешегі Ахаңдар салған жолдың жалғаспағанын, кейінгі түркілердің термин ортақтығы тығырыққа тірелгенін айтты. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы қиын кезеңнен арылғаннан бері түркі тілдерінің өз ішіндегі сөз алмасу, термин алмасу мәселесі мүлдем мардымсыз. Шерубай Құрманбайұлының: «Қазіргі қазақ терминологиясының 70-80, кей салада 90 пайызға дейінгі терминдері орыс тілімен түгелдей сәйкеседі», – деуі сондықтан. Расында, түркітілдес мемлекеттердің арасында соңғы 20 жылда термин алмасу үдерісі жолға қойылмақ түгіл, басталған да емес. Конференция барысында «ештен кеш жақсы» деген ниетпен түркілерге ортақ құрылымдық жүйені қалыптастыру туралы бастамалар да айтылды. Түркілердің жаңа терминологиялық сөздіктерін жасап шығару жайында ұсыныс ортаға тасталды.
Ортақ терминологиядағы Түркияның тәжірибесі басқа түркілерге үлгі болса игі
Алаш зиялылары ХХ ғасыр басында терминология мәселесіне қатысты үндеу жасағанда, мұны анадолылық түркілер де кеңінен қолдағаны анық. Кеңес құрамында қалған түркілерден Түркияның ерекшелігі – Ата Түрік бастамасымен терминология саласы бір ізге түсті десе де болады. Кейіннен 70-жылдары ақпараттық шапшаң алмасуларды сезінген Түркия осы салаға арнайы мемлекеттік көзқарасты қалыптастырды. Жалпы, түркітілдес елдердің ортақ термин қорын қалыптастыруға алғаш рет 1999 жылы талпыныс жасалып, Түркия ақпараттық технология қоғамының қолдауымен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. 2001 жылғы қазан айында Стамбулда Түркітілдес елдер арасында ақпараттық технологиялар ынтымақтастығы мәселелері бойынша алғашқы форум ұйымдастырылды. Кейіннен алқалы жиын Әзірбайжан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекеттерінде түрлі тақырыптармен жалғасын тапты. Астана қаласындағы осы басқосу кезекті 9-форум ретінде саналады. Ендігі мақсат – түркілік ізге түсу. Яғни кезінде Кеңес Одағының құрамында болған түркітілдес мемлекеттер термин қабылдаудың бір ғана көзі ретінде орыс тілін танып қалған дәстүріне жүгіне бермеуі, одан қашып, түркілік бірлікке ұмтылуы шарт. Бұл турасында Тіл комитетінің төрағасы: «ІТ терминологиясы саласында бәрімізге де түрік тілінде жасалған, яғни туыстас тілдің тәжірибесіне ерекше ден қоюымыз қажет. Расында, ІТ технология саласының терминдерін өз тілінде сөйлеткен жалғыз Түркия ғана. Бұл тәжірибе басқа түркілер арасында кеңінен тараса игі», – деген болатын.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Тіл комитетінің төрағасы:
– Лингвист ғалымдардың зерттеулері бойынша, қазіргі заманда кез келген тілдің лексикалық қорын байытып отырған жаңа сөздердің 80 пайыздан астамын неонимдер, яғни жаңадан енген терминдер құрайды екен. Сондықтан да біз ұлт тілінде термин жасайтын болсақ, өз тіліміздің табиғатын сақтай отырып, оны байытамыз. Керісінше, қай тілде көбірек сөз қабылдасақ, сонымен жақындасамыз, сонымен ортақтастығымыз да арта түседі. Ендеше, орыстан қашып, тарихы тамырлас, түбіріміз туыстас түркі тілдерін бір-бірімізге жақындата беруге тиіспіз. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тарихи сабақтастық сақталып, термин алмасу арқылы тілдерді бір-бірін жатырқамай жақындастыруға ұмтылуға тиіспіз.
Незих Күлейін, Түркия Республикасы Ақпараттық технологиялар мәселелері бойынша жұмыс тобының төрағасы:
– Ақпараттық ғасырда өмірге жаңа келген технологияның шапшаң тарауы мен қолданылуына терминологияны ілестіріп жүрудің маңызы орасан. Мұндағы туыстас тілдердің жұмысына қойылатын талаптар да зор. Оның үстіне, дәуірдің жылдам дамуына орай ғылымның жұрт үшін қауіпті бағыты да баршылық. Өйткені шапшаң дамыған технологиямен бетпе-бет келу барысында терминология саласы үйлесімді, тойтарымды дами алмаса, қандай да болсын жұрттың болмыстан келе жатқан ерекшеліктері жаңашылдыққа жұтылып кетуі ғажап емес. Сондықтан да Түркия терминжасам мәселесінде бай тәжірибесімен бөлісуге ашық.
Көрай ӨЗЕР, Түркия ақпараттық технология басқару кеңесінің мүшесі:
– 1930 жылдары Мұстафа Кемал Ата Түрік: «Түрік тілі – бүкіл түркі халықтарының жүрегі, ой-санасы. Өйткені түрік тілі – әлемдегі ең бай тіл. Ал түрік тілінің ресурсын кеңейту үшін барлық түркітілдестердің тілдерін бірдей дамытуға маңыз бөлгеніміз лазым», – деген болатын. Дәл осындай ұстаныммен алға жылжитын болсақ, біз, түркілер, біріге отырып, басқа тілдердегі кірме сөздерді ысырып шығамыз, өз қорымызды да байыта аламыз. Мұны бізге дейінгі түркінің көптеген ғалымы дәлелдеп кетті. Біздің мұрат – бастағанды жалғастыру.